Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2006 жылғы 17 наурыздағы N 77-НҚ Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 31 наурызда тіркелді. Тіркеу N 4166

Жаңартылған

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы N 943 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі туралы ереженің 21-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Бұйрықтың кіріспесіне өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2009.02.05 N 30-НҚ бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар жүргізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Электр және жылу энергетикасы саласындағы реттеу мен бақылау департаменті (А.В.Шкарупа) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Әкімшілік жұмысы және талдау департаменті (Е.О.Есіркепов) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
      1) оны заңнамада белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
      2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының, облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астаналар) атқарушы органдарының назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Н.Ш.Алдабергеновке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасы Табиғи 
монополияларды реттеу агенттігі
төрағасының 2006 жылғы 17 наурыздағы
N 77-НҚ бұйрығымен бекітілген 

Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне
қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар
жүргізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2009.02.05 N 30-НҚ бұйрығымен.

      2. Ереже табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар (бұдан әрі - сараптамалар) жүргізу жөнінде тәртіпті айқындайды және оларға қойылатын талаптарды белгілейді.

      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      техникалық сараптама - қолданысқа енгiзiлген активтердiң техникалық жай-күйiн (техникалық сипаттамаларын) және активтердi жұмыс iстеуiн қалпында ұстауды қамтамасыз ететiн жұмыстарды жүргiзу қажеттiгiн, өндiрiс технологиясының, материалдық, еңбек шығындарының белгiленген нормаларға сәйкестiгiн қоса алғанда, технологиялық процестiң тиiмділігiн талдау, инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажеттiгiн, ұсынылатын реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) түрлерi бойынша негiзгi құралдарды iске қосудың деңгейiн және олардың дұрыс бөлiнуiн талдау;
      қаржылық сараптама - табиғи монополия субъектiсiнiң Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңдарын және уәкiлеттi органның шешiмдерiн орындауын бағалау мақсатында олардың қаржы-шаруашылық қызметiн, реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) әрбiр түрi бойынша және тұтастай алғанда уәкiлеттi орган бекiткен тәртiпке сәйкес өзге қызмет бойынша кiрiстердiң, шығындар мен қолданысқа енгiзiлген активтердiң бөлiнуiн, сондай-ақ табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң қаржылық көрсеткiштерiне қолданылатын тарифтерге (бағаларға, алымдар ставкаларына) әсерiн талдау, тарифтiк сметаның орындалуын және есепке алу саясатының сақталуын, инвестициялық бағдарламалардың және (немесе) инвестициялық жобалардың орындалуын тексеру (бағалау);
      уәкілетті орган – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      сарапшы - қаржылық және (немесе) техникалық сараптамалар жүргізу жөнінде қызметтер көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
      құзыретті орган - салалық министрлік және (немесе) ведомство, ал су шаруашылығының және (немесе) кәріз жүйелерінің қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар субъектілері үшін - жергілікті атқарушы органдар.
      Осы Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2006.07.19 N 177-НҚ , 2009.02.05 N 30-НҚ Бұйрықтарымен.

2. Сараптамалар жүргізудің негізгі
қағидаттары мен міндеттері

      4. Сараптамалар жүргізудің негізгі қағидаттары мыналар:
      1) өзінің кәсіби қызметін жүзеге асырған кезде сарапшының тәуелсіздігі;
      2) сараптама объектілерін зерделеудің ғылыми көзқарасы, толықтығы, жан-жақтылығы мен объективтілігі сараптама нәтижелерінің негізділігін қамтамасыз ету;
      3) сараптамаға берілген материалдарда қамтылған ақпараттың негізінде ғана сараптамалар объектілері (бұдан әрі - объектілер) бойынша есеп жасау;
      4) объектілер бойынша ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету және оны сараптамада көзделмеген мақсаттар үшін пайдалануға жол бермеу;
      5) сараптама жүргізетін тұлғалардың құзыреттілігі мен жоғары кәсіби деңгейі болып табылады.

      5. Сараптамалар жүргізудің негізгі міндеттері мыналар:
      1) табиғи монополия субъектісінің табиғи монополиялар туралы заңнаманың және уәкілетті органның шешімдерін орындауын бағалау мақсатында оның қаржы-шаруашылық қызметін талдау;
      2) қолданысқа енгізілген активтердің техникалық жай-күйін (техникалық сипаттамаларын) және активтерді жұмыс жағдайында ұстауды қамтамасыз ететін жұмыс жүргізудің қажеттілігін, материалдық, еңбек шығындарының, өндіріс технологиясының белгіленген нормаларының сәйкестігін қоса алғанда, технологиялық процестің тиімділігін талдау;
      3) тарифтік сметаны атқаруды және есепке алу саясатын сақтауды, инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды атқаруды тексеру (бағалау);
      4) реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрі бойынша және уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес тұтастай алғанда өзге қызмет бойынша табыстардың, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлінуін бағалау;
      5) шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібін қолдануға сәйкес табиғи монополия субъектілерінің нақты шығындарын бағалау;
      6) қолданылатын тарифтердің (бағалардың, алымдар ставкаларының) табиғи монополия субъектісі қызметінің қаржылық көрсеткіштеріне әсер етуін бағалау;
      7) табиғи монополиялар субъектілері ұсынған есептердегі мәліметтердің дұрыстығын тексеру болып табылады.

3. Сараптамалар жүргізу тәртібі

      6. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қаржылық және (немесе) техникалық сараптамаларды уәкілетті орган тәуелсіз сарапшыларды, ал қажет болған жағдайда, мемлекеттік органдарды да тарта отырып, қаржылық сараптама үшін екі жылда бір рет және техникалық сараптама үшін үш жылда бір рет жиі болмайтын мерзімділікпен жүргізеді.
      Ескерту: 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2006 жылғы 19 шілдедегі N 177-НҚ бұйрығымен .

      7. Сараптама жүргізу үшін уәкілетті орган мен сарапшының арасында сараптама жүргізудің мәнін, объектілері мен шарттарын, тараптардың құқықтары мен міндеттерін, сараптама жүргізудің мерзімдерін, есепте көрсетілген деректердің дұрыстығына, сондай-ақ міндеттерді орындамағаны не тиісті дәрежеде орындамағанына, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғанына жауапкершілікті, сараптамаға жатқызылған табиғи монополия субъектісі қызметінің ерекшелігінен туындайтын басқа да елеулі шарттарды айқындайтын сараптамалар жүргізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалады.

      8. Осы Ережеде көзделмеген сараптамалар жүргізген кезде талаптарды уәкілетті орган Шартқа берілген техникалық ерекшеліктерде толықтыра алады.

      9. Сараптама жүргізу барысында сарапшы табиғи монополия субъектісі (бұдан әрі - Субъект) ұсынған ақпаратты осы Ережеде және Шартқа берілген техникалық ерекшелікте белгіленген талаптарға сәйкес зерделейді және талдайды.

      10. Егер сарапшыға өткізіліп отырған сараптамалардың шеңберінде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, соңғысы оны Субъектіден және (немесе) уәкілетті органнан сұрата алады.

      11. Сарапшы сараптамалар жүргізген кезде:
      1) сараптамалардың кешенді, объективті, сапалы жүргізілуін қамтамасыз етеді;
      2) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтайды;
      3) белгіленген мерзімдерді және сараптамаларды жүзеге асырудың тәртібін сақтайды.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi төрағасының 2011.06.28 № 192-НҚ (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығы.

      12. Жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша сарапшы Шартта көзделген мерзімдерде уәкілетті органға сараптамалар объектілері бойынша объективті, дәлелді, ғылыми-негізді қорытындыны қамтитын аралық және түпкілікті есептер ұсынады.

      13. Уәкілетті орган сарапшы ұсынған есептерді 30 күн ішінде қарайды.
      Егер есептерді қарау үшін қосымша материалдар мен ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны сарапшыдан немесе Субъектіден сұрайды және есепті қарау мерзімін ұзарту туралы сарапшыны хабардар етіп, 30 күнге ұзартады.

      14. Есеп осы Ереженің 17 және 18-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган сарапшыға нақты мерзімдерді көрсете отырып, есепті осы талаптарға сәйкес келтіру қажеттілігі туралы ақпарат жолдайды.

      15. Сарапшы ұсынылған ақпарат бойынша есепті Ереженің 17 және 18-тармақтарында көзделген талаптарды ескере отырып пысықтайды және оны уәкілетті органға ұсынады.

      16. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетудің салалық ерекшеліктеріне сәйкес мәселелерді қарау шеңберінде сараптамалар жүргізу үшін уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерін тарта алады.

4. Техникалық сараптамаға қойылатын талаптар

      17. Субъекті қызметінің техникалық сараптамасы мыналарды:
      1) негізгі құралдардың техникалық жай-күйiн талдауын және техникалық сипаттамаларын бағалауды, оның ішінде:
      жабдықтың сараптама жүргізу күніне тозу дәрежесін;
      негізгі құралдарды (болған және мүмкін болатын) осы салада Субъекті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдаған сыныптау топтары бойынша пайдалану мерзімдерін;
      жабдықтың жобалық және технологиялық қуатының, регламенттелген резервтік қуаттың болуын;
      реттеліп көрсетілетін қызметтердің есептеу (оның ішінде коммерциялық) құралдарының болуын;
      субъектінің қызметін сипаттайтын және тарифті есептеген кезде қолданылатын шығындар деңгейін айқындауға қажетті басқа да техникалық көрсеткіштердің бағалауын қамтиды.
      Техникалық жағдайды талдау негізінде регламенттелген пайдалану жұмыстарды (техникалық қызмет көрсету), ағымдағы, орташа және күрделі жөндеулер (негізгі құралдардың құнын арттыратын және арттырмайтын) жүргізудің, негізгі құралдарды реттеліп көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша ауыстырудың, қайта құрудың және жаңғыртудың қажеттілігі туралы қорытынды беріледі. Бұл ретте:
      Субъекті белгілеген жөндеудің барлық түрлері мерзімділігінің жабдықтың белгілі бір түрін жөндеуге арналған нұсқаулықтардың, ережелер мен нормативтік-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігіне;
      олардың іс жүзіндегі жағдайы мен құзыретті орган бекіткен нұсқаулықтар мен нормативтік техникалық құжаттардың талаптарын ескере отырып, Субъект жабдықтың, ғимараттар мен құрылыстардың жөнділігі мен жұмыс қабілеттілігін қолдау мақсатында айқындаған реттеліп көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша негізгі құралдарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеулер жүргізу көлемдері негізділігіне;
      Субъектінің негізгі құралына, ғимараттары мен құрылыстарына, Субъекті бекіткен қосымша жабдықтарына жүргізілетін жөндеудің барлық түрлеріне арналған перспективалық және жылдық (айлық) кестелердің болуына қорытынды берілуге тиіс.
      Техникалық сараптамаға жатқызылған кезең үшін және оны жүргізу сәтіне негізгі құралдардың қолданысқа енгізілу деңгейі бағаланады, сондай-ақ тиісті көрсеткіштердің деңгейі - жабдықтың жиынтықты белгіленген қуаты, қуаттың коэффициенті, нақты тозу коэффициенті, саланың ерекшелігін ескере отырып, жүктелім және (немесе) басқа да көрсеткіштер кестесін толтыру коэффициенті, пайданың ұйғарынды деңгейін есептеген кезде пайдаланылатын Субъекті активтерінің қолданысқа енгізілу коэффициенті бағаланады.
      Реттеліп көрсетілетін және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілмейтін қызметтердің әрбір түрлері бойынша қолданысқа енгізілген активтерді бөлудің Қазақстан Республикасының заңнамасына белгіленген талаптарға сәйкес келуінің бағасы берілуге тиіс. Егер сарапшының осы мәселе бойынша қорытындысында Субъекті қызметінің реттеліп көрсетілетін түрлері мен тұтастай алғанда реттеліп көрсетілмейтін түрлері бойынша қолданысқа енгізілген активтерді бөлу схемасымен алшақтықтар болған жағдайда, сарапшы негізгі құралдарды ұсынып отырған бөлуін негіздейді.
      Сарапшы жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша негізгі құралдарды пайдалануды, негізгі құралдарды пайдалануға байланысты пайдалану және басқа да шығындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныс жасайды;

      2) шикізат пен материалдар шығысын, оның ішінде құзыретті орган бекіткен шикізат (отын, энергия және басқа) және материалдар шығысының нормаларын бағалайды. Шикізат пен материалдар шығысының нақты көлемдері нормативтерден асып кеткені анықталған жағдайда, асып кету мөлшері мен оның туындаған себептері ашылуға тиіс. Сарапшы бағалаудың нәтижелері бойынша шикізат пен материалдар шығысын оңтайландыру жөнінде ұсыныс жасайды. Бұдан басқа, сарапшы тауар-материалдық құндылықтардың (ТМҚ) авариялық (азайтылмайтын) қорына тексеру жүргізеді. Бұл ретте сарапшы Субъектінің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көлемдерде ТМҚ-ны "жиып қою" қажеттілігін және қоймадағы ТМҚ-ның нақты көлемдерінің қажетті көлемдерге сәйкестігін бағалайды;

      3) еңбек шығынын және Субъекті персоналының санын бағалауды, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жөніндегі нормативтік талаптардың сақталуы анықталуын ұсынады.
      Сарапшы персоналдың еңбек жөнінде уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нормативтік санының, оның Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген және келісілген еңбек жөніндегі нормативтеріне сәйкес келуіне баға береді, сондай-ақ іс жүзіндегі және нормативтік санның арасына салыстыру жүргізеді. Іс жүзіндегі санның нормативтерден асып кеткені анықталған жағдайда, асып кетудің мөлшері мен оның туындаған себептерін ашу қажет. Сарапшы Субъекті персоналының санын Субъектінің қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер (бағалар, алым ставкаларын) қалыптастыру кезінде ескерілетін және ескерілмейтін персонал санына, оның ішінде қызметтердің реттеліп көрсетілмейтін түрлерін көрсетумен айналысатын персонал санына бөлудің негізділігі бойынша қорытынды ұсынады.
      Еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жөніндегі нормативтік талаптарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуын талдау:
      өндірістік процестің еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік техникалық құжаттамасында белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігін;
      қызметкерлердің еңбек процесінде өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастыру, техникалық, санитарлық-гигиеналық, биологиялық және өзге нормаларды, ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді қамтамасыз ету көзқарасынан өндіріс жағдайларын, өндірістік және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштерді бағалауды;

      4) нормативтік және коммерциялық ысыраптардың, оның ішінде құзыретті орган бекіткен нормативтік ысыраптар деңгейін бағалауды, коммерциялық ысыраптардың әрбір түрі бойынша деңгейі мен пайда болу себептерінің анықтамасын қамтиды.
      Егер Субъект электр энергетикасы саласында қызметтер көрсеткен жағдайда, сарапшы кернеудің әртүрлі кластарындағы электр желілері жұмысының схемалары мен режимдерінің ерекшеліктеріне сәйкес тұтастай алғанда Субъектінің желілері не оның элементтері бойынша құзыретті орган бекіткен нормативтік ысыраптарға, оның ішінде кернеудің жоғары (220, 110, 35 кВ) және төмен (10,6-0,4 кВ) топтары бойынша, кернеудің жоғарыда көрсетілген топтары бойынша олардың көлемін көрсете отырып, нормативтік ысыраптарға баға береді; қоректік судың (будың және конденсаттың) іс жүзіндегі шығысына және оның құзыретті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекіткен бу мен конденсат ысыраптарының нормаларына сәйкес келуіне талдау жүргізеді.
      Сарапшы жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша нормативтік және коммерциялық ысыраптардың деңгейін төмендету жөнінде ұсыныс жасайды;

      5) инвестициялық қызметті бағалауды ұсынады.
      Сарапшы заңнамада белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген инвестициялық бағдарламалардың (жобалардың) іске асырылуына:
      әрбір уақытша аралығында (жарты жылдықта) Субъекті көрсететін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) іс жүзіндегі қол жеткізілген көлемдерін инвестициялық бағдарламада (жобада) белгіленген көрсеткіштермен салыстырмасының;
      инвестициялардың салымдарын инвестициялық бағдарламада (жобада) көзделген мақсаттарға бағыттау сәйкестігінің бөлігінде талдау жүргізеді.
      Сарапшы инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асырған кезде:
      Субъектінің қолданыстағы негізгі құралдарының таратылуының қолда бар деңгейінің өсуі не сақталуы;
      нормативтік және (немесе) нормативтен тыс ысыраптардың (өзгерістің серпінін көрсету) төмендеуі;
      ұсынылатын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) көлемінің және сапасының артуы қалай жүзеге асырылатынына тексеріс жүргізеді.
      Сарапшы түзету қажеттілігінің объективтік себептері пайда болған кезде инвестициялық бағдарламаны (жобаны) түзету негізділігіне баға береді.
      Сарапшы есептеу құралдарын сатып алу мен орнату (құралдардың саны, үлгісі мен сипаттамасы) қажеттілігін, есептеу құралдарын орнатуға бағытталған инвестициялардың көлемін бағалайды.
      Сарапшы энергияны үнемдеуді ынталандыратын Субъекті жүргізіп отырған іс-шараларды жолдайды және оларға қорытынды береді және энергия үнемдеу, оның ішінде өндіру мен энергияны тұтыну режимдерін оңтайландыру, оның есебі мен бақылауын ұйымдастыру, отын-энергетикалық ресурстарды тасымалдау мен тұтыну кезінде олардың ысыраптарын қысқарту, босатылатын және тұтынылатын энергетикалық ресурстарды есептеу бөлігінде нақтылықты, шынайлылық пен өлшем бірлігін қамтамасыз ету аясындағы саясатты іске асыру мақсатында инвестициялар салу қажеттілігін бағалайды .
      Бұдан басқа, сарапшы Субъектінің даму жоспарларының болуын тексереді. Субъект электр энергиясын беру және (немесе) бөлу жөніндегі қызметтер көрсетсе, сарапшы қолда бар желінің нақты схемасымен ұлттық немесе өңірлік электр желісінің жылдық жоспарларының болуын тексереді. Бұл ретте электр желісінің жылдық даму жоспарында мынадай негізді мәселелер:
      қолда бар электр желісін оның топологиясы, жүктелімі, кернеуді реттеу, шектеулер тұрғысынан талдау;
      электр желісіндегі электр энергиясы ысыраптарының төмендеуіне бағытталған іс-шаралар;
      электр желісі жұмысының тұрақтылығы мен сенімділігін, сондай-ақ электр желісі жұмысының ең жоғары үнемділігін қамтамасыз ету үшін қажетті капитал салымдарының бағасы көрініс табуға тиіс;

      6) тиісті мемлекеттік органдардың нұсқамаларын орындау, оның ішінде орындалған нұсқамалардың шығындары сметаларының болуы туралы ақпаратты;

      7) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қолданыстағы тарифтерде (бағаларда, алым ставкаларында) және (немесе) тарифтік сметада көзделген есептеу құралдарын тексеру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың талдауын;

      8) көрсетілетін қызметтер көлемдерінің, оның ішінде олардың сапасына бағалауды ұсынады.
      Реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемдерін айқындаған кезде пайдаланылатын Субъекті деректерінің ашықтығы, тексерілуі мен шынайлығы деңгейінің негізділігін бағалай отырып, көрсетілген реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемдеріне (серпін, негізгі тұтынушылар) талдау жүргізілуге, реттеліп көрсетілетін қызметтердің нақты және болжамды көлемдерін төмендету бойынша, оның ішінде ысыраптар көлемдерінің ұлғаю есебінен мүмкін болатын тәуекелдер көрсетілуге тиіс.
      Сарапшы көрсетіліп отырған реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемдерін айқындау өлшемдері бойынша ұсынымдар беруге тиіс.
      Сондай-ақ субъект көрсететін қызметтердің көлемдері заңды тұлғалармен жасалған шарттарда көзделген көлемдердің, жеке тұлғалардың тұрғын үй алаңының көлемдерінің, тұрғын үй алаңының шаршы метрін жылытуға арналған жылу энергиясы шығысының үлес нормаларының, ЫСЖ-ға арналған жылу энергиясы шығысы нормаларының, халық саны нормаларының, жылу тасымалдағыштың жылыстауымен жылу желілеріндегі апаттар санының, жылу энергиясын энергия өндіруші ұйымдарынан жылу желілеріне босату көлемдерінің сәйкестігіне талдануға тиіс.
      Жылу энергиясын беру және (немесе) бөлу жөніндегі қызметтер көрсететін субъектілер үшін жылу тасымалдағыш температурасының температуралық кестеге сәйкес келуіне тексеру жүргізілуге тиіс.
      Егер Субъект су шаруашылығы және кәріз жүйелерінің, газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) таратушы құбыр жолдары арқылы тасымалдау, газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбырларын пайдалану жөніндегі қызметтерді көрсетсе, тұтынушылар топтарының бөлінісінде іс жүзінде көрсетілген қызметтердің көлемдеріне талдау мен тексеру және олардың сапасына бағалау жүргізу қажет.

5. Қаржылық сараптамаға қойылатын талаптар

      18. Субъекті қызметінің қаржылық сараптамасы мыналарды:
      1) реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда Субъектінің өзге қызметі бойынша табыстарды, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлектеп есебінің болуы мен оны жүргізуді бағалауды қамтиды.
      Реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрі бойынша және Субъектінің тұтастай алғанда өзге қызметі бойынша табыстарды, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлектеп есебінің болуы мен оны жүргізудің бағалау қызметтің түрлері бойынша табыстарды, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтерді бөлектеп есепке алуды жүргізуге және оның қолда бар жүйесінің есепте көрініс табуына негізделеді, бөлудің объективтілігі мен негізділігі, сондай-ақ Субъекті өндіретін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) түрлері бойынша шығындарды бөлудің уәкілетті органмен келісілген әдістемесінің болуымен және олардың сақталуымен негізделеді. Қызметтердің реттеліп көрсетілетін және реттеліп көрсетілмейтін түрлерінен түсетін табыстардың есебінен шығыстардың тоғыспалы субсидиялауының болу мәніне тексеріс жүргізіледі;

      2) Субъектінің қызметін ұйымдастыру мен жүргізудің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне бағалауды қамтиды.
      Сарапшы шығындардың есебін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2003 жылғы 30 шілдедегі N 185-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2438 нөмірмен тіркелген) Табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер (бағалар, алым ставкаларын) бекіту кезінде шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібіне сәйкес, мыналарды қоса бағалайды:
      есепке алу саясатының Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін, оның ішінде есепке алу саясатында Субъекті өзінің қаржы-шаруашылық қызметінде басшылыққа алатын нормативтік және нормативтік құқықтық актілеріне сілтемелерінің болуын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі және Субъекті Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын қызметтің өзге түрлері бойынша оларды тағайындауға (өндірістік және өндірістік емес, жалпы шаруашылық тағайындаулар және басқалар) сәйкес негізгі құралдарды бөлу кезінде Субъект айқындаған өлшемдердің болуын қоса бағалайды. Сарапшы материалдық құндылықтарды есептен шығару әдісінің, сондай-ақ күмәнді борыштар бойынша резервті қалыптастыру жөнінде іс-шаралардың; есепке алу саясатына уәкілетті органның келісімі мен келісілген есепке алу саясатына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың болу мәніне есепке алу саясатына талдау жүргізуге тиіс;
      шикізат пен материалдарды есептен шығарудың заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген энергия мен отынды қоса, шығыс нормаларына сәйкестігін. Сарапшы бекітілген нормалар мен нормативтердің болуын (мемлекеттік орган, бекіту күні) тексереді, сондай-ақ бекітілген нормалар болмаған жағдайда, олардың тізбесін жасайды;
      амортизациялық аударымдарды есептеу, негізгі құралдардың тозуын есептеу әдістерінің қолданылуы мен олардың уәкілетті органмен келісілген Субъектінің есепке алу саясатының талаптарына сәйкестігін қоса бағалайды. Негізгі құралдарға бағалау жүргізу, уәкілетті органмен негізгі құралдарды қайта бағалау қай уақытта келісілді, мүлік құнын өндірістік қайта бағалаудың тарифке әсер етуін бағалауды жүргізу кезінде қандай әдіс қолданылады.
      Есептеу құралдары бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу, тексерілетін кезеңде қанша есептеу құралдары орнатылды, амортизацияны есептеудің қандай әдісі қолданылады.
      Сарапшы талдамалы кезеңде өткізілген шығындары тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін материалдық, қаржылық ресурстарды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес келуіне баға береді;

      3) қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) реттеліп көрсетілетін түрлері бойынша амортизациялық аударымдарды нақты пайдаланудың талдауын қамтиды. Сарапшы амортизациялық аударымдарды пайдаланудың мақсатты бағытын, олардың көлемін, сондай-ақ амортизациялық аударымдарды пайдаланудың құжат түріндегі (статистикалық есептердің, қаржы құжаттардың тізбесі) растауының болуын тексереді; Амортизациялық аударымдар қаражаттарын пайдаланудың тиімділігі бағаланады.
      Сарапшы қосымша қуаттарды қосқаны үшін төлем түрінде алынған қаражатқа баға береді, оларды өтеудің негізділігі, қосымша қуаттарды қосқаны үшін төлем деңгейінің өңірдің, облыстың, қаланың, ауданның желілерін дамыту жоспарында бекітілген төлемге сәйкестігіне тексеру жүргізеді, қосымша қуаттарды қосқаны үшін төлемді мақсатты пайдаланғаны үшін баға береді;

      4) еңбекке ақы төлеу шығыстарды бағалауды, белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген нормативтік санның болуын, сметаларда жөндеу жұмыстарына көзделген нормативтік көрсеткіштерде (СНжБ) еңбек шығындарының сәйкестігін қамтиды. Орташа салалық көрсеткіштермен кәсіпорын персоналының орташа жалақысы деңгейінің деректеріне салыстырмалы талдау жүргізіледі. Қызметтің реттеліп көрсетілетін және реттеліп көрсетілмейтін түрлерін көрсеткен кезде еңбек ресурстарының пайдалануына бағалау жүргізілуге және реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсеткен кезде персонал санын оңтайландыру жөнінде ұсыныстар беруге тиіс;

      5) қызметтің реттеліп көрсетілетін түрлерінің бөлігінде дебиторлық және кредиторлық берешектерді бағалауды қамтиды. Сарапшы дебиторлармен және кредиторлармен есеп айырысуға түгендеу жүргізудің кезеңділігін, бухгалтерлік есепте көрініс табуының дұрыстығын, дебиторлық және кредиторлық берешектің құрылымын, Субъектімен мерзімі өткен дебиторлық берешекті иеліктен айыру тәртібі мен оның негізін және иеліктен айырудың уәкілетті органмен келісімнің болуын көрсетеді;

      6) тарифтік саясаттың сақталуы мен тарифтік сметаның атқарылуын, оның ішінде:
      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2003 жылғы 30 шілдедегі N 185-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2438 нөмірмен тіркелген) Табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер (бағалар, алым ставкаларын) бекіту кезінде шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібінің талаптарына сәйкес шығындардың баптары бойынша тарифтік сметаның атқарылуын талдауды, есеп айырысулардың дұрыстығы мен негізділігі тұрғысында қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) қолда бар калькуляциясын бағалауды қамтиды. Сарапшы тарифтік сметаның атқарылуына талдау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша тарифтік сметада бекітілген ауытқудың (қаражатты пайдаланбау) сомасын, орындамау себебін айқындайды;
      нақты техникалық ысыраптарға байланысты шығыстардың белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік техникалық ысыраптарға байланысты шығыстарға сәйкес келуінің сараптамасын қамтиды;
      құзыретті және уәкілетті орган бекіткен (келісілген) осы жұмыстардың көлемдері мен түрлерінің салыстырмасын қоса отырып, негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін ағымдағы және күрделі жөндеулер мен басқа да қалпына келтіру жұмыстарына арналған шығыстарды талдауды қамтиды;
      қолданылатын тарифтердің (бағалардың, алымдар ставкаларының), уақытша төмендету коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген тарифтерге (бағаларға, алымдар ставкаларына) берілетін жеңілдіктердің уақытша төмендету коэффициенттеріне, ұсынылатын жеңілдіктерге сәйкестігінің мәнін талдауды қамтиды;
      табиғи монополия субъектісі талдамалы кезең ішінде мүлік құнына қайта бағалау жүргізген кезде сарапшының есебінде уәкілетті органмен қайта бағалау жүргізу бойынша келісімнің, қайта бағалау әдістерінің болуы, осы әдістерді пайдаланудың негізділігі туралы қорытындыларды, сондай-ақ мүлік құнын қайта бағалаудың тарифке тигізетін әсерін бағалау көрініс табуға тиіс;

      7) уәкілетті органмен келісілген инвестициялық жобалардың атқарылуын талдау, мыналарды:
      инвестицияларды және олардың көздерінің талдауын;
      уәкілетті органмен келісілген инвестициялық жобаларда көзделген көрсеткіштердің Субъекті қызметінің осындай іс жүзіндегі көрсеткіштеріне сәйкес келу мәнінің сараптамасын;
      ауытқулардың объективтік және субъективтік себептерін және олардың осы жобаны орындауға тигізетін әсерінің, тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) бекіткен кезде ескерілетін шығындар мөлшеріне әсер ету мүмкіндігінің талдауын қамтиды;
      инвестициялық жобаның Субъекті ұсынатын реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) сұранысының дамуына тигізетін әсерінің талдауын қамтиды;

      8) қызметтердің реттеліп көрсетілетін түрлеріне байланысты туындаған ұзақ мерзімді міндеттемелердің сараптауын қамтиды. Сарапшы құрылымды, қарыз қаражаттарды тартудың негізділігін, оларды өтеудің толықтығы, дер кезділігі мен тәртібін, міндеттемелерді қамтамасыз ету нысанын, пайыздық ставкаларын, тараптардың жауапкершілігін бағалайды. Сарапшы ұзақ мерзімді міндеттемелерді атқарудың қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) реттеліп көрсетілетін түрлерінің нәтижелеріне тигізетін әсерін талдайды;

      9) қысқаша мерзімді қаржылық инвестициялардың бағасын қамтиды. Сарапшы инвестициялардың түрлерін, табыстылығы мен олардың қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) реттеліп көрсетілетін түрлерінің нәтижелеріне тигізетін әсерін анықтайды;

      10) қызметтердің реттеліп көрсетілетін түрлерін жүзеге асырғанда қолданыстағы негізгі құралдардың құрылымы мен олардың қолданысқа енгізілу деңгейінің талдауын қамтиды.