Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы N 124 Жарлығы

Қолданыстағы

"Президент пен Үкімет актілерінің
жинағында" жариялануға тиіс   

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықты iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.

      3. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2006 жылғы 25 мамырдағы
N 124 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да
әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру
ЕРЕЖЕЛЕРІ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережелер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерi (бұдан әрi - Ережелер) Қазақстан Республикасы азаматтарының шақыру бойынша және ерiктi тәртiппен келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртiбiн айқындайды.

      2. Ережелерде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      уәкiлеттi орган - әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттiк орган;
      уәкiлеттi лауазымды адам - Осы Ережелерде белгiленген тәртiппен келiсiм-шарт жасасу құқығы берiлген лауазымды адам.

1. Әскери қызмет өткеру

      3. Бейбiт және соғыс уақытында әскери қызмет өткеру әскери оқу орындарында оқуды, әскерге шақыруды, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке ерiктi кiрудi, әскери атақ берудi, әскери лауазымға тағайындауды және әскери қызмет бойынша ауыстыруды, әскери қызметтен босатуды, аттестаттауды, әскери қызметпен байланысты басқа да жағдайларды (оқиғаларды) қамтиды.

      4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Ережелерге сәйкес Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда шақыру бойынша немесе келiсiм-шарт бойынша ерiктi тәртiппен әскери қызмет өткередi.

      5. Әскери (арнаулы) оқу орындарына түскен және бұрын келiсiм-шарт бойынша әскери қызметте тұрмаған азаматтардың келiсiм-шарт жасалғанға дейін шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер мәртебесi болады.

      6. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшi бейбiт кезде алты ай әскери қызметтен кейiн және олар әскери-есептiк мамандықтардың біреуі бойынша міндетті даярлық курсынан өткен кезде ерiктi түрде, соның ішінде бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында елден тыс жерде бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн жiберiлуi мүмкiн.

2. Әскери қызметтiң басталуы, мерзiмдерi және аяқталуы

      7. Әскери қызметтiң басталуы мыналар болып саналады:
      1) әскери қызметке алғаш рет шақырылғандар үшiн - қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттен әскери қызмет өткеру орнына кету туралы тиiстi командирдiң (бастықтың) бұйрығы шыққан күн (күнi);
      2) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiргендер үшiн - бөлiмнiң жеке құрамының тiзiмiне енгiзу туралы әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) бұйрығы шыққан күн (күнi);
      3) әскери (арнаулы) оқу орындарына түскендер және бұрын әскери қызметте болмағандар үшiн - оқу орны жеке құрамының тiзiмiне қабылданған күн (күні).

      8. Әскери қызмет мерзiмдерi "Әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шiлдедегi Заңында (бұдан әрi - Заң) белгiленген және:
      1) шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiндер үшiн - шақырылған сәттен бастап кемiнде он екi айдан кейiн, бiрақ қызмет өткеретiн соңғы айдың отызы күнiнен кешiктiрiлмей;
      2) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiндер үшiн - келiсiм-шарттың аяқталу мерзiмiнiң соңғы айының тиiстi күнi аяқталады.
      Әскери қызмет мерзiмiнiң аяқталуы ондай күнi болмайтын айға тура келген жағдайларда көрсетiлген мерзiм сол айдың соңғы күнi аяқталады.

      9. Әскери қызмет аяқталған күн (соңғы күн) әскери қызметшiнi әскери бөлiмнiң жеке құрамының тiзiмiнен шығару туралы командирдiң (бастықтың) бұйрығы шыққан күн болып саналады.

      10. Әскери бөлiмдi немесе әскери қызмет орнын өз бетiнше тастап кеткен уақыт кезеңi әскери қызметшiнiң әскери қызмет мерзiмiне есептелмейдi.

      11. Әскери қызметшiнiң әскери қызметiнiң жалпы ұзақтығы (еңбек сiңiрген жылдары) шақыру бойынша да, сол сияқты келiсiм-шарт бойынша да, соның iшiнде әскери қызметке қайта кiру кезiндегi де оның әскери қызметiнiң барлық уақытын қамтиды.
      Әскери қызметтiң жалпы ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасында   белгiленген тәртiппен күнтiзбелiк және жеңiлдiк есептеумен жүргiзiледi.

2-тарау. Келiсiм-шарт жасасу тәртiбi және оның қолданысын
тоқтату

3. Келiсiм-шарт жасасу және оның қолданысын тоқтату

      12. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiм-шартты Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың уәкiлеттi лауазымды адамымен ерiктi тәртiпте, жазбаша түрде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен үлгi нысан бойынша:
      1) жоғары офицерлер құрамының адамдары ауыстыруға жататын әскери лауазымға тағайындалушы - Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтындарды қоспағанда, уәкiлетті органның бірінші басшысымен;
      2) кiшi және аға офицерлер құрамының адамдары, сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) ауыстыруға жататын әскери лауазымға тағайындалушы - әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) және одан жоғарысының тиiстi уәкiлеттi лауазымды адамымен;
      3) әскери (арнаулы) оқу орнына түсушi - осы оқу орнының бастығымен жасасады.
      Атқаратын лауазымдарында әскери қызмет өткеретiн адамдармен келісім-шарттар осы тармақтың 1), 2) тармақшаларына сәйкес жасалады.

      13. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiрген, соның iшiнде қайта кiрген кезде келiсiм-шарт жасалады.
      Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiмен жаңа келiсiм-шарт:
      1) Заңның 6-бабында айқындалған құрам өзгерген;
      2) әскери (арнаулы) оқу орнына қабылданған;
      3) Заңның 31-бабы 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, әскери (арнаулы) оқу орнынан шығарылған;
      4) әскери қызмет мерзiмi ұзартылған;
      5) бiр уәкiлеттi органнан басқасына ауыстырылған жағдайларда жасалады.

      14. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiм-шарт азаматпен Заңның 30-бабының 2-тармағында көзделген негiздер болған кезде жасалмайды.

      15. Келiсiм-шартта әскери қызмет өткеру шарттары, азаматтың келiсiм-шартта белгiленген мерзiм iшiнде Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткеру мiндетi, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың әскери қызметке байланысты құқықтары мен оның отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы бекiтiледi.

      16. Келiсiм-шарт кемiнде екi данада, әрқайсысы мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жасалады және оны жасасқан адамдар қол қояды. Келiсiм-шарт жасасқан лауазымды адамның қолы мөрмен расталады, бұл ретте бiрiншi данасы келiсiм-шарт жасасқан адамның жеке iсiне тiгiледi, ал екiншi данасы оған қол қойдырып берiледi.

      17. Келiсiм-шарт Заңның 29-бабының 2-тармағына сәйкес өз қолданысын тоқтатады.

      18. Келiсiм-шарттың қолданысын тоқтату туралы оның қолданысын тоқтатқан күнi мен негiздерiн көрсете отырып, әскери қызметшiнiң жеке iсiнде тұрған келiсiм-шарттың данасына жазба жазылады. Жазба командирдiң (бастықтың) қойған қолымен және әскери бөлiмнiң (мекеменiң) елтаңбалы мөрiмен расталады.
      Осындай жазба әскери қызметшiде болатын келiсiм-шарттың екiншi данасына да жазылады.

      19. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшiлер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi келiсiм-шарт жасамай өткередi. Олардың келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер мәртебесi сақталады.
      Аталған лауазымға тағайындалғанға дейiн әскери қызметшiлердiң осы санатымен жасалған келiсiм-шарттар өз қолданысын тоқтатады.

      20. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшi лауазымынан босатылғаннан кейiн ол осы Ережелерде айқындалған тәртiппен жаңа келiсiм-шарт жасасады немесе әскери қызметтен босатылады.

4. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiру үшiн азаматтар
арасынан кандидаттарды iрiктеу

      21. Әскери қызметте болмаған, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматы уәкiлеттi лауазымды адамға өтiнiш бередi.
      Республикадан тысқары жерлерде тұратын, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жерiне келгеннен кейiн ғана өтiнiш беруге хақылы.

      22. Өтiнiште:
      1) азаматтың тегi, аты-жөнi, оның туған күнi, айы мен жылы, тұрғылықты жерi;
      2) азамат келiсiм-шарт жасасуға ниет бiлдiрген уәкiлеттi органның атауы;
      3) келiсiм-шарт жасасу болжанатын мерзiм көрсетiледi.

      23. Өтiнiшпен бiрге азамат өз жеке басы мен азаматтығын куәландыратын құжатты көрсетедi және:
      1) белгiленген үлгiдегi бланкiде сауалнама деректерiн;
      2) өз қолымен жазылған өмiрбаянын;
      3) жеке басы куәлiгiнiң, бiлiмi туралы құжаттарының, бар болған кезде еңбек кiтапшасының, неке және балаларының туу туралы куәлiктерiнiң белгiленген тәртiппен расталған көшiрмелерiн ұсынады.
      Уәкiлеттi органдар құзыретiне сәйкес және әскери қызметтi өткеру ерекшелiгiне сәйкес қосымша құжаттар талап етуi мүмкiн.

      24. Уәкiлеттi лауазымды адамдар келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген азаматтардың келiп түскен өтiнiштерiн тiркейдi және қарауға қабылдайды. Өтiнiшi қарауға қабылданған азамат келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге кандидат (бұдан әрi - кандидат) болып табылады.

      25. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген азаматтың өтiнiшi Заңның 30-бабында айқындалған талаптарға кандидат сәйкес келмеген кезде қабылдауға жатпайды.

      26. Кандидатқа жеке iс ресiмделедi.

      27. Қажеттi құжаттар тiзбесiн, оларды ресiмдеу тәртiбiн, сондай-ақ тексеру жүргiзу мерзiмдерiн уәкiлеттi органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.

      28. Уәкiлеттi лауазымды адам кандидаттың қабылданған өтiнiшiн алдын ала үш жұмыс күнi iшiнде қарайды, одан кейiн:
      1) әскери қызметке жарамдылық тұрғысынан денсаулық жағдайына;
      2) кәсiби-психологиялық жарамдылығына;
      3) соттылығының бар-жоқтығына қосымша тексеру ұйымдастырады.
      Қажет болған кезде кандидат мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсаттаманы ресiмдеу рәсiмiнен белгiленген тәртiппен өтедi.
      Уәкiлеттi органдарда кандидаттардың өтiнiштерiн қарау тәртiбiн бiрiншi басшылар айқындайды.

      29. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери-дәрiгерлiк сараптама өткiзудiң Заңда көзделген ережелерiне (бұдан әрi - Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерi) сәйкес жүргiзiледi.

      30. Кәсiби-психологиялық iрiктеу жөнiндегi iс-шараларды тиiстi мамандар жүргiзедi. Бұл ретте зияткерлiк даму деңгейi, әскери қызметтi өткеруге психологиялық жарамдылығы, ойлау шапшаңдығы мен икемдiлiгi, тiл табысуға бейiмдiлiгi және тексерiлетiн кандидаттардың әскери қызмет үшiн кәсiби маңызды жеке қасиеттерi бағаланады.

      31. Кәсiби-психологиялық iрiктеу нәтижелерi бойынша нақты әскери лауазымдарда келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кандидаттың кәсiби жарамдылығы туралы мынадай қорытындылардың бiреуi шығарылады:
      1) "бiрiншi кезекте ұсынылады" - бiрiншi санат;
      2) "ұсынылады" - екiншi санат;
      3) "шартты түрде ұсынылады" - үшiншi санат;
      4) "ұсынылмайды" - төртiншi санат.

      32. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiру үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келген кандидаттың құжаттары кандидаттың кәсiби жарамдылығына конкурс ұйымдастыру үшiн уәкiлеттi органға жiберiледi.

      33. Кәсiби iрiктеу жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыруды, олардың тәртiбiн және өткiзу әдiстемесiн уәкiлеттi органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.

      34. Кандидат бiлiмiнiң және дене шынықтыру дайындығының деңгейi бойынша уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы белгiлеген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
      Кандидаттарды конкурс өтетiн орынға жiберудi жергiлiктi әскери басқару органы уәкiлеттi органның хабарламасында көрсетiлген мерзiмге, бiрақ кемiнде екi айда бiр рет жүзеге асырады.

      35. Конкурсқа қатысу үшiн келген азаматтың кандидатурасын конкурстық комиссия қарайды, оны құру және жұмыс iстеу тәртiбiн тиiстi уәкiлеттi орган айқындайды. Қажет жағдайда уәкiлеттi органның шешiмi бойынша кандидат медициналық куәландырудан қосымша өтуге жiберiлуi мүмкiн.

      36. Конкурстық комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Ірiктелген кандидаттарға бес күн iшiнде конкурстық комиссияның хаттамасынан үзiндi берiледi.
      Қалған кандидаттарға бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, конкурстық комиссия шешiмiнiң көшiрмесi берiледi.

      37. Уәкiлеттi лауазымды адам конкурстық комиссияның хаттамасынан үзiндi келiп түскен кезде үш күн iшiнде кандидатпен келiсiм-шарт жасасады, қажеттi материалдарды ресiмдейдi және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшiн уәкiлеттi органға жiбередi.

      38. Уәкiлеттi орган конкурстың нәтижелерi туралы құжаттарды алғаннан кейiн екi ай iшiнде iрiктелген кандидаттарға қатысты оларды әскери лауазымдарға тағайындау туралы жеке құрам бойынша бұйрық шығарады.

      39. Бұйрықтан үзiндiлер жергiлiктi әскери басқару органына және әскери бөлiмге (мекемеге) жiберiледi.

      40. Әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) кандидат келгеннен кейiн оны бөлiмнiң жеке құрамының тiзiмiне енгiзедi және лауазымды атқаруға уақытша жiбередi.

      41. Жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi келiп түскен кезде әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) әскери қызметшiнiң лауазымға кiрiсуi туралы бұйрық шығарады.

5. Әскери қызметшiлер қатарынан келiсiм-шарт бойынша әскери
қызметке кiру үшiн кандидаттарды iрiктеу

      42. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн және келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген әскери қызметшi әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирiне (бастығына) баянат бередi.

      43. Әскери қызметшi баянатпен бiрге Осы Ережелердiң 23-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

      44. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн және келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруге ниет бiлдiрген әскери қызметшiнiң баянаты тiркеледi және әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) қарауға қабылдайды. Әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiнiң баянатын қарайды және он күн мерзiмде ол бойынша шешiм қабылдайды.
      Баянаты қарауға қабылданған әскери қызметшi кандидат болып табылады.

      45. Әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) баянатты қарап, мыналар туралы нұсқаулар бередi:
      1) кандидатты медициналық куәландырудан өткiзу;
      2) кәсiби-психологиялық iрiктеу жөнiнде iс-шаралар өткiзу;
      3) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiлер үшiн белгiленген талаптарға кандидаттың бiлiмiнiң, кәсiби және дене шынықтыру дайындығы деңгейiнiң сәйкестiгiн тексеру;
      4) әскери қызметшiнiң кандидатурасын әскери бөлімнің аттестаттау комиссиясының қарауы.

      46. Кандидат қажеттi жағдайларда мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсаттаманы ресiмдеу рәсiмiнен белгіленген тәртіппен өтеді.

      47. Кандидаттың келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кіретіндер үшiн белгiленген талаптарға сәйкестiгiн әскери бөлiмнiң аттестаттау комиссиясы айқындайды. Кандидаттың келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кіретіндер үшiн белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi туралы шешімді Заңның 30-бабында көзделген жағдайлар болған кезде әскери бөлiмнiң аттестаттау комиссиясы қабылдайды.
      Комиссия шешiмiнiң көшiрмесi әскери қызметшiге шешiм қабылданған күннен бастап үш күн iшiнде берiледi.

      48. Құжаттарды ресiмдегеннен кейiн материалдар осы Ережелерге сәйкес келiсiм-шарт жасасу үшiн уәкiлеттi лауазымды адамға қарауға ұсынылады.

6. Әскери қызметте болудың шектi жасына жеткен әскери
қызметшiлермен әскери қызмет мерзiмiн ұзарту кезiнде
келiсiм-шарттар жасасу

      49. Әскери қызметте болудың шектi жасына жеткен және оны жалғастыруға ниет бiлдiрген әскери қызметшiлермен уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы айқындаған, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмге жаңа келiсiм-шарт жасалуы мүмкiн.

      50. Әскери қызмет мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылданған кезде мыналар ескерiледi:
      кәсiби даярлығы және атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжiрибесi;
      әскери қызмет өткеру үшiн денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығы;
      әскери-есептік мамандыққа немесе арнайы даярлыққа сәйкес бос лауазымның болуы.

      51. Әскери қызметте болудың шекті жасына жеткен әскери қызметші қолданыстағы келісім-шарт мерзімінің аяқталуына дейін кемінде төрт ай қалғанда жаңа келісім-шарт жасау үшін уәкілетті лауазымды адамға жаңа келісім-шарт жасасу туралы баянат береді.

      52. Уәкiлеттi орган бiрiншi басшысының әскери қызмет мерзiмiн ұзарту туралы шешiмi бұйрықпен ресiмделедi және келiсiм-шарт мерзiмi аяқталуынан кемiнде бiр ай бұрын әскери қызметшiнiң назарына жеткiзiледi.

      53. Әскери қызмет мерзiмiн ұзартудан бас тартқан жағдайда уәкiлеттi органның жазбаша хабарламасы әскери қызметтің назарына ол әскери қызметте болудың шектi жасына жетуiнен кемінде бiр ай бұрын қолын қойғызып жеткiзiледi.
      Әскери қызметшi демалыста, емделуде, қызметтiк iссапарда болған кезде хабарлама әскери қызметтiң тұрақты орнына келген күнi жеткiзiледi.

3-тарау. Әскери лауазымдарға тағайындау, әскери лауазым
бойынша мiндеттердi уақытша атқару, командирдiң (бастықтың)
қарамағына жiберу, әскери лауазымдардан босату тәртiбi

7. Әскери лауазымдарға тағайындау

      54. Әскери қызметшiлердi әскери лауазымдарға тағайындау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      55. Әскери қызметшiлермен және әскери мiндеттiлермен келiсiм-шарт жасасу, оларды әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, шығару, босату, сондай-ақ әскери атақтар беру (жеке құрам бойынша бұйрықтар) туралы бұйрықтар шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тiзбесiн (бұдан әрi - лауазымды адамдар тiзбесi) уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы айқындайды.

      56. Әскери қызметшiнi әскери лауазымға тағайындау әскери қызметшiнiң бiлiмi мен кәсiби даярлығының деңгейiн, оның психологиялық қасиеттерiн, денсаулық жағдайын және осы Ережелерде көзделген өзге де жағдайларды ескере отырып жүргізiледi.

      57. Әскери қызметшiлердi әскери лауазымдарға тағайындау оларды негiзгi немесе бiр бейiндi әскери-есептiк мамандығы бойынша пайдалануды және қызметтiк iс-әрекетiнiң бар тәжiрибесiн ескерудi қамтамасыз етуге тиiс. Әскери қызметшiлердi, олар үшiн жаңа әскери-есептiк мамандық бойынша лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде оларды осы лауазымдарға тағайындауға тиiстi қайта даярлау алғышарт болуға тиiс.

      58. Офицерлер құрамының әскери атағы бар, жоғары оқу орнынан кейiнгi жоғары кәсiби бiлiм беру бағдарламасы бойынша офицердi даярлау көзделген әскери (арнаулы) оқу орнына, адъюнктураға күндiзгi оқу нысанына қабылданған әскери қызметшi бұрынғы атқарған әскери лауазымынан босатылады және тыңдаушы әскери лауазымына тағайындалады.
      Офицер әскери атағы жоқ, әскери (арнаулы) оқу орнына қабылданған әскери қызметшi бұрынғы атқарған әскери лауазымынан босатылады және аталған оқу орнында оқитын әскери қызметшiлер үшiн көзделген және сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) атқаруға жататын курсант әскери лауазымына тағайындалады. Әскери (арнаулы) оқу орнына қабылданған азамат аталған оқу орнында оқитын әскери қызметшiлер үшiн көзделген курсант әскери лауазымына тағайындалады.
      Әскери қызметшiнi (азаматты) әскери (арнаулы) оқу орнына қабылдаған кезде бұрын берiлген әскери атағы сақталады.

      59. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн, әскери (арнаулы) оқу орнына, адъюнктураға қабылданбаған әскери қызметшiлер, олар аталған оқу орнына, адъюнктураға түсу үшiн жiберген әскери бөлiмдерге бұрынғы әскери лауазымдарына қайтарылады.

      60. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн, әскери (арнаулы) оқу орнына қабылданбаған әскери қызметшiлер уәкiлеттi орган айқындаған әскери бөлiмге одан әрi әскери қызмет өткеру үшiн жiберiледi не Заңның 37-бабында айқындалған негiздер болған кезде әскери қызметтен босатылады.

      61. Әскери (арнаулы) оқу орындарын, адъюнктураны аяқтаған әскери қызметшiлер қажетті бiлiм деңгейi бар адамдар алмастыруға тиiс және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери лауазымдар және өздерiнiң әскери атағына сәйкес келетiн тiзбесiмен (бұдан әрi - Әскери лауазымдар тiзбесi) көзделген әскери лауазымдарына тағайындалады.
      Аталған әскери лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай әскери қызметшiлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге әскери лауазымдарға тағайындалады (ерекше жағдайларда одан әрi әскери лауазымға тағайындау үшiн командирдiң (бастықтың) қарамағына жiберiледi).

      62. Әскери лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:
      1) сарбаздарды (матростарды), сержанттарды (старшиналарды), офицерлердi алмастыруға тиiс әскери лауазымдарға тиiстi құрамның әскери қызметшiлерi тағайындалады. Аталған әскери лауазымдарға тиiстi құрамның әскери қызметшiлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға тиiстi құрамның запастағы әскери қызметшiлерi не уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның әскери қызметшiлерi Тағайындалуы мүмкiн;
      2) тиiстi командирлердiң (бастықтардың) қарамағына жiберiлген әскери қызметшiлердi әскери лауазымдарға тағайындау Заңның 8-бабының 5-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;
      3) әскери қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;
      4) егер әскери қызметшiге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе ол аталған рұқсаттамадан айрылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес әскери лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе әскери қызметтен босатылуға жатады;
      5) өзара жақын туыстықта болатын әскери қызметшiлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде әскери қызмет өткеруге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат етiлмейдi;
      6) әскери қызметшi әйелдер жүктiлiгi кезiнде медициналық қорытындыға сәйкес және өз келiсiмiмен бұрын атқарып отырған әскери лауазымына сәйкес ақшалай ризығын сақтай отырып, қызметтің неғұрлым жеңiл жағдайлары бар әскери лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.

      63. Әскери қызметшiлер жоғары, тең немесе төмен әскери лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.

      64. Әскери лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы әскери лауазым бойынша әскери атаққа қарағанда неғұрлым жоғары әскери атақ, ал әскери атақтар штатында көзделген теңдiк жағдайында - ол лауазымға бiлiктiлiк талаптарының неғұрлым жоғары деңгейi немесе әскери басқару органы сәйкес келсе, әскери лауазым жоғары болып саналады.

      65. Әскери қызметшiнi жоғары әскери лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртiбiмен жүргiзiледi.
      Жоғары әскери лауазымға тағайындау кезiнде басым құқық мұндай әскери лауазымға әскери қызметшi әскери қызмет өткеретiн әскери бөлiмнiң аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде жоғары кәсiби бiлiктiлiгiн және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен немесе ұйымдық-штаттық iс-шараларға байланысты бұрын төмен әскери лауазымға тағайындалған әскери қызметшiге берiледi.

      66. Әскери лауазымдар, егер оған тең әскери атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе әскери басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып саналады.

      67. Әскери қызметшiнi тең әскери лауазымға тағайындау:
      1) ұйымдық-штаттық iс-шараларға байланысты;
      2) әскери қызметшiнi әскери қызметте орынды пайдалану үшiн;
      3) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiнiң отбасы жағдайына байланысты баянаты бойынша Заңның 37-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде;
      4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.

      68. Әскери лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек әскери атақ, сондай-ақ төмен бiлiктiлiк талаптары немесе әскери басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып саналады.

      69. Төмен әскери лауазымға тағайындау:
      1) әскери қызметшiнiң келiсiмiмен:
      ұйымдық-штаттық iс-шараларға байланысты - оның даярлық бейiнiне тең бос әскери лауазым болмаған кезде;
      үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн   отбасы-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, Заңның  37-бабы -тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;
      әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
      Заңның 8-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында айқындалған жағдайларды қоспағанда, командирдiң (бастықтың) қарамағында болған кезеңде;
      2) әскери қызметшiнiң келiсiмiнсiз - келiсiм-шартты бұзу үшiн негiздер болып табылмайтын, әскери қызмет өткеру тәртiбi мен ережелерiн бiрнеше рет бұзған жағдайда бiр сатыдан төмен емес әскери лауазымға тағайындау аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша жүргiзiледi.

      70. Әскери қызметшiнi әскери лауазымға тағайындау, әскери лауазымнан босату, командирдiң (бастықтың) қарамағына қабылдау, босату, әскери атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiм-шарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нысан бойынша ұсыныс немесе басқа да құжаттар (баянат, ауыстыру жоспары) ресiмделедi.

      71. Әскери қызметi бойынша шектеу түрiнде жазасын өтеп жүрген әскери қызметшiлер жоғары әскери лауазымға тағайындала алмайды.

      72. Әскери қызметi бойынша шектеу түрiнде жаза тағайындалған әскери қызметшi бұрынғы әскери лауазымында қалдырылмайды, сондай-ақ жеке құрамды басқаруға байланысты лауазымға тағайындалмайды.
      Осы әскери қызметшi тиiстi лауазымды адамның шешiмi бойынша не әскери бөлiмнiң шегiнде, не басқа әскери бөлiмге немесе орынға ауыстыру арқылы басқа әскери лауазымға тағайындалады, ол туралы үкiм шығарған сот хабардар етiледi.

8. Әскери лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды жүктеу

      73. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты әскери қызметшiге ол атқармайтын әскери лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:
      1) бос (тағайындалмаған) әскери лауазым бойынша - оның келiсiмiмен, бұл жағдайда әскери қызметшi атқарып отырған әскери лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған әскери лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттерiн уақытша атқаруға жiберiлген әскери лауазымы бойынша ақшалай ризық төленедi;
      2) бос емес (тағайындалған) әскери лауазым бойынша - оны атқарып отырған әскери қызметшi уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған әскери қызметшiнi лауазымынан 2 айдан аспайтын мерзiмге шеттеткен жағдайда жүктелуi мүмкiн.

      74. Әскери қызметшiге бос әскери лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған әскери лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы әскери лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте әскери қызметшiлерге жоғары офицерлер құрамы атқаруға тиiс бос әскери лауазымдар бойынша әскери лауазымды уақытша атқаруды жүктеу уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      75. Әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.

9. Командирдiң (бастықтың) қарамағына жiберу

      76. Әскери қызметтi одан әрi өткеру мәселелерiн шешу үшiн әскери қызметшiлердi әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығаруға құқығы бар тiкелей командирдiң (бастықтың) қарамағына жiберуi мүмкiн.

      77. Әскери қызметшiнi командирдiң (бастықтың) қарамағына жiберуге Заңның 8-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзiмдерде жол берiледi.

      78. Қарамағында әскери қызметшiлер бар лауазымды адамдар олардың функционалдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.

10. Әскери лауазымнан босату

      79. Әскери қызметшi жаңа әскери лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, әскери қызметтен босатылған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережелерде көзделген басқа да жағдайларға байланысты әскери лауазымнан босатылады.

      80. Әскери қызметшiнi атқарып отырған әскери лауазымынан босатуға Лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес осы әскери лауазымға тағайындау құқығы берiлген лауазымды адамның құқығы бар.

4-тарау. Әскери қызметшiлердi ауыстыру, iссапарға жiберу
тәртiбi

11. Әскери қызметшiлердi ауыстыру

      81. Әскери қызметшiнi ауыстыру - бұл оның лауазымдық жағдайын немесе әскери қызмет орнын өзгерту.
      Ауыстыру:
      1) әскери лауазымға тағайындалған;
      2) iссапарға жiберiлген;
      3) Заңның 8-бабы 5-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша қарамағына жiберiлген;
      4) әскери (арнаулы) оқу орындарына қабылданған;
      5) бiр уәкiлеттi органнан әскери қызмет көзделген басқасына ауыстырылған;
      6) әскери бөлiм немесе бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.

      82. Әскери бөлiм немесе бөлiмше Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын тұрақты орналасу орнын өзгерткен кезде, сондай-ақ әскери бөлiмнiң тұрақты орналасу орнына қарамастан тең әскери лауазымға тағайындалған кезде әскери қызметшiнi ауыстыру оның келiсiмiнсiз, командирдiң (бастықтың) шешiмiмен жүргiзiледi, оған мұндай құқықты уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы бередi.

      83. Әскери қызметшiнi ауыстыру ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстерi мен лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
      Iстер мен лауазымын тапсыруды бастауды әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi немесе әскери қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен сәттен бастап, бiрақ жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген әскери қызметші үшін оның келген күнінен бастап айқындайды.
      Әскери бөлімнің тізімінен шығару істер мен лауазымды тапсыру актісі бекітілгеннен кейін келесі жұмыс күні жүргізіледі.

12. Әскери қызметшілерді іссапарға жіберу және олардың
әскери қызметтi өткеру ерекшеліктері

      84. Әскери қызметшiлер мемлекеттiң қор қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға олардың бiрiншi басшыларымен келiсiм бойынша әскери емес лауазымдарға iссапарға жiберiлуi мүмкiн. Бұл ретте iссапарға жiберiлген адамның әскери қызметшi мәртебесi сақталады, бұрын жасалған келiсiм-шарттың қолданысы тоқтатылмайды. P040826

      85. Iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлерге аталған мемлекеттiк органдар мен ұйымдар қызметкерлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгiленген лауазымдық жалақылар, сондай-ақ әскери атағы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жалақы (қосымша ақы) төленедi.

      86. Iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлерге сыйлықақы беру аталған мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiптегi лауазымдық жалақыларға негiзделе отырып жүзеге асырылады.
      Iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлерге лауазымдық жалақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдар мен ұйымдарды қамтуға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ заттай мүлiкпен қамтамасыз ету, тиiсiнше, әскери қызметшiлердi iссапарға жiберген уәкiлеттi органды қамтуға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      87. Іссапарға жiберiлген әскери қызметшiлердi зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда олардың атқарып отырған лауазымы бойынша лауазымдық жалақылары есепке алынады.
      Бiржолғы сипаттағы қалған төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн әскери қызметшiнiң атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы есепке алынады.

      88. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлермен жаңа келiсiм-шарт жасасу осы Ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлермен келiсiм-шарт жасасу әскери қызметшiлер iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдар мен ұйымдар басшыларының пiкiрлерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.

      89. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға iссапарға жiберiлген әскери қызметшiлерге әскери атақтар беру оларды әскери қызметтен босату, мемлекеттiк наградалармен марапаттау олар iссапарға жiберiлген органдардың, мекемелер мен ұйымдардың бiрiншi басшыларының ұсынуы бойынша жалпы негізде жүргiзiледi.

5-тарау. Әскери атақ беру, одан төмендету, айыру және әскери
атақты қалпына келтiру тәртiбi

13. Әскери атақ беру

      90. Әскери атақтар әскери қызметшiлерге дербес берiледi. Әскери атақ алғашқы немесе кезектi болуы мүмкiн.

      91. Әскери қызметшiлерге:
      1) жоғары офицерлер құрамы әскери атақтарын - уәкiлеттi органның бiрiншi басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы;
      2) полковник (бiрiншi дәрежелi капитан) әскери атағы - уәкiлеттi органдардың басшылары;
      3) өзге де әскери атақтарды - лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес уәкiлеттi органдардың басшылары айқындаған лауазымды адамдар бередi.

      92. Алғашқы әскери атақтар:
      1) офицерлер құрамы үшiн - лейтенант;
      2) сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн - кiшi сержант (екiншi сатылы старшина);
      3) сарбаздар (матростар) құрамы үшiн - қатардағы жауынгер (матрос) болып саналады.

      93. "Лейтенант" әскери атағы:
      1) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары әскери (арнаулы) оқу орнын аяқтаған әскери қызметшiге;
      2) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери бөлiмдерде алты айлық әскери тағылымдамадан өткен азаматқа;
      3) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, тиiстi әскери-есептiк мамандығымен тектес жоғары кәсiби бiлiмi бар және ол үшiн офицерлер құрамының әскери атағы штатта көзделген әскери лауазымға келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiрген азаматқа (әскери қызметшiге) - тиiстi әскери лауазымға тағайындалған кезде, бiрақ алты ай өткеннен кейiн;
      4) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары кәсiби бiлiмi бар әскери мiндеттiге - жұмылдыру жоспары бойынша әскери бөлiмнiң офицерлер лауазымына тiркеген жағдайда тиiстi жиындар аяқталғаннан кейiн, бiрақ оқу орнын аяқтағаннан кейiн бiр жыл өткеннен кейiн берiледi.

      94. Офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын әскери қызмет көзделген уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы бередi.

      95. "Сержант" ("бiрiншi сатылы старшина") әскери атағы және кейiнгiлерi, әдеттегi, курстық даярлықтың қажеттi деңгейi бар және тиiстi лауазымдарға тағайындалған әскери қызметшiлерге он екi ай өткен соң берiледi.

      96. "Кiшi сержант" ("екiншi сатылы старшина") әскери атағы:
      1) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейiн әскери тағылымдамадан өтпеген азаматқа;
      2) әскери атағы жоқ, жоғары немесе орта кәсiптiк бiлiмi бар азаматқа - әскери қызметке шақыру кезiнде немесе келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiрген кезде берiледi.

      97. "Ефрейтор" ("аға матрос") әскери атағы олар үшiн Әскери лауазымдар тiзбесiнде тиiстi әскери атақтар көзделген лауазымдарға тағайындау кезiнде мамандығын табысты меңгерген қатардағы жауынгерлер мен матростарға, бiрақ алты ай өткеннен кейiн берiледi.

      98. "Қатардағы жауынгер" ("матрос") әскери атағы әскери атағы жоқ азаматтарға:
      1) әскерге шақырылған және келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiрген кезде;
      2) запасқа шығарылған кезде;
      3) әскери (арнаулы) оқу орнына қабылданған кезде берiледi.

      99. Мемлекеттiк органдарда қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген және арнайы атағы немесе сыныптық шенi бар азаматқа әскери қызметке кiрген кезде уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы айқындайтын қайта аттестаттау тәртiбiмен әскери атақ берiлуi мүмкiн.

      100. Егер әскери қызметшi Әскери лауазымдар тiзбесiнде тең немесе неғұрлым жоғары әскери атақ көзделген әскери лауазымды атқаратын болса, бұрынғы әскери атағында еңбек сiңiрген мерзiмi аяқталғаннан кейiн оған кезектi әскери атақ берiледi.

      101. Әскери қызметшiде алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ол кезектi әскери атақ беруге ұсынылмайды.

      102. Жоғары офицерлер құрамының әскери атағы, әдеттегi, әскери қызметшiге жоғары офицерлер құрамы алмастыруға тиiс әскери лауазымды атқарғанына кемiнде екi жыл өткеннен кейiн берiледi.

      103. Әскери атақтардағы еңбек сiңiрген мерзiм әскери атақ берiлген күннен бастап есептеледi.

      104. Сержанттар (старшиналар) лауазымдарына тағайындалған кезде тиiстi курстық даярлықтан өткен әскери қызметшiлерге Әскери лауазымдар тiзбесiне сәйкес әскери атақтар берiлуi мүмкiн.

      105. Әскери (арнаулы) оқу орындарында және адъюнктурада күндiзгi оқу нысанында оқитын офицерлерге кезектi әскери атақтар ағымдағы әскери атақтарда болудың белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн және ол оқуға түсер алдында атқарған және берiлетiн атақ Әскери лауазымдар тiзбесiнде айқындалған әскери лауазымы бойынша әскери атаққа сәйкес келген кезде берiледi.

      106. Әскери борышын үлгiлi орындайтын, жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару немесе әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн орындау кезiнде жоғары кәсiби шеберлiк пен ынта-жiгер танытқан әскери қызметшiлерге кезектi әскери атақ мерзiмiнен бұрын берiлуi мүмкiн, бiрақ олар атқарып отырған әскери лауазымдар бойынша Әскери лауазымдар тiзбесiнде көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
      Мерзiмiнен бұрын әскери атақ әскери атағындағы белгiленген еңбек сiңiрген мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн және берiлетiн атақ Әскери лауазымдар тiзбесi бойынша әскери атаққа сәйкес келген кезде, бiрақ тиiсiнше кiшi және аға офицерлер құрамының әскери атақтарында әскери қызмет өткерген кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi.

      107. Жауынгерлiк даярлықта, әскери тәртiптi нығайтуда, күрделi әскери техниканы меңгеруде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзген немесе қорғаныс сипатындағы мiндеттердi шешумен байланысты тапсырылған учаскедегi мiндеттердi үлгiлi орындайтын әскери қызметшiге кезектi әскери атақ подполковникке дейiн, ал ғылыми атағы бар ғылыми-педагогикалық құрамның офицерлерiне полковниктi қоса алғанда - атқарып отырған әскери лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бiр сатыға жоғары атақ берiлуi мүмкiн.
      Атқарып отырған әскери лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бiр сатыға жоғары кезектi әскери атақ әскери қызмет кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi және әскери атағында кемiнде екi жыл белгiленген еңбек сiңiрген мерзiм өткеннен кейiн берiледi.

      108. "Ефрейтор" ("аға матрос") әскери атағы сiңiрген ерекше жеке еңбегiн көтермелеу ретiнде ол үшiн Әскери лауазымдар тiзбесiнде "қатардағы жауынгер" ("матрос") әскери атағы көзделген әскери лауазымды атқарып отырған әскери қызметшiге берiлуi мүмкiн.

      109. "Кiшi сержант" ("екiншi сатылы старшина") кезектi әскери атағы ол үшiн Әскери лауазымдар тiзбесiнде "кiшi сержант" ("екiншi сатылы старшина") және одан жоғары әскери атақ көзделген әскери лауазымға тағайындалған әскери қызметшiге, сондай-ақ оқу-жаттығу әскери бөлiмiнде сержанттарды (старшиналарды) даярлау бағдарламасы бойынша оқуды табысты аяқтаған әскери қызметшiге берiледi.

      110. Әскери лауазымы бойынша шектеу түрiнде жазасын өтеген уақытта әскери қызметшiге кезектi әскери атақ және офицерлер құрамының алғашқы әскери атағы берiлмейдi, жаза мерзiмi тиiстi әскери атағындағы еңбек сiңiрген жылдары мерзiмiне есептелмейдi.

      111. Әскери мiндеттiлерге кезектi әскери атақтар олар әскери жиындардан өткеннен және сынақтарды тапсырғаннан кейiн әскери жиындарға басшылық жасаған лауазымды адамның ұсынуы бойынша уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен берiледi.

      112. Әскери мiндеттiлерге "запастағы полковник" әскери атағы соғыс жағдайын енгiзген кезде осы Ережелерге сәйкес берiледi.

      113. Офицерлер немесе сержанттар құрамының әскери атағынан айырылған әскери қызметшiге (әскери мiндеттiге) қатардағы құрамның әскери есебiне бiр мезгiлде ауыстыра отырып облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органының бастығы "қатардағы жауынгер" әскери атағын бередi.

14. Әскери атақты төмендету, одан айыру және әскери атағын
қалпына келтіру

      114. Әскери қызметшiлердi әскери атағында бiр сатыға мыналар төмендетуi мүмкiн:
      1) жоғары офицерлер құрамын - Қазақстан Республикасының Президентi - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы;
      2) офицерлер құрамын (жоғары офицерлер құрамынан басқа) - уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы;
      3) өзге әскери атақтарды - лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес.
      Олардың бұрынғы әскери атағын қалпына келтiрудi атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, төмендетiлген күннен бастап кемiнде алты айдан кейiн, үлгiлi тәртiбi және қызметiн адал атқарған кезде әскери атағын төмендетудi жүргiзген адам жүргiзедi. Әскери атағын қайта төмендетуге жол берiлмейдi, ықпал етудiң өзге шаралары қолданылады.

      115. Қылмыс жасаған әскери қызметшiлер (әскери мiндеттiлер) заңды күшiне енген соттың айыптау үкiмi бойынша әскери атағынан айырылады.
      Әскери қызметшiнi әскери атағынан айыру - жеке құрам бойынша бұйрықпен, әскери мiндеттiлер үшiн - жергiлiктi әскери басқару органы бастығының тиiстi бұйрығымен ресiмделедi.

      116. Әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген, әскери атағынан айырылған, кейiннен өздерiн әскери лауазымды алмастыруға лайықты көрсете бiлген азаматтарға бұрынғы атақтарына тең әскери атақтар соттылығы алынғаннан (өтелгеннен) кейiн берiлуi мүмкiн.

      117. Әскери атағынан айырылған азаматтың бұрынғы әскери атағын беру туралы өтiнiшiн жергiлiктi әскери басқару органы ол келiп түскеннен кейiн бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей қарайды.
      Негiздер болған кезде бұрынғы әскери атағын беру туралы ұсыныс ресiмделедi.
      Әскери атақ берудi әскери атағынан айырған адам жүргiзедi.

      118. Заңсыз соттауға байланысты әскери атағынан айырылған азаматқа бұрынғы әскери атағы Қазақстан Республикасының заңдарында және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бұрынғы құқықтары мен жеңiлдiктерi қалпына келтiрiле отырып, оны ақтау туралы шешiм күшiне енгеннен кейiн берiледi.

6-тарау. Әскери қызметшiлерге демалыстар беру тәртiбi

15. Демалыс түрлерi

      119. Әскери қызметшiлерге мынадай демалыстар берiледi:
      1) жыл сайынғы;
      2) отбасы жағдайы бойынша қысқа мерзiмдi;
      3) жүктiлiгi және бала тууы бойынша;
      4) қосымша;
      5) каникулярлық;
      6) оқу;
      7) шығармашылық;
      8) сырқаттануы бойынша;
      9) көтермелеу түрiнде қысқа мерзiмдi (мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi үшiн ғана).

      120. Демалыстар әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) бұйрығы негiзiнде берiледi.

      121. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып-қайту үшiн қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.

      122. Әскери қызметшiлер демалысқа келгеннен кейiн әскери есеп жүргiзетiн органдарға әскери есепке тұрады.

      123. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрiнде болған кезеңде әскери қызметшiлердiң ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.

16. Жыл сайынғы демалыс беру

      124. Жыл сайынғы демалыстар әскери қызметшiлерге оларды пайдалану кезеңдерiн кезектестiрудi, сондай-ақ әскери бөлiмнiң жауынгерлiк әзiрлiгiн ұстауды ескере отырып және демалыстар кестесiне сәйкес жылдың кез келген уақытында берiледi. Демалыс кестесi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңiлдiктердi пайдаланатын әскери қызметшiлердiң санаттарын ескере отырып, әрбiр күнтiзбелiк жылға жасалады және барлық әскери қызметшiлердiң назарына жеткiзiледi.
      Әскери бөлiмдi толық таратуды және келiсiм-шартта көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, демалыс уақытында әскери бөлiмнiң бастамасы бойынша әскери қызметшiнi ауыстыруға, босатуға жол берiлмейдi.

      125. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiге берiлетiн жыл сайынғы демалыстың ұзақтығы "Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы" 1993 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.

      126. Әскери қызметшiнiң әскери қызметке келiсiм-шарт (шақыру) бойынша кiрген жылы және босатылған жылы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екiге бөлумен және алынған тәулiк санын әскери қызметке кiрген немесе босатылған жылдағы әскери қызметтiң толық ай санына көбейтумен есептеледi.

      127. Толық емес тәулiк пен ай санын дөңгелектеу арттыру жағына қарай жүргiзiледi. Әскери қызметшiнi әскери қызметтен уақытында босату (әскери бөлiмнiң жеке құрамының тiзiмiнен шығару) мүмкiн болмаған жағдайда оны босатқан күнге толық пайдаланылмаған жыл сайынғы демалыс уақытының есебiн әскери қызметшіге ұсына отырып жүргiзiледi. Егер демалыс бұдан бұрын демалыс кестесіне сәйкес пайдаланылмаған болса, мерзiмiнен бұрын босату кезiнде (келiсiм-шарт мерзiмi аяқталғанға дейiн) әскери қызметшiнiң жыл сайынғы демалыс ұзақтығы осындай тәртiппен есептеледi.

      128. Әскери (арнаулы) оқу орнын аяқтаған әскери қызметшiлерге жыл сайынғы демалыс аталған оқу орнын аяқтағаннан кейiн берiледi.

      129. Әскери қызметшiлердiң жыл сайынғы демалысының ұзақтығы демалысты өткiзу орнына дейiн барып-қайту үшiн қажеттi уақытты есептей отырып, тәулiк санына арттырылады. Егер әскери қызметшiге жыл сайынғы демалыс бөлiнiп берiлсе, онда демалыс орнына барып-қайту үшiн қажеттi уақыт бiр рет берiледi.

      130. Әскери қызметшiнiң баянаты және әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) шешiмi бойынша әскери қызметшiге жыл сайынғы және қосымша демалыстарды олардың арасын үзбей бiрiнен кейiн бiрiн беруге жол берiледi.

      131. Өткен жылға арналған жыл сайынғы және (немесе) қосымша демалыстар келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiге дәлелдi себептермен берiлмеген болса, демалыс әскери қызметшiге келесi жылы оның келiсiмiмен ғана немесе оның өтiнiшi бойынша демалысты өткiзу орнына барып-қайту уақыты ескерiле отырып берiледi.
      Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн, жыл сайынғы және қосымша демалыстарды дәлелдi себептермен пайдаланбаған офицерге аталған демалыстар олардың соңғысы аяқталған күнi әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығарыла отырып әскери қызметтен босату кезiнде берiледi.

      132. Жыл сайынғы немесе қосымша демалыс (кейiннен әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығара отырып босату жылындағыны қоспағанда) уақытында сырқаттанған әскери қызметшiлерге жыл сайынғы немесе қосымша демалыс, отбасы жағдайы бойынша демалыстан басқа, сырқаттанған күндерiнiң тиiстi санына ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды әскери емдеу-алдын алу мекемесiнен алынған анықтама негiзiнде әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) жүзеге асырады.

      133. Әскери қызметшiнiң отбасы мүшесi денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыста жүрген әскери қызметшiнiң отбасы мүшелерi табиғи немесе техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған кезiнде әскери қызметшi демалыста жүрген аумақтағы жергiлiктi әскери басқару органы бастығының әскери қызмет өткеру орнына бару үшiн қажеттi уақытты есептемей, демалысты он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға құқығы бар.
      Демалысты ұзартқаны туралы жергiлiктi әскери басқару органының бастығы аталған әскери қызметшi әскери қызмет өткеретiн әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирiн (бастығын) дереу хабардар етедi.

17. Отбасы жағдайы бойынша демалыстар беру

      134. Отбасы жағдайы бойынша демалыс әскери қызметшiге он тәулiкке дейiнгi мерзiмге:
      1) отбасы мүшелерiнiң денсаулығы нашарлаған жағдайда немесе қайтыс болғанда (қаза тапқанда);
      2) отбасы мүшелерi табиғи немесе техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға ұшырағанда берiледi.

      135. Осындай демалыс берiлген мән-жайлар құжатпен расталуға тиiс. Әскери қызметшiге берiлетiн отбасы жағдайы бойынша демалыстың ұзақтығы демалысты өткiзу орнына барып-қайту үшiн қажеттi тәулiк санына арттырылады.

18. Жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыс, ұл немесе қыз
асырап алған әскери қызметшiлерге демалыс беру

      136. Әскери қызметшi әйелдерге жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыс бала туғанға дейiн ұзақтығы жетпiс күнтiзбелiк күн немесе бала туғаннан кейiн елу алты (ауыр босанған немесе екi немесе одан көп бала туған жағдайда - жетпiс) күнтiзбелiк күн берiледi. Есептеу жиынтықталып жүргізiледi және әскери қызмет өткеру ұзақтығына қарамастан, осы кезеңдер үшiн жүктiлiгi және бала тууы жөнiндегi жәрдемақы төлене отырып босанғанға дейiн нақты пайдаланылған күндердiң санына қарамастан демалыс толық берiледi.
      Аталған демалыс әскери қызметшiлерге тиiстi медициналық мекеме берген еңбекке жарамсыздық парағы негiзiнде берiледi.

      137. Тiкелей перзентханадан жаңа туған ұл немесе қыз баланы асырап алған әскери қызметшiге ұл немесе қыз баланы асырап алған күнiнен бастап және бала туған күнiнен бастап елу алты күн өткенге дейiнгi кезеңге (ата-анасының бiреуiне) әскери қызмет ұзақтығына қарамастан осы кезеңге жәрдемақы төлене отырып демалыс берiледi.

19. Қосымша демалыстар беру

      138. Әскери қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары бар жергiлiктi жерлерде әскери қызмет өткеретiн немесе өткерген әскери қызметшiлерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша демалыстар берiледi.
      Бұл ретте қосымша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы демалысқа қосылмайды.

      139. Қосымша демалыстар әскери қызметке кiрген немесе босатылған жылы әскери қызметшiлерге толық көлемде берiледi.

      140. Депутаттыққа кандидат ретiнде белгiленген тәртiппен тiркелген әскери қызметшiге, оның тiлегi бойынша әскери қызметшi кандидат ретiнде тiркелген күннен бастап және сайлау нәтижелерi ресми жарияланған күнге дейiн демалыс берiледi.

      141. Әскери қызметшi әйелге оның баянаты бойынша бала үш жасқа толғанға дейiн оны күтiп-бағуға байланысты қосымша демалыс берiледi. Қосымша демалыс уақытында оның әскери лауазымы сақталады.

      142. Перзентханадан жаңа туған ұл немесе қыз бала асырап алған ерлi-зайыпты әскери қызметшiлердiң бiреуiнiң баянаты бойынша осы кезеңге әскери қызмет орны мен әскери лауазымын сақтай отырып, ол үш жасқа толғанға дейiн баланы күтiп-бағуға байланысты қосымша демалыс берiледi.

20. Каникулярлық демалыстар беру

      143. Демалыстар күндiзгi оқу нысаны бойынша әскери (арнаулы) оқу орындарында оқитын курсанттар мен тыңдаушыларға оқу сабақтарындағы үзiлiстер уақытында мынадай мерзiмге берiледi:
      1) қысқы демалыс - 14 тәулiк;
      2) жазғы демалыс - 30 тәулiк.
      Каникулярлық демалыстарды өткiзу орнына барып-қайту үшiн қажеттi уақыт берiлмейдi.

21. Оқу демалыстарын беру

      144. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлерге:
      1) қабылдау емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшiн;
      2) оқу кезеңiнде оқу демалыстары берiледi.

      145. Оқу демалыстарының ұзақтығы оқу жоспарында белгiленедi және оны оқу орнының жазбаша шақыруы негiзiнде әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) бередi.

22. Шығармашылық демалыстар беру

      146. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн, ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесiнiң iзденушiсi болып табылатын әскери қызметшiге қызметтiк iс-әрекетiн ғылыми жұмыспен табысты үйлестiрген жағдайда ол ғылыми дәрежесiнiң iзденушiсi болып табылатын ғылыми кеңестiң ұсынымы бойынша әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) шешiмiмен ұзақтығы екi айға дейiн шығармашылық демалыстар бередi.

23. Сырқаттануы бойынша демалыстар беру

      147. Сырқаттануы бойынша демалыс әскери қызметшiге Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiне сәйкес әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде берiледi. Сырқаттануы бойынша демалыс әскери қызметшiге 30-дан 60 тәулiкке дейiнгi мерзiмге, ал босатылатын жылы келiсiм-шарт мерзiмi аяқталған күнге дейiн берiледi.

      148. Әскери қызметшiлердiң жекелеген санаттары үшiн, олар денсаулығына жағымсыз әсер ететiн мiндеттердi (жұмыстарды, жаттығуларды) орындағаннан кейiн медициналық оңалту жүргiзiледi.
      Әскери қызметшiге арналған медициналық оңалту үшiн берiлетiн қосымша тәулiк санын әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы айқындайды.
      Сырқаттануы бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыс есебiне кiрмейдi.

24. Әскери қызметшiнi демалыстан шақыртып алу

      149. Қызметтiк аса қажеттiлiк жағдайында әскери қызметшi тiкелей бастығының келiсiмi бойынша әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының), лауазымы бойынша оған тең және жоғары адамның шешiмiмен демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн.

      150. Әскери қызметшiнi демалыстан шақыртып алу әскери бөлiм бойынша бұйрықпен ресiмделедi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, әскери қызметшiге ол шақыртып алынған орыннан алыс емес демалысты өткiзу орнына барып-қайту үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi әскери қызметшiнiң тiлегi бойынша келесi жылдың демалысына қосылуы мүмкiн.

7-тарау. Әскери қызметшiлердi аттестаттауды жүргiзу тәртiбi
мен шарттары

25. Аттестаттаудың мақсаттары мен мiндеттерi

      151. Әскери қызметшiлердiң қызметтiк iс-әрекетiн, олардың кәсiби және iскерлiк қасиеттерiн жан-жақты және объективтi бағалау, сондай-ақ әскери қызметшiлердi дұрыс iрiктеу, орналастыру және қызметтiк пайдалану перспективасын одан әрi қамтамасыз ету мақсатында мерзiмдi аттестаттау өткiзiледi.

      152. Аттестаттаудың негiзгi мiндеттерi:
      1) әрбiр әскери қызметшiнiң кәсiби және iскерлiк қасиеттерiнiң, әлеуеттi мүмкiндiктерiнiң жан-жақты және объективтi сипаттамасын беру;
      2) аттестатталатын әскери қызметшiлердiң атқарып отырған лауазымдарына сәйкестiгiн және оларды одан әрi қызметтiк пайдаланудың перспективасын айқындау;
      3) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлердiң қызмет мерзiмiн ұзартудың және шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлермен алғашқы келiсiм-шарт жасасудың орындылығын айқындау;
      4) әскери қызметшiлердi даярлауды (қайта даярлауды), оқытуды жетiлдiру бағыттарын айқындау;
      5) қызмет бойынша жоғарылату немесе оқуға жiберу үшiн әскери қызметшiлердiң кадр резервiн құру;
      6) бар кемшiлiктердi жою жөнiнде әскери қызметшiлерге ұсынымдар тұжырымдау.

26. Аттестаттауды өткiзу

      153. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлердi аттестаттау, әдетте, үш жылда бiр рет өткiзiледi. Уәкiлеттi орган бiрiншi басшысының шешiмi бойынша әскери қызметшiлердiң жекелеген санаттарын аттестаттау басқа да мерзiмде өткiзiлуi мүмкiн. Жекелеген әскери қызметшiлердi аттестаттау тиiстi командирдiң (бастықтың) шешiмi бойынша өткiзiледi.
      Уәкiлеттi органдарда әскери қызметшiлердi аттестаттауды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi iс-шаралардың орындалу тәртiбiн олардың бiрiншi басшылары айқындайды.

      154. Уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы әскери қызметшiлердi аттестаттаудың мерзiмiн, санаттары мен үлгi схемасын айқындағаннан кейiн аттестаттауды дайындау және өткiзу жоспары әзiрленедi.
      Тиiстi командирлер (бастықтар) бекiтетiн жоспарларда мынадай iс-шаралар көзделедi:
      барлық әскери қызметшiлермен аттестаттау тәртiбiн зерделеу аттестаттауды бекiтудiң, жариялаудың және өткiзудiң соңғы мерзiмдерiн белгiлеу;
      барлық деңгейдегi командирлермен (бастықтармен), кадр органдарының және жасақтау офицерлерiмен, аттестаттау комиссиясының төрағаларымен және мүшелерiмен алда болатын аттестаттаудың мәселелерi бойынша сабақтар өткiзу;
      аттестаттаудың егжей-тегжейлi схемасын әзiрлеу, оны тиiстi командирлердiң (бастықтардың) бекiтуi және басшылыққа алу мен офицерлер құрамының назарына жеткiзу үшiн әскери бөлiмдерге жiберу;
      аттестатталушыларға аттестаттау парағының бланкiлерiн, жаднамалар немесе басқа да әдiстемелiк құралдар дайындау және тарату;
      басшы құрамның әскери кеңестерiнде, отырыстарында аттестаттауды дайындау мен өткiзу барысын, сондай-ақ аттестаттау қорытындыларын iске асыру жөнiнде мiндеттер қоя отырып аттестаттаудың нәтижелерiн талқылау.

      155. Аттестатталушының тiкелей бастығы, басқа да лауазымды адамдар:
      1) әскери қызметшiлердi аттестаттаудың қолданыстағы тәртiбiн зерделеуге;
      2) аттестатталушының кәсiби, iскерлiк және моральдық қасиеттерiн жан-жақты зерделеуге мiндеттi.
      Ол үшiн:
      аттестатталушы әскери қызметшiнiң атқарып отырған лауазымындағы жұмысының нақты көрсеткiштерiн, ол басшылық жасайтын бөлiмшедегi (бөлiмдегi, құрамадағы, бiрлестiктегi) немесе ол жауап беретiн учаскедегi iстiң жай-күйiн талдау және бағалау;
      өз орынбасарларымен, кадр органының бастығымен, аттестаттау комиссиясының төрағасымен аттестатталушы туралы пiкiр алмасу;
      аттестатталушының жұмыс көрсеткiштерi мен жеке қасиеттерiн жан-жақты зерделеу негiзiнде оған мiнездеме беру және аттестаттау бойынша алдын ала қорытынды жасау;
      3) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн үлгi нысан бойынша бағыныстыға үш дана аттестаттау парағын, оның бiреуiн өз қолымен, қалғандарын тасқа басылған түрiнде толтыру қажет. Уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы қажет болған кезде даналардың өзге санын анықтауы мүмкiн;
      4) аттестаттау парағы еркiн нысанда толтырылады және онда аттестатталушының кәсiби даярлық деңгейi, жеке басының қасиеттерi, тәртiптiлiгi, денсаулық жағдайы мен басқа да жеке және кәсiби қасиеттерi қамтылуға тиiс.
      Аттестаттаудың нәтижелерi бойынша қорытындыда аттестатталушының атқарып отырған лауазымына сәйкестiгi немесе сәйкес еместiгi көрсетiледi, одан кейiн iскерлiк және моральдық-психологиялық қасиеттерiне, жұмыс тәжiрибесiне, қабiлетi мен бейiмдiлiгiне, сондай-ақ iс мүддесiне сүйене отырып, оны одан әрi неғұрлым орынды қызметтiк пайдалану туралы пiкiр жазылады.
      Бұл ретте:
      кандидаттың келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке кiруi туралы;
      жаңа келiсiм-шарт, соның iшiнде әскери қызметте болудың шектi жасына жеткен әскери қызметшiмен келiсiм-шарт жасасудың орындылығы туралы;
      жоғары лауазымға жоғарылату туралы;
      әскери (арнаулы) оқу орнына немесе даярлық курстарына жiберу туралы;
      тең лауазымға ауыстыру туралы (қандай лауазымға ауыстыру орынды және ауыстыру себептерi: басқа лауазымдарды жасақтау қажеттiлiгi, неғұрлым орынды қызметтiк пайдалану үшiн белгiленген қызмет мерзiмдерiмен жергiлiктi жерлерде жоспарлы ауыстыруды жүргiзу);
      ауыстыру дәлелдерiн көрсете отырып басқа әскери лауазымға (командалық, штабтық, оқытушылық немесе басқа) ауыстыру туралы;
      себептерiн және оны қай жерде пайдаланудың орындылығын көрсете отырып, әскери қызметшiнi жоғары лауазымнан төменiне ауыстыру туралы;
      әскери қызметтен босату және қандай негiз бойынша босату туралы ұсынымдар берiлуi мүмкiн.
      Қажет болған жағдайда уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы аттестатталушы әскери қызметшiге ұсынымдар берудiң өзге ұйғарымын айқындайды.

      156. Әскери қызметшi әйелдер олардың жүктiлiгi және баланы күтiп-бағуға байланысты демалыста болған кезеңде аттестаттауға жатпайды. Олар әскери қызметке шыққаннан кейiн кемiнде алты ай өткен соң және бiр жылдан кешiктiрiлмей аттестатталады.

      157. Әскери қызметшiге жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.

27. Аттестаттау комиссиялары

      158. Аттестаттау комиссиясы (Жоғары аттестаттау комиссиясы) тұрақты жұмыс iстейтiн консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады және тиiстi командирге (бастыққа) есеп бередi.
      Жоғары аттестаттау комиссиясы уәкiлеттi органда оның басшысының шешiмiмен құрылады.
      Аттестаттау комиссиялары әскери бөлiмдерде (мекемелерде) әскери бөлiм (мекеме) командирiнiң (бастығының) шешiмiмен құрылады.
      Аттестаттау комиссиясының аттестаттаудың нәтижелерiн (қорытындыларын) қараған кезде аттестатталушыларды да, олардың тiкелей командирлерiн (бастықтарын) де шақыруға құқығы бар.

28. Аттестаттау комиссиясының шешiмiне шағымдану

      159. Аттестаттау тәртiбiнiң бұзылуына және объективтi еместiгiне шағым әскери қызметшi аттестаттау қорытындыларымен танысқан күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей команда бойынша немесе сот тәртiбiмен берiлуi мүмкiн.
      Шағым бойынша түпкiлiктi шешiмдi аттестаттаудың нәтижелерiн бекiткен бастық қабылдайды. Әскери қызметшiнiң шағымы негiзделген деп танылған жағдайда жаңа аттестаттау өткiзiледi.

8-тарау. Әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату тәртiбi

      160. Әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату Заңның 37-бабында айқындалған негiздемелер бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес оған құқығы бар уәкiлеттi орган лауазымды адамының бұйрығымен запасқа немесе отставкаға шығарылады.
      Әскери қызметшiнi әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде iстерi мен лауазымы тапсырылғаннан кейiн жүргiзiледi.
      Әскери қызметшi демалыста, емделуде немесе қызметтiк iссапарда болған жағдайда әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығару жүргiзiлмейдi.

      161. Әскери қызметте болуының шектi жасына жеткендiгi немесе келiсiм-шарт мерзiмiнiң аяқталғаны туралы әскери қызметшiнi әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) алдын ала (бiрақ кемiнде бiр ай бұрын) жазбаша хабардар етедi. Заңның 37-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шектi жасқа жеткенге дейiн босату үшiн өзге де негiз туындаған жағдайда әскери қызметшi өзi таңдаған негiз бойынша босатылады.
      Әскери қызметшiнi алда болатын босату туралы хабардар еткеннен кейiн оны iссапарға жiберуге немесе демалыс беруге тыйым салынады.
      Әскери қызметшiнi әскери қызметтен босату туралы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi оның назарына қолын қойғыза отырып жеткiзiледi. Әскери қызметшi әскери бөлiмнен тыс жерде болған жағдайларда бұйрықтан үзiндi оның назарына қайтып оралғаннан кейiн жеткiзiледi.

      162. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiде әскери қызметтен босату үшiн бiрнеше негiздер болған кезде, босату терiс себептер бойынша жүргiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, ол өзi таңдаған негiздеме бойынша босатылады.

      163. Шақыру бойынша әскери қызметшiлер әскери қызметтен оның қызмет мерзiмi өткеннен кейiн босатылады, бұл ретте:
      1) офицерлер құрамы лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес лауазымды адамның бұйрығымен босатылады;
      2) мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы негiзiнде уәкiлеттi органның бiрiншi басшысының бұйрығымен босатылады.

      164. Әскери қызметшiлердi денсаулық жағдайы бойынша босату Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiне сәйкес әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде жүргiзiледi.
      Босатуға ұсынымды ресiмдеу әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын әскери бөлiм алғаннан кейiн жүргiзiледi.

      165. Әскери қызметшiлердi әскери атағынан айыруға байланысты әскери қызметтен босатуға ұсынысты ресiмдеу:
      1) соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi әскери бөлiмге келiп түскен кезде;
      2) соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi негiзiнде әскери атағынан айыруға ұсынысты бiр мезгiлде ресiмдеген кезде жүргiзiледi.

      166. Бас бостандығынан шартты түрде айыру түрiнде жазалауға сотталған келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiнi мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiмдi тиiстi командирдiң (бастықтың) ұсынысы бойынша уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы қабылдайды.

      167. Әскери (арнаулы) оқу орнынан шығаруға байланысты босатылған курсанттар әскерге шақырылғандарды немесе әскери мiндеттiлердi әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдарына жiберiледi. Бұл ретте шақыру бойынша белгiленген қызмет мерзiмiн өткермеген курсанттар шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмi өткенге дейiн одан әрi әскери қызметке жалпы негiздерде шақырылады.

      168. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты әскери қызметшiлердi босату Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi Жарлығы күшiне енген күннен бастап лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес уәкiлеттi лауазымды адамның шешiмiмен жүргiзiледi.

      169. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер Заңның 37-бабының 2-тармағында айқындалған негiздер бойынша мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.

      170. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын ұйымдық-штаттық iс-шараларға байланысты босату уәкiлеттi органның келiсiм-шарттың талаптарын орындауы мүмкiн болмаған жағдайда жүргiзiледi.

      171. Мемлекеттiк органдарға (мекемелерге) жұмысқа (қызметке) ауысуына байланысты босату мемлекеттiк қызметшi лауазымы көрсетiле отырып, әскери қызметшiнi қызметке қабылдау туралы мемлекеттiк органның (мекеменiң) тиiстi хабарламасы келiп түскен кезде әскери қызметшiнiң баянаты бойынша жүргiзiледi.

      172. Келiсiм-шарт талаптарын орындамауына, сондай-ақ дәлелсiз себептермен қызметке шықпауына байланысты босату осы Ережелерге сәйкес әскери бөлiмнiң (мекеменiң) аттестаттау комиссиясы осы фактiлердi қарағаннан кейiн жүргiзiледi.

      173. Арнайы тексеру жүргiзуден бас тартқан кезде босату, егер әскери қызметшi өзiне қатысты арнайы тексеру жүргiзуден бас тартқан немесе егер арнайы тексеру нәтижелерi бойынша оны мемлекеттiк құпияларға рұқсаттаманы ресiмдеудi талап етпейтiн лауазымға тағайындау мүмкiн болмаған кезде әскери қызметшiге мемлекеттiк құпияларға рұқсаттаманы ресiмдеуге кедергi келтiретiн мән-жайлар анықталған жағдайда жүргiзiледi.

      174. Терiс себептер бойынша босату:
      1) әскери қызметшiлер қызметке немесе қоғамдық орындарға алкогольдiк, есiрткiлiк не уыттық мас күйде келген; қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде алкогольдiк, есiрткiлiк мастық немесе өзге де түрдегi улану жай-күйiн тудыратын заттарды тұтынған;
      2) қызметтiк жағдайын жеке пайдакүнемдiк мақсатта пайдаланған;
      3) әскери қызметшiлер арасында қоғамдық терiс наразылық тудыратын жарғыдан тыс өзара қатынастар орын алған;
      4) кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген түрiмен, соның iшiнде коммерциялық делдалдықпен айналысқан;
      5) қызметтiк жағдайын пайдалана отырып, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi орындаған және сол үшiн заңсыз сыйақылар алған;
      6) әскери қызметшiлер, жарақат пен аварияны қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған немесе әкеп соқтыруы мүмкiн қауiпсiздiк, оның iшiнде өрт қауiпсiздiгi немесе көлiк қозғалысы қауiпсiздiгi шараларын бұзған;
      7) заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен белгiленген, әскери қызмет орны бойынша мүлiк (соның iшiнде ұсақ мүлiк) ұрлаған;
      8) тәрбиелеу функцияларын орындайтын әскери қызметшiлер атқарып отырған лауазымымен үйлеспейтiн терiс қылықтар жасаған;
      9) егер осы iс-әрекеттер командирдiң (бастықтың) тарапынан оған сенiмдi жоғалту үшiн негiздер тудыратын болса, ақшалай қаражатқа немесе әскери мүлiкке тiкелей қызмет көрсететiн әскери қызметшiлер кiнәлi iс-әрекеттер жасаған;
      10) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария еткен;
      11) Қазақстан Республикасының әскери қызмет, еңбек туралы заңнамасында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында айқындалған өзге де жағдайларда жүргiзiледi.

      175. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлердiң Заңның 37-бабы 3-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқығы бар.

      176. Әскери қызметшiнiң, ол Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаты болып сайланған жағдайда, тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сайлау қорытындылары негiзiнде мерзiмiнен бұрын босатылуға құқығы бар.
      Әскери қызметшiнi жергiлiктi өкiлдi органдарға сайлаған күннен бастап ол баянат және хабарлама негiзiнде босатылады.

      177. Әскери қызметшi судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда оны тағайындау туралы тиiстi актiнiң немесе оның сайланғаны туралы уәкiлеттi органның хабарламасы негiзiнде мерзiмiнен бұрын босатылуға құқығы бар.

      178. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiнiң Заңның 37-бабының 4, 5-тармақтарында айқындалған жағдайлар бойынша мерзiмiнен бұрын босатылуға құқығы бар.

      179. Шақыру бойынша әскери қызметшiлердi мерзiмiнен бұрын босату әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы, отбасы-мүлiктiк тексеру актiсi және босату жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.

      180. Белгiленген мерзiмiн өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда оның әрекет ету кезеңiнде тоқтатыла тұрады.

      181. Әскери қызметтен әскери қызметшiнi босату күнi оны әскери бөлiм бойынша бұйрықпен бөлiмнiң жеке құрамы тiзiмiнен шығарылған күн болып саналады.

      182. Әскери қызметтен босатылған адамдардың босату туралы бұйрық жарияланған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей, осы шешiмге жоғары тұрған қолбасшылық алдында немесе сотқа заңда белгiленген тәртiппен шағымдануға құқығы бар.