Телефон байланысы қызметтерін көрсету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің 2004 жылғы 23 қыркүйектегі N 204-п бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 28 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3177

Жаңартылған

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Телефон байланысы қызметтерін көрсету ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және қаржылық реттеу департаменті (Сейтімбеков А.А.) осы бұйрықтың белгіленген заңнамалық тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Д.С.Оразалиновке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Төрағасының м. а.

      Келісілді:
      Қазақстан Республикасының
      Табиғи монополияларды
      реттеу және бәсекелестікті
      қорғау жөніндегі агенттігі
      Төрағасының м. а.

             Келісілді:
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық қауіпсіздік
      комитетінің Төрағасы

      "Телефон байланысы қызметтерін 
көрсету ережесін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасының   
Ақпараттандыру және байланыс 
агенттігі Төрағасының    
2004 жылғы 23 қыркүйектегі   
N 204-п бұйрығымен бекітілген 

Телефон байланысы қызметтерін көрсету
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

      1. Телефон байланысы қызметтерін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 ақпандағы N 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар саласын дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету (бұдан әрі - телефон байланысы қызметтері) бойынша абонент, пайдаланушы және байланыс операторы арасындағы қатынастарды реттейді.
 

      2. Ереже ортақ пайдаланылатын телекоммуникацияның телефон желісіне, және де бөлектенген байланыс желісіне шыға алмайтын, жылжымалы радиотелефон байланысы, өндірісішілік және технологиялық бағыттағы желілер арқылы телефон байланысы қызметтерін көрсетуді реттемейді.
 

      3. Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) абонент - байланыс қызметін көрсету мақсатында абоненттік жол, абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөліне отырып, осындай қызмет көрсету үшін шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      2) абоненттік желі - жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және телекоммуникациялар құралдарымен абоненттік құрылғы қосатын физикалық байланыс желісі (немесе цифрлық арна);
      3) абоненттік нөмір - телефон байланысы қызметін көрсетуге шарт жасасу кезінде абонентке бөлінген телефон нөмірі, ол арқылы абоненттік құрылғыны (терминалды) басқа терминалмен қосу кезінде телефон желісі бірдейдендіріледі;
      4) автоматты қызмет көрсету жүйесі - телефоншы көмегінсіз атқарылатын телефондық қосылу тәсілі, бұл кезде пайдаланушы шақырылатын терминалмен (абоненттік құрылғымен) қосылуға қажетті телефон нөмірін өз бетімен тереді;
      5) телефон байланысы қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі - пайдаланушы) телефон байланысы қызметтерін қолданушы заңды және жеке тұлғалар;
      6) үкіметтік байланыс - мемлекетті басқару қажеттілігі үшін арнайы қорғалған байланыс;
      7) терминал - ақпарат пайдаланушы берген ақпаратты байланыс арналары бойынша тарату және (немесе) қабылдау үшін дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді қалыптастыру құралы және өзге де сигналдарды қалыптастыру құралы ретіндегі абоненттік желіге қосылатын ақырғы құрылғы (телефон немесе факсимиль аппараты, автожауапбергіш, модем, шағын автоматты телефон станциялары (бұдан әрі - шағын АТС);
      8) телефон қосылуын тарифтеу бірлігі - телефон қосылуының бағасын есептеу үшін пайдаланылатын қосылу ұзақтығын өлшеу бірлігі;
      9) қызмет көрсетудің тапсырыстық жүйесі - телефон қосылуын қызмет көрсетудің тапсырыстық жүйесі көмегімен орнату;
      10) байланыс операторының әрекет ету аймағы - Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық кесімдеріне сәйкес берілген лицензияға сәйкес байланыс операторының телефон байланысы қызметтерін көрсету аймағы;
      11) ірі апат - сыйымдылығы 100 және одан да көп абоненттік жолдардан тұратын байланыс жолдарының немесе коммутациялық жабдықтардың зақымдануы;
      12) жергілікті телефон байланысы - телекоммуникацияның бір жергілікті желісі шеңберіндегі абоненттер, пайдаланушылар арасындағы телефон қосылуы;
      13) шағын АТС - абоненттік жолы 0,15 Эрл-ден аспайтын жүктемесі, 128-ден аспайтын абоненттік нөмір санынан тұратын абоненттік құрылғы (терминал);
      14) телекоммуникациялар желісіне абоненттік қол жетімділікті ұйымдастыру - телефон байланысы қызметтерін көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ететін ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісіне қосу жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар;
      15) терминалдарды қосудың қосарланған сұлбасы - екі терминалды бір абоненттік желіге қосу тәсілі, бұл кезде осы екі терминал үшін бір уақытта байланыстыру мүмкін емес;
      16) абоненттер туралы қызметтік ақпарат - абоненттер туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін телефон нөмірлері, сәйкестендіру кодтары, электрондық поштаның мекен-жайы, пошталық мекен-жайы, төл құжатының деректері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі және заңды тұлғалар үшін деректемелер (мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, статистикалық картаның, қосылған күн салығы бойынша есепке қойылғандығы туралы куәліктің деректері), биллингтік мәліметтер және абоненттерге көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер;
      17) абоненттік құрылғы - абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;
      18) байланыс желісі - байланыс құралы мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияға немесе пошта байланысына арналған технологиялық жүйе;
      19) байланыс желісін басқару - байланыс желісінің қызмет істеуін қамтамасыз етуге, оның ішінде жүктеме ағысын (трафикті) реттеуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы:
      20) байланыс жолдары - тарату жолдары (кабельдік, радиорелелік, жерсеріктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кабельдік құрылғылары, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;
      21) байланыс қызметтері - пошта жөнелтілімдері мен арнаулы жөнелтілімдерді пошталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;
      22) байланыс қызметтерін көрсету - байланыс операторларының пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсетуге негізделген қызметі;
      23) байланыс қызметтерін пайдаланушы - байланыс қызметін алатын жеке немесе заңды тұлға;
      24) байланыс операторы - байланыс қызметін көрсетуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
      25) байланыс арнасы - жиіліктер белдеуінде телекоммуникация құралдарының арасында немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен сигналды беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне карай арналар телефондық, телеграфтық, деректерді беру арналары болып, ал аумақтық белгілері бойынша - халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;
      26) биллинг - абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ, оларды трафиктеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;
      27) жалғау жолы - телекоммуникацияның жалғайтын және жалғанатын желілерінің арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, байланыс жолы мен станциялық жабдықтау бөлігін қамтитын техникалық құралдар кешені;
      28) жергілікті телекоммуникация желісі - елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралы. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық деп бөлінеді;
      29) жергілікті телефондық қосылыс құнын уақытпен есепке алу жүйесі (бұдан әрі - жергілікті телефондық қосылысты уақытпен есепке алу) - жергілікті телекоммуникация желісінің қызметін пайдаланғаны үшін төлем сомасын есептеуді қамтамасыз ететін жергілікті телефонды қосылысты есепке алудың әдістері технологиясының қосындысы;
      30) телефондық қосылыстар қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі - қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіні оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефондық қосылыстың бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;
      31) қызметке ақы төлеудің аралас жүйесі - белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы:
      тұрақты құрамдас бөліктен - абоненттік жолдың түріне қарамастан оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғаулардың тарифтеу бірлігінің белгілі бір көлемі үшін төлемақыдан;
      уақытына қарай құрамдас бөліктен - телефондық қосылыс берілгені үшін оның тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты уақытына карай төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесі;
      32) қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі - белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефондық қосылыстың берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;
      33) ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі - жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;
      34) тарифтеу бірлігі - Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшеу бірлігі;
      35) телекоммуникация желісі - коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік, жалғау жолдары мен арналарынан), тарату жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын телекоммуникация хабарламаларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;
      36) телекоммуникация желісінің иесі - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінің бір бөлігі және (немесе) телекоммуникацияның бірыңғай желісінің тиісті санаты тиесілі жеке немесе заңды тұлға;
      37) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, іздеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;
      38) телекоммуникация хабарламалары телекоммуникация құралдарының көмегімен берілетін ақпарат;
      39) трафик - байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен сигналдар легі;
      40) тікелей сым-өткізгіш - телекоммуникация құралдарының арасында тікелей байланысты қамтамасыз ететін жергілікті телекоммуникация желісінің бөлігі болып табылатын физикалық жол;
      41) физикалық жол - телекоммуникация хабарламаларын беру үшін бағыттайтын ортаны қалыптастыратын металл сым-өткізгіштер немесе оптикалық талшықтар;
      42) электр байланысы (телекоммуникация) - белгілерді, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді, дыбыстарды сым-өткізгіш, радио, оптикалық және басқа электромагниттік жүйелер бойынша тарату немесе қабылдау.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

       4. Телефон байланысы қызметтері байланыс операторы мен абонент арасында жасалған шарт негізінде көрсетіледі.

      5. Телефон байланысы қызметтері Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіптегі жеңілдіктер мен артықшылықтарды есепке ала отырып, сондай-ақ уәкілетті органмен берілген лицензиялармен пайдаланушылардың барлық санаттарына бірдей шарттарда ұсынылады.
      Адам өмірінің әуедегі, теңіздегі, жердегі, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне қатысты, қорғаныс, қауіпсіздік және Қазақстан Республикасында құқықтық тәртіпті қорғау бағытындағы шұғыл шараларды жүргізуге қатысты, сонымен қатар ірі апаттар, індеттер мен зілзала нәубеттері жөніндегі хабарларға айырықша артықшылықтар беріледі.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

       6. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үкіметтік байланысты қоспағанда кез келген желілер мен байланыс құралдарын артықшылықпен пайдалануға, сондай-ақ жұмыстарын тоқтатуға құқылы.

      7. Қазақстан Республикасы аумағында қызметтер көрсету кезінде байланыс операторы мен абоненттердің, пайдаланушылардың арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тілде жүзеге асырылады.

      8. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген тәртіп бойынша осы құқықтары шектеулі жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ тікелей олар туралы ақпаратпен хат жазысуларын, телефон сөйлесулерін, пошта жолдауларын, телекоммуникация желілері арқылы берілетін телеграфтық және басқа да мәліметтердің құпиялығын қамтамасыз етеді.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

       9. Абонент, пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникацияның жергілікті желілерінде пайдалануға рұқсат етілген абоненттік құрылғыны (терминалды) техникалық жүктемелер шегінде пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен сертификациядан өтпеген териминалды желіге қосуға болмайды.

2. Телефон байланысы қызметтері

      10. Телефон байланысы қызметтеріне мыналар жатады:
      1) жергілікті телефон байланысы қызметтері;
      2) қалааралық телефон байланысы қызметтері;
      3) халықаралық телефон байланысы қызметтері.
      Бұл қызметтер жеке пайдаланымдағы абоненттік терминалдан немесе таксофоннан, сонымен қатар басқа да байланыс операторларынан автоматтандырылған қосылу арқылы немесе телефоншының көмегімен жергілікті, аймақ ішілік, қалааралық және халықаралық телефон қосылуларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін беруді қамтиды.
      Абонент қызметке ақы төлеудің абоненттік, уақытпен есепке алу немесе аралас жүйесін таңдауға құқылы.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.       

      11. Байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасы бүкіл аумағында бірыңғай нөмірлерді теру арқылы шұғыл медициналық (103), құқық қорғау (102), өртке қарсы (101), апатты (104), құтқару (051), анықтамалық (118) қызметтерді шақыру тегін болып табылады.
       Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

2-1. Қалааралық және/немесе халықаралық телефон байланысы операторын таңдаудағы қалааралық және/немесе халықаралық телефон байланысы қызметтерін көрсетудің ерекшеліктері

      Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

       11-1. Телефон байланысы операторлары өздерінің желілерінде байланыс қызметтерін әрбір пайдаланушыға қалааралық және/немесе халықаралық телефон байланысы операторын еркін таңдауына техникалық мүмкіндікпен қамтамасыз етеді.
      11-2. Қалааралық және/немесе халықаралық телефон байланысы:
      1) алдын ала таңдаумен;
      2) операторды әр шақыруда таңдауы жолымен ұйымдастырылады.   

3. Тапсырыс беру жүйесі негізінде қалааралық
телефон байланысы қызметтерін көрсету ерекшеліктері

      12. Қалааралық қосылуға тапсырыс беру жүйесінде тапсырыс қабылдағанда, шақырушы тұлғаға тапсырысты орындау мерзімі хабарлануы тиіс.
      Шақырушының қалауы бойынша немесе тапсырысты орындау мерзімінің өтуіне байланысты тапсырыстың күші жойылуы мүмкін.
      Орындалмаған немесе күші жойылмаған тапсырыстардың әрекеттік мерзімі тапсырыс қабылданғаннан бастап 24 сағаттан кейін бітеді.
 

      13. Телефоншының көмегімен берілетін қалааралық телефон қосылуының берілу мерзімін байланыс операторының өзі дербес белгілейді, бірақ оның ұзақтығы тапсырыс берген уақыттан бастап немесе шақырушының белгілеген уақытынан бастап 2 сағаттан аспауы тиіс. Көрсетілген мерзім өткен соң, шақырушының қалауы бойынша орындалмаған тапсырыс басқа уақытқа ауыстырылады немесе біржола жойылады.
      Шақырушының талабы бойынша қалааралық телефон қосылуы тапсырыс берілген уақыттан бастап 30 минуттың ішінде (шұғыл тапсырыс) берілуі мүмкін. Шұғыл тапсырыстар қабылданатын бағыттар мен олардың шарттарының тізімін байланыс операторының өзі анықтайды да оны пайдаланушыларға жеткізеді.

      14. Техникалық мүмкіндіктердің шектелуіне байланысты қалааралық телефон байланысы қызметтерін пайдаланушыларға көрсетуді байланыс операторының өзі (тапсырыстар саны мен қосылулардың ұзақтығына байланысты) реттейді, ал мүмкіндік біржола болмаған жағдайда - тапсырысты қабылдаудан бас тартады.
      Қызмет көрсетудің тапсырыстық жүйесі кезінде қалааралық телефон байланысы қызметіне шектеулер енгізілгендігі туралы абонентке, пайдаланушыға тапсырысты қабылдау алдында немесе телефон қосылуын беру алдында хабарлануы тиіс.
      Егер телефон байланысын пайдалануға қойылатын шектеулер ұзақ мерзімге созылатын болса, байланыс операторы ол туралы пайдаланушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, анықтамалық қызметтер арқылы, ұжымдық пайдаланымдағы байланыс қызметтері пункттерінде хабарландырулар беру арқылы т.б. хабардар ету шараларын қолдануы тиіс.

4. Тапсырыс беру жүйесі негізінде халықаралық
телефон байланысы қызметтерін көрсету ерекшеліктері

      15. Халықаралық телефон қосылуларын тапсырыс беру жүйесі арқылы берерде, байланыс операторы өзіне берілген лицензияға және техникалық мүмкіндіктеріне байланысты келесі қосымша қызметтерді көрсете алады, олар:
      1) конференц-байланыс - үш немесе одан да көп терминалдардың (абоненттік құрылғылардың) телефон қосылулары;
      2) факсимилдік хабарларды беру - құжаттарды және басқа да сызбалық ақпараттарды телефон желісіне қосылған телефакстар арқылы беру;
      3) шақырылушы абоненттің есебінен қосылу - тапсырыс беру кезінде шақырушы абонент қосылуының шақырылушы абонент есебінен төленуі тиіс екендігін көрсеткен телефон қосылу;
      4) анықтамалық сұраныс - шақырылушының аты-жөні мен мекен-жайы (немесе басқа да идентификациялауға қажетті деректер) белгілі болғанда, оның абоненттік нөмірі туралы мәліметтер беру;
      5) дербес қосылу - шақырушы мен белгілі бір шақырылушы арасындағы телефон қосылуы. Шақырылушы тұлға аты-жөнімен, қызметімен, қосымша телефон нөмірімен, мекен-жайымен (алдын ала хабарлаумен) немесе басқа да нышандар бойынша көрсетілуі мүмкін;
      6) елмен тікелей қосылу (басқа елдің телефоншысын тікелей шақыру) - шетелде жүрген пайдаланушының арнайы нөмірді тере отырып, өз елінің телефоншысымен байланысып, осы елдегі абонентпен шақырылушының есебінен немесе кредиттік картаның есебінен, телефон қосылуына тапсырыс беру қызметі.

      16. Дербес қосылу кезінде шақырушы тұлға шақырылушы тұлғаның абоненттік нөмірінің орнында жоқ болған абоненттердің жұмыс орындарына немесе абоненттің орнында жоқ кезде, оны алмастыратын құрылғының қосылғаны туралы хабардар етіледі. Егер шақырушы тұлға орнында жоқ болған шақырылушы абоненттердің жұмыс орнымен қосуға, немесе абонентті алмастыратын құрылғымен сөйлесуге келіссе, онда телефон қосылуы төлемі шақырылушы тұлғамен қосқандағы сияқты, оның ұзақтығына байланысты алынады. Егер шақырушы мұндай қосылымға келісім бермесе, онда одан төлем алынбайды.

      17. Қызмет көрсетудің тапсырыстық жүйесі кезінде берілетін халықаралық телефон қосылуының берілу уақытын байланыс операторының өзі анықтайды, бірақ ол екі сағаттан аспауы тиіс.

      18. Халықаралық телефон қосылуларына берілген абонентік нөмір мен конференц-байланысы тапсырыстар жергілікті уақытпен таңғы сағат 8:00 дейін мына жағдайларда күшінде болады (шақырушы тапсырысты қайтып алмаған немесе шақырылушы сөйлесуден бас тартпаған жағдайда).

      19. Абоненттерді, пайдаланушыларды халықаралық телефон байланысы қызметтерін ұсыну мерзімі туралы хабардар ету жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.

5. Телефон байланысы қызметтерін байланыс
операторының ұжымдық пайдалану пункттерінде
және таксофондарды пайдалана отырып ұсыну

      20. Оператордың ұжымдық пайдалану пункттерінде (сөйлесу пункттерінде) телефон байланысы қызметін көрсету пайдаланушының айтуымен және оның көзінше тапсырыс бланкін толтыруымен ресімделеді. Бұл жағдайда пайдаланушыға телефон байланысы қызметін көрсету үшін тапсырыстың қабылданғанын растайтын түбіртек қағаз (квитанция) немесе басқа құжат береді, оларда мыналар көрсетілуі тиіс:
      1) байланыс операторының атауы. Егер байланыс операторы жеке кәсіпкер болса - оның тегі, аты, әкесінің аты және мемлекеттік тіркеу мәліметтері көрсетіледі;
      2) пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты;
      3) телефон байланысы қызметінің атауы;
      4)телефон байланысы қызметінің бағасы;
      5) байланыс операторының қалауымен басқа да мәліметтер.

      21. Таксофондарды пайдалана отырып телефон байланысы қызметтерін (жергілікті, қалааралық, халықаралық, әмбебап) көрсету міндеттемелерін байланыс операторы пайдаланушының телефон байланысы қызметтерін алуға әрекет жасағаннан бастап жетон немесе пластикалық карта алғанда, телефон нөмірін тергенде, немесе телефон байланысы қызметін алу үшін басқа да төлем құралын пайдаланғанда қабылдайды.
      Байланыс операторы өзінің атауы, мекен-жайы, жұмыс істеу режимі туралы, сонымен қатар басқа да телефон байланысы қызметтерін алу үшін жасалатын әрекеттері туралы мәліметтермен пайдаланушыны қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәліметтер таксофонның жанында орналасуы керек немесе пайдаланушыға басқа тәсілмен берілуі тиіс.

6. Телефон қосылымдарының ұзақтығын және
құнын анықтауды есепке алу

      22. Егер тапсырысты қызмет көрсету жүйесі бойынша қалааралық телефон байланысы қызметтерін көрсеткен кезде, шақырылатын тұлғаның желісі абоненттің болмағанында алмастыратын терминалға қосылғаны айқындалса, байланыс операторы бұл туралы абонентке хабарлайды. Абонент келіскен жағдайында, телефон қосылыстарына төлем тарифке көбейтілген толық тарифтеу бірліктерінің саны бойынша телефон қосылысының ұзақтығынан анықталады. Егер абонент мұндай қосылысқа келіспесе, онда қосылысты орнатуды ұйымдастыруға төлем алынбайды.
       Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.
       22-1. Егер телефон байланысы қызметтерін көрсету кезінде, шақырылатын тұлға желісі зияткерлік қызметтер ұсыну бойынша жабдыққа немесе анықтамалық жүйеге қосылғаны айқындалса, онда байланыс операторы абонентті осындай қосылыстың құны туралы хабарлайды. Абонент келіскен жағдайында, телефон қосылыстарына төлем тарифке көбейтілген толық тарифтеу бірліктерінің саны бойынша телефон қосылысының ұзақтығынан анықталады. Егер абонент мұндай қосылысқа келіспесе, онда қосылысты орнатуды ұйымдастыруға төлем алынбайды.
       Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

      23. "Телефонға белгілі бір тұлғаны шақыру" немесе "жеке арнайы қосу" қосымша қызметімен қалааралық және халықаралық телефон қосылуы кезіндегі қосылу ұзақтығы шақырылған тұлғаның жауап беру сәтінен немесе пайдаланушы келіскен жағдайда оның орнындағы тұлғаның, немесе терминалдың жауап беру сәтінен бастап анықталады.

      24. Қызмет көрсетудің тапсырыс беру жүйесі қолданылған кезде Ереженің 6-бабында қарастырылған халықаралық телефон қосылулары үшін әдеттегідей тариф алынады. 

      25. "Конференц-байланыс" қызметінің ұзақтығы шақырушы тұлғамен барлық шақырылушыларды қосқаннан кейін есепке алынып, шақырушы тұлғаның тоқтату сигналын беру сәтінде аяқталады. 

      26. Автоматтық жергілікті (жергілікті қосылулар ұзақтығын уақыт бойынша есепке алу жүйесі енгізілгеннен кейін), қалааралық немесе халықаралық телефон қосылулары қызметін көрсету кезінде, ақысы төленуге жататын уақыт шақырылушы абоненттің немесе абоненттік құрылғының жауап беруі сәтінен, шақырушы, немесе шақырылушы абоненттің немесе терминалдың байланысты үзу сәтіне дейін анықталады.
      Көрсетілген жергілікті, қалааралық және халықаралық телефон қосылуларының ұзақтығын есептеу тарификация бірлігіне сәйкес жүргізіледі.
      Шақырылушы абонент нөмірінің жауабына теңгерілген, сигналдары қосылу ұзақтығының басы болып есептелінетін терминалдар қатарына мыналар жатады:
      1) факсимилдік аппарат;
      2) абонент орнында болмаған кезде, оны алмастыратын немесе соған ұқсас басқа да терминалдар;
      3) автожауап беруші;
      4) зияткерлік қызметтер ұсыну бойынша жабдықтар.
       Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.  

      27. Телефон қосылуына төлем тарификация бірлігінің толық санына тарифтерді көбейте отырып телефон қосылуының ұзақтығына байланысты анықталады. Сонымен қатар, толық емес тарифтеу бірлігі толыққа ұлғайту жағына дейін дөңгеленеді.
       Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.  

      28. Қалааралық немесе халықаралық жеке арнайы телефон қосылулары телефон қосылысына төлем тарифке көбейтілген толық тарифтеу бірліктерінің саны бойынша телефон қосылысының ұзақтығынан анықталады.
       Ескерту. 28-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

      29. Тапсырыс беру жүйесінің көмегімен ұсынылған қалааралық және халықаралық байланыс қосылулары, байланыс операторының кінәсі бойынша ұсынылмаса, төлем алынбайды.
      Тапсырыс уақытын телефон қосылуына дейін өзгертсе төлем алынбайды. 

      30. Шақырушы абонент өзінің алдын-ала тапсырыс берген қалааралық немесе халықаралық байланыс қосылуларынан бас тартқан жағдайында осы телефон қосылуларына төлем ақы тапсырыс берушінің қосылуға берген өтінішіне сәйкес қосылу құны бір минуттық тарифтеу бірліктері тарифіне сәйкес көлемде алынады.
       Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

      31. Егер де шақырушы тұлға қалааралық немесе халықаралық телефон қосылуына тапсырыс берген кезде шақырылушы абоненттік құрылғының абоненттік нөмірін дұрыс көрсетпесе, онда ол орнатылған қосылу ұзақтығын осы тапсырысқа қатысты қолданыстағы тарифтер бойынша төлейді. 

      32. Қазақстан Республикасы аумағынан шығатын барлық халықаралық телефон қосылулары, халықаралық телефон байланысының шақырылушы тұлға есебінен төленетін қызметтерінен басқалары, Қазақстан Республикасында төленеді. 

      33. Қызмет көрсетудің автоматтық жүйесін пайдаланып жергілікті (уақыт бойынша есепке алу жүйесі енгізілгеннен кейін), қалааралық немесе халықаралық телефон байланысы қызметі берілгені үшін есептесуді қалыптастыру оператордың қосылу ұзақтығын есепке алу аппаратурасының деректері негіз болып табылады.
       Ескерту. 33-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

7. Телефон байланысы қызметтерін көрсету
шартына отыру және шартты бұзу ерекшеліктері

      34. Жеке немесе заңды тұлға телефон байланысы қызметтерін көрсету шартына отыру үшін байланыс операторына жазбаша арыз береді. 

      35. Телефон байланысы қызметтерін көрсету шартына отыру жөніндегі арызды:
      1) тұратын жерінде белгіленген тәртіп бойынша тіркелген кез келген жеке тұлға, немесе тұрғын үйдің иесі, немесе тұрғын үйді жалға алушы;
      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында бекітілген тәртіппен өзі тұратын жерінде тіркелген заңды тұлға, оның филиалы бере алады.
      Арыз осы аумақта телефон байланысы қызметтерін көрсетуге лицензиясы бар кез келген байланыс операторына беріледі.
      Байланыс операторы жеке немесе заңды тұлғадан арызды қабылдаудан бас тарта алмайды. 

      36. Байланыс операторы белгіленген тәртіппен мынадай құжаттар болған жағдайда арыз толтырады және тіркейді:
      1) жеке тұлға үшін - көрсетілген мекен-жайда оның тіркеуге алынғанын растайтын құжат немесе тұрғын үйді жеке меншікке, жалға, я жалдан жалға алғаны жөніндегі құжат, және де, арызданушының жеке басын растайтын құжат;
      2) заңды тұлғалар үшін - көрсетілген мекен-жайда оның тіркеуге алынғанын растайтын құжат немесе тұрғын үйді жеке меншікке, жалға, я жалдан жалға алғаны жөніндегі құжат, және де мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәліктер (филиалды немесе өкілеттілігі есептік тіркеуге алу куәліктері). 

      37. Ұжымдық пайдаланылатын абоненттік құрылғыны қоса отырып, бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету шартына отыру жөніндегі арызды бірге тұратын адамдар белгіленген тәртіппен жазбаша келісім түрінде өкілеттілік еткен және осы тұрғын үй көлемінде белгіленген тәртіппен тіркелген азамат бере алады. 

      38. Жаңа мекен-жай бойынша немесе жаңа тұлғаға бұрынғы мекен-жай бойынша телефон байланысы қызметтерін көрсету шартын жасау туралы өтінішті қайта рәсімдеу құқығын өтініш беру сәтінде жаңа мекен-жай бойынша белгіленген тәртіппен тіркелген немесе бұрынғы өтініш берушімен тең жағдайда осы тұрғын жайға меншіктік құқы бар тұлғалар құқығына ие болады.
      Телефон байланысы қызметтерін көрсету шартын жасау туралы өтініш берілгеннен кейінгі мерзімде меншік иесі болғанда немесе тұрғын жайға тіркелген тұлғалар осы мекен-жай бойынша тіркеу күні өзіне өтінішті қайта рәсімдеуге құқығы бар.
      Көрсетілген шартты жасау туралы өтінішті жаңа тұлғаға рәсімдеу, тек оның шығып кетуімен немесе қайтыс болуымен байланысты құжаттармен бекітілген жағдайлардан басқа да, бұрынғы өтініш берушінің келісімімен іске асырылады. 

      39. Телефон байланысы қызметтерін көрсету шартын жасау туралы өтініш берілген сәтіндегі өтініш берушінің отбасының мүшелері оның кету немесе қайтыс болуы жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес толық іс-әрекет қабілеттілігі туған сәттен осы өтінішті өзіне қайта рәсімдеу құқы болады.
      Кәмелеттік жасқа жеткенге дейін өтінішті қайта рәсімдеу құқын олардың атынан туысқандары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген қамқоршылар немесе асырап алушылар құқылы болады. 

      40. Өтініш берушінің сол байланыс операторының жергілікті телекоммуникация желісінің әрекет аймағы шегінде қоныс аударуы кезінде оның жаңа мекен-жайы бойынша кезегі, егер бұрынғы мекен-жайы бойынша сұрауы қанағаттандырылмаса, телефон байланысы қызметтерін көрсету шартын жасау туралы алғашқы өтінішін байланыс операторы тіркеген күні бойынша ескеріледі. 

      41. Телефон байланыс қызметтерін көрсету шарты техникалық мүмкіндік болған жағдайда өтініш беру кезегі тәртібінде жасалады. 

      42. Байланыс операторы телефон байланысын көрсету туралы шарт жасауы осы қызметтердің өтініш берушіге телефон байланысын көрсету мүмкін еместігін дәлелденген жағдайлардан басқа да, жеке немесе заңды тұлғамен шарт жасайды.
      Байланыс операторы телефон байланысы қызметін көрсету туралы шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, өтініш беруші шарт жасау туралы еріксіз көндіру туралы сотқа талап қоюға құқылы. 

      43. Телефон байланысы қызметтерін көрсету жөніндегі шарт екі дана етіп жасалады және байланыс операторы мен абоненттің қолы қойылады. Шартқа қол қоюға уәкілеттелген байланыс операторының өкілінің қолы байланыс операторының мөрімен куәландырылуы тиіс.
      Арызданушы телефон байланыс қызметін көрсету шартына қол қойғаннан бастап абонент мәртебесіне ие болады.
      Телефон байланысы қызметтерін көрсету шартына отыру кезінде абонентке бөлінген абоненттік нөмір оның жазбаша арызы бойынша үш жұмыс күні ішінде байланыс операторының анықтамалық қызметінің деректер базасына енгізіледі. 
       Ескерту. 43-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.
       43-1. Келісім шартта қалааралық және/немесе халықаралық телефон байланысы операторын алдын ала таңдауы көрсетіледі.
       Ескерту. 43-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

      44. Абонент пен байланыс операторы арасындағы телефон байланысы қызметтерін көрсету шарты, егер шартта басқа мерзім көрсетілмесе, мерзімсіз деп табылады. 

      45. Телефон байланысы қызметтерін көрсету үшін жеке немесе заңды тұлғалармен шартқа отыруға техникалық мүмкіндіктің болмауы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен басқа шарттар көзделмесе, арызын кешірек берген, оның ішінде басқа техникалық мүмкіндігі бар үйлерде тіркеуде тұрған, жеке немесе заңды тұлғалармен шарт жасасуға кедергі етпейді. 

      46. Телефон байланысы кәбілдерінде бос абоненттік желілердің болмауы телефон байланысы қызметін көрсету шартына отыруға кедергі келтірсе, онда қосымша байланыс желілерін төсеу бойынша құрылыс жұмыстары мәлімдеушінің қаржысы есебінен (ол келісім берген жағдайда), соның ішінде кез келген арнайыландырылған мердігермен мердігерлік шартқа отыру жолымен, жүргізіле алады.
      Бұл жұмыстар, оның ішінде мердігерлік шарт бойынша, орындалғаннан кейін, және орындалған жұмыстардың белгіленген техникалық талаптарына сәйкес екендігін тексергеннен кейін, байланыс операторы арызданушымен телефон байланысы қызметін көрсету шартын жасайды. 

      47. Жеке абоненттік желіде жұмыс істейтін терминалды қосарлы сұлба бойынша жұмысқа ауыстырып қосу, абоненттің жазбаша түрдегі келісіміне байланысты, ерекше жағдайларда, телефон байланысы қызметін көрсету шартына тиісті өзгертулер енгізу жолымен жасалынады. Терминалды қосарлы сұлба жұмысына ауысу кезінде, абоненттік нөмірлер ауыстырылады.
      Ұжымдық пайдаланылатын терминалдар қосарлы сұлба жағдайында жұмыс істеуге ауыстырылмайды. 

      48. Қосарлы сұлба бойынша жұмыс істейтін терминалдар ретінде тек телефон аппараттары пайдаланыла алады, мұнда жағдайда телефон аппараттарын параллель қосуға рұқсат етілмейді.
      Қосарлы сұлба бойынша терминалдарды бірге қосу тек жеке тұлғалардан тұратын абоненттер үшін рұқсат етіледі. 

      49. Техникалық мүмкіндік болған жағдайда, телефон байланысы қызметін көрсету шартында бір атаулы мекен жайға бірнеше телефон нөмірлерін бөлу, оның ішінде қосарлы сұлба бойынша қосылған бірнеше терминал орнату да, қарастырылуы мүмкін.
      Абонентке бөлінген абоненттік нөмірлер мен абоненттік жолдар саны байланыс операторының техникалық мүмкіндігіне байланысты анықталады.
      Келесі әрбір абоненттік нөмірді бөлу жеке арыз негізінде бұрын жасалған телефон байланысы қызметтерін көрсету шарты аясында жасалынады.
        50. Арызданушының қосарлы сұлба бойынша қосылатын терминалдан бас тартуында, телефон байланысы қызметтерін көрсету шартына отырудан немесе қажетті құрылыс жұмыстарын, оның ішінде мердігерлік шарт жасасудан бас тартуы жағдайында, телефон байланыс қызметтерін көрсету шарты техникалық мүмкіндік туған кезде, белгіленген тәртіп бойынша жасалынады. 

      51. Бірнеше отбасы тұратын пәтердің тұрғыны болып табылатын арызданушыға, байланыс операторы мен арызданушы арасында телефон байланысы қызметтерін көрсетуге жеке шарт жасасқан кезде, дербес пайдаланылатын терминал орнатылуы мүмкін. 

      52. Байланыс операторының әрекет ету аймағында абоненттің мекен-жайы өзгерген жағдайда, оның арызы бойынша және техникалық мүмкіндікке байланысты телефон байланыс қызметтерін көрсетуге шарт бұрын бөлінген абоненттік нөмірді (нөмірлерді) пайдаланып, қайта рәсімделеді немесе жаңа нөмір (нөмірлер) беріледі. Жаңа мекен-жай бойынша шартты орындауға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, абонент телефон орнату кезегіне қойылады. 

      53. Абоненттің мекен-жайы өзгерген және басқа байланыс операторының әрекет ету аймағына түскен кезде, телефон байланысы қызметтерін көрсетудің бұрынғы шарты бұзылады.
      Жаңа мекен-жай бойынша шарт осы Ережеге сәйкес белгіленген тәртіппен жасалады. 

      54. Шарт күшінің сақталуын талап етпей, басқа жаққа көшкен абоненттің телефон байланысы қызметтерін көрсету шартын қайта рәсімдеуге абоненттің мекен-жайында белгіленген тәртіппен оның кетуіне дейін тіркелген немесе осы жайдың меншік иесінің құқығы бар. 

      55. Телефондалған жайға меншік құқығы қайтыс болған абоненттің мұрагеріне өтуі жағдайында, бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету шарты жаңа меншік иесіне қайта рәсімделеді.

      56. Осы тұрғын жайда белгіленген тәртіпте тіркелмеген немесе абонентпен қатар осы тұрғын жайда меншік иесі болып табылмайтын тұлғаларға телефон орнатылған тұрғын бөлме меншік құқығы ауысқан жағдайда, тұрғын жайдың бұрынғы иесі - абонентпен телефон байланысы қызметін көрсету шарты бұзылады, ал жаңа иелермен белгіленген тәртіпте шарт жасалады. 

      57. Телефондалған жайды жалға (жалдан жалға) берген жағдайда абоненттің арызы бойынша бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету шарты жалға (жалдан жалға) беру мерзіміне тоқтатыла алады.
      Мұндай жағдайда телефондалған жайды жалға алушының (жалдан жалға алушының) арызы бойынша бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету шарты, телекоммуникация қызметтерін алдын ала төлеу шарты негізінде, жалға (жалдан жалға) беру мерзіміне жасалынуы мүмкін. 

      58. Заңды тұлғалар, құрылымдық бөлімшелер негізінде қайта құрылу салдарынан пайда болған құқыққабылдаушы болып табылатын және өздерінің әуелгі мекен-жайын сақтап қалған (өздерінің телефондалған жайын) телефон байланысы қызметін көрсету туралы шартын бұрынғы бөлінген абоненттік нөмірді (нөмірлерді) немесе жаңа нөмірді (нөмірлерді) қолдану арқылы қайта рәсімдей алады. 

      59. Жаңа автоматты телефон станцияларын пайдалануға енгізу және жергілікті телефон желілерін қайта құруға байланысты абоненттік нөмірлерді байланыс операторының өз бастамасымен ауыстыру пайдаланушыларды күні бұрын ескерте отырып, тегін жасалады.
      Абоненттік нөмірлер жаппай өзгерген кезде, байланыс операторы бұл туралы пайдаланушыларды күні бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді. 

      60. Телефон байланысы қызметтерін көрсетуге арналған 128 нөмірден асатын ортақ пайдаланылатын телефон желісіне шығу құқығы бар абоненттер желісі бойынша шағын АТС қосуға шарт жасасу Қазақстан Республикасының телекоммуникация желісін ортақ пайдалану арқылы трафикті өткізуді реттеу және телекоммуникация желілеріне қосылу Ережелерімен реттеледі. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2004 жылдың 12 шілдедегі N 145-п бұйрығымен бекітілген (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде N 3041 тіркелген). 

      61. Заңның 40 бабының 2 тармағына сәйкес Телефон байланысы қызметін пайдаланушы келісім шарттарын, құралдарды пайдалану ережесін бұзған немесе телекоммуникация желісінде сертификацияланбаған құралдарды қолданған, сонымен қатар телефон байланысы қызметі үшін төлем ақыны уақытылы төлемеген жағдайда байланыс операторы жазбаша ескертпе жасаған соң он күннен кейін пайдаланушының телефон байланысы желісінің қызметін қолдану мүмкіншілігін Заңның 15 бабының 3 тармағында қаралған жағдайларды қоспағанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құралдардың тұрып қалғаны немесе зақымданғанына байланысты байланыс операторына келтірілген зиян және кіріс шығынын пайдаланушы өтегенге дейін тоқтатуға құқылы.
      Қазақстан Республикасы Заңының 23 бабы 6-тармағына сәйкес байланыс операторларының, сот шешімімен болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарына үкіметтік байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұруға құқығы жоқ.
      Байланыс операторлары байланыстың жұмыс істеп тұрған және жаңадан салынып жатқан құрылыстары мен тораптарында техникалық құралдарды орналастыру үшін қажетті алаңдарды, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілері мен үкіметтік байланыс мүдделеріне пайдаланылатын желілік-кәбілдік құрылыстардағы резервтік сыйымдылықтар мен кепілді электрмен қоректендіруді көздеуге міндетті.
      Сондай-ақ, телефон байланысы желісіне пайдаланушының қолжетімділігін тоқтату туралы хабарлама абонентке тиісті ескертуден тұратын ұсынылған байланыс қызметтеріне берешектің болуы туралы берілген шот-хабарлама болып табылады.
      Абонентті телекоммуникация желісіне қолжетімділігін тоқтатқан сәтінен бастап он күнтізбелік күннің ішінде байланыс операторы Абонентке алдағы уақытта шартты бұзу туралы хабарлама жолдауға және 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін біржақты тәртіпте шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
      Көрсетілген қызметтер туралы ақпарат және абоненттер туралы қызметтік ақпарат байланыс операторымен кезекті есептік кезең аяқталғаннан кейін үш жылдың ішінде сақталады.
       Ескерту. 61-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.

8. Телефон байланысы қызметтері үшін абоненттермен,
пайдаланушылармен есептесу

      62. Телефон байланысы қызметтеріне ақы төлеу түрі мен тәртібі бекітілген телефон байланысы қызметтерін көрсету шартында анықталады.
      Жергілікті, қалааралық және халықаралық телефон байланысының қызметтері үшін абонентпен есептесуді оларды берген байланыс операторы немесе шарт негізінде соған өкілетті тұлға жүргізеді. 

      63. Телефон байланысы қызметтері үшін төлемдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңымен сәйкес жүзеге асырылады. 

      64. Заңның 36 бабының 6 тармағына сәйкес жергілікті телефон қосылулар құнын уақыт бойынша есепке алу жағдайында абонентке есептесу қағазы (счет) тегін ұсынылады, онда мыналар болуы тиіс:
      1) байланыс операторының деректемелері;
      2) абоненттің деректемелері;
      3) абоненттің жеке шотының нөмірі;
      4) есептік кезең;
      5) көрсетілетін қызметтер тұрғысынан төленуге ұсынылған сома;
      6) төленетін қорытынды сома;
      7) шот берілген күн және шотты төлеу мерзімі;
      8) анықтама телефоны. 

      65. Таксофондарды пайдаланып көрсетілген телефон байланыс қызметтері үшін есептесу байланыс операторларынан сатып алынатын жетондар, пластикалық карточкалар немесе басқа да төлем құралдары көмегімен жүзеге асырылады.
      66. Оператордың кінәсінен орын алған байланыстың кідірткені кезінде абоненттік төлемді қайта есептеу байланыстың нақты кідірткен сәтінен бастап терминал жұмысын толық қалпына келтірген сәтіне дейін жүргізіледі
       Ескерту. 66-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009.02.10 N 60 Бұйрығымен.