Қазақстан Республикасында Тауар таңбасын (қызмет көрсету таңбасын) жалпыға мәлiм деп тану жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитет төрайымының 2002 жылғы 15 тамыздағы N 133 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 23 тамызда тіркелді. Тіркеу N 1960

Жаңартылған

      "Tayap таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары туралы" 1999 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңын  iске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН
      1. Қазақстан Республикасында Тауар таңбасын (қызмет көрсету таңбасын) жалпыға мәлiм деп тану жөнiндегi нұсқаулық бекiтiлсiн. 
      2. Өнеркәсiптiк меншiк саласындағы мемлекеттiк саясатты қамтамасыз ету жөнiндегi басқарма осы бұйрықтың мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн. 

       Төрайым  

Қазақстан Республикасының
Әдiлет министрлiгi    
Санаткерлiк меншiк құқығы  
жөнiндегi комитет Төрайымының
2002 жылғы 15 тамыздағы   
N 133 бұйрығымен бекiтiлдi 

  Қазақстан Республикасында Тауар таңбасын
(қызмет көрсету таңбасын) жалпыға
мәлiм деп тану жөнiндегi нұсқаулық 

  1. Жалпы ережелер  

      1. Осы Нұсқаулық "Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары туралы" 1999 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңы  (бұдан әрi - Заң) 1-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау жөнiндегi 1883 жылғы 20 наурыздағы Париж конвенциясының (бұдан әрi - Париж конвенциясы) 6bis және 10bis баптарына орай Қазақстан Республикасында тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын (бұдан әрi - тауар таңбасы) жалпыға мәлiм деп танудың тәртiбi мен талаптарын белгiлейдi. 

      2. Осы Нұсқаулықтың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген немесе таңбаларды халықаралық тiркеу туралы Мадрид келiсiмiне орай қорғалатын тауар таңбасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тауар таңбасы ретiнде құқықтық қорғаусыз пайдаланылатын, бiрақ белсендi пайдаланылуы нәтижесiнде Қазақстан Республикасында халықтың тиiстi топтары арасында кең мәлiм болған белгi жалпыға мәлiм тауар таңбасы деп танылуы мүмкiн. 

      3. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Санаткерлiк меншiк құқығы жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет) тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тану жөнiндегi құзыреттi орган болып табылады. 

  2. Тауар таңбасын жалпыға мәлiм
деп тану туралы өтiнiм 

      4. Тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тану туралы өтiнiмдi (бұдан әрi - өтiнiм) Комитетке өз таңбасының жалпыға мәлiм болуына үмiткер тауар таңбасының иесi немесе оның тиiстi өкiлеттiгi бар өкілi бередi.

      5. Өтiнiм бiр тауар таңбасына қатысты болуға және онда: 
      тауарды жалпыға мәлiм деп тану туралы өтiнiшi; 
      тауар таңбасы иесiнiң аты немесе атауы; 
      оның тұрғылықты жерiнiң немесе орналасқан жерiнiң мекен-жайы; 
      хат жазысу үшiн мекен-жайы; 
      тауар таңбасын құқықтық қорғау, соның iшiнде Қазақстан Республикасында құқықтық қорғау туралы деректер; 
      өтiнiш берушiнiң пiкiрi бойынша таңба жалпыға мәлiм болған күндi көрсету; 
      өтiнiш берушiнiң пiкiрi бойынша таңба соларға қатысты жалпыға мәлiм болған тауарлар мен қызмет көрсетулердiң тiзбесiн қамту тиiс. 

      6. Өтiнiмге: 
      1) тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiлiгiн растайтын нақты мәлімет; 
      2) тауар таңбасының 8х8 см көлемiндегi бес дана бейнесi; 
      3) өтiнiм өкiл арқылы берiлген жағдайда, сенiмхат қоса тiркеледi. 
      Өтiнiш беруге және сараптауға байланысты iс-әрекеттердi жүзеге асырғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақы алынуы мүмкiн. Бұл жағдайда берiлген өтiнiшке тиiстi ақы төленгенiн растайтын құжат қоса берiлуге тиiс. 

      7. Тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiлiгiн растайтын мәлiметте тұтынушыларға сауал қоюдың нәтижелерi мазмұндалуға тиiс. Тұтынушыларға сауал қоюды Қазақстан Республикасының аумағында мамандандырылған тәуелсiз ұйым жүргiзедi. Сауал қою Астана және Алматы қалаларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының кемiнде алты iрi елдi мекендерiн қамтуға тиiс. Сауал қойылғандардың жалпы саны үш мың адамнан кем болмауға тиiс. Бұл орайда бiр елдi мекендегi сауал қойылғандардың саны бес жүз адамнан кем болмауға тиiс. Сауал қойылғандардың ең көп саны шектелмейдi. Сауал қою тұтынушылардың тиiстi топтарының арасында жүргiзiледi. Халық тұтынатын тауарлар үшiн сауал қою "орташа" тұтынушылардың арасында (жыныс, жас, білiм белгiлерi, әлеуметтiк және материалдық жағдайы бойынша), сондай-ақ өнеркәсiп пен сауданың тиiстi салаларының мамандары арасында жүргiзiледi. Өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы тауарлар үшiн сауал қою өнiмнiң осы түрiнiң тұтынушылары болып табылатын өндiрiстiң, сауданың немесе өзге iскер топтар мамандарының арасында жүргiзiледi. Тұтынушыға сауал қоюды жүргiзген кезде одан тауар таңбасының өзiне мәлiм екендiгi, осы тауар таңбасы туралы тұтынушының қай жерде және қашан бiлгенi, осы таңбаның қандай тауарларға пайдаланылатыны және өзiнiң осы тауарлардың тұтынушысы болып табылатыны не табылмайтыны туралы деректер алынуға тиiс. 
      Сауал қоюдың нәтижелерiнен бөлек, тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiгiн растайтын мәлiметтер, мысалы: 
      тауар таңбасын Қазақстан Республикасының аумағында үдемелi пайдалану туралы (нақты аумақты қамту, пайдалану мерзiмдерi); 
      тауар таңбасын пайдалану тәсiлдерi туралы; 
      тауарларды осы тауар таңбасымен сатудың көлемi және өткiзу арналары туралы; 
      осы тауар таңбалары бар тауарларды тұтынушылардың жылдық орташа саны туралы; 
      тауар таңбасының құны туралы; 
      жылдық қаржылық есеп берулерге сәйкес тауар таңбасының жарнама үдемелiлiгi (бұқаралық ақпарат құралдарында, көрмелерде, жәрмеңкелерде) және жарнама шығындары туралы; 
      таңбаның бастапқы немесе кейiннен пайда болған айырым қабiлеттiлiгiнiң дәрежесi туралы (бастапқыда айырым қабiлеттiлiгi әлсiз болған таңбалар ұзақ және интенсивтi пайдаланылу нәтижесiнде айырымға қабiлеттiлiктiң жоғары дәрежесiне ие бола алады); 
      сондай немесе ұқсас таңбаны үшiншi тұлғаның пайдалануы, осындай пайдаланудың сипаты мен дәрежесi туралы; 
      лицензиаттардың, өндiрушiлердiң, дистрибьюторлардың, импортқа шығарушылардың, сатушылардың саны туралы; 
      тауар таңбасының жергiлiктi, аймақтық, көршi мемлекеттерде, әлемге мәлiм болу дәрежесi туралы; 
      тауар таңбасының шетелдерде тiркелуiнiң болуы туралы; 
      өзге де мәлiметтер болуы мүмкiн. 

      8. Тауар таңбасының бейнесi көшiрiп-көбейту үшiн жарамды болуға тиiс. Тауар таңбасының бейнесi ретiнде заттаңба ұсынылуы мүмкiн. Егер бейне көлемдi (үш өлшемдi) болса, жалпы түрдiң бейнесi, сондай-ақ ол туралы егжей-тегжейлi түсiнiк беретiн басқа қажеттi проекцияның бейнесi ұсынылады. Бейне тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiгi сұралатын бояулы түсте немесе бояулы түс үйлесiмiнде ұсынылады. 

  3. Өтiнiмдi сараптау және ол туралы
мәлiмет жариялау  

      9. Комитет өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай iшiнде осы Нұсқаулықтың 5 және 6-тармақтарында белгiленген қажеттi құжаттардың бар-жоғын тексередi, өтiнiш берушiге өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны туралы хабарлайды және ол туралы мәлiметтердi таныстыру мен үшiншi тұлғалар тарапынан болуы ықтимал қарсылықтар үшін жариялайды. 
      Қосымша материалдарды Комитет сұранысы бойынша не осы мерзiмде ұзарту туралы өтiнiштi тапсырмаған жағдайда осы құжаттарды ұсынуда iс жүргiзу тоқтатылып, өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi. 
      Жарияланған күннен бастап үш ай өткенде Комитет өтiнiмдi қоса берiлiп отырған таңбаның жалпыға мәлiмдiлiгiн растайтын барлық материалдарды талдай отырып қарайды. Белгiленген мерзiм өткеннен кейiн Комитет қарауды алты ай iшiнде жүргiзедi. Қажет кезiнде өтiнiш берушіден таңбаның Қазақстан Республикасында жалпыға мәлiмдiлiгiн растайтын қосымша мәлiмет сұратылуы мүмкiн. 
      Өтiнiмдi қарау аяқталғанға дейiн өтiнiш берушi өтiнiм материалдарын түзетуге, толықтыруға және нақтылауға құқылы. 
      Үшiншi тұлғаның тарапынан қарсылық болған жағдайда өтiнiш берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi, өтiнiш берушi оған пiкiрiн өтiнiмдi қарау нәтижесi бойынша қорытынды шығарылғанға дейiн ұсына алады.

      10. Өтiнiмдi қарау нәтижесi бойынша Комитет тауар таңбасының иесiне жiберiлетiн, тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тану туралы не ондай деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. 
      Тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тану туралы шешiмде: 
      тауар таңбасының жалпыға мәлiм тiркеу нөмiрi; 
      таңба жалпыға мәлiм деп танылған күн; 
      жалпыға мәлiм тауар таңбасының бейнесi; 
      оның иесiнiң аты немесе атауы, оның тұрған жерi немесе тұрғылықты жерi; 
      тауар таңбасының жалпыға мәлiм деп танылуына қатысты тауарлар мен қызмет көрсетулердiң тiзбесi қамтылуы тиiс. 
      Егер өтiнiш берушi ұсынған нақты мәлiметте таңбаның жалпыға мәлiм болуының өтiнiмде көрсетiлгеннен өзге күн екендiгi расталса, тауар таңбасы нақты күннен бастап жалпыға мәлiм деп танылуы мүмкiн. 
      Тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп танудан бас тарту туралы шешiм, егер: 
      өтiнiш берушi ұсынған мәлiмет тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiлiгiн растамаса немесе тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiлiгiн тану үшiн жеткiлiксiз болса; 
      өзiнiң тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тануға өтiнiш берген күннен неғұрлым ертерек басымдығы бар, қорғалатын немесе бiр тектес тауарларға қатысты өзге тұлғаның атына мәлiмделген, өтiнiш берушiнiң тауар таңбаларымен аралас дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауар таңбасы болса шығарылады. 
      Комитеттiң осы тармақтың 1 абзацында көрсетiлген шешiмiне сотқа шағым жасалуы мүмкiн. 

      11-1. Жалпыға белгілі тауар таңбасына (қызмет көрсету белгісіне) сертификат беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж алынады.
      Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат уәкілетті органға жалпыға белгілі тауар таңбасына (қызмет көрсету белгісіне) берілетін сертификат берілгенге дейін ұсынылады.
       Ескерту: 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті Төрайымының 2005 жылғы 30 желтоқсандағы N 71-НҚ   бұйрығымен  ( қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз ).

  4. Қазақстан Республикасында жалпыға мәлiм
тауар таңбаларын Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзу
және олар туралы мәлiметтер жариялау 

      11. Жалпыға мәлiм деп танылған тауар таңбасы, Қазақстан Республикасында жалпыға мәлiм тауар таңбаларының Мемлекеттiк тiзiлiмiне (бұдан әрi - Мемтiзiлiм) енгiзiледi. 
      Комитет жалпыға мәлiм тауар таңбасының иесiне он жыл iшiнде қолданыста болатын, белгiленген үлгідегi сертификат бередi. Сертификаттың қолданылу мерзiмi иесiнiң өтiнiшi бойынша және өтiнiш берген сәттегi тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiгiн растайтын мәлiмет ұсынылған жағдайда осы Нұсқаулықпен белгiленген тәртiпке сәйкес әрбiр он жыл сайын ұзартылуы мүмкін. 

      12. Тауар таңбасын Қазақстан Республикасында жалпыға мәлiм деп тану туралы, сертификаттың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiмет "Өнеркәсiп меншігi-Промышленная собственность" ресми бюллетеньде жарияланады.

      13. Жалпыға мәлiм тауар таңбаларын құқықтық қорғау: 
      1) тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталуына байланысты; 
      2) үшiншi тұлғалардың өтiнiшi бойынша тауар таңбасының жалпыға мәлiмдiк мәртебесiн жоғалтуына байланысты; 
      3) тауар таңбасын жалпыға мәлiм деп тану туралы шешiмi жойылған жағдайында тоқтатылады.
      Жалпыға мәлiм тауар таңбасын құқықтық қорғау тоқтатылғаны туралы мәлiмет Мемтiзiлiмге енгiзiледi және ресми бюллетеньде жарияланады.