Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 наурыздағы N 773 Жарлығы

Жаңартылған

      1995 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі туралы ереже;
      2) өте құпия;
      3) өте құпия бекітілсін.
      2. Өте құпия.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2009 жылғы 26 наурыздағы
N 773 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасының "Сырбар"
Сыртқы барлау қызметі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына , заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінің мәртебесін және өкілеттіктерін айқындайды.

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі (бұдан әрі - "Сырбар" қызметі) - сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган функциялары жүктелген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган.
      2. "Сырбар" қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. "Сырбар" қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрі, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында есепшоттары болады.
      4. "Сырбар" қызметі әскери құрылым болып табылады және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жатады, рәмізі, жалауы, ведомстволық наградалары мен омырау белгілері, нақты және шартты атаулары болады.
      5. «Сырбар» қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кіреді.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      6. "Сырбар" қызметінің құрылымы мен жалпы штат санын "Сырбар" қызметі директорының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      7. "Сырбар" қызметі республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
      8. «Сырбар» қызметінің заңдық мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сол жағалау, Орынбор көшесі, 8-үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      9. «Сырбар» қызметінің толық атауы - «Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі» мемлекеттік мекемесі.
      Осы Ереже «Сырбар» қызметінің құрылтай құжаты болып табылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.

2. "Сырбар" қызметінің міндеттері, функциялары және құқықтары

      10. «Сырбар» қызметінің негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Үкіметін және мемлекеттік органдарын саяси, қаржылық-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда шешімдер қабылдау үшін қажетті барлау ақпаратымен және талдамалық бағалаумен қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      3) елдің экономикалық дамуы мен ғылыми-техникалық өркендеуіне және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      4) барлау ақпаратына қол жеткізу және шет мемлекеттердің арнайы қызметтері мен ұйымдары, террористік және экстремистік ұйымдар, қылмыстық қоғамдастықтар (қылмыстық ұйымдар), сондай-ақ жекелеген адамдар тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне нақты және ықтимал нұқсан келтіруді болдырмауға бағытталған шараларды іске асыру;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президентінің актілерімен айқындалатын өзге де міндеттер болып табылады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      11. «Сырбар» қызметі өз құзыреті шегінде мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде барлау қызметін жүзеге асыру;
      2) барлау ақпаратына қол жеткізу, оны жинақтау, талдау, жүйелеу  және қорыту, оның негізінде ұсыныстар, бағалаулар мен болжамдар дайындау;
      3) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті мен Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және мемлекеттік ұйымдарына барлау ақпаратын беру;
      4) сыртқы барлау субъектілерінің қауіпсіздігін олардың өз күштерін, құралдары мен ақпараттарын заңға қайшы іс-әрекеттер мен қатерлерден қорғауы арқылы қамтамасыз ету;
      5) жүзеге асырылатын барлау қызметінің стратегиясы мен тактикасын әзірлеу;
      6) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттарды дайындауға, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге қатысу;
      7) Қазақстан Республикасының халықаралық, оның ішінде сыртқы барлау саласындағы міндеттемелерін орындау;
      8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде шет мемлекеттердің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен байланыс орнату, жалғастыру және дамыту;
      9) радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асыру;
      10) «Сырбар» қызметіне жасырын көмек көрсететін адамдарды, оның бөлімшелерінің, ұйымдарының, үй-жайларының және көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігін бүркемелеу жөніндегі шараларды іске асыру;
      11) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, өз объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, жеке және инженерлік-техникалық қорғалуын жүзеге асыру, сондай-ақ оларда жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуді келісу;
      12) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;
      13) қызметке немесе жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдау үшін  Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеу, арнайы тексеруден өткізу, кадрға қабылданған әскери қызметшілердің және азаматтық персоналдың мемлекеттік құпиялар болып табылатын ақпаратқа қол жеткізуін ресімдеу (қайта ресімдеу), оларды Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында, оның ішінде арнайы оқу орындарында даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру;
      14) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің мемлекеттік құпияларын қорғауды қамтамасыз ету;
      15) жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және жүргізу;
      16) арнайы мұрағатты, жедел есептерді, анықтамалық, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану;
      17) өзінің қорғалған байланыс жүйесін пайдалану;
      18) барлау қызметінің негізгі бағыттарын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Сырбар» қызметінің объектілерінде құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау, оларды кейіннен құқық қорғау органдарына тапсыру;
      20) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президентінің актілерімен айқындалатын өзге де функцияларды атқару.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      12. "Сырбар" қызметі міндеттерді шешу және өз функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа да үй-жайларын, көлік құралдары мен өзге де мүлкін келісім негізінде пайдалану;
      2) барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан ұйымдардан қажетті ақпаратты алу;
      3) «Сырбар» қызметінің әскери қызметшілерін және азаматтық персонал адамдарын іссапарға, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға жіберу;
      4) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде "Сырбар" қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде тарту;
      5) жеке және заңды тұлғаларды зерделеу мен тексеруден кейін оларға өз объектілерін қорғау және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;
      6) "Сырбар" қызметінің объектілері мен үй-жайларын қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаруды, арнайы құралдарды және жеке күшті қолдану;
      7) "Сырбар" қызметіне құпия түрде жәрдемдесуге келісімін берген тұлғалармен тегін немесе ақылы негізде жасырын қарым-қатынас орнату;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың және меншік нысанына қарамастан ұйымдардың ақпараттық жүйелерін және ақпараттық ресурстарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану;
      9) ақпараттық жүйелерді және ақпараттық ресурстарды, арнаулы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнаулы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйесін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларды бағдарламалық қамтамасыз етуді, қару-жарақты және жарақтануды әзірлеу, сатып алу, құру (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда), іске қосу және пайдалану, шифрлау және шифрды ашу жұмыстарын ұйымдастыру;
      10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу;
      11) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне сыртқы барлауды жетілдіру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізу;
      12) "Сырбар" қызметі іс-әрекетінің негізгі бағыттарына сәйкес басқа мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер мен білімнің әр түрлі салалары мамандарын тарту арқылы сараптама топтарын құру;
      13) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзге де күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
      14) "Сырбар" қызметінің құрылымдық бөлімшелерінің, объектілерінің, үй-жайларының, көлік құралдарының, әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының ведомстволық тиесілігін және құпия түрде жәрдемдесетін адамдарды бүркемелеу мақсатында құжаттар, өзге де әдістер мен тәсілдерді пайдалану құқығына ие.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.

3. "Сырбар" қызметінің мүлкі

      13. "Сырбар" қызметі жедел басқару құқығы негізінде оқшауланған мүлікке ие.
      "Сырбар" қызметінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен құрылады және негізгі қор мен айналым қаражатынан, сондай-ақ бағасы баланста көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
      14. "Сырбар" қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

4. "Сырбар" қызметінің жұмысын ұйымдастыру

      15. «Сырбар» қызметін Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын «Сырбар» қызметінің директоры басқарады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      16. «Сырбар» қызметі директорының төрт орынбасары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады. «Сырбар» қызметі директорының ұсынуымен директордың орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      17. "Сырбар" қызметіндегі жоғары офицерлік мен басшы құрам тұлғалары атқаратын лауазымдар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      18. "Сырбар" қызметінің директоры:
      1) "Сырбар" қызметі бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, қызметіне басшылық етеді және оларға жүктелген міндеттерді шешуге жауап береді, Қызмет директорының орынбасарлары арасында міндеттерді бөледі;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті анықтаған тәртіпте және мерзімдерде Қазақстан Республикасы Президентінің алдында "Сырбар" қызметінің жұмысы туралы есеп береді;
      3) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жалпы штаттық құрам шегінде құрылымдық бөлімшелердің ережесін, ұйымдық құрылымын және штат санын бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының Президентіне "Сырбар" қызметінің ұйымдастыру-штаттық, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және оның қызметі жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қатынас кезінде "Сырбар" қызметі атынан өкілдік етеді;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзінің құзыреті шегінде «Сырбар» қызметінің әскери қызметшілерін әскери қызметке қабылдайды, қызметке тағайындайды, қызметтен босатады және жұмыстан шығарады;
      7) қатардағы жауынгер, матростық, сержанттық және старшиналық құрам әскери қызметшілері, кіші және аға құрам офицерлері, азаматтық персонал атқаратын лауазымдар тізбесін бекітеді, сондай-ақ әрекет етуші резервтегі офицерлердің санын, "Сырбар" қызметі бөлімшелерін әскери қызметшілермен және азаматтық персоналмен жасақтау тәртібін айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери атақтарды береді, ал мадақтау түрінде - кезекті әскери атақты мерзімінен бұрын және атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген атақтан бір сатыға жоғары атақ береді;
      9) Қазақстан Республикасының Президентіне "Сырбар" қызметінің әскери қызметшілеріне жоғары әскери атақтар беру және мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыныстар енгізеді;
      10) "Сырбар" қызметі әскери қызметшілерінің мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жұмысқа жіберілуі мен әскери емес лауазымдар атқару мәселелерін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларымен келісе отырып шешеді;
      11) Қазақстан Республикасының сыртқы барлау органдары үшін кадрлар даярлау мәселесін келісім негізінде шешеді;
      12) «Сырбар» қызметінде белгіленген тәртіппен әскери қызметшілердің жекелеген санаттарының әскери қызметке алынғанға дейінгі еңбек қызметінің өтілін олардың еңбек сіңірген жылдарына есептейді;
      13) "Сырбар" қызметінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналын марапаттайды, ведомстволық наградалармен наградтайды, тәртіптік жазаға тартады;
      14) штаттан тыс қызметкерлерді тарту тәртібін айқындайды;
      15) қол жеткізген келісімдерде айқындалған мәселелер бойынша өзара қатынастардың тиімділігін арттыру мақсатында шет мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен келісе отырып, "Сырбар" қызметінің ресми өкілдерін шет мемлекеттерге жібереді;
      16) "Сырбар" қызметінде құпия болып есептелетін мәліметтер тізбесін бекітеді;
      17) "Сырбар" қызметі әскери қызметшісінің, азаматтық персоналының қызметтік куәліктерінің және зейнеткер куәлігінің сипаттамасын бекітеді, сондай-ақ оларды беру тәртібін анықтайды;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.07.22 № 126 Жарлығымен.
      19. "Сырбар" қызметінің директоры уақытша болмаған кезінде оның тапсырмасына сәйкес міндеттерін "Сырбар" қызметі директоры орынбасарларының біреуі атқарады.
      20. "Сырбар" қызметінің іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды тұжырымдау, жедел қызметтік іс-әрекеттер және кадрлармен жұмыс істеудің аса маңызды мәселелерін қарастыру, олар бойынша келісілген шешімдер қабылдау үшін "Сырбар" қызметінде алқа құрылады. "Сырбар" қызметінің директоры алқа құрамын айқындайды.
      Алқаның шешімі "Сырбар" қызметі директорының бұйрығымен жарияланады.
      Алқаның міндеттері, өкілеттіктері және қызметінің тәртібі "Сырбар" қызметі директоры бекіткен Ережемен регламенттеледі.
      21. "Сырбар" қызметінің объектілері Қазақстан Республикасының режимдік объектілері болып табылады.

5. "Сырбар" қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

      22. "Сырбар" қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.