Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын мәжбүрлеп тарату ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 наурыздағы N 77 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 19 маусымда тіркелді. Тіркеу N 4257

Жаңартылған

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгiнiң (бұдан әрi - Агенттiк) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын мәжбүрлеп тарату  ережесi бекiтiлсiн.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерiксiз тарату туралы ереженi бекiту туралы" 2001 жылғы 28 қазандағы N 420  қаулысы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 1769 тiркелген);
      2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әдiлет Министрлiгiнде N 1769 тiркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының уақытша әкiмшiлiгiнiң, арнайы басқарушысының қызметi және ерiксiз тарату туралы ереженi бекiту туралы" 2001 жылғы 28 қазандағы N 420 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 8  қаулысы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 2710 тiркелген, 2005 жылғы 16 қыркүйекте N 170-171 "Юридическая газета" газетiнде жарияланған).
      3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      4. Қаржы ұйымдарын тарату департаментi (Мұқашева A.M.):
      1) Заң департаментiмен (Байсынов М.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қолға алсын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларына жiберсiн.
      5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлiмi (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттiк Төрағасының орынбасары F.H.Өзбековке жүктелсiн.

       Төраға

      Келiсiлдi
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкi
      Төраға

      15.05.2006
      ____________________________
      (қолы, күні, елтаңбалы мөрі)

      Келiсiлдi
      Қазақстан Республикасының
      Мәдениет және ақпарат
      министрлігінің
      Ақпарат және мұрағаттар комитеті
      Төраға

      23.05.2006
      ____________________________
      (қолы, күні, елтаңбалы мөрі)

Қазақстан Республикасы   
Қаржы нарығын және    
қаржы ұйымдарын      
реттеу мен қадағалау    
агенттiгi Басқармасының  
N 77 қаулысымен бекiтiлген

  Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын
мәжбүрлеп тарату туралы
Ереже

      Осы Ереже сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша (бұдан әрi - мәжбүрлеп тарату) тарату тәртiбiн, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының (бұдан әрi - тарату комиссиясы) жұмысына қойылатын талаптарды, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлар комитетiн қалыптастыру және қызмет ерекшелiктерiн айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiне , " Сақтандыру қызметi туралы ", "Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкi туралы",  Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы ", " Акционерлiк қоғамдар туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес әзiрленген.

      2. Осы Ереженi қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) барынша төмен баға - бұдан төмен бағамен лоттың сатыла алмайтындығы туралы баға;
      2) бастапқы баға - әрбiр лот бойынша сауда-саттық басталатын және лоттың бағалау бағасынан төмен бола алмайтын баға;
      3) кредиторлар комитетi - кредиторлардың мүдделерiн қамтамасыз ету мақсатында және олардың қатысуымен шешiмдер қабылдау мақсатында таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлары құрамынан құрылып отырған орган;
      4) кредиторлар талаптарының тiзiлiмi - уәкiлеттi орган бекiткен, белгiленген мерзiмде жарияланған және тарату комиссиясы таныған, кредиторлардың талаптарын көрсететiн құжат;
      5) құндылықтар - Қазақстан Республикасының валюталық құндылықтары, банкноттары және монеталары, бағалы қағаздар, қатаң есептi бланктер және бағалы заттар;
      6) лот - сату үшiн бөлiнбейтiн бiрлiктерге бөлiнiп, аукционға шығарылған мүлiк;
      7) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде жарты жылда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
      8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторы - таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына азаматтық-құқықтық және өзге мiндеттемелер бойынша талаптар туындап отырған тұлға;
      9) сату бағасы - сауда-саттық нәтижесiнде белгiленген лоттың соңғы бағасы;
      10) сату объектiсi - таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сауда-саттыққа жеке (дербес) бiрлiк ретiнде немесе бiрнеше бiрлiктермен бiр лотқа шоғырландырып, өзге мүлiк ретiнде шығарған мүлкi;
      11) сатушы - таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы;
      12) сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан сауда-саттық жеңiмпазы;
      13) сауда-саттық жеңiмпазы - сауда-саттықта лот үшiн мейлiнше жоғары баға ұсынған қатысушы;
      14) сауда-саттықты жүргiзудi ұйымдастырушы (аукционшы) - таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы немесе сауда-саттықты өткiзу жөнiнде тарату комиссиясымен қызмет көрсету туралы шарт жасасқан және оның қорытындысының қандай болатынына мүдделi емес жеке немесе заңды тұлға;
      15) сауда-саттыққа қатысушы - сауда-саттықты ұйымдастырушы белгiлеген тәртiппен сауда-саттыққа қатысу туралы өтiнiш берген және сауда-саттықты ұйымдастырушы оны қатысушы ретiнде тiркеген жеке немесе заңды тұлға;
      16) сауда-саттықтың ағылшын әдiсi - лоттың бастапқы бағасы алдын-ала жарияланған қадам бойынша лот үшiн қатысушылардың бiрi барынша жоғары баға берген сәтке дейiн көтерiле беретiн сауда-саттық әдiсi;
      17) сауда-саттықтың голланд әдiсi - лоттың бастапқы бағасы алдын-ала жарияланған қадаммен лот үшiн қатысушылардың бiрi жарияланған баға бойынша сатып алуға келiсiм берген сәтке дейiн төмендей беретiн сауда-саттық әдiсi;
      18) тарату комиссиясы - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату рәсiмдерiн жүргiзу барысында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерiн аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн және iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктi жүзеге асыратын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған жағдайда тағайындалатын (босатылатын) орган;
      19) тарату комиссиясының шығыстары - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәжбүрлеп таратылу барысындағы тауарлардың, жұмыстың және қызметтiң тұтынылуына байланысты шығындар (бұдан әрi - тарату шығыстары);
      20) тарату, конкурстық масса - таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерiн аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз етуге арналған активтерi;
      21) тарату массасын мақсатсыз жұмсау - уәкiлеттi органмен келiсiлген немесе кредиторлар комитетi бекiткен, тарату шығыстары сметасында көзделмеген шығындарды жүзеге асыру;
      22) тарату шығыстарының бекiтiлген сметасы - тарату комиссиясының төрағасы уәкiлеттi органмен немесе кредиторлар комитетiмен келiсе отырып бекiткен, тиiстi уақыт кезеңiне арналған смета;
      23) тарату шығыстары сметасы - белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi тарату комиссиясы болжалдап отырған шығындарды көрсететiн құжат;
      24) тарату өндiрiсi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерiн аяқтаушы және оның кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз етушi заңды тұлға ретiндегi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметiн тоқтату рәсiмi;
      25) таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы - сот шешiмi заңды күшiне енуiне байланысты мәжбүрлеп тарату барысында болып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы;
      26) таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi - құндық бағасы бар және таратылып отырған, конкурстық массаға енгiзiлген мүлiктiк қажеттiлiк пен құқықтар жиынтығы;
      27) уақытша әкiмшiлiк (уақытша басқарушы) - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан лицензияны қайтарып алу туралы шешiм күшiне енген күннен бастап және уәкiлеттi орган тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын басқару жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыратын орган;
      28) уәкiлеттi орган - қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

      3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы банкрот деп танылған жағдайда тарату осы Ережеге және Қазақстан Республикасының  заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  2-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымын мәжбүрлеп таратуды жүргiзу тәртiбi

      4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне ену күнi мәжбүрлеп тарату процесiнiң басы болып саналады.

      5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне ену күнiнен бастап және тарату өндiрiсi аяқталғанға дейiн:
      1) акционерлердiң  жалпы жиналысының , мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының  басқа органдары мен лауазымдық тұлғаларының , оның iшiнде мүлiктi басқару және мiндеттемелердi өтеу жөнiндегi өкiлеттiктерi, сондай-ақ олардың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатылады;
      2) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан немесе соның есебiнен жүзеге асатын iс-әрекеттер егер оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының таратылатын комиссиясының төрағасы не осы iс-қимылдарды жасау үшiн ол берген сенiмхат бар тұлға жасаған жағдайда заңды күшi болады;
      3) "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  72-бабының 2-тармағында көзделген сақтандыру төлемдерi жөнiндегi мiндеттемелерден басқа таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмi бiткен болып есептеледi;
      4) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлық берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыны (мүдденi) есептеу тоқтатылады;
      5) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiне өндiрiп алу жөнiндегi өтiнiшке заңнамамен белгiленген барлық шектеулер алынып тасталады;
      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты мүлiктiк сипаттағы барлық талаптары бар сотта қаралатын даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбеген болса, тоқтатылады;
      7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты мүлiктiк сипаттағы барлық талаптар осы сәттен бастап, тек қана сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының атына берiлуi мүмкiн және осы Ережеде және Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртiппен қаралады;
      8) таратылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлiктiк талаптарына қатысты соттың атқарушы құжаттарын тарату комиссиясы "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен орындауға бередi.

      6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын - кепiлдiк берiлген сақтандыру төлемдерi жүйесiнiң қатысушысын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қор (бұдан әрi - Қор) "Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалған тәртiп бойынша мәжбүрлеп таратылатын ұйымның мiндеттi сақтандыру шарты бойынша барлық басталған сақтандыру жағдайлары бойынша кредиторларға кепiлдiк берiлген өтемақы төлемдерiн жүзеге асыру үшiн өзiне мiндеттеме алады.
      Сақтандыру ұйымын - кепiлдiк берiлген сақтандыру төлемдерi жүйесiнiң қатысушысын мәжбүрлеп тарату туралы күшiне енген сот шешiмiнiң көшiрмесiн алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тарату комиссиясының атына сақтандыру ұйымына - сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушыларының тiзбесiн жiбередi.

      7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп таратуға байланысты барлық шығыстар осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз қаражаты есебiнен ғана жасалады.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және тарату комиссиясының уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша әкiмшiсiнiң) құрамына кiрген уәкiлеттi орган қызметкерлерiне еңбекақы төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот қабылдаған шешiм туралы ақпаратты жариялау жөнiндегi шығыстарды және әдiлет органының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату негiздемесi бойынша және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi болмаған жағдайда не оның құны осы шығыстарды жабуға жеткiлiксiз болса, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату аяқталған соң құжаттарды мұрағатқа сақтауға тапсыру жөнiндегi қызметтiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеуге байланысты шығыстарды қоспағанда уәкiлеттi органның мәжбүрлеп тарату негiздемесi бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметiн тоқтату жөнiндегi шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.

  3-тарау. Тарату комиссиясы

      8. Тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап оған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн және iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктер өтедi.
      Тарату комиссиясы уақытша әкiмшiлiктен (уақытша басқарушыдан) он күндiк мерзiмде сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына берiлген лицензиялардың түпнұсқаларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн және құжаттарын қабылдау-өткiзу актiсi бойынша қабылдап алады.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына берiлген лицензияларының түпнұсқалары тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап үш жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға қайтарылуға тиiс.
      Тарату комиссиясы кредиторлармен және акционерлермен есеп айырысуды аяқтауды қамтамасыз ету жөнiндегi iстi қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iсiн аяқтау үшiн шаралар қабылдайды.

      9. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан iс-қимыл жасайды және оның  құзыретiне жататын мәселелер бойынша шешiм қабылдау кезiнде дербес әрекет етедi.
      Тарату комиссиясының шешiмi хаттамамен ресiмделедi.

      10. Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамына уәкiлеттi органға ұсынылған өтiнiш негiзiнде Қордың өкiлi кiре алады.

      11. Тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясының жұмысына басшылық жасайды және оның қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылуына дербес жауап бередi. ( K990409 K970167 K010155 )
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы болмаған кезде оның мiндеттерiн орынбасар орындайды.

      12. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары не өкiлдiктерi болған жағдайда, оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының сол жерде құрылған бөлiмшесi (бұдан әрi - бөлiмше) таратады.

      13. Бөлiмшеге тарату комиссиясы мүшелерiнiң арасынан тарату комиссиясының төрағасы тағайындайтын бөлiмше басшысы (бұдан әрi - бөлiмше басшысы) басшылық жасайды.
      Бөлiмше басшысы өз қызметiн Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртiппен ресiмделген және оған тарату комиссиясының төрағасы берген  сенiмхат негiзiнде жүзеге асырады.
      Бөлiмше басшысы және тұтас алғанда бөлiмше тарату комиссиясының төрағасына есеп бередi.

      14. Бөлiмше басшысы Қазақстан Республикасының  заңнамалық актiлерiне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметiне және филиалын не өкiлдiгiн таратуды жүзеге асыруға жауап бередi.

      15. Тарату комиссиясы мүшесiнiң, бөлiмше басшысының, тарату комиссиясына тартылған қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi, еңбекке ақы төлеу талаптарын қоса алғанда тарату комиссиясының төрағасымен жасалатын жеке еңбек шартында (келiсiм-шартта) айқындалады. ( Z990493   9-бап 12-бап )

      16. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы оның қызметiне жедел басқаруды жүзеге асырады, бөлiмшелерi мен олардың басшыларының қызметiне бақылау жасайды.

      17. Тарату комиссиясының төрағасы, бөлiмшелерiнiң басшылары мен мүшелерi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату барысында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына зиян келтiру, өкiлеттiктi терiс пайдалану, сондай-ақ басқа да жол берiлген жөнсiздiктерi үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленгендей жауап бередi.
      Таратылатын заңды тұлғаның (оның басқару органдарының, басшы қызметкерлерiнiң) тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасын терiс мақсатта пайдалану немесе басқа да тәртiп бұзу фактiлерi анықталған жағдайда тарату комиссиясы белгiленген тәртiппен бұл жөнiнде  құқық қорғау органдарына хабарлауы , сондай-ақ уәкiлеттi органға мәлiмдеуi тиiс.

      18. Тарату комиссиясы мынадай iс-шаралар жүргiзедi:
      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде талап қою тәртiбiн, мерзiмiн және кредиторлардың өз талап-шағымдарын өтiнiштерiн) қоюына құқылы мекен-жайды мiндеттi түрде көрсете отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы ақпаратты орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде кешiктiрмей жариялайды. Таратылып отырған сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы болған жағдайда жарияланып отырған ақпаратта сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы сақтандыру ұйымдары туралы (осындай ұйымдар тiзбесiн көрсете отырып) мәлiметтер, мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы кредитормен басқа сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымымен бұрын жасаған шартының өтпеген қолданылу мерзiмiне Қордың кепiлдiк берген мiндеттi сақтандыру шарттары туралы ақпарат болуы тиiс;
      2) тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде мүлiктi және онымен жасалған мәмiленi тiркеудi жүзеге асыратын органдарды, сондай-ақ бағалы қағаздар тiркеушiлерiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы хабардар етедi және тарату комиссиясы жасамайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн басыбайлы беру жөнiндегi мәмiленi тiркеуге тыйым салуды, сондай-ақ кепiл ұстаушы болып табылатын таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiнен ауыртпалықты алып тастауға тыйым салуды белгiлейдi;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату бойынша мiндеттердiң тарату комиссиясына жүктелгенiн растайтын құжатты сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшыларына қол қойдыра отырып таныстырады;
      4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшыларынан, не сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнен (уақытша басқарушысынан) қабылдау-өткiзу туралы акт жасай отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мөртабандарын, мөрлерiн, электронды ақпарат тасымалдаушыларын, бағдарламалық қамтамасыз етуiн, бланкiлерi мен басқа да барлық құжаттарын тез арада талап етедi;
      5) қабылдау-өткiзу актiсi бойынша активтердi, оның iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн қабылдайды, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы шарттарының (полистерiнiң) бланктерiн және сақтандыру агенттерiндегi қолма-қол ақшаның қалдығын қабылдап алады;
      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кассасына тез арада түгендеу жүргiзедi, ақша қалдығын таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шоттарына есептейдi;
      7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы тағайындаған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банктiк шоттарын салыстырып тексередi, оларды жабады және таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының теңгемен және валютамен ағымдағы шоттарын ашады;
      8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот қабылдаған шешiм және тарату комиссиясының тағайындалғаны туралы хабарландыруды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының клиенттерi үшiн көрнекi жерге орналастырады;
      9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкерлерiн Қазақстан Республикасының   еңбек заңнамаларына сәйкес жұмыстан шығарады;
      10) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтерi мен мiндеттемелерiне түгендеу жүргiзедi;
      11) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтерiн анықтайды;
      12) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату мақсаттарына сәйкес активтерiн басқарады;
      13) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жасаған сақтандыру шарттары бойынша оның мiндеттемелерiнен тұратын сақтандыру портфелiн басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына беру жөнiнде шаралар қабылдайды;
      14) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан сотта талап қояды және мүддесiн бiлдiредi;
      15) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бағдарламалық қамтамасыз етуiн және электронды ақпарат тасымалдаушыларын, сондай-ақ басқа да ақпараттарын сақтауды қамтамасыз етедi;
      16) толық материалдық жауап беретiн адамдар тобын, оның iшiнде бухгалтерлiк есеп жүргiзудiң және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық және басқа да есебiн жасаудың электронды жүйесiне кiре алатын адамдарды белгiлейдi;
      17) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерi белгiленген заңнамалық тәртiппен қабылданған соң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын сақтауды ұйымдастыруға жауапты адам тағайындалады;
      18) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату процесi басталған күнге электронды түрдегi есепке алу - бухгалтерлiк ақпаратты шығарады. Мұндай ақпарат электронды түрде жоқ болған жағдайда қағазға шығарылған ақпарат негiзге алынады;
      19) Қордың атына сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешiмi, сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы - таратылып отырған сақтандыру ұйымымен жасалған мiндеттi сақтандыру шарты заңды күшiне енуiне байланысты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәлiметтердi дереу жiбередi;
      20) кредиторлар тiзiмiн жасайды, қолда бар құжаттар бойынша олардың мекен-жайларын белгiлейдi және талдау есебiнiң деректерiмен салыстырады;
      21) кредиторлар туралы мәлiметтер болмаған жағдайда деректемелердi және жазбаша хабарлау мүмкiндiгiнiң болмау себептерiн көрсете отырып акт жасайды;
      22) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының әр кредиторына мәжбүрлеп тарату туралы жазбаша хабарлайды. Егер таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы болып табылған жағдайда кредиторға осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес нысанда хабарлама жiберiледi;
      23) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларының талаптарының заңдылығын анықтайды және оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бекiтiлген аралық тарату балансына және кредиторлардың талап ету тiзiлiмiне сәйкес қанағаттандырады;
      24) өз функциялары мен мiндеттерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн келiсiм-шарт бойынша қажеттi қызметкерлердi жалдайды;
      25) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын таратудың барлық кезеңi бойына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi мен құжаттарының сақталуы бойынша шаралар қабылдайды;
      26) жарты жылда бiр рет мерзiмдiк баспасөз басылымдарында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымындағы тарату өндiрiсiнiң барысы туралы ақпарат жариялайды;
      27) уәкiлеттi органның талап етуi бойынша тарату өндiрiсiне қатысты мәлiметтердi ұсынады;
      28) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату туралы есебiн, тарату балансын жасайды және оларды келiсу yшiн уәкiлеттi органға жiбередi;
      29) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату аяқталғаннан кейiн құжаттарды белгiленген тәртiппен мұрағатқа сақтауға өткiзедi және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға мәлiмдейдi;
      30) осы Ережеге және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктер мен мiндеттерге ие болады.

      19. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шоты оның бас офисi тұрған жерде екiншi деңгейдегi банкте ашылады.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының осы Ереже бойынша көзделген касса лимитiнен басқа, оның iшiнде филиалдары мен өкiлдiктерiнiң барлық ақшасы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шотына есептеледi.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алдында берешегi жоқ заңды және жеке тұлғалардың жазбаша талаптары бойынша тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банктiк шоттарына түскен ақшаны дереу (талап етудi алған күннен бастап үш банктiк күн iшiнде) қайтарады.

      20. Уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы орындалған жұмыс туралы есептердi, ал қажет болған жағдайда қосымша ақпаратты да ұсынады.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкiлдiктерiндегi өз қызметiн жүзеге асыратын бөлiмшелер орындалған жұмыс туралы есептi тарату комиссиясының төрағасына ұсынады.

  4-тарау. Тарату шығыстарының сметасын
қалыптастыру және бекiту

      21. Тарату өндiрiсiне, оның iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз етуге байланысты, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн пайда болған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға арналған шығыстар кезектен тыс және тұрақты, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаражатынан жасалады.
      Кредиторлар комитетi құрылғанға дейiн, оның iшiнде тарату комиссиясы төрағасына және оның мүшелерiне төленетiн төлемдер мөлшерiн қосқандағы тарату шығыстарының сметасын уәкiлеттi органмен келiсе отырып, тарату комиссиясының төрағасы бекiтедi.
      Тарату өндiрiсiнiң шығыстары олардың пайда болу шегiне қарай тарату массасынан төленедi.
      Тарату массасын мақсатсыз жұмсауға, сондай-ақ екi айдан артық мерзiмге тарату шығыстары қаражатын резервте сақтауға жол берiлмейдi.

      22. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасына және оның мүшелерiне және өзге қамтылған қызметкерлердiң әр қайсысына төленетiн ай сайынғы сыйақы мөлшерi тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген барынша төмен жалақының он есе мөлшерiнен аспауы тиiс.

      23. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығыстарын тәртiпке келтiру мақсатында тарату комиссиясы өз қызмет кезеңiнде тарату комиссиясының тарату шығыстарының сметасы жасалады.

      24. Тарату комиссиясы, уәкiлеттi орган және кредиторлар комитетi таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату шығыстары сметасын қалыптастыру, келiсу және бекiту кезiнде тарату шығыстарының нақтылық, негiздiлiк, орындылық, шыншылдық принциптерiн басшылыққа алып жұмыс iстейдi.
      Тарату шығыстарының нақтылық принципi тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру кезiнде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының нақты қаржылық жағдайын, оның iшiнде кредиторлар алдындағы берешектер көлемiн негiзге алуды болжалдайды.
      Тарату шығыстарының негiздiлiк принципiн тарату өндiрiсiнiң белгiлi бiр кезеңiнде болжалданып отырған шығындардың объективтi қажеттiгi деп түсiну қажет.
      Орындылық принципi тарату комиссиясы жасап отырған шығындар алға қойылған мақсатқа сәйкес келетiндiгiн бiлдiредi, яғни тарату өндiрiсiн аяқтауға және таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларымен есеп айырысуға бағытталған.
      Тарату шығыстарының шыншылдық принципi жасалған шығындарды тарату комиссиясының құжаттамалық растауы арқылы көрiнедi.

      25. Тарату комиссиясы тарату шығыстары сметасын қалыптастыру кезiнде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қандай да бiр кәсiби қызметпен айналысатын айналыспайтындығын негiзге алады және тарату комиссиясының негiзгi мiндетi таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерiнiң аяқталуы, Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарын сақтай отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлармен және акционерлерiмен есеп айырысу жөнiнде шаралар көру болып табылады.

      26. Тарату шығыстары сметасында қажет ету шегiне байланысты мынадай шығын баптары көзделедi:
      1) қызметкердiң еңбегiне ақы төлеу шығыстары;
      2) бюджетке аударым жасау;
      3) әкiмшiлiк шығыстар;
      4) тарату өндiрiсiн жүзеге асыру үшiн қажет тауар-материалдық құндылықтарды сатып алу жөнiндегi шығыстар;
      5) iссапарлық шығыстар.

      27. Қызметкердiң еңбегiне ақы төлеу шығыстары мынадай шығындарды көздейдi: тарату комиссиясы төрағасы мен мүшелерiнiң еңбегiне ақы төлеу, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бар филиалдарын ескере отырып, тарату комиссиясына тартылған қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу.
      Шығыстарда мынадай сомалар көрсетiледi:
      1) лауазымды жалақы;
      2) мемлекеттiк бюджетке аударылатын табыс салығы;
      3) мiндеттi зейнетақы жарналары.

      28. Кредиторлар комитетi тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне қосымша төлем жасау - қосымша төлем жасауды жүзеге асыру туралы барлық белгiлi тұлғаларға шешiм қабылдануына қатысты кредиторлардың талаптарын нақты қанағаттандыру сомасының үш процентiнен аспайтын мөлшерде олардың жұмыс қорытындысы бойынша бекiтiлуi мүмкiн.
      Тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне қосымша төлем жасау кредиторлармен есеп айырысу толық аяқталған соң бiр жолғы тәртiппен тағайындалады.

      29. Еңбекке ақы төлеу бөлiгiндегi тарату шығыстары сметасын қалыптастыру кезiнде есеп айырысулар жасалған жеке еңбек шарттарына және жұмысқа қабылдау жөнiндегi бұйрықтарға негiзделедi.
      Қызметкердiң еңбегiне ақы төлеу шығыстарының бабы штат кестесiне сәйкес қалыптасады.

      30. Бюджетке төленетiн салықтар және басқа да мiндеттi төлемдер бойынша шығыстар Қазақстан Республикасының  салықтық заңнамаларының талаптарына сәйкес жасалады.

      31. Әкiмшiлiк шығыстар мыналар үшiн көзделуi мүмкiн:
      1) қызметтiк және шаруашылық қажеттiлiктер үшiн көлiк жалдау қызметi;
      2) байланыс қызметi (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшiн абоненттiк төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, почта және анықтамалық қызмет бойынша шығыстар);
      3) үйлер мен ғимараттарды (меншiктi және кепiл мүлiктi) күзету және сигнализация қызметi;
      4) көлiктi күзету қызметi;
      5) көлiк үшiн тұрақ ұсыну қызметi;
      6) көлiктi тiркеу қызметi;
      7) көлiктi техникалық жағынан қарау қызметi;
      8) көлiктi сақтандыру қызметi;
      9) коммуналдық қызмет;
      10) ағымдық жөндеу, мердiгерлiк тәсiлмен жүзеге асырылатын негiзгi құрал-жабдықтарға техникалық, сервистiк қызмет көрсету (қарау);
      11) үй-жайды жалдау;
      12) тiркеу органдарында жылжымайтын мүлiктi және тиiстi құжаттаманы тiркеу жөнiндегi қызмет;
      13) мүлiктi бағалау жөнiндегi қызмет;
      14) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жөнiндегi қызмет;
      15) жылу жүйесiн iске қосуға дайындық жасау қызметi;
      16) сантехникалық жұмыстар;
      17) мүлiктi сақтау жөнiндегi қызмет;
      18) мемлекеттiк баж салығын төлеу;
      19) нотариатта куәландыру жөнiндегi қызмет;
      20) мүлiктi тасымалдау, тиеу, түсiру жөнiндегi қызмет;
      21) терезе, есiктерге торкөз дайындау және қою жөнiндегi жұмыстар;
      22) аукциондар өткiзу жөнiндегi қызмет;
      23) сараптама жасау жөнiндегi қызмет;
      24) аудит өткiзу жөнiндегi қызмет;
      25) құжаттарды аудару жөнiндегi қызмет;
      26) телефон нөмiрлерiн қою, ауыстыру және қолға алып жүру жөнiндегi қызмет;
      27) акционерлердiң тiзiлiмiн актуалды жай-күйде ұстау үшiн қажет тiркеушi қызметi;
      28) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жөнiндегi қызмет және оларды мұрағатқа өткiзу;
      29) таратуды тiркеу үшiн алым төлеу қызметi.
      Жұмыс пен қызметке төлем жасау тұрақты және бiр жолғы сипатта болуы мүмкiн.

      32. Ағымдағы қажеттiлiктердi қанағаттандыруға бағытталған және мыналар үшiн қажеттi жол берiлген барынша төмен қор құру үшiн тауар-материалдық құндылықтарды сатып алу жөнiндегi шығыстар:
      1) жұмыс жағдайындағы офистiк жабдықтарды ұстау;
      2) көлiк құралдарын ұстау;
      3) үй-жайды ұстау;
      4) қағаз және бланктiк өнiмдердi сатып алу;
      5) кеңсе тауарларын сатып алу.

      33. Тарату комиссиясы сатып алу үшiн әртүрлi қызмет пен тауар-материалдық құндылықтарды шығыстар сметасына енгiзу кезiнде есеп айырысу осы өңiрде белгiленген тарифтiк сеткалар мен орта рыноктық бағалар негiзiнде жасалады.

      34. Тарату комиссиясы қызметкерлерiнiң шығу шығыстары тарату шығыстарының сметасында көзделген қаражат шегi бойынша жүзеге асырылады.
      Іссапарларға жiберiлген қызметкерге бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде тәулiкақы төленедi, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларындағы бес есе айлық есептiк көрсеткiштен, облыс орталықтарындағы төрт есе айлық есептiк көрсеткiштен және аудан орталықтарындағы үш есе айлық есептiк көрсеткiштен аспауы тиiс тұрғын үй-жайды жалдау жөнiндегi, iссапарға жiберiлген жерге жету және керi тұрақты жұмыс орнына қайту шығыстары өтеледi.

      35. Жоспарланып отырған және жасалған шығыстарды тарату комиссиясы уәкiлеттi органға шарттар, шот-фактуралар, чектер және өзге растаушы құжаттарды беру жолымен растайды.

      36. Тарату комиссиясы оны уәкiлеттi орган тағайындағаннан кейiн бес жұмыс күнi iшiнде тарату шығыстары сметасын қалыптастырады және оны келiсу үшiн уәкiлеттi органға бередi.
      Филиалдық желiсi бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясы бөлiмшелерiнiң қызметiн тарату шығыстарының шоғырландырылған сметасына енгiзу үшiн тарату комиссиясының бөлiмшелерi бөлiгiнде тарату шығыстары сметасын жасау бойынша тарату комиссиясы бөлiмшелерiнiң қызметiн үйлестіреді.

      37. Жоспарланып отырған кезеңнiң алдындағы айдың онына дейiнгi мерзiмнен кешiктiрмей тарату комиссиясы келiсу үшiн тарату шығыстарының сметасын уәкiлеттi органға бередi.

      38. Тарату комиссиясының төрағасы тарату шығыстарының сметасына өзгерiстер мен толықтыруларды тек уәкiлеттi органмен келiсе отырып енгiзедi.

      39. Кредиторлар комитетiнiң құрамы бекiтiлген соң тарату комиссиясы тарату шығыстарының сметасын тоқсан сайын жоспарланып отырған кезеңнiң алдындағы айдың бесiнен кешiктiрмей кредиторлар комитетiне бекiтуге бередi.
      Тарату шығыстарының сметасы тоқсан аясындағы әрбiр ай бөлiгi бойынша жасалады.

      40. Кредиторлар комитетi тарату комиссиясы ұсынған тарату шығыстарының сметасын жоспарланып отырған кезеңнiң алдындағы айдың он бесiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарайды және бекiтедi.

      41. Кредиторлар комитетi бекiткен тарату шығыстарының сметасын тарату комиссиясы кредиторлар комитетi бекiткен күннiң ертеңiне уәкiлеттi органға ұсынады.

      42. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының нақты қаржылық жай-күйiн негiзге алып және тарату комиссиясының орындаған жұмысын ескерiп, тарату комиссиясының төрағасы бекiтiлген тарату шығыстарының сметасына алдын-ала мiндеттi түрде кредиторлар комитетi бекiтетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзе алады.

      43. Тарату шығыстарының сметасын келiскен немесе бекiткен орган оның орындалуына бақылау жасайды.

      44. Басқа бiр бап бойынша үнем жасай отырып, екiншi бiр шығын бабы бойынша артық шығындар жасалуына жол берiлмейдi.

      45. Тарату комиссиясының тарату шығыстарының сметасын уәкiлеттi органмен келiскенге дейiн немесе кредиторлар комитетi бекiткенге дейiн шығыстар жасауына жол берiлмейдi.

  5-тарау. Тарату комиссиясының кассалық тәртiп
сақтау талаптары

      46. Тарату комиссиясының төрағасы, бас бухгалтерi, кассирi, ал бөлiмшелерде - бөлiмше басшысы қолма-қол ақша мен құндылықтардың сақталуын, бухгалтерлiк есептiң дұрыс жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi, тарату комиссиясының кассасына түскен ақшаның уақтылы кiрiске алынуына бақылауды жүзеге асырады.

      47. Тарату комиссиясының төрағасы бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғаларды анықтайды.
      Бiр кассирi бар тарату комиссияларында оны ауыстыру қажет болған жағдайда кассирдiң мiндетiн атқару тарату комиссиясы төрағасының жазбаша бұйрығымен басқа қызметкерге жүктеледi.

      48. Қолма-қол ақша операцияларымен жұмысты орындап отырған, сондай-ақ өзге құндылықтарға рұқсаты бар тарату комиссиясының қызметкерiмен толық материалдық жауапкершiлiк туралы шарт жасалады.

      49. Қолма-қол ақшаны және құндылықтарды сақтау тиiсiнше жағдайда күзет, өрт және дабыл сигнализациясы құралдармен бекiтiлген және жабдықталған, сейфтермен немесе жанбайтын металл шкафтармен жабдықталған үй-жайда жүзеге асырылады.

      50. Ақшаны және құндылықтарды сақтайтын үй-жай мынадай талаптарға сай болуы тиiс:
      1) қабырғалары, еденi, төбесi - мықты жасалған, үй-жайдың барлық периметрлерi бойынша торкөзi 150x150 миллиметр болатын шыбығының диаметрi 16 миллиметр металл торкөзбен қапталған болуы керек;
      2) терезе ойықтары торкөзi 150x150 миллиметр болатын шыбығының диаметрi 16 миллиметр металл торкөзбен бекiтiлуi керек;
      3) кiретiн есiктер екi құлыпты металдан жасалған болуы тиiс (материалының қалыңдығы екi жағынан да 2 миллиметрден кем болмауы керек). Осы есiктiң ойығында құлыпқа жабылатын торкөзi 150x150 миллиметр болатын шыбығының диаметрi 16 миллиметр металл торкөзбен қапталған торкөздi есiк болуы керек;
      4) үй-жай осы қызмет түрiне тиiстi лицензиясы бар күзет ұйымының орталықтандырылған пультiне қосылған үш қатарлы күзетпен, дабылмен және өрт сигнализациясымен жабдықталады.

      51. Тарату комиссиясының кассасының (бұдан әрi - касса) жұмысы аяқталған соң ақшаны және құндылықтарды сақтайтын үй-жай бiр комплектiсi кассирде, екiншiсi - бас бухгалтерде, не тарату комиссиясының төрағасында болатын кiлттермен жабылады және тарату комиссиясының мөрiмен жабылады.

      52. Кассада жасалатын қолма-қол ақшамен операциялардың есебi "Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына , қаржылық есеп берудiң халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жасалады.

      53. Кассадағы қолма-қол ақша қалдығының күнделiктi лимитi бекiтiлген ай сайынғы шығыстар сомасын негiзге алып, мына шектер бойынша анықталады:
ай сайынғы шығыстар      касса қалдығының күн       бөлiмшелердегi
                         сайынғы лимитi             касса қалдығының
                                                    күн сайынғы
                                                    лимиттi
5 миллион теңгеге дейiн      - 20 мың теңге         - 20 мың теңге
5-тен 10 миллион теңгеге     - 40 мың теңге         - 20 мың теңге
дейiн
10-нан 20 миллион теңгеге    - 100 мың теңге        - 20 мың теңге
дейiн
20 миллион теңгеден жоғары   - 150 мың теңге        - 20 мың теңге

      54. Осы Ереженiң 53-тармағында белгiленген күн сайынғы лимит сомасы жоғарылап кеткен кезде тарату комиссиясының кредиторлармен есеп айырысу жүргiзу мақсатында екiншi деңгейдегi банктерден алынған қалма-қол ақшаны сақтауы қызмет көрсетушi банктен ақшаны алған күндi қоспағанда үш жұмыс күнiнен аспайтын мерзiм iшiнде жүзеге асырылады.

      55. Қолма-қол ақшаны кассаға қабылдау тарату комиссиясының бас бухгалтерi және кассирi қол қойған кассалық кiрiс құжаттары бойынша (қалма-қол ақшаны алып жүруге хабарлама және кассалық кiрiс ордерi) жасалады және кассалық кiрiс журналында күн iшiнде жалпы сомасы көрсетiледi.
      Кассаға басқа құндылықтарды қабылдау баланстан тыс ордерлермен ресiмделедi.

      56. Кассаға қабылданған қолма-қол ақша (оның iшiнде дебиторлық берешектi өтеу есебiнен және мүлiктi сатудан алынған ақша) кассаға сол күнi кiрiске алынады және келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей тарату комиссиясының ағымдағы шотына аударылады.

      57. Кассадан қолма-қол ақшаны беру кассалық шығыс ордерлерi бойынша жасалады.
      Басқа құндылықтарды беру баланстан тыс ордерлер бойынша ресiмделедi.

      58. Қолма-қол ақшаны кассалық шығыс ордерi бойынша беру кезiнде кассир немесе оның орнындағы адам алушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуiн талап етедi, құжаттың атауын және нөмiрiн, кiм және қашан бергенiн жазып алады.

      59. Қолма-қол ақшаны кассир немесе оның орнындағы адам тек кассалық шығыс ордерiнде көрсетiлген адамға ғана бередi.

      60. Егер ақшаны беру белгiленген тәртiп бойынша ресiмделген сенiмхат бойынша жасалса, онда ордер мәтiнiндегi ақшаны алушының фамилиясы, аты-жөнiнен кейiн кассир ақшаны алуға сенiм бiлдiрiлген адамның фамилиясы, аты-жөнiн көрсетедi. Егер ақша ведомость бойынша берiлген болса, онда ақшаны алу үшiн қол қоятын орынның алдына кассир "сенiмхат бойынша" деп жазба жасайды.
      Сенiмхат кассирде қалады және кассалық шығыс ордерiне немесе ведомостьке қосылып тiгiледi.

      61. Кассалық операциялар нәтижесiнде пайда болған және кассалық құжаттар бойынша ресiмделмеген ақшаның және құндылықтардың артық шығуы немесе кем шығуы тиiсiнше кiрiске алынады немесе акт жасала отырып, кассирден төлеттiрiп алынады.

      62. Қолма-қол ақшаны беруге арналған құжаттарға тарату комиссиясының төрағасы, бас бухгалтерi және кассирi қол қояды, ал бөлiмшелерде - бөлiмше басшысы қол қояды.

      63. Тарату комиссиясы қызметкерлерiнiң және тартылған қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу әрбiр алушыға кассалық шығыс ордерi жасалмай төлем (есеп айырысу-төлем) ведомосi бойынша жасалады.

      64. Төлем (есеп айырысу-төлем) ведомосiнiң бiрiншi бетiнде (аты көрсетiлген) қолма-қол ақшаның берiлгендiгi туралы рұқсат беру жазбасы тарату комиссиясының төрағасының және бас бухгалтерiнiң қолмен, қолма-қол ақшаны беру мерзiмiн және сомасын жазбаша көрсету арқылы жасалады.

      65. Жалақы төлеудiң белгiленген мерзiмi өткен соң кассир:
      1) төлем ведомосiне төлем жасалмаған адамның фамилиясының қарсы тұсына штамп қояды немесе қолымен "депонирленген" деп белгi қояды;
      2) депонирленген соманың тiзiлiмiн жасайды;
      3) ведомостiң аяғында жалақының нақты төленген сомасы мен депонирлеуге жататын жалақының алынбаған сомасы туралы жазба жасайды, осы сомаларды төлем ведомосiнiң жалпы жиынтық сомасымен салыстырады және өзiнiң қолымен бекiтедi;
      4) ведомостегi нақты төленген соманы және кассалық шығыс ордерiнiң нөмiрiн көрсетедi.

      66. Тарату комиссиясының қызметкерлерiне қолма-қол ақша тарату өндiрiсiне байланысты мақсаттар үшiн есептi түрде берiледi.
      Ақшаны есептi түрде берудiң негiздемесi тарату комиссиясының бас бухгалтерi және төрағасы қол қойған осы шығыстардың (тарату комиссиясының баянжазбасы, есептерi, хаттамалары және басқалар) қажеттiгiн негiздейтiн құжаттарды тиiстi жағдайда ресiмдеу болып табылады.

      67. Алынған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде есептi түрде берiлген сомалар, iссапар мерзiмi аяқталған күнгi iссапарлық шығыстар бойынша есептi тұлғалар алынған сомалардың қойылған мақсат бойынша жұмсалғанын растайтын құжаттарды бередi (барлық растаушы құжаттар қоса берiлген аванстық есептер, тауарлардың төлемi және көрсетiлген қызмет туралы чектер).

      68. Кассалық кiрiс құжаттары, кассалық шығыс ордерлерi және баланстан тыс ордерлер нақты және түсiнiктi етiп толтырылады. Бұл құжаттарда ешқандай өшiру, түзетiс немесе түзету, тiптi келiсiлгендерiне де жол берiлмейдi.
      Кассалық шығыс ордерлерiнде оларды жасау негiздемелерi және оған қоса берiлiп отырған құжаттар атап көрсетiледi.

      69. Кассалық кiрiс және шығыс ордерлерi қосымшаларымен бiрге күнi, айы және жылы көрсетiлiп, кассирдiң немесе оның орнындағы адамның "Алынды" немесе "Төлендi" деген қолымен немесе штамппен мiндеттi түрде жабылады.

      70. Жұмыс күнiнiң соңында кассир кассалық кiрiс және шығыс ордерлерi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес күн iшiндегi кассалық айналымдар мен құндылықтар қалдықтары туралы  жиынтық анықтама жасайды және оның қорытындысын бухгалтерлiк есептiң деректерiмен салыстырады. Салыстыру тарату комиссиясының бас бухгалтерi мен кассирiнiң қолдарымен расталады.

      71. Тарату комиссиясы қолма-қол ақшаның жылжуы мен мақсатты пайдаланылу есебi үшiн осы Ереженiң 2-қосымшасына сәйкес белгiленген нысан бойынша кассирмен қабылданған және берiлген ақшаның (құндылықтардың) есеп кiтабын (бұдан әрi - касса кiтабы) жүргiзедi, ол нөмiрленуi, тiгiлуi және мөрмен жабылуы тиiс. Касса кiтабындағы парақтар саны төрағаның, бас бухгалтердiң және кассирдiң қолымен расталады.

      72. Касса кiтабында өшiруге, келiсiлмеген түзетулерге жол берiлмейдi. Қате түзетiлген жағдайда "Түзетiлдi" деген жазба жасалады да, ол түзетiлген күнi көрсетiлiп, тарату комиссиясының кассирiнiң және бас бухгалтердiң қолдарымен расталады.
      Касса кiтабын дұрыс және уақтылы жүргiзудi бақылау тарату комиссиясының төрағасының бұйрығымен бас бухгалтерге жүктеледi.

      73. Күн сайын жұмыс күнiнiң аяғында кассир касса кiтабындағы күн iшiндегi операциялардың (кiрiс және шығыс бойынша) қорытындысын есептейдi, қолма-қол ақшаның қалдығын, сондай-ақ басқа құндылықтардың келесi күнге қалған қалдығын шығарады, сондай-ақ басқа құндылықтардың қалдығын ол түзетiлген күнi көрсетiлiп, төрағаның, бас бухгалтердiң және кассирдiң қолдарымен расталады.

      74. Кассадағы қолма-қол ақша қалдығы мен бухгалтерлiк есеп деректерi арасында алшақтықтар болған жағдайда бас бухгалтер бұл туралы алшақтық себептерiн анықтау шараларын көру үшiн дереу тарату комиссиясының төрағасына хабарлайды. Артық шығу немесе кем шығу расталған жағдайда  акт жасалады.  V032685

      75. Касса жинақталған соң кассир касса құжаттарын қалыптастырады және жинақтап тiгедi. Қалыптастыру кезiнде кассалық құжаттар баланстық шоттар (нөмiрiнiң өсу тәртiбiмен) бойынша және кiрiс және шығыс бойынша жеке-жеке iрiктеледi. Мемориалдық құжаттар баланстан тыс шоттардың нөмiрi бойынша iрiктеледi - басында кiрiс, содан соң шығыс деп.

      76. Касса құжаттары келесi жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей әр күн үшiн жеке папкаларға қалыптастырылады. Жинақталып тiгiлген құжаттардың жинақталған деректерi саналады және күн iшiндегi касса айналымы туралы жиынтық анықтама деректерiмен салыстырылады.
      Жауапты қызметкерлер қол қойған кассалық және мемориалдық кiрiс және шығыс ордерлерiнiң күн iшiндегi кассалық айналымдары туралы анықтамалар кассалық құжаттардан бұрын, папканың басына орналастырылады.

      77. Тарату комиссиясының төрағасы белгiлеген, бiрақ тоқсанына бiр реттен кем емес мерзiмде қолма-қол ақшаны толық қайта санау арқылы (банкнотты - парақтап, монеталарды - топтамалар бойынша) және басқа құндылықтардың болуын тексеру арқылы кассаға ревизия жасалады. Кассаны ревизиялау өндiрiсi үшiн төрағаның бұйрығымен  акт жасаушы комиссия тағайындалады.  V011482

      78. Ревизия барлық құндылықтарға тексеру жүргiзу және құндылықтар мен ақшаны талан-таражға салу және кем шығу мүмкiндiгiн жасыра алмайтын бiр iздiлiк бойынша жасалады. Кассада кем шығу немесе артық шығу анықталған жағдайда актiде кем шығу немесе артық шығу сомасы, олардың пайда болу жағдайлары көрсетiледi.

  6-тарау. Активтердi басқару және талаптарды қарау

      79. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтерiне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншiктi мүлкi, құндық бағасы бар мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басқа да талаптары кiредi және тарату, конкурстық массасын қалыптастыруға негiз болады.
      Тарату, конкурстық массаға таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншiк құқығына жатпайтын, оның iшiнде сенiмгерлiк басқаруда немесе сақтауда тұрған мүлiк кiрмейдi.

      80. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы осы Ережеге және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес таратылатын сақтандыру ұйымының уәкiлеттi қызметкерлерiн қатыстыра отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiне (активтерiне), жеке шоттарына, сақтандыру шарттарына (полистерiне), басқа да сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарына кейiнге қалдырмай  түгендеу жүргiзуге, сондай-ақ баланстық шоттардың және меморандум шоттарының барлық қалдықтарын салыстырып тексеруге мiндеттi. Түгендеу нәтижелерi бойынша акт жасалады.

      81. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық шарттары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басқа да мiндеттемелерi бойынша шарттар қолда бар барлық құжаттармен қоса тiзiмделуге және есепке алу-тiркеу құжаттарымен бiрге кейiн салыстырып тексеруге жатады. Құжаттар арасында айырмашылық анықталса не құжат болмаса, себебi көрсетiле отырып, акт жасалады.

      82. Түгендеу жолымен анықталған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық активтерi тарату массасына енгiзiлуi тиiс. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын таратудың басында оның балансына енгiзiлмеген және түгендеу барысында анықталған активтер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аралық тарату балансында көрсетiлуi тиiс.

      83. Тарату комиссиясы бағалау қызметiн жүзеге асыруға  лицензиясы бар бағалаушыны тарта отырып, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн бағалайды.

      84. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы дебиторларының таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алдындағы берешектерiн өтеуi - мүлiктi беруi, оның iшiнде сот шешiмiн орындау үшiн берген күнгi мүлiктi бағалау актiсi болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

      85. Мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн орын алған, Қазақстан Республикасының заңнамалық тәртiбiмен аралық тарату балансы бекiтiлгенге дейiн орындалуы және құжаттамалық ресiмделуi аяқталмаған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қатысатын  мәмiлелер жасалмаған болып есептеледi.

      86. Тарату комиссиясы тарату массасын толтыру үшiн дебиторлық берешек өндiрiп алу жөнiнде, оның iшiнде сақтандыру резервтерiнiң орналастырылған қаражатын қайтару жөнiнде жұмыс жүргiзуге мiндеттi.

      87. Мүлiктiк құқығы және заңды мүддесi соттың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылдауы нәтижесiнде бұзылуы ықтимал заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен дауларды тiкелей реттеу мақсатында оның тарату комиссиясына жазбаша шағым бередi.
      Кредитор жеке тұлғалар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясына растайтын құжаттардың көшiрмелерiмен бiрге жазбаша өтiнiш бередi.

      88. Кредиторлардың талаптарында талаптың мөлшерi (негiзгi борыштың мөлшерi туралы жеке, сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы және басқа айыппұл санкциялары, шығындар, талаптың негiздемесiн және мөлшерiн растайтын құжаттар туралы мәлiметтер және талаптың мөлшерi (күшiне енген сот шешiмдерi, шарттардың көшiрмелерi, борышкердiң борышты мойындауы және басқалары) болуы тиiс.

      89. Шағым (өтiнiш) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен кредитор арасында жасалынған шартта басқа мерзiм келiсiлмеген жағдайда, оны алған күннен бастап екi апта мерзiмде қаралуы тиiс.

      90. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы шағымды (өтiнiштi) қарау кезiнде қойылатын талаптың заңдылығын және оның негiздiлiгiн тексеруi керек.
      Егер шағымға (өтiнiшке) қаралуға тиiстi қажеттi құжаттар қоса берiлмесе, онда олар өтiнiш берушiден почтамен жiберiлген жолдағы уақытты санамағанда кемiнде 5 жұмыс күнi болатын беру мерзiмiмен сұратып алынады. Талап етiлген құжаттар көрсетiлген мерзiмде алынбаған жағдайда шағым (өтiнiш) қолда бар құжаттар бойынша қаралады.

      91. Шағымды (өтiнiштi) алған тарату комиссиясы өтiнiш берушiнiң негiзделген талабын тануға және жазбаша түрде шағымды (өтiнiштi) қарау нәтижелерi бойынша хабарлауға мiндеттi.
      Шағымға (өтiнiшке) берiлетiн жауапта мыналар көрсетiледi:
      1) шағым (өтiнiш) берушiнiң және жауап беретiн тарату комиссиясының толық атауы, почталық деректемелерi, жауап берiлетiн шағымның (өтiнiштiң) күнi және номерi;
      2) шағымды (өтiнiштi) толық немесе iшiнара таныған жағдайда, танылған сома көрсетiледi, егер ол ақшалай бағалауға жатқызылмаса, не шағымның (өтiнiштiң) мерзiмi және қанағаттандыру әдiсi көрсетiледi. Егер кредитордың шағымы (өтiнiшi) Қор кепiлдiк берген мiндеттi сақтандыру түрi бойынша сақтандыру төлемiн алу құқығының болуына себепшi болса, сақтандыру төлемiн жүзеге асыратын таратылатын сақтандыру ұйымының мiндеттемесiн Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiлген төлемдердi жүзеге асыру арқылы орындауы мүмкiн;
      3) шағым (өтiнiш) толық немесе iшiнара ауытқыған жағдайда - шағымның (өтiнiштiң) ауытқуына негiзделген тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер мен құжаттарға сүйенген ауытқу себептерi;
      4) жауапқа қоса берiлген құжаттардың және басқа дәлелдемелердiң тiзбесi.

      92. Шағым (өтiнiш) толық немесе iшiнара қабылданбаған жағдайда, өтiнiш берушiге шағыммен (өтiнiшпен) қоса берiлген құжаттар қайтарылуы тиiс, сондай-ақ шағымды (өтiнiштi) қабылдамауға негiз болатын құжаттар өтiнiш берушiде жоқ болса, олар жiберiледi.

      93. Кредиторға жауап арнайы немесе бағалы хатпен, хаттың жiберiлуiн белгiлейтiн басқа байланыс құралдарымен жiберiледi.

      94. Шағымды (өтiнiштi) беруге арналған мерзiм сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы хабарландыру баспада жарияланған күннен бастап есептеледi және екi айдан кем болмауы тиiс.

      95. Шағым (өтiнiш) беру, сондай-ақ барлық ұсынылған шағымды (өтiнiштi) қарау мерзiмi аяқталғаннан кейiн, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы бiр айлық мерзiмде активтердi және мiндеттемелердi түгендеу нәтижелерiн ескере отырып, аралық тарату балансын жасайды, мұнда таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiнiң құрамы, кредиторлар берген шағымдар мен өтiнiштердiң тiзбесi, оларды қарау нәтижелерi және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларынан талап етiлмеген берешектерi, кредиторлардың талаптарының тiзiлiмi туралы мәлiметтер болуы тиiс.
      Филиалдары және өкiлдiктерi бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аралық тарату балансы филиалдар мен өкiлдiктердiң аралық тарату баланстарын ескере отырып жасалады.

      96. Шағым (өтiнiш) берген кредитор бiр мезгiлде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының борышкерi болса, онда тарату комиссиясы шағымды (өтiнiштi) қарау кезiнде ұсынылған құжаттарға сәйкес аралық тарату балансы бекiгенге дейiн кредитор мен борышкердiң бiр тұлға болып дәл келуi барысында өзара талап ету сынағын өткiзу туралы мәселенi қарайды және пайда болған айырма сомасын аралық тарату балансына енгiзедi.
      Аралық тарату балансы бекiгеннен кейiн өзара талап ету сынағы осы кредитордың талабын қанағаттандыру жөнiндегi тиiстi кезегi келген кезде ғана жасалады.

      97. Аралық тарату балансын және оған қосымшаларды, оның iшiнде кредиторлардың талаптарының тiзiлiмiн тарату комиссиясы уәкiлеттi орган бекiткен  нысан бойынша жасайды.

      98. Аралық тарату балансы және кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жасалғаннан кейiн тарату комиссиясы оларды уәкiлеттi органға бекiтуге ұсынады.

      99. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олардың мүддесiн қамтамасыз ету мақсатында кредиторлардың талаптарының тiзiлiмiн жасайды және "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  72-бабында белгiленген кезектiлiкке сәйкес болуы тиiс.
      Кредиторлар талаптарының тiзiлiмiнде әр кредитор туралы, ақша жөнiндегi мiндеттемелер және/немесе мiндеттi төлемдер туралы, әрбiр талаптың кезектiлiгiн қанағаттандыру туралы мәлiметтер көрсетiледi.
      Кредиторлардың талаптарының тiзiлiмiне даусыз болып табылатын, белгiленген мерзiмде көрсетiлген және тарату комиссиясы таныған кредиторлардың талаптары кiредi.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ағымдағы шотына берiлген, заңды күшiне енген сот шешiмдерi бойынша орындау құжаттары кредиторлардың талаптарын есепке алу үшiн тарату комиссиясының төрағасына берiледi.
      Орындау құжаттары танылған талаптар деп табылады және орындалмаған сома мөлшерiнде кредиторлардың тiзiлiмiндегi тиiстi кезекте есептеледi.

      100. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мiндеттемелерi бойынша есеп айырысулар "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  72-бабының 2-тармағында көзделген шығыстарды қоспағанда, аралық тарату балансы және оның қосымшалары уәкiлеттi органда бекiтiлгеннен кейiн ғана жүзеге асырылады.

  7-тарау. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру

      101. Кредиторлардың мүдделерiн қамтамасыз ету мақсатында және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату кезiнде олардың қатысуымен шешiм қабылдау үшiн кредиторлар комитетi құрылады.

      102. Тарату комиссиясы кредиторлар комитетi құрамының тiзiмiн аралық тарату балансы және кредиторлар талаптарының тiзiлiмi бекiтiлген күннен бастап қалыптастырады, оған тарату комиссиясының төрағасы қол қояды және дереу бекiтуге уәкiлеттi органға жiберiледi.

      103. Кредиторлар комитетiнiң құрамы "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  72-бабында көзделген тәртiппен кредиторлар талаптарының тiзiлiмiне енгiзiлген мейлiнше көп талап ету сомасы бар кредиторлар арқылы әр кредиторлар санатынан бiр өкiл арқылы қалыптасады.
      Тарату комиссиясы мұндай кредиторларға осы кредиторлардың тарату өндiрiсiне қатысу үшiн кредиторлар комитетiнiң құрамына енгiзу туралы деректер жiбередi.
      Кредитордың жазбаша келiсiмi болған жағдайда ол кредиторлар комитетiнiң құрамына енгiзiледi.
      Кредиторлар комитетiнiң құрамына таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшы қызметкерлерi енгiзiлмейдi.

      104. Кредиторлар комитетi үш адамнан кем емес тақ санды мүшелер құрамынан тұрады.
      Кредитор кредиторлар комитетi жұмысынан бас тартуы мүмкiн. Мұндай жағдайда тарату комиссиясы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мейлiнше көп талап ету сомасы бар келесi кредиторына ұсыныс жiбередi.
      Кредиторлар комитетi мүшесiнiң талабы толық қанағаттандырылған жағдайда ол кредиторлар комитетiнiң құрамынан шығарылады. Мұндай жағдайда тарату комиссиясы кейiн уәкiлеттi органға бекiтуге кредиторлар комитетiнiң тiзiмiн ұсына отырып, кредиторлар комитетi құрамын өзгерту жөнiнде жұмыс жасайды.

      105. Тарату комиссиясы кредиторлар комитетiнiң барлық мүшелерiн комитеттiң бiрiншi мәжiлiсi өтетiн орын мен күн туралы хабардар етедi.
      Кредиторлар комитетiнiң бiрiншi мәжiлiсi кредиторлар комитетiнiң құрамы бекiтiлген күннен бастап он күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде өткiзiледi. Кредиторлар комитетi бiрiншi мәжiлiсiнде дауыс беру рәсiмiндегi тең дауыс алу кезiнде шешушi дауыс алу құқығы берiлетiн комитет төрағасын сайлайды. Кредиторлар комитетiнiң төрағасы комитеттiң жұмыс жоспарын жасайды және бекiтедi.

      106. Кредиторлар комитетiнiң одан кейiнгi мәжiлiстерi комитет белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде шақырылады.

      107. Кредиторлар комитетi:
      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату барысында жасалатын барлық құжаттармен танысуға;
      2) кредиторлардың құқықтары мен мүдделерiн бұзу туралы шағымын қарауға қатысуға;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату барысында кредиторлардың құқықтарын, заңды мүдделерiн және Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарын бұзушылықтар, оның iшiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы мүшелерiнiң өздерiнiң мiндеттемелерiн тиiстi дәрежеде орындамағаны туралы уәкiлеттi органға және сотқа хабарлауға;
      4) тарату комиссиясының әрекетiне сотқа және уәкiлеттi органға шағым жасауға;
      5) мүлiк сату бойынша аукциондарды және тарату комиссиясының мәжiлiсiн қоса алғанда, кез келген тарату рәсiмi болған кезде қатысуға құқығы бар комитет кредиторлары мүшелерiнiң iшiнен кредитордың өкiлдерiн сайлауға;
      6) тарату комиссиясынан таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жай-күйi туралы ақпарат берудi талап етуге;
      7) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан өндiрiп алуға мүмкiн емес дебиторлық берешектiң көлемiн бекiтуге;
      8) тарату комиссиясы берген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату, конкурстық массасын жүзеге асыру жоспарын бекiтуге;
      9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайын ескере отырып, тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне төленетiн негiзгi және қосымша төлемдердiң мөлшерiн қоса, тарату шығыстарының сметасын бекiтуге;
      10) тарату комиссиясының жекелеген кредиторларына хабар жiберудiң мүмкiн еместiгi туралы актiнi бекiтуге;
      11) тарату комиссиясының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының балансынан мүлiктi есептен шығару туралы актiнi бекiтуге құқылы.

      108. Кредиторлар комитетiнiң мәжiлiсi хаттамамен ресiмделедi.
      Кредиторлар комитетiнiң шешiмi жай көпшiлiк дауыспен қабылданады.

      109. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық қалған кредиторлары кеңес беру дауысы құқығымен кредиторлар комитетiнiң мәжiлiсiне қатысуға құқылы.

  8-тарау. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының кредиторларының талаптарын қанағаттандыру

      110. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларының талаптарын, оның iшiнде банкрот болуына байланысты қанағаттандыру "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  72-бабында белгiленген тәртiп пен кезектiлiк бойынша, аралық тарату балансы бекiтiлген күннен бастап жүргiзiледi.

      111. Әрбiр кезектiң талабы осының алдындағы кезектiң талаптары толық қанағаттандырылған соң барып қанағаттандырылады.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi бiр кезектi қанағаттандыруға жетпеген жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ақшасы және мүлкi (өзгесi) осы кезектiң кредиторлары арасында қанағаттандырылуы тиiс талаптар сомасына теңбе-тең бөлiнедi.

      112. Кезектiлiк бойынша кезек келген жағдайда кредитордың талабы Қазақстан Республикасының заңнамаларына қарама-қайшы келмейтiн тәсiлмен, оның iшiнде ақшалай нысанда және (немесе) есеп айырысудың тепе-теңдiгiн сақтай отырып, табиғи нысанда мүлiктi беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн.

      113. Сақтандыру жағдайы пайда болуына байланысты сақтандыру төлемдерi бойынша кредиторлардан бiрнеше талаптар келiп түскен жағдайда оларды қанағаттандыру талаптардың түсуiнiң сол күнгi кезектiлiгi бойынша жүргiзiледi.

      114. Талап-шағым берудiң тарату комиссиясы белгiлеген мерзiмi өткеннен кейiнгi, бiрақ тарату балансы бекiтiлгенге дейiнгi кредиторлардың өтiнiш бойынша талаптары Қордың талаптарынан (өтiнiштерiнен) басқа, белгiленген  мерзiмде өтiнiш жасалған кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудан қалған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi есебiнен қанағаттандырылады.
      Талап-шағым жасау үшiн тарату комиссиясы белгiлеген мерзiм өткеннен кейiн Қордың жасаған талаптары кредиторлар талаптарының тiзiлiмiне енгiзiледi және осы талаптар үшiн Қазақстан Республикасының  заңнамалық актiлерiнде көзделген кезектiлiк тәртiбiмен қанағаттандырылады.

      115. Тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудан не оларды қараудан бас тартқан жағдайда кредитор сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату балансы бекiтiлгенге дейiн тарату комиссиясының атына сотқа талап-шағым бередi.
      Кредиторлардың белгiленген мерзiмде өтiнiш жасаған, бiрақ тарату комиссиясы танымаған, оларды қанағаттандыру туралы соттың шешiмi бар талаптары кредиторлармен есеп айырысу үшiн белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен орындалады. Аталған талаптар толық қанағаттандырылғанға дейiн есеп айырысу жасалған кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезегi уақытша тоқтатылады.

      116. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайдағы, сондай-ақ тарату балансы бекiтiлгенге дейiнгi кредиторлардың талаптарын (өтiнiштерiн) қанағаттандырмау өтелген болып есептеледi.
      Кредиторлардың тарату комиссиясы танымаған, егер кредитор сотқа шағым-талап бермеген болса және сот шешiмi бойынша кредитордың талабын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайдағы талаптары өтелген болып есептеледi.

      117. Тарату комиссиясы таныған және кредиторлардың талап ету тiзiлiмiне енгiзiлген кредитордың мiндеттемелерiн, талаптарын (өтiнiштерiн) орындау мүмкiн болмаған жағдайда тарату комиссиясы кредиторға төленбеген соманы Қазақстан Республикасының  азаматтық заңнамасында көзделген тәртiппен нотариустық депозитке аударады.

      118. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлармен есеп айырысуы аяқталғаннан кейiнгi мүлкiн тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы  заңнамасында көзделген тәртiппен акционерлер арасында бөледi.

  9-тарау. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының мүлкiн сату тәртiбi

  1-параграф. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының мүлкiн сату бойынша аукционды ұйымдастыру және
өткiзу тәртiбi

      119. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында бар ақша кредиторлар мен акционерлердiң талаптарын қанағаттандыруға жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сатуды осы Ережеде белгiленген тәртiппен аукциондар өткiзу жолымен жүзеге асырады.

      120. Тарату комиссиясының хаттамамен ресiмделетiн мүлiктi сату туралы шешiмiн, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату Жоспарын таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлар комитетi бекiтедi.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату Жоспарын кредиторлар комитетi бекiткенге дейiн тарату комиссиясының төрағасы соңынан мүлiктi сату жөнiнде жасалған жұмыс туралы кредиторлар комитетiне есеп бере отырып, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сата алады.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында кредиторлар комитетi болмаған жағдайда мүлiктi сату жөнiндегi шешiм, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату Жоспарын тарату комиссиясының төрағасы бекiтедi және мәлiмет беру үшiн уәкiлеттi органға жiбередi.

      121. Мүлiктi сату iске асыру Жоспарына сәйкес сауда-саттықтағы жариялылық, ашықтық және жетiмдiлiк принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Тарату комиссиясы аукциондар өткiзу кезiнде осы Ереженiң 154-тармағында көзделген жағдайдан басқа жағдайда сауда-саттықты жүргiзу әдiсiн (ағылшын немесе голланд) таңдауды дербес жүзеге асырады.

      122. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiр мүлiк бiрлiгi үшiн жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын бағалау құны бар үйлерiн, ғимараттарын, өзге жылжымайтын мүлiк объектiлерiн, көлiк құралдарын олардың құнына қарамай, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзге мүлкiн сату тек қана жария сауда-саттық (аукцион) арқылы жасалуы тиiс.
      Тарату комиссиясы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiр мүлiк бiрлiгi үшiн жүз айлық есептiк көрсеткiштен кем бағалау құны бар өзге мүлкiн жария сауда-саттық арқылы емес, сатып алу-сату шартын жасау жолымен, бiрақ бағалау құнынан төмен емес бағамен сатуы мүмкiн.

      123. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату алдындағы дайындық шараларына мыналар кiредi:
      1) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiнiң құрылымын қайта қарау (сегментация, шоғырландыру) және нәтижесiнде объектiнi сату анықталатын лоттарды қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар дайындау;
      2) бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушыны таңдау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу;
      3) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен бағалау;
      4) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату туралы хабарландыруды жариялау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу;
      5) таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату жоспарын кредиторлар комитетi қарауы және бекiту үшiн дайындау және ұсыну;
      6) тартылып отырған жеке немесе заңды тұлғамен сауда-саттық жүргiзу жөнiнде қызмет көрсету туралы шарт жасасу.

      124. Сату жоспарында сатылатын объект туралы ұсыныстар және олардың жан-жақты сипаттамасы, бағалау құны, бастапқы (және сауда-саттықтың голланд әдiсi кезiндегi барынша төмен) сату бағасы және сауда-саттықты жүргiзу әдiсi туралы мәлiметтер болады.

      125. Тарату комиссиясы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сатуды осы Ережеде белгiленген тәртiпке сәйкес, мынадай талаптар мен мақсаттарды негiзге ала отырып жүргiзедi:
      1) сатылып отырған мүлiкке бағаны осы аймақтағы мүлiктiң осыған ұқсас түрлерiне берiлiп отырған рыноктық бағадан кем емес бағаны белгiлеу;
      2) мүлiктi мейлiнше жоғары бағамен сату;
      3) мүлiктi сату кезiнде шығындарды кемiту.

      126. Сауда-саттықты ұйымдастырушы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату туралы хабарландыруды республикалық немесе облыстық мерзiмдiк ресми баспасөз басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялайды.
      Аукцион ол туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей жасалады. Әрбiр жеке аукционға баспасөз басылымында жеке хабарландыру берiледi.

      127. Сауда-саттықты жүргiзу туралы ақпараттық хабарламада мыналар болады:
      1) сауда-саттықты жасау күнi, орны және уақыты;
      2) мүлкi сатылуға қойылып отырған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауы және тарату комиссиясының мекен-жайы;
      3) қойылатын лоттардың сипаттамасы (мазмұны);
      4) әрбiр лот бойынша сауда-саттық жүргiзу әдiсi;
      5) сатуға қойылған лоттардың бастапқы және барынша төмен бағалары;
      6) кепiлдiк берiлген жарнаны енгiзу мөлшерi, мерзiмi және тәртiбi, сатушының деректемелерi;
      7) өтiнiмдердi қабылдау орны, уақыты және мерзiмi;
      8) сату объектiсiмен танысу күнi, уақыты және орны;
      9) сату объектiсiн сатып алу жөнiндегi төлем талаптары;
      10) сауда-саттықты жүргiзу ережелерiмен танысу және өзге де ақпараттар алуға болатын мекен-жай және телефондар;
      11) сатушының шешiмi бойынша басқа қосымша ақпарат.

      128. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттық өткенге дейiн әрбiр қатысушыға тiркелген сәтiнде берiлетiн аукционға қойылатын әрбiр лоттың ұсақ-түйегiне дейiн сипаттама берiлген аукцион картасын дайындайды.

      129. Ақпараттық хабарландыру жарияланғаннан кейiн сатушы аукционды ұйымдастыру және өткiзу және сату объектiсi туралы ақпаратпен тiлек бiлдiрушiлердiң барлығын құлақтандыруды қамтамасыз етедi.

      130. Сатушының функциясына мыналар кiредi:
      1) кепiлдiк берiлген жарналарды қабылдау;
      2) аукционды жүргiзу барысына бақылауды жүзеге асыру;
      3) сауда-саттық жеңiмпазымен сатып алу-сату шартын жасау және оны бақылау;
      4) қатысушылар мен сатып алушылардың есеп айырысуын жүзеге асыру.

      131. Аукционға қатысуға осы Ережеде белгiленген тәртiппен тiркеуден өткен жеке және заңды тұлғалар жiберiледi.

      132. Аукционға қатысуға таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрынғы басшы қызметкерлерiне, сауда-саттықты жүргiзушi ұйымдастырушыға, сондай-ақ таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлары және дебиторлары болып табылатын тұлғаларға қатысуға жол берiлмейдi.

      133. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аукцион арқылы сатып отырған мүлкiн сатып алуға тiлек бiлдiрген тұлғалар аукцион басталғанға дейiнгi бес күннен кешiктiрмей кепiл жарна енгiзедi.

      134. Аукционға қатысу үшiн кепiл жарна барлық таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшiн бiрдей мөлшерде белгiленедi және әрбiр сату объектiсi үшiн оның бастапқы бағасының бес процентi болады.

      135. Кепiл жарна қатысушының мынадай мiндеттемелерiн қамтамасыз ету болып табылады:
      1) сауда-саттық қорытындылары туралы хаттамасына қол қою;
      2) сауда-саттық қорытындылары туралы хаттамасына сәйкес сатып алу-сату шартын жасау;
      3) сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердi тиiсiнше орындау.

      136. Қатысушылар кепiл жарнаны кез-келген санда енгiзуi мүмкiн. Бiр кепiл жарна сауда-саттыққа қатысу және ол кепiл жарна енгiзген нақты бiр лотты сатып алу құқығын бередi.

      137. Кепiл жарнаны қатысушының атынан осы Ереженiң 132-тармағында көрсетiлген тұлғалардан басқа кез-келген жеке немесе заңды тұлға енгiзуi мүмкiн.

      138. Сауда-саттықта жеңiске жеткен және сатып алу-сату шартын жасаған қатысушының кепiл жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесiлi шотқа қойылады.

      139. Сатушы кепiл жарнаны мынадай жағдайларда қайтармайды:
      1) аукцион өткенге дейiнгi үш күн iшiнде аукционға қатысудан бас тартса;
      2) сауда-саттық жеңiмпазы сауда-саттықтың қорытындысы туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан не сатып алу-сату шартын жасаудан бас тартқан жағдайда;
      3) қатысушының оның қорытындысымен келiспей, негiзсiз сауда-саттық қорытындысы туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартуы;
      4) сатып алушының сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы.

      140. Барлық басқа жағдайларда кепiл жарналар аукцион аяқталғаннан кейiн бес банктiк күннен аспайтын мерзiмде, ал егер сатушының банктiк шотына ақша аукционнан кейiн түскен болса, онда олар түскен күннен бастап бес банктiк күн iшiнде қайтарылады.

      141. Аукционға қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап жасалады және аукционның басталуына бiр сағат қалғанда аяқталады.

      142. Аукционға қатысушы ретiнде тiркелу үшiн мыналарды беру қажет:
      1) аукционға қатысудың белгiленген нысаны;
      2) жеке басты куәландыратын куәлiк немесе жеке басты куәландыратын өзге құжат;
      3) кепiл жарнаның енгiзiлгендiгiн растайтын төлем құжатының немесе кiрiс ордерiнiң көшiрмелерi;
      4) сауда-саттыққа қатысушы өкiлiнiң өкiлеттiгiн растайтын құжат;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5) тармақшаға өзгерту енгізу көзделген - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасы төрағасының 2007.05.28 N 155 (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыcымен.
      5) заңды тұлғалар қосымша жарғының, заңды тұлғаның тiркелгендiгi туралы куәлiктiң және статистикалық карточканың нотариатта куәландырылған расталған көшiрмелерiн бередi.

      143. Аукционға қатысушыларды тiркеу сатушы ерiктi нысанда жүргiзетiн сауда-саттыққа қатысушыларды тiркеу журналында жасалады.

      144. Тiркеуден өткен тұлға аукцион болатын күнi аукцион нөмiрiне айырбасталатын қатысушы билетiн алады. Аукцион нөмiрiн сауда-саттық барысында басқа тұлғаның пайдалануына тыйым салынады.

      145. Аукционға қатысушының мынадай мүмкiндiктерi бар:
      1) сауда-саттыққа жеке немесе өз өкiлдерi арқылы қатыса алады;
      2) ақысыз қосымша мәлiметтер алуға, сауда-саттыққа шығарылған сату объектiсi туралы нақтылауға;
      3) сауда-саттықтағы сатылып жатқан сату объектiсiн алдын-ала қарауға;
      4) оның құқықтары бұзылған жағдайда сотқа шағым жасауға;
      5) осы Ереженiң 139-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепiл жарнасын қайтарып алуға;
      6) аукционға қатысу жөнiндегi өзiнiң өтiнiмiн, бұл туралы сатушыға жазбаша хабарлай отырып, қайтарып алуға.

      146. Аукционға кiрiс билетiн төлеген барлық ықылас бiлдiрушiлер қатыса алады. Кiрiс билетiн сатушы дербес белгiлейдi, бiрақ ол билеттiң бiр барынша төмен есептiк көрсеткiшiнен аспауы тиiс. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi, аукцион қатысушылары, уәкiлеттi органның және кредиторлар комитетiнiң өкiлдерi кiрiс билеттерiн төлеуден босатылады.

      147. Сатушы былай жасай алмайды:
      1) қатысушыдан аукционға қойылған лоттар қатарынан ананы немесе мынаны сатып алғысы келетiндiгi туралы ақпаратты талап етуге;
      2) сауда-саттыққа дайындық кезiнде және оны өткiзу кезеңiнiң өн бойында сауда-саттыққа қатысушыға қатысы бар ақпаратты жария етуге;
      3) аукционға қатысушылардан осы Ереженiң 142-тармағында аталғандардан басқа, қатысушы ретiнде тiркелу үшiн қосымша құжаттар ұсынуды талап етуге.

      148. Аукционды сауда-саттықты ұйымдастырушы өткiзедi. Аукцион сату объектiсiнiң қысқаша сипаттамасы, лоттың бастапқы (барынша төмен) бағасы, бағаның өзгеру қарқыны және сауда-саттықты жүргiзу әдiсi көрсетiлген жүргiзу ережелерiн хабарлаудан басталады. Қатысушы тұлғалар аукционның барысына ықпал ете алмайды немесе оны жүргiзу тәртiбiн бұза алмайды, керiсiнше болған жағдайда олар аукцион өтiп жатқан залдан шығарылып жiберiлуi мүмкiн.

      149. Сауда-саттықты жүргiзудi ұйымдастырушы сауда-саттықты жүргiзу барысында қадамын жариялай отырып өзгертуi мүмкiн. Қадамын өзгерту сатылатын объектiнiң бастапқы бағасының бестен бастап онға дейiнгi процентi шегiнде белгiленедi.

      150. Сауда-саттықтағы лоттарды рет-ретiмен қою туралы шешiмдi сауда-саттықты жүргiзудi ұйымдастырушы қабылдайды. Бұл тәртiп аукцион картасында белгiленген тәртiппен сәйкес келмеуі мүмкiн.

      151. Аукционға бiрнеше лоттарды шығарған кезде әрбiр лот бойынша сауда-саттықтың әртүрлi әдiстерiн жасауға жол берiледi.

      152. Сауда-саттық төменде сипатталған екi әдiстiң бiрi бойынша жүргiзiледi:
      1) сауда-саттықтың ағылшын әдiсi бойынша сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы лоттың бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын жариялайды. Қатысушылар нөмiрлерiн көтеру арқылы сауда-саттыққа қатысушылар бастапқы бағаны көтере бередi, бiрақ ол жарияланған қадамнан кем болмауы керек. Сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы сауда-саттықта лот бойынша қатысушылардың аукциондық нөмiрлерiн жариялайды, бағаны бекiтедi және оны көтерудi ұсынады. Лот бойынша сауда-саттық барынша жоғары ұсынылған бағаға дейiн жүредi. Лотқа барынша жоғары баға ұсынған қатысушы сауда-саттықты ұйымдастырушы арқылы жарияланады. Сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды және басқа көтерiлген нөмiрлер болмаған жағдайда балғаны ұрып сауда-саттықтың жеңiмпазын және осы лоттың сатылғандығын жариялайды.
      Ағылшын әдiсi бойынша жүргiзiлген сауда-саттық мынадай жағдайда өткен жоқ деп есептеледi:
      сауда-саттыққа қатысуға ұсыныс бiлдiрушiлерден өтiнiм болмаған жағдайда;
      сауда-саттыққа қатысуға тек бiр ғана өтiнiм берiлуi;
      сауда-саттыққа қатысушылардың келмеуi;
      сауда-саттық жеңiмпазының сауда-саттық хаттамасына қол қоюдан бас тартуы немесе сатып алу-сату объектiсi бойынша сатушымен одан әрi есеп айырысу тәртiбiнiң бұзылуы;
      2) сауда-саттықтың голланд әдiсi бойынша сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы лоттың бастапқы және барынша төмен бағасын жариялайды және жаңа бағаны жариялай отырып, жарияланған қадам бойынша оны төмендетедi. Сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы ең бiрiншi аукциондық нөмiрiн көтерген қатысушынының нөмiрiн атайды, лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды, және басқа нөмiрлер көтерiлмеген жағдайда балғаны ұру арқылы сауда-саттықтың жеңiмпазын және осы лоттың сатылғандығын жариялайды. Осы баға сауда-саттыққа қойылған лоттың барынша төмен бағасынан төмен болуы тиiс емес. Барынша төмен бағаны таратылатын банктiң кредиторлар комитетi бекiтедi. Кредиторлар комитетi болмаған жағдайда сауда-саттыққа қойылған лоттың барынша төмен бағасын тарату комиссиясының төрағасы бекiтедi және ол бағалау қызметiн жүзеге асыратын лицензиясы бар бағалаушыны тарту арқылы тарату комиссиясы белгiлеген оның соңғы бағалау құнының елу процентiнен төмен болуы мүмкiн емес.
      Егер бағаны жариялаған сәтте екi немесе одан артық нөмiр бiр мезгiлде көтерiлген жағдайда сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы бағаны реттелген қадам шегi бойынша жеңiмпаз анықталған сәтке дейiн көтере бередi. Голланд әдiсi бойынша сауда-саттықта жарияланған қадам белгiленген қадамға тең, бiрақ өсу жағына қарай. Егер бағаны көтеру кезiнде нөмiрлерiн бiр мезгiлде көтерген сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсысы мүлiктi көтерiлген баға бойынша сатып алуға ықылас бiлдiрмесе, онда сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы жеребе тарту рәсiмiн қолданады.
      Жеребе тарту - нөмiрлерiн бiр мезгiлде көтерген сауда-саттыққа қатысушы тұлғалардың сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушының конверттердiң бiрiне "жеңiмпаз" жазуы бар парағы, ал басқасындағы (олардағы) таза парақ салып дайындаған конверттерiнiң бiрiн суырып алу арқылы жасалады.
      Сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы лоттың барынша төмен бағасын жариялау кезiнде қатысушылардың ешқайсысы осы лотты сатып алуға тiлек бiлдiрмеген жағдайда   лот сауда-саттықтан алынып тасталады.
      Голланд әдiсi бойынша жүргiзiлген сауда-саттық мынадай жағдайда өткен жоқ деп есептеледi:
      сауда-саттыққа қатысуға ұсыныс бiлдiрушiлерден өтiнiм болмаған жағдайда;
      сауда-саттыққа қатысуға тек бiр ғана өтiнiм берiлуi;
      сауда-саттыққа қатысушылардың келмеуi;
      сауда-саттық жеңiмпазының сауда-саттық хаттамасына қол қоюдан бас тартуы немесе сатып алу-сату объектiсi бойынша сатушымен одан әрi есеп айырысу тәртiбiнiң бұзылуы.

      153. Аукцион оған екiден кем емес қатысушы қатысқан жағдайда өткiзiлдi деп есептеледi.

      154. Аукционға бiрiншi рет қойылған мүлiктi сату сауда-саттықтың тек қана ағылшын әдiсi бойынша жүргiзiледi.

      155. Осы Ережеде аты аталған аукцион өткiзудiң кез-келген бiр әдiсi бойынша сауда-саттық өтпедi деп танылған жағдайда сатушы таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сату жоспарына өзгерiстер енгiзедi. Мүлiктi сату жоспарына енгiзiлген өзгерiстердi кредиторлар комитетi, ал ол болмаған жағдайда - тарату комиссиясының төрағасы бекiтедi және уәкiлеттi органға жiберiледi. Өзгерiстер сатылатын лоттардың өзге құрылымын және (немесе) өзге бастапқы (барынша төмен) бағаны бередi.

      156. Сауда-саттықты жүргiзу кезiнде бiр сатып алушы қатысатын мүлiктi сату жоспарына енгiзiлген өзгерiстердi ескере отырып, сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы ұсынылып отырған лотты бiр ғана қатысушыға ағылшын әдiсi бойынша бастапқы бағадан төмен емес, голланд әдiсi бойынша барынша төмен бағадан кем емес бағамен сатады.

      157. Сол күнi әрбiр сатылған лот бойынша сауда-саттықтың нәтижесi сауда-саттықтың нәтижесi туралы хаттамамен ресiмделедi, оған сауда-саттықты жүргiзетiн ұйымдастырушы, сауда-саттық жеңiмпазы және сауда-саттықтың соңында әрбiр лот бойынша барлық қатысушылар қол қояды. Сауда-саттыққа қатысушыларға кепiл жарна сауда-саттықтың қорытындысы туралы хаттамаға қол қойған жағдайда ғана қайтарылады. Хаттамаға қол қоймаған сауда-саттыққа қатысушы оның қорытындысымен неге келiспейтiндiгiн жазбаша негiздеп бередi.

      158. Сауда-саттық қорытындысы туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан сауда-саттық жеңiмпазы одан әрi аукционға қатысу құқығынан айырылады. Бұл жағдайда осы объектiдегi сауда-саттық жаңаланады.

      159. Сауда-саттық қорытындысы туралы хаттама сауда-саттық жеңiмпазының және сатушының объектiнi сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартын жасайтын сауда-саттық қорытындысы мен мiндеттемелерiн белгiлейтiн құжат болып табылады.

      160. Аукцион өткеннен кейiн үш күн iшiнде шарттың мәнi, тараптар құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi, сату объектiсiнiң түпкiлiктi бағасы, төлем шарттары, тараптар деректемелерi, сондай-ақ сатып алушы мен сатушы қол қоятын, тараптар арасында жасалатын сауда-саттық объектiсiн қабылдау-өткiзу актiсiн жасайтын тараптардың көздеуi бойынша өзге талаптар көрiнiс табатын сатып алушы мен сатушының арасында сатып алу-сату шарты жасалады.

  2-параграф. Сауда-саттыққа қатысушылар арасында
есеп айырысу жүргiзу тәртiбi

      161. Сатып алушы мен сатушы арасында сатып алу-сату шартын жасағаннан кейiн бес банктiк күннен кешiктiрмей сатып алушы шартта көрсетiлген соманы сатушының ағымдағы шотына аударады және растама ретiнде оған тиiстi төлем құжатының көшiрмесiн ұсынады.

      162. Сатып алушы аукционда сатып алынған мүлiк үшiн қажеттi төлемдi осы Ереженiң 161-тармағымен белгiленген мерзiмде енгiзбеген жағдайында сатушы осы шарттың талаптарында көзделген бiржақты тәртiппен сатып алу-сату шартын бұзады. Сатып алушы енгiзген кепiл жарна оған қайтарылмайды және осы мүлiк сауда-саттыққа екiншi рет қойылады. Сатып алушының сату объектiсi үшiн төлем енгiзбеген кездегi жауапкершiлiгi оның сатушымен арасында жасалған сатып алу-сату шартында көзделедi.

  10-тарау. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының құжаттарын сақтауды және архивке берудi
ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      163. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына есептi қамтамасыз ету, сақталуы тиiс  құжаттарды ресiмдеу және сақтау, оның iшiнде мұрағатты және құжаттарды басқару жөнiндегi мемлекеттiк уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес тарату комиссиясының қызметiне байланысты мәселелер бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қойылатын барлық талаптарды орындауды қамтамасыз етедi.

      164. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының құрамы өзгерген жағдайда сақталуы тиiс iстердi және құжаттарды тарату комиссиясының жаңа құрамына (оның жеке мүшелерiне) беру таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iстерiн және құжаттарын қабылдау-өткiзу актiсi негiзiнде жасалады.

      165. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметi нәтижесiнде пайда болған құжаттардың сақтандыру мерзiмi көрсетiлген тiзбесiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

      166. Iстер мен құжаттардың сақтау мерзiмiн есептеу iс жүргiзу аяқталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.

      167. Сақтауға жатқызылмайтын құжаттарды жою мұрағатты және құжаттаманы басқару жөнiндегi тиiстi органның сараптамалық-тексеру комиссиясымен келiсiле отырып, тарату комиссиясының төрағасы бекiткен актiмен ресiмделедi.

      168. Құжаттарды тиiсiнше ресiмдемей және келiспей жоюға, сондай-ақ уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген құжаттарды сақтау мерзiмiн бұзуға жол берiлмейдi.

      169. Таратылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында тарату толық аяқталу сәтiнде сақтау мерзiмi өтпеген, уақытша сақталуы тиiс құжаттары уәкiлеттi органның аймақтық өкiлдiктерiне қабылдау-өткiзу актiсi бойынша берiледi.

      170. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тұрақты сақталуы тиiс құжаттары тиiсiнше ресiмделедi және уәкiлеттi мемлекеттiк органның мұрағатты және құжаттаманы басқару органына берiледi.

      171. Iстердi мұрағаттық сақтауға беруге дайындау кезiнде құжаттардың есебi мен сақталуын ұйымдастыруға жауапты тұлға тiзiмдемеге енгiзiлген iстердiң ресiмделуiнiң, қалыптасуының және iстер санының сәйкестiгiнiң дұрыстығын, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының iс номенклатурасына сәйкес расталған iстер санын тексередi.
      Егер таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын өңдеудiң жай-күйi және сапасы тиiсiнше жағдайда болмаған болса, онда тарату комиссиясы оны тәртiпке келтiрудi ұйымдастырады.
      Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарын сақтауды ұйымдастыру жөнiндегi шығыстар таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

  11-тарау. Таратуды аяқтау

      172. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларымен және акционерлерiмен есеп айырысуы аяқталғаннан кейiн тарату комиссиясы сотқа уәкiлеттi органмен келiсiлген  тарату туралы есептi және  тарату балансын ұсынады.
      Сот тарату туралы есептi және тарату балансын бекiтедi және тарату өндiрiсiнiң аяқталғандығы туралы ұйғарым шығарады.

      173. Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын тиiстi әдiлет органына, сондай-ақ уәкiлеттi органға жiбередi.

      174. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн тоқтатуды тiркеу Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      175. Тарату комиссиясының өкiлеттiгi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының таратылуын тiркеу туралы әдiлет органының бұйрығын алғаннан кейiн, құжаттарды сақтау үшiн архивке тапсырғаннан кейiн және бұл жөнiнде уәкiлеттi органды хабардар еткеннен кейiн тоқтатылады.

  12-тарау. Қорытынды ережелер

      176. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамалық нормаларына сәйкес шешiлуi тиiс.

                                       Сақтандыру (қайта сақтандыру)
                                        ұйымдарын мәжбүрлеп тарату
                                         туралы Ережеге 1-қосымша
                                         ___________________________
                                                    (кiмге)

                            ХАБАРЛАМА

Тарату комиссиясы осы арқылы
____________________________________________________________________
                  (сақтандыру ұйымының атауы)

сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушысы болып
__________________________________________табылатын мәжбүрлеп тарату
        (сақтандыру ұйымының атауы)

туралы соттың 20___жылғы "___"______________________________________
шешiмiнiң заңды күшiне енгендiгi туралы Сiзге хабарлайды.

      "Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру Қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрi - Заң)  15-бабының 1-тармағына сәйкес қатысушы сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылатындығы туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап кредитордың сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру Қорына (бұдан әрi - Қор) кепiлдiк берiлген төлемдердi жүзеге асыру бойынша талап ету құқығы пайда болады.
      Кредиторлардың кепiлдiк берiлген төлемдердi алу бойынша мынадай құқықтары бар:
      1) сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылатындығы туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiнгi кезең iшiнде мәжбүрлеп таратылған сақтандыру ұйымы толық көлемдегi сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан заңсыз бас тартқан (толық немесе iшiнара) не төлемеген мiндеттi сақтандыру шарты бойынша барлық пайда болған сақтандыру жағдайы бойынша;
      2) сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылатындығы туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен басталған кезеңде сақтанушының басқа қатысушы сақтандыру ұйымымен жаңа мiндеттi сақтандыру шартын жасаған күнге дейiн, бiрақ мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымының мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап екi айдан аспайтын кезеңде пайда болған сақтандыру жағдайы бойынша.
      Заңның  17-бабына сәйкес Қордың кепiлдiктерi мынадай жағдайларда тоқтатылады:
      1) Заңға сәйкес кепiл төлемiн жүзеге асыру;
      2) мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiнiң аяқталуы;
      3) сақтанушының мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымымен осының алдында жасалған қолданылуы аяқталмаған кезеңiне басқа қатысушы сақтандыру ұйымымен жаңа мiндеттi сақтандыру шартын жасауы;
      4) мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымы таратылғаны туралы мемлекеттiк тiзiлiм жазбасын енгiзу.
      Кредитор жоғарыда аталғандар негiзiнде, сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылатындығы туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiнгi кезең iшiнде мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы толық көлемдегi сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан заңсыз бас тартқан (толық немесе iшiнара) не сақтандыру төлемiн толық көлемде жүзеге асырмаған, сондай-ақ сақтандыру ұйымының мәжбүрлеп таратылатындығы туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күнгi кезеңнен бастап сақтанушының басқа қатысушы сақтандыру ұйымымен жаңа мiндеттi сақтандыру шартын жасаған күнге дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен кепiл төлемдерiн алу үшiн Қорға сұрату жасауға құқылы.
      Қор кепiлдiк берген сақтандыру түрлерi бойынша мiндеттi сақтандыру шарттарын жасап, олар бойынша қолданылу мерзiмi өтпеген мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымының кредиторлары сот шешiмi күшiне енген күннен бастап екi айлық мерзiм iшiнде осының алдында мәжбүрлеп таратылып отырған сақтандыру ұйымымен жасалған мiндеттi сақтандыру шартының iс-қимыл жасауы тиiс қалған мерзiмi аралығына осы хабарламаның қосымшасына сәйкес тiзiм бойынша қатысушы басқа сақтандыру ұйымдарымен жаңа мiндеттi сақтандыру шартын жасауға құқылы.
      Тарату комиссиясының төрағасы

                                       Сақтандыру (қайта сақтандыру)
                                        ұйымдарын мәжбүрлеп тарату
                                         туралы Ережеге 2-қосымша

   ___________________________________________
     Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
                 ұйымының атауы

      __________________________________________________

         кассирінің ақшаны (құндылықтарды) қабылдау
              және беру есебіне арналған
                       Кітабы

                                            Басталды:_______________
                                            Аяқталды:_______________
                                Кітаптағы жазбалар ол толық
                                пайдаланылғанға дейін жүргізіледі

Кіріс

Түскен күні

Кімнен қабылданды (фамилиясы, аты-жөні)

Кіріс құжаттарының саны (бір данада)

Сомасы цифрмен(валюта түрін көрсете отырып, бірлікпен)

Сомасы жазбаша

Пайдалану мақсаты

Кассирдің қолы

Бас бухгалтердің қолы

Төрағаның қолы



















___қалдық









___қалдық


















Осы күнгі жиынтық....









Шығыс

Берілген күні

Кімге берілді(фамилиясы, аты-жөні)

Шығыс құжаттарының саны (бір данада)

Сомасыцифрмен (валюта түрін көрсете отырып, бірлікпен)

Сомасы жазбаша

Пайдалану мақсаты

Кассирдің қолы

Бас бухгалтердің қолы

Төрағаның қолы



















____қалдық









____қалдық









Осы күнгі жиынтық









Осы күнгі жиынтық...









                           Растау жазбасы

20___жылғы "______"_____________ жазбаға арналған
            (күні)    (айы)
осы кітаптың жиынтығы_______________________________________________
                       (таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру)
                                   ұйымының атауы)
___________ нөмірден бастап ___________ нөмірді қосқандағы
нөмірленген, тігілген және мөрмен жабылған_____________парақтар бар.

20___жылғы "______"______________

Төраға ________________ (фамилиясы, аты-жөні)
            қолы

Бас бухгалтер _________ (фамилиясы, аты-жөні)
                қолы

Кассир__________________(фамилиясы, аты-жөні)
            қолы