Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН :
1. Қосымша беріліп отырған Малдармен құстардың туберкулезінің алдын-алу және жою шараларын жүзеге асырудың ветеринариялық ережелері бекітілсін.
2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстардың және Астана, Алматы қалаларының аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторларына жүктелсін.
4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
Министр
Келісілді:
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
1 қарашадағы 2004 жыл
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы Министрінің
2004 жылғы 3 қарашадағы N 626
бұйрығымен бекітілді
Малдар мен құстардың туберкулезінің
алдын-алу және жою шараларын жүзеге асырудың
ветеринариялық ережесі
Осы Малдар мен құстардың туберкулезінің алдын-алу және жою шараларын жүзеге асырудың ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар үшін орындауға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен оларды жүргізудің тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Туберкулез - көбінесе созылмалы түрде өтетін, іріп ыдырауға бейім арнайы түйіншектердің - туберкулалардың әртүрлі мүшелер мен ұлпаларда түзілуімен сипатталатын барлық жануарлар түрінің және адамдардың жұқпалы ауруы.
2. Қоздырушысы - Mycobacterium туысына жатады, оған 30 астам өзіндік түрлері кіреді. Жануарларда ауруды бұқа туберкулезінің микобактериалары (Mycobacterium bovis), адамның (Mycobacterium tuberculosis) және құстың (Mycobacterium avium) түрлері қоздырады. Туберкулез микобактерияларының бұқа түрі негізінен ірі қара малдар үшін патогенді, бірақ оларға барлық сүтқоректілер және адамдар бейім келеді. Туберкулез ауру малдан адамға, ал ауру адамнан малға жұғуы мүмкін. Адам туберкулезі қоздырушысының түріне адамнан басқа шошқа, мысық, ит, ірі қара және ұсақ малдар бейім. Mycobacterium avium - үй және жабайы құстар туберкулезінің қоздырушысы, шошқаларда патологиялық өзгерістер тудыруы мүмкін, ал ірі қара малда туберкулинге сезімталдықтың қысқа мерзімді сенсибилизациясын тудырады. Атипикалық микобактериялардың жеке түрлері немесе олардың ассоциациялары ірі қара малдың, шошқаның және құстардың туберкулинге сезімталдылығын тудырады, ал кейбір жағдайларда шошқалардың лимфа түйіндерінде патологиялық өзгерістер тудырады.
2. Туберкулездің алдын алу
3. Мал иелері, шаруашылық субъектілері меншік түрлеріне қарамастан жануарлар туберкулезінің алдын алу мақсатында келесі шараларды жүзеге асырады:
1) қолындағы бар немесе жаңадан сатып алынған жануарлар туралы сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық инспекторына хабарлайды;
2) малдарды сатуды, союға өткізуді, жайлауға шығару мен орналастыруды және тағы басқа орын ауыстыру мен топтастыруды, мал шаруашылығы өнімдерін сатуды сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының рұқсатымен жүргізеді;
3) мал азығын дайындау барысында ауру жұқтырмау мақсатында қауіпсіздік шараларын сақтайды;
4) жаңадан келген жануарларға диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық өңдеулер жүргізу үшін 30 (отыз) күн бойы оқшаулап ұстайды;
5) туберкулезге күмәнді жануарлардың ауруының барлық жағдайлары туралы ветеринариялық қызметке дер кезінде хабарлайды (қоңдылығының төмендеуі, өкпенің қабыну белгілері, беткі лимфа түйіндерінің ұлғаюы);
6) ветеринариялық мамандардың талабы бойынша иелікке алынған жануарлар туралы барлық қажетті мәліметтерді береді, және оларға тексеру, зерттеу мен өңдеулер жүргізу үшін жағдай жасайды;
7) жануарларды тасымалдағанда, оларды күтіп бағу және азықтандыру кезінде, мал шаруашылығы нысандарын салу кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы және ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтайды;
8) ауданның (қаланың) бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының нұсқауы бойынша ауру малдарды уақытында өткізуге немесе аурудан таза емес барлық мал басын толығымен жояды;
9) осы Ветеринариялық ережеде қарастырылған жануарлардың туберкулезбен ауруының алдын-алу, сондай-ақ ауру шыққан жағдайда індет ошағын жою жөніндегі шектеу, ұйымдастырушылық-шаруашылық жұмыстарын, арнайы және ветеринариялық-санитариялық шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етеді.
4. Туберкулезден таза емес шаруашылық субъектілерінде қызмет көрсететін тұлғалар жеке гигиена ережелерімен таныстырылуы тиіс. Жыл сайын олар міндетті түрде флюорографиялық зерттеумен медициналық тексеруден өту керек, ал малшы мен сауыншы - тұлғалардан зәр-жынысы туберкулезін ерте анықтау мақсатында зәрді бактериологиялық зерттейді (туберкулездің микобактерияларына зәр себіндісін өсіру).
5. Меншік түріне қарамастан шаруашылық субъектілерінің басшылары төмендегіні жүзеге асырады:
1) мал шаруашылығы қызметкерлерін киіммен және аяқ киіммен, оларды сақтау бөлмелерімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ мал қораларын қол жуғышпен, сабынмен, сүлгімен және алғашқы көмек аптечкасымен қамтамасыз етеді;
2) мал шаруашылығы және жем-шөп дайындау жұмыстарына туберкулезге тексеруден өтпеген, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын және диспансерлік есепте белсенді топта тұратын адамдар жіберілмейді;
3) қызмет көрсететін адамдар арасында туберкулезбен ауру екені анықталған жағдайда, ауру адамдар тез арада мал күтуден босатылады;
4) сүт және сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындарында туберкулезден таза емес пункттерден алынған сүтті міндетті түрде пастеризациялаудың және басқа да шикі сүт өнімдеріне термикалық өңдеудің жүргізілуін қамтамасыз етеді.
6. Аумақтық денсаулық сақтау органдары:
1) жануарларды күтіп-бағатын жұмысшыларға күнделікті медициналық бақылау жүргізеді;
2) халық арасында және мал шаруашылығы жұмысшылары арасында тұрақты негізде туберкулездің зияны мен зардаптары, онымен күресу және оның алдын алу шаралары туралы түсініктеме жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады.
7. Меншік түріне қарамастан шаруашылық субъектілерінде, жеке аулаларда қызмет көрсететін ветеринариялық мамандар жануарлардың туберкулезінің алдын алу және онымен күресу шараларын жүргізуге міндетті.
8. Адам туберкулезінің алдын алу және оларды емдеу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және басқа да арнайы шараларды, сондай-ақ, осы шаралардың орындалуына бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының, туберкулезге қарсы диспансерлердің (бөлмелердің) және басқа да медициналық мекемелердің қызметкерлері жүзеге асырады.
9. Ветеринариялық және медициналық ұйымдар жануарларды күтіп-бағумен байланысты немесе қайта өңдеу кәсіпорындарында жұмыс істейтін адамдардың және жануарлардың ауыру жағдайлары туралы мәліметтерді өзара ұсынады. Елді мекендерде адамдардың туберкулезбен ауыру жағдайлары анықталған болса, адамдардың залалдану көзі мен таралу жолдарын анықтау мақсатында тез арада эпидемиологиялық-эпизоотологиялық зерттеулер жүргізіледі, қажет жағдайда малдар туберкулезге зерттеледі және ауру анықталған жағдайда эпизоотиялық ошақты жою бойынша шаралар ұйымдастырылады.
3. Әр түрлі жануарлардың туберкулезін
эпизоотологиялық бақылау және диагноз қою
10. Барлық мал басына мерзімді клиника-эпизоотологиялық, аллергиялық зерттеулер жүргізген кезде, патологиялық материалдарды және мал ұшаларын патологоанатомиялық және бактериологиялық зерттеулермен тексерген кезде туберкулезбен ауырған малдар анықталмаған жағдайда меншік түріне қарамастан барлық шаруашылық субъектілері, елді мекендер туберкулезден таза деп саналады.
11. Эпизоотологиялық тексеруді келесі негіздерге сүйене отырып, ветеринариялық инспекторлар жүзеге асырады:
1) ет өңдейтін кәсіпорындарда малды сойғаннан кейінгі көрсеткіштерге, базарларда ветеринариялық-саниатариялық сараптау көрсеткіштеріне;
2) малдарды сою барысында мал өлекселерін тексеру кезінде сараптама көрсеткіштеріне;
3) туберкулезге жоспарлы аллергиялық тексерудің нәтижелеріне;
4) туберкулинге оң нәтиже берген малдарды бақылаулық союдың нәтижелеріне;
5) туберкулинге оң нәтиже берген малдардан алынған патологиялық материалдарды зертханалық зерттеудің нәтижелеріне;
6) қызмет көрсететін жұмысшыларды медициналық тексерудің қорытындысына.
12. Егер диагноз патологоанатомиялық сойып-зерттеу мәліметтерімен айқындалса, ал туберкулезге тән өзгерістер байқалмаған жағдайда бактериологиялық зерттеулердің оң нәтижелерімен жануарлардың туберкулезі анықталды деп саналады.
13. Ет өңдейтін кәсіпорындардың ветеринариялық мамандары әр мал иесінің жануарларын жеке партиямен союды, мал ұшалары мен мүшелерін туберкулезге ветеринариялық-санитариялық сараптауды, Ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылғы 31 қарашадағы N 351 бұйрығымен бекітілген және 2002 жылғы 27 желтоқсандағы N 2105 Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде тіркелген, Союға арналған жануарларды сою алдында ветеринариялық тексеру және сойылғаннан кейін ұшалар мен мүшелерді ветеринариялық-санитариялық сараптау және оларды санитариялық бағалау ережелеріне сәйкес жүзеге асыруын қамтамасыз етеді және туберкулезге күмәндері мен анықталған жағдайлары туралы мәліметтерді сәйкес аумақтың ветеринариялық инспекторларына ұсынады.
14. Аурудан таза шаруашылықтардан етке сойылған жануарлардың мүшелері мен ұлпаларынан туберкулезге тән патологиялық өзгерістер байқалса, ұшаларды қосымша маркілейді және арнайы мұздатқыш камерада, жануарлар келген ауданның (қаланың) мемлекеттік ветеринариялық инспекторының өкілінің қатысуымен комиссиялық тексеру үшін сақтайды. Осымен бірге сәйкес әкімшілік-ветеринариялық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары екі апталық мерзім ішінде союға жіберілген мал шыққан шаруашылық субъектілеріндегі барлық мал басын туберкулезге тексеруді ұйымдастырады және туберкулезді анықтау немесе оны жою бойынша шаралар қабылдайды.
15. Мал басының тазалығын бақылау мақсатында мал иелері, шаруашылық субъектілері меншік түріне қарамастан ветеринариялық мамандарға жыл сайын малдар мен құстарды клиникалық тексерудің және жоспарлық аллергиялық зерттеулердің жүргізілуін міндетті түрде қамтамасыз етулері қажет:
1) сиырларды және бұқаларды жылына 2 рет, көктемде жайлауға шығару алдында және күзде қыстауға қою алдында, ал ірі қараның төлдерін 2-айлық жастан бастап және бордақылауда тұрған малдарды жылына 1 рет;
2) жылқы, қашыр, есек, қой және ешкілерді эпизоотологиялық жағдайға байланысты 2-айлық жастан бастап;
3) түйелерді эпизоотологиялық жағдайға байланысты 12-айлық жастан бастап;
4) марал, бұғы, терісі бағалы аңдарды эпизоотологиялық жағдайға байланысты 6-айлық жастан бастап;
5) барлық ересек шошқаларды және торайларды 2-айлық жастан бастап эпизоотологиялық жағдайға байланысты жылына 1 рет;
6) асыл тұқымды зауыттар мен селекциялық-асыл тұқымды құс станцияларындағы алғашқы линиядағы және аналық табындағы ересек құстарды (жасы 2 жылдан асқан) - жылына бір рет 6 айлық жастан бастап зерттейді.
16. Аурудан таза, жеке меншік түріне қарамастан, шаруашылық субъектілерінде, елді мекеннің жеке аулаларында жоспарлық аллергиялық зерттеулер жүргізу кезінде туберкулинге оң нәтиже берген малдар анықталған жағдайда келесі шараларды жүзеге асырады:
1) оң нәтиже берген малдарды оқшаулайды және қосымша тамыр ішіне туберкулиндік сынамамен, 5-6 жастан асқан сиырларды екі рет көзіне туберкулиндік сынамамен, сондай-ақ иммуноферменттік анализ (ИФА) әдісімен зерттейді. Бұл жағдайда тері ішілік сынамасына оң реакциясы есепке алынған күні туберкулин егіледі. Тамыр ішіне, екі рет көзге егу сынамаларына немесе ИФА оң нәтиже берген малдар комиссиялық түрде диагностикалық сойылады және сойылған малдардың біреуінде туберкулезге тән патологиялық өзгерістер байқалса, диагноз анықталды деп есептеледі;
2) сойылған малдарда туберкулезге тән мүшелер мен ұлпаларда өзгерістер байқалмаса, биосынама қоюмен бактериологиялық зерттеуге материал алынады. Сойылған малдардан алынған материалдан ірі қара малдың немесе адам туберкулезінің микобактериясы бөлінсе немесе оң биосынама қойылған жағдайда диагноз анықталды деп есептеледі;
3) туберкулезге тән өзгерістер байқалмаса және сойылған малдардан алынған биоматериалдарды бактериологиялық (биологиялық) зерттеулердің нәтижелері теріс болса, онда сол табын туберкулезден таза деп есептеледі;
4) туберкулинге нәтиже бермеген қалған жануарларды, 30-45 күннен кейін симультандық аллергиялық әдіспен сүтқоректілер мен құстардың туберкулинін қолданумен бірге тексеріледі. Егер құстарға арналған туберкулинге оң нәтиже берген құстарда тері қатпарларының қалыңдауы көп дәрежеде байқалса, онда табын туберкулезден таза деп есептеледі, ал сүт қоректілерге арналған туберкулиндік реакцияда тері қатпарларының қалыңдауы құстың туберкулиндік реакциясына қарағанда аса айқын байқалса, олар іріктеледі және диагностикалық сою жүргізіледі. Одан басқа құсқа арналған туберкулиннің көмегімен ірі қараның паратуберкулездік энтериті бойынша эпизоотологиялық жағдай анықталады;
5) осындай шаруашылық субъектілерінің эпизоотологиялық жағдайына кейінгі бақылау ет өңдейтін кәсіпорындарында малдарды сою кезінде ветеринариялық-санитариялық сараптаудың қорытындысы және жоспарлық аллергиялық зерттеулердің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылады.
17. Туберкулезден таза жеке меншік түріне қарамастан шаруашылық субъектілерінде, елді мекеннің жеке аулаларында шошқа немесе қойдан (ешкіден) туберкулинге реакция берген 3-5 мал іріктеліп, диагностикалық союға жіберіледі. Паталогоанатомиялық өзгерістердің барына немесе жоқтығына қарамастан, бактериологиялық тексеруге материалдар алынады. Осы биоматериалдан ірі қара немесе адам туберкулезінің қоздырғышының өсіндісі бөлінген немесе биологиялық сынама оң нәтиже берген жағдайда туберкулезге диагноз анықталды деп есептеледі.
18. Егер шаруашылықта етке сойылған немесе өлген, сондай-ақ туберкулинге оң нәтиже берген құсты сойған кезде туберкулезге тән өзгерістер байқалса, онда бактериологиялық зерттеулерге материал алынады. Бактериологиялық зерттеулер оң нәтиже берген жағдайда туберкулезге диагноз анықталды деп есептеледі.
19. Жануарлардың басқа түрлерінде туберкулезге диагноз патологоанатомиялық және бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері негізінде анықтайды.
4. Туберкулез кезіндегі шектеу шаралары
20. Туберкулез ауруы анықталғанда жеке меншік түріне қарамастан шаруашылық субъектісі сол ауру бойынша таза емес (кейін - Қолайсыз шаруашылық) деп жарияланып, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 27 бабының 1 тармағына сәйкес шектеу енгізіледі. Сонымен бірге індеттен таза емес шаруашылық субъектісінің, елді мекеннің туберкулезден сауықтыру шараларының кешенді жоспары жасалады.
21. Сауықтыру шаралары жоспарында қолайсыз пункттің эпизоотиялық жағдайы көрсетіледі (індеттің таралу дәрежесі, ауру малдардың саны, індетке қарсы шаруашылық, арнайы ветеринариялық, эпидемияға қарсы және басқа да қажетті шаралардың көлемі мен мерзімі анықталады, қолданылатын әдістер және табынды сауықтыру мерзімі көрсетіледі, жеке жұмыстардың жүргізілуіне жауапты адамдар бекітіледі).
22. Туберкулинге оң реакция берген жануарларды басқа малдардан тез арада оқшаулайды, асыл тұқымдық және өндірістік құндылығына қарамастан 7 күн ішінде союға өткізіледі. Ауру жануарлар ұсталынған бөлмелерге, жайылым алаңдарына және басқа да объектілерге сауықтыру шаралары толық жүргізілгеннен кейін ғана сау малдар жіберіледі.
23. Шектеу шарттары бойынша тиым салынады:
1) малдардың орнын ауыстыруға (енгізуге немесе шығаруға), етке союға жіберуден басқа;
2) аурудан таза емес аймақта жем, шөп және басқа ірі мал азығын дайындауға, сондай-ақ адамдарды, малдарды жинауды ұйымдастыруды, жұмыс барысында және сондай-ақ өндірістік қажеттіліктер бойынша;
3) туберкулезден таза емес мал табындары жайылған жерлерге сау малдарды жаюға және ақпайтын суаттарды 6 айдан кейін пайдалануға рұқсат етіледі;
4) туберкулезбен ауырған малдарды пайдалануға және олардан алынған төлдерді өсіруге;
5) ауру малдарды және аурудан таза емес табындарды сау малдармен қосып ұстауға, жаюға, суаруға немесе басқа да жанасуға, сондай-ақ аурудан таза емес табынның малдарын жайлауға тасымалдауға және айдауға;
6) туберкулезбен ауырған малдарды сойғаннан кейін алынған залалсыздандырылмаған етпен, ет өнімдерімен аңдарды азықтандыруға.
24. Туберкулезден таза емес шаруашылықтардағы сиырлардан алынған шикі сүтті базарларға сатуға, асханаларға, емдеу-профилактикалық, бала-бақша және мектеп мекемелеріне жіберуге тиым салынады. Туберкулезге оң реакция берген сиырлардан алынған сүт қайнату немесе тоң май жасау үшін қайта өңдеу арқылы залалсыздандырылады. Індеттен таза емес табындардың (ферманың) сиырларынан алынған сүт (қаймақ) шаруашылықтың өзінде 90 о С температурада 5 минут, 85 о С температурада 30 минут пастеризация жолымен залалсыздандырылады, ал пастеризатор болмаған жағдайда қайнатылады. Сүт залалсыздандырылғаннан кейін сүт зауытына жіберіледі немесе шаруашылық ішінде қолданылады. Сүт өңдеу кәсіпорындарында сүт құйылғаннан кейін цистерналар немесе бидондар жуылады және белгіленген тәртіпте дезинфекцияланады.
25. Туберкулезбен ауырған малдарды сою қасапханаларда сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық инспекторының бақылауымен, жұмысшылардың жеке алдын-алу шараларын сақтаумен және індеттің қоздырғышының таралмауын қамтамасыз ететін талаптарды орындаумен, жүргізіледі.
26. Туберкулезден таза емес пункттердің бөлмелерінде, аулаларында, жайылым алаңдарында, құрал-жабдықтарды және басқа да объектілерінде кезекті дезинфекция, сондай-ақ дезинсекция және дератизация жүргізіледі. Қи биологиялық, химиялық және физикалық әдістермен залалсыздандырады.
5. Ірі мүйізді мал туберкулезінен қолайсыз
пункттерді сауықтыру
27. Ірі мүйізді малдың туберкулезінен қолайсыз пункттерді сауықтыру төмендегідей жүзеге асырылады:
1) туберкулезден таза емес табынды толығымен сау малдарға ауыстыру жолымен;
2) жүйелі диагностикалық зерттеулермен ауру малдарды бөлу және оларды сою арқылы;
3) екі жағдайда да осы Ветеринариялық ережеде қарастырылған ұйымдастыру-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық және арнайы шаралардың кешенін жүргізуге міндетті.
28. Туберкулез аудан, облыс, республика көлемінде алғаш рет анықталған кезде және табын арасында кеңінен таралған жағдайда мал басы толығымен ауыстырылады. Ондай жағдайда шектеу қойылғаннан кейін:
1) малдарды туберкулезге аллергиялық зерттеу тоқтатылады;
2) сиырларды және қашарларды ұрықтандыру жүргізілмейді;
3) алынған сүт 85 о С температурада 30 минут немесе 90 о С-та 5 минут пастеризацияланады, содан кейін бұзауларға беріледі немесе сүт өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі;
4) аурудан таза емес табындағы барлық мал басы төлімен бірге үш ай ішінде союға өткізіледі;
5) мал қоралары малдан босағаннан кейін дезинфекция жүргізіледі;
6) босаған мал қораларының, бұзау қораларының, төл қабылдайтын бөлмелердің едендері, қабырғалары қидан, жем-шөп қалдықтарынан тазартылады, қиды механикалық шығару үшін транспортерлер қайта жөнделеді;
7) ағаш едендер алынады, екінші рет қолдануға жарамды тақтайларды жақсылап тазалап, жуғаннан кейін 24 сағат бойы 5 %-тік формальдегидтің сілтілік ерітіндісімен немесе басқа дезинфекциялық заттармен дезинфекциялайды. Жарамсыз тақтайлар өртеледі;
8) аймақ, жайылым алаңдары қоқсық пен қидан тазартылады;
9) қи арнайы бөлінген жерге шығарылады, ені 3 метр биіктігі 2 метр дөңдерге жиналады, беті жермен жабылып, қоршалады, бұл қи дөңдерге жиналғаннан кейін 2 жылдан соң пайдаланылады;
10) мал шаруашылығы бөлмелерінде жөндеу жүргізеді, едендер салынады, қи шығаратын транспортерлер жасақталады;
11) барлық жарамсыз арнайы киімдер, аяқ киімдер, құны төмен құрал-жабдықтар өртеледі;
12) ветеринариялық-санитариялық шаралар аяқталғаннан кейін, ферманың аумағындағы барлық бөлмелерде қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін және дезинфекцияның сапасы зертханалық тексерілгеннен кейін індеттен таза емес фермадан шектеу алынады.
29. Жүйелі диагностикалық зерттеулер жүргізу арқылы туберкулезбен ауру малдарды анықтауға болады. Ол үшін 2-айлық жастан бастап барлық малдарды әр 30-45 күн сайын тері ішіне екі реттік туберкулиндік сынамамен (сүтқоректілерге арналған туберкулиннің толық және жартылай) зерттеледі. Туберкулинге оң нәтиже берген малдар ауру деп танылады, тез арада оқшауланады және 7 күн ішінде ет өңдеу кәсіпорындарына қайта өңдеуге жіберіледі.
30. Табындағы барлық мал басы бойынша зерттеулерден екі рет қатар теріс нәтиже алынған жағдайда, малдар 3-айлық бақылауға қойылады, осы мезгіл ішінде екі зерттеу бір уақытта 1,5-айлық интервалмен тері ішіне туберкулиндік сынамамен және иммуноферменттік анализ (ИФА) әдісімен жүргізіледі. Аллергиялық және серологиялық зерттеулерден теріс нәтижелер алынған жағдайда табынды туберкулезден таза деп жариялайды.
31. Егер бақылаулық зерттеу барысында туберкулинге және серологиялық әдіске оң нәтиже берген малдар бөлінсе, олардың барлығы диагностикалық союға жіберіледі.
32. Қолайсыз пункттерде:
1) ауру сиырлардан туған бұзаулар анасымен бірге союға жіберіледі;
2) сауықтыру жүргізіліп жатқан табында теріс нәтиже берген сиырлардан туған бұзауларды (бақылаулық тексеруге қойғанға дейін) жеке топтастырып оқшаулайды, бордақылауға қойылады және содан кейін союға жіберіледі;
3) бақылаулық тексеру кезінде алынған төлдер оқшауланған жағдайда өсіріледі және шаруашылық субъектісінен шектеу алынғаннан кейін қалыпты жағдайда пайдаланылады.
33. Шектеу алынар алдында осы Ветеринариялық ереженің 28 пунктте көрсетілген ветеринариялық-санитариялық шаралар кешені жүргізіледі.
6. Шошқа, қой, ешкі, жылқы, түйе, терісі
бағалы аңдар және құстар туберкулезінен қолайсыз
пункттерді сауықтыру
34. Шошқа туберкулезі (бұқа немесе адам қоздырғышының түрі) анықталған жағдайда туберкулинге оң нәтиже берген барлық шошқалар, оның ішінде буаз аналық шошқалар, доңыздар союға жіберіледі. Төлдеу аяқталғаннан кейін және төлдер бордақыланғаннан кейін фермадағы барлық малдар - туберкулезге диагноз анықталған уақыттан бастап 3 айдан кеш емес мерзімде союға жіберіледі. Ветеринариялық-санитариялық шаралар кешені жүргізілгеннен кейін фермадан шектеу алынады.
35. Қойда, ешкіде, жылқыда және түйеде туберкулез анықталған жағдайда:
1) туберкулезге оң нәтиже берген барлық малдар союға жіберіледі;
2) қалған малдар тексеріледі: жылқы - туберкулинді көзге тамызу арқылы (офтальмосынама), ал қой, ешкі және түйе - әр 30-45 күн сайын тері ішіне туберкулиндік сынама арқылы бір рет теріс нәтиже бергенге дейін тексеріледі, содан кейін сол топтағы малдар сау деп есептеледі.
36. Терісі бағалы аңдарда туберкулез анықталған жағдайда:
1) клиникалық тексеріледі, ауру ұрғашы жануарларды төлімен бірге оқшаулайды. Аңдар терілерінің құндылығы артуы кезінде күнделікті емдік дозада тубазидпен азықтандырады. Сойылғаннан кейін терілері шектеусіз қолданылады, ал ұшалары өртеу арқылы жойылады;
2) аурудан таза емес топтың қалған аңдарына азыққа профилактикалық дозада тубазид қосып береді;
3) егер күшіктеу кезеңінен бастап өлген және сойылғанға дейінгі аралықта мүшелер мен ұлпаларда туберкулезге тән өзгерістер байқалмаса, аң шаруашылығы сауықтырылды деп есептеледі;
4) ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізілгеннен кейін шектеу алынады.
37. Маралдарда туберкулез анықталған жағдайда:
1) туберкулезге оң реакция берген барлық маралдар союға жіберіледі;
2) қалған мал басы табын бойынша теріс нәтиже бергенге дейін тексеріледі. Клиникалық ауру малдар союға жіберіледі. Жануарларды туберкулезге қараша-желтоқсан айларында, ал төлдер - қыстауға ауыстырғаннан кейін зерттеледі.
38. Құс шаруашылығы субъектілерінде, жеке аулаларда туберкулез ауруы анықталған жағдайда аурудан таза емес құс қорасындағы (цехтағы) барлық құстар союға жіберіледі, тиісті ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізіледі және шектеу алынғаннан кейін сау жас құстардан жаңа топ құрылады. Аурудан таза емес құс қораларындағы (цехтағы) құстардан алынған жұмыртқалар өсіруге жіберілмейді, нан өнімдері мен кондитерлік кәсіпорындарында қолданылады.