Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 27 қаңтардағы N 2828 заң күші бар жарлығы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша  өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының  1-бабына сәйкес осы Жарлықты шығарамын.

1-Тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар

      Осы Жарлықта қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
      1) Жер қойнауын пайдаланудың қауiпсiздiгi - жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзгенде техникалық, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      1-1) Жағалау сызығы - су қоймасының ең көп мөлшерде көтерілуі (судың толығуы) нәтижесінде пайда болған жағалау сызығы. Жағалау сызығының нақты орналасу орнын белгілеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;
      2) Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеу - Жер қойнауы жай-күйiнiң мониторингiне, учаскелердiң, сондай-ақ республика және бөлiктерiнiң және тұтастай аумағының геологиялық құрылымын зерделеуге, оларда Пайдалы қазбалардың болуы жөнiндегi перспективаларды анықтауға, жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негiзiн құрайтын мемлекеттiк геологиялық карталар жасауға байланысты жұмыстар (операциялар);
      2-1) Геологиялық бөлу - Жер қойнауын пайдаланушы Барлау жүргізуге құқылы жер қойнауының Учаскесін схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын Контрактінің ажырамас бөлігі болып табылатын Барлауға, бірлескен Барлау мен Өндіруге жасалатын Контрактіге қосымша;
      2-2) Тау-кендік бөлу - Жер қойнауын пайдаланушы Барлаумен және (немесе) Өндірумен не Сервитутты жүзеге асырумен байланысты емес Өндіру жүргізуге, жер асты құрылыстарын Салуға құқығы бар жер қойнауының Учаскесін схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын Сервитут ресімделген жағдайда, Өндіруге арналған Контрактіге, бірлескен Барлаумен Өндіруге арналған Контрактіге, Барлаумен және (немесе) Өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға жасалатын Контрактіге, коммерциялық мақсатта Контрактінің ажырамас бөлігі не дербес құжат болып табылатын кең таралған пайдалы қазбаларды Өндіруге жасалатын Контрактіге қосымша;
      3) Өндіру - Минералды шикізатты уақытша сақтауды қоса алғанда, Жер қойнауынан жер бетіне, сондай-ақ мемлекеттің меншігіндегі Техногенді минералдық түзілімдерден Пайдалы қазбаларды алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені және технологиялық циклы;
      3-1) Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтаждары үшін өндіру - өндірілген кең тараған пайдалы қазбаларға не жерасты суларына қатысты кейiн мәмiлелер жасау ниетiнсiз, жеке меншiктегi не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскесiнде жүзеге асырылатын Өндiру;
      3-2) Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсаттарда өндiру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждары үшiн Өндiруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндiру;
      3-3) Теңiздi ластау - теңiз аясына материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелiстiң келiп түсуi, сондай-ақ адамдардың денсаулығына, теңіздiң тірі ресурстарына және теңiздiң экожүйесiне зиян келтiретiн не зиян келтiруге қабiлеттi, не теңiзде не оның жағалауында заңды қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға кедергiлер жасайтын немесе залал келтiретiн не залал келтiруге қабiлеттi сәулелер мен өрiстердiң алуан үлгiлерiнiң пайда болуы;
      4) Коммерциялық табу - Контракт аумағында өндiру үшiн экономикалық жарамды бiр немесе бiрнеше Кен орындарын табу;
      5) Құзыреттi орган - Контрактылар жасаумен және орындаумен тiкелей байланысты құқықтар берiлетiн атқарушы орган;
      6) Контракт - Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) мен жеке немесе заңды тұлғаның (тұлғалардың) арасында Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру жүргiзуге не Барлауға және (немесе) Өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға жасалатын шарт;
      7) Контрактiнiң аумағы - Жер қойнауын пайдаланушы Контрактiге сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операциялар жүргiзуге құқылы Геологиялық не Тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ;

      8) <*>

      9) <*>

      10) <*>
      11) Кен орны - Пайдалы қазба (Пайдалы қазбалар) табиғи шоғырланған Жер қойнауының бөлiгi;
      12) Минералдық шикiзат - жер үстiнде шығарылған, құрамында Пайдалы қазба (Пайдалы қазбалар) бар жер қойнауының бөлiгi (тау жынысы, кен шикiзаты және басқалар);
      13) Модельдiк контракт - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн үлгi контракт, онда Контрактылардың кейбiр түрлерiнiң ерекшелiктерi немесе жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жекелеген Операцияларды жүргiзудiң ерекшелiктерi көрсетiлiп, Контрактылар жасалғанда үлгi ретiнде пайдаланылады;
      14) Жер қойнауын пайдаланушы - осы Жарлыққа сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі Операцияларды жүргізу құқығын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;
      15) Жер қойнауы - топырақ қабатынан, ол жоқ болса - жер бетiнен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су қоймаларының түбiнен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогрестi ескере отырып жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзуге болатын тереңдiкке созылған жер қыртысының бөлiгi;
      16) Кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйiнде немесе сәл өңделiп, тазартылғаннан кейiн негiзiнен жергiлiктi шаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге жұмсалатын пайдалы қазбалар (құм, саз, қиыршық тас және басқалар);
      17) Жер қойнауын пайдалану операциялары - жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеуге, Барлауға және Өндiруге, сонымен бiрге жер асты суларын, шипалы балшықты Барлау және Өндiруге, Жер қойнауын қалдық суларды ағызу үшiн барлауға байланысты жұмыстар, сондай-ақ Өндiруге байланысты емес, жер асты құрылыстарын Салу және пайдалану жөнiндегi жұмыстар;
      18) минералдық шикiзатты өңдеу - Минералдық шикiзаттан Пайдалы қазбаны (Пайдалы қазбаларды) ажыратып алумен байланысты жұмыстар;
      18-1) Мердігер - Құзыретті органмен (уәкілетті мемлекеттік орган) жер қойнауын пайдалану жөніндегі Операцияларды жүргізуге Контракт жасаған жеке немесе заңды тұлға;
      19) пайдалы қазба - жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ күйiнде кездесетiн материалдық өндiрiсте қолдануға жарамды табиғи минералдық зат (соның iшiнде жерасты сулары мен шипалы балшық);
      20) Кен орындарын игерудiң оң тәжiрибесi - әдетте әлем елдерiнiң Жер қойнауын пайдаланушылары қолданатын Барлаудың және Өндiрудiң оңтайлы, қауiпсiз, тиiмдi және жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзуге қажет тәжiрибе;
      21) Жер қойнауын пайдалану құқығы - осы жарлықта белгiленген тәртiпке сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға берiлген Контракт аумағы шегiндегi жер қойнауына иелiк ету және оны пайдалану құқығы;
      21-1) Сақтық аймағы - Теңіздің жағалау сызығынан Қазақстан Республикасының аумағында құрлық жағына қарай 5 километрге созылып жатқан аймақ;

      22) <*>
      23) Жұмыс бағдарламасы - Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу, Барлау және Өндiру жөнiндегi жоспарларды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзуге дайындалған жоспарлардың барлық түрлерi;
      24) Барлау - Пайдалы қазбалар Кен орындарын iздеумен және оларды бағалаумен байланысты жұмыстар (операциялар);
      25) Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және оларды пайдалану - жалпы шаруашылық мақсаттар үшiн жерасты құрылыстарын салу және пайдалану, сондай-ақ радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттарды және қалдық суларды көму жұмыстары (операциялары);
      25-1) Сервитут - жеке және заңды тұлғалардың басқа тұлғаларға осы Жарлықта көзделген жағдайларда Барлаумен және (немесе) Өндірумен байланысты емес Барлау, Өндіру, бірлескен Барлау жүргізу және Өндіру, не жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшін берілген жер қойнауы Учаскесінің бөлігін шектеулі нысаналы пайдалану құқығы;
      26) Техногендiк минералды түзiлiмдер - пайдалы қазбасы (Пайдалы қазбалары) бар тау-кен, байыту, металлургиялық және басқа түрлi өндiрiс қалдықтары (шлактар, үйiндiлер, соңғы қалдықтар және басқалар);
      27) Жер қойнауы учаскелiк (блок) - жер қойнауын пайдалану үшiн тұйықталған шекаралықта берiлетiн Жер қойнауының геометрияланған бөлiгi;
      27-1) Ұлттық компания - Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану операцияларын тiкелей, сондай-ақ Контрактiлерге үлестiк қатысу арқылы жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен құрылған, акцияларының жүз процентi мемлекетке тиесiлi жабық акционерлiк қоғам;
      ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      2-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы
             заңдардың мiндеттерi

      Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жайындағы заңдардың мiндеттерi - Қазақстан Республикасының мүдделерiн және оның табиғи ресурстарын қорғау, Қазақстан Республикасының Жер қойнауын тиiмдi пайдалану және қорғау, Жер қойнауын пайдаланушылар мүдделерiн қорғау, шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарының бiрдей дамуына жағдай жасау, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастар саласында заңдылықты күшейту мақсатында жүргiзудi реттеу болып табылады.

      3-бап. Жер қойнауын және жер қойнауын пайдалану
             туралы заңдардың принциптерi

      Жер қойнауымен және жер қойнауын пайдаланумен байланысты құқықтық қатынастар мынадай принциптерге негiзделедi:
      1) Жер қойнауын ұтымды, кешендi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету;
      2) Жер қойнауын және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ету;
      3) республикалық және аймақтық мүдделердiң үйлесуiн қамтамасыз ету;
      4) минералдық шикiзат базасын толықтыруды қамтамасыз ету;
      5) Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жариялы түрде жүргiзу;
      6) Жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы;
      7) Жер қойнауын пайдалану жөнiнде операцияларды жүргiзуге инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар туғызу.

      4-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану
             туралы заңдар

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзгенде пайда болатын қатынастар осы Жарлықпен және соған сәйкес қабылданған басқа нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi.
      Пайдалы қазбалар мен Техногендiк минералды түзiлiмдердiң кейбiр түрлерiне қатысты жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзуге байланысты ерекшелiктер, Пайдалы қазбалардың осы түрлерi туралы және Техногендiк минералды түзiлiмдер туралы заң актiлерiмен айқындалады.
      2. Жер, су (жерасты және шипалы балшықтан басқа), орман, өсiмдiк және жануарлар әлемiн, атмосфералық ауаны пайдалану және қорғау жөнiндегi қатынастар арнайы заңдармен реттеледi.
      3. Жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты азаматтық құқықтық қатынастар осы Жарлық нормаларымен реттелмеген болса, азаматтық заңдар нормаларымен реттеледi.
      4. Егер осы Жарлықта немесе басқа заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, шетелдiк азаматтар және заңды тұлғалар; сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар жер қойнауын пайдалану жөнiнде Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей құқықтармен пайдаланады және мiндеттер атқарады.
      5. Осы Жарлық белгiленген азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары Үкiметтiң, орталық әрi жергiлiктi атқарушы органдардың және мәслихаттардың актiлерiмен шектелмейдi. Мұндай актiлердiң заң күшi болмайды және орындалуға жатпайды.

      5-бап. Жер қойнауына, Пайдалы қазбаларға және
             Минералды шикiзатқа меншiк құқығы

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Жер қойнауы, соның iшiнде Пайдалы қазбалар, мемлекет меншiгiнде болады.       2. Егер Контрактiде өзгеше көзделмеген болса, Минералды шикiзат меншiк құқығымен Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiне жатады (Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кәсiпорнына - шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығымен).
      3. Егер Контрактыда өзгеше көзделмеген болса, Техногендiк минералды түзiлiмдер мемлекет меншiгi болып табылады.
      4. Мемлекет меншiгiндегi Техногендiк минералды түзiлiмдерден алынған Пайдалы қазбаларға иелiк ету құқығы (шаруашылық жүргiзу, жедел басқару) Контрактыда айқындалады.
      5. Минералды шикiзат, Техногендiк минералдық түзiлiмдер немесе Пайдалы қазбалар меншiк құқығымен Жер қойнауын пайдаланушының иелiгiнде (шаруашылық жүргiзу, жедел басқару) болса, ол Минералды шикiзатқа, Техногендiк минералдық түзiлiмдерге немесе Пайдалы қазбаларға иелiк етуге, олар жөнiнде заңды тыйым салынбаған кез келген азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға хақылы.

      6-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды
             жүргiзудiң жариялылығы

      1. Барлық мүдделi тұлғалар Құзыреттi органда (уәкiлеттi мемлекеттiк орган):
      1) инвестициялық бағдарламалардың конкурсын өткiзудiң шарттарымен және оның нәтижелерi туралы шешiмнiң мазмұнымен;
      2) жасалған Контрактiлер бойынша бағдарламалар конкурсы ережелерiнiң орындалуымен танысуға құқылы.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының арасында тараптар құпия деп таныған ақпаратты беру құпиялылық режимiн бұзу болып табылмайды. Құпияға жататын ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Мақсаты қоршаған табиғи ортаны қорғау болып табылатын барлық мүдделi отандық және халықаралық қоғамдық ұйымдардың қоршаған ортаға жүргізілген не жоспарланған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операциялардың әсер етуіне қатысты толық және дұрыс ақпаратты алуға құқығы бар.
      3. Мұндай ақпаратты берудiң тәртiбi қолданылып жүрген заңдармен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

2-Тарау. Атқарушы органдардың жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыретi

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) мемлекеттiк меншiк объектiсi ретiнде Жер қойнауының мемлекеттiк қорын басқаруды ұйымдастырады;
      2) Жер қойнауын пайдалану және оны қорғау ережелерiн белгiлейдi;
      3) Минералды шикiзаттың стратегиялық және тапшы түрлерiне деген мемлекеттiң қажеттiлiгiн қанағаттандыруға арналған Жер қойнауы Учаскелерiн анықтайды, ұлттық қауiпсiздiктi, қоршаған табиғи ортаның сақталуын, халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Жер қойнауын пайдалануға шек қояды, болашақ ұрпақ мүддесiне орай Минералды шикiзат қорларын сақтау үшiн Жер қойнауы Учаскелерiн консервациялайды;
      4) кең тараған пайдалы қазбалардың тiзбесiн анықтайды;
      5) өндiрушi өнеркәсiптiң әртүрлi салаларында қызметтi жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушылар үшiн арнайы төлемдер мен салықтардың төлеу тәртiбiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi;
      6) Контрактылар жасасу тәртiбiн белгiлейдi;
      7) Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы Учаскелерiнiң (блоктарының) тiзбесiн бекiтедi;
      8) Модельдiк контрактылар әзiрлейдi және бекiтедi;
      9) Жер қойнауын пайдалану саласында осы Жарлықпен және Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiмен өзiне берiлген басқа өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
      10) Кең таралған пайдалы қазбалардан басқа жер қойнауын пайдалануға Контрактылар жасайтын және орындайтын құзыреттi органды айқындайды;
      11) республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда оларды шаруашылыққа шектеп пайдаланудың тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 7-бап 11-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      8-бап. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк
             органның) атқаратын қызметтерi

      1. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) атқаратын қызметтерiне мыналар кiредi:
      1) Барлау, Өндiру және бiрлескен Барлау мен Өндiру жүргiзуге жер қойнауын пайдалану Құқығын беру үшiн инвестициялық бағдарламалардың конкурсын дайындау және ұйымдастыру;
      2) Контрактiнiң шарттары туралы Жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзу, Жер қойнауын пайдаланушымен бiрлесiп Контрактiнiң жобасын дайындау;
      3) контрактiлiк құжаттардың жобаларын келiсудi жүргiзудi ұйымдастыру;
      4) кең тараған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта өндiруге арналған Контрактiнi қоспағанда, Контрактiнi жасасу және тiркеу;
      5) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен бiрлесiп, Контрактiлердi орындау шарттарын сақталудың мониторингi және оны бақылау;
      6) Осы Жарлықтың 14-бабына сәйкес Жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге беруге рұқсат беру, сондай-ақ осы Жарлықтың 15-бабына сәйкес Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi мәмiлелердi тiркеу;
      7) Контрактiнi заңдарда көзделген тәртiппен және негiздер бойынша атқаруды және бұзуды қамтамасыз ету;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне Контрактiнiң орындалу барысы туралы жыл сайынғы есептi табыс ету.
      2. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган):
      1) Контрактiнi жасау және атқару жөнiндегi өзiнiң қызметiнiң барысында Қазақстан Республикасы мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      2) Кен орындарының қорларына мемлекеттiк сараптамадан кейiн ғана Өндiруге Контракт жасасуға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      9-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi

      Облыстық атқарушы органдар:
      1) жер туралы заңдарға сәйкес, Контрактыда белгiленген мөлшерде Жер қойнауын пайдаланушыға жер пайдалану құқығына жер учаскесiн бередi; қажет болған жағдайда көрсетiлген мақсаттар үшiн жер туралы заңдарда анықталған тәртiппен жеке меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қояды;
      2) өздерiне заң актiлерi берген құзырет шегiнде жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзу үшiн берiлген жер және су учаскелерiнiң қорғалуына, Жер қойнауын пайдаланушының экологиялық қауiпсiздiк ережелерiн бұзбауына, археологиялық ескерткiштер және басқа тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      3) Контракт жасалған кезде аймақ тұрғындарының әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық мүдделерiн сақтаумен байланысты мәселелердi шешу үшiн Жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзуге қатысады;

      4) <*>
      5) Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсаттарда өндiруге Контракт жасасады, тiркейдi және оны атқарады;
      5-1) жер қойнауын пайдалануға байланысты ғылыми, тарихи-мәдени және эстетикалық мәнi бар объектiлердi құру мен сақтауға жәрдемдеседi;
      6) құзыреттi орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерi мен экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, жергiлiктi маңызы бар ерекше - қорғалатын табиғи аумақтардың санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап 6-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

3-Тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығы

      10-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының түрлерi

      1. Жер қойнауын пайдалану Құқығы мынадай Операцияларды жүргiзу үшiн берiледi:
      1) Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеу;
      2) Барлау;
      3) Өндiру;
      4) Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану.
      2. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен алынатын немесе алынбайтын, өтемдi және өтемсiз болуы мүмкiн.
      3. Жер қойнауын пайдаланушыға жеке меншiк немесе тұрақты жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiндегi кең тараған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшiн өндiру жер қойнауын пайдаланудың тұрақты және өтемсiз құқығы бойынша жүзеге асырылады.
      Жер қойнауын пайдалану Операцияларының басқа түрлерiнiң бәрi уақытша және өтемдi жер қойнауын пайдалану негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Осы Жарлықта және басқа заң актiлерiнде негiздерден өзге, ешкiм жер қойнауын пайдалану Құқығынан ажыратылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      11-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығының субъектiлерi

      1. Жер қойнауын пайдалану Құқығының субъектiлерi қазақстандық және шетелдік жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкiн.

      2. <*>
      3. Жер қойнауын тұрақты пайдаланушылар - олардың жер қойнауын пайдалану Құқығының мерзiмсiз сипаты бар тұлғалар.
      Жер қойнауын уақытша пайдаланушылар - жер қойнауын пайдалану Құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген тұлғалар.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      11-1-бап. Жер қойнауын пайдалануды шектеу

      1. Жер қойнауының жекелеген Учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша елдің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында шектелуі немесе тыйым салынуы мүмкін.
      2. Елді мекендердің аумақтарында, қала маңы аймақтарында өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінде жер қойнауларын пайдалануға, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін болатын жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.
      3. Ерекше қорғалатын аумақтардың шектеріндегі жер қойнауларын пайдалану Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын аумақтары туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 11-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      11-2-бап. Сервитуттар

      1. Сервитут мүдделі тұлғаға, егер мұндай тұлғаның қызметті заңды жүзеге асыруы мұндай Сервитут берілмей мүмкін болмайтын не мұндай тұлғаны шамадан тыс шығынға ұрындыратын жағдайда ғана берілуі мүмкін.
      2. Сервитутты беруге, егер мұндай беру адамдардың өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қатер төндiретiн, сондай-ақ жер қойнауы Учаскесiнде Барлау және (немесе) Өндiру жүргiзу мүмкiн еместiгiне не оның тиiмсiздiлiгiне әкеп соғатын жағдайда тыйым салынады.
      3. Бұрын жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу үшiн басқа тұлғаға берiлген жер қойнауы Учаскесiнiң бөлiгiн берудi осы тұлғамен және Құзыреттi органмен (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) келiсiм бойынша Тау-кендiк бөлуiн ресiмдеу жолымен жер қойнауын пайдалану және Қорғау жөніндегі мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      4. Сервитут мәмiленiң, соның iшiнде сатып алу-сату мен кепiлдiң дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға тек мұндай сервитутты қамтамасыз ету үшiн берiлген құқықпен бiрге ғана ауысуы мүмкiн.
      5. Сервитутты жер қойнауы Учаскесiнiң бөлiгiне беру осындай Сервитутты алу қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жер учаскесiне Сервитут беру үшiн негiз болады.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 11-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      12-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығының пайда болуы

      1. Жер қойнауын пайдалану Құқығы:
      1) Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру;
      2) Жер қойнауын пайдалану Құқығын өзгеге беру;
      3) Жер қойнауын пайдалану Құқығы әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен ауысу жолымен пайда болады.
      2. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру тұлғаға жер қойнауын пайдалану Құқығын мемлекеттiң тiкелей беруiн бiлдiредi.
      3. Жер қойнауын пайдалану Құқығын өзгеге беру жер қойнауын пайдалану Құқығын тұлғаға басқа Жер қойнауын пайдаланушының беруiн көрсетедi.
      4. Жер қойнауын пайдалану Құқығының әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен көшуi заңды тұлғаның қайта құрылуы кезеңiнде құқықтық мұрагерде жер қойнауын пайдалану Құқығының пайда болғанын бiлдiредi.

      5. <*>
      ЕСКЕРТУ. 12-баптың 5-тармағы алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      13-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру

      1. Барлауға, Өндiруге, бiрлескен Барлау мен Өндiруге, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану Құқығын беру Контракт жасасу арқылы жүргiзiледi.
      2. Коммерциялық мақсатта кең таралған пайдалы қазбаларды Өндiру үшiн жер қойнауын пайдалану Құқығын беру облыстық атқару органымен Контракт жасасу негiзiнде жүргiзiледi.
      2-1. Пайдалы қазбалардың қоры аз кен орындарындағы жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      3. Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеу үшiн жер қойнауын пайдалану Құқығын беру, Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органның әкiмшiлiк актісі негiзiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алулар туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      4. Кең таралған пайдалы қазбаларды және жерасты тұщы суларын өз қажетi үшiн Өндiруге арнап жер қойнауын пайдалану Құқығын беру, қойнауында кең тараған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бар жер учаскесiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде қатар жүргiзiледi. Жер учаскесiн уақытша пайдалануға берген кезде Кең тараған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз қажетiне пайдалану шарттары уақытша Жер пайдалану туралы шартта көрсетiлуi мүмкiн.
      4-1. Жер қойнауын пайдалану Құқығы бiрнеше Жер қойнауын пайдаланушыға берiлуi мүмкiн. Осындай беру жағдайында мұндай жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану Құқығының бiрлескен иелерi болып табылады. Мұндай Жер қойнауын пайдаланушылардың өзара құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) қатысты құқықтары мен мiндеттерi Контрактiде айқындалады. Жер қойнауын пайдалану Құқығының бiрлескен иелерi Контрактiнiң негiзiнде туындайтын мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      14-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға
              беру

      1. Жер қойнауын пайдалану Құқығын кепiлге берудi қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану Құқығын басқа тұлғаға ақылы не тегiн негiзде жүзеге асырылатын беруі, құрылатын заңды тұлғаның жарғылық капиталына жарна ретiнде беруін қоса алғанда, тек Құзыреттi органның /уәкiлеттi мемлекеттiк орган/ рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
      2. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) нақты тұлғаға Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсаты осындай әрбiр жағдайда жеке берiледi. Контрактта (Контракт жасасылған жағдайларда) Жер қойнауын пайдаланушының қалауымен Жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға беруге Жер қойнауын пайдаланушының жалпы рұқсатын белгiлеуге жол берiлмейдi.
      3. Жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлдi органмен контракттың негiзiнде Жер қойнауын пайдаланушыға берiлген Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеуге деген Жер қойнауын пайдаланушының құқығын беру осы органның келiсiмiмен жүргiзiле алады.
      4. Өз мұқтажын қанағаттандыруға қажеттi Кең тараған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын Өндiруге Жер қойнауын пайдалану құқығын беру астында Кең тараған пайдалы қазбалары немесе жерасты сулары бар жер учаскесiн жеке меншiкке немесе жердi пайдалануға берумен қатар жүргiзiледi. Жер учаскесiн уақытша жер пайдалануға берген ретте, Кең тараған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтажын қанағаттандыру үшiн пайдалану шарттары уақытша жер пайдалану туралы шартта ескерiлуi мүмкiн.
      Өз мұқтажын қанағаттандыруға қажеттi кең тараған пайдалы қазбаларға және жерасты суларына арналған Жер қойнауын пайдалану құқығын астында олар жатқан жер учаскесiнсiз беруге жол берiлмейдi.
      5. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген басқа да негiздер бойынша, осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген ережелер сақтала отырып жүргiзiледi. Осы баптың 1 және 9-1-тармақтарына сәйкес берiлетiн рұқсаттың болуынсыз, сондай-ақ 15-баптың 2-тармағын бұза отырып жасалған жер қойнауын пайдалану Құқығын өзгеге беру жөнiндегi мәмiле ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.
      6. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi барлық шығыс, егер беру шартында өзгеше көзделмесе, Жер қойнауын пайдаланушыға жүктеледi.
      7. Жер қойнауын пайдаланушының Контрактыға қандай болсын қатысы сақталып қалатын кезге дейiн ол және Жер қойнауын пайдалану құқығы ауысқан тұлға Контракт бойынша ортақ жауапкершiлiкте болады.

      8. <*>
      9. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер учаскесiн қайта ресiмдеуге, сондай-ақ жер учаскесiне құқықты тiркеуге және заңдарға сәйкес онымен мәмiле жасасуға сөзсiз негiз болып табылады.
      9-1. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Жер қойнауын пайдаланушының өтiнiшi мен оған қоса берiлген Жер қойнауын пайдаланушы пайдасына осындай берудi жүргiзуге ниеттенген жеке және заңды тұлға туралы ақпараттың негiзiнде жер қойнауын пайдалану Құқығын беруге арналған рұқсатты беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) жер қойнауын пайдалану Құқығын беруге арналған рұқсатты беруден жер қойнауын пайдалану Құқығын беру көзделген тұлға Жер қойнауын пайдаланушыға Контрактiмен жүктелетiн мiндеттемелердi немесе мiндеттемелердiң бiр бөлiгiн (жер қойнауын пайдалану Құқығы iшiнара берiлетiн жағдайда) орындауға қабiлетсiз деп ұйғарылған не Жер қойнауын пайдаланушы Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) көрiнеу жалған ақпарат берген жағдайда бас тартуға құқылы. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беруге рұқсат беруден негiзсiз бас тартуға қолданылып жүрген заңдар мен Контрактiнiң шарттарына сәйкес қарсылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
      Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк орган), егер Құзыретті органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) негiзгi ұйым Контракт бойынша мiндеттемелердi еншiлес заңды тұлғамен ортақтасып толық атқару кепiлдiгiн ұсынған кез келген жағдайда жер қойнауын пайдалану Құқығын еншiлес ұйымға беруден бас тартуға құқығы жоқ.
      9-2. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру Контракттi қайта ресiмделген кезден бастап, оның iшiнде Контрактiге тиiстi өзгерiстерді және (немесе) толықтыруларды ресiмдеу арқылы жасалған деп есептелiнедi. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Контрактiні қайта ресiмдеуден және тiркеуден жер қойнауын пайдалану Құқығын беру жөнiндегi азаматтық-құқықтық мәмiле жасасу фактiсi болмаған жағдайда не Жер қойнауын пайдаланушы Құзыреттi органға (уәкiлетті мемлекеттiк орган) соның негiзiнде жер қойнауын пайдалану Құқығын беруге рұқсат берiлген жалған ақпарат ұсынуы фактiсi болған жағдайда не осы баптың 9-3 және 9-4-тармақтары сақталмаған жағдайда бас тартуға құқылы.
      9-3. Жер қойнауын пайдалану Құқығын басқа адамға iшiнара берген жағдайда Жер қойнауын пайдаланушы мен осындай жеке немесе заңды тұлға Контракт бойынша құқықтарды бiрлесiп жүзеге асыру мен мiндеттердi орындау кезiнде туындайтын өзара мiндеттемелер бойынша келiсiмге келуге тиiс. Жер қойнауын пайдаланушылардың арасындағы бiрлескен қызмет туралы шарт не құқықтар мен мiндеттердi осындай шектеу туралы өзге де шарт Құзыреттi органмен (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) келiсiледi және ол Контрактiнiң тараптары үшiн мiндеттi күшi бар Контрактiге қосымша болып табылады.
      9-4. Иеленушiлерi бiрнеше жеке немесе заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдалану Құқығының бөлiгiн берген жағдайда мұндай беру тек осы жер қойнауын пайдалану Құқығының барлық осындай иеленушiлерiнiң келiсiмiмен ғана мүмкiн болады.
      ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      15-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлдiкке беру

      1. Жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлдiкке беру мүлiктiк құқық кепiлi шартының негiзiнде осы Жарлықтың 14-бабының ережелерi сақтала отырып жүргiзiледi.
      2. Жер қойнауын пайдалану Құқығын кепiлге беруге тек Контрактiмен белгiленген жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу үшiн қаржы қаражатын тарту мақсатында ғана жол берiледi. Жер қойнауын пайдалану Құқығының кепілімен алынған кредит (заем) Контрактiде көзделген жер қойнауын пайдалану мақсатына ғана пайдаланылуы тиiс.
      2-1. Жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлге беру осы Жарлықтың 14-бабына сәйкес алдын ала рұқсат алмастан, сондай-ақ Контрактiнi Кепiл ұстаушыға қайта ресiмдеусiз жүзеге асырылады.
      2-2. Кепiл шарты Құзыреттi органда (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) мiндеттi түрде тiркелуге тиiс және егер осы Шартпен күшiне енуiнiң өзге неғұрлым кеш мерзiмi белгiленбеген болса, тiркелген кезден бастап күшiне енедi.
      2-3. Жер қойнауын пайдалану Құқығының кепiл шартын тiркеу Жер қойнауын пайдаланушының өтiнiшi негiзiнде тiркеу туралы куәлiк берiле отырып жүзеге асырылады, оған қолданылып жүрген заңдарға сәйкес талап етiлетiн құжаттар берiлген кезден бастап 30 күннiң iшiнде заемды тартудың, пайдалану мен қайтарудың техникалық-экономикалық негiздемесi, заемды берудiң шарттары мен заемды беретiн ұйым туралы ақпарат қоса берiледi.
      2-4. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган), егер жер қойнауын пайдалану Құқығын иеленушi тұлғаға Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңының күшi қолданылса не жер қойнауын пайдалану құқығы кепiлiнiң тиiстi жағдайларында отандық немесе халықаралық рынокта қолданылатын шарттармен салыстырғанда Жер қойнауын пайдаланушы үшiн жер қойнауын пайдалану Құқығы кепiлiнiң бара-бар шарттары болмаса не, егер кепiлге салынатын жер қойнауын пайдалану Құқығы басқа кепiл шартының нысаны болып табылса, жер қойнауын пайдалану Құқығының кепiл шартын тiркеуден бас тартуға құқылы.
      2-5. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) өтiнiш берушiге мұндай бас тартудың себептерiн көрсете отырып, жер қойнауын пайдалану Құқығының кепiл шартын тiркеуден бас тартылғаны туралы 30 күн iшiнде жазбаша мәлiмдеуге мiндеттi.
      2-6. Кепiл нысанасы ретiнде жер қойнауын пайдалану Құқығына өндiрiп алу қолданылған жағдайда, кепiл ұстаушы банк болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кепiл ұстаушыға Контрактiмен және Қазақстан Республикасының заңдарымен жер қойнауын пайдалану Құқығының иесiне жүктелетiн барлық құқықтар мен мiндеттер ауысады.
      2-7. Жер қойнауын пайдалану құқығына кепілдiң нысанасы ретiнде өндiрiп алуды қолданудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 15-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда және жаңа 2-1, 2-2, 2-3, 2-4, 2-5, 2-6, 2-7-тармақтармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      16-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының әмбебап
              құқықтық иелiкке алу ретiнде ауысуы

      Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда оған тиесiлi Жер қойнауын пайдалану құқығы азаматтық заңдар нормаларына сәйкес құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға) ауысады.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      17-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдерге байланысты
              Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асырудың
              ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк меншiкке жататын әрi нақтылы мемлекеттiк кәсiпорындарға бекiтiлiп берiлмеген Техногендiк минералдық түзiлiмдерден өндiру Контрактқа сәйкес жалпы негiздерiнде жүргiзiледi.

      2. <*>
      ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      18-бап. Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеуге
              Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асырудың
              ерекшелiктерi

      1. Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеудi жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлдi орган ұйымдастырады және оның қарамағындағы ұйымдар немесе контракт негiзiнде тартылған азаматтар, заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеу республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

      19-бап. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты
              емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе)
              пайдалануды, жүзеге асырудың ерекшелiктерi

      1. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асырудың ерекшелiктерiн, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану Құқығын беру тәртiбiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудiң шарттары мен тәртiбi Контрактiмен айқындалады.
      3. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы Жарлықтың Өндiруге қатысты нормалары қолданылады.
      ЕСКЕРТУ. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      20-бап. Минералдық шикiзатты ұқсату

      1. Минералдық шикiзатты ұқсату Жер қойнауын пайдалану операцияларына жатпайды.
      2. Минералдық шикiзатты ұқсатуды лицензиялау осы Жарлықтың Ережелерiне тәуелдi емес және лицензиялау туралы заңдарда белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
      ЕСКЕРТУ. 4-тарау мен 21-41-баптар алып тасталды және жаңа 4-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

4-1-тарау. Барлауды, Өндiрудi және бірлескен Барлау мен Өндiрудi жүргiзуге құқық берудiң тәртiбi

      41-1-бап. Барлауды, Өндiрудi және бiрлескен Барлау мен
                Өндiрудi жүргiзуге құқық берудiң тәртiбi

      1. Құзыреттi органмен (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) тiкелей келiссөздер негiзiнде Ұлттық компанияларға берiлетiн жер қойнауы Учаскелерiн (Блоктарды), сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта Өндiруге ұсынылған жер қойнауы Учаскелерiн, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды қоспағанда, инвестициялық бағдарламалар конкурсына шығарылатын жер қойнауы Учаскелерiнiң (Блоктарының) тiзбесiн бекiтедi. Жер қойнауының осы Учаскелерiне Барлау, Өндiру және бiрлескен Барлау мен Өндiру жүргiзуге құқық Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен, конкурс өткiзу нәтижелерiнiң негiзiнде берiледi.
      2. Жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөніндегі мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының Үкiметi конкурсқа шығаратын жер қойнауының Учаскелерi (Блоктары) бойынша геологиялық немесе тау-кендiк бөлудi Қазақстан Республикасының Үкiметi өзi айқындаған жер қойнауының Учаскелерiн конкурсқа шығару туралы шешiмi қабылданған және тау-кендiк бөлiнiсi жобасы ұсынылған күннен бастап 45 күннен кешiктiрмей әзiрлеуге мiндеттi.
      3. Жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға инвестициялық бағдарламалардың конкурсына қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар осы Жарлықтың нормаларына сәйкес конкурсқа қатысуға Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) өтiнiм беруге құқылы.
      4. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салу және (немесе) пайдалану үшiн жер қойнауының Учаскелерiн берудi Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) тiкелей келiссөздердiң негiзiнде жүргiзедi.

      41-2-бап. Барлауға, Өндiруге не бiрлескен Барлау
                мен Өндiруге жер қойнауын пайдалану Құқығын
                алуға инвестициялық, бағдарламалар конкурсын
                өткiзудiң шарттары

      1. Барлауға, Өндiруге не бiрлескен Барлау мен Өндiруге жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға инвестициялық бағдарламалар конкурсы ашық және жабық болуы мүмкiн.
      Ашық конкурсты өткiзудiң шарттары жариялануға, ал жабығынікі - барлық ықтимал қатысушылардың назарына жеткiзiлуге тиiс.
      Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген барлық тұлғалардың конкурсты өткiзудiң тәртiбiне байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
      2. Конкурсты өткiзу туралы хабарламаларда мыналар болуы тиіс:
      1) оның өткiзiлетiн уақыты мен орны, сондай-ақ өтiнiмдер берудің мерзiмi;
      2) конкурстың негiзгi шарттары;
      3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу үшiн ұсынылу көзделген жер қойнауы Учаскелерiнiң (блоктарының) орналасқан жерiн көрсету және оның сипаттамасы.
      Хабарламада сондай-ақ жазылым бонусының ең төменгi мөлшерi, геологиялық ақпарат пакетiнiң, кен орнын ашқаны үшiн төлемнiң, Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) белгiлейтiн конкурсқа қатысу құқығына арналған жарнаның құны көрсетiледi.

      41-3-бап. Инвестициялық бағдарламалар конкурсына
                қатысуға берiлетiн өтiнiм

      Конкурсқа қатысуға берiлетiн өтiнiмде:
      1) өтiнiм берушiнiң атауы оның орналасқан жерi, мемлекеттiк тиесiлiлiгi (заңды тұлғалар үшiн), азаматтығы (жеке тұлғалар үшiн);
      2) заңды тұлғалардың және өтiнiм берушiнiң атынан өкiлдiк ететiн тұлғалардың басшылары немесе иелерi туралы деректер;
      3) өтiнiм берушiнiң техникалық, басқарушылық, ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкiндiктерi туралы деректер болуға тиiс.

      41-4-бап. Өтiнiмдердi қараудың тәртiбi мен мерзiмдерi

      1. Өтiнiм берушi конкурсқа қатысуға арналған жарнаны төлеген соң өтiнiм қарауға қабылданады. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) өтiнiмнiң конкурсқа қатысуға қабылданғаны туралы оның келiп түскен күнiнен бастап бiр ай мерзiмде өтiнiм берушiге ресми хабарлайды. Өтiнiмдердiң сараптамасы конкурс процесiнде жүргiзiледi.
      2. Конкурсқа қатысуға өтiнiм қабылданған соң өтiнiм берушiге Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) ақысын төлетiп жер қойнауы пайдалануға берiлетiн аумақтағы жер қойнауы Учаскесi (Блоктары) жөнiндегi геологиялық ақпарат пакетiн бередi. Пакетте өтiнiм берушiге Жұмыс бағдарламасын және Барлауды және (немесе) Өндiрудi жүзеге асыру бойынша техникалық-экономикалық көрсеткiштердi әзiрлеуi үшiн қажеттi геологиялық, тау-кен-техникалық, технологиялық және өзге ақпарат көлемi болуға тиiс.

      41-5-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға
                конкурстық ұсыныс

      1. Өтiнiм берушi конкурстың шарттарымен белгiленген мерзiмдерде бiрлескен Барлау мен Өндiруге немесе Өндiруге жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға 41-2-баптың 2-тармағына сәйкес мiндеттемелердің орындалуын ескере отырып конкурстық ұсыныс жасайды. Конкурсқа қатысуға өтiнiм берушiлердiң арасынан конкурстың жеңiмпазын анықтауды комиссия жүргiзедi. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Конкурстың нәтижелерi ресми баспасөз басылымдарында жариялануға тиiс.
      2. Барлауға, жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныста:
      1) өтiнiм берушiнiң соңғы 5 жылда өзi қызметiн жүзеге асырған мемлекеттердiң тiзiмiн қоса алғанда, оның бұрынғы қызметi туралы ақпарат, өтiнiм берушiнiң қаржылық мүмкiншiлiктерi туралы банк анықтамасы;
      2) жұмыс бағдарламасын және оны жүзеге асыруға кететін шығындарды қоса алғанда, өтiнiм берушiнiң Барлау жүргiзу шарттары туралы ниетi;
      3) Контракт аумағы жерiн рекультивациялауды және қалпына келтiрудi қоса алғанда, өтiнiм берушiнiң қоршаған ортаны қорғауға қатысты ниетi;
      4) Барлауды қаржыландырудың көздерi (өзiнiң қаражаты немесе заемдық қаражаттар);
      5) геологиялық ақпаратты сатып алудың шарттары;
      6) өтiнiм берушiнiң жер қойнауын пайдалануға құқықтарды іске асыруда Ұлттық компаниялармен үлестiк ынтымақтастығы туралы ниеті болуға тиiс.
      3. Өндiруге жер қойнауын пайдалану Құқығын алуға конкурстық ұсыныста бұдан басқа:
      1) өзi өндiрудi ұйғарып отырған Пайдалы қазбалардың көлемiн қоса алғанда, Кен орындарын игеру жоспары;
      2) Өндiрудi бастаудың күтiлiп отырған мерзiмi және оған қол жеткiзудің экономикалық және техникалық мүмкiн деңгейi;
      3) Өндiруге байланысты шығыстар бойынша және Пайдалы қазбаларды iске асырудан түсетiн кiрiстер бойынша болжамдарды есептеу;
      4) Қазақстан Республикасының көзделiп отырған ақша түсiмдерi мен Контракт аумағының өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымын дамытуға салынатын күрделi салымдары болуға тиiс.
      4. Бiрлесiп Барлау мен Өндiруге Құқық алуға конкурстық ұсыныс осы баптың 2-3-тармақтарына сәйкес қалыптасуға тиiс.

      41-6-бап. Инвестициялық бағдарламалар конкурсына қатысу
                құқығынан бас тартылу

      Инвестициялық бағдарламалар конкурсына қатысу құқығынан бас тартылу мынадай жағдайларда орын алуы мүмкiн:
      1) осы Жарлықтың 41-3-бабының талаптарын бұза отырып конкурсқа қатысуға өтiнiм беру немесе 41-5-бабының талаптарын бұза отырып конкурстық ұсыныс беру;
      2) өтiнiм берушiнiң жалған мәлiметтердi ұсынуы;
      3) өтiнiм берушiнің конкурсқа қатысуға өтiнiмiнде және (немесе) конкурстық ұсыныста аталған Барлау мен (немесе) Өндiру үшiн қажеттi техникалық, ұйымдастырушылық, бас қарушылық және қаржылық мүмкiншiлiктерге ие екендiгiнiң немесе ие болатындығының құжаттамалық айғақтарының өтiнiмде болмауы.

      41-7-бап. Конкурстың қорытындыларын шығару

      1. Конкурстың жеңiмпазы мынадай басты өлшемдер жиынтығының негiзiнде анықталады:
      1) Барлауды жүргiзудiң басталу және қарқындылық мерзiмі;
      2) Өндiрудi бастаудың және оның экономикалық техникалық мүмкiн деңгейiне, сондай-ақ Пайдалы қазбаларды барынша жоғары коэффициентiне жету мерзiмi;
      3) бюджетке бастапқы, сондай-ақ одан кейiнгi төлемдердің болжамды мөлшерi;
      4) инвестициялардың мөлшерi, жобаны қаржыландырудың және Контракт аумағының өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымын дамытуға салынатын күрделi салымдар мерзiмдерi мен шарттары;
      5) Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi талаптардың сақталуы.
      2. Өтiнiм берушi әзiрлеген техникалық-экономикалық көрсеткiштердiң конкурс шарттарына сәйкес келуiн бағалауды Құзыретті орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) құратын сараптама комиссиясы жүргiзедi және хаттамамен ресiмделедi.

      41-8-бап. Геологиялық және Тау-кендiк бөлу

      1. Барлауға, Өндiруге, бiрлескен Барлау мен Өндiруге, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану Құқығын иеленушi тиiсiнше Геологиялық немесе Тау-кендік бөлу айқындалған жер қойнауы Учаскесiнiң шектерiнде ғана жер қойнауын пайдалану жөнiндегi тиiстi Операцияларды жүргiзуге құқылы.       2. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану Құқығын иеленуші Тау-кендiк бөлумен айқындалған жер қойнауы Учаскесiнiң шектерінде, өзiнiң қалауы бойынша, Барлауға Контракт жасамай және Геологиялық бөлудi ресiмдемей Барлау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге құқылы.
      3. Контракт аумағын қайтаруға байланысты ресімделетін Геологиялық бөлудi жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөніндегі мемлекеттiк орган бередi.

5-Тарау. Барлау мен өндiруге контрактылар

      42-бап. Контрактылар түрлерi

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу үшiн контрактылардың мынадай түрлерi қолданылады:

      1) <*>
      1-1) Барлау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге арналған Контракт;
      1-2) бiрлескен Барлау және Өндiру бойынша жұмыстарды жүргiзуге арналған Контракт;
      1-3) Өндiру бойынша жұмыстарды жүргiзуге арналған Контракт;
      1-4) Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға арналған Контракт.

      2) <*>

      3) <*>

      4) <*>

      5) <*>
      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi нақты операциялар шарттарына және басқа жағдаяттарға байланысты Контрактының аралас және өзге де түрлерi қолданылады.
      2-1. Контрактiнiң шарттары Модельдi контрактiнiң ережелерiн ескере отырып, тараптардың өзара келiсiмi бойынша белгiленедi.
      2-2. Контрактiнiң шарттары Қазақстан Республикасының Заңдарына сай келуге тиiс. Контракт жасалған кезде қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн Контрактiнiң шарттары Контрактiге қол қойылған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.
      2-3. Жұмыс бағдарламасын қоса алғанда, бiрлескен Барлау мен Өндiруге жасалған Контракт бойынша Өндiрудi жүргiзудiң шарттары мен тәртiбi Контрактiде белгiленген тәртiппен, жасалған Контрактiге қосымша ретiнде қосалқы рәсiмделуге тиiс.
      ЕСКЕРТУ. 42-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      43-бап. Контрактiнiң қолданылу мерзiмi

      1. Барлауға Контракт алты жыл мерзiмге жасалады. Мердiгер Контрактiде және тиiстi жұмыс бағдарламасында белгiленген мiндеттемелердi орындаған жағдайда Мердiгердiң Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартуға құқығы бар. Контрактiнiң қолданылу мерзiмi әрбiр кезеңi ұзақтығы екi жылға дейiн болып екi рет ұзартылуы мүмкiн. Егер Мердiгер мерзiмдi ұзарту үшiн Контрактiнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн 12 айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаған болса, Барлауға Контрактiнiң мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
      2. Өндiруге арналған Контракт 25 жылға дейiнгi, ал пайдалы қазбалардың iрi және бiрегей қорлары бар кен орындарында - 45 жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.
      3. Бiрлескен Барлау мен Өндiруге Контракт мүмкiн болатын ұзарту мерзiмдерi ескерiле отырып, Барлау мен Өндiрудiң мерзiмiн қамтитын мерзiмге жасалады. Бұл ретте мерзiмдердi ұзартуға осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер қолданылады.
      4. Пайдалы қазба табылған жағдайда Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн Коммерциялық табуды бағалау үшiн Мердiгердiң қажет кезеңге ұзартуға құқығы бар.
      5. Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiм ол Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) келiп түскен күнiнен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс.
      ЕСКЕРТУ. 43-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      43-1-бап. Контрактiнің қолданылуының аумақтық аясы
                (Контрактiлiк аумақ)

      1. Контрактiлiк аумақтың шегiнде жер қойнауының бiр-бiрiмен өзара аралас ретiнде де, бөлек те бiр Учаскесi немесе жер қойнауының бiрнеше Учаскесi болуы мүмкiн. Контрактiлiк аумақтың шегiнде бөлiнетiн жер қойнауы Учаскесi (жер қойнауы учаскелерi) белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiне алады (шектелiнуi мүмкiн).
      2. Егер Барлау және (немесе) Өндiру жүргiзу кезiнде Пайдалы қазбалар табылатын болса, Кен орнының географиялық шекаралары көрсетiлген Геологиялық немесе Тау-кендiк бөлудегi Контракт аумағы шегiнен шығып кеткен болса, онда оны кеңейту туралы мәселе конкурс өткiзiлместен Контракт шарттарын өзгерту арқылы шешiлуге тиiс.
      3. Контрактiнiң аумағын қайтарудың шарттары мен тәртiбi Контрактiде айқындалады.
      4. Контракт аумағының бөлiктерiн қайтару, Контракт аумағынан осы Жарлықтың 41-8-бабына сәйкес осындай Геологиялық бөлуден қайтарылатын бөлiктердi қоспағанда, Геологиялық бөлудi қайта ресiмдеу арқылы жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 43-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      44-бап. Контракт жасасу және орындау

      1. Контракт оған қол қойылғанға дейiн мiндеттi түрде айналадағы табиғи ортаны қорғау, денсаулық сақтау және санитария, Жер қойнауын қорғау, тау-кен бақылауы мәселелерiмен айналысатын арнаулы атқарушы органдармен келiсiледi. Келiсiм мерзiмi тиiстi органдардың контракт құжаттарын алған күнiнен бастап 15 күннен аспауға тиiс.
      2. Контракт оған қол қойылғанға дейiн Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiпке сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдармен, оның iшiнде салық салу мәселелерiмен айналысатындарымен мiндеттi түрде келiсiлуге тиiс. Келiсу мерзiмi контрактiлiк құжаттардың ұсынылған күнiнен бастап 30 күннен аспауға тиiс. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) өзiнiң қалауы бойынша оған қол қойғанға дейiн Контрактiге тәуелсiз сараптама жүргiзу тағайындауға құқылы. Бұл ретте мұндай сараптама жүргiзудiң мерзiмi контрактiлiк құжаттарды берген кезден бастап 30 күннен аспауға тиiс.
      3. Егер Контрактыда күшiне енгiзудiң өзге, анағұрлым кешiрек мерзiмдерi ескерiлмеген болса, Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта Өндiруге Контрактiнi қоспағанда, Контрактiнi тiркеу туралы сертификатты мiндеттi түрде бере отырып, Контрактiнi Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) тiркейдi және ол қол қойылған кезден бастап күшiне енедi.
      4. Контрактылар жасасу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтайды.
      4-1. Контрактiнi жасау жергiлiктi атқарушы органдардың жер учаскесiн дереу ресiмдеуi үшiн негiз болып табылады. Бұл ретте ресiмделетiн жер учаскесiнiң кеңiстiк шекаралары жер учаскесiн iс жүзiнде пайдалану мерзiмдерiнiң шегiнде Жер қойнауын жердiң үстiңгi бетiн бұза отырып iс жүзiнде пайдаланылатын аумақпен шектеледi.
      4-2. Құзыреттi орган Контрактiнiң көшiрмесiн оны тiркеген соң бiр апта мерзiмде мiндеттi түрде жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға жiбередi.
      ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      45-бап. Контрактiнi жарамсыз деп тану

      1. Контракт мынадай жағдайларда:
      1) сот тәртiбiмен Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) осы тұлғамен Контракт жасауға шешiм қабылдауға ықпал еткен көрiнеу жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда;
      2) сот тәртiбiмен конкурсты жүргiзуге не жер қойнауын пайдалану құқығын алуды ұтып алған үмiткермен оған басқа үмiткерлердiң алдында заңсыз басымдықтар беру мақсатында Контракт жасасуға қатысушы лауазымды адамдардың арасында сөз байласу, бюджетке төленетiн төлемдердiң шарттарын ырықтандыру және олардың мөлшерiн азайту фактiлерi анықталған жағдайда;
      3) қолданылуы Контракт жасасуға тiкелей ықпал еткен шарттың күшiн сот тәртiбiмен жою кезiнде жарамсыз деп табылады.
      2. Контрактiнi жарамсыз деп тану үшiн соттың осы баптың 1-тармағында көрсетiлген фактiлердiң болғандығын растайтын шешiмiнiң немесе үкiмiнiң заңды күшiне енуi негiз болып табылады. Контракт ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.
      3. Сот тәртiбiмен оның негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресiмдеу жүзеге асырылған шартты жою не бұзу Контрактiнiң өзiнiң емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай берумен байланысты қабылданған өзгерiстер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкелiп соғады.
      ЕСКЕРТУ. 45-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      45-1-бап. Контрактiнiң қолданылуын тоқтата тұру

      1. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Мердiгер:
      1) Контрактiде көзделмеген қызметтi немесе оны Контрактiнiң талаптарын бұза отырып жүзеге асырған;
      2) Контрактiде көзделмеген бағдарлама бойынша қызметтi жүзеге асырған;
      3) өз қызметiн жүзеге асыру процесiнде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу бөлiгiнде заңдарды ұдайы бұзған жағдайларда Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды алты айға дейiн мерзiмге тоқтата тұруды талап етуге құқылы.
      2. Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру не Барлау және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзу тоқтатыла тұрған жағдайда Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Жер қойнауын пайдаланушыға мұндай тоқтата тұрудың себептерi туралы жазбаша түрде хабарлайды және оларды жою үшiн қисынды мерзiм белгiлейдi.
      3. Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұруды тудырған себептер жойылған кезде Құзыреттi орган (уәкілеттi мемлекеттiк орган) не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Мердiгерге Барлауды, Өндiрудi, бiрлескен Барлау мен Өндiрудi не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудi жалғастырудың мүмкiндiгi туралы жазбаша түрде хабарлайды.
      4. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) және (немесе) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган, егер жасалған Контрактiге сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жалғастыру, Жер қойнауын пайдаланушыға тәуелсiз белгiлi бiр жағдайларға байланысты адамдардың өмiрiне қауiп немесе қоршаған ортаға қатер төндiретiн жағдайда, Барлауды, Өндiрудi немесе бiрлескен Барлау мен Өндiрудi жүргiзудi тоқтата тұруға құқылы. Бұл жағдайда Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) немесе жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Жер қойнауын пайдаланушыға осындай жағдайлардан туған қолайсыз зардаптардың тәуекелiн болдырмайтын не оны төмендететiн шаралар қолдану жөнiнде атқарылуы мiндеттi нұсқаулар беруге құқылы. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды тоқтата тұру үшiн негiз болатын мән-жайлардың туындағаны үшiн қандай да бiр жауапкершiлiктен босатылады.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 45-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      45-2-бап. Контрактiнi өзгерту және тоқтату

      1. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Контрактiнi мынадай жағдайларда:
      1) Мердiгер Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру не Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудi тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға әкеп соққан себептердi жоюдан бас тартқан жағдайда, не осы себептер оларды жою үшiн жеткiлiктi мерзiмде жойылмаған жағдайда;
      2) Жер қойнауын пайдаланушылар осы Жарлықтың 70-бабында көзделген шараларды қолданбаған жағдайда;
      3) Осы Жарлықтың 45-1-бабының 4-тармағына сәйкес Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептердi жою мүмкiн болмайтын жағдайда;
      4) Мердiгер Контрактiмен не жұмыс бағдарламасымен белгiленген мiндеттемелерiн айтарлықтай бұзған жағдайда;
      5) Мердiгер осы Жарлыққа сәйкес жер қойнауын пайдалану Құқығы кепiл нысанасы болып табылатын жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес банкрот деп танылған жағдайда бiржақты тәртiппен бұзуға құқылы.
      2. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Контрактiнi бұзу туралы тиiстi шешiм қабылдағанға дейiн Мердiгерге хабарлама жiберу арқылы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудi дереу тоқтатуды талап етуге құқылы, ал Мердiгер мұндай талапты дереу атқаруға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 45-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      46-бап. Контрактыны өзгерту және қолданылуын тоқтату

      1. Екi тараптың жазба келiсiмi болса ғана Контракт шарттары өзгертiлуi мүмкiн.
      2. Екi тарап дәлелдемелермен және заң актiлерiнде және(немесе) Контрактыда көзделген тәртiппен ғана Контрактының қолданылуын тоқтата алады.
      3. Тараптар Контрактының қолданылуын тоқтату туралы хабарлама табыс етiлген сәтке дейiн орындалмай қалған ағымдағы мiндеттердi атқарудан босатылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 46-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

6-Тарау. Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғау

      47-бап. Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны
              қорғау мiндеттерi

      Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғау:
      1) халықтың денсаулығын және өмiрiн қорғау;
      2) Пайдалы қазбаларды тиiмдi және кешендi пайдалану;
      3) табиғи ландшафттарды сақтау және бүлiнген жерлердi, өзге де геоморфорологиялық құрылымдарды қалпына келтiру;
      4) жер сiлкiнудi, көшкiндi, су басуды, топырақтың отыруын болдырмау мақсатында Жер қойнауының үстiңгi бөлiктерiнiң энергетикалық жай-күйiн сақтау бағыттарына негiзделген құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық, технологиялық жүйелердi және басқа шараларды қамтиды.

      48-бап. Жалпы экологиялық талаптар

      1. Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, айналадағы табиғи ортаны қорғау заңдарында көзделген экологиялық талаптар басымдық ретте сақталуға тиiс.
      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғауға қойылатын негiзгi талаптар:
      1) Кен орнын игерудiң арнаулы тәсiлдерiн қолдану есебiнен жердiң үстiңгi қабатын сақтау;
      2) жердiң техногендiк шөлейттенуiн болдырмау;
      3) жер қойнауын пайдалану Операциялары басталмай тұрып, табиғатты қорғау органдарымен келiсiлген автомобиль жолдарын салудың тиiмдi сызбасын жасау, сондай-ақ скважиналарды бұрғылауда тармақты әдiстi қолдану, iшкi үйiндiлер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты Өндiру мен Өңдеудiң қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлiнетiн жерлердiң аумағын азайту;
      4) топырақтың, аршу жыныстары үйiндiлерiнiң және өндiрiс қалдықтарының жел эрозиясын, олардың тотықтануын және өздiгiнен жануын болдырмау;
      5) сiңiрме және тұщы су қабаттарын ластанудан сақтау үшiн оқшаулау;
      6) жер асты суларын сарқылудан және ластанудан сақтау;
      7) жуғыш сұйықтарды дайындағанда усыз реагенттердi пайдалану;
      8) бұрғылау ерiтiндiлерiн тазалау мен қайталап пайдалану;
      9) айналадағы табиғи ортада бұрғылау мен жанар-жарағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауiпсiз тәсiлмен жою;
      10) мұнай Кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесiнде мұнай өндiрiсi сарқынды суларын тазалау және қайталап қолдану.

      48-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды
                Сақтық аймағының шегiнде жүргiзу

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi осы Операцияларды судың деңгейiнiң көтерiлуi жағдайында теңiздiң Ластануын болдырмайтындай немесе барынша төмендететiндей етiп жүргiзуге мiндеттi.
      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жүргiзiлген Операциялардың және мұндай Жер қойнауын пайдаланушының кiнәсi болу-болмауына қарамастан су деңгейiнiң көтерiлуiнiң нәтижесiнде теңiздiң Ластануы жағдайында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапкершiлiкте болады.
      ЕСКЕРТУ. Жаңа 48-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      49-бап. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар

      1. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар:
      1) жер қойнауын пайдалануға, соның iшiнде Өндiруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшiн берiлетiн Пайдалы қазбалар, Кен орындары Жер қойнауы учаскелерi қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшiн Жер қойнауын iлгерiлей геологиялық зерттеудiң толымдылығын қамтамасыз ету;
      2) жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында Жер қойнауы ресурстарын тиiмдi және кешендi пайдалануды қамтамасыз ету;
      3) Пайдалы қазбаларды айырып алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
      4) Кен орнын игеру кезiнде айырып алынған және Жер қойнауында қалдырылатын негiзгi және онымен бiрге орналасқан Пайдалы қазбаларды және қосалқы компоненттердi, минералдық шикiзатты, Өңдеу өнiмдерi мен өндiрiс қалдықтарын нақты есепке алу;
      5) Барлау, Өндiру, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу кезiнде Жер қойнауын қауiптi техногендiк процестерден сақтайтын айналадағы табиғи ортаны қорғау жөнiндегi заң талаптарына сәйкес Жер қойнауын пайдалану;
      6) Жер қойнауын Кен орындарының сапасын төмендететiн немесе оларды пайдалануды және игерудi күрделiлендiретiн су басудан, өрттен және басқа сұрапыл факторлардан қорғау;
      7) жер қойнауын пайдалану, әсiресе мұнайды, газды және басқа заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму, қалдық суларды ағызу жөнiндегi Операцияларды жүргiзуде Жер қойнауын ластанудан сақтау;
      8) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұру, доғару, Кен орнын игеру объектiлерiн тоқтатып қою мен жою жөнiндегi белгiленген тәртiптi сақтау;
      9) өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарды үю мен орналастыру кезiнде олардың су ағызатын алаңдарда және жер асты сулары орналасқан жерлерде жиналуын болдырмау мақсатында экологиялық талаптарды қамтамасыз ету.
      2. Жер қойнауын қорғаудың негiзiн жер қойнауын пайдалану объектiлерiн геологиялық, гидрогеологиялық, экологиялық, инженерлiк-геологиялық және технологиялық зерделеудiң толымдылығы мен дәлдiгi құрайды.
      ЕСКЕРТУ. 49-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      50-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын
              жүргiзудiң экологиялық негiзi

      1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу үшiн осы операцияларды жүргiзуге мемлекеттiк экологиялық сараптама берген оңды қорытынды және соның негiзiнде айналадағы табиғи ортаны қорғау мәселелерiмен шұғылданатын атқарушы органдардың табиғатты пайдалануға берiлген мiндеттi шарт ретiнде тиiстi экологиялық талаптарды қоса алғандағы рұқсаты қажеттi экологиялық негiз болып табылады.
      2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жоспарланған iс-қимылдардың айналадағы табиғи ортаға тигiзетiн әсерiне баға берген барлық жобалау алдындағы және жобалық құжаттарды және Барлау мен Өндiру, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтату, немесе Кен орнын игерудi тоқтатып қою кезеңдерiндегi шараларды қоса "Айналадағы табиғи ортаны қорғау" бөлiмiн тапсыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.

      51-бап. Жер қойнауын қорғауға Мемлекеттiк бақылау

      1. Жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылаудың мiндетi атқарушы органдардың және Жер қойнауын пайдаланушылардың Жер қойнауы жөнiндегi заңдардың және Жер қойнауын пайдаланудың белгiленген тәртiбiнiң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылаудың өкiлеттiктерi заңда белгiленген нормалармен анықталады.

      52-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де
              жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi

      1. Ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi ерекше күзетiлетiн құқықтық режимi болатын не мемлекеттiк табиғи-қорық қорының дағдылы, бiрегей және сирек кездесетiн геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiн сақтауға арналған шаруашылық қызметi реттелетiн режимдегi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылады.
      Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
      геологиялық объектiлер - тiректi немесе сипатты тiлiмдер, сипатты тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдар, метеориттер, сақталынып қалған фауна мен флора қалдықтары бар табиғи және жасанды түрде аршылған жерлер;
      геоморфологиялық объектiлер - жер бедерiнiң жасалу процесiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құнды террастар, жайылмалар, үңгiрлер, сайлар, каньондар, сарқырамалар мен жер бедерiнiң басқа да нысандары;
      гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек кездесетiн қасиеттерiмен ерекшеленетiн жер асты сулары және олардың жер бетiне шығатын тұстары;
      жартастардағы суреттерi, ертедегi кен орындары, тарихи, археологиялық және этнографиялық жағынан маңызды жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.
      2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi жергiлiктi және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады.
      3. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн өзге қажеттер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
      ЕСКЕРТУ. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен .

      52-1-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де
                жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн
                қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi

      1. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарымен белгiленедi.
      2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиiстi учаскеде жұмысты тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылау жасайтын уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 52-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен .

      53-бап. Пайдалы қазбалар орналасқан алаңдарда
              құрылыс салу шарттары

      1. Елдi мекендердi, өндiрiстiк кешендердi және басқа шаруашылық объектiлерiн жобалауға және салуға рұқсат жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органының болашақ құрылыс учаскелерi астындағы Жер қойнауында Пайдалы қазбалардың жоқтығы немесе оның маңызы аздығы жайындағы қорытындыларын алғаннан кейiн ғана берiледi.
      2. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салу, сондай-ақ олар жатқан орындарда жер асты құрылыстарын салу, жер қойнауын пайдалану және тау-кен бақылауы жөнiндегi уәкiлдi органдардың рұқсатымен Пайдалы қазбаларды өндiру мүмкiндiгi қамтамасыз етiлген немесе құрылыс салудың экономикалық тиiмдiлiгi дәлелденген жағдайда жүргiзiледi.
      3. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда рұқсатсыз құрылыс салу оған Контракт аумағының жерлерiн қалпына келтiруге және салынған объектiлердi қайта бұзуға кеткен шығындардың қайтарымынсыз тоқтатылады.
      ЕСКЕРТУ. 53-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

7-Тарау. Халықтың және қызметкерлердiң қауiпсiздiгi

      54-бап. Жер қойнауын пайдалануда халықтың және
              қызметкерлердiң қауiпсiздiк жағдайларын
              қамтамасыз ету

      1. Жер қойнауын пайдаланушы заңда көзделген жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк арулардың алдын алу және оны жою жөнiндегi шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Егер адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызатын болса, Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге тыйым салынады.
      3. Жер қойнауын пайдалану кезiнде техникалық қауiпсiздiк және өндiрiстiк санитарлық ережелерi мен нормаларының сақталуына мемлекеттiк бақылауды арнаулы уәкiлдi атқарушы орган жүзеге асырады.
      4. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi талаптары мыналар болып табылады:
      1) жұмысқа арнаулы дайындығы және мамандығы бар адамдарды, ал тау-кен жұмыстарын басқаруға тиiстi арнаулы бiлiмi бар адамдарды жiберу;
      2) тау-кен және бұрғылау жұмыстарындағы адамдарды арнаулы киiмдермен, дербес және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету;
      3) қауiпсiздiк талаптары мен санитарлық нормаларға сай келетiн машиналарды, жабдықтар мен заттарды қолдану;
      4) қопарғыш заттар мен қопару құралдарын, есепке алу және дұрыс сақтау, сондай-ақ оларды орнымен және қауiпсiз пайдалану;
      5) жұмыстың технологиялық циклын қамтамасыз етуге қажет және қауiптi жағдайларды болжауға жеткiлiктi геологиялық, маркшейдерлiк және басқа бақылаулар кешенiн жүргiзу, қауiптi аймақтарды уақтылы анықтау және оны тау-кен жұмыстары жоспарына түсiру;
      6) кенiштiң атмосферасының жай-күйiн, ондағы оттегi мөлшерiн, зиянды және жарылғыш қауiптi газдар мен тозаңдарды ұдайы бақылау;
      7) жұмысты жүргiзудiң қауiпсiз аймақтарының шектерiн анықтайтын техникалық құжаттамалары мен аварияларды жоюдың жоспарларын мәлiметтермен уақытылы толықтыру;
      8) қатқыл Пайдалы қазбалар кен орындарын игерудiң, мұнай, газ және жер асты суларының Кен орындарын игерудiң және құрудың жобалары мен технологиялық сызбаларын жобалау жүйелерiн сақтау;
      5. Жұмысшылардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда Жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауiпсiз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      6. Жер қойнауын пайдалану операциялары әсер ететiн аймақтарда халықтың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда тиiстi ұйымдардың басшылары бұл туралы жергiлiктi атқарушы органдарға кiдiрiссiз баяндауға мiндеттi.
      7. Жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережеге сәйкес құтқару қызметтерiмен қамтамасыз етiледi.

8-Тарау. Жер қойнауының мемлекеттiк қоры

      55-бап. Жер қойнауы Мемлекеттiк қорының жай-күйiн
              есепке алу

      1. Жер қойнауының мемлекеттiк қоры Қазақстан Республикасының Жер қойнауларынан құралады.
      2. Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мыналар жүргiзiледi:
      1) Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi;
      2) Жер қойнауына мемлекеттiк сараптама;
      3) геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сақтау (осы Жарлықтың 69-бабы);
      4) Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансын жасау;
      5) мыналарға:
      а) Пайдалы қазбалар кен орындары мен көрiнiс - белгiлерiне;
      ә) Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көметiн және қалдық суларды ағызатын орындарға;
      б) Техногендiк минералдық түзiлiмдерге мемлекеттiк кадастрлар жасау.
      3. Жер қойнауын пайдаланушылар алғашқы есепке алу материалдарына негiзделген Жер қойнауының жай-күйi туралы геологиялық есептi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнаулы нысандарға сәйкес бередi.

      56-бап. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi

      1. Жер қойнауының мемлекеттiк Мониторингi Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету, олардың өзгеруiн уақытылы анықтау және бағалау, келеңсiз процестердiң зардаптарының алдын алу және жою үшiн Жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады.
      2. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылады.
      3. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингiнiң  құрылымын, мазмұнын және жүргiзiлу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      57-бап. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптама

      1. Жер қойнауын тиiмдi кешендi пайдалануға жағдайлар жасау, Жер қойнауын пайдалануға төлемдердi, жер қойнауын пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерiнiң шекараларын анықтау мақсатында Пайдалы қазбалардың, барланған Кен орындарының қоры мемлекеттiк сараптауға жатады.
      2. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану Құқығына ие Мердiгер Өндiрудi Пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттiк сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана бастауға құқылы. Мемлекеттiк сараптаманың барланған Пайдалы қазбалардың қорын игерудiң тиiмдiлiгi жайындағы қорытындылары оларды мемлекеттiк есепке қоюға негiз болып табылады.
      3. Мемлекеттiк сараптамаға ұсынылған геологиялық материалдар Пайдалы қазбалар қорының мөлшерi мен сапасын, олардың республика экономикасындағы маңызын, Өндiрудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа жай-күйiн объективтi бағалауға мүмкiндiк берген жағдайда мемлекеттiк сараптама кен орнын геологиялық зерделеудiң кез келген сатысында жүргiзiлуi мүмкiн.
      4. Өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және пайдалануға жарамды жер қойнауы учаскелерi туралы геологиялық ақпарат та мемлекеттiк сараптауға жатады. Жер қойнауының мұндай учаскелерiн жер қойнауын пайдалануға беру геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сараптаудан өткiзгеннен кейiн ғана жүргiзiледi.
      5. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен арнаулы уәкiлдi атқарушы орган жүргiзедi.
      ЕСКЕРТУ. 57-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      58-бап. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансы

      1. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансын жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзат базасының жай-күйiн есепке алу мақсатында жүргiзедi.
      2. Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансында Коммерциялық жолымен табылған, Пайдалы қазбалардың әр түрiнiң қорының мөлшерi, сапасы мен зерделену дәрежесi, олардың орналасуы, өндiрiстiк игерiлу дәрежесi, Өндiру, ысырабы мен өнеркәсiптiң Пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етiлуi туралы мәлiметтер болуы қажет.
      3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттiк балансқа енгiзу және оларды мемлекеттiк баланстан шығару тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 58-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      59-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарының және
              көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры

      1. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын, жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Жер қойнауын геологиялық зерттеудiң республикалық және аймақтық бағдарламаларын әзiрлеудi, Кен орнын кешендi пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да шаруашылық мiндеттердi шешу мақсатында жүргiзедi.
      2. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры әрбiр Кен орны бойынша негiзгi және онымен бiрге жатқан басқа Пайдалы қазбалардың саны мен сапасы және олардағы компоненттердiң мөлшерi мен сапасы, Кен орнын игерудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық, тағы басқа жай-күйi мен оны геологиялық-экономикалық бағалау, сондай-ақ Пайдалы қазбалардың анықталған көрiнiс-белгiлерi туралы мәлiметтерден құралады.
      3. Пайдалы қазбалар Кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 59-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      60-бап. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк
              қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың
              мемлекеттiк кадастры

      1. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын жер қойнауын пайдалану және оны қорғау жөнiндегi мемлекеттік орган Жер қойнауын және айналадағы табиғи ортаны қорғау халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзедi.
      2. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастры мөлшерi мен сандық көрсеткiштерi көрсетiлген көмiлген заттар мен ағын сулардың типтерi мен түрлерiн сипаттайтын мәлiметтер, көму мен ағызудың тау-кен техникалық, арнаулы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жай-күйi туралы мәлiметтердi қамтиды.
      3. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 60-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      61-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң
              мемлекеттiк кадастры

      1. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлдi орган Жер қойнауын тиiмдi пайдалану, айналадағы табиғи ортаны қорғау мақсатында жүргiзедi.
      2. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастры сақтаудың сандық және сапалық көрсеткiштерiн, тау-кен техникалық және экологиялық жай-күйi көрсетiлген техногендiк минералдық түзiлiмдердiң типi мен түрлерiн сипаттайтын үйме объектi туралы мәлiметтердi қамтиды.
      3. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

9-Тарау. Құқықтық шарттар

      62-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      Жер қойнауын пайдаланушының мыналарға құқығы бар:
      1) өзiне берiлген Контракт аумағы шегiнде Контрактыда бекiтiлген шарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланудың кез келген заңды әрекеттерiн өз еркiмен жүргiзу;
      2) Контрактыда басқа жағдай ескерiлмеген болса, өзiнiң әрекетiнiң нәтижелерiн, соның iшiнде Минералдық шикiзатты өз қалауынша пайдалану;
      3) Контракт аумағында, қажет болған жағдайларда, Жер қойнауын пайдаланушыға белгiленген тәртiп бойынша бөлiнiп берiлген басқа жер учаскелерiнде, жұмысты жүргiзуге қажет өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлер салуға, сондай-ақ Контракт аумағы шегiнде және одан тыс аумақтарда жалпы пайдаланатын коммуникациялар және объектiлердi келiсу арқылы пайдалану;
      4) осы Жарлықтың 43-бабына сәйкес белгiленген Контракт күшiнiң мерзiмiн ұзарту туралы келiссөздi бiрiншi кезекте жүзеге асыру;
      5) Жер қойнауын пайдалану операцияларымен байланысты жекелеген жұмыс түрлерiн жүргiзу үшiн мердiгерлердi тарту;
      6) осы Жарлықпен белгiленген шарттарды сақтай отырып, өз құқығын немесе оның бөлiгiн басқа тұлғаларға беру;
      7) осы Жарлықта және Контрактыда белгiленген шарттарға сәйкес өз қызметiн тоқтату;
      8) осы Жарлықта, басқа заңдарда және Контрактыда көрсетiлген өзге де құқықтарды пайдалану.
      ЕСКЕРТУ. 62-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      63-бап. Жер қойнауын пайдаланушының мiндеттерi

      1. Жер қойнауын пайдаланушы:
      1) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң әлемдiк тәжiрибеде қабылданған стандарттарға негiзделген ең тиiмдi әдiстер мен технологияларды таңдауға;
      2) Контракт аумағын тек қана Контрактыда көзделген мақсаттарға пайдалануға;
      3) егер Контрактіде басқа мерзiм көрсетiлмесе, Контракт жасаған күннен бастап Барлау немесе Өндiру жұмыстарын жүргiзудi бастауға;
      4) Жер қойнауын пайдалану операцияларын Қазақстан Республикасының заңдарына қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
      5) Жер қойнауын ұтымды пайдалануды, қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн белгiленген тәртiппен келiсiлген Жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзудiң технологиялық сызбалары мен жобаларын бұзбауға;
      6) Контракт аумағы шегiнде басқа адамдардың еркiн жүруiне, ортақ пайдаланылатын коммуникациялар мен объектiлердi пайдалану немесе, егер Жер қойнауын пайдалану операциясына кедергi келтiрмесе және олар қауiпсiздiктiң ерекше жағдайларымен байланысты болмаса, онда жұмыстың барлық түрлерiн, соның iшiнде табиғи ресурстардың басқа түрлерiн Барлауға және Өндiруге кедергi жасамауға;
      7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында конкурс өткiзумен байланысты олар стандарттар мен басқа да талаптарға сай болған жағдайда Қазақстан Республикасында өндiрiлген жабдықтарды, материалдарды және дайын өнiмдердi мiндеттi түрде пайдалануға;
      8) егер бұл қызмет көрсетулер Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында конкурстар өткiзумен байланысты стандарттарға және басқа да талаптарға сай болса, әуе, темiр жол, су және басқа да көлiк түрлерiн пайдалануды қоса алғанда, Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды өткiзу кезiнде жұмыс атқару мен қызмет көрсету үшiн қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдарды мiндеттi түрде қатыстыруға.
      8-1) Қазақстан Республикасында қайсыбiр қызмет түрi болмаған жағдайда мемлекеттiк органның рұқсатымен шетелдiк ұйымдардың қызметiн пайдалану.
      9) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзгенде қазақстандық мамандарға басымдық беруге;
      10) Құзыреттi органға Жұмыс бағдарламасын, сондай-ақ оны iске асыру процесi жайында толық мәлiметтер беруге;
      11) Қазақстан Республикасының бақылау органдарына олардың қызметтiк функцияларын атқару кезiнде қажет құжаттарды, мәлiметтердi кедергiсiз беру мен жұмыс орындарына өтуге мүмкiндiк жасауға және олар айқындаған кемшiлiктердi уақтылы жоюға;
      12) Контракт аумағындағы жұмыс нәтижесiнде алынған геологиялық есептердi Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органға беруге;
      13) салықтарды, Жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшiн айыппұлдарды және өзге мiндеттi төлемдердi уақытылы төлеуге;
      14) қажет болған жағдайда, операциялардың мазмұны туралы ақпаратты үшiншi бiреуге, егер Контрактыда өзгеше белгiленбесе, қатысушы жақтардың ортақ келiсiмi арқылы ғана беруге;
      15) мәдени-тарихи маңызды объектiлердi сақтауға;
      16) Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу әсерiнен бүлiнген жер учаскелерiн және басқа табиғи объектiлердi заңдарға сәйкес оны әрi қарай пайдалануға жарамды қалыпқа келтiруге мiндеттi.
      2. Контрактыда Жер қойнауын пайдаланушының заңдарға қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 63-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      64-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын
              жүргiзу шарттары

      1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу шарттары, соның iшiнде жұмыстардың ең төменгi немесе жұмыс бағдарламасы, сондай-ақ жұмыстардың жылдық бағдарламасын бекiтудiң тәртiбi заңдарға сәйкес Контрактыда анықталады. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу процесiнде Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi. Барлауға Контрактiнiң негiзiнде Барлау жүргiзген және коммерциялық анықтау жасаған Мердiгердiң тiкелей келiссөздер негiзiнде Өндiру Құқығын алуға ерекше құқығы бар.
      2. Барлау нәтижесiнде Кен орнын (Кен орындарын) тапқан жағдайда, Жер қойнауын пайдаланушы ол жағынан Құзыреттi органға хабарлауға, Кен орнын бағалап, оның Коммерциялық табу болуы мүмкiндiгi жайында тұжырым дайындауға мiндеттi. Табу жайында хабарлаудың, бағалаудың, Коммерциялық табу жайында шешiм қабылдауды талқылау рәсiмiнiң мерзiмi Контрактыда анықталады.
      3. Коммерциялық табу жағдайында жер қойнауын пайдаланушыға, Контракт шарттарына сәйкес шығынды толық немесе iшiнара қайтару құқығы берiледi. Бұл ретте негiзсiз артық сипаттағы немесе Кен орнын игерудiң Оң практикасымен сәйкес келмейтiн немесе жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу, Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекет белгiлеген ережелер мен нормаларды бұзуға байланысты Жер қойнауын пайдаланушы шеккен, не Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе Контрактiмен жүктелген оның өзге де мiндеттердi бұзуына байланысты шеккен шығыстарды өтеуге жол берiлмейдi.
      Егер Барлау нәтижесiнде Коммерциялық табу болмаса, Жер қойнауын пайдаланушының шыққан қаражатты қайтаруға құқығы жоқ.
      3-1. Барлауды жүзеге асыратын Мердiгердiң Кен орнының қорларын байқау үшiн пайдалануды жүргiзуге бұл жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсiлген жобада немесе жылдық жұмыс бағдарламасында көзделген жағдайда ғана құқығы бар.
      3-2. Барлауды, Өндiрудi не бiрлескен барлау мен Өндiрудi жүргiзетiн Жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшесiмен, егер Контрактiде мұндай келiсу үшiн өзгеше мерзiм белгiленбесе, Контракт жасалған айдан кейiнгi айдың 30-нан кешiктiрмей жұмыстардың жылдық бағдарламасын келiсуге мiндеттi.
      3-3. Жер қойнауын пайдаланушы жылдық бағдарламаны жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша қайта қарауы мүмкiн.
      3-4. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалатын шарттарда және тәртiпте жүргiзуi жөнiнде есептер табыс етуге мiндеттi.
      3-5. Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган Құзыреттi органға (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) мұндай бағдарламалар мен есептер бекiтiлген кезден бастап екi апта мерзiмде кен орнының қорларын байқау үшiн пайдалану жөнiндегi жобаларды қоса алғанда, жұмыстарының бекiтiлген жылдық бағдарламалары мен оларды орындау жөнiндегi есебiнiң көшiрмелерiн ұсынады.
      3-6. Осы Жарлыққа сәйкес Контрактiнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда, Жер қойнауын пайдаланушы заңдарға және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес Барлау немесе Өндiру объектiлерiн консервациялауды, жабдық пен өзге мүлiктi бөлшектеп-бұзуды және Контрактiлiк аумақтан әкетудi жүзеге асыруға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 64-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      65-бап. Кен орнын бiрлесiп игеру

      1. Кен орнын бiрлесiп игеру, бiр Кен орнының әр бөлiктерiндегi Жер қойнауын пайдаланушылардың өндiру операцияларын үйлестiру болып табылады.
      2. Жер қойнауын пайдаланушылар Кен орнын бiрлесiп игеру жөнiнде өзара жазбаша келiсiм жасауларына болады. Бұл келiсiм Құзыреттi органмен келiсiлуге тиiс.

      66-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудi
              тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру

      1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру кезiнде Жер қойнауын пайдаланушының барлық өндiрiстiк объектiлердi тұрғындардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн, айналадағы табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiруi қажет. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудi уақытша тоқтатқан кезде, тоқтатылған мерзiмнiң барлық уақытында Кен орнының сақталуын қамтамасыз ету үшiн, Кен орны консервациялануға тиiс.
      2. Барлауды және (немесе) Өндiрудi тоқтатқанда немесе Барлауды және (немесе) Өндiрудi тоқтата тұрғанда, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес Жер асты құрылыстарын салуда және пайдалануда, жұмыс аяқталған кездегi геологиялық және өзге құжаттар, осы Жарлықтың 69-бабында белгiленген тәртiппен сақталуға өткiзiледi.

      3. <*>
      ЕСКЕРТУ. 66-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      67-бап. Қазақстан Республикасының Пайдалы
              қазбаларды сатып алу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы шетелдiк Жер қойнауын пайдаланушының немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес Жер қойнауын пайдаланушысының үлестерiнен Пайдалы қазбаларды әлемдiк нарық бағасынан аспайтын бағамен бiрiншi кезекте сатып алуға құқығы бар. Сатылып алынатын Пайдалы қазбалардың шектi мөлшерi, олардың бағасы мен төлем түрлерiн анықтау тәртiбi Контрактыда ескерiледi.
      2. Қазақстандық мемлекеттiк Жер қойнауын пайдаланушыдан Пайдалы қазбаларды сатып алу шарттарын, Қазақстан Республикасының Үкiметi заңдарға сәйкес анықтайды.

      68-бап. Пайдалы қазбаларды реквизициялау

      1. Соғыс, табиғи апат кезiнде немесе төтенше жағдайлар туралы заңдарда көзделген өзге жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi Жер қойнауын пайдаланушыға тән Пайдалы қазбалардың барлығын немесе бiр бөлiгiн реквизициялауға құқығы бар. Реквизициялау Республика мұқтаждығына қажет мөлшерде төтенше жағдайдың барлық мерзiмiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Пайдалы қазбаларды реквизициялау Жер қойнауын пайдаланушылардың меншiк түрiне және мемлекеттiк тиесiлiгiне қарамастан, олардың әрқайсысында жүргiзiледi.
      2. Қазақстан Республикасы, реквизицияланған Пайдалы қазбалардың өтемақысын заттай немесе шетелдiк Жер қойнауын пайдаланушыға - еркiн айналымдағы валютамен, ал ұлттық Жер қойнауын пайдаланушыға - ұлттық валютамен, ревизициялау күнiндегi әлемдiк нарық бағасымен төлейдi.

      69-бап. Жер қойнауы туралы ақпаратқа иелiк құқығы

      1. Жер қойнауының геологиялық құрылымы, ондағы Пайдалы қазбалар, Кен орындарының геологиялық параметрлерi, қор мөлшерi, игеру жағдайлары, сондай-ақ геологиялық есептердегi, карталардағы және басқа материалдардағы Жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпараттар, егер олар Республикалық бюджеттiң қаржыландыруы арқылы алынса - ол мемлекеттiк меншiкте, егер бұл мәлiметтер Жер қойнауын пайдаланушының жеке қаржысына алынса - Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болып табылады.
      2. Қаржыландыру көздерiне қарамай Жер қойнауы жайындағы геологиялық және өзге ақпараттар мiндеттi түрде белгiленген стандартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттік органға сақтауға, жүйелеуге және жинақтап қорытындылауға өтеусiз тапсырылады.
      3. Мемлекет меншiгiндегi Жер қойнауы жайындағы геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және басқа мақсаттарға пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      4. Жер қойнауын пайдаланушының қаржысына алынған, осы баптың 2-тармағына сәйкес Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi органға табыс етiлген геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және өзге мақсаттарда пайдалану тәртiбi мәлiмет иесi мен Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi орган арасындағы келiсiмiнен анықталады.
      Осы келiсiммен барлық геологиялық ақпараттардың немесе оның бөлiгiнiң құпиялық мерзiмi, сондай-ақ Контрактының қолданылу кезiнде геологиялық ақпараттарды Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнен Қазақстан Республикасының меншiгiне беру шарттары және мүмкiндiктерi анықталады.
      5. Контрактының күшi тоқтатылған кезде, барлық геологиялық ақпараттар мемлекет меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы, Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi өкiлеттi органға барлық құжаттарды және геологиялық ақпараттардың өзге де материалдық сақтаушыларын өтеусiз тапсыруға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 69-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      70-бап. Жер қойнауын пайдаланушының Контракт
              шарттарын сақтауын бақылау

      Егер Жер қойнауын пайдаланушы осы Жарлықтың 63-бабының 1-тармағындағы 3-тармақшасында белгiленген Барлауды немесе Өндiрудi жүргiзудiң басталу мерзiмiн негiзсiз бұзғанда немесе Өндiрудi Кен орнының геологиялық мүмкiндiгiне сай деңгейде жүргiзбегенде, Құзыретті орган Жер қойнауын пайдаланушыға жазбаша түрде Барлауды немесе Өндiрудi жүргiзудi бастаудың немесе белгiленген мерзiмде Кен орнын игерудiң Оң практикаға негiзделген Өндiрудiң дұрыс мөлшерiн қамтамасыз ететiн шараларды қолдану мерзiмiн ескертедi.
      Ескерту талаптары белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда, Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) осы Жарлықтың 45-2-бабына сәйкес Контрактыны бұзуға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 70-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

      71-бап. Жер қойнауын пайдаланушы құқықтарының
              кепiлдiктерi

      Жер қойнауын пайдаланушыға заңдарға сәйкес оның құқықтарын қорғау кепiлдiгi берiледi. Жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлататын заңдарға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар ол өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенге дейiн берiлген және жасалған Контрактыға қолданылмайды.
      Осы баппен белгiленген кепiлдiктер қорғаныс қабілетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының өзгерiсiне қолданылмайды.
      ЕСКЕРТУ. 71-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467-I Заңымен .

10-Тарау. Өтпелi және Қорытынды ережелер

      72-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдерге меншiк

      1992 жылдың 30-мамырына дейiн жиналған, немесе осы Жарлық күшiне енгенге дейiн мемлекеттiк минералдық ресурстар қорына кiргiзiлген Техногендiк минералдық түзiлiмдер мемлекеттiк меншiк болып табылады.

      73-бап. Осы Жарлықты қолдану тәртiбi

      1. Осы Жарлық ол күшiне енгеннен кейiн жасалған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға қолданылады. Ол күшiне енгенге дейiн жасалған Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға, осы Жарлық ол күшiне енгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады.
      2. Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн берiлген Лицензиялар мен жасалған Контрактылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актiлерi өз күшiн сақтайды.
      3. Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн Контракт аумағын алған Жер қойнауын пайдаланушыға Барлауға және (немесе) Өндiруге Лицензия, әдетте, келiссөздер негiзiнде берiледi.

      74-бап. Осы Жарлықтың күшiне енуiне байланысты
              заңдардың қолданылуы

      Осы Жарлық күшiне енгенге дейiн Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Жарлыққа қайшы келмейтiн бөлiктерiнде қолданылады.

      75-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi

      Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      76-бап. Осы Жарлықтың жүзеге асыру жөнiндегi шаралар

      1. Осы Жарлық күшiне енген күннен бастап мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
      "Жер қойнауы және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Кодексi (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат; 1995 ж., N 24);
      "Жер қойнауын және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiн күшiне енгiзу тәртiбi туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат);
      "Геологиялық зерделеу мен пайдалы қазбалар өндiру үшiн жер қойнауын пайдалануды ретке келтiру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 5 сәуiрдегi N 1637 Заң күшi бар Жарлығының  1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 16, 152-құжат).
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында:
      1) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
      Қазақстан Республикасының заңдарын "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлесiн;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiн "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiрсiн;
      мемлекеттiк органдардың "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына қайшы келетiн өздерiнiң нормативтiк актiлерiн қайта қарауын және күшiн жоюын қамтамасыз етсiн;
      2) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу контрактысын жасау тәртiбi туралы ереженi;
      Жер қойнауын пайдалануды лицензиялау тәртiбi туралы ереженi;
      Жер қойнауының мемлекеттiк кадастры туралы ереженi;
      геологиялық ақпарат туралы ереженi;
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзудiң модельдiк контрактысын әзiрлесiн және бекiтсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi