Кірме жолдардағы жұмыстар ережесін бекіту туралы

Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі N 367-І бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 28 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3179

Қолданыстағы

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кірме жолдардағы жұмыс ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Темір жол көлігі комитеті (Н.Т.Байдәулетов) белгіленген  тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынсын.
      3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр

"Кірме жолдардағы жұмыс     
ережесін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасы     
Көлік және коммуникациялар   
министрінің          
2004 жылғы 29 қыркүйектегі  
N 367-І бұйрығымен бекітілген

  Кірме жолдардағы жұмыс ережесі

1. Жалпы  ережелер

      1. Осы Ереже "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және кірме жолдардағы жұмысты ұйымдастыру тәртібін белгілейді, сонымен қатар кірме жолдардағы жұмысты ұйымдастыру кезінде тармақ иеленуші, магистральдық темір жол желісінің операторы, тасымалдаушы және тасымалдау процесіне басқа қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейді.

      2. Осы Ережеде "тармақ иеленуші", "магистральдық темір жол желісінің операторы", "Ұлттық темір жол компаниясы", "кірме жолдар", "тасымалдау процесіне қатысушы", "уәкілетті орган", "клиент" деген ұғымдар Заңда белгіленген мағыналарда қолданылады.

  2. Кірме жолдардағы жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі

      3. Кірме жолдар магистральдық және (немесе) станциялық жолдарға тікелей немесе басқа кірме жолдар арқылы жанасады. Кірме жол шекарасы "Кірме жол шекарасы" деген белгімен белгіленеді. Мұндай белгінің орнын Ұлттық темір жол компаниясы белгілейді.

      4. Кірме жолдардың, олардың құрылыстарының және құрылғыларының жай-күйі Қазақстан Республикасының заңнамасына және қозғалыс қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.

      5. Тармақ иеленуші кірме жолдарды техникалық күтіп ұстауды қамтамасыз етеді және ағымдағы жөндеуді жүзеге асырады.

      6. Кірме жолдарда жұмыстардың мынадай түрлері:
      1) жылжымалы құрамды өткізу және оның тұрағы;
      2) вагондарды әкелу-әкету;
      3) мамандандырылған құралдармен вагондарды сүйреп кіргізуі мен сүйреп шығару;
      4) маневрлік жұмыс;
      5) тиеу-түсіру (жүк түсіру) жүзеге асырылады.

      7. Кірме жолдарға жолдық даму, техникалық құрылыстар, қоймалар мен сыйымдықтар, тиеу-түсіру жұмыстарын механикаландыру құралдары, жүк жұмысына арналған жарықтандыру құрылғылары, жанасу станциясымен тікелей телефон байланысы және сигнал берудің қажетті құрылғылары кіреді. Қажет болған жағдайда кірме жолдар:
      1) вагон таразыларымен;
      2) мөлшерлегіш алаңшалармен;
      3) габариттік қақпалармен және кірме жолдарды пайдалануды қамтамасыз етуге арналған басқа да құрылғылармен жабдықталады.

      8. Тармақ иеленуші әр кірме жолға техникалық паспорт, жолдың толық бойлық пішінін, жасанды құрылыстардың сызбаларын және жолдар мен қоймалық алаңшалардың мамандандырылуын көрсете отырып, тиеу-түсіру (жүк түсіру) орындары түсірілген жоспардың масштабтық сызбасын ресімдейді.
      Құжаттаманың екінші данасын тармақ иеленуші магистральдық темір жол желісінің операторына кірме жолды пайдалануға қабылдау кезінде береді. Жаңа объектілерді пайдалануға беруден немесе оларды жапқаннан кейін тармақ иеленуші техникалық паспортқа тиісті өзгерістерді енгізеді және паспортқа енгізілген барлық өзгерістер туралы хабарлап, тиісті құжаттарды қоса бере отырып, техникалық паспорттың бір данасын магистральдық темір жол желісінің операторына береді. Оператор жанасу станциясының техникалық-өкімдік кесіміне (ТӨК) өзгерістер енгізеді және оған қосымшаны - кірме жолдардың тізімдемесін жасайды.

      9. Кірме жолдар тұрақты немесе уақытша пайдалану үшін ашылады. Салынған кірме жолдың тұрақты пайдалану үшін ашылуы және осындай жолға жылжымалы құрамды әкелуге құрамына магистральдық темір жол желісі операторының өкілі кіретін комиссияның осы жолды қабылдағанынан және магистральдық темір жол желісі операторының тармақ иеленушімен келісуі бойынша, оны жүктерді тиеу, түсіру (жүк түсіру) үшін пайдалаудың тәртібін белгілегенінен кейін ғана жол беріледі.

      10. Тармақ иеленуші магистральдық темір жол желісі операторымен, тасымалдаушымен шарт бойынша маневрлік жұмыс және вагондарды уақытша орналастыру қызметтерін ұсынады.

      11. Кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексеруді көліктік кешені қызметін үйлестіретін, реттейтін және бақылайтын көлік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. P030001249

       12. Кірме жолдарды жеке және заңды тұлғаларға жалға беруге рұқсат етіледі. Осындай жолдарды жалға беру тармақ иеленушінің, жеке және заңды тұлғаның арасындағы шартпен ресімделеді. Осы шарттың негізінде жалға алушы мен тасымалдаушының (магистралдық темір жол желісі операторының) арасында вагондарды әкелу-әкету шарты жасалады.
      Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға берілген кірме жолды ағымдағы техникалық күтіп ұстауды жалға алушы жүргізеді.

      13. Кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігіне және жылжымалы құрамның, контейнерлердің, жүктердің сақталуына қатер төндіретін ақаулар анықталған жағдайда магистральдық темір жол желісі операторы өкімінің негізінде кірме жолдардағы ақауларды жойғанға дейін кірме жолдардың қызмет көрсетуі тоқтатылады.

      14. Тармақ иеленушілер кірме жолдардың олардың орналасқан аумағы мен жүктерді тиеу, түсіру (жүк түсіру) шептері шектерінде жарықтандырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ кірме жолдарды қоқыс пен қардан тазартуды жүргізеді.

      15. Кірме жолға қызмет көрсету жөніндегі жұмыс вагондарды әкелу-әкету шартының талаптарына, жанасу станциясы жұмысының технологиясы мен кірме жолдың жұмыс технологиясын ескере отырып, Магистральдық темір жол желісінің операторы бекітетін  кірме жолдардағы қызмет көрсету және қозғалысты ұйымдастыру тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.

      16. Бір тармақ иеленушіде станцияға (бірнеше станцияға) бөлек жанасатын бірнеше кірме жолдардың болуы кезінде вагондарды әкелу-әкетуге шарт әрбір жанасатын кірме жолға жеке жасалады.

  3. Вагондарды әкелу мен әкетудің тәртібі

      17. Кірме жолға тармақ иеленушінің локомотивімен қызмет көрсеткен кезде вагондар шартта белгіленген шығарып қою жолдарына тасымалдаушының, магистральдық темір жол желісі операторының локомотивімен әкелінеді. Вагондардың одан арғы қозғалысы, оларды тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындарында орналастыру және шығарып қою жолына қайтару тармақ иеленушінің локомотивімен қамтамасыз етіледі.
      Кірме жолға тасымалдаушының, магистральдық темір жол желісі операторының локомотивімен қызмет көрсеткен кезде вагондар осы локомотивпен кірме жолға, жолдан, олардың тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындарына әкелінеді және әкетіледі.

      18. Тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындары жабық және ашық қоймаларға жанасып жатқан және де жүктерді тиеуге, түсіруге (жүк түсіруге) арналған кірме жолдардың бөлігі болып табылады.
      Тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындарына вагондардың барынша мол санының әкелінуі кірме жолдың қоймалық, тиеу-түсіру құрылғыларының пайдалы ұзындығы бойынша белгіленеді.
      Вагондарды шығарып қою жолдарында тапсыру кезінде әкелінетін вагондардың барынша саны шығарып қою жолының  пайдалы ұзындығы бойынша белгіленеді.

      19. Вагондарды кірме жолға беру қабылдап-тапсырушының жадынамасы мен вагондарды әкелу және әкету тізімдемесінде тапсырушы мен қабылдаушы тараптар қызметкерлерінің қолдарымен куәландырылады. Вагондарды кірме жолға әкелу мен әкету және вагондарды кірме жолдан қайтару хабарлама, кесте немесе шарттарда белгіленген уақыт аралықтары бойынша жүргізіледі.

      20. Ол арқылы вагондардың әкелінуі және әкетілуі жүзеге асырылатын уақыт аралығын есептеу кірме жол мен жанасу станциясының негізгі өндіріс технологиясына, техникалық жарақтандырылуына және жұмысының технологиясына байланысты.
      Уақыт, уақыт аралығының мөлшері белгілейтін негізгі элементтер қабылдау-тапсыру операцияларын орындау үшін кірме жолға, жолдан вагондарды әкелу мен әкетуге, вагондарды тиеу, түсіру (жүк түсіру) және вагондардың орнын алмастыру жөніндегі операцияларға қажетті болып табылады.

      21. Тасымалдаушы вагондардың әкеліну уақыты туралы тармақ иеленушіге вагондарды бергенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей хабаралайды. Вагондардың  әкелінуі туралы хабарламаларды беру тәулік бойы телефон арқылы немесе хабарламалар кітабына жазу  арқылы деректермен электронды алмасу желісін қоса алғанда, қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі.
      Тармақ иеленуші хабарламаларды қабылдауға жауапты өзінің өкілдерін тағайындайды және тасымалдаушының өкіліне олардың тегі мен телефон нөмірлерін жазбаша хабарлайды.
      Кесте бойынша немесе белгіленген интервалдар арқылы вагондарды әкелу шартында көзделген жағдайларда, вагондардың әкелінуі туралы хабарлама талап етілмейді.
      Егер тиеу осы кірме жолда түсіруден (жүк түсіруден) босатылатын вагондарға (қосарланған операциялар) жүргізілетін болса, бос вагондарды тиеу үшін әкелу уақыты туралы хабарлама талап етілмейді.
      Вагондарды әкелу уақыты туралы хабарламаларды берудің тәртібі мен мерзімдерін тасымалдаушының өкілі бекітеді. Хабарламаларды жазу үшін станцияда вагондарды тиеуге немесе түсіруге (жүк түсіруге) әкелу уақыты туралы хабарламалар кітабы жүргізіледі.

      22. Магистральдық темір жол желісі операторының, тасымалдаушының кінәсі бойынша вагондарды тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындарына, шығарып қою темір жол жолдарына әкелуді кідірту уақыты вагондарды әкелу туралы хабарламада белгіленген кезден бастап есептеледі.

      23. Тиеу, түсіру (жүк түсіру) орындарынан және шығарып қою жолдарынан вагондарды әкету мерзімдері жанасу станциясы мен кірме жолдың жұмыс технологиясының негізінде белгіленеді.
      Вагондарды хабарлама бойынша әкеткен жағдайда, сондай-ақ вагондардың кесте бойынша немесе белгіленген интервалдар арқылы әкетуге дайын болмауы жағдайында тармақ иеленуші алдын ала (вагондарды әкелуге-әкетуге шартта белгіленген мерзімдерде) магистральдық темір жол желісінің операторына, тасымалдаушыға вагондардың әкетуге дайын болу уақыты туралы хабарлайды. Вагондарды хабарлама бойынша әкеткен кезде әкетілу мерзімі хабарламаны берген сәттен есептеледі. Вагондар кесте бойынша немесе белгіленген интервалдар арқылы әкетілген кезде, егер шартпен өзгеше көзделмеген болса, әкетілу мерзімі кестеде немесе интервалда көзделген уақыттан бастап есептеледі.