Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 137 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 2 маусымда тіркелді. Тіркеу N 2335

Қолданыстағы

      Бағалы қағаздар рыногындағы инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында, сондай-ақ "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру ережесi бекiтiлсiн.
      2. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру ережесi күшiне енген күннен бастап үш ай iшiнде өз қызметтерiн оның талаптарына сәйкес келтiрсiн.
      3. Қаржылық қадағалау департаментi (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он күндiк мерзiмде оны бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдарға жiберсiн.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсiн.
      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Ұлттық Банк
       Төрағасы

Қазақстан Республикасының     
Ұлттық Банкi Басқармасының    
"Бағалы қағаздар портфелiн басқару
жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру 
ережесiн бекіту туралы"      
2003 жылғы 21 сәуiрдегi     
N 137 қаулысымен         
бекiтiлген             

Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi
қызметтi жүзеге асыру
ЕРЕЖЕСI

      Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне , "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , "Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру шарттарын және тәртiбiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) клиенттiң активтерi - инвестициялау мақсатында бағалы қағаздар портфелiн басқарушыға клиент берген бағалы қағаздардың және (немесе) ақшаның жиынтығы, сондай-ақ осы активтердi басқару нәтижесiнде алынған бағалы қағаздар және ақша;
      2) бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi шарт - бағалы қағаздар портфелiн басқарушы мен оның клиентi арасындағы қатынастарды белгiлейтiн және клиенттің активтерiн басқару шарттары мен тәртiбiн айқындайтын шарт;
      3) инвестициялық декларация - клиенттiң активтерiн инвестициялау мақсатын, стратегиясын және шарттарын айқындайтын құжат;
      4) инвестициялық шешiм - бағалы қағаздар портфелiн басқарушының клиенттiң бағалы қағаздар портфелiн қалыптастыру (өзгерту) мақсатында осы клиенттің активтерiмен мәмілелер жасау туралы шешiмi;
      5) клиент - бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi шарт негiзiнде өз активтерiн бағалы қағаздар портфелiн басқарушыға берген жеке немесе заңды тұлға;
      6) бағалы қағаздар портфелiн басқарушының есепке алу жүйесi - бағалы қағаздар портфелiн басқарушының клиенттердiң инвестициялық шотындағы клиентті және оның активтерiн, бағалы қағаздар портфелiнiң құрылымын және белгiлi бiр уақытқа клиенттiң активтерiмен жасалған мәмiлелердi бiрегейлендiрудi қамтамасыз ететiн мәлiметтердiң жиынтығы;
      7) бағалы қағаздар портфелi - клиенттiң меншігіндегі, оларға қатысты басқару жүзеге асырылатын түрлi бағалы қағаздар мен ақша түрлерiнiң жиынтығы;
      8) регламент - бағалы қағаздар портфелiн басқарушының оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелерiнiң, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң жұмыс iстеу шарттары мен тәртiбiн белгiлейтiн құжаттар;
      9) уәкiлеттi орган - бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      2. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызмет (бұдан әрi - портфельдi) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензияланады.
      3. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi бағалы қағаздар рыногындағы басқа қызмет түрлерiмен қоса атқару мүмкiндiгi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      Бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы болған жағдайда бағалы қағаздар портфелiн басқарушы (бұдан әрi - басқарушы) өз клиенттерiнiң активтерiне қатысты нақтылы ұстау жөнiндегi қызметтi көрсетуге құқылы емес.
      4. Портфельдi басқару жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына, осы Ережеге және басқарушының клиентпен жасаған бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Клиенттiң активтерiн есепке алуды және сақтауды бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметке лицензиясы бар екiншi деңгейдегi банк (бұдан әрi - кастодиан) кастодиан мен басқарушы арасында жасалған кастодиандық шартқа сәйкес басқарушының жеке шотында кастодиан ашқан шотта жүзеге асырады.
      6. Егер шартта өзгеше көзделмесе, басқарушы портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi басқа басқарушыға қайта сенiм бiлдiруге құқылы емес.

2-тарау. Бағалы қағаздар портфелiн басқару
 жөнiндегi шарт

      7. Бағалы қағаздар портфелiн басқару шарты (бұдан әрi - шарт) жазбаша нысанда жасалады.
      Шартқа тиiсiнше Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген мүлiктi сенiмдi басқару туралы нормалар қолданылады.
      8. Шартта:
      1) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      2) шарттың қолданылу мерзiмi;
      3) пайда алушы немесе шарт бұзылған жағдайда клиенттiң активтерiн алатын тұлға туралы нұсқау;
      4) клиент активтерiнiң ағымдағы құнын және бағалы қағаздар портфелiнiң құрылымын айқындау тәртiбi және кезеңдiлiгi;
      5) клиенттiң активтерiн енгiзу, толықтыру және алу тәртiбi;
      6) басқарушының сыйақы алу мөлшерi және тәртiбi;
      7) клиенттiң активтерi есебiнен басқарушы жүзеге асыруы мүмкiн операциялардың түрi;
      8) клиенттiң активтерi инвестицияланатын бағалы қағаздардың түрлерi, тiзбесi және лимиттерi;
      9) басқарушының клиентке есептер және осындай есептердiң нысандарын беру тәртiбi мен мерзiмдерi;
      10) инвестициялық декларация (ол бар болса);
      11) клиенттiң активтерiн есепке алу және сақтауды жүзеге асыратын кастодиан туралы мәлiметтер;
      12) шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, шартты бұзу, оның iшiнде бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензия тоқтатыла тұрған немесе қайтарылып алынған жағдайда және осы рәсiмдерге байланысты, тәртiбi мен талаптары;
      13) тараптардың жауапкершiлiктерi болуы тиiс.
      9. Клиенттiң шартты бұзу сәтiнде кастодиандағы бағалы қағаздары мен ақшасы шарт бұзылған күннен бастап он жұмыс күнi ішінде клиентке қайтарылады.
      10. Инвестициялық декларация (бap болған кезде) шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.
      11. Инвестициялық декларацияда:
      1) клиенттің бағалы қағаздар портфелiн және осы портфельдiң құрылымын қалыптастыру мақсаты және стратегиясы туралы ақпарат;
      2) клиенттің активтерi инвестицияланатын бағалы қағаздардың тiзбесi;
      3) клиенттің бағалы қағаздарын түрлендiру нормалары болуы тиіс.
      12. Шарттың қолданылу барысында басқарушы клиентке ақпараттық, талдау және кеңес беру қызметiн көрсетуге құқылы. Басқарушы осы қызметтердi көрсету кезiнде клиентке бағалы қағаздармен шартқа сәйкес жасалатын мәмiлелер бойынша кiрiс алуға немесе зиянның жоқ болуына кепiлдiк беруге құқылы емес.

3-тарау. Портфельдi басқару жөнiндегi қызметке
 қойылатын талаптар

      13. Басқарушы клиенттің бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн:
      1) бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясының нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      2) осы Ереженiң және уәкiлеттi органның портфельдi басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыру шарттары мен тәртiбiн белгiлейтiн өзге нормативтiк құқықтық актiлерiнiң көшiрмелерiн;
      3) басқарушы мүшесi болып табылатын өзiн-өзi реттейтiн ұйым ережесiнiң көшiрмесiн;
      4) регламенттiң оның уәкiлеттi органмен келісiлгенi туралы белгi қойылған (келiсу күнi және басқарушы регламентiнiң бекiтiлгендiгiн растайтын құжаттың нөмiрiн көрсете отырып) басқарушының бiрiншi басшысы немесе оның орнындағы тұлға қол қойған және мөрiнiң таңбасымен расталған көшiрмесiн;
      5) соңғы есепті кезең үшiн қаржылық есептi;
      6) басқарушының пруденциалдық нормативтердi сақтауы туралы мәлiметтер;
      7) соңғы он екi күн ішінде уәкiлеттi орган жүргізген басқарушы қызметiн тексеру актiлерiнiң көшiрмелерiн;
      8) шарт жасау немесе оның қолданылу барысында клиент үшін мәнi бар өзге де құжаттарды (бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк немесе коммерциялық құпия бар құжаттарды қоспағанда) ұсынады.
      14. Осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген құжаттардың көшiрмелерiн клиентке бергенi үшiн басқарушы оларды дайындауға кеткен шығыстардың өлшемiнен аспайтын мөлшерде ақы алады.
      15. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, басқарушы шартты жасау және қолданылу барысында өзiнiң клиентi туралы мәлiметтердiң құпиялылығын, сондай-ақ клиенттен алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды.
      16. Шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде басқарушы клиентке:
      1) өзiнiң қаржылық жағдайының нашарлау және пруденциалдық нормативтердiң бұзылу фактілерi және себептерi туралы;
      2) басқарушыға және оның қызметкерлерiне уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар қолданған санкциялар туралы;
      3) клиенттiң активтерi туралы басқарушының есеп жүйесiндегі мәлiметтердiң басқарушы мен кастодиан арасында салыстырып тексеру барысында кастодиан берген мәлiметтерге сәйкес келмеуi және осы сәйкессiздiктiң пайда болу себептерi туралы хабарлайды.
      17. Осы Ереженiң 16-тармағында көзделген хабарламалар жазбаша түрде ресiмделедi және көрсетiлген жағдайлардың бірі пайда болған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде почта байланысымен, электрондық почтамен немесе байланыстың өзге де ықтимал түрлерiмен клиентке жiберiледi.
      18. Портфелдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру барысында клиенттiң активтерiне қатысты инвестициялық шешiмдердi басқарушының бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi жұмыстарды орындауға қолданылып жүрген бiлiктiк куәлiктерi бар және басқарушының регламентiне сәйкес осындай шешiмдердi қабылдауға уәкiлеттi қызметкерлерi құқылы.
      19. Инвестициялық шешiмдi қабылдау басқарушының функциясына мынадай шарттарды ескере отырып инвестициялық шешiм қабылдау үшiн қажеттi ақпаратты жинау, өңдеу және талдау кiретiн құрылымдық бөлiмшесi берген ұсыныс негiзiнде жүзеге асырылады:
      1) клиенттiң бағалы қағаздар портфелiнiң жай-күйi;
      2) инвестициялау жобаланып отырған бағалы қағаздардың кiрiстiлiгі;
      3) инвестициялау жобаланып отырған бағалы қағаздарға байланысты тәуекелдер;
      4) шартта және инвестициялық декларацияда белгiленген түрлендiру нормаларын сақтау;
      5) инвестициялық шешiм қабылдауға әсер ететiн өзге де факторлар.
      20. Ұсыныста:
      1) берiлген күнi және оның нөмiрi;
      2) ұсыныс беру үшiн пайдаланылған ақпаратқа талдау;
      3) ұсынысты жасаған тұлғалардың қолдары болуы тиiс.
      21. Инвестициялық шешiмде:
      1) қабылданған күн және оның нөмiрi;
      2) негiзiнде инвестициялық шешiм қабылданған ұсыныстың берiлген күнi және нөмiрi;
      3) бағалы қағаздардың көлемi және сатып алу (сату) бағаларын көрсете отырып инвестициялық шешiмнiң негiзiнде жасалатын мәмiленiң түрi және шарттары;
      4) оған (оларға) қатысты мәмiле жасалатын бағалы қағаз (бағалы қағаздар) туралы мәлiметтер;
      5) мәмiленi жасау мерзiмi;
      6) мәміле жасау жобаланып отырған рыноктың түрi (бастапқы немесе қайталама, ұйымдасқан немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногы);
      7) брокерлiк-дилерлiк ұйымның, көмегі арқылы мәміле жасау жобаланып отырған өзге де ықтимал делдалдың атауы;
      8) активтерiнiң есебiнен мәмiле жасау жобаланып отырған клиенттiң деректемелерi;
      9) инвестициялық шешiм қабылдаған тұлғалардың қолдары;
      10) инвестициялық шешiмнiң орындалуы туралы белгi болуы тиiс.
      22. Басқарушы клиенттің бағалы қағаздар портфелiнiң инвестициялық сапасының тұрақты мониторингiн жүзеге асырады және оны басқару стратегиясын, рұқсат етiлген тәуекелдiң деңгейiн, осы бағалы қағаздар портфелiнiң кiрiспе нормасын және түрлендiрудi айқындайды.
      23. Егер қандай да болмасын жағдайлардың нәтижесiнде клиенттің бағалы қағаздар портфелi шартта және (немесе) инвестициялық декларацияда белгiленген талаптарға сәйкес келуiн тоқтатқан жағдайда, басқарушы осындай сәйкес келмеудi ушықтыратын қызметтi шұғыл тоқтатады және бiр күн iшiнде осы сәйкес келмеудi жою жөнiндегi iс-шаралар жоспарын қоса бере отырып оның фактiсi және себептерi туралы уәкiлеттi органға және клиентке хабарлайды.
      Басқарушы клиенттің бағалы қағаздар портфелiн сәйкес келмеу басталған күннен бастап он төрт күн iшiнде көрсетiлген құжаттардың талаптарына сәйкес келтiредi.
      24. Басқарушы инвестициялық шешiмдi бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға қолданылып жүрген лицензиясы болған кезде дербес орындайды.
      25. Басқарушы мынадай:
      1) клиенттiң активтерi есебiнен оның меншігіндегi бағалы қағаздарды сатып aлу;
      2) өзiнiң меншiгіне клиенттiң активтерiн иелiгiнен алу;
      3) оның клиентi болып табылатын тұлғаның мүддесiн көрсету жағдайларын қоспағанда, клиенттің активтерi есебiнен мәміле жасау кезiнде оның (олардың) тарабы болып табылатын тұлғаның (тұлғалардың) мүдделерiнiң өкiлi ретiнде;
      4) клиенттің активтерi есебiнен басқарушы шығарған бағалы қағаздарды сатып алу;
      5) клиенттің активтерi есебiнен қайта ұйымдастыру немесе тарату барысында тұрған эмитенттердiң бағалы қағаздарды сатып алуы;
      6) клиенттің активтерiне қатысты мәмілелер жасау кезiнде төлемдi отыз күнтізбелiк күннен асатын мерзiмге кейiнге қалдыру немесе бөлiп жасау көзделетiн;
      7) клиенттiң активтерiн өзiнiң мiндеттемелерiн немесе өзге тұлғалардың мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етуге салу;
      8) клиенттiң активтерiн үшiншi тұлғаны пайда алушы ретiнде айқындай отырып сақтауға беру жөнiндегі;
      9) клиенттiң активтерiн үшiншi тұлғаның пайдасына салымға беру жөнiндегi мәмiлелердi жүзеге асыруы тиiс емес.

4-тарау. Есепке алуды ұйымдастыру

      26. Клиенттің активтерi басқарушының баланстан тыс шоттарына есепке алу арқылы басқарушының меншiктi активтерiнен оқшауланады және оларға басқарушының мiндеттемелерi бойынша өндiрiп алу болмауы тиiс.
      27. Клиенттiң активтерiн есепке алу басқарушының есепке алу жүйесiнде клиент ашқан инвестициялық шоттар жүзеге асырылады.
      28. Кастодиан бiр басқарушының барлық клиенттерiнiң активтерiн олардың басқарушының осы кастодиандағы жеке шотында ашылған шоттарында есепке алады және сақтайды.
      29. Есепке алу жүйесiн жүргiзу, клиентке инвестициялық шот ашу және есепке алу жүйесiн көкейкестi жағдайда ұстап тұру талаптары мен тәртiбi басқарушының регламентiнде белгiленедi.
      30. Басқарушы айына кемiнде бiр рет өзiнiң есепке алу жүйесiнiң деректерiн олардың клиенттердiң активтерiн есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын осы кастодиандағы деректерге сәйкес келуiн салыстырып тексередi.
      31. Басқарушы қызметiне қатысты барлық құжаттарды шынайы және көкейкестi есепке алуды:
      1) инвестициялық шешiмдер қабылдау жөнiндегі ұсыныстар;
      2) инвестициялық шешiмдер, олардың орындалуы (орындалмауы);
      3) клиенттердiң активтерiмен жасалған мәмiлелер, олардың орындалуы (орындалмауы);
      4) инвестициялық шешiмдердi орындау мақсатында брокерге берiлген құжаттар;
      5) бағалы қағаздар бойынша кiрiстердiң түсуi және бөлiнуi;
      6) клиенттерге берiлген есептер;
      7) есепке алу жүйелерiн олардың кастодиандардың деректерiне сәйкес келуiн салыстырып тексеру;
      8) клиенттердiң басқарушыға талап қою және оларды жою жөнiндегi iс-шаралар бар өтiнiштерi туралы (жөнiндегi) мәлiметтер бар журналдарды жүргiзу арқылы жүргiзедi.
      32. Ұсыныстар негiзiнде олар берiлген құжаттармен (материалдармен), инвестициялық шешiмдермен және портфельдi басқару жөнiндегi қызметке қатысты өзге де құжаттармен бiрге хронологиялық тәртiппен жеке тiркегiш файлда сақталады.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      33. Осы ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.