Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде командирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-хұқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының институтын құру туралы

Қазақстан Республикасының Президентiнiң Жарлығы 1993 ж. 19 қаңтар N 1084

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы әскерлерiнде тәрбие жұмысын жақсарту, Қарулы Күштерi адам құрамының арасында жауынгерлiк тәртiп пен хұқықтық реттiлiктi нығайту және әскери қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң әлеуметтiк-хұқықтық қорғалуы үшiн жауапкершiлiктi арттыру мақсатында қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде командирлердiң (бастықтардың) адам құрамымен жұмыс жөнiндегi көмекшiлерiнiң институты таратылып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi аппаратынан, Республикалық ұланынан, Шекара және Iшкi әскерлерiнен, әскери мекемелерден бастап роталарға дейiнгi (оларға тең келетiн) буындарды қоса командирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-хұқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының институты енгiзiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң аппаратында тәрбие және әлеуметтiк хұқықтық жұмыс жөнiндегi басқарма, Республикалық ұлан, Шекара және iшкi әскерлер басқармаларында, корпустарда, дивизияларда, бригадаларда және оларға тең құрамдарда - бөлiмдер, полктерде және оларға тең құрамдарда - бөлiмшелер құрылсын.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi және Республикалық ұлан бiр ай мерзiмде әскери бөлiмдер мен мекемелердiң штатын осы Жарлыққа сәйкес келтiретiн болсын.

       Қазақстан Республикасының
              Президентi