Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы N 379 Жарлығы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (бұдан әрі - Мемлекеттік хатшы) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

      2. Мемлекеттік хатшы өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

      3. Мемлекеттік хатшы қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясызаңдары, осы Жарлық пен Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

      4. Мемлекеттік хатшы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті үшін ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;
      2) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:
      Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктерімен қарым-қатынастарда;
      халықаралық қарым-қатынастарда оның мүдделерін білдіреді;
      3) мыналардың:
      Әлеуметтік-гуманитарлық даму, отбасылық-демографиялық саясат, мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері жөнінде;
      Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың:
      Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның, Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссияның, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның; Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін үйлестіреді;
      4) Қазақстан Республикасында қоса атқарушы ретінде тіркелген шет мемлекеттердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.04.2014 № 806, 2014.11.18 № 960 жарлықтарымен.

      5. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік хатшы:     
      1) өкімдер шығаруға;
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;
      3) Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;
      4) өз құзыретіне жататын мәселер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;
      5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

      6. Мемлекеттік хатшының қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттігі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі N 1148 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 28, 263-құжат; 2004 ж., N 12, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті