Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 2 маусымдағы N 266 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 18 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1199

Жаңартылған

      Ескерту: Бұйрықтың атауына және 1-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес келтiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының банктерiнде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы ереженің жаңа редакциясы бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күн өткеннен кейiн күшiне енгізілсiн.
      2. Осы қаулы күшiне енгiзiлген күннен бастап:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының "Екiншi деңгейдегi банктерде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулық туралы" 1997 жылғы 4 наурыздағы N 61 қаулысының;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының "Екiншi деңгейдегi банктерде клиенттердiң банктiк есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулыққа өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту туралы" 1998 жылғы 23 желтоқсандағы N 287 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      3. Заң департаменті (Шәріпов С.Б.):
      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.З.Нәлібаевқа жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2000 жылғы 2 маусымдағы 
N 266 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің
банктік есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
ережесі

      Ескерту: Ереженің атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі), "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Ақша төлемі мен аударымы туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және Қазақстан Республикасының осыларға сәйкес қабылданған өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының банктерінде және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының осындай ұйымның қызметін реттейтін заңында көрсетілген операцияларды лицензиясыз жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген жағдайда заңды және жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі – банктер) клиенттердің банк шоттарын ашу, ашудан бас тарту, жүргізу және жабу тәртібін айқындайды.
      Ескерту: 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      2. Осы Ережеде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы", "Ақша төлемi және аударымы туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына көзделген ұғымдар пайдаланылады.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2;2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      3. <*>
      Ескерту: 3-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      4. Банктiк есепшоттарды теңгемен де, шетелдiк валютамен де ашуға және жүргiзуге болады және олар ағымдағы, жинақ шоттары және корреспонденттік есепшоттар болып бөлінеді. 
      Ағымдағы және жинақ шоттары - жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерінің) банктiк есепшоттары. 
      Корреспонденттiк есепшоттар - банктердiң және банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк есепшоттары.
      Ескерту: 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85 қаулыларымен.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде банктiк есепшоттар ашу тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң арнайы нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен белгiленедi.

      6. Корреспонденттiк есепшоттар ашу, жүргiзу және жабу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жекелеген нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен белгiленедi.

      6-1. Резидент еместі қоса алғанда, заңды тұлға салық төлеушіге, оның құрылымдық бөлімшелеріне, жеке кәсіпкерге, жеке нотариусқа және адвокатқа, резидент емес жеке тұлғаға және азаматтығы жоқ тұлғаға жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, арнайы қаржы компаниясының облигацияларының шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банк шоттарын, резидент еместердің жинақ шоттарын және (немесе) шетелдік корреспондент банктердің корреспонденттік шоттарын қоспағанда, банк шоттарын ашудан бас тарту салық заңнамасында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ осы Ережеде көзделген құжаттар ұсынылмаған жағдайда жүзеге асырылады.
      Ескерту: 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      7. <*>
      Ескерту: 7-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Ережелер 2009 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24 N 123 Қаулысымен 1-1-тараумен толықтырылады.

2-тарау. Банктiк есепшот шарты бойынша
ағымдағы шоттар ашу тәртiбi

      Ескерту: 2-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85 қаулыларымен.

      8. Банктiк есепшот шарты бойынша ағымдағы шот ашқан кезде банк клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға, клиентке немесе үшiншi адамдарға тиiстi ақша сомасын аудару (беру) туралы клиенттiң нұсқауын орындауға және банктiк есепшот шартында көзделген басқа да қызмет көрсетуге мiндеттенедi.
      Ескерту: 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2009.08.24 N 85 қаулыларымен.

      9. Банктiк есепшот шартында мыналар болуға тиiстi:
      1) шарттың мәнi;
      2) клиенттің сәйкестендiру нөмiрi;
      3) банкте жатқан ақшаны жұмсау тәртiбi;
      4) банктiң қызмет көрсету шарттары және оған ақы төлеу тәртiбi.
      Банктiк есепшот шартында тараптар келiскен өзге де талаптар болуы мүмкiн.
      Ескерту: 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық банкі Басқармасының 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      10. Банктiк есепшот шартында заңда белгiленген қосымша талаптар да болуға тиiстi.

      11. Банктiк есепшот ашу үшiн клиент мынадай құжаттар тапсыруы қажет:
      1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары - резиденттерi және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) үшiн: 
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі;
      қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары және өкілдіктері үшін - қоғамдық немесе діни бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланған (тағайындалған) қоғамдық немесе діни бірлестіктің филиалы немесе өкілдігі басшысының өкілеттігін растайтын, орыс және/немесе мемлекеттік тілдерде нотариалды түрде куәландырған құжаттар;
      филиалдар мен өкiлдiктер, заңды тұлғалардың өзге нысандары үшiн - филиалдың және өкiлдiктiң басшысына Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      жарғының (оқшауланған бөлiмшелер үшiн - Ереженiң) немесе үлгі жарғысының негізінде клиенттiң қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
      клиенттің банктік шотын жүргізуге (банктік шоттағы ақшаны жұмсауға) байланысты операциялар жасау кезінде төлем құжаттарына қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжаттарға сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі;
      мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер үшiн - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң рұқсаты;
      2) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік, адвокаттық, жеке нотариалдық қызметті жүзеге асырмайтын резидент жеке тұлғалары үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты; жеке куәлігі);
      салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі.
      2-1) Қазақстан Республикасының резиденттері жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар және адвокаттар үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты; жеке куәлігі);
      қол қою үлгісі бар құжат;
      клиентті жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат ретінде тіркеу есебіне қою фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын, уәкілетті орган берген, белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі;
      жеке нотариустар үшін – нотариалдық қызметпен айналысу құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      адвокаттар үшін – адвокаттық қызметпен айналысу құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      3) Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi):
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі;
      резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн - есептік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi, сондай-ақ тиiстi филиал немесе өкiлдiк туралы ереженiң мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жазылған, нотариат куәландырған көшiрмесi және Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы филиалдың немесе өкiлдiктiң басшысына берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      сауда тiзiлiмiнен не осындай сипаттағы, резидент емес заңды тұлғаны тiркеген орган, тiркеу нөмiрi, күнi және тiркеу орны туралы ақпарат бар, мемлекеттiк немесе орыс тiлiне аудару арқылы белгiленген тәртiппен расталған және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына немесе қатысушысының бiреуi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес жария етілген не апостиль қойылған құжаттан үзінді-көшірменің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;
      қол қою және мөр таңбасының үлгiлерi бар құжатқа сәйкес клиенттiң банктiк шотын жүргiзуге (банктiк шоттағы ақшаға иелiк жасауға) байланысты операциялар жасау кезiнде төлем құжаттарына қол қоюға уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшiрмесi;
      4) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын резидент емес жеке тұлғалары үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат (шетелдік азаматтың төлқұжаты, азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі; шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты);
      салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      4-1) Қазақстан Республикасының резидент еместері жеке кәсіпкерлер үшін:
      жеке басын куәландыратын құжат (шетелдік азаматтың төлқұжаты, азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі; шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты; азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі);
      қол қою үлгісі бар құжат;
      клиентті жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін растайтын, салық қызметі органы берген құжаттың көшірмесі;
      мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын, уәкілетті орган берген, белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі;
      5) алынып тасталды
      6) таратылатын банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, олардың филиалдары үшiн (бұдан әрi - қаржы ұйымы):
      қаржы ұйымы тарату комиссиясының бiрiншi және екiншi қол үлгiлерi не бiрiншi қол үлгiсi және таратылатын қаржы ұйымының мөр таңбасы бар құжат;
      бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі;
      қаржы ұйымын тарату және тарату комиссиясын тағайындау туралы (сот, уәкiлеттi орган не акционерлердiң жалпы жиналысы) шешiмiнiң көшiрмесi;
      сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына банктiк және басқа да операцияларды жүргiзуге лицензияны қайтарып алу туралы уәкiлеттi орган шешiмiнiң көшiрмесi;
      7) шетелдік дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер үшiн:
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      салық қызметінің органы берген, клиенттің тіркеу есебіне қойылу фактісін растайтын құжаттың көшірмесі;
      бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі.
      Ескерту: 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001.10.08 N 382; 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2008.06.23 N 49; 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      Ескерту: Бұдан әрі мәтін бойынша "салық есебiне" деген сөздер "тіркеу есебіне" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

3-тарау. Жинақ салым шарты бойынша
банк есепшоттарын ашу тәртiбi

      Ескерту: 3-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      12. Банктiк салым шарты бойынша жинақ есепшотын ашқан кезде банк салымшыдан ақша (салым) қабылдауға, ол бойынша банктiк салым шартына көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және де салымның осы түрi үшiн заң кесiмдерiнде және банктiк салым шартында көзделген талаптармен және тәртiппен салымды қайтаруға мiндеттенедi.
      Ескерту: 12-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 наурыздағы N 90 қаулысымен.

      13. Банктiк салым шарты бойынша жинақ есепшотын ашқан кезде ақшаны (салымды) салымшының өз атына не белгiлi бiр үшiншi адамның атына салуға болады. Бұлар бұдан былай банктiң клиенттерi болып саналады.

      14. Банктiк салым шартында мыналар болуы тиiс:
      1) шарттың мәні;
      2) жинақ шотын ашу кезінде осындай құжатты ұсыну талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, клиенттің тіркеуші орган берген құжатта көрсетілген сәйкестендіру нөмірі;
      3) банктiң қызмет көрсету шарттары және оған ақы төлеу тәртiбi.
      Шартта Тараптар келiскен, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар болуы мүмкін.
      Ескерту: 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      15. Банктiк салым шартында заңда белгiленген қосымша талаптар да болуға тиiстi.

      16. Банктiк салым шарты жасалғаннан кейiн банк салымшының талап етуiмен оған салынған салымды растайтын, банк клиентiнiң атына ресiмделген құжат (салым құжатын) бередi.
      Салым құжаты банктiң iшкi ережелерiне сәйкес және оның талаптары негiзiнде берiледi.
      Ескерту: 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.04.21 N 140; 2008.06.23 N 49 Қаулыларымен.

      17. Жинақ есепшоты ашу үшiн салымшы клиент мынадай құжаттар тапсыруы қажет:
      1) Қазақстан Республикасының салымшы заңды тұлғалары-резиденттерi және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) үшін:
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі;
      қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары және өкілдіктері үшін - қоғамдық немесе діни бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланған (тағайындалған) қоғамдық немесе діни бірлестіктің филиалы немесе өкілдігі басшысының өкілеттігін растайтын, орыс және/немесе мемлекеттік тілдерде нотариалды түрде куәландырған құжаттар;
      филиалдар мен өкiлдiктер, заңды тұлғалардың өзге нысандары үшiн - Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы филиалдың немесе өкiлдiктiң басшысына берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      жарғының (оқшауланған бөлiмшелер үшiн - Ереженiң) не клиенттiң қызметiн үлгi жарғы негiзiнде растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
      клиенттің жинақ шотын жүргізуге (жинақ шоттағы ақшаны жұмсауға) байланысты операциялар жасау кезінде төлем құжаттарына қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар құжаттарға сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі;
      2) Қазақстан Республикасының салымшы жеке тұлғалары-резиденттерi үшін:
      жеке кәсіпкерлер үшін - қол қою үлгісі бар құжат;
      бірлескен кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер үшін - бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжат;
      жеке басын куәландыратын құжат.
      3) Қазақстан Республикасының резидент емес салымшы заңды тұлғалары және олардың оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) үшiн:
      қол қою үлгiлерi және мөр таңбасы бар құжат;
      сауда тiзiлiмiнен не осындай сипаттағы, резидент емес заңды тұлғаны тiркеген орган, тiркеу нөмiрi, күнi және тiркеу орны туралы ақпарат бар, мемлекеттiк немесе орыс тiлiне аудару арқылы белгiленген тәртiппен расталған және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына немесе қатысушысының бiреуi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес жария етілген не апостиль қойылған құжаттан үзінді-көшірменің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;
      резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн - есептік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын, уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi, сондай-ақ тиiстi филиал немесе өкiлдiк туралы ереженің мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жазылған, нотариат куәландырған көшiрмесi және Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы филиалдың немесе өкiлдiктiң басшысына берген сенiмхаттың көшiрмесi;
      қол қою және мөр таңбасының үлгiлерi бар құжатқа сәйкес
клиенттiң жинақ шотын жүргiзуге (жинақ шотындағы ақшаға иелiк жасауға) байланысты операциялар жасау кезiнде төлем құжаттарына қол қоюға уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшiрмесi;
      4) Қазақстан Республикасының резидент емес салымшы жеке тұлғалар үшін:
      жеке кәсіпкерлер үшін - қол қою үлгісі бар құжат;
      бірлескен кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер үшін - бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжат;
      жеке басын куәландыратын құжат.
      Ескерту: 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз); 2008.06.23 N 49 Қаулыларымен.

      18. Белгілі бiр үшiншi адамның - клиенттiң атына жинақ есепшотын ашу үшiн салымшы банкке мынадай құжаттар ұсынуға міндеттi:
      1) заңды тұлға, оның оқшауланған бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi):
      есепшот ашу және (немесе) есепшотты иелену құқығына берiлген нотариат куәландырған сенiмхат;
      жинақ шотын ашу кезінде осындай құжатты ұсыну талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, клиенттің бизнес сәйкестендiру нөмiрi бар құжатының көшірмесі;
      заңды тұлғаның (филиалдың, өкiлдiктiң) - клиенттiң мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) өткендiгiн растайтын уәкiлеттi орган берген белгiленген нысандағы құжаттың көшiрмесi.
      2) жеке тұлға:
      есепшот ашу және (немесе) есепшотты иелену құқығына берiлген нотариат куәландырған сенiмхат;
      клиенттің жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаты;
      салымшының жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаты.
      Ескерту: 18-тармақ өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90, 2006.01.24 N 2; 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      19. Заңнамаға не құрылтай құжаттарына сәйкес есепшот ашуға уәкiлеттiгi бар заңды тұлға өкiлінің сенімхат ұсынуының керегi жоқ.
      Заңнамаға сәйкес есепшот ашуға уәкiлеттiгi бар жеке тұлғаның (әке-шешесiнің немесе өзге заңды өкiлдерiнiң) сенiмхат ұсынуының керегi жоқ.

3-1-тарау. Банктік шот шарты бойынша жеке нотариустың
ағымдағы шотын ашу және жүргізу ерекшеліктері

      Ескерту: 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      19-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жеке нотариус (бұдан әрі - нотариус) борышкерден кредиторға (бұдан әрі - депонент) өткізу үшін депозитке қабылдаған ақшаны сақтау үшін банк банктік шот шарты негізінде нотариуске ағымдағы шот (бұдан әрі - нотариустың депозиті) ашады.

      19-2. Банктік шот шартында осы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтер, сондай-ақ:
      1) жеке тұлға депонентке қолма-қол ақша беру не нотариустың депозитінен заңды тұлға депоненттің банктік шотына ақша аудару көзделетін, нотариустың депозитінен ақша беру шарттары мен тәртібі;
      2) банктің Ереженің осы тарауының талаптарын сақтаумен ғана нотариустың депозитінен депонентке ақша беру міндеті көзделетін, нотариустың депозитіндегі ақша жұмсау тәртібі;
      3) борышкердің нотариустың депозиті ашылған банкке нотариустың депозитіне ақша енгізу кезінде сыйақы төлеу тәртібі болуы тиіс;

      19-3. Нотариус депозит ашу үшін мыналарды ұсынуы қажет:
      1) қол қою үлгілері және мөрдің таңбасы бар құжат/осы Ереженің 30-тармағында көзделген тәртіппен қол қою үлгісі бар құжат;
      2) жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттың көшірмесі;
      3) нотариат қызметімен шұғылдану құқығына берілген лицензияның көшірмесі;
      4) тиісті округтің нотариат палатасының нотариустың нотариат палатасына мүше болуын растайтын хаты;
      5) алынып тасталды
      Ескерту: 19-3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.07.20 N 76 (қолданысқа 2010.08.13 бастап енгізіледі, 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      19-4. Банкке нотариустың депозитіне ақша енгізуді борышкер қолма-қол ақша жарнасы арқылы не нотариустың депозитке ақша енгізуге келісімі бар, нотариус қол қойған және нотариустың мөрімен расталған, банкке жолданған құжатты банкке ұсыну кезінде қолма-қол емес тәртіппен жүзеге асырады.

      19-5. Нотариустың депозитінен ақша беру жеке тұлға депонентке қолма-қол ақшамен не нотариустың депозитінен заңды тұлға депоненттің банктік шотына осы Ережеде және банктік шот шартында көзделген тәртіппен ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.

      19-6. Нотариустың депозитінен депонентке ақша беруді не аударуды банк нотариустың жеке тұлға депоненттің аты-жөні, туған жылы не заңды тұлға депоненттің атауы, депонентке төленуі тиісті ақша сомасы, нотариустың ағымдағы шотының жеке бірегейлендіру коды бар өтініші негізінде, мынадай құжаттар қоса беріле отырып жүзеге асырылады:
      1) борышкердің нотариустың депозитіне ақша салуын растайтын құжаттың көшірмесі;
      2) депоненттің ақшасы сақталатын депозит ашқан нотариус куәландырған, депоненттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерін (егер депонент жеке тұлға болып табылса) көрсете отырып не мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын құжаттың деректемелерін (егер депонент заңды тұлға болып табылса) көрсете отырып, сондай-ақ депоненттің нотариустың депозитінен ақша алу құқығын растайтын құжаттың атауын көрсете отырып, депоненттің ақша беру туралы өтініші;
      3) жеке тұлға депоненттің жеке басын куәландыратын құжат (егер ақша алған тұлға (депонент) жеке тұлға болып табылса) не мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өту фактісін растайтын құжат (егер ақша алған тұлға (депонент) заңды тұлға болып табылса).
      Ескерту: 19-6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2008.06.23 N 49 Қаулысымен.

      19-7. Нотариустың атына депозиттің шарттарымен ақша енгізген тұлғаға ақшаны қайтаруды банк сот актісі не нотариустың жеке тұлға борышкердің аты-жөні, туған жылы немесе заңды тұлға борышкердің атауы бар өтініші негізінде мыналарды қоса бере отырып жүзеге асырады:
      1) нотариус борышкерге берген, ақша жарнасы туралы түбіртектің көшірмесі;
      2) пайдасына ақша енгізілген тұлғаның (депоненттің) депозитке (борышкерге) ақша енгізген тұлғаға ақшаны қайтару туралы нотариат куәландырған келісімінің көшірмесі;
      3) борышкердің оған ақшаны қайтару туралы нотариат куәландырған өтініші.

4-тарау. Банктiк есепшот ашуға және жүргiзуге
қойылатын жалпы талаптар

      20. Клиент бiр банкте (оның филиалдары мен бөлiмшелерiнде) бiрнеше есепшот ашқан жағдайда банк есепшот ашу үшiн көзделген құжаттарды (заңды тұлғалар - клиенттер үшiн - қол қою үлгiлерi мен мөр таңбасы бар құжаттан, жеке тұлғалар - клиенттер үшiн жеке басын куәландыратын құжаттан басқасын) мынадай жағдайлардың бiрi болса:
      1) егер клиент алғашқы есепшотын ашқан банкте (филиалда) банктiк есепшот ашатын болса;
      2) егер клиентке алғашқы есепшот ашылған банктiң (филиалдың, бөлiмшенiң) осы Ережеге сәйкес банктiк есепшот ашуына қажеттi құжаттардың бәрi бар екенiн растайтын құжаты болса, клиенттiң қайтадан тапсыруын талап етпеуге құқылы.
      Банктік шот ашу, сондай-ақ мынадай шарттарды:
      1) банкте (филиалда, бөлімшеде) әрбір клиент бойынша электронды түрде істі (бұдан әрі - электронды досье) қалыптастыру жөнінде қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету және клиенттің банкте (филиалда, бөлімшеде) банктік шотының болуы туралы ақпараттың болуын;
      2) банктік шотты ашу кезінде клиенттің электронды досьеде өзгерістердің болмауын орындау үшін банкте осы Ережеде көзделген басқа құжаттар болған кезде қол қою үлгілері мен мөр таңбасы бар бір құжат негізінде заңды тұлға клиенттің бір банкте (филиалда, бөлімшеде) бірнеше банктік шотын ашуға жол беріледі.
      Клиенттiң алғашқы есепшоты ашылған банктiң басқа филиалында (бөлiмшесiнде) құжаттарының бәрi бар екенiн, оның iшiнде қолда бар құжаттарды электрондық тәсiлмен беру жолымен банктiң (филиалдың, бөлiмшенiң) растау тәртiбiн банк дербес белгiлейдi.
      Банктің осы банкте ашылған банк шоты бар жеке тұлға клиентке электрондық цифрлы қол қоюды немесе клиенттің динамикалық сәйкестендірілуін пайдаланумен электрондық түрде жасалған шарт негізінде, жеке басын куәландыратын құжатты қайтадан ұсынбай, осы тармақтың бірінші – үшінші абзацтарында көзделген талаптарды сақтай отырып, банк шотын ашуға рұқсат етіледі.
      Ескерту: 20-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.21 N 90; 2006.01.24 N 2; 2008.06.23 N 49; 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      21. Ашылатын есепшоттың түрлерiне және клиенттiң құқықтық субъект екенiне қарай банк Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе банк тiкелей белгiлеген болса, қосымша құжаттар берудi талап етуге құқылы.

      21-1. Банкте операциялар жасау құқығына арналған сенімхат Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен ресімделеді және сенім білдірушінің банктік шоты ашылған банктің атауы болуы тиіс.
      Ескерту. 21-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық банкі Басқармасының 2008.06.23. N 49 қаулысымен.

      22. Есепшот ашу үшiн клиент берген құжаттардың, клиенттiң жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасынан (кәмелетке толмаған клиенттiң тууы туралы куәлiктен) басқасы банкте әрбiр клиент бойынша арнайы ашылған iсте шарттың түпнұсқасымен және клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың (кәмелетке толмаған клиенттің тууы туралы куәліктің) көшірмесімен бiрге тiгiлiп, сақталуға тиiс.
      Әрбір клиент бойынша арнайы ашылған істе сондай-ақ банкте операциялар жасау құқығына арналған сенімхаттың көшірмесі тігіліп, сақталады.
      Ескерту: 22-тармақ жаңа редакцияда жазылды, өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003.03.2 N 90 қаулысымен; 2006.01.24 N 2; 2008.06.23. N 49 Қаулыларымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      23-тармаққа 2009 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24. N 123 Қаулысымен өзгерту енгізіледі.

      23. Резидент еместі қоса алғанда, заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, жеке кәсіпкерге, жеке нотариусқа, адвокатқа, резидент емес жеке тұлғаға және азаматтығы жоқ тұлғаға жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, арнайы қаржы компаниясының облигацияларының шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банк шоттарын, резидент еместердің жинақ шоттарын және (немесе) шетелдік корреспондент банктердің корреспонденттік шоттарын қоспағанда, банк шоты ашылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей банктер тиісті салық қызметі органдарын хабарларды кепілдікпен жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілген шоттарды сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып ашу туралы хабардар етуге міндетті.
      Осындай электрондық арналар арқылы көрсетілген шоттарды ашу туралы хабарлауға техникалық проблемалардың туындауы себепті мүмкін болмаған кезде хабарлама қағазға басылып, салық төлеуші орналасқан (тұратын) жер бойынша салық органына үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      Ескерту: 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      24. Уәкiлеттi банкте ашылған резидент емес банктiң корреспонденттiк есепшоты арқылы жүзеге асырылатын ақша төлемi мен аударымы тек аудару тәртiбiмен жасалады.

      25. Банктiк есепшоттар бойынша көшiрмелердi банктер шартқа сәйкес бередi. Банк клиентке оның есепшоттары бойынша көшiрмелердi беру (жеткiзiп беру) қызметiн электрондық тәсiлмен немесе шартта көзделген болса, арнайы адам арқылы көрсетуге. 

      26. Банк есепшоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатып қою немесе банктiк есепшотта жатқан ақшаға тыйым салу Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне сәйкес банктiк есепшоттарды шығыс операцияларын тоқтатып қоюға немесе клиенттiң банктiк есепшотта жатқан ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкiлеттi органдардың тиiстi шешiмдерi (қаулылары) негiзінде жүргiзiледi.
      Уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімі банкке түскен кезде банк банктің және оның клиентінің деректемелерін өкімде көрсетілген деректемелермен сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады, осыдан кейін осындай шот бойынша шығыс операцияларын тоқтатады.
      Банктің және оның клиентінің деректемелері уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінде көрсетілген деректемелеріне сәйкес болмаған жағдайда, банк оны тиісті уәкілетті органға қайтарады.
      Банкке электронды тәсілмен ұсынылған, уәкілетті органның клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімін орындаудан бас тартуға, егер басқа деректемелер (ЖСК, СТН не ЖСН (БСН)) банктің клиентін сәйкестендірсе, өкімде көрсетілген клиенттің атауы сәйкес болмаған жағдайда рұқсат етілмейді.
      Ескерту: 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2009.08.24 N 85 қаулысымен.

      27. Банктiк есепшоттар бойынша операциялар уәкiлеттi органдардың банктiк есепшотта жатқан ақшаға тыйым салу немесе банктiк есепшоттағы шығыс операцияларын тоқтатып қою туралы шешiмдерiнiң (қаулыларының) күшiн жою туралы тиiстi жазбаша хабарламалары негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қайта жүргiзiледi.
      Ескерту: 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      28. Уәкiлеттi органдардың ақшаға тыйым салу туралы шешiмдерi (қаулылары) шығарылған банктiк есепшоттағы ақша жеткiлiксiз болған жағдайда банк осы шешiмдердi (қаулыларды) орындауға кiрiседi де, ақшаға тыйым салу туралы шешiмде (қаулыда) көрсетiлген қажеттi сома жиналғанға дейiн шығыс операцияларын тоқтата тұрады. 
      Уәкiлеттi органдардың клиенттiң тиiстi есепшоттағы ақшасына тыйым салу туралы шешiмi (қаулысы) шығарылған банктiк есепшоттағы ақша жоқ болған жағдайда, банк мұндай шешiмдi (қаулыны) алғаннан кейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей тиiстi органдарды мұны орындаудың мүмкiн еместiгi туралы себептерiн көрсете отырып хабардар етедi де осы органдардан ақшаға тыйым салу туралы шешiмдердi (қаулыларды) орындау жөнiндегi iс-әрекеттiң бұдан былай қандай болатынын сұрайды.

      29. Уәкілетті органдардың банк шотындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері, уәкілетті органдардың клиенттің осындай шотындағы ақшаға тыйым салу туралы шешімдері (қаулылары) банкке түскен кезде банк оларды Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінде, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және жағдайларда орындайды.
      Ескерту: 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.08.24 N 85 қаулысымен.

5-тарау. Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар
құжаттардың ресiмдеу тәртiбi

      30. Заңды тұлғалар, олардың филиалдары немесе өкiлдiктерi, мөрі бар жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар және адвокаттар банкке мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жасалған N 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша бiрiншi және екiншi қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарды ұсынады. 
      Мөрі жоқ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар және адвокаттар банкке мемлекеттiк және орыс тiлдерінде жасалған N 2 қосымшаға сәйкес нысан бойынша қол қою үлгісі бар құжаттарды ұсынады.
      Ескерту: 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006.01.24 N 2; 2008.06.23 N 49 қаулыларымен..

      31. Заңды тұлғалар, олардың филиалдары немесе өкiлдiктерi ұсынатын қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарда бiрiншi қол қою құқығы басшыда және/немесе ол уәкiлеттiк берген басқа адамдарда болады. Екiншi қол қою құқығы бас бухгалтерге және/немесе басқа уәкiлеттi адамдарға берiледi. 
      Бұл өкiлеттiктер құрылтай құжаттары негiзiнде не тиiстi заңды тұлғалар, филиалдар немесе өкiлдiктер басшыларының бұйрықтары негiзiнде не осындай өкiлеттiктер беруге негiз болған басқа құжаттарға сәйкес берiледi. 
      Егер заңды тұлғаның, филиалдың немесе өкiлдiктiң штатында екiншi қол қою құқығын беруге болатын адам жоқ болса, банк құжатты тек бiрiншi қол қою үлгiсiмен қабылдайды да бұл жайында осы құжатқа тиiстi жазу жазылады. 
      Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттарда заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкiлдiгiнiң мөр таңба белгiсiнiң үлгiсi болуға тиiстi. 
      Бұл талап заңды тұлғалар шыққан ел заңнамасының ерекшелiктерiне байланысты мөрi жоқ болып отырған Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiне қолданылмайды. 
      Арнайы мақсаттарға ("кадрлар бөлiмi", "пакет үшiн" және басқа) арналған мөр таңбасының үлгiсiн қабылдауға болмайды.

      31-1. Қол қою үлгілері және мөрдің таңбасы бар құжаттың (қол қою үлгісі бар құжаттың) "Банктің белгісі" бағанына банктің уәкілетті тұлғасы бірінші не бірінші және екінші қол қоюға құқығы бар тұлғалардың жеке куәліктерінің деректерін және банктің ішкі ережесімен айқындалған өзге мәліметтерді көрсетеді.
      Ескерту: 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      32. Банк қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжатқа енгiзiлген адамдардың қойған қолын нотариаттың растауын талап етуге құқылы. Нотариусы жоқ елдi мекендерде қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжатқа енгізiлген адамдардың қойған қолын жергiлiктi атқарушы өкiмет органы растайды. 
      Қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгісi бар құжатты осы Ереженің 33-тармағында көздеген жағдайдан басқа кезде банк уәкiлеттiк берген адамның растауына болады.
      Ескерту: 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      33. Клиент қол қою құқығын басқа адамға (адамдарға) уақытша берген жағдайда тиiстi қол қою үлгiсi бар, нотариат куәландырған, не клиенттiң банкте тiкелей қатысуымен куәландырылған уақытша құжат  Ереженің осы тарауында белгiленген тәртiппен ресiмделедi.
      Ескерту: 33-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      34. Заңды тұлғаның атауы өзгерген, мөрi жоғалған немесе тозған жағдайда банк клиентке жаңа мөр дайындауға қажеттi мерзiм беруге құқылы. Мөр дайын болғанға дейiн банк пен клиент төлем құжаттарын клиенттiң мөрiнсiз ресiмдеу тәртiбiн белгiлейдi, бұл жайында шартта көрсетiлуi тиiс. 

      35. Клиент есепшот ашу үшiн ұсынатын қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар құжаттар данасының қажеттi санын банк белгiлейдi. 
      Оның бiр данасы банктiң операция жасайтын қызметкерiнде тұрақты түрде, екiншiсі - банк клиентiнiң iс қағаздарында болуы тиiс. 

      36. Қол қою үлгiсiнiң не мөр таңбасының бiреуi өзгерген жағдайда банкке қол қою үлгiлерi және мөр таңба белгiсi бар осы Ережеде көрсетiлген тәртіппен куәландырылған жаңа құжат тапсырылады.
      Ескерту: 36-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

6-тарау. Уақытша жинақ есепшоты

      37. Жаңадан құрылатын заңды тұлға үшін, оның ішінде жаңадан құрылатын саяси партия үшін банк банктік салым шарты (шартты салым) негізінде уақытша жинақ шотын ашады.
      Ескерту: 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      38. Уақытша жинақ есепшоты бойынша жаңадан құрылатын заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыруға не саяси партия құруды қаржыландыруға, оның ішінде құрылтай съезін (конференциясын) жүргізуді ұйымдастыруға және оларға банктiк салым шарты бойынша банк көрсететiн қызметке ақы төлеуге байланысты операциялар жасалады, бұл банк салымы шартында көрсетiлуi тиiс. 
      Ескерту: 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      39. Уақытша жинақ есепшотын ашу үшiн клиент мыналарды ұсынуы қажет: 
      уақытша жинақ есепшотын ашу туралы өтiнiш; 
      қол қою үлгiсi бар құжат; 
      құрылатын заңды тұлға құрылтайшыларының уақытша жинақ есепшотын ашуға және жабуға уәкiлеттiк берiлген жеке тұлғаны тағайындау туралы хаттамасының көшiрмесi;
      клиенттің жеке басын куәландыратын құжат;
      уақытша жинақ шотын жүргізуге байланысты операциялар жасау кезінде төлем құжаттарына қол қою үлгілері бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі.
      Ескерту: 39-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      40. Мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн банк заңды тұлғаға осы Ережеде белгiленген тәртiппен ағымдағы есепшот ашады.
      Ескерту: 40-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      41. Заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда банк уақытша жинақ шотын ашуға және жабуға уәкілеттік берген жеке тұлғаның өтініші бойынша құрылтайшыларға не олардың бастамасы бойынша саяси партия құрылатын жеке тұлғаларға ақшаны қайтарады және уақытша жинақ шотын жабады.
      Ескерту: 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 18 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

7-тарау. Банктiк есепшоттарды жабу

      42. Егер заңнамада немесе шартта басқаша көзделмеген болса, банктiк есепшот клиенттiң өтiнiшi бойынша кез-келген уақытта жабылады.
      Клиенттiң iсiнде есепшотты жабу негiздемесi көрсетiлуi тиiс.

      43. Банк шотын:
      1) шот:
      заңды тұлға клиентті таратуға немесе қайта ұйымдастыруға;
      заңды және жеке тұлғаның шотында бір жылдан астам уақыт ақша болмауына;
      заңды және жеке тұлғаның шотында бір жылдан астам уақыт ақша қозғалысының болмауына байланысты жабылған жағдайларын қоспағанда:
      банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындалмаған талаптары және (немесе) өкімдері, сондай-ақ уәкілетті органдардың немесе клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар лауазымды тұлғалардың шешімдері (қаулылары) болған жағдайда жабуға жол берілмейді. Банк шоттың иесіне шоттағы ақша қозғалысының болмауы және хабарлаған күннен бастап үш ай аяқталғаннан кейін оны жабу туралы хабарлайды. Егер хабарлаған күннен бастап үш ай ішінде банк шотының иесі шот бойынша операцияларды жаңартпаса, банк Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 291-бабына сәйкес ақша қалдығын нотариустың депозитіне аудара отырып, банк шоты шартын біржақты тәртіппен бұзады және шотты жабады;
      2) заңды тұлға клиентті таратуға немесе қайта ұйымдастыруға байланысты шотты жабу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес банкке клиент ұсынатын сыртқы экономикалық экспорттық-импорттық келісімшарттар бойынша орындалмаған талаптары болған кезде жабуға тыйым салынады.
      Ескерту: 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      44. Резидент еместі қоса алғанда, заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, жеке кәсіпкердің, жеке нотариустың, адвокаттың, резидент емес жеке тұлғаның және азаматтығы жоқ тұлғаның жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, арнайы қаржы компаниясының облигацияларының шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банк шоттарын, резидент еместердің жинақ шоттарын және (немесе) шетелдік корреспондент банктердің корреспонденттік шоттарын қоспағанда, банк шоттары жабылғаннан кейін банктер тиісті салық қызметі органдарын хабарларды кепілдікпен жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы, олар жабылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып олардың жабылуы туралы хабардар етуге міндетті.
      Осындай электрондық арналар арқылы көрсетілген шоттарды жабу туралы хабарлауға техникалық проблемалардың туындауы себепті мүмкін болмаған кезде хабарлама қағазға басылып, салық төлеуші орналасқан (тұратын) жер бойынша салық органына үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      Ескерту: 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2009.07.09. N 60 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      45. Банк уақытша жинақ есепшотты Ереженің осы тарауында белгіленген тәртiппен жабады.
      Ескерту: 45-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      46. Мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменiң банктiк есепшотын банк Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi осы мемлекеттiк мекеменiң банктiк есепшотын ашуға берген рұқсатты қайтарып алған жағдайда жабады.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      47. Банк пен клиент арасында банктiк есепшоттарды ашу, жүргiзу және жабу жөнiнде туындайтын, және де осы Ережемен реттелмеген барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шешіледі.
      Ескерту: 47-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

      Төраға

                                   Қазақстан Республикасының
                                банктерінде клиенттердің банктік
                               есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
                                           ережесіне
                                           1-қосымша

      Ескерту: 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

Қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар
Құжат

Банктің клиенті                       Кодтары       Банктің 
(толық атауы)                                       белгілері
____________________________________________________________________
Банк клиентінің мекен-жайы
____________________________________________________________________                            тел.
____________________________________________________________________
Банк (банктің филиалы, бөлімшесі)  (толық атауы)
____________________________________________________________________
Банктің мекен-жайы (банктің филиалы, бөлімшесі)
____________________________________________________________________                              тел.
____________________________________________________________________
Банктік есепшот түрлері
____________________________________________________________________
Клиенттің жеке сәйкестендірілген коды
____________________________________________________________________
Осы құжатта көрсетілген үлгілер клиенттің
келісімін талап ететін банктік есепшот бойынша
барлық операцияларды жүргізген кезде міндетті
деп саналсын.
____________________________________________________________________
Лауазымы     Аты-жөні       Қойылған қолдың үлгісі    Мөр таңбасының
                                                          үлгісі
____________________________________________________________________
Бірінші қолы
____________________________________________________________________
Екінші қолы
____________________________________________________________________
Келесі бет
____________________________________________________________________
Үлгілерді куәлан.!Үлгілерді куәландыруға! Үлгілердің ! Үлгілерді
дыратын ұйымның  !  өкілеттігі бар      !куәландырған!куәландыратын
    атауы         ! адамдардың аты-жөні  !   күні     !адамдардың 
                  !                      !            !қойған қолда.
                  !                      !            !ры мен
                  !                      !            !   мөрлері
____________________________________________________________________                                                          (қолдары)
                                                            (мөр)
____________________________________________________________________

                                   Қазақстан Республикасының
                                банктерінде клиенттердің банктік
                               есепшоттарын ашу, жүргізу және жабу
                                           ережесіне
                                           2-қосымша

      Ескерту: 2-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 24 қаңтардағы N 2 қаулысымен.

Қол қою үлгісі бар
Құжат

Банктің клиенті                          Кодтары        Банктің
                                                       белгілері
____________________________________________________________________
Банк клиентінің мекен-жайы, телефоны
____________________________________________________________________
Жұмыс орны, телефоны
(толық атауы)
____________________________________________________________________
Банктің мекен-жайы (банктің филиалы, бөлімшесі)
____________________________________________________________________
Банктік есепшот түрлері
____________________________________________________________________
Клиенттің жеке сәйкестендірілген коды
____________________________________________________________________
Осы құжатта көрсетілген үлгілер клиенттің
келісімін талап ететін банктік есепшот бойынша
барлық операцияларды жүргізген кезде
міндетті деп саналсын.
____________________________________________________________________
     Аты-жөні                              Қол қою үлгісі
____________________________________________________________________

Келесі бет
____________________________________________________________________
Үлгілерді куәлан.!Үлгілерді куәландыруға! Үлгілердің ! Үлгілерді
дыратын ұйымның  !  өкілеттігі бар      !куәландырған!куәландыратын
    атауы         ! адамдардың аты-жөні  !   күні     !адамдардың
                  !                      !            !қойған қолда.
                  !                      !            !ры мен
                  !                      !            !мөрлері
____________________________________________________________________                                                          (қолдары)
                                                             (мөр)
____________________________________________________________________

      РҚАО-ның ескертуі!
      Ережелер 2010 жылғы 7 маусымнан бастап 3 және 4-қосымшалармен толықтырылады - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007.10.24 N 123 Қаулысымен.