Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды айдауылдау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі N 194 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 22 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 2498

Жаңартылған

"Келісілді"       
Қазақстан Республикасының 
Ішкі істер министрі   
генерал-полковнигі   

2003 жылғы 05.09    

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 71-бабын іске асыру және бас бостандығынан айыруға сотталғандардың орнын ауыстыруын ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін белгілеу мақсатында, Бұйырамын:
      1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды айдауылдау ережесі бекітілсін.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесінің облыстар және Астана қаласы бойынша басқармаларының басшылығы осы Ережені бөлімшелердің жеке құрамының зерделеуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы әділет полковнигі Н.Р.Смағұловқа жүктелсін.
      4. Бұйрық әділет органдарында тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы   
Әділет министрінің     
2003 жылғы 18 қыркүйектегі 
N№194 бұйрығымен     
бекітілген       

  Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды
айдауылдау ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Сотталғандарды бас бостандығынан айыруға айдауылдау ережесі (бұдан әрі - Ереже) сотталғандарды көліктің арнайы түрлерінде айдауылдау тәртібін реттейді, қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін тәсілдерді белгілейді.

      2. Түзеу мекемелерінде (бұдан әрі - ТМ) сотталғандарды айдауылдау жөніндегі міндеттерді орындау үшін күзет қызметі қызметкерлерінің ішінен айдауыл тағайындалады.
      Айдауылдың міндетіне:
      1) жоспарлы бағыттардың алмастыру пунктіне және кері қарай сотталғандарды айдауылдау. Айдауыл сотталғандарды қабылдауды (тапсыруды) жүргізетін түзеу мекемесінің орналастыру пункттеріндегі станциялар, айлақтар, аэропорттар бағыттағы орын алмастыру пункттері болып табылады;
      2) сотталғандарды денсаулық сақтау органдарының емдеу-алдын-алу мекемелеріне және кері қарай айдауылдау кіреді.

      3. Сотталғандарды айдауылдау ТМ бастығы әзірлейтін және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыс басқарма бастықтары (бұдан әрі - ҚАЖКБ) бекітетін белгілі (негізгі, қосалқы) бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
      Қызмет көрсетілетін объектілер тығыз орналасқан және автокөлік жолдары болған кезде, ТМ мен орын ауыстыру пунктінің арасында қарсы айдауылдау ұйымдастырылады. Қарсы айдауылдау - сотталғандарды арнайы көлікте түзеу мекемелерінен орын ауыстыру пунктіне және кері қарай түзеу мекемесіне айдауылдау болып табылады.
      Қарсы айдауылдау көлік құралдары күштерін ұтымды пайдалануды және көзделген нормаға дейін арнайы көліктердің кесте және камераны толтыру бойынша қозғалыстың қысқа бағытын белгілеу есебінен рейстер санын қысқартуды көздейді. Осындай айдауылдаудың қозғалыс кестесі айдауылдаудың жоспарлы теміржол бағыттарына ішкі әскер қарауылдары қозғалысы кестесін ескере отырып, әзірленеді.

      4. Сотталғандарды айдауылдау, мамандырылған медициналық көмек көрсету және арнайы жабдықталған автомобильдерде тасымалдау мүмкін болмаған кезде оларды жедел медициналық жәрдем автомашиналарында айдауылдау тәрізді шұғыл оқиғаларды қоспағанда, арнайы жабдықталған көліктерде ғана жүзеге асырылады.

      5. Сотталғандардың жүріп-тұруының қауіпсіздігін және сенімді күзетілуін қамтамасыз ету жұмысында тиімділікті жоғарылату мақсатында арнаулы автомобильдер радиостанцияларымен, жарқылдағыш маяктар, өрт сөндіру құралдарымен және кабина мен кузов арасындағы сөйлесу қондырғыларымен жабдықталады.

      6. Айдауылдың қозғалысына үздіксіз бақылауды колония бастығының кезекші көмекшісі (бұдан әрі - КБКК) белгіленген радио арналары және желілі (телеграфты, телефонды) байланыстар каналдары бойынша жүзеге асырады.

  2-тарау. Айдауылды қамтамасыз ету,
қаруландыру және оның міндеттері

      7. ТМ бастығы, немесе оның орынбасарлары қызметкерді айдауылдың міндеттерін орындау үшін тағайындаған кезде: айдауыл бастығын (аға айдауылды) тағайындауға, құрамын, нақты міндеттерді, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдерін, жүру жолдарында айдауылдың ТМ-мен байланыс тәртібін, айдауылдардың ерекше міндеттерін белгілеуге міндетті. Бұл ретте бағыттық кесте белгіленеді, айдауылға тиісті құжаттарды, көлікті, ЖЖМ, арнайы байланыстар мен белгі беру құралдарын, қаруландыруды және жабдықтауды дайындау туралы өкім беріледі. Айдауылдың жеке құрамы қойған міндеттердің орындалуына бақылауды ұйымдастырады.

      8. Айдауылға сотталғандарды айдауылдаудан басқа міндеттер жүктеуге тыйым салынады.
      Айдауыл жеке құрамының барлығы белгіленген киім нысанында және қаруланған болуы тиіс. Айдауылдаушыларды қаруландыру түрін қойылған міндеттерді орындау түріне, тәртібіне және шартына байланысты айдауылды тағайындаған ТМ мекемесінің бастығы белгілейді. Әрбір айдауылшы дыбыс белгісін беруге арналған ысқырық, жеке таңу пакетін, ал (аға) айдауыл бастығы сонымен қатар құжаттарға арналған сөмке алып жүруі тиіс. Арнайы автокөлікте сотталғандардың саны бойынша кісендері болуы тиіс.

      9. КБКК айдауылға жедел басшылықты қамтамасыз етеді.
      Ол:
      1) айдауылмен үзіліссіз, тұрақты байланысты қамтамасыз етуге;
      2) "ТЖ" жағдайында "ТЖ" салдарын жою туралы шешім қабылдауға, айдауылдың жеке құрамына көмек көрсетуге;
      3) арнаулы автомобильдердің шығуы мен қайта келуін бақылап отыруға, жүргізушілер құрамын тексеруге;
      4) нарядтардың қызметі аяқталғаннан кейін қаруын, оқ-дәрілерді және оларға берілетін басқа да арнайы және техникалық құралдарды уақытылы және толығымен тапсыруын бақылауға міндетті.

      10. Айдауыл бастығы (аға айдауыл) сотталғандарды айдауылдау бойынша берілген тапсырмалардың дәл және өз уақытында орындалуын және бағыныштылардың заңдылықты сақтауы, қызметтік құжаттың, сотталғандардың жеке істерінің, қару-жарақтың, арнаулы, техникалық және басқа материалдық құралдардың сақталуы үшін жауапкершілікте болады.
      Ол:
      1) айдауыл қызметінің атқарылуын қатаң түрде ТМ мекемесінің шешіміне сәйкес ұйымдастыруға;
      2) қару, оқ-дәрілер және басқа мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) көліктің, байланыстың және басқа да арнайы техникалық құралдардың уақытылы дайындығын, дұрыс пайдаланылуын, үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
      4) жол жүру парақтарында автомашиналардың техникалық жарамдығы туралы белгілері болуын тексеруге;
      5) айдауылдау бағытындағы жағдайды, және оның ерекшеліктерін білуге;
      6) сотталғандар туралы негізгі мәліметтерді білуге;
      7) айдауылдар арасында өзара іс-қимыл тәртібін белгілеуге;
      8) айдауылдың сотталғандарды жеткізу орнына уақытылы жеткізу жөніндегі әрекеттерін басқаруға;
      9) оқиға бола қалған жағдайда айдауыл іс-әрекет тәсілдерін белгілеуге; айдауылдаудың негізгі бағытында жағдай асқынғанда қосалқы бағытқа ауысуға міндетті.

      11. Айдауыл бастығына (аға айдауылға):
      1) сотталғандарды айдауылдау тәртібін өзгертуге;
      2) айдауылды уақытша қалдыруға;
      3) сотталғандарды осы мақсаттар үшін жабдықталмаған көлік құралында, сондай-ақ жол жүру парағында жарамдылығы туралы белгі қойылмай айдауылдауға тыйым салынады.

      12. Айдауыл бастығының көмекшісі айдауыл бастығына бағынады және оның сотталғандарды күзету мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындайды. Сондай-ақ, ол пайдаланылатын материалдық-техникалық құралдардың жай-күйін бақылауға, сотталғандардың жеке басын қарауды жүргізуге, бұл ретте табылған ақшалардың, құндылықтардың, сақтауға тыйым салынған бұйымдар мен заттардың сақталуын қамтамасыз етуге; айдауыл бастығы ауырып қалған жағдайда, оның міндеттерін орындауды өзіне алуға міндетті.

      13. Айдауылшы айдауыл бастығына (аға айдауылға) және оның көмекшісіне бағынады:
      Ол:
      1) өз міндеттерін нақты білуге және оларды дәл орындауға;
      2) айдауыл бастығы (аға айдауыл) белгілеген орында болуға және оның рұқсатынсыз кетіп қалуға;
      3) қаруын ақаусыз және іс-әрекетке ұдайы әзір ұстауға;
      4) сотталғандармен сөйлесу барысында талапты және сыпайы болуға, оларға ұдайы қадағалау жүргізуге;
      5) айдауыл бастығының (аға айдауылдың) нұсқауы бойынша сотталғандарды тінтуді жүргізуге, олардан сақтауға тыйым салынған бұйымдар мен заттарды алып қоюға және айдауыл бастығына (аға айдауылға) беруге міндетті.

      14. Айдауылға:
      1) қызметін өткеру кезінде басқа жайларға алаңдауға;
      2) сотталғандармен сөйлесуге, тек айдауылдау кезінде тәртіпті сақтау және қозғалыс тәртібі туралы нұсқау беру қажет болған жағдайлардан басқа кездерде;
      3) олардан немесе оларға бөтен адамдардан қандай да бір заттарды; хаттарды; азық-түлік өнімдерін қабылдауға және беруге;
      4) айдалу қозғалысының бағытын және оның соңғы пунктін жариялауға тыйым салынады.

      15. Арнаулы автомобильдің жүргізушісі айдауыл құрамына кіреді: айдауыл бастығына (жетекшісіне), оның көмекшісіне бағынады және автомобильді апатсыз пайдалануға жауапты болады.
      Ол:
      1) айдауылдаудың бағытын және оның ерекшеліктерін жақсы білуге;
      2) арнайы көліктегі жанар-жағар майдың болуын тексеруге және айдауыл бастығына (аға айдауылға) хабарлауға;
      3) автомобильдің ұдайы пайдалануға дайындығын қамтамасыз етуге, Жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға;
      4) айдауыл бастығының (аға айдауылдың) бағыттағы қозғалыс жылдамдығы туралы нұсқауын дәл орындауға, оның командасы бойынша немесе кузовтағы айдауылшылардан осындай белгі алған кезде автомобильді дереу тоқтатуға;
      5) көлік құралын қараусыз қалдырмауға, кабинадан шығар кезде от алдырғышты сөндіруге, от алдыру кілтін өзінде сақтауға;
      6) белгіленген құжаттарды өзімен бірге алып жүруге (автомобиль жүргізу құқығына куәлік, жол немесе бағыттық парақ, ал қажет болған кезде - арнайы автомобильге тіркеу құжаттары) міндетті.

      16. Арнаулы автомобильдің жүргізушісіне:
      1) өзінің атына бекітілген автомобильді қараусыз қалдыруға;
      2) автомобильді жүргізуді басқа адамға беруге тыйым салынады. 

      17. Айдауыл кәдімгі және күшейтілген болуы мүмкін. Нарядтың құрамын, түрін, санын және қарулануын ТМ бастығы белгілейді.
      Кәдімгі айдауыл: 1-2 сотталғанға - 2 айдауылшы; 3-6 сотталғанға - 3 айдауылшы; 7-10 сотталғанға - 7 айдауылшы есебінен тағайындалады. Кәдімгі айдауыл бастығы болып қызметкер кіші немесе орта басшы құрам ішінен тағайындалады. Егер айдауыл құрамында бес немесе одан да көп айдауылшы болса, айдауыл бастығының көмекшісі тағайындалады.
      Күшейтiлген айдауыл сонымен қатар өмiрлiк бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан сотталғандарды айдауылдау кезiнде де тағайындалады.
      Күшейтілген айдауыл - айдауыл бағытының өте ұзақтығына, күрделі географиялық және климаттық жағдайларға байланысты қайсы бір сотталғанның қашу, күзетке шабуыл жасау, өзіне немесе маңындағыларға залал тигізу ниеті мен ақпарат болған кезде тағайындалуы мүмкін. Күшейтілген айдауыл: 1 сотталғанға - 3 айдауыл; 2-4 сотталғанға - 6 айдауыл; 5-6 сотталғанға - 8 айдауыл, 7-8 сотталғанға - 10 айдауыл; 9-10 сотталғанға - 12 айдауыл есебінен тағайындалады. Күшейтілген айдауыл бастығы болып қызметкер орта басшы құрам ішінен тағайындалады. Күшейтілген айдауыл үшін арнаулы автомашинаның шығарып салуымен қосымша автокөлік бірліктері бөлінеді.
       Ескерту: 17-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 27 мамырдағы N 156 бұйрығымен.      

  3-тарау. Сотталғандарды айдауылдауға қабылдау тәртібі

      18. Тапсырмаларды орындауға бұйрық алған айдауыл сотталғандарды қабылдау пунктіне барады, ол жерде айдауыл бастығы (жетекшісі):
      1) дайындалған құжаттарды алуға және олардың дұрыс ресімделуін тексеруге; сотталғандарды арнайы автомобильдердің камералары бойынша орналастыру тәртібін белгілеуге; күшейтілген қадағалауды талап ететін сотталғандар туралы айдауылдарды хабардар етуге;
      2) сотталғандарды оларды айдауылдау үшін қабылдау кезінде жеке тінту және күзету үшін айдауыл құрамының есебін белгілеп, сотталғандарды арнайы автомобиль камераларына орналастыру үшін бөлінген айдауылдардың қаруын уақытша қабылдауға;
      3) өмiрлiк бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан сотталғандарды жеке тiнтуден өткiзгеннен кейiн қолын артынан келтiрiп кiсен салынады және ол арнайы пунктке келген бойында шешiледi.
      Сотталғандардың құжаттары мен жеке істері айдауыл бастығына (аға айдауылға) мөрленген пакетке салынып беріледі.
       Ескерту: 18-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 27 мамырдағы N 156 бұйрығымен.

      19. Сотталғандарды қабылдау жүргізілетін үй-жайда оларды айдауылдауға қабылдаушылар мен тапсырушылар ғана болуы тиіс.
      Сотталғанның жеке басына күмәнданған жағдайда қабылдауышы - айдауыл бастығы (аға айдауыл) тиісті түсініктемемен тапсырушы - қарауыл бастығына хабарлайды және әрі қарай алынған түсініктемеге сай әрекет жасайды.

      20. Айдауылдауға:
      1) жіберілуі дәрігер қорытындысы бойынша мүмкін болмайтын науқастар;
      2) ауысым бойынша киінбеген сотталғандар қабылданбайды.

      21. Айдауыл медициналық қобдишамен қамтамасыз етіледі, әрбір айдауыл адам жарақаттанғанда, сәтсіз оқиғаларға ұшырағанда және аяқ астынан ауырып қалған кезде алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді білуі керек. Олар сотталғандардың санитариялық пен гигиеналық ережелерді сақтауын бақылауға міндетті. Сонымен қатар айдауыл наряды жұқпалы аурулармен ауыратындарды айдауылдау кезінде профилактикалық шаралар туралы нұсқамадан өткізіледі. Мұндай сотталғандарды тасымалдаған көлік залалсыздандырылады.

  4-тарау. Сотталғандарды автомобильдерде айдауылдау

      22. Сотталғандарды арнайы автомобильге отырғызу жүргізушінің жүруге дайындығы туралы баяндауынан кейін жүргізіледі. Сотталғандар колоннада бір (екі) адамнан автомобиль кузовынның есігіне әкелінеді: айдауыл бастығы (аға айдауыл) оларды аты-жөндері мен саны бойынша дауыстап айтып тексеріп кузовқа бағыттайды. Кузовта айдауылшылардың біреуі қарусыз айдауыл бастығының (аға айдауылдың) нұсқауларына сәйкес санын дауыстап қайталап сотталғандарды камера бойынша орналастырады, ал қалған айдауылшылар қоршап тұрып, автомобильге отырғызу тәртібінің сақталуын бақылайды.
      Өмiрлiк бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан сотталғандар қамауға алынған кезде сапта бiр-бiрден (екi-екiден) және айдауыл бастығының (аға айдауыл) бұйрығы бойынша қозғалады.
       Ескерту: 22-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 27 мамырдағы N 156 бұйрығымен.

      23. Сотталғандарды арнайы автомобильдер камераларына сотталғандардың жеке істеріндегі жеке анықтамаларда көрсетілген немесе айдауылдау алдында ТМ бастығы міндеттер қойған кезде айқындалған оларды ішкі оқшаулау талаптарын сақтай отырып орналастырылады.
      Сотталған ерлер мен әйелдерді сонымен қатар кәмелетке толмағандарды бір-бірінен тиісті түрде оқшауламай айдауылдауға тыйым салынады. Өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауыратындар ақыл-есі ауысқандар және жұқпалы аурулары барлар өзара оқшауланады және басқалардан бөлек оқшауланады.
      Өмiрлiк бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан сотталғандарды арнайы автомобильдiң камераларына екi адамнан арттырмай орналастырады, оларды айдауылдау басқа сотталғандардан бөлек жүргiзiледi.
       Ескерту: 23-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 27 мамырдағы N 156 бұйрығымен.

      24. Сотталғандарды отырғызғаннан кейін, айдауыл бастығы оларды оқшаулау талаптарының сақталуына бақылау тексеріс жүргізеді, айдауылды арнайы автомобильге орналастыру туралы нұсқау береді және автомобиль кабинасына отырады. Камералар құлпының кілттері айдауыл бастығында (аға айдауылда) болады. Камералар сотталғандар болған барлық уақыттарда жарықтандырылуы тиіс. Жүргізушімен белгілерін нақтылағаннан кейін, айдауылшылардың, айдауылдаушылардың орналасуын, борт крюктері мен шынжырларының мықтылығын тексергеннен кейін айдауыл бастығы (аға айдауыл) көліктің жүруіне рұқсат береді. Көлік қозғалысының жылдамдығы 60 км/сағ-тан аспауы тиіс.

      25. Арнайы автомобиль камерасы жанындағы айдауылшы сотталғандардың мінез-құлқына мынадай ұдайы бақылау жүргізуге міндетті: қарау шарбақтарын іштен көлегейлеуге, шулауға, шылым шегуге, кузовтың жабдығын бұзуға, сондай-ақ басқа камерадағы адамдармен сөйлесуге немесе қағысуға рұқсат бермеу; бұл талаптарды сақтамаған кезде кабинаға тоқтату туралы белгі беріп, айдауыл бастығымен (аға айдауылмен) бірге бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қабылдау; камера есігін ашуға тек айдауыл бастығын (аға айдауылды) жіберу. Жолда сотталғандарды дәрет сындыру мен басқа да себептер бойынша шығаруға тыйым салынады.

      26. Сотталғандарды соңғы барар пунктте түсіру кезінде айдауыл бастығының (аға айдауылдың) нұсқауы бойынша жүргізуші автомобильді алдын-ала белгіленген орынға, мүмкіндігіне қарай бөтен адамдар жіберілмейтіндей орынға тоқтатады. Сотталғандар бір-бірден (екіден) қатарға тұрғызылады және айдауыл бастығының әмірі бойынша үй-жайға қарай жылжиды.

  5-тарау. Сотталғандарды алмастыру пункттеріне
қабылдау және тапсыру тәртібі

      27. Айдауыл сотталғандарды қабылдау (тапсыру) үшін, ТМ бастығы бекіткен кестеге сәйкес алмастыру пунктіне барады. Тапсыруға жататын адамдар сақтауға тыйым салынған заттарды табу және алып қою мақсатында мұқият тінтуден өткізіледі.

      28. Сотталғандар алмастыру пунктіне жоспарлы қарауыл келіп жеткенге дейін жеткізілуі тиіс. Қажет болған жағдайда ТМ бастығы айдауылды алмастыру пунктіне жіберуден бұрын, станция әкімшілігі арқылы жоспарлы қарауыл келетін пойыздың келу кестесіндегі болуы мүмкін өзгерістерді анықтайды.

      29. Алмастыру пунктінде айдауыл бастығы (аға айдауыл) айдауылдаудың бағытты жоспары бойынша жүріп тұратын арнайы вагонның тоқтайтын орны мен тұру ұзақтығын анықтайды және осыған байланысты сотталғандарды келіп жеткен қарауылға жеткізудің бұдан кейінгі тәртібін белгілейді. Арнайы автомобильдің тұрағы арнайы вагонның аялдамасына мүмкіндік бойынша 5-10 метр қашықтықтан таңдап алынады. Көрсетілген көлік тұрағы орнына сотталғандарды уақытында жеткізу, пойыздың ұзақ тұрақтамайтын темір жол станцияларында ғана рұқсат етіледі.

      30. Арнайы автомобильден сотталғандарды түсіргеннен кейін сотталғандар бір-бірлеп сапқа тұрғызылады және айдауылшылар күзетімен отырғызу орнына барады. Айрықша бақылау қойылған, сондай-ақ басқаларының барлығынан оқшаулауға жататын және өмiрлiк бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан сотталғандар сотталғандар бөлек айдауылданады.
      Темір жол станцияларында сотталғандарды алмастыру әдетте жолаушылар вагонға отыратын жаққа қарсы тұстан жүргізіледі. Сотталғандардың күзеті екі танаптан жүзеге асырылады. Арнайы вагонның жұмыс тамбурындағы айдауыл пойыз станцияға келер алдында уақытылы тұрғызылады.
       Ескерту: 30-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 27 мамырдағы N 156 бұйрығымен.

      31. Айдауыл бастығы (аға айдауыл) келген ішкі іскер қарауылының бастығына өзінің қызметтік куәлігін, сотталғандарды қабылдау (тапсыру) құқығына жазбаша рұқсатты көрсетеді, қарауыл бастығының да осындай жазбасының болуын тексереді, оны күзетіліп отырған сотталғандар туралы хабардар етеді және оларды алмастыруды бастайды.
      Сотталғандар мен олардың жеке істері (оған желімделген анықтамамен бірге пакеттерде), жалпы тізім қарауыл бастығына қолы қойылып беріледі.

      32. Алмастыру пунктінде сотталғандарды қабылдау туралы айдауыл бастығы (аға айдауыл) қарауыл бастығының жол журналына қол қояды. Онда: қабылдау (тапсыру) күні, алмастыру пунктінің атауы; айдауылдау үшін орган; айдауылдау бастығының атағы, аты-жөні және жазба нөмірі көрсетіледі. Осындай тәртіппен айдауыл бастығының (аға айдауылдың) жол журналында жоспарлы қарауыл бастығының тиісті жазбасы ресімделеді.

      33. Көрсетілген 20-пунктте алмастыру болмай қалған немесе сотталған бас тартқан жағдайда айдауылдау бастығы қарауыл бастығымен жол журналына себептері мен тапсырылмаған адамдар санын көрсете отырып, екі данада акт жазады, белгі жасайды. Тапсырылмаған адамдар кері айдауылданады. Бұл жөнінде айдауыл бастығы айдауылды тағайындаған ТМ бастығына келген бетте баяндайды.

  6-тарау. Айдауылдың оқиғалар мен
төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылы

      34. Төтенше жағдайлар (шабуыл жасау, қашу, сотталғандардың топтасып бағынбауы, өрт) немесе жағдайдың өзгедей күрделенуі кезінде айдауыл бастығы (аға айдауыл) дереу КБКК-не баяндайды және оқиғалар кезінде айдауылдың жеке құрамының іс-әрекетіне сәйкес шаралар қабылдайды. Бұл орайда, айдауылдың негізгі міндеті қылмыстық қол сұғушылықтың жолын кесу, айдауыл қызметкерлерінің және сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Дене күштері, арнайы құралдар, газды және атыс қарулары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ғана қолданылады.

      35. Айдауыл автомашинасына немесе айдауыл құрамының ішіндегі қызметкерлерге шабуыл жасаған кезде, айдауыл бастығы (аға айдауыл) айдауыл күшімен атыс қаруын қолданып тойтаруды ұйымдастырады, радио желісі байланысының белгіленген арналарымен ТМ-не хабарлайды. Қару қолданудың алдында дауыстап немесе оны қолдану ниеті туралы жоғарыға атып ескертілуі тиіс. Ескертусіз қару қолдану кенеттен болған немесе қарулы шабуыл, көлік құралдарын пайдаланып шабуылдау не қозғалыс кезінде, түнде, нашар көрінетін жағдайларда мүмкін болмақ. Шабуылды тойтарғаннан кейін айдауыл және сотталғандар ішінен жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Сотталғандар автомобильден қашып шыққан кезде айдауыл бастығы (аға айдауыл) қашып шыққандарды тікелей аңду және ұстау үшін айдауыл бастығы (аға айдауыл) көмекшісінің басқаруымен топ жібереді. Айдауыл бастығы (аға айдауыл) ТМ-не хабарлайды және дереу жақын арадағы ішкі істер органдары хабарланады. Сотталған қашып шыққан жағдайда қару белгіленген тәртіппен күзет сызығынан асып кеткен кезде қолданылады. Күзет сызығы: көлік құралдарында-автомобиль борты, едені, төбесі болып табылады.

      36. Сотталғандардың топтасып бағынбауы кезінде айдауылшы кешіктірмей болған оқиға туралы айдауыл бастығына (аға айдауылға) баяндайды, ол өз кезегінде КБКК-не баяндайды, сотталғандардың күзетін күшейту бойынша шаралар қабылдайды. ТМ немесе ҚАЖКБ басшылығы келген соң олардың нұсқауы бойынша іс-қимыл жасайды.

      37. Сотталғандарды айдауылдау бойынша міндеттерді орындайтын қызметкерлер өрт қауіпсіздігі ережелерін білуге және орындауға, өрт сөндіру құралдарын пайдалана білуге міндетті. Өрт, жану кезінде оны бірінші байқаған айдауылшы "Өрт" белгісін береді. Сотталғандар қауіпсіз жерге орналастырылады, онда айдауылдау өз тапсырмасын орындауды жалғастырады. Өрт сөндіруді барлық бар өрт сөндіру құралдарымен және сотталғандардың сенімді күзетін қамтамасыз ететін жағдайлар болған кезде айдауылдың жеке құрамының күшімен ұйымдастырылады. Техникалық құралдарды, мүліктерді және құжаттарды сақтау бойынша шаралар қабылданады, ТМ-не хабарланады, өрт сөндіру тобы шақырылады. Айдауыл және сотталғандар ішінен жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.

      38. Табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған кезде айдауыл бастығы (аға айдауыл) жарақат алғандарға көмек көрсетуді, мүлік пен құжаттарды сақтауды ұйымдастырады; сотталғандарды күзеті бар неғұрлым қауіпсіз орынға орналастырады. Болған оқиға туралы КБКК-ге хабарлайды.

      39. Арнайы автомобильдің авариясы кезінде, егер ол өздігінен жүре алмаса, айдауыл бастығы (аға айдауыл) бөлімшеге баяндайды, басқа көлік шақырады, авариялық аялдама туралы белгі қояды. Сотталғандарды сынған автокөліктен басқа автокөлікке ауыстыруды және оларды одан әрі жеткізу орнына айдауылдауды жүргізеді. Сотталғандарды ауыстырып отырғызу мүмкін болмаған жағдайда (көліктер көп, тоқтаусыз жүретін жер, азаматтардың жиналып қалуы) айдауыл бастығы (аға айдауыл) сынған көлікті жақын тұрған ҚАЖ мекемесіне немесе ішкі істер органына сүйретіп апаруды ұйымдастырады. Егер авария болған жер тұрғылықты жерден алыс болса және автомобиль ақауы елеулі болса, айдауыл бастығы (аға айдауыл) сотталғандарды басқа автомобиль келгенге дейін күзету үшін неғұрлым қауіпсіз орынға шығарады. Барлық жағдайларда айдауыл құрамы мен сотталғандар ішінен жарақат алған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.