ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның құрамы осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 580 Жарлығына 1-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ҚҰРАМЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігінің Басшысы, комиссия төрағасы
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, комиссия төрағасының орынбасары
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары
Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігі Басшысының өңірлік саясат мəселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, комиссия мүшесі
Қазақстан Республикасы Президентінің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі, комиссия мүшесі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, комиссия мүшесі
Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі, комиссия мүшесі
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, комиссия мүшесі
Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік қызмет жəне кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, комиссияның хатшысы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 580 Жарлығына 2-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру ҚАҒИДАЛАРЫ 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан əрі – Қағидалар) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан әрі – Резерв) қалыптастыру тəртібін айқындайды.
2. Резервке іріктеуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан əрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.
3. Резервке іріктеуге отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.
Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар Резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.
4. Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық лауазымдарына және "Б" корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Осы тармақта көрсетілген лауазымдарға тағайындау Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарындағы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы құқық қорғау жəне арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына сəйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау жəне арнаулы мемлекеттік органдардағы басшы лауазымдарға орналасу мəселелерін реттемейді.
2-тарау. Резервке іріктеу
6. Резервке іріктеу келесі кезеңдерден тұрады:
1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
2) мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
3) ситуациялық тапсырмаларды шешу;
4) құзыреттерді бағалау;
5) Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда (бұдан əрі – Сарапшылық комиссия) кандидаттармен əңгімелесу;
6) Сарапшылық комиссия Резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.
Резервке іріктеудің кезеңдері ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.
Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды.
7. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті органның (бұдан əрі – уəкілетті орган) интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жəне басқа ресурстарда Резервке іріктеуге қатысуға кандидаттардың құжаттарын қабылдау басталғанға дейін 10 жұмыс күн ішінде жарияланады.
Хабарландыру осы Қағидаларда айқындалған Резервке іріктеудің тəртібі туралы ақпаратты, құжаттарды қабылдау мерзімдерін қамтиды.
8. Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
1) жеке басты куəландыратын құжаттың көшірмесі;
2) білім туралы құжаттың көшірмесі;
3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат*.
Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде Резервті қалыптастыру тәртібімен танысады, осы Қағидаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ дербес деректерді жинау мен өңдеуге өз келісімін береді.
9. Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін кандидаттар жіберіледі.
10. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
Резервке іріктеудің әрбір келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғары нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.
Бірнеше кандидатта тестілеудің бірдей нəтижелері болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне Ұлттық комиссия айқындаған саннан асатын кандидаттардың саны жіберілуі мүмкін.
11. Резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерінде сарапшылар қоғамдастығының өкілдері тартылуы мүмкін.
Ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерін өткізу қорытындылары бойынша кандидаттарға қойылған бағаларды негіздей отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі.
12. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары қатарынан айқындайды.
Сарапшылық комиссияның отырысына дайындалу кезінде уәкілетті орган кандидаттар туралы мəліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мəліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкестігін уəкілетті орган қарайды.
Сарапшылық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нəтижелерін ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды жəне Ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.
13. Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жасақталады.
Ұлттық комиссия кандидаттарды үш жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады.
Қажет болған жағдайда Ұлттық комиссия кандидаттармен әңгімелесу өткізеді.
14. Іріктеуге қатыстырудан бас тартудың және оның кез келген кезеңінен шығарудың негізі мыналар болып табылады:
1) кандидаттың Резервті қалыптастыру тәртібін сақтамауы;
2) анық емес ақпаратты және құжаттарды ұсыну;
3) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкес еместігі.
3-тарау. Резервтен шығару
15. Адамдарды Резервтен шығару:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 3-тармағында көзделген мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіздер туындаған;
2) шет мемлекеттің азаматтығы болған;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайларда уәкілетті орган тиісті ұсыныстар берген кезде жүзеге асырылады.
4-тарау. Өтпелі ережелер
16. Ұлттық комиссияның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы хаттамасымен алынған адамдардың Резервте болу мерзімі көрсетілген хаттамаға қол қойылған күннен бастап есептелетін бес жылды құрайды. Көрсетілген мерзім ішінде Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамасына сәйкес саяси және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері лауазымдарына, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелері лауазымдарына орналаса алады.
Ескертпе* Мемлекеттік тілді орташа білу деңгейінен (В1) жоғары меңгеру үшін қойылатын талаптарды айқындайтын Ұлттық стандарттарға сәйкес