Қазақстан Республикасының аумағында радиобақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту

Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 10 қыркүйектегі N 304-I бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 23 қазанда тіркелді. Тіркеу N 2023

Қолданыстағы

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 18 мамырдағы Заңына сәйкес және "Радиожиілік спектрiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн пайдаланудың тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 9 шiлдедегi N 652 қаулысын орындау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында радиобақылауды жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Байланыс және ақпараттандыру жөнiндегi комитетi (А.Б.Есенғараев) Ереженi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне мемлекеттiк тiркеуге ұсынсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар вице-министрi Н.З.Нығматулинге жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық оның мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi, таныстыру мен таратуға жатады.

Министр



      Келісілді

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Қауіпсіздік
комитетінің төрағасы
2002 жылғы 23 қыркүйек
  Келісілді
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2002 жылғы 27 қыркүйек
  Келісілді
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
2002 жылғы 18 қазан
Қазақстан Республикасының
Көлік және коммуникациялар
министрінің
2002 жылғы 10 қыркүйектегі
N 304-I бұйрығымен
Бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында
радиобақылауды жүзеге асырудың
ЕРЕЖЕСІ

      Осы Қазақстан Республикасының аумағында радиобақылауды жүзеге асырудың ережесi (бұдан әpi - Ереже) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi және радиожиілік спектрiн пайдалануды тәртіпке келтiру, радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдаланатын (қолданатын) заңды және жеке тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың қызметiн реттеу мен бақылау мақсатында енгiзiлдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасындағы азаматтық мақсаттағы радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiкті құрылғылардың сәуле шығаруларын радиобақылаудың қағидаттары мен тәртібін, көрсетiлген caлaдaғы уәкілетті органның құзыретін анықтайды.

      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар:

      1) радиоэлектронды құралдар (бұдан әрi - РЭҚ) - бiр немесе бiрнеше радиотаратушы немесе радиоқабылдағыш құрылғылардан, немесе олардың және қосалқы жабдықтардың қиыстыруынан тұратын, радиотолқындарды беру немесе қабылдауға арналған техникалық құралдар;

      2) жоғары жиiлiктi құрылғы (бұдан әрi - ЖЖҚ) - электр байланыс саласынан басқа, өнеркәсiптiк, ғылыми, медициналық, тұрмыстық немесе сол сияқты басқа да мақсаттарға радиожиілік энергиясын генерациялау және жергiлiктi пайдалануға арналған жабдықтар немесе құралдар;

      3) радиобақылау - радиосәулешығаруға техникалық бақылау жасау, радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiкті құрылғыларды тексеру, радиокедергi көздерiнің қызметiн, радиожиіліктердi пайдалану тәртiбiн, қызметтегі PЭҚ пен ЖЖҚ сәулелену параметрлерiне арналған стандарттар мен нормаларды бұзуды айқындау және тоқтату жолымен, рұқсат етiлген кедергiлер деңгейi бар радиоэлектронды құралдарды пайдалануды қамтамасыз ететiн шаралар жүйесi;

      4) РЭҚ пен ЖЖҚ иесi - PЭҚ пен ЖЖҚ пайдалану үшiн берiлген радиожиiліктер мен радиожиiлiк арналарын өзінің қызметiнде немесе басқа мақсатқа қолданатын заңды немесе жеке тұлға;

      5) радиожиiлiктi немесе радиожиілік арнасын беру - уәкiлеттi органның радиожиiлiктi немесе радиожиілік арнасын белгiлi бiр жағдайларда пайдалануға рұқсат беруi;

      6) электромагниттiк үйлесiмділік (бұдан әрі - ЭМҮ) радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың нақты пайдалану жағдайларында оларға көзделмеген радиокедергiлер әсер еткен кезде талап етiлген сапамен жұмыс iстеу және басқа радиоэлектронды құралдарда жол берiлмейтiн радиокедергiлердi болғызбау қабiлетi;

      7) конверсия - азаматтық мүддедегi радиоэлектрондық құралдарды пайдалану мақсатында тиiстi мемлекеттік органдарға бөлiнген радиожиіліктердi босату;

      8) қосарлы қолдану - Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн, қорғанысын және құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету үшiн бөлiнген радиожиiлiктердi коммерциялық мақсаттарға пайдалану;

      9) уәкiлеттi орган - заңды және жеке тұлғалардың радиожиілік

      спектрiн пайдалануға радиобақылауды және РЭҚ пен ЖЖҚ қызмет ету тәртiбiн анықтайтын заң нормаларын олардың сақтауы бөлiгiнде, сондай-ақ лицензиялар мен рұқсаттарда соларда рұқсат етiлген қызмет түрiн жүзеге асырудың белгiленген талаптары мен шарттарын бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлігiнің Байланыс және ақпараттандыру жөнiндегi комитетi.

      3. Радиобақылаудың негiзгi мақсаты радиожиілік спектрiн ұтымды және оңтайлы пайдалану негiзiнде РЭҚ пен ЖЖҚ орнықты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ, уәкiлеттi орган жүзеге асыратын атқару, шешу, қадағалау, бақылау және өзге де шараларды жүргiзу болып табылады.

      4. Азаматтық мақсаттағы PЭҚ пен ЖЖҚ сәулеленулерiне радиобақылауды "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 18 мамырдағы Заңына, сондай-ақ пайдаланып жүрген РЭҚ пен ЖЖҚ ЭMY-нің белгiленген нормалары мен талаптарына техникалық сәйкестiгiн анықтайтын осы Ережеге сәйкес уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      5. Осы Ережелердiң күшi Қазақстан Республикасының аумағындағы азаматтық мақсаттағы РЭҚ пен ЖЖҚ пайдаланушылардың барлығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы және су акваторияларындағы шетелдiк пайдаланушыларға да тарайды.

      6. Осы Ережелер Қазақстан Республикасының 3аңдық иелігіндегi халықаралық суларда, әуе және ғарыш кеңiстiгiнде немесе шетел мемлекеттерiнiң аумағындағы РЭҚ пен ЖЖҚ қолданушыларға қатысты Халықаралық электр байланыс одағының конвенциясы мен Жарғы және басқа халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының мiндеттемелерiн есепке ала отырып қолданылады.

      7. Қазақстан Республикасында радиобақылау саласындағы қызмет мынадай қағидаттарда жүзеге асырылады:

      1) Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарын сақтау;

      2) радиожиiлiк спектрiн пайдалану саласындағы бөлу және бақылау функцияларына мемлекеттің ерекше құқығы;

      3) радиобақылауды, радиожиiлiк спектрiн пайдалануды жалпы реттеудің және Қазақстан Республикасы РЭҚ пен ЖЖҚ жиiлiктiк иемденулерiн халықаралық құқықтық қорғаудың ажырамас құрамдас бөлiгi ретiнде қолдану;

      4) радиожиiлiк спектрiн пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн сақтау;

      5) азаматтық және үкiметтiк мақсаттағы РЭҚ пен ЖЖҚ сәулеленулерiне бөлек радиобақылау жүргiзудi жүзеге асыру;

      6) радиожиiлiк спектрiн, РЭҚ және ЖЖҚ пайдаланудың техникалық нормалары мен ережелерiн мiндеттi түрде сақтау;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес радиожиiлiк спектрiн пайдалану саласында барлық мемлекеттiк органдардың өзара бiрлесе отырып, iс-қимыл жасауы;

      8) радиосәулеленудi бақылаудың халықаралық жүйесiне қатысу.

2-тарау. Радиобақылаудың жүзеге асыру тәртiбi

      8. Радиобақылау техникалық құжаттарды және рұқсаттарды тексеру (құжаттық бақылау), PЭҚ пен ЖЖҚ параметрлерiн, сондай-ақ оның жұмыс тәртiбiн бақылау-өлшеу аппараттарының және радиотехникалық бақылау құралдарының көмегімен текcepу (құрал-саймандық бақылay) жолымен жүзеге асырылады.

      Тексерулердің жүргiзу тәртiбi мен мерзiмділігін уәкілетті

      орган қолданыстағы заңдарға сәйкес анықтайды.

      9. РЭҚ иелерi жiберген бұзушылықтар айқындалғанда уәкiлеттi орган оларға кемшiлiктердi жою жөнiнде нұсқама жолдайды. PЭҚ иелерi нұсқаманы орындамаған жағдайда оларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ықпал шаралары қолданылады.

      10. Азаматтық мақсаттағы тiркелген РЭҚ жұмысында кедергiлер пайда болған жағдайда:

      1) кедергiлердi сезiнетiн РЭҚ иелерi PЭҚ техникалық параметрлерiнің, соның ішінде қабылдау құрылғыларының таңдау және қорғау қасиеттерінің нормалар мен стандарттарға сәйкестiгiне көз жеткiзуi тиiс. Егер олар нормаларға сәйкес болмаса, РЭҚ иелерi сипаттамаларды нормаларға сәйкестендiру жөнiнде шаралар қабылдауы немесе РЭҚ белгiленген тәртiппен ауыстыруы тиiс. Кедергiлер басқа РЭҚ пен ЖЖҚ сәулеленулерi салдарынан пайда болғанда, кедергiлердi сезiнетiн РЭҚ иелерi уәкiлеттi органға арызданады;

      2) уәкілеттi орган кедергi көздерiн және сипатын, олар пайда болу себептерiн анықтау жөнiнде жұмыстар жүргiзедi және оларды жоюға шаралар қабылдайды;

      3) белгіленген параметрлердің және/немесе жұмыс тәртiбінің бұзылуы РЭҚ қабылдау құрылғысының таңдау немесе қорғау қасиеттерi нашарлауы немесе қатар орналасқан РЭҚ өзара ықпалынан болған интермодуляциялық сипаттағы кедергiлер салдарынан уәкiлеттi орган кедергiлердi жою жөнінде ұсыныстар бередi. Кедергілердi жоюды PЭҚ иесi өз бетiмен жүзеге асырады;

      4) берiлген радиожиiлiктердегi кедергiлердi жою мүмкіндігі болмағанда, уәкiлеттi орган қосымша ақы төлетпестен жаңа радиожиілікті иеленудi жүргiзедi;

      5) өнеркәсiптiк немесе технологиялық сипаттағы көзделмеген кедергiлер жағдайында уәкiлеттi орган кедергi көздерiн анықтау және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды.

      11. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиокедергi көздерiне шетел мемлекеттерiнің байланыс әкімшіліктерiнен шағымдар түскен кезде уәкiлеттi орган осы шағымдардың құқықтық негiзiн анықтайды және егер шағымдар негiздi болса, кедергiлердің себебiн белгiлейдi және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды.

      12. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан РЭҚ басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан көздерден кедергiлердi сезiнген жағдайда уәкiлеттi орган халықаралық келісiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан РЭҚ иелерiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қабылдайды.

      13. Тиiстi рұқсаттарсыз PЭҚ iс-әрекетi мен радиокедергілердi айқындау және тыю жөнiндегi iс-шараларды уәкiлеттi орган жүргiзедi.

3-тарау. Уәкiлеттi органның және РЭҚ пен ЖЖҚ
иелерінің өзара iс-әрекетi

      14. Уәкiлеттi орган радиобақылау бөлiгiнде мыналарды:

      1) тiркелмеген РЭҚ пен ЖЖҚ-ты бақылауды және анықтауды;

      2) РЭҚ пен ЖЖҚ бiр мезгiлдегi орнықты жұмысы үшін электр магниттiк үйлесiмдiктiң шарттарын қамтамасыз етудi;

      3) радиожиiлiктердiң (радиоарналардың) нақты бос еместігін тұрақты бақылауды жүзеге асыруды;

      4) Халықаралық электр байланысы одағының радиобайланыс бюросын және шетелдiк мемлекеттердiң байланыс әкiмшіліктерiн халықаралық радиобақылау жүйесiне қатысу үшiн қажеттi мәліметтермен қамтамасыз етудi;

      5) РЭҚ пен ЖЖҚ сәулеленулерiнің техникалық және пайдалану сипаттамалары мен параметрлерiнің нормалар мен стандарттарға сәйкестiгiн тексерудi;

      6) теле- және радиоқабылдаудың рұқсат етiлген кедергiлер деңгейiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды;

      7) тағайындалған жиiлiктен ауытқыған немесе рұқсатсыз жұмыс iстейтiн PЭҚ пен ЖЖҚ иелерiнен жұмысты дереу тоқтатуын талап етудi;

      8) РЭҚ пен ЖЖҚ, байланыс жүйелерi мен ғимараттарының құрылғыларын пайдалану және техникалық қолдану ережелерінің талаптарын бұзуды жою туралы нұсқамалар беру, олардың орындалуын бақылауды;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшiлiк құқықтық бұзулар туралы iстердi қарайтын уәкiлеттi органдарға әкімшілік құқық бұзулар бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгiзедi;

      10) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсiздiк комитетiне, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiне, бекiтiлген радиожиіліктер өрiстерiн қоспағанда, радиожиілік спектрiнiң техникалық радиомониторингiн жүзеге асыруды.

      15. Уәкiлеттi органның лауазымды тұлғалары:

      1) уәкiлеттi органға жататындығын растайтын қызмет куәлiгiн көрсеткен кезде PЭҚ пен ЖЖҚ-қа, сондай-ақ олардың техникалық құжаттарына бөгетсiз жiберiледi;

      2) техникалық радиобақылауды жүзеге асыру үшін РЭҚ пен ЖЖҚ радио сәулешығаруларын сканерлейтiн, радиоэлектронды құралдың сәйкестендiру кодын анықтайтын және торуылдау мақсатындағы радиобақылаудың тұрақты және жылжымалы техникалық құралдарын пайдаланады.

      16. РЭҚ пен ЖЖҚ иелерi:

      1) PЭK пен ЖЖҚ-на берiлген радиожиiлiктердi (радиожиiлiктiк арналарды) алынған рұқсаттың шарттарына сәйкес қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланады;

      2) оның РЭҚ немесе ЖЖҚ-ына берiлген радиожиіліктегі (радиожиіліктік арнадағы) кедергiлердi жою үшiн уәкiлеттi органға арызданады;

      3) заңдарда белгiленген тәртіппен уәкiлеттi органның лауазымды тұлғаларының әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне), шешiмдерiне шағымданады. Бұл ретте шағымдану пайдаланушыны осы шешімді орындаудан босатпайды;

      4) РЭҚ немесе ЖЖҚ-ның техникалық сипаттамалары мен пайдалану шарттарының рұқсатта мазмұндалған талаптарға, сондай-ақ белгiленген ережелер мен нормаларға сәйкестiгiн қамтамасыз етедi;

      5) уәкiлеттi органға жататындығын растайтын қызмет куәлiгiн көрсеткен кезде, уәкiлеттi органның лауазымды тұлғаларының РЭҚ немесе ЖЖҚ-ға қамтамасыз етедi;

      6) РЭҚ радиожиіліктерiн (радиоарналарын) пайдалануды тоқтата тұру (соның iшiнде уақытша тыйым салуларды енгiзу салдарынан) немесе тоқтату туралы соның iшiнде РЭҚ пен ЖЖҚ пайдаланушыларына берілген рұқсат шарттарын бұзуларды жою жөнiндегi уәкiлеттi органның барлық нұсқамаларын орындайды.