Тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) оңайлатылған тәртiппен бекiту Ережесi туралы

Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003 жылғы 19 наурыздағы N 80-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 18 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 2237.

Қолданыстағы

      "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  18-бабының 5 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 15 қарашадағы N 1713 қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгi туралы ереженiң 4-тармағына, 11-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) оңайлатылған тәртiппен бекiту Ережесi бекiтiлсін.
      2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң Әкiмшiлiк жұмысы департаментi (A.T.Шабдарбаев) осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн:
      1) оны ресми бұқаралық ақпарат құралдарында заңнамада белгiленген тәртiппен жариялауды қамтамасыз етсiн;
      2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық органдары назарына жеткiзсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары А.К.Әмiринге жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға

Қазақстан Республикасы     
Табиғи монополияларды реттеу  
және бәсекелестiктi қорғау  
жөнiндегi агенттiгi төрағасының
2003 жылғы 19 наурыздағы   
N 80-НҚ бұйрығымен      
бекiтiлген           

Тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) оңайлатылған тәртiппен бекiту Ережесi

1. Жалпы ереже

      1. Тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) оңайлатылған тәртiппен бекiту Ережесi "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзiрлендi.

      2. Ереже табиғи монополия субъектiлерiнiң тауарларды, жұмыстарды өндiруiне және (немесе) қызметтердi ұсынуына тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) белгiлеудiң оңайлатылған тәртiбiн (бұдан әрi - оңайлатылған тәртiп) анықтайды.

      3. Оңайлатылған тәртiп Қазақстан Республикасы табиғи монополия субъектiлерiнiң Мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзiлген, меншiк нысанына қарамай, табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiлерiнiң тауарларды, жұмыстарды өндiруiне және (немесе) қызметтердi көрсетуiне тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) белгiлеуде қолданылады.

      4. Табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiсi - табиғи монополия жағдайында тұтынушыларға тауарларды, жұмыстарды өндiру және (немесе) қызмет көрсету жөнiндегi қызметiн жүзеге асыруды бастаған немесе бастайтын жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға.

      5. Уәкiлеттi орган және табиғи монополия субъектiсi тарифтi (бағаны, алым ставкасын) бекiту туралы өтiнiм ұсынғанда және шешiм қабылдағанда "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  15-1 бабының 2-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган бекiткен шығындарды қалыптастырудың Ерекше тәртiбiн (бұдан әрi - Ерекше тәртiп), басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi, бухгалтерлiк есеп стандартын, тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) бекiту және енгiзу тәртiбiн, салық заңнамасын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ уәкiлеттi органның шешiмiн басшылыққа алады.

2. Табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiлерiнiң тарифтерiн (бағаларын, алым ставкаларын) бекiтуге арналған өтiнiмдердi ұсыну және қабылдау тәртiбi

      6. Табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiсi уәкiлеттi органнан оның Тiркелiмге енгiзiлгенi туралы хабарлама алған сәттен онкүндiк мерзiмде уәкілеттi органға тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) бекiтуге арналған өтiнiмiн ұсынуға мiндеттi.

      7. Табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiсiнiң тарифтердi бекiтуге арналған өтiнiмiне мыналар қоса берiледi:
      1) прейскурант түрiндегi тарифтердiң (бағалардың, алым ставкаларының) жобасы;
      2) жобалық қуат туралы деректер;
      3) таратып жазу қосымшасымен несиелiк және дебиторлық берешектiң бары немесе жоқтығы туралы деректер;
      4) сан нормативiнiң, нормативтiк ысыраптың есебi;
      5) шикiзат және материалдар шығысы нормасының есебi;
      6) негiзгi құралдарды пайдалану мерзiмiн көрсетiп амортизациялық аударымдар есебi;
      7) негiзгi өндiрiстiк қорларды жұмыс жағдайында ұстау үшiн қажеттi шығын сметасының жобасы;
      8) тарифтер (бағалар, алым ставкалары) жобасының есебiне арналған тарифтiк смета;
      9) еңбек ақы қорын және басшылардың лауазымдық қызметақысын белгiлеу туралы мемлекеттiк мүлiктi немесе мемлекеттiк кәсiпорынды басқару жөнiндегi орган шешiмi (мемлекеттiк кәсiпорындарға немесе мемлекеттiң үлесiн иеленушi кәсiпорындарға);
      10) жалпыға бiрдей сапалы қызмет көрсету мiндетiне және табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мүмкiншiлiгiне сүйене отырып, қызметтiң (тауарлар, жұмыстар) жоспарлы көлемiн растайтын құжаттар (мақсатты хаттамалары, шарттар, тауарларды өндiру көлемдерiнiң есебi).

      8. Өтiнiмге қоса берiлiп отырған есептер мен негiздеушi материалдар мына талаптарға жауап беруге тиiстi:
      1) негiздеушi материалдардың әрбiр бетiне субъект басшысы, ал қаржылық құжаттарға және бас бухгалтер қол қояды;
      2) негiздеушi материалдар алдағы жоспарланатын жылға (төрт тоқсан) арналған есепте ұсынылады;
      3) негiздеушi материалдар ретiнде жоспарланатын шығындар, табыстар туралы деректер ұсынылуы қажет;
      4) қызметтiң әр түрлерi бойынша негiздеуші материалдар бөлек ұсынылады.

3. Өтiнiмдердi қарау және тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) бекiту тәртiбi

      9. Табиғи монополия субъектiлерiнiң тауарларды, жұмыстарды өндiру және (немесе) қызметтердi көрсетуге арналған тарифтiң (бағаның, алым ставкасының), жобаларын уәкiлеттi орган 30 күннiң iшiнде қарайды, қосымша ақпарат талап ету қажет жағдайда өтiнiмдi қарау мерзiмi табиғи монополия субъектiсiне бұл туралы хабарлаумен 15 күнге созылуы мүмкiн.
      Тарифтер (баға, алым ставкалары) жобаларын қарау мерзiмi өтiнiмнiң уәкiлеттi органға келiп түскен сәтiнен бастап саналады.

      10. Уәкiлеттi орган тарифтер (бағалар, алым ставкалары) жобаларына тәуелсiз сарапшыларды) мемлекеттiк органдарды, тұтынушыларды және олардың қоғамдық ұйымдарын тартып, табиғи монополиялар субъектiлерi ұсынған негiздеушi құжаттар және есептер берген өтiнiмiн талдау негiзiнде, сондай-ақ осындай қызмет түрiмен айналысатын табиғи монополиялар субъектілерi қызмет көрсеткiшiнiң салыстырмалы талдауы негiзiнде сараптама жүргiзуге құқылы.

      11. Уәкiлеттi орган табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметi туралы құзыреттi органнан және/немесе табиғи монополиялар субъектiлерiнiң өзiнен/қосымша ақпарат сұрауға құқылы.

      12. Тарифтi (бағаны, алым ставкасын) бекiту туралы шешiм уәкiлеттi органның бұйрығы түрiнде ресiмделедi және табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiсiне бекiтiлген тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) енгiзуге дейiн 15 күн бұрын жiберiледi.

4. Тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын)
қолданысқа енгiзу тәртiбi

      13. Бекiтілген тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) енгiзу осы Ережеде көзделген барлық тәртiптердi сақтау қажеттiлiгiн ескеретiн уәкiлеттi орган анықтаған күнiнен бастап жүзеге асырылады.

      14. Табиғи монополияның жаңадан құрылған субъектiсi тарифтi (бағаны, алым ставкасын) енгiзу туралы тұтынушыларға ресми бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оларды қолданысқа енгiзуге дейiн 10 күн бұрын хабарлауға мiндеттi.

      15. Табиғи монополия субъектiсi өтiнiмдi беру тәртiбiн, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң сенiмсiз (жалған) материалдар мен ақпараттар ұсынса және тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) енгiзу туралы тұтынушыларға хабарлау мерзiмiн бұзса Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершiлiкке тартылады.

      16. Оңайлатылған тәртiппен тарифтi (бағаны, алым ставкасын) енгiзген сәттен бастап алты ай өткен соң жаңадан құрылған табиғи монополиялар субъектiлерi тарифтi (бағаны, алым ставкасын) жалпы тәртiпте бекiту үшiн уәкiлеттi органға өтiнiм жасауға мiндеттi.

      17. Оңайлатылған тәртiппен бекiтiлген тарифтi (бағаны, алым ставкасын) көтерген жағдайда уәкiлеттi орган жаңа тарифті (бағаны, алым ставкасын) енгiзумен қатар тұтынушыларға келтiрiлген залалға өтемақы төлеу туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.