Күзетiлетiн объектілерден және азаматтардың пәтерлерiнен, оның iшiнде күзет қызметiнің мемлекеттiк емес күзет субъектiлерi күзететiн объектiлерден Жедел басқару орталығына, Астана, Алматы қалаларының және облыстардағы ішкi iстер бас басқармаларымен Iшкi iстер басқармаларының кезекшi бөлiмдерiне келіп түсетiн дабыл белгілеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған полиция кешенді күштерінің ден қоюын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2003 жылғы 17 мамырдағы N 280 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 21 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2288

Қолданыстағы

      Күзетiлетiн объектілерден және азаматтардың пәтерлерiнен, оның iшiнде күзет қызметiнің мемлекеттiк емес күзет субъектiлерi күзететiн объектiлерден Жедел басқару орталығына, Астана, Алматы қалаларының және облыстардағы ішкi iстер бас басқармаларымен Iшкi iстер басқармаларының (бұдан әрi - IIББ-ІІБ) кезекшi бөлiмдерiне келіп түсетiн дабыл белгілеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған полиция кешенді күштерінің ден қоюының тиімділігін арттыру мақсатта БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Күзетiлетiн объектілерден және азаматтардың пәтерлерiнен, оның ішінде күзет қызметiнiң мемлекеттiк емес күзет субъектілерi күзететiн объектілерден Жедел басқару орталығына, Астана, Алматы қалаларының және облыстардағы IIББ-IIБ-нiң кезекшi бөлiмдерiне келiп түсетiн дабыл белгілерiне қоғамдық тәртiптi сақтауға жұмылдырылған полиция кешендi күштерiнiң ден қоюын ұйымдастыру жөнiндегi нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Iшкi әскерлер комитетi, Астана, Алматы қалалары Ішкi істер бас басқармаларының, облыстардағы IIББ-ІIБ-нiң, көлiктегi iшкi iстер басқармаларының, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгі оқу орындарының бастықтары:
      1) жеке құрамның осы нұсқаулықты әскери және қызметтiк дайындық жүйесiнде оқып-үйренуiн және олардан сынақ қабылдауды  ұйымдастырсын;
      2) осы нұсқаулықтың талаптарын қоғамдық тәртiптi сақтауға тартылатын барлық қызметкерлердiң, сондай-ақ полиция бөлiмшелерiнiң қызметiн бақылау мен ұйымдастыру жүктелген лауазымды адамдардың мүлтіксіз орындауын қамтамасыз етсiн;
      3) iшкi iстер органдарының жеке құрамы мен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi iшкi әскерлерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн кемiнде тоқсанына бiр рет бiрлескен оқу сабақтарын және жаттығулар өткiзсiн. Оның барысында күзетiлетiн объектiлерден және азаматтардың пәтерлерiнен, оның iшiнде күзет қызметiнiң мемлекеттiк емес субъектiлерi күзететiн объектiлерден Жедел басқару орталығына, IIББ-нiң, IIБ-нiң кезекшi бөлiмдерiне келiп түсетiн дабыл белгiлерiне қоғамдық тәртiптi сақтауға жұмылдырылған полиция кешендi күштерiнiң патрульдiк-күзет нарядтарының ден қоюға машықтануын ұйымдастырсын;
      4) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуде күзетiлетiн объектiлерден Жедел басқару орталығына, IIББ-IIБ-нiң кезекшi бөлiмдерiне келiп түсетiн дабыл белгiлерiне полиция кешендi күштерiнiң ден қоюының нәтижелерiн, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерiмен өзара iс-қимыл жасасуын қажеттi басқарушылық шешiмдер шығару арқылы және олардың қызметтерi тиiмдiлiгiн арттыру үшiн нақты шаралар қабылдай отырып тоқсан сайын жедел кеңестерде қарасын.
      3. Бұйрық Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлiгiнiң барлық жеке құрамына жариялансын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Iшкi iстер вице-Министрi полиция генерал-майоры И.И.Оттоға, Iшкi әскерлер комитетiне (Б.Б.Жанасаев), Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Мемлекеттiк күзет қызметi департаментiне (Қ.Т.Тоқсейiтов) және Қоғамдық қауiпсiздiк департаментiне (F.A.Алпысбаев) және Жол полициясы департаментiне (Б.H.Өмiрзақов) жүктелсiн.
      5. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап күшіне енеді.

      Министр
      генерал-полковник

Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2003 жылғы 17 мамырдағы
N 280 бұйрығымен  
бекітілген    

Күзетілетін объектілерден және азаматтардың пәтерлерінен, оның ішінде күзет қызметінің мемлекеттік емес күзет субъектілері күзететін объектілерден Жедел басқару орталығына, ІІББ-нің, ІІБ-нің кезекші бөлімдеріне келіп түсетін дабыл белгілеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған полиция кешенді күштерінің ден қоюын ұйымдастыру туралы нұсқаулық

      Нұсқаулық күзетілетін объектілерден және азаматтардың пәтерлерінен, оның ішінде күзет қызметінің мемлекеттік емес субъектілері күзететін объектілерден жедел басқару орталығына, ІІББ-нің, ІІБ-нің кезекші бөлімдеріне келіп түсетін дабыл белгілеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған полиция кешенді күштерінің іс-әрекеттері тәртібін белгілейді.
      Осы Нұсқаулықтың талаптарын орындау кезіндегі ішкі істер органдарының қызметкерлері (бұдан әрі - ІІО) және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің әскери қызметшілері (бұдан әрі - ӘҚ) қызметтерінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы , Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" заң күші бар Жарғысы , "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы , Әділет министрлігінде N 1938 нөмірмен тіркелген "Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының патрульдік-күзет қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2002 жылғы 5 шілдедегі N 475 бұйрығы , Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері және осы Нұсқаулық құрайды. 
      Осы Нұсқаулықты Полиция күштері мен құралдарын кешенді пайдалану жоспары бойынша патрульдік-күзет қызметін ұйымдастыруға және атқаруға қатысушы ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері, ішкі әскерлердің әскери қызметшілері басшылыққа алады.
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың жеке басының және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың және әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту жөніндегі міндеттерін орындау кезінде "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері туралы" Қазақстан Республикасының Заңын  және осы Нұсқаулықты басшылыққа алады. 

1. Жалпы ережелер

      1. Күзетілетін объектілерден және азаматтардың пәтерлерінен, оның ішінде күзет қызметінің мемлекеттік емес субъектілері күзететін объектілерден жедел басқару орталығына, ІІББ-нің, ІІБ-нің кезекші бөлімдеріне келіп түсетін дабыл белгілеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған полиция кешенді күштерінің негізгі міндеті "Дабыл" белгісі келіп түскен күзетілетін объектіні қарап шығу, қоршау және құқық бұзушыларды ұстауда ұстау топтарына (бұдан әрі - ҰТ) көмек көрсету үшін жедел бару болып табылады. Осы ретте ҰТ-тың мүшелері іс-әрекеттерінің амалдары күзетілетін объектінің орналасу орнына, сәулеттік және басқа да ерекшеліктеріне, сондай-ақ сигнализацияның қай рубежі іске қосылғандығына байланысты. Егер, "Дабыл" белгісі аса маңызды объектіден, тіршілікті қамтамасыз ету объектісінен түссе, онда патрульдік-күзет наряды (бұдан әрі - ПКН) жедел басқару орталығында (кезекші бөлімде) болатын сол объектіні қорғау жоспарына сәйкес іс-әрекет жасайды.   

      2. Күзетілетін объектілердегі, азаматтардың пәтерлеріндегі (бұдан әрі - объект) сигнализацияның іске қосылғаны туралы жедел басқару орталығының (кезекші бөлімнің) кезекшісінен ақпарат алынған кезде жақын жердегі ПКК-ның патрульдік-күзет нарядтары дереу мейлінше қысқа уақыт ішінде (жазғы маусымда - 2 минут, қысқы мерзімде - 3 минут) оқиға болған жерге жетуге міндетті. Бару жолында ПКН-нің аға қызметкерлері борт журналына, бағыт-бағдар карточкасына белгінің түскен уақыты, объектінің мекен-жайы мен атауы (қай рубеждің іске қосылған және т.б.) туралы белгі түсіреді. ПКН қысқа жолмен объектіге келеді, ол туралы жедел басқару орталығына (кезекші бөлімге) баяндайды, борт журналына, бағыт-бағдар карточкасына объектіге келген уақытты белгілей отырып, ҰТ осал және әлсіз қорғалған жерлерді айқындайды, жасырынған қылмыскерлерді және олардың сыбайластарын табу мүмкіндігі мақсатында жағдайға қатысты аумақтарды ұқыпты бақылай отырып, іске қосылудың себептерін анықтайды және айқындайды.  

      3. Объектіге келіп жету кезінде жедел әсер ету факторы үлкен рөл атқарады, ол қылмыскер(лер)дің объектіден көзге түспей кетіп қалуына жол бермейді. Жүргізуші-полицей автомобильді күзетілетін объектінің (азаматтардың пәтерлері, дүкендер, барлық деңгейдегі банктер, аса маңызды объектілер, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері және стратегиялық объектілер) маңыздылық және күрделілік дәрежесіне байланысты, объектіге (оқиға орнына) жарық түсіру және құқық бұзушыны анықтау мүмкіндігі болатындай етіп тоқтатады, кезекшімен және нарядтың аға қызметкерімен радиобайланысқа шығып тұрады, қылмыскердің автомобильде жасырынып қашып кету әрекеті жағдайында оның ізіне түсу мүмкіндігі болу үшін топтың қызметкерлерін сақтандырып тұрады. Қызметтік көлікті құқық бұзушылардың немесе бөгде адамдардың пайдалану мүмкіндігіне жол бермеу қажет.  

      4. Құқық бұзушылар тарапынан шабуылды болдырмаудан аулақ болу үшін объектіге бөлініп-бөлініп, сақтық шараларын сақтай отырып және экипаждың басқа мүшелерінен көз жазбай келу керек.   

      5. Ұстау топтары объектіні тиянақты, әсіресе, құқық бұзушылардың кіріп кетуі мүмкін орындарды (витриналарды, терезелерді, қабылдағыштарды, люктерді, шатырларды, желдеткіш люктерін және ауажинағыштарды), ал объектілер үй астындағы үй-жайларға шығатын есігі бар тұрғын үйлерде орналасса, басқа ұйымдардың көршілес үй-жайлары және т.б. қарап шығу қажет.

      6. Объектіні қарау кезінде қылмыс элементтерінің кенеттен шабуыл жасауынан аулақ болу үшін қабырғаларға және карниздер мен қалқаларға жақындауға болмайды. Ғимараттың және құрылыстың бұрыштарын қауіпсіз қашықтықта айналып өту қажет.

      7. Нәтижелер дереу жедел басқару орталығының кезекшісіне (кезекші бөлімге) баяндалады, қарап шығудың аяқталған уақыты мен нәтижелері борт журналына, бағыт-бағдар карточкасына белгіленеді.

      8. Бұдан әрі ПКК-нің патрульдік-күзет нарядтары жедел басқару орталығының кезекшісінен (кезекші бөлімнен) алынған нұсқау бойынша іс-әрекет жасайды.

2. Күзетілетін объектілер мен азаматтардың пәтерлерінен,
 оның ішінде күзет қызметінің мемлекеттік емес күзет субъектілері күзететін объектілерден "Дабыл" белгісі түскен кезіндегі полиция кешенді күштері
патрульдік-күзет нарядтарының іс-әрекеттері

      9. Күзетілетін объектілер мен азаматтардың пәтерлерінен, оның ішінде күзет қызметінің мемлекеттік емес күзететін субъектілерінен "Дабыл" белгісі келіп түскен кезде жедел басқару орталығы кезекшісінің көмекшісі (аға инспектор-кезекші немесе инспектор) дереу объектіге жақын КПП патрульдік-күзет нарядтарын жібереді. Патрульдік-күзет нарядтар бара жатқан жолда аумақтық ішкі істер органының кезекші бөлімі күзетілетін объектіге қатысты карточкаға сәйкес КПП ПКН үшін  орналастыру, сондай-ақ күзетілетін объекті туралы, оның ішінде анағұрлым осал жерлерді және қылмыскерлердің кетіп қалуы мүмкін жолдарын көрсетіп толық ақпарат береді.

      10. Күзетілетін объектіде сигнализация іске қосылғандығы туралы ақпарат алған соң, патрульдік-күзет наряд объекті құрылысының сәулеттік және өзге де ерекшеліктерін есепке ала отырып, құқық бұзушыларды ұстау шараларын қолданады:
      1) Жеке тұрған объект.
      Келген ПКК-ның патрульдік-күзет нарядтары одан автокөлік құралдарының (қылмыскерлер шабуыл жасап, автокөлікте жасырынуға әрекет жасауы мүмкін) шығуына жол бермей, объектіні қоршап алады.  Жедел басқару орталығының кезекшісіне (кезекші бөлімге) "Дабыл" белгісінің келіп түсу себептерін анықтау мақсатында ҰТ-тың аға қызметкері объектіге кіреді. Объектінің үй-жайына кіріп, ондағы адамдардан әртүрлі қозғалыс жасауларын тоқтатуды талап етеді және бәріне өз орындарында қалуларын сұрайды. ҰТ мүшелерінің біреуі "Дабылдың" келіп түсу себептерін анықтайды, басқа қызметкер осы уақытта ұсталған адамдармен бірге болады және осы ретте ІІО (І) қызметкерлері мен азаматтардың іс-әрекеттерін сырттай бақылап,
ПКН-ның басқа экипаждарымен радиобайланысқа шығып тұрады. Объектіні қарап шығу аяқталған соң, нәтижесі жедел басқару орталығына, аумақтық ІІО-ның кезекші бөліміне баяндалады.
      2) Күзетілетін объекті көпқабатты ғимарат қабаттарының бірінде орналасқан.
      Келген ПКК-ның патрульдік-күзет нарядтары одан автокөлік құралдарының шығуына жол бермей, объектіні қоршап алады. Қылмыскерлердің кенеттен шабуыл жасауынан сақтану шараларын сақтай отырып, ҰТ-тың аға қызметкері "Дабыл" белгісінің келіп түсу себептерін анықтау мақсатында бөгетсіз ғимарат ішіне кіреді, қалған ПКН қылмыскерлердің қосалқы есіктер, лифт есіктері және т.б. кетіп қалуы мүмкін жолдарын жабады. ПКН қызметкерлерінің бірі ғимаратқа кіреберісті жабады және одан азаматтардың кіруі мен шығуына жол бермейді. Ғимаратқа кіріп, ҰТ-тың мүшелері азаматтардан қозғалысты тоқтатуларын және бәрінің өз орындарында қалуларын талап етеді. ҰТ-тың аға қызметкері ІІО-ның басқа қызметкерлерімен бірге үй-жайға (бөлмеге) баспалдақ арқылы көтеріледі, ҰТ-тың екінші аға қызметкері үй-жайға (бөлмеге) лифт арқылы көтеріледі. Барлық көрсетілген іс-әрекеттерде ҰТ-тың басшылары өзара және ІІО-ның (ІӘ) басқа қызметкерлерімен алып жүретін радиостанцияның көмегімен радиобайланысқа шығып тұрады. Ұстау тобы күдікті адамдарды ұстау мақсатында ғимараттың жоғарғы қабаттарын, өзге үй-жайларды (бөлмелерді, қоймаларды және т.б.) қарап шығады. Объектіні қарап шығу аяқталған соң нәтижесі жедел басқару орталығына, аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөліміне баяндалады.
     3) Күзетілетін объектіде ақша қаражаттарын беретін терезе және бір кіретін есік бар.
      Объектіге келген кезде шабуыл жасаудың сыбайластарын табу мақсатында объектіге жақын тұрған аумақтарға көңіл бөлу қажет.
      Келген ПКК-ның патрульдік-күзет нарядтары қылмыскерлердің кенеттен шабуыл жасауының сақтық шараларын сақтай отырып, объектіні қоршайды. ҰТ-тың аға қызметкері ақша қаражаттарын беретін терезеге келіп "Дабыл" белгісінің іске қосылу себебін анықтайды, басқа қызметкер қылмыскерлердің шығып кетпеуі үшін үй-жайдың кіретін есігін жабады. Көрсетілген объектіде бөгде адамдардың болмауы анықталған соң, патрульдік-күзет нарядының аға қызметкері объектінің ішіне кіреді, оны басқа ПКН-мен байланыс ұстап тұратын ІІО-ның басқа қызметкері жауып жүреді. Қалған ПКН орналастырудың және объектіні қоршаудың жоспар-сызбасына сәйкес объектідегі жерлерде болады. Егер қылмыскер ақша қаражаттарын беретін үй-жайдың ішінде болған жағдайда, оны залалсыздандыру және ұстау шаралары қолданылады, осы ретте радиостанция бойынша аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөліміне және жедел басқару орталығына хабарланады.     

3. Объектіге кіруі анықталған құқық бұзушының оқиға
 орнынан қашып кеткен кездегі полиция кешенді күштері патрульдік-күзет
 нарядының іс-әрекеттері

      11. ПКК патрульдік-күзет нарядының аға қызметкері кірудің анықталғандығы туралы ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының кезекшісіне, аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөліміне хабарлайды. Куәгерлер мен қылмысты көргендерді, құқық бұзушылардың және ұрланған заттардың белгілерін анықтайды. Оқиға орнының жағдайының бұзылуына жол бермей, оған жақын орналасқан аумақты қарап шығады.
      Қолда бар құралдарды пайдалану арқылы іздер мен бұзып ашқан құралдарды сақтауға шаралар қолданады.

      12. ПКК-ның патрульдік-күзет нарядтарына оқиға орнынан қандай да бір заттарды алуға қатаң тыйым салынады.

      13. Тергеушінің тапсырмасына сәйкес оқиға орнындағы күзетілетін объектіге аумақтық ІІО жедел-тергеу тобы келген соң объектіні қарап шығу қажет, осы ретте ПКН байқампаздық және қырағылық танытады, қызметтік-іздеу итін пайдалану арқылы құқықбұзушыларды ізін суытпай іздеуді ұйымдастырады.

4. Құқық бұзушы объектіде анықталған кездегі полиция
 кешенді күштері патрульдік-күзет нарядтарының
іс-әрекеттері

      14. Құқық бұзушылардың объектіде болуына күдік болған кезде, патрульдік-күзет наряды дереу ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының кезекшісіне, аумақтық ішкі істер органының кезекші бөліміне баяндайды, құқық бұзушылар оқиға орнынан қашып кетпеулері үшін объектіні тыңғылықты бақылауға алады. Оқиға орнын күзету, іздер мен бұзу құралдарын сақтау бойынша шаралар қолданады.
      Қару қолдануға дайын болуы және тежегіште тұруы қажет.

      15. Қосымша күш келген соң, құқық бұзушыларды ұстауға қажетті шаралар қолдану қажет:
      1) Иті бар полицей-кинолог болған кезде: ҰТ-тың аға қызметкері дауыстап, объектіге кірген құқық бұзушыларға өз еркімен берілуді ұсынады және қызметтік ит қолданылатындығы туралы ескертеді. Полицей-кинолог итке "Дауыста" командасын береді. Ескертуден кейін ит қарғыбаусыз үй-жайдың ішіне жіберіледі, оның соңынан ұстау тобы кіреді; сақтық шараларын сақтай отырып, қызметтік иттің "даусынан" бағдар алып, объектіні қарап шығады және ит тауып алған құқық бұзушыларды ұстайды.
      2) Иті бар полицей-кинолог жоқ болған кезде: объектіні қарап шығу кемінде үш ІІО қызметкерлерімен жүргізіледі; ҰТ-тың аға қызметкері келген "шаруашылық органнан" объектінің жоспарын алып, құқық бұзушылардың жасырынуы мүмкін жерлерді анықтайды және қызметкерлер арасында міндеттерді бөліп береді, іс-әрекеттің тәртібін түсіндіреді, өзара берілетін белгілерді анықтайды.  Жабдықтар, жеке қорғау құралдары мен арнайы құралдар тексеріледі, атыс қарулары дайындыққа келтіріледі; қарап шығуға және құқық бұзушыларды ұстауға команда беріледі; объект тиянақты және жүйелі түрде (солдан - оңға немесе оңнан - солға) және қандай да бір үй-жайды қарап шыққанда түгелімен тексеріледі;  құқық бұзушының терезелер немесе шатыр үй-жайлары, люктар және басқа да  шығу жерлері арқылы қашып кетуіне жол бермеу үшін міндетті түрде патрульдік-күзет наряд мүшелерінің біреуі объектіні сыртынан күзету үшін қалдырылады.

5. Объектінің ішіндегі құқық бұзушылар тарапынан қарулы қарсылық көрсетілген кездегі ПКК патрульдік-күзет
 нарядының іс-әрекеттері

      16. Табелдік қарумен үй-жайдың ішіне кірген ұстау топтарының мүшелері сақтық шараларын қолдана отырып, ішкі үй-жайларды (сауда залдарын, қоймаларды, жертөлелерді, аулаларды) қарап шығуды әдетте, құқық бұзушылардың жасырынуы мүмкін барлық жерлерді тексере отырып, объектіге кірген жерден бастайды. Осыған орай, ҰТ мүшелерінің біреуі үй-жайды (жасырынуы мүмкін жерлерді) қарайды, екіншісі оны кенеттен болуы мүмкін шабуылдан сақтайды. Қауіпсіздік мақсатында ашық учаскелерді (сауда залдарын) ортасынан өтуге болмайды, қабырғаға жақын, қорғану үшін прилавкаларды, шкафтарды, жеке тұрған құрылыстарды және нәрселерді пайдалану арқылы қозғалу қажет.

      17. Соққы беруге арналған суық (атыс) қаруы немесе затпен қаруланған құқық бұзушы табылған кезде, "Қаруды таста!" командасын беру және табельдік қаруды, арнайы құралдарды және дене күшін қолдануға дайындалу қажет.

      18. Табельдік қаруды жоюға, сондай-ақ, арнайы құралдарды Қазақстан Республикасының Президентінің "Ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заң күші бар Жарлығының  13, 14-баптарымен  анықталған жағдайларда ғана болады.

      19. Көшеде объектінің жанында тұрған ІІО-ның (ІӘ) қызметкерлері атысты естігенде құқық бұзушының кетіп қалуы мүмкін жолдарды бақылап қырағылықты күшейтеді. ПКН аға қызметкерінің нұсқауы бойынша ІІО-ның қызметкерлері дайын тұрған табельдік қаруларымен, сақтық шараларын сақтай отырып, құқықбұзушыны ұстауға көмек көрсету үшін үй-жайдың ішіне кіреді.

      20. Құқық бұзушы жараланған жағдайда, егер ол қарулы қарсылықты тоқтатса, оны қарусыздандыру шаралары қолданылып, сақтана отырып, оған медициналық көмек көрсетіледі. Жедел-тергеу тобы келгенге дейін патрульдік-күзет наряды оқиға орнын күзетуді қамтамасыз етеді. Құқық бұзушыны ұстауда өз еркімен берілген жағдайда, аумақтық ІІО кезекші бөліміне оны күзету мен жеткізу ұйымдастырылады.

6. Күзетілетін пәтерден "Дабыл" белгісін алған
кездегі полиция кешенді күштерінің патрульдік-күзет нарядтарының іс-әрекеттері

      21. Күзетілетін пәтерден "Дабыл" белгісін алған кезде патрульдік-күзет нарядтың аға қызметкері борт журналына (қызметтік кітапшаға) "Дабыл" белгісінің алынған уақытын жазып алады, мекен-жайды, қабатты, кіреберісті (кіреберістің кодын) анықтайды. Қажетті мекен-жайға келген кезде жарқылдағыш маяк алдын-ала сөндіріледі, автомобиль құқық бұзушылар келген нарядты байқап қалып, оқиға орнынан қашып кете алмайтындай етіп тоқтайды.

      22. Патрульдік-күзет нарядтың пәтерді қарап шығудағы іс-әрекет тәсілі ғимараттың сәулеттік ерекшеліктеріне байланысты.

      23. Патрульдік-күзет наряды пәтерлерді сыртқы жағынан (аула, терезелер, егер пәтер көпқабатты үйде болса, сырттай қарауға болатын балкондар) мұқият қарап шығады.
      24. Жүргізуші автомобильді патрульдік-күзет наряды кіреберіске кірген соң радиостанция мен автомобильді жылдам пайдалану мүмкіндігі болатындай есеппен қояды. Автомобиль, оны құқық бұзушылардың пайдалануының алдын алу мақсатында айдап әкетуге қарсы қондырғылармен жабдықталу қажет. Жүргізуші кіреберісті жабады, және ол ғимараттың сыртқы жағын бақылайды және кіреберістен шыққан адамдардың құжаттарын тексереді.

      25. Егер ғимараттың 1-3 қабаттарында орналасқан пәтердегі сигнализация іске қосылса, жүргізуші құқық бұзушының (құқық бұзушылардың) күзетілетін пәтерден балкон немесе терезе арқылы қашып кетуіне мүмкіндік бермеу үшін үйдің пәтер орналасқан жағын жабады.

      26. Кіреберісте лифт болса, патрульдік-күзет нарядының аға қызметкері лифтіні шақырады және ең жоғарғы қабатқа дейін көтеріледі, шатырға немесе төбеге шығатын есіктерді қарап шығады. Егер шығатын есік ашық болса, бұл туралы рация арқылы екінші қызметкерге және жүргізушіге хабарлайды, сақтық шараларын сақтап және қаруды дайындыққа келтіріп шатыр астындағы үй-жайды қарайды. Содан кейін қажетті пәтерге дейін баспалдақ арқылы төмен түседі, осы ретте қоқыс құбырының шахтасын және баспалдақ тексереді. Пәтер алдындағы алаңқайды қарап шығады, одан кейін пәтер есігінің артына жасырынып бақылау жүргізеді.

      27. ҰТ-тың екінші қызметкері қолда бар құралдармен екінші лифтіні жабады, аралықтар мен алаңқайларды қарай отырып, баспалдақ арқылы жоғары көтеріледі. Бөтен біреу кездескенде олардың жеке бастарын, кіреберісте неге жүргендерін анықтайды. Өздерімен бірге сөмке және т.б. алып жүрген адамдарға басты назар аударады.

      28. Тұрғын үйде лифт болмағанда немесе ол істен шыққанда ҰТ мүшелерінің біреуі бірден жоғарғы қабатқа дейін жаяу көтеріледі, кіреберісті жоғарыда көрсетілгендей қарап шығады, содан кейін қажетті пәтерге дейін төмен түседі. ҰТ-тың екінші мүшесі "Дабыл" белгісі келіп түскен пәтерге дейін келеді және пәтерге кіретін есікті басқа қызметкер келгенше күзетеді. Содан соң екеуі пәтерді қарап шығу жөніндегі қажетті іс-әрекеттерді одан әрі қолданады.

      29. Егер саты лифтілерден бөлек болса, баспалдақ алаңқайларында есігі бар холл болатын болса - тексеру тікелей пәтердің есігінен басталады, одан әрі - тексерудің нәтижелеріне байланысты.

      30. Пәтер есігінің алдында ҰТ-тың мүшелері оны мұқият (құлыптар, есік жаппасы, бұзып ашу іздерін (үгінділер, жаңқалар) байқау үшін еденді қарап шығады; пәтерде шу немесе бөгде дыбыстардың бар-жоғын анықтайды, осы ретте сақтық шараларын сақтай отырып (күзетілетін пәтер есігінің ойықтарында болуға тыйым салынады) есікті (ашық немесе жабық) тексереді.

      31. Бұзып ашу іздері, ашық есік, пәтерде шу анықталғанда дереу, тыныштық сақтай отырып, жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қалыпты ұстап, баспалдақ алаңқайын бөгде адамдардан босатады және ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, аумақтық ІІО-ның кезекшісіне хабарлайды және көмек шақырады.

      32. Тексеру нәтижелері ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының кезекшісіне, аумақтық ІІО, күзет бөлімшесінің  кезекші бөліміне және орталықтандырылған күзет пультіне (бұдан әрі - ОКП) баяндалады. Қарап шығудың аяқталған уақыты және оның нәтижелері борт журналына, қызметтік кітапшаға жазылады. Одан әрі наряд ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, аумақтық ІІО кезекшісінен, күзет бөлімшесінің кезекшісінен алынған нұсқау бойынша іс-әрекет жасайды.

7. Ұстау топтарының пәтерді қарау тәртібі

      33. Пәтерді қарау кезінде баспалдақ алаңқайындағы көршілес пәтерлердің қарау көзектері желімденбегеніне назар аудару қажет. Есікке қоңырау соғардан бұрын есік жаппасы мен босағаның бүтіндігі қаралады. Пәтер ішіндегі шуы тыңдалады, есіктің жабық тұруын тексереді.

      34. Күзетілетін пәтерге кіру белгілері болмағанда, пәтер жалдаушының отбасы мүшелерінің бар екендігі тексеріледі. Бұл үшін  пәтерге кіретін есіктен алшақ тұрып, қоңыраудың көмегімен немесе есікті қағу арқылы белгі беріп іштегі адамдарды шақыруға әрекет жасайды.

      35. Егер қоңырау соққанда немесе есікті қаққанда іште болған біреу есік ашса, онда бұл жағдайда ҰТ сақтық шараларын сақтай отырып, онымен бірге пәтерге кіреді және оның іс-әрекеттеріне көңіл аударады. Құжаттарын тексеру арқылы пәтердегі субъектінің жеке басын, оның пәтер жалдаушының отбасына қатысын анықтайды. Егер тегі пәтер жалдаушының тегімен сәйкес келмесе және оның пәтерде болуын негіздейтін басқа құжаттары болмаса, онда бұл жағдайда оған одан әрі тексеру үшін аумақтық ІІО-ға жүруді ұсынады, бұл туралы жедел басқару орталығының кезекшісіне баяндайды. Кілттерді алады, пәтерде бөгде адамдардың жоқ екендігін қарайды, есікті жабады және ОКП-не қосады.

      36. ҰТ-қа қарулы қарсылық көрсетілгенде дереу жедел басқару орталығының, аумақтық ІІО-ның кезекшісіне немесе күзет бөлімшесінің кезекшісіне хабарлау қажет. Қарсылықты тоқтатуын талап етіп, қару пайдалануға дейін баратын құқық бұзушыны ұстаудың барлық шараларын қолдану қажет. Аумақтық ІІО жедел-тергеу тобы келгенге дейін оны пәтерден шығуын жабу қажет.

      37. Егер қоңырауға немесе есікті қаққанға ешкім жауап бермеген болса есікті, терезелерді және өзге де осал жерлерді бақылауға алуды ұйымдастыру қажет. ІІББ-ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісінің көмегімен пәтер жалдаушыны немесе сенімді адамды және күзет-өрт сигнализацияның электромонтерын (бұдан әрі - КӨС электромонтеры) шақыртады.

      38. Егер пәтер жалдаушы немесе сенімді адам жоқ болса, онда келісім-шартта белгіленген тәртіпте ОКП-да сақталатын пәтер кілтінің екінші нұсқасымен, куәлердің қатысуымен, арнайы журналда тіркелетін, біреуі пәтер иесіне тапсырылады, екіншісі күзет бөлімшесінде сақталатын тиісті актілер жасау арқылы ОКП-тың кезекшісі пәтерді ашуына болады. 

      39. Егер пәтерге кіру байқалмаса, онда КӨС-тің электромонтеры сигнализацияның іске қосылу себебін анықтайды, оның жұмысқа жарамдылығы тексеріледі және пәтер ОКП-ға тапсырылады. Бұдан әрі ҰТ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісінің нұсқауымен іс-әрекет жасайды.

8. Пәтерге біреудің кіргендігі байқалған кездегі
 полицияның кешенді күштері патрульдік-күзет
 нарядтарының іс-әрекеттері

      40. Күзетілетін пәтерге кіру белгілері (кіреберіс есікті бұзып ашу іздері, ашық қалған балкон есігі, терезе ойығындағы шыны сынығы, есігі жабық пәтердің ішіндегі шу және т.б.) байқалған жағдайда патрульдік-күзет нарядының аға қызметкері бұл туралы дереу ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісіне баяндайды және табельдік қаруды оқ атуға дайындап, пәтерден шығатын есікті бақылауға алады.

      41. ІІО-ның екінші қызметкері табельдік қаруды қолдануға дайындап, баспалдақ арқылы жоғары көтеріледі және құқық бұзушының  өзге қабаттардағы баспалдақ алаңқайында жоқ екенін тексереді, қарап шыққаннан кейін пәтерге түседі, құқық бұзушылар жасауы мүмкін шабуылға тойтарыс беретіндей қалыпта тұрады.

      42. Содан кейін, есік ашық (бұзылған) болғанда патрульдік-күзет нарядының аға қызметкері есіктің ойығына бүйірлей тұрып есікті сәл ашады және пәтердегілерді дауыстап шақырады. Егер дауысқа ешкім жауап бермесе және шықпаса, онда есікті жабады және ҰТ пен жедел-тергеу тобының келуін күтеді.
      43. Егер дауысқа пәтерден бейтаныс адам шықса "Тоқта, қолыңды көтер!" деп команда беруі қажет, осы әмірді орындағаннан кейін ПКН қызметкерлерінің біреуі сақтық шараларын сақтай отырып, қару табу  мақсатында сыртқы киімін қарап шығады, ІІО-ның  екінші қызметкері пәтерге кіретін есікті және қарап шығудың орындалуын көзден таса етпейді. Сонымен қатар жасалуы мүмкін шабуылға және оған тойтарыс беруге дайын болуы шарт. Тексергеннен кейін құжаттарын көрсетуді талап етеді.

      44. Жедел-тергеу тобы келгенге дейін аға қызметкер пәтерді күзетуді жалғастырады, осы ретте баспалдақ алаңқайындағы көршілес пәтерлерді бақылайды. Екінші қызметкерге куәгерлер мен қылмысты көзбен көрушілерді, құқық бұзушылардың белгілерін анықтау, шатырдағы үй-жайларды, жертөлелерді қарау тапсырылады.

      45. Қосымша күш жұмылдырылғаннан кейін жақын тұрған аумақтарды қарау және құқық бұзушыларды қызметтік-іздестіру итін қолдану арқылы іздеуді ұйымдастырады.

      46. Келген жедел-тергеу тобының аға қызметкерімен бірге пәтерді қарауға кіріседі.

      47. Қарау кезінде оқиға орнының жағдайын бұзуға, пәтердегі қандай да бір заттарды және бұзып ашу құралдарын алуға не оларға тиісуге рұқсат етілмейді. Құқық бұзушылардың есіктердің, мүліктердің, шкафтардың артында жасырынуы мүмкін екендігін естен шығармай, қырағылықты сақтау қажет.

      48. Қару қолдануға дайын тұруы қажет. Құқық бұзушыны байқаған уақытта дереу ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісіне баяндайды және оларды ұстау шараларын қабылдайды. Пәтерге кіретін есікке, балконның есіктеріне бақылау қойылады. Бақылау жасау құқық бұзушылар оқиға орнынан қашып кете алмайтындай түрде ұйымдастырылады.

      49. Баспалдақ алаңқайындағы пәтерлердің тұрғындарын болған оқиғаны хабарлай отырып құқық бұзушыларды ұстау бойынша қолданылатын жедел іс-шаралар туралы ескертеді, оларды баспалдақ алаңқайындағы есіктердің артында тұрудан сақтандырады. Бөгде адамдардың баспалдақпен және лифтімен жүрулеріне жол бермейді. Қосымша күш жұмылдырылғаннан кейін құқық бұзушыларды ұстау және оларды аумақтық ІІО-на жеткізу шаралары қабылданады. Оқиға орнын күзету ұйымдастырылады.

9. Азаматтардың дабыл белгісін беру бастырмасымен жабдықталған пәтерлерінен "Дабыл" белгісі түскен кездегі полиция кешенді күштері патрульдік-күзет нарядтарының іс-әрекеттері

      50. Дабыл белгісін беру бастырмасымен пәтер жалдаушылардың тілегі бойынша, жеке тұлғаның пәтерде қылмыс ахуалы туған жағдайда ОКП-не "Дабыл" белгісін беру мақсатында азаматтардың пәтерлері жабдықталады.

      51. Күзет бөлімшелерінің кезекші бөлімінде міндетті түрде белгі берудің осы түрімен жабдықталған пәтерлердің кілттері болуы шарт.

      52. Осындай пәтерлерден түскен "Дабыл" белгілеріне қылмыстың жасалуы ретінде қарау керек және бұл жағдайларда барлық полиция кешенді күштері патрульдік-күзет нарядтарының іс-әрекеттері жедел болуы тиіс, әрі жоғары байқампаздықты және өте сақтықты қажет етеді.

      53. ҰТ экипажы міндетті түрде жүргізушіні санамағанда үш адамнан тұруы шарт және тиісті жабдықталуы (оққағарлар, автоматтар, каскалар, кісендер және т.б. арнайы құралдар) қажет.

      54. Дабыл белгісін беру бастырмасымен жабдықталған пәтерден "Дабыл" белгісін алғанда патрульдік-күзет наряды қысқа жолмен  көрсетілген мекен-жайға барады. Жолда ПКН аға қызметкері "Дабыл" белгісі алынған уақытты жазып алады және кезекшіден күзетілетін пәтердің ерекшеліктерін (кіреберістердің, терезелердің, балкондардың орналасуы және т.б.) айқындайды.

      55. Оқиға орнына келгенде патрульдік-күзет нарядтары ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісіне баяндайды. ҰТ мүшелері жеке қауіпсіздік шараларын сақтай отырып пәтерге көтеріледі, ал жүргізуші кіреберісті бақылауға алады.

      56. Пәтерге көтерілген ҰТ мүшелері аса қырағылық танытуға міндетті. Пәтерден шығып жатқан шуды және дыбыстарды тыңдайды.

      57. Патрульдік-күзет нарядтары пәтердің кіретін есігін және құқық бұзушылардың қашып кетуі мүмкін жолдарды жабады. Ұстау тобы, ПКН келгеннен кейін ҰТ аға қызметкерінің нұсқауымен іс-әрекет жасайды.

      58. Егер күзетілетін пәтерден ешқандай дыбыстар шықпаса, қоңырауға ешкім есік ашпаса, пәтерді кілттің екінші нұсқасымен ашады.

      59. Пәтердегі адамдардан "Дабыл" белгісінің болу жағдайлары анықталады. Міндетті түрде құжаттары тексеріледі, пәтерде бөгде адамдар болған жағдайда пәтер жалдаушымен оңаша сөйлесу мүмкіндігі қарастырылады. Тексерудің нәтижелері туралы ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісіне баяндайды.

      60. Егер жалған "Дабыл" белгісі болғаны (бастырманың кездейсоқ басылуы) анықталса, белгіленген тәртіппен ПКК патрульдік-күзет нарядының шығуы бойынша тиісті құжаттама жасалады.

      61. Пәтер жалдаушының құқығына қарсы іс-әрекеттер жасалған жағдайда ІІО қызметкерлері олардың алдын алу, құқық бұзушыларды аумақтық ІІО-ға, полиция бөліміне (бөлімшесіне) жеткізу шараларын қарастырады.

      62. Құқық бұзушылар кепілдік ретінде үйдің тұрғындарын немесе оқиға орнында болған бөгде адамдарды ұстап алғаны белгілі болса, патрульдік-күзет наряды болған оқиға туралы дереу ІІББ, ІІБ жедел басқару орталығының, күзет бөлімшесінің немесе аумақтық ІІО кезекшісіне баяндайды.

      63. Табельдік қаруын дайындап, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, мүмкіндігінше бұл адамдармен келіссөз жүргізуге кірісу қажет. Жедел-тергеу тобы келгенде оның аға қызметкеріне орын алған жағдай барысы туралы баяндап және оның нұсқауы бойынша іс-әрекет жасау қажет.

      64. Алдын ала болжанбаған төтенше жағдайлар туындаған кезде патрульдік-күзет наряды орын алған жағдайға сүйене отырып, жеке басының қауіпсіздігін сақтай отырып өте сақ және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Заң күші бар Жарлығына  сәйкес іс-әрекет жасайды.

10. Полиция кешенді күштері патрульдік-күзет
 нарядтарының тұрғын үй-жайларда қаруланған құқық
 бұзушыларды ұстау тәсілі

      65. Құқық бұзушыларды үйдің кіреберісінде (баспалдақ алаңқайында) ұстау:
      1) тұрғын үйдің кіреберісінде қаруланған құқық бұзушылардың болуы туралы мәліметтер алғанда патрульдік-күзеттік нарядтың қызметкерлері кіреберіске жасырын, қабырға бойымен жақындауы қажет;
      2) ұсталушылардың терезелер, жертөлелер және шатырлар арқылы кетіп қалуының алдын алу мақсатында сол жерлерге бақылау жүргізу және оларды қоршауға алу қажет;
      3) шатыр астындағы үй-жайлардың терезелерінің, ғимараттың өрт сөндіру сатыларының төбесінде тұруға болмайды. Егер ұстау көп секциялы үйде жүргізілсе және құқық бұзушылардың басқа секциялардағы шатыр асты, жертөле үй-жайлары арқылы кетіп қалу қаупі болса, онда осы жолдарды жабу (люктарды, лаздарды жабу және т.б.) шараларын қолдану қажет;
      4) ұстау шаралары кешкі мезгілде жүргізілсе, құқық бұзушылар электр жарығын сөндіріп тастауы мүмкін, нәтижесінде көптеген тұрғындар баспалдақ алаңқайларына шығуға мәжбүр болады, бұл олардың өміріне және денсаулығына қауіп туғызады. Мұнымен қатар құқық бұзушылар қараңғылықты пайдаланып көзге түспестен немесе қару арқылы қорқытып азаматтардың пәтерлеріне кіріп кетуі мүмкін; 
      5) осындай жағдайлардың алдын алу үшін электр желісінде сөндіру фактісі болған кезде тұрғындарға кіреберісте қарулы құқық бұзушылар бар екендігі және сол себепті адамдарға пәтер есігін ашуға болмайтыны және есіктен қауіпсіз орынға кетуін хабарлау қажет;
      6) патрульдік-күзеттік нарядтар баспалдақ алаңқайында дыбыссыз, шағын жүгіріспен, қабырғаға жабысып және қорғану үшін шығыңқы жерлерді пайдаланып, атуға дайын тұрған қаруды ұстап қозғалулары қажет. ІІО қызметкерлері арасындағы қозғалыс баспалдақпен жүргендегі баспалдақтың жарты интервалымен тізбектеліп жүзеге асуы қажет;
      7) патрульдік-күзет нарядында қызметтік ит болғанда ол баспалдақ алаңқайында кездескен бөгде адамдарға шабуыл жасамас үшін құқық бұзушы табылғанша қарғыбаудан босатылмайды;
      8) құқық бұзушылар табылғанда тұрғындардың назарын аудармас үшін дауысты көтермей, бірақ, шұғыл және сергек түрде оларға қаруын тастау және берілуін ұсынады. Егер құқық бұзушылар қарсылық көрсетпесе, онда оларды тиянақты тексеріп шығып, кісен кигізеді және аумақтық ІІО кезекші бөліміне жібереді;
      9) егер құқық бұзушы оқ атқан жағдайда оны қарусыздандыру немесе жою шаралары қабылданады;
      10) құқық бұзушыларды қарама-қарсы дәліз жүйесі бар тұрғын үйлерде ұстау кезінде қоршауға алу тобы қызметкерлерінің саны үй қабаттарының санына сәйкес келуі тиіс;
      11) ІІО қызметкерлері жоғары көтерілу арқылы баспалдақ алаңқайынан қажетті қабатқа апаратын есіктерді жабады. Қабаттардың біреуінен құқық бұзушыларды байқаған уақытта кіреберісте тұрғандардан басқа қоршауға алу тобының қызметкерлері қажетті қабатқа көтеріледі, күшейту тобын құрады және құқық бұзушыларды ұстаудағы басып алу тобына көмек көрсетеді;
      12) лифт кабинасында келе жатқан құқық бұзушыларды қоршауға алу мақсатында мүмкіндігіне қарай диспетчердің кезекшісі арқылы оны тоқтатудың шараларын қабылдайды;
      13) лифт кабинасының қозғалысын тоқтатып, баспалдақ алаңқайын және лифт кабинасын толығымен қоршауға алу қажет. Осыдан кейін ПКН аға қызметкері лифт кабинасында сақтық шараларын сақтай отырып, құқық бұзушыларға берілуді талап етеді және олардың қоршауда қалғанын, барлық қабаттар қоршалғанын және қарсылықтың пайдасыз екенін хабарлайды. Берілу келісімін алғаннан кейін ПКН аға қызметкері құқық бұзушыларға кабинаны олар көрсеткен қабатта тоқтатуын бұйырады. ІІО қызметкерлері тоқтаған кабинаны есігін екі жағынан, атуға дайын тұрған қаруды ұстап және жеке басының қауіпсіздігін сақтау шараларын сақтай отырып қоршауға алады. Құқық бұзушылар есікті ашып патрульдік-күзеттік наряд аға қызметкерінің нұсқауы бойынша алаңқайға қаруды тастайды, содан кейін қолдарын көтеріп, арқасымен бір-бірлеп, өзара қашықтықты ұстап алға шығады.

      66. Қаруланған құқық бұзушыларды жертөлелер мен шатыр астында ұстау:
      1) қаруланған құқық бұзушыларды жертөлелер мен шатыр астында ұстаудың ерекшелігі бұл үй-жайларға құқық бұзушыларға байқатпай кірудің қиындығы; нашар көрінетін болмаса мүлдем көрінбейтін белгісіз орында және шектеулі кеңістікте іс-әрекет ету қажеттілігі болып табылады. Мұндай операцияларды табысты өткізу үшін патрульдік-күзет наряды жарық түсіргіш және іздеу аспаптарымен, қызметтік итпен және арнайы құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс; 
      2) Шатыр астына және жертөлелерге кіру қызметкерлер өмірі үшін өте қауіпті, сондықтан бұл үй-жайларға өте сақ және мейлінше ақырын, тек қажет еткен (құқық бұзушылардың азаматтарға қарап атуы, ғимаратты жағуы және т.б.) құқық бұзушылардың іс-әрекетін басқаша шаралармен тоқтатуға мүмкін емес жағдайларда, сондай-ақ арнайы құралдарды ("Черемуха") пайдаланғаннан кейін ғана кіру керек;
      3) қаруланған құқық бұзушыларды шатыр астында және жертөлелердегі жағдайда ұстау бойынша операцияның жүргізілуі ІІО қызметкерінен ерекше қырағылықты талап етеді. Тегіс қоршауға алынған және қаруланған жолмен кетуге ешқандай мүмкіндігі жоқ құқық бұзушылар әртүрлі қулық пен айлакерлікке барады, кей-кезде полицейдің қаруын алып қоюға дейін ниеттенеді;
      4) егер құқық бұзушы арнайы құралдарды ("Черемуха") қолданғаннан кейін көп уақытқа дейін үй-жайдан шықпаса ІІО қызметкерлері ерекше қырағылық көрсете білу керек. Күтілген нәтиженің болмағаны ұсталған адамның осы үй-жайда жоқ екендігін немесе әлсіздік жағдайда екендігін білдірмейді (мүмкін ол желденетін үй-жайда тығылған шығар немесе улы газдан қорғанатын құралы, қорғанатын маскасы бар және т.б.);
      5) тегіс шатыр мен жертөлені қоршауға алып, бөтен азаматтарды және айналадағы адамдарды оқиға орнынан алыстатып, жедел топтың аға қызметкері дауыстап (электромегафондар және басқа да күшейткіш құралдар пайдалануы мүмкін) құқық бұзушыларға өз еріктерімен берілулеріне ұсыныс жасап, ғимараттың (үй-жайдың) полиция нарядымен қоршауға алынғаны туралы және қарсылық көрсетудің нәтижесіз екенін айтады;
      6) құқық бұзушылар өз еріктерімен берілуден бас тартқан кезде нақты жағдайды, ауа-райы жағдайын есепке ала отырып арнайы құралдарды қолданады, қажет жағдайда қабатқа (шатырға) шығу үшін өрт автосатылары немесе қатты су (сабын су) ағысын үй-жайға беруі үшін автоцистерналар пайдаланылады, бұл құқық бұзушыларды тығылған жерінен шығуларына немесе оларды састыруға мүмкіндік береді;
      7) егер көрсетілген құралдарды объективті себептермен қолдану мүмкін болмаса немесе нәтижесіз болса, құқық бұзушыларды ұстауға иттер қолданылады. Иттер қарғыбаусыз жіберіледі. ІІО қызметкерлері "Черемуха" әдісін қолданғаннан кейін үй-жай газдалған болса, противогаз пайдаланып, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып құқық бұзушыларды ұстау үшін үй-жайға кіреді;
      8) патрульдік-күзет нарядының бойтасасын қамтамасыз ететін ІІО қызметкерлері құқық бұзушылардың көңілін алаңқай қылу үшін шара қолданады. Қараңғы үй-жайға кіргеннен кейін есіктің жанынан кетіп, көздің қараңғы жерге үйренуі үшін және өздерін қауіпсіздендіру үшін құқық бұзушылар шабуыл жасауға мүмкіндігі жоқ жарық түспейтін жерге тұру керек. Электр жарықтандыру құралдарын аз уақытқа ғана қосу керек және жанына созылған сол қолына ұстауы керек;
      9) қараңғы үй-жайларда құқық бұзушыларды ұстауда түнде көру құралдары қолданылады. Олардың негізгі мақсаты қараңғыда өздерін түгелімен байқалмаймын деп ойлайтын іздеудегі құқық бұзушыларды табу;
      10) ғимаратты қоршауға алу полиция қызметкерлерін жерде - өрт сатыларына, шатырлары төмен жерлерге, шатырларда - бір-бірімен байланысқан үйлер мен құрылыстардың шатырларын бөліп тұратын өртке қарсы қабырғалардың шығыңқы жерлеріне және т.б. орналастыру жолымен жүзеге асады.

      67. Қаруланған құқық бұзушыларды пәтерде ұстау:
      1) қаруланған құқық бұзушыларды пәтерде ұстау кезінде  ғимаратқа кіру жолдарын, оның үй-жайының ішкі орналасуын және ұстау жүргізілетін пәтердің жоспарын алдын ала мұқият қарап алу қажет, қабатты, үйдегі қосалқы есіктерді, пәтердің терезелеріне жақын орналасқан өрт сатыларын, бірнеше пәтерге ортақ балкондарды және т.с.с. анықтайды;
      2) пәтерге кірер алдында бақылауға және қоршауға алуға бөлінген ІІО қызметкерлері жасырын түрде өз орындарына тұрады. Ғимараттан бөлек ыңғайлы паналар болмағанда, мұндай жерлер бақыланып тұрған терезелер, балкондар және басқа объектілер бақылаушы қабырғаға арқасымен тұрғанда оң жағында болатындай есеппен үйдің қабырғаларынан таңдалады. Дәл осылай ғимарат ішіндегі баспалдақ клеткасы қоршауға алынады;
      3) егер құқық бұзушы бірнеше отбасы тұратын пәтерге жасырынса, онда барлық тұрғындар туралы мәліметтер жинау, олардың бір-бірімен және құқық бұзушының отбасымен қарым-қатынастарын анықтау қажет. Бұл мәліметтер құқық бұзушының көршісіне жасырынуы немесе оның көмегіне сүйену мәселелерін шешу үшін қажет болады;
      4) ұстау кезінде мақсатқа сәйкес үй-жайды қоршауға алып және маскировка пайдаланып, пәтерді тыңғылықты бақылауды ұйымдастырады. Пәтерден тұрғындардың немесе құқық бұзушының отбасы мүшелерінің жұмысқа, сауда жасауға және т.б. шығуы полиция жұмысшыларының үй-жайға кіруіне ыңғайлы сәт туғызады;
      5) Сонымен қатар, жағдайды талдай отырып, кірудің келесі варианттары болуы мүмкін:
      - егер құқық бұзушының шығатын есік жанында жоқтығына немесе бақылап тұрмағанына сенімді болса, пәтерден шығушылар есікті ашқаннан кейін іле кіру;
      - тұрғындар пәтерден шыққан соң және олар құқық бұзушы бақылап тұрған аумақтан кеткеннен кейін, олардан ұсталушының ойы, онда қарудың бар-жоқтығы туралы сұралады, осы адамдардың көмегі, не болмаса олардағы кіретін есіктің кілті пайдаланылады;
      - пәтер тұрғындарының қайта оралған кездері пайдаланылады.
      6) бұлармен қоса ІІО қызметкерлерінің үй-жайға кіруінің басқа да тәсілдері бар (ТЭК және басқа да коммунальдық қызметтердің жұмысшысы ретінде кіру, т.б.);
      7) операцияны жүргізудің барлық жағдайларындағы ең қиыны пәтерге кіру болып табылады, соның ішінде маңыздысы патрульдік-күзет наряды қызметкерлерін дұрыс орналастыру;
      8) пәтерлердегі қаруланған құқық бұзушыларды дереу ұстау тәртіп бойынша, олар қарудан оқ атқан жағдайда жүргізіледі. Аса қиын жағдайлар құқық бұзушы пәтердің жабық есігі арқылы атысқанда, ал оған жақындау дәліздің тарлығынан мүмкін болмағанда туындайды. Мұндай жағдайларда көздемей ату негізінен атушының кеуде немесе ішінің деңгейінде жүргізілетінін есепке ала отырып, есікке еңбектеп келеді және есіктің жанына еденге отырып немесе тізерлеп орналасады.
      9) есікті бұзудың тәсілін таңдау есікке жақындап келумен ғана байланысты емес, есіктің құрастырылу ерекшелігіне, оның техникалық жағдайына және есік тиектерінің ерекшеліктеріне де байланысты;
      10) екі жаққа ашылатын есіктер өрт сүймендерімен, багрмен, темір құбырлармен, бөренемен және т.б. есік құлпының жанынан тез, қатты соғу арқылы бұзып ашылады;
      11) бір жаққа ашылатын көп тақтайлы есіктер осы нәрселермен, сондай-ақ ұзын сапты балтамен төменгі тақтайдан соғу арқылы бұзып ашылады;
      12) Есік бұзылғаннан кейін қызметтік ит пайдаланылады. Содан кейін бұзылған ойық арқылы не есіктің құлпы ашылады, не болмаса, егер ойықтың көлемі үлкен болса, ұстау тобының қызметкерлері тез кіреді;
      13) итімен бірге полицей-кинолог иттің патрульдік-күзет нарядына және өзге де азаматтарға шабуылын болдырмас үшін қаруланған құқық бұзушы бар үй-жайға бірінші немесе біріншілердің қатарында кіреді;
      14) иттің көмегімен құқық бұзушыны ұстаған полицей-кинолог оны күзетуді ұйымдастырады;
      15) ұсталушыға "Қолыңды көтер!" деп әмір ету қажет, бет жағымен қабырғаға қарауды, оған қолдарын тіреуді, аяқтарын алшақтатып алға еңкеюге немесе жерге бетімен жатып, қолдарын басына қоюды бұйырады. Дереу ұсталушының заттары мен киімін қарап шығады;
      16) есік тиектерін бұзып ашудың барлық жағдайларында есіктің сондай-ақ шынжырмен жабылу мүмкіндігін де естен шығармау қажет. Сондықтан, патрульдік-күзет наряды өздерімен бірге шынжырды үзетін не болмаса оны бекітуден жұлып алатын саперлық қайшы (тістеуіктер) немесе ұзын сапты ауыр зат алып жүрулері керек;
      17) есіктерді және тиектерді бұзу уақытында жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар бар болса, кұлып тесігі арқылы "Черемуха" арнайы құралын қолдану қажет. Ол құқық бұзушының дәлізден (ауыз үйден) үй-жайдың ішкі жағына кетуіне мәжбүр етіп, патрульдік-күзет нарядтарының пәтерге кіргеннен кейін күштерін ыңғайлы және қауіпсіз күшейтуге жағдай жасайды;
      18) пәтерге кіретін есікті кешкілік немесе түнгі уақытта бұзып ашуда, құқық бұзушының есікті ашқаннан кейін ыңғайсыз жағдайға қалдыру үшін баспалдақ алаңқайындағы жарықты сөндіру қажет, өйткені көз қараңғыдан гөрі жарыққа тез үйренеді;
      19) қаруланған құқық бұзушыны көптұрғынды пәтерде ұстаудың өзіндік ерекшелігі бар. Мұндай жағдайда мақсатқа сәйкес, пәтердің есігін ашып беретін және құқық бұзушының қай жерде екенін хабарлайтын көршілердің көмегі пайдаланылады;
      20) көп тұрғынды пәтерде ұстаудың жағымсыз жағы ондағы азаматтар санының көптігі, бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және арнайы құралдарды қолдану мүмкіндігін қиындатады;
      21) барлық жағдайларда ІІО қызметкерлері ұстайтын адам бар пәтерге кіргенде топталып тұрмаулары қажет;
      22) құқық бұзушыны ұстауда ол өзінің қорғау үшін балаларды, әйелдерді және өзге де азаматтарды кепілдікке алып, егер оған жасырынуға мүмкіндік берілмесе, кепілдіктегі адамдарды өлтіретіні туралы қорқыту фактілері кездеседі. Мұндай жағдайларда ПКК патрульдік-күзет нарядтары дереу аумақтық ішкі істер органының жедел басқару орталығына (кезекші бөлімге) хабарлайды, объектіні қоршайды және арнайы жоспар кіргізілгенше объектіге қатысты аумақтағы қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді және операция аға қызметкерінің өкімі бойынша жасайды.

11. Құқық бұзушыны ұстау барысында полиция кешенді
күштері патрульдік-күзет нарядтарының қабылдайтын жеке қауіпсіздік шаралары

      1. Жарық көзін корпустан жанына созылған сол қолына ұстау қажет.
      2. Өз қызметкерлеріне жарық түсіруге тыйым салынады, объектіге кіру кезінде кіреберісте топталмау, мүмкін болса, әртүрлі ойықтар арқылы кіру қажет, есіктің ойығына немесе терезенің жақтауында тоқтауға болмайды, терезе ойықтарының жанынан тұрған бойда жүгіріп өтпеу қажет, үй-жайдың ортасына бірден шықпау керек, паналарды (мүлік, прилавкалар және т.б.) барынша пайдалану қажет.
      3. Қызметкерлердің байқаусызда атып қалуын болдырмау үшін сақтық шараларын сақтай отырып (қару жоғары бағытталған болу қажет), қару дереу қолдануға дайын тұруы қажет.
      4. Есікті ашу үшін бірінші оны жабу қажет, содан соң есік қабырғаға соғылатындай етіп аяқпен қатты тебу арқылы оны ашады (есік ішке ашылатын болса), сыртқа ашылатын есікті ашқанда есік ойығына бүйірлей тұрып есікті қолымен ашады (екінші полицей есік ойығынан есік артындағы кеңістікті бақылау және болуы мүмкін шабуылды тоқтату мүмкін болатындай ара қашықтықта кішкене алыстау тұрады).
      5. Ұстау кезінде әрбір құқық бұзушы міндетті түрде тексеріледі, мұнымен қатар полиция қызметкерлері қауіпсіз қашықтықта тұрып, бір-бірін сақтандырады.