Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы.

Жаңартылған

      Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары);

      2) Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 153 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
(Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары)
1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

      Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.

      Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс.

      Ескерту. 1-тармақтың орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.

      Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

      3. Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда – орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерде орналастыруды қамтамасыз етеді.

      4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзімде осы Кодекстің мәтінімен жазбаша нысанда таныстырылуға тиіс.

2. Мінез-құлықтың жалпы стандарттары

      5. Мемлекеттік қызметшілер:

      1) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;

      2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;

      3) өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге;

      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге;

      5) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;

      6) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

      7) өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;

      8) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;

      9) шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;

      10) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға;

      11) қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;

      12) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға;

      13) жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге;

      14) іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 24.01.2019 № 828 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      6. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

3. Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары

      7. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:

      1) жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;

      2) қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;

      3) өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.

4. Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары

      8. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде:

      1) ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты әрі сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;

      2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға;

      3) ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға;

      4) әріптестерінің өз лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.

      9. Басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде:

      1) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына құрметпен қараудың үлгісі болуға;

      2) меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге;

      3) олардың қызметінің нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік танытуға;

      4) еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға;

      5) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал етуге өзінің қызметтік дәрежесін пайдаланбауға;

      6) құқыққа қарсы қылықтарды, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына жат қылықтарды жасауға мәжбүрлемеуге;

      7) оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс.

      10. Төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер:

      1) басшылардың тапсырмаларын орындау кезінде тек объективті және шынайы мәліметтерді ұсынуға;

      2) өздеріне мәлім болған қызметтік әдеп нормаларының бұзу жағдайлары және мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа және әдеп жөніндегі уәкілге дереу хабарлауға;

      3) басшының заңды тапсырмаларын орындауға кедергі келтіретін әрекеттерді (әрекетсіздікті) болдырмауға;

      4) басшылыққа қатысты жеке берілгендікке, олардың қызметтік мүмкіндіктері есебінен пайда және артықшылықтар алуға ұмтылуға жол бермеуге тиіс.

5. Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында
сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары

      11. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.

      Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс.

      12. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметі мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:

      1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;

      2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;

      3) мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке жат сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.

      13. Мемлекеттік саясатты жүргізумен, мемлекеттік органның және мемлекеттік қызметшілердің қызметімен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органның атынан жарияланымдарына жол берілмейді. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асыра алады.

      14. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық көріністерін жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 153 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Әдеп жөніндегі уәкіл туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (бұдан әрі – Әдеп кодексі) бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

      2. Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады.

      Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шет елдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана әкімдерінің аппараттарында енгізіледі.

      Аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері жоқ мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарында және аумақтық бөлімшелерінде, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде, шет елдегі мекемелерде, тексеру комиссияларында, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары осы мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жүктеледі.

      Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 01.06.2017 № 487 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын атқаратын адам осы мемлекеттік органдардың құрылымына кіретін ведомстволардың және аумақтық бөлімшелердің, шет елдегі мекемелердің, аудан деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдеріне әдіснамалық басшылық жасауды үйлестіреді және жүзеге асырады әрі орталық атқарушы органның жауапты хатшысына бағынады, ал жауапты хатшы немесе көрсетілген лауазымды адамдар болмаған жағдайда – мемлекеттік органның аппарат басшысына не қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар адамға бағынады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 01.06.2017 № 487 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

2. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функциялары

      4. Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;

      2) мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді;

      3) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      4) ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі;

      5) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;

      6) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;

      7) мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректері бойынша тиісті шараларды қабылдамау жағдайлары туралы мемлекеттік органның басшылығына хабарлайды;

      8) мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзған жағдайларда, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды талдайды және мемлекеттік органның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізеді;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзу профилактикасы және оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді;

      11) заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау туралы ұсыныммен жүгінеді;

      12) қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы мақсатында өзге де қызметті ұйымдастырады.

      5. Әдеп жөніндегі уәкіл өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдауға қажетті мәліметтер мен құжаттарды сұратады және алады;

      2) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның атынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының, сондай-ақ Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру үшін тиісті уәкілетті органдарға заңнамада белгіленген тәртіппен жүгінеді;

      3) мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан адамдарды көтермелеу туралы ұсыным енгізеді;

      4) қажет болған жағдайда өзінің құзыретіне қатысты мәселелерді қарау кезінде кадр қызметінен мемлекеттік қызмет өткеру мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметшілердің жеке істерін, өзге де материалдар мен құжаттарды сұратуға және алуға құқылы.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 74 Жарлығымен.

      6. Негізсіз бас тартылғанда, мемлекеттік органның басшысы тиісті шаралар қолданбағанда не ол әдеп жөніндегі уәкілге жүктелген функцияларды орындауға кедергі келтіретін әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасағанда, әдеп жөніндегі уәкіл бұл туралы мемлекеттік қызметі істері уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) не оның аумақтық бөлімшесіне хабарлайды.

      Уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі мұндай хабарлама келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тиісті шараларды қолданады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 74 Жарлығымен.

3. Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін ұйымдастыру

      7. Мемлекеттік орган басшыларының бейтараптығы негізді күмән тудыратын, лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауға әкеп соғатын мән-жайлар (мүдделер қақтығысы) болған кезде әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес негізде жүзеге асырады.

      8. Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінің нәтижесі бойынша уәкілетті органға есеп береді. Есеп беру нысанын және мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.

      9. Әдеп жөніндегі уәкіл өзінің функцияларына жататын мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілерді және басқа да азаматтарды олардың өтініші бойынша немесе баршаға көрінетіндей жерде орналастырылған кестеге сәйкес айына кемінде бір рет қабылдауды жүзеге асырады.

      Қажет болған жағдайда, азаматпен немесе мемлекеттік қызметшімен әңгімелесу телефон арқылы не тиісті ақпарат беруді қамтамасыз ететін басқа да коммуникациялар құралдарын пайдаланумен жүргізілуі мүмкін.

      Әдеп жөніндегі уәкіл туралы мәліметтер, оның ішінде тегі, аты-жөні, фотосуреті, кабинет және телефон нөмірлері заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органның интернет-ресурсында және мемлекеттік органның ғимаратында баршаға көрінетіндей жерде орналастырылады.

      10. Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл кемінде жарты жылда бір рет уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 153 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші
жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 19, 225-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 27 қарашадағы № 446 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 499-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 1180 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 30, 365-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 58, 786-құжат).