Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы N 540 Жарлығы

Қолданыстағы

      Алматы қаласында және жекелеген облыс орталықтарында 1986 жылғы 17-18  желтоқсанда жұмысшы, оқушы және студент жастардың демократиялық ниеттегі бөлегі республикаға басшы етіп өз өкілін жіберген, сөйтіп азаматтардың ашу-ызасын туғызып, қарсы әрекет жасауға арандатқан Орталықтың өктемдігіне наразылық белгісі ретінде демонстрацияға шықты. Осы оқиғаға қатысқан көптеген адамдар негізсіз қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
      Имандылық, объективтілік және әділеттік принциптерін басшылыққа алып  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамдар ақталған деп саналсын.

      2. Осы Жарлық қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қатер төндіргені үшін сотталған әрі олар жөнінде қылмысты істерді қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталуға тиіс адамдарға қолданылмайды.

      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне Алматы қаласындағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына байланысты ішкі әскерлердің әскери қызметшілері мен право қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен наградтау туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлықтарын қате қабылданған жарлықтар ретінде жою туралы мәселе қарау ұсынылсын.
      КСРО Жоғарғы Кеңесіне осындай дәлелдерге сүйеніп, осы жағдайға байланысты наградаға ұсынылған барлық лауазымды адамдарды КСРО ордендерімен және медальдарымен наградтау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлықтарын жою туралы ұсыныс енгізілсін.

      4. 17-желтоқсан - Қазақстан Республикасының Демократиялық Жаңару күні деп жариялансын.

      Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті