Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы 2000 жылғы 24 тамыздағы N 331 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 12 қазан N 1260 тіркелді

Жаңартылған

      Қолданушылардың назарына! Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 371 қаулысымен енізілген өзгерістер 2005 жылғы 1 шілдеден бастап күшiне енедi, сондықтан қажет болған жағдайда "Заң" деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.
      Ескерту. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 371 қаулысына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 31 мамырдағы N 80 қаулысымен, 2004 жылғы 13 қарашадағы N 153 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының айналысын реттейтiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесi бекiтiлсiн және осы аталған Ереже күшiне енгiзiлген күннен бастап үш айлық мерзiм өткен соң күшiне енгiзiлетiн 35-тармақтан басқасы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап екi апталық мерзiм өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн.
      2. Төлем жүйесi басқармасы (Мұсаев Р.Н.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қарастырсын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап екi апталық мерзiмде осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне және аумақтық филиалдарына жiберсiн.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалдары осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн екiншi деңгейдегi банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға жiберсiн.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Е.Т.Жанкелдинге жүктелсiн.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық Банкі Басқармасының
2000 жылғы 24 тамыздағы 
N 331 қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын
шығару және пайдалану ережесi

1-тарау. Жалпы ережелер

       1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару талаптарын белгілейді және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау кезінде төлем құжаттарын ресімдеу мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Ереже тек аталмыш заңды тұлғаның қызметкерлерiне қызмет көрсетуге арналған заңды тұлғаның төлем карточкалары жүйесiне қолданылмайды.

      3. Осы Ережеде "Ақша төлемi мен аударымы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында көзделген негiзгi ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) авторизация - эмитенттің төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасауға рұқсат беруі. Авторизацияны алу рәсімі төлем карточкалары жүйесінің ішкі ережелеріне және/немесе төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес белгіленеді;
      2) банкомат - төлем карточкаларын ұстаушыларға қолма-қол ақшаны алуға және төлем карточкаларын пайдалана отырып банктің басқа да қызметін пайдалануға мүмкіндік беретін электронды- механикалық құрылғы;
      3) дебеттік карточка - ұстаушыға клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлем жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкасы. Дебеттік карточка ұстаушыға эмитент берген заем сомасы шегінде төлем жасауға мүмкіндік береді;
      4) дербес бірегейлендіру нөмірі - төлем карточкасын ұстаушыға берілетін және төлем карточкасын ұстаушыны бірегейлендіруге арналған құпия код;
      5) кәсіпкер - өзі жеткізетін тауарларына және/немесе қызметіне төлемді ақша аудару арқылы жасауға арналған төлем карточкаларын қабылдайтын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      6) процессинг - төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және басқа да операцияларды жүзеге асырған кезде қалыптасатын ақпаратты жинауға, өңдеуге және беруге байланысты қызмет;
      7) клиент - эмитентпен төлем карточкасын беру туралы шарт жасаушы және банк шотының иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      8) корпоративті төлем карточкасы - заңды тұлғаның уәкілетті өкіліне эмитент пен заңды тұлға - банк шоты иесінің арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарт негізінде берілетін төлем карточкасы. Корпоративті төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау заңды тұлғаның банк шотындағы ақша сомасы және/немесе аталмыш заңды тұлғаға берілген заем сомасы шегінде жүзеге асырылады. Корпоративті төлем карточкасын ұстаушы заңды тұлғаның-карт-шот иесінің уәкілетті өкілі болып табылады;
      9) эмитенттің шоғырландырылған шоты - банк эмитент ашқан және алдын-ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын операцияларды есепке алуға арналған ішкі шот;
      10) кредиттік карточка - ұстаушыға эмитент пен клиент арасында жасалған банктік заем шартының талаптарына сәйкес эмитент берген заем сомасы шегінде төлем жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;
      11) төлемдік емес қосымшалар - төлемдерді жүзеге асыруға, қолма-қол ақша беруге және төлем карточкасында орналастырылуы/іске асырылуы мүмкін банктік қызмет көрсетулердің өзге түрлерін көрсетумен байланысты емес қосалқы қосымшалар/функциялар;
      12) процессинг ұйымы - процессингті, сондай-ақ төлем карточкалары жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын төлем карточкалары жүйесіне қатысушы;
      13) сауда чегі - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау фактісін растайтын құжат;
      14) слип - кәсіпкердің немесе эквайердің төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау кезінде қағазға шығарылған төлем құжаты;
      15) төлем карточкалары жүйесінің ішкі ережелері - соған сәйкес төлем карточкалары шығарылатын және оларды пайдалану арқылы төлем карточкалары жүйесінде төлем жасалатын ереже;
      16) төлем карточкаларын шығару - ұстаушыларға төлем карточкасын беру туралы шарт негізінде не алдын ала төленген төлем карточкаларын беру кезінде мұндай шарт жасамай-ақ төлем карточкаларын беруді көздейтін операция;
      17) төлем карточкаларының жүйесі - осы төлем карточкалары жүйесінің ішкі ережелеріне сәйкес төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық- техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
      18) төлем карточкалары жүйесіне қатысушы - жасалған шарттарға сәйкес төлем карточкаларының белгілі бір жүйесінің төлем карточкасын пайдалана отырып ақы төлеу кезінде жасалған төлем құжатын беру, өңдеу және/немесе орындау бойынша міндеттемелер туындайтын жеке немесе заңды тұлға;
      19) төлем карточкасын беру туралы шарт - эмитент пен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалатын шарт, оның негізінде төлем карточкасы беріледі;
      20) төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткізу құралы, онда карточканы ұстаушыға төлем жасауға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті белгілеген әрі соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат болады. Төлем карточкасы дебеттік карточка және кредиттік карточка болып екіге бөлінеді;
      21) алдын ала төленген төлем карточкасы - ұстаушысына бастапқы ұстаушы алдын ала салған және эмитенттің шоғырландырылған есебінде есептелген ақша сомасы шегінде төлемдерді жүзеге асыру және/немесе қолма-қол ақша алу мүмкіндігін беретін төлем карточкасы. Алдын ала төленген төлем карточкасында оның ұстаушысын бірегейлендіруге мүмкіндік беретін деректемелер болмайды;
      22) төлем карточкасын доғару - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасауға толық немесе уақытша тыйым салу;
      23) төлем карточкасының деректемелері - төлем карточкасының ұстаушыға, эмитентке және төлем карточкаларының жүйесіне тиесілігін айқындауға мүмкіндік беретін төлем карточкасындағы және/немесе онда сақталатын ақпарат;
      24) төлем карточкасын ұстаушы - төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдалануға құқығы бар немесе егер төлем карточкасы алдын-ала төленген болса, оған тікелей иелік етуші жеке тұлға;
      25) эквайер - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде кәсіпкермен жасалған шарт талаптарына және/немесе кәсіпкерде жасалған төлем құжаты талаптарына сәйкес кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны қабылдауға және/немесе кәсіпкермен жасалған шартта көзделген өзге де іс-әрекеттерді орындауға тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі - банк). Сондай-ақ төлем карточкасы бойынша қолма-қол ақша беретін банк те эквайер болып табылады;
      26) эмитент - төлем карточкаларын шығаратын банк.
      Ескерту: 3-тармақ жаңа редакцияда, өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58, 2009.08.24 N 85 Қаулыларымен.

2-тарау. Төлем карточкаларын шығару

       4. Ескерту: 4-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 (2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      5. <*>
      Ескерту: 5-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 370 қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын тек қана Қазақстан Республикасының резиденттерi шығарады.

      6-1. Эмитент шығарған төлем карточкасында олардың арасындағы жасалған шарттарға сәйкес басқа тұлғалар іске асыратын қызмет көрсетулердің белгілі бір түрлерін ұсыну немесе есепке алу үшін пайдаланылатын төлемдік емес қосымшалар болуы мүмкін.
      Ескерту: 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      6-2. Эмитенттер алдын ала төленген төлем карточкаларын шығаруды, таратуды және қызмет көрсетуді осы Ереженің және төлем карточкалары жүйесінің ішкі ережелерінің талаптарына сәйкес өздері әзірлеген және бекіткен ішкі құжаттар негізінде жүзеге асырады. Алдын ала төленген төлем карточкалары ұстаушыларының ақшасын есепке алу үшін эмитент эмитенттің шоғырландырылған шотын ашады.
      Ескерту: 6-2-тармақпен толықтырылды, өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58, 2009.08.24  N 85Қаулыларымен.

      6-3. Эмитент шығаруы мүмкін алдын ала төленген төлем карточкасының ең көп сомасы оның ұстаушысы алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалана отырып операцияны жүзеге асыра алатын шекте алдын ала төленген төлем карточкасы шығарылған күнгі 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке тең сомадан немесе оның шетел валютасындағы баламасынан аспауы тиіс.
      Ескерту: 6-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      6-4. Эмитент алдын ала төленген төлем карточкасында көрсетілген осы Ереженің 6-3-тармағында белгіленген мөлшері шегінде алдын ала төленген төлем карточкасын шығаруға құқылы. Белгіленген номиналы бар алдын ала төленген төлем карточкалары толықтырылмайды.
      Ескерту: 6-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      6-5. Эмитент алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялардың түрлеріне және сомаларына шектеулер қоюға құқылы.
      Ескерту: 6-5-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      7. Төлем карточкасын беру туралы шартта мынадай мiндеттi талаптар болуы тиiс:
      1) төлем карточкасын беру талаптары;
      2) төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау талаптары;
      3) қосымша карточкалар берiлетiн тұлғалардың тiзiмi немесе тұлғалардың тiзiмiне сiлтеме жасау (төлем карточкасын беру туралы шарт негiзiнде әр түрлi ұстаушыларға бiрнеше төлем карточкаларын берген жағдайда);
      4) төлем карточкасын алу, оқшаулау және қайта шығару тәртібі және шарттары;
      5) төлем карточкасының және/немесе төлем карточкасын беру туралы шарттың қолданылу мерзiмi;
      5-1) клиенттің өтінішін қарау және зияндарды қарау мен өтеу мерзімдерін көрсете отырып, рұқсат етілмеген төлем бойынша зияндарды клиентке өтеу тәртібі;
      5-2) ықтимал зияндарды қарау мен өтеу мерзімдерін көрсете отырып клиенттердің басқа да шағым-талаптарын қарау тәртібі;
      6) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      7) тараптардың жауапкершiлiгi.
      Төлем карточкасын беру туралы шартта тараптар келiсiлген өзге де талаптар көзделуi мүмкiн.
      Ескерту: 7-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.
      7-1. Төлем карточкасын беру және банк шотын ашу кезінде аралас шарт жасауға рұқсат беріледі, онда төлем карточкасын беру туралы шарттың, банк шоты шартының және (немесе) банк заемы шартының элементтері бар.
      Ескерту: 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.
      7-2. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру үшін заем беру эмитент және клиент арасында жасалған банк заемы шартында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту: 7-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      8. Төлем карточкасын берген кезде эмитент төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалану ережелерiмен таныстыруға мiндеттi.

      9. Жеке тұлға төлем карточкасын алған күннен бастап төлем карточкасының ұстаушысы болып табылады. Ұстаушының төлем карточкасын алуын оны алғанын куәландыратын құжаттағы төлем карточкасын ұстаушының қолы немесе ұстаушының төлем карточкасын алу фактiсiн растайтын өзге де айғақтама растайды.

      10. Төлем карточкасын беру туралы эмитент пен клиент арасында жасалған шарт негiзiнде жеке тұлғаларға бiрнеше қосымша төлем карточкаларын беруге рұқсат етiледі.

      11. Әр түрлі жеке тұлғаларға қосымша төлем карточкаларын берген кезде қосымша төлем карточкасын ұстаушы мен клиент арасындағы өзара қарым-қатынастар егер өзгедей төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленбесе, аталмыш клиенттің талаптарына сәйкес белгіленеді.

      12. Эмитент айналыстағы төлем карточкаларының деректемелері бар өзі берген төлем карточкалардың тізілімін жүргізуі тиіс. Берілген карточкалардың тізілімінде қосымша ақпараттың болуын және аталмыш тізілімді жүргізу нысанын эмитент өзінше белгілейді.

3-тарау. Карт-есепшот және эмитенттің шоғырландырылған шоты

      Ескерту: 3-тарау алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

4-тарау. Төлем құжаттарын жасау

      23. Кәсіпкердің төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған кезде төлем құжаты сатылған тауарлар немесе көрсетiлген қызмет үшiн ақша төлеу туралы кәсiпкердiң эквайерге берген нұсқауы болып табылады. Қолма-қол ақшаны алған кезде төлем құжаты ұстаушыға төлем карточкасы бойынша берiлген қолма-қол ақша сомасын өтеу туралы эквайердiң эмитентке немесе делдал банкке берген нұсқауын бiлдiредi.
      Эмитентке тиесілі банкоматтар арқылы төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру кезінде жасалатын төлем құжаты төлем карточкасын ұстаушының эмитентке бенефициардың пайдасына ақша аудару туралы нұсқауын білдіреді.
      Ескерту: 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      24. Төлем құжаты төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында электронды түрде, сол сияқты қағазға да шығарылып жасалуы және берiлуi мүмкiн. Қағазға шығарылатын төлем құжатының негiзiнде жасалған электронды төлем құжатында қағазға шығарылған құжаттар үшiн мiндеттi болып саналатын деректемелердi есепке алмағанда, қағазға шығарылған төлем құжатында көрсетiлген барлық деректемелер болуы тиiс.

      25. Төлем құжаттарын электронды түрде жасауға және ұсынуға төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiмен және/немесе төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында жасалған шарттармен белгiленген санкцияланбаған төлемдерден қорғау iс-әрекеттерi тәртiбiн сақтаған кезде ғана рұқсат берiледi.

      26. Төлем құжаттары мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жасалады. Төлем құжаттарын жасау кезiнде өзге тiлдердi пайдалану мүмкiндiгi төлем карточкаларының төлем жасалатын жүйесiнiң iшкi ережелерiмен белгiленедi.

      27. Төлем құжатында мынадай деректемелер болуы тиіс:
      1) төлем құжатының нөмірі, оны жазу күні, айы және жылы;
      2) кәсіпкердің және/немесе эквайердің толық атауы (коды);
      3) төлем карточкасының деректемелері;
      4) төлем сомасы;
      5) төлем валютасы;
      6) төлем карточкасын ұстаушының қолы (қағазда шығарылған төлем құжаттары үшін);
      7) кәсіпкердің немесе эквайердің уәкілетті тұлғасының қолы (қағазда шығарылған төлем құжаттары үшін);
      8) төлем белгілеу коды.

      28. Төлем құжатында төлем карточкалары жүйесінiң iшкi ережелерi және/немесе төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында жасалған шарттар белгiлеген қосымша деректемелер болуы мүмкiн.

      29. Қағазда шығарылатын төлем құжаты кемiнде үш данада жасалады. Төлем құжатының бiр данасы кәсiпкерде қалады, екiншi данасы төлем карточкасын ұстаушыға берiледi, үшiншiсi эквайерге берiледi. Қолма-қол ақшаны берген кезде эквайерде төлем құжатының екi данасы қалады.

      30. Слиптi үш данада жасаған кезде, оның екi данасы көшiрме қағаз арқылы жасалады, слиптiң бiрiншi данасына оның қалған екi данасында көрiнетiн қол қоюға рұқсат етiледi. Сонымен бiрге слиптiң барлық үш данасында жеке қол қою талап етiлмейдi. Эквайерге ақша аудару үшiн слиптiң бiрiншi данасы қойылған қолдардың түпнұсқасымен берiледi.

      31. Егер ол төлем карточкасын ұстаушының тiкелей қатысуынсыз жасалған болса, кәсiпкердiң төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип жасауына жол берiледi. Төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип төлем карточкасын ұстаушының жеке басын анықтауға мүмкiндiк беретiн электронды құжаттың негiзiнде жасалады.

      32. Төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип жасауға телекоммуникация желiлерi бойынша, телефонмен берiлген хабар негiзiнде немесе төлем карточкасы жүйесiнiң iшкi ережелерiне және/немесе мұндай слип жасау мүмкiндiгiн көздейтiн, кәсiпкер мен клиент арасында жасалған шартқа сәйкес жол берiледi. Мұндай жағдайда, егер жоғарыда аталған хабарды кiмнiң бергендiгiн нақты анықтау мүмкiн болмаса, мұндай жолмен жасалған төлем үшiн жауап беру кәсiпкердiң авторизация алған-алмағандығына қарамастан, кәсiпкерге жүктеледi.

      33. Қағазға шығарылған төлем құжатына кез келген түзету енгізуге жол берілмейді.

5-тарау. Төлем карточкаларын пайдалана
отырып төлем жасау

       34. Ұстаушы төлем карточкасын тауарды, қызметтi сатып алу, сондай-ақ қолма-қол ақша алу, валюта айырбастау және оның эмитентi белгiлеген Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн талаптарда басқа да операциялар кезiнде төлем жасау мақсатында қолданады.
      Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау тауар және қызметтi сатып алу кезiнде төлем карточкасын немесе оның деректемелерiн пайдалана отырып төлем құжатын жасау арқылы жүзеге асырылады.<*>
      Ескерту: 34-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 қыркүйектегі N 328 қаулысымен.
      34-1. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын барлық төлемдер, алдын ала төленген төлем карточкаларын қоспағанда (клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде, сондай-ақ эмитент ұсынған заем сомасы шегінде) клиенттердің банк шоттарында көрсетіледі. Алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемдер эмитенттің шоғырландырылған шотында көрсетіледі.
      Эмитент және клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде берілген төлем карточкаларының бір немесе түрлі жүйелерінде бірнеше төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдерді бір банк шотында көрсетуге рұқсат беріледі.
      Ескерту: 34-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      35. Төлем карточкасын пайдалана отырып валюта операциялары Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4516 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 11 желтоқсандағы N 129 қаулысында (бұдан әрі – Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережесі) белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүзеге асыру ережесінде айқындалған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана жүзеге асырылады.
      Ескерту: 35-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      35-1. <*>
      Ескерту: 35-1-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 2 қыркүйектегі N 361 қаулысымен.

      35-2. Қазақстан Республикасының аумағында резидент банктiң төлем карточкаларын пайдалана отырып оның қызмет ету желiсiнде жүзеге асырылған төлемдер бойынша процессингтi осы банк және/немесе процессинг ұйымы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының аумағында резидент банк шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып басқа резидент банктерге қызмет ету желiсiнде жүзеге асырылған төлемдер бойынша процессингтi  процессинг ұйымы жүзеге асырады.
      Ескерту: 35-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 371 қаулысымен, 2005 жылғы 27 тамыздағы N 91 қаулысымен.

      35-3. <*>
      Ескерту: 35-3-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 91 қаулысымен.

      35-4. Процессинг ұйымы эквайермен және кәсіпкерлермен жасалған шарттардың талаптарына сәйкес төлем карточкаларына қызмет көрсетудің меншікті желілерін құруға құқылы.
      Ескерту: 35-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      36. Төлем құжатын орындау үшiн беру немесе көрсету тәртiбi төлем жасалған төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде және/немесе төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгiленедi. Алушы банк төлем құжатын алғаннан кейiн осы Ереженің 36-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей орындайды.
      Ескерту: 36-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      36-1. Төлем карточкасын пайдалана отырып салықты немесе бюджетке басқа да міндетті төлемдерді банкоматтар арқылы жүзеге асыру кезінде жасалған төлем құжатын орындау эмитент оны алған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
      Ескерту: 36-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      37. Егер төлем бiр валютамен жасалып, ал банк шоты басқа валютада жүргiзiлетiн болса, банк шотынан ақша алу төлем валютасын есепшот валютасына айырбастағаннан кейiн жүзеге асырылады. Төлем валютасын есепшот валютасына айырбастау төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiне және/немесе төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес жасалады.
      Ескерту: 37-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      38. Егер мұндай талап эмитент пен клиент арасында жасалған шартта айтылған болса, эмитент банк шотында амортизация сомасына ақша доғаруға құқылы. Мұндай жағдайда шартта банк шотында ақша доғару талаптары мен мерзiмi болуы тиiс.
      Ескерту: 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

       39. Амортизация берiлгеннен кейiн эмитенттiң төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда жазылған төлем құжатына ақы төлеу бойынша мiндеттеме пайда болады.

      40. Клиент өзiнiң банк шотында төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау кезiнде жазылған төлем құжатын орындау үшiн қажеттi ақша сомасының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Қажеттi ақша сомасының болуын қамтамасыз ету, егер олардың арасында жасалған шартта бұлар көзделген болса, эмитенттiң клиентке берген заемы есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Ескерту: 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      41. Төлем карточкасын ұстаушыны дербес бірегейлендіру нөмірінің көмегімен бірегейлендіргеннен кейін ол төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда сатып алынған тауар, көрсетілген қызмет немесе қолма-қол ақша алғаны үшін жұмсалған ақшаның орнын толтыру бойынша міндеттеме пайда болады.

      42. Төлем карточкасын пайдалана отырып шетел валютасын алу шетел валютасын өткізетін банктің бағамы бойынша алынатын шетел валютасы сомасына теңгемен төлем жасау арқылы жүргізіледі. <*>
      Ескерту: 42-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 қыркүйектегі N 328 қаулысымен.

      43. Эмитент оларға берiлген төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын төлем сомасына Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына қайшы келмейтiн шектеулер белгiлеуге құқылы.

      44. Төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасағаннан кейiн сауда чегi немесе төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда жасалған төлем құжатының (слиптiң) данасы берiлуi тиiс.

      45. Сауда чегiнде мынадай мiндеттi деректемелер болуы тиiс:
      1) құжат нөмiрi, оны жазған күнi, айы, жылы;
      2) кәсiпкердiң немесе эквайердiң атауы (коды);
      3) төлем сомасы;
      4) төлем валютасы;
      4-1) төлемді төлем карточкалары жүйесіне бірегейлендіретін авторизация коды немесе басқа код;
      4-2) төлем жүргізу уақыты;
      5) төлем карточкасының деректемелерi.
      Сауда чегiнде қосымша деректемелер болуы мүмкiн.
      Ескерту: 45-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      45-1. Салықты немесе бюджетке басқа да міндетті төлемдерді банкоматтар арқылы не электронды терминалдар арқылы жүзеге асырған кезде төлем карточкасының ұстаушысына берілетін сауда чегінде осы Ереженің 45-тармағында көрсетілген деректемелерден басқа мынадай қосымша деректемелер болуы тиіс:
      1) салық төлеушінің тіркеу номері;
      2) салық төлеушінің аты-жөні;
      3) бюджеттік жіктеулер кодының сандық мәнін көрсете отырып, салықтың немесе бюджетке басқа төлемнің атауы;
      4) салық органының коды;
      5) төлем тағайындау коды;
      6) комиссиялық сыйақының мөлшері (комиссия алынған жағдайда).
      Ескерту: 45-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 Қаулысымен.

      46. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын валюта операциялары банк шоттары бойынша валюта операцияларын жүргiзуге валюта заңдарында белгiленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      Ескерту: 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 2 қыркүйектегі N 361 қаулысымен, жаңа редакцияда жазылды - 2003 жылғы 27 қазандағы N 370 қаулысымен.

      47. <*>
      Ескерту: 47-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 370 қаулысымен.

6-тарау. Төлем құжаттарын орындаудан бас тарту және
ақша қайтаруды жүзеге асыру

       48. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған жағдайда жасалған төлем құжаты мынадай жағдайларда:
      1) төлем құжаты осы Ережеде белгіленген талаптарды және/немесе төлем құжаттарын жасау және ұсыну тәртібінің тиісті шарттарының талаптарын бұза отырып жасалса;
      2) төлем құжатының жалған құжат белгісі болса;
      3) төлем заңсыз болса;
      4) төлем заңды бола тұрып, бірақ төлем құжаты эмитентке төлем құжаты жүйесінің ішкі ережелерін бұза отырып берілсе, орындауға қабылданбауы мүмкін.

      49. Эмитент немесе эквайер төлем құжатын алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлем құжатын орындаудан бас тартады.

      50. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын пайдалана отырып сатып алынған тауардан немесе қызметтен бас тартқан жағдайда кәсiпкер төлем карточкасын ұстаушыға ақшаны төлем карточкасын ұстаушының пайдасына қолма-қол төлем жасау арқылы қайтарады. Мұндай төлем жасаудың нысаны мен тәсiлiн төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерi бекiтедi.

      51. Егер төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде кәсiпкердiң ақшаны төлем карточкасын ұстаушыға қолма-қол төлем жасау арқылы қайтару мүмкiндiгi көзделмеген жағдайда ақшаны қайтару қолма-қол ақшаны пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      52. Банк шотынан ақшаның қате алынғаны немесе есептелгенi анықталған немесе заңсыз төлем жасалған жағдайда клиент бұл туралы эмитентке дереу хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту: 52-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      53. Төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасындағы төлем жасауға және төлем құжатын орындауға байланысты шағым талабы Қазақстан Республикасының заңдарында және төлем карточкасы жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жасалады.

7-тарау. Ақша аудару

      54. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда жасалған төлем құжатының негізінде аударым жасау Қазақстан Республикасының заңдарында және олардың арасында жасалған шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      55. Эмитент төлем құжаты бойынша төлем жасауды кешіктірген жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілерінде және төлем карточкасы жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда көзделгендей жауап береді.

      56. Төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем бойынша кәсiпкердiң пайдасына түскен ақшаны эквайердiң есептеу талаптары мен мерзiмi олардың арасында жасалған шартпен белгiленедi. Егер осы шартта кәсiпкерге ақша есептеу шарттары мен мерзiмi көзделмесе, эквайер кәсіпкердiң пайдасына ақша түскеннен және/немесе кәсiпкердiң пайдасына ақша түскенi туралы көшiрменi алғаннан кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей ақшаны кәсiпкердiң есепшотына есептеуге мiндеттi.

      57. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге ақша аударған кезде төлем құжатын орындауға ұсыну мерзiмi төлем жасалған төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шартта және осы төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде белгiленедi.

      58. Кәсiпкер егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының резидентi емес эквайердiң қызметiн пайдалануға құқығы жоқ.

8-тарау. Санкцияланған және санкцияланбаған төлем

       59. Егер төлем жасау кезiнде төлем карточкасы оқшауланбаса, оның қолданылу мерзiмi өтпесе және төлем карточкасын төлем жасау үшiн оны ұстаушы төлем жасалған төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiне сәйкес пайдаланса, төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем санкцияланған болып табылады.
      Төлемнiң санкциялығына қойылатын талаптарды бұза отырып жасалған төлем санкцияланбаған болып табылады. Сондай-ақ жасанды төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем де санкцияланбаған төлем болып табылады.

      60. Төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкцияланбай пайдаланғаны туралы хабар күшiне енгеннен кейiн санкцияланбаған төлем жасалған жағдайда эмитент клиентке олардың арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен санкцияланбаған төлем жасауға байланысты шығынды өтейді. Егер клиенттің (төлем карточкасын ұстаушының) санкцияланбаған төлем жасауға қатысқаны немесе оның жүзеге асуына көмектескені анықталса, эмитент санкцияланбаған төлемді жасауға қатысты шығынды клиентке өтеуге міндетті емес.

      61. Төлем карточкалары жүйесінің қатысушыларының санкцияланбаған төлемді жүзеге асырғаны үшін жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заң актілерінде және төлем карточкасы жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленеді.

      62. Клиенттiң санкцияланбаған төлем жасағаны үшiн жауапкершiлiгi төлем карточкасын беру туралы шартта белгiленедi және эмитенттiң төлем жасағаны үшiн комиссияны қоса алғанда санкцияланбаған төлем сомасынан аспауы тиiс.

      63. Егер төлем карточкасында оның қолданылу мерзiмiне нұсқау болмаса, мұндай төлем карточкасын пайдалана отырып оның қолданылу мерзiмi басталғанға дейiн немесе ол аяқталғаннан кейiн жасалған төлем үшiн жауапкершiлiк эмитентке жүктеледi, бұл туралы эмитент пен клиент арасында жасалған шартта жазылуы тиiс.

9-тарау. Төлем карточкаларын доғару және алып қою

       64. Эмитент төлем карточкасын мынадай жағдайларда:
      1) төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкцияланбай пайдаланғаны туралы хабарлама алғанда;
      2) төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген өз мiндеттемелерiн орындамағанда;
      3) төлем карточкасын пайдалану ережесiн бұзғанда;
      4) алынып тасталды
      Ескерту: 64-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 Қаулысымен.

      65. Эмитентке төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкцияланбай пайдаланылғаны туралы жазбаша хабарлау мерзiмi мен әдiстерi, сондай-ақ осы хабарламаның күшiне ену мерзiмi төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде және төлем карточкасын беру туралы шартта белгiленедi.

      66. Егер төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде және төлем карточкасын беру туралы шартта төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкцияланбай пайдаланылғаны туралы жазбаша хабарламаның күшіне ену мерзімі белгіленбесе, онда бұл хабарлама оны эмитент немесе осындай хабарламаны қабылдауға құқысы бар төлем карточкалары жүйесінің өзге қатысушысы алған сәттен бастап күшіне енеді.

      67. Эмитент мынадай жағдайларда:
      1) төлем карточкасының қолданылу мерзімі аяқталғанда;
      2) төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген өз мiндеттемелерiн орындамағанда;
      3) төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдаланудан бас тартқанда;
      4) төлем карточкасын беру туралы шартты бұзғанда төлем карточкасын ұстаушыдан алып қоюға құқылы.

10-тарау. Көшiрме жасау және беру

      68. Эмитент клиенттiң талап етуi бойынша оған берiлген төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер туралы ақпараты бар көшiрме беруге мiндеттi. Көшiрме қағазға шығарылып немесе электронды әдiспен берiлуi және онда мынадай ақпараттар болуы тиiс:
      1) төлем карточкаларының деректемелерi;
      2) есеп берiлетiн кезеңдегi бастапқы және соңғы күн;
      3) әрбiр төлемдi төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыру сомасы мен күнi;
      4) төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасағаны үшiн клиенттен ұсталған комиссиялық сома мөлшерi.
      Көшiрмеде эмитент пен клиент арасындағы уағдаластық және/немесе төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерi бойынша белгiленген қосымша ақпарат болуы мүмкiн.

      69. Клиентке берiлген көшiрмеде эмитенттi де айқындайтын деректемелер болуы тиiс.

11-тарау. Қосымша талаптар

       70. Белгiлi жүйенiң төлем карточкаларын немесе жаңа үлгiдегi төлем карточкаларын шығаруды бастау немесе аяқтау күнiнен бастап он жұмыс күнi iшiнде эмитент бұл туралы жазбаша түрде Ұлттық Банкке хабар беруге мiндеттi. Хабарда мыналар көрсетiлуi тиiс:
      1) төлем карточкаларын шығарудың басталған немесе аяқталған күні;
      2) төлем карточкалары жүйесiнiң атауы;
      3) төлем карточкасының түрі (магниттік жолақпен, интегралды микросызбамен, аралас немесе басқа).

      71. Банк Ұлттық Банкке өзi шығарған және қызмет көрсеткен төлем карточкалары туралы мәлiметтердi ұсынады. Аталмыш мәліметтерді беру нысанын және мерзімін Ұлттық Банк белгілейді.
      Ескерту: 71-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 қыркүйектегі N 328 қаулысымен.

      72. Ескерту: 4-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.05.28. N 58 (2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      73. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.    

      Төраға