Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде болған мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдалуы салдарынан еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеуге және көмек нен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындауға қызметкердi куәландыру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2005 жылғы 7 қарашадағы N 287-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 15 қарашада тіркелді. Тіркеу N 3932. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.01.2015 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының 24-бабының 2-тармағын iске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса берiлiп отырған Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде болған мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдалуы салдарынан еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеуге және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындауға қызметкердi куәландыру ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Вице-министр Т.Дүйсеноваға жүктелсiн.
      3. Осы бұйрық бiрiншi рет ресми жарияланған күннен он күнтiзбелiк күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.

      Министр

      Келiсiлдi:

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау министрi

      қараша 2005 жыл

Қазақстан Республикасы       
Еңбек және халықты         
әлеуметтiк қорғау министрiнiң   
2005 жылғы 7 қарашадағы      
N 287-ө бұйрығымен бекiтiлдi  

  Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде болған
мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдануы салдарынан
еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеуге және
көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын
айқындауға қызметкердi куәландыру ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде болған мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдануы салдарынан еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеуге және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындауға қызметкердi куәландыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес әзiрлендi және еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждықты айқындау тәртiбiн регламенттейдi.

      2. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде болған мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдануы салдарынан еңбек қабiлетiнен (кәсiптiк) айрылу дәрежесiн белгiлеу және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындау бойынша қызметкердi куәландыруды (бұдан әрi - куәландыру) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшесi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмше) медициналық-әлеуметтiк сараптама өткiзу жолымен жүргiзедi.

  2. Медициналық-әлеуметтiк сараптамаға жiберу тәртiбi

      3. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде болған мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдануы салдарынан еңбек (кәсiптiк) қабiлетiнен тұрақты айрылуға әкеп соққан ағза функцияларының тұрақты бұзылулары бар қызметкерлер (бұдан әрi - қызметкер), медициналық ұйымдар қажеттi диагностикалық, емдеу және оңалту iс-шараларын өткiзгеннен кейiн төрт айдан кешіктірмей аумақтық бөлімшеде куәландыруға жатады

  3. Куәландырудың тәртiбi

      4. Еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеуге және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждықты айқындауға куәландыру қызметкердiң тұрғылықты тұратын жерi бойынша мынадай құжаттарды:
      1) медициналық-әлеуметтiк сараптамаға жолдама (088у нысаны) ресiмделген күнiнен бастап 1 айдан кешiктiрмей;
      2) жеке басын куәландыратын құжатты;
      3) тұрғылықты тұратын жерi туралы мәлiметтердi;
      4) амбулаторлық картаны;
      5) еңбек қызметi туралы мәлiметтердi;
      6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 3 наурыздағы "Еңбек қызметiне байланысты жазатайым оқиғалар мен қызметкерлер денсаулығының өзге де зақымдануларын тексеру және есепке алу  ережесiн бекiту туралы" N 326 қаулысымен бекiтiлген жазатайым оқиға немесе еңбек қызметiне байланысты қызметкер денсаулығының өзге де зақымдануы туралы  H-1 нысаны бойынша актiнi;
      7) "Ұлттық еңбек гигиенасы мен кәсiптiк аурулар орталығы" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорынның екi жылдан аспаған қорытындысын (кәсiптiк ауру жағдайында) берген кезде жүргiзiледi.

      5. Куәландыру еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн азаматтық-құқықтық сақтандыруды жүзеге асыруға арналған лицензия алған жұмыс берушiнiң, заңды тұлғаның (бұдан әрi - сақтандырушының) өтiнiшi бойынша немесе соттың шешiмi бойынша жүргiзiледi.

      6. Егер қызметкер медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты куәландыруға келе алмаса, онда куәландыру үйде, стационарда қызметкердiң немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiмен ұсынылған құжаттардың негiзiнде жүргiзiледi.

      7. Куәландыру ұсынылған құжаттарды (клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiптiк және өзге де деректердi) қарау, қызметкердi тексеру, организм функцияларының бұзылуы және тiршiлiк тынысының, оның iшiнде еңбекке қабiлетiнiң шектелуi дәрежесiн бағалау жолымен аумақтық бөлiмше бастығының және кемiнде екi бас маманның қатысуы кезiнде алқалы түрде жүргiзiледi.
      Қызметкердi куәландыру кезiнде жұмыс берушi мен сақтандырушы қатысуға болады.

      8. Организм функцияларының бұзылу дәрежесiне және еңбек қабiлетiн жоғалтуына байланысты қызметкерге еңбек (кәсiптiк) қабiлетiнiң жоғалтуы 5-тен 100 пайызға дейiн белгiленедi.

      9. Еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесi мына мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзiмiнсiз белгiленедi.
      Еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесiнiң мерзiмi қызметкердiң оңалту әлуетіне сәйкес белгіленеді.

      10. Қайта куәландыру мерзiмiнсiз еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесi:
      1) қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктерi;
      2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерiстерi мен бұзылулары болған кезде, аумақтық бөлiмше еңбек (кәсiптiк) қабiлетiнен айырылу дәрежесi 80-нен 100 пайызға дейiнгi қызметкерге кемiнде төрт жыл, 5-тен 80 пайызға дейiнгi қызметкерге кемiнде алты жыл қадағалаудан кейiн белгiленедi.

      11. Аумақтық бөлiмшенiң сараптама қорытындысы осы Ереженiң 4-тармағында белгiленген құжаттар келiп түскен күнiнен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей шығарылады.

      12. Қызметкердiң аумақтық бөлiмшеге өтiнiш берген күнi еңбек (кәсiптiк) қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындау күнi болып есептеледi.

      13. Қызметкерге еңбек қабiлетiн (кәсiптiк) жоғалту дәрежесi белгiлеу және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждығын айқындау кезiнде:
      1) еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi туралы анықтама;
      2) медициналық көрсеткiш болса көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерi туралы анықтама;
      3) медициналық айғақтар болған кезде, арнайы жүрiп-тұру құралдарына мұқтаждығы туралы анықтама берiледi.

      14. Еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi туралы, көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерi туралы, арнайы жүрiп-тұру құралдарына мұқтаждығы туралы анықтамадан үзiндiлер сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру үшiн сараптамалық қорытынды шығарылған күнiнен бастап 3 күн мерзiмде жұмыс берушiге жiберiледi.

  4. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде болған
мертiгу немесе денсаулығының өзге зақымдануы салдарынан
көмек нен күтiмнiң қосымша түрлерiне қызметкердiң
мұқтаждығын айқындау

      15. Аумақтық бөлiмше медициналық ұйымдар қорытындыларының негiзiнде қызметкердiң мыналарға:
      1) қосымша медициналық көмекке (азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудiң мемлекеттiк кепiлдiктi көлемiнiң тiзбесiне енбейтiн), оның iшiнде қосымша тамақтануға және қосымша дәрi-дәрмек сатып алуға;
      2) қызметкерге басқа адамның, оның iшiнде оның отбасы мүшелерi жүзеге асыратын күтiмге (арнайы медициналық және тұрмыстық);
      3) санаторлық-курорттық емделу кезеңiндегi барлық демалыс уақытына және қызметкердiң емделу орнына баруына және келуiне, қажеттi жағдайларда - оның iлесiп баратын адамының санаторлық-курорттық емделу орнына бару және кейiн келу жолақысын қоса алғанда, санаторлық-курорттық емделуге;
      4) қызметкерге еңбек қызметiне және тұрмыста қажеттi техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдарына;
      5) арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге;
      6) кәсiптiк оқуға (қайта оқуға) мұқтаждығын айқындайды.