"Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы N 495 Жарлығы

Қолданыстағы

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс        

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. 2032 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған АЭА туралы ереже бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі АЭА қызметін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентінің        
2007 жылғы 19 желтоқсандағы
N 495 Жарлығымен      
бекітілген         

"Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі"
арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Атырау облысының аумағында орналасқан.
      АЭА-ның аумағы 1787,4 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.

      2. АЭА:
      қосылған құны жоғары көмірсутек шикізатын тереңдете өңдеу және кеңінен бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімін шығару жөніндегі әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру мен дамыту жөнінде серпінді инвестициялық жобалар әзірлеу және іске асыру;
      мемлекеттік - жеке меншік серіктестік тетіктерінің негізінде мұнай-химия және аралас өндірістер құрылысына және оларды кешенді дамытуға инвестициялар тарту;
      жаңа өзара байланысты, тиімділігі жоғары әрі инновациялық мұнай-химия, ілеспе және аралас өндірістер салу;
      қазақстандық мұнай-химия өнімінің өндіру мен өткізудің жалпы әлемдік жүйесіне кірігуін жүзеге асыру, халықаралық стандарттарға (ИСО) сәйкес инновациялық, бәсекеге қабілетті отандық мұнай-химия өнімін жасау;
      мұнай-химия, ілеспе және аралас өндірістерді және көмірсутек шикізатын тазалау, тереңдете өңдеу жөніндегі технологияларды құру мен жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық инновациялық жобалар әзірлеу және іске асыру;
      халықаралық стандарттарға сәйкес мұнай-химия өндірістері үшін мамандар даярлау және қайта даярлау мақсатында құрылады.

      3. Қызметтің басым түрлері:
      қазақстандық базалық және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімін, оның ішінде мұнай-газ өндіру саласы үшін реагенттер өндіруді қамтамасыз ету үшін бизнес-жоспарлар, техникалық-экономикалық негіздемелер, жобалау-сметалық құжаттама, құрылыс-монтаж және іске қосу-реттеу жұмыстарын әзірлеу кезеңдерін қамтитын көмірсутек шикізатын тереңдете өңдеу үшін әлемдік деңгейдегі кешендерді, өндірістер мен қондырғыларды салу және пайдалану;
      мұнай-химия өндірістерінің тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін осы заманғы жоғары технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру;
      жаңа инновациялық мұнай-химия, ілеспе, аралас өндірістер мен технологиялар құру және дамыту жөнінде маркетингтік, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық жобалар әзірлеу мен іске асыру және техникалық-экономикалық, тәжірибе-конструкторлық жұмыстар жүргізу;
      халықаралық стандарттар бойынша өнеркәсіптің мұнай-химия саласы үшін техникалық бейіндегі мамандар даярлау және қайта даярлау.

      4. АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен , "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық Шартта Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасында көрсетілгеннен өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережесі қолданылады.

2. АЭА-ны басқару

      5. АЭА-ны басқару "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

3. АЭА-ның аумағында салық салу

      6. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық  заңнамасымен реттеледі.

4. Кедендік реттеу

      7. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі қолданылатын Қазақстан Республикасы кеден аумағының бір бөлігі болып табылады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады және арнайы қоршаумен жабдықталады.

      8. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу мен бақылау Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      9. АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі: P090703
      АЭА-ның аумағында салынатын объектілердің құрылысын қамтамасыз ету және оларды пайдалануға беру үшін қажетті машиналар, тетіктер, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      тауарларды жеткілікті түрде өңдеу өлшемдеріне сәйкес қайта өңдеуге, өңдеуге және пайдалануға арналған (акцизделетін тауарларды қоса алғанда) шикізат және отын ресурстары, тауарлар мен материалдар;
      ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және оқу-білім беру бағдарламаларын жүргізу үшін қажетті аспаптар, құрылғылар, тауарлар мен материалдар;
      осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген негізгі қызмет түрлеріне сәйкес өндірістерді қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар және тетіктер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автомобильдер, материалдар, тауарлар мен жартылай өнімдер.

      10. АЭА-ның аумағында осы Ережеге сай қызметтің негізгі түрлеріне сәйкес АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды сақтауды, пайдалануды, қайта өңдеуді және қолдануды қамтамасыз ету жөнінде операциялар жасауға рұқсат етіледі.

5. АЭА-ның аумағында шетел азаматтарының болу тәртібі

      11. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транзиті және болу тәртібі қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      12. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделген негіздер бойынша таратылады.
      АЭА-ны тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін АЭА-ның әкімшілігі АЭА-ны тарату рәсімдерін аяқтау үшін бір жыл бойы жұмыс істейді.
      АЭА-ны құрылған мерзімінің аяқталуына байланысты таратқан кезде арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі:
      көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін үш айдан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде АЭА-ның алдағы таратылуы, оның таратылуына байланысты арыздар мен талап-өтініштерді қабылдаудың тәртібі мен мерзімдері туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендік режимде қайта ресімдеу тәртібін түсіндіруді қамтамасыз етеді.

      13. Осы Ережемен реттелмеген АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы    
Президентінің        
2007 жылғы 19 желтоқсандағы 
N 495 Жарлығымен бекітілген 
"Ұлттық индустриялық     
мұнай-химия технопаркі"  
арнайы экономикалық аймағы 
туралы ережеге       
ҚОСЫМША           

"Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі"
арнайы экономикалық аймағы аумағының сызбасы

(сызбаны қағаз мәтіннен қараңыз)