Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмді перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі N 1641 Жарлығы

Қолданыстағы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы мақұлдансын.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентiнiң      
2005 жылғы 1 қыркүйектегi 
N 1641 Жарлығымен    
МАҚҰЛДАНДЫ       

  Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастырудың және пайдаланудың орта
мерзiмдi перспективаға арналған
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

  1. Кiрiспе

      Бүгінгі таңда қазақстан экономикасының жағдайы елеулi дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы ахуалмен анықталады. Республикалық бюджет түсiмдерiнiң табиғи ресурстардан болып отырған қазiргі тәуелдiлiгі Қазақстанның болашағына байланысты бiрқатар мәселелердi мемлекет алдына қояды. Бiрiншiден, бұл табиғи байлықтардың қайта толмайтынына байланысты оларды пайдалануды дұрыс жоспарлау мәселесi. Екiншiден, бұл мемлекеттік кiрiстер мен шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстарға деген әлемдiк бағаның күрт әрi алдын ала болжанбаған ауытқуларына тәуелдiлiгін төмендету мәселесi.
      Осы мәселелердi шешу үшiн "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 23 тамыздағы N 402  Жарлығымен  Ұлттық қор құрылды.
      Бюджет түсiмдерiнiң елеулi бөлiгі табиғи ресурстардың экспортынан түскен түсiмдер есебiнен қалыптасатын және қолайсыз конъюнктура жылдарындағы шығыстарды қаржыландыруға арналған тұрақтандыру қорлары мен болашақ ұрпақ қорлары басқа елдерде де жұмыс iстейдi. Қазақстанда Ұлттық қорды құру кезiнде шетелдiк осы тәжiрибе пайдаланылды.
      Қазақстанда 2000 жылдан бастап әлемдiк қаржы нарығындағы қолайлы конъюнктураға байланысты республикалық бюджетке табиғи ресурстарды өндiруге байланысты төлемдердiң түсiмi айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, көмiрсутегiн қазақстандық экспорттаушылардың экспорттық түсiмдерiнiң арта түсiп отырған мөлшерi теңгенiң айырбас бағамын, сондай-ақ инфляцияға да қысымды күшейтедi. Бұл өз кезегiнде отандық тауар өндiрушiлер өнiмдерiнiң бағалық бәсеке қабiлеттілiгін төмендетуге әкеп соқтырады және де отандық өндiрушiлердiң қаржылық нәтижелерiне қолайсыз әсер етедi.
      Қазiргі уақытта әлемде тұрақтандыру немесе жинақ қорлары бар онға тарта ел бар. Мұндай қорлардың қаражаты түсiмдерi кiрiстердiң негізгі баптарын құрайтын табиғи ресурстардың белгiлi бiр түрлерiне бағаның ауытқуына байланысты қолайсыз кезеңдерде бюджет шығыстарын қаржыландыру үшiн немесе сыртқы борышты өтеу үшiн, сондай-ақ басқа мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн. Экспорттың шикiзатқа мамандануы орын алған бiрсыпыра мемлекеттердiң тәжiрибесi бюджеттерi әлемдiк баға конъюнктурасының ықпалына ұшырауға бейiм елдер үкiметтерiнiң басы артық түсiмдердi жинақтау үшiн шикiзатқа бағаның қымбаттауы кезеңiн пайдаланып қалу мүмкiндігі бар екенiн көрсетедi.
      Мұндай қорларды құрудың жағымды жақтары:
      баға конъюнктурасына тәуелдi табиғи ресурстар секторынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер мен республикалық бюджет шығыстары арасындағы өзара байланысты барынша азайту;
      қолайсыз конъюнктура бағасы кезеңдерiнде мемлекеттің қаржылық мiндеттемелерiн қолдау үшiн қолайлы конъюнктура бағалары кезеңдерiне қаражат жинақтау;
      болашақ ұрпақтың мұқтажын қамтамасыз ету үшiн қайта толмайтын табиғи ресурстарды сатудан түскен қаражатты жинақтау;
      валютаның басы артық түсуi нәтижесiнде монетарлық өлшемдерге жасалатын шамадан тыс қысымды болдырмау үшiн ақша массасын залалсыздандыру болып табылады.

  2. Ұлттық қордың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты тұрақтандыру функциясы - Республикалық бюджеттің әлемдiк баға конъюнктурасына тәуелдiлігін төмендету болып табылады. Ұлттық қор болашақ ұрпақтарға қор жинауды қалыптастыру арқылы жинақтау функциясын да атқарады.
      Ұлттық қордың негізгі мiндеттерi экономикадан басы артық мұнай долларын шығару және теңге бағамына және инфляцияға қысымды тежеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайлы жоспарлау арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.
      Жинақтау мен пайдалану транспарентті болуы тиiс, мұның өзi қойылған мақсаттарға қол жеткiзу кезiнде Ұлттық қордың ойдағыдай жұмыс iстеуiнiң кепiлi болып табылады.

  3. Қазiргі жай-күйдi талдау

      Бүгінгі таңда Ұлттық қор жинақтарын қалыптастырудың және оның активтерiн басқарудың қолданыстағы тетігіндегі негізгі проблемалар мыналар болып табылады:
      шикізат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтық түсiмдер бойынша республикалық бюджеттi жоспарлау кезiнде бағаны анықтау тетiгi үнемi нақты көрiнiстi көрсете бермейдi. Болжамданған "базалық" баға (баррель үшiн 19 АҚШ доллары) республикалық бюджетте қалдырылатын және Ұлттық қорға жiберiлетiн шикiзат секторы ұйымдарынан алынатын салықтардың оңтайлы бөлiнуiн белгілемейдi. Оның үстiне, "базалық" бағаны ескере отырып есептелген республикалық бюджетке есептеулердiң мөлшерi сату көлемiн өзгертуге, амортизациялық аударымдарға және салық салынатын пайдаға әсер ететiн өзге де жағдайларға байланысты өзгеруi мүмкiн. Осыған байланысты республикалық бюджетке түсетiн мұнай түсiмдерiнiң жыл сайынғы көлемiне қатысты тұрақтылық болмайды;
      ұлттық қор жинақтауын қалыптастырудың тұрақты әдiснамасының болмауы.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi Ұлттық қорды қалыптастыратын шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн бекiттi, ол кәсiпорындарды тiзбеге енгізу және одан шығару бойынша бiрнеше рет өзгерiстерге ұшырады. Бұл факт Ұлттық қорға аударылатын түсiмдер мөлшерiн айқындаудың тұрақты болмайтынын көрсетедi. Бұл ретте, тiзбе басынан-ақ және қазiр де мұнай секторының барлық кәсiпорындарын қамтымайды. Республикалық бюджетті жоспарлау және атқару кезiнде кiрiс бөлiгiне салық бiр кәсiпорындар бойынша базалық орта бағаны ескере отырып, тiзбеге енгiзiлмеген басқа кәсiпорындар бойынша iс жүзiнде қалыптасқан баға бойынша түседi.
      Ұлттық қордың жұмыс iстеуiнiң жоғарыда көрсетiлген проблемаларын шешу қажеттiлiгiн ескере отырып, қор жинақтауды қалыптастырудың одан әрi оңтайлы жолын және оның активтерiн басқарудың тиiмдi әдiстерiн айқындау қажет етiледi.

  4. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың
және пайдаланудың қағидаттары

       1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау
      Әлемдiк тәжiрибенi талдау жинақтаулар үшiн қандай да бiр белгiленген шек болмайтынын және көптеген елдер қол жеткiзiлген жинақ көлемiне қарамастан жинақтау саясатын жалғастырып отырғанын көрсетедi. Мәселен, әртүрлi уақытта Норвегияда Қор активтерiнiң деңгейi ел IЖӨ-iнiң жартысынан асты, ал Аляскада штаттың бүкiл IЖӨ-iн, Кувейтте ІЖӨ-нiң үш жарым бөлігін, Оманда IЖӨ-нiң бестен бiр бөлiгiн құрайды. Қазақстанда 3 жыл iшiнде Ұлттық қорда IЖӨ-нiң шамамен 12%-i жинақталды.
      Ұлттық қорда жоғары баға конъюнктурамен туындаған қосымша түсiмдер шоғырланғандықтан, Ұлттық Қордың ең жоғары мөлшерi шектеле алмайды. Оның үстiне Ұлттық қордың жинақтаушы қызметiн атқару үшiн төмендетiлмейтiн қалдық белгіленедi.
      Ұлттық қордың қалыптасуы сол сияқты бiржолғы сипаттағы (республикалық меншiктегi және тау-кен өндiру мен ұқсату салаларындағы мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сату) не түсiмдер көлемi бойынша тұрақты емес (мұнай секторының түсiмдерi) кiрiстер көзi есебiнен жүзеге асырылуы тиiс, оның мөлшерi едәуiр шекте ауытқуы мүмкiн, ол осымен Қазақстанның бюджет саясатына елеулi ықпал жасайды.
      Осылайша, Ұлттық қорды қалыптастырудың негізгi көздерi мыналар болып табылады деп болжанады:
      мұнай секторынан түсетiн тiкелей салықтар (жергілiктi бюджеттерге есептелетiн салықтарды қоспағанда), оған корпорациялық табыс салығы, үстеме пайда салынатын салық, роялтилар, бонустар, өнiмдi бөлу жөнiндегі үлес, экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына салынатын ренталық салық жатады. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мұнай секторы төлейтiн басқа да салық түрлерi тиiстi бюджеттерге есептелуге жатады. Бұл ретте мұнай секторының кәсiпорындарына шикi мұнай мен газ конденсатын өндiрумен және (немесе) сатумен айналысатын барлық заңды тұлғалар жатады;
      республикалық меншiктегі және кен өндiру мен ұқсату салаларындағы мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер;
      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер.
      Ұлттық қордың жинақтарын қалыптастыру моделi республикалық бюджет пен Ұлттық қор арасында мұнай түсiмдерiн бөлудiң оңтайлы теңгерiлiмiн қамтамасыз етуi тиiс. Сондай-ақ қолайсыз әлемдiк баға конъюнктурасы кезiнде мемлекеттiң әлеуметтiк мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн мұнай секторы түсiмдерiнiң көлемiне қарамастан тұрақты деңгейде ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстарды ұстап тұрудың маңызы зор. Бұл ретте макроэкономикалық деңгейде iшкi баға өсуiн тоқтатуға және теңге бағамын ұстап тұруға арналған Ұлттық қордың тұрақтандырушы функциясы неғұрлым тиiмдi жүзеге асырылуы тиiс.

       2. Ұлттық қор үшiн жинақтарды қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдау
      Ұлттық қорға қойылған мiндеттердi тиiмдi iске асыру мақсатында, жағымды әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып теңгерiмдi бюджет әдiсi әзiрлендi.
      Осы әдiске сәйкес 4-бөлiмнiң 1-бөлiмшесiнде көрсетiлген түсiмдер толығымен Ұлттық қорға жiберiлетiн болады.
      Бұл ретте кепiлдiк берiлген трансферт болашақ ұрпақ та пайдаланатын жобаларды инвестициялауды көздейтiн бюджеттiк даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға ғана бағытталуы тиiс. Осылайша, ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстар экономиканың мұнай емес бөлiгінен республикалық бюджетке аударымдар есебiнен, ал бюджеттiк даму бағдарламаларына шығыстарды қаржыландыру Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферт есебiнен қаржыландырылады, бұл ретте бюджеттiң шығыс бөлiгінiң белгілi бip үлесi оның iшiнде белгіленген шектеулер шеңберiнде қарыз (сыртқы және iшкi) алу есебiнен жабылуы мүмкiн.
      Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферт (G o ) мазмұндамасы осы Тұжырымдамаға қоса берiлетiн әдiске сәйкес тұрақты сома қосу Ұлттық қордың өткен кезеңдегі активтерiнiң бөлiгі ретiнде анықталады. Осы трансферттің көлемi екi құрауышқа - республикалық бюджетке трансферттің кепiлдiк берiлген ең төмен деңгейiн қамтамасыз ететiн және белгілi бiр кезеңдегі бюджеттік даму бағдарламаларына шығындардың орташа көлемi негізiнде анықталатын А константасына, сондай-ақ белгiлi бiр кезеңдегi инвестициялық кiрiстiң орташа деңгейiне сәйкес келетiн b коэффициентiне байланысты. А константасы және b коэффициентi үш жылдық кезеңге арналған Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiмен бекiтiледi және осы кезең iшiнде өзгерiстерге ұшырамауы тиiс.
      Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферттiң республикалық бюджетке мөлшерi жеке бiр кезеңде Ұлттық қор активтерiнiң осы кезең басындағы шамасына, яғни бұрынғы жылдардағы жинақтардың мөлшерiне байланысты. Бұл ретте Ұлттық қорға осы кезеңде түсетiн түсiмдер республикалық бюджетке жiберiлетiн сомаға әсер етпейдi. Республикалық бюджетке Ұлттық қордан түсетiн трансферт көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiледi.
      Ұлттық қордың "сарқылуына" жол бермеу мақсатында кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгінен аспауы тиiс. Егер кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi осы шектен асып кеткен жағдайда, онда Ұлттық қордан алынатын ең жоғарғы сома тиiстi жылдың басындағы Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгінiң баламасын құрайтын болады, ал қалған үштен екi бөлiгі болашақ ұрпақтың қоры ретiнде жинақталатын болады, бұл Ұлттық қордың негiзгi бiр мақсаттарына сәйкес келедi.
      Егер Ұлттық қордан алулар мөлшерi кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерiнен аз болған жағдайда, тиiстi жылға арналған бюджеттi жоспарлау кезiнде бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстарды қысқарту көзделедi. Бұл ретте егер бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстарды көзделiп отырған қысқарту жеткiлiксiз болса, шығыстар белгiленетiн шектеулер шегінде үкiметтiк қарыз алу есебiнен бюджет тапшылығын қаржыландыру шеңберiнде жабылатын болады және ағымдарды бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстар азайтылуы мүмкiн.
      Активтердi "сарқылуына" жол бермеу мақсатында (бiр жағынан Ұлттық қорда жинақтау жүзеге асырылғанда, ал екiншi жағынан шамадан тыс үкiметтiк қарыз алынады) бюджет тапшылығын үкiметтiк қарыз алу есебiнен қаржыландыру деңгейi бес жылдық кезең үшiн орташа жылдық мәнiнде IЖӨ-нiң 1%-iнен аспайтын мөлшерде шектелетiн болады, өйткенi халықаралық ұйымдардың (Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзiлiк Банк және басқалар) зерттеулерiне сәйкес мұнай дағдарысының орташа ұзақтығы шамамен 4-5 жылды құрайды. Бұл бюджетке түсiмдердiң деңгейiне жағымсыз әсер ететiн қолайсыз экономикалық конъюнктура кезеңiнде бюджет тапшылығының көрсеткiшi бес жылдық кезең үшiн орташа мән шеңберiнде ұлғаю жағына қайта қаралуы мүмкiн екенiн бiлдiредi.
      Сонымен қатар, бюджет тапшылығы кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi алынған Ұлттық қорға жалпы түсiмдер ретiнде есептелетiн Ұлттық қордың орташа жылдық өсуiнiң бес жылдық кезеңiнен асып кетпеуi тиiс.
      Жоғарыда айтылғаннан басқа, үкiметтiк қарыз алу қор нарығында тиiсті бағдар белгілеу үшiн айналымда мемлекеттiк бағалы қағаздардың жеткiлiктi көлемiн ұстап тұру мақсатында да пайдаланылатын болады. Бес жылдық перспективада нақты жинақтау мақсатында үкiметтiк қарыз алу саясаты кепiлдiк берiлген борышты ескере отырып, үкiметтiк борыштың Ұлттық қор активтерiнiң нарықтық құнына қатысты 50-70%-тiк арақатынасқа қол жеткiзуге бағдарланатын болады.
      Кепiлдiк берiлген трансферт шегiнде мұнай түсiмдерiн пайдалану салмақты фискальдық саясат жүргізуге мүмкiндiк бередi, өйткенi салық режимiн ырықтандырудан "таза" бюджет нәтижесi көрiнетiн болады, бұл әдетте, мұнай секторы кәсіпорындарының кiрiстерi есебiнен бұрмаланатын.
      Кепiлдiк берiлген трансферттiң мөлшерi формуламен шектелгендiктен және бюджет тапшылығының мөлшерiн шектеудi ескере отырып тек бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстарды қаржыландыратындықтан, республикалық бюджеттiң ағымдағы бюджеттік бағдарламаларына арналған шығыстарды көбейту экономиканың мұнай емес бөлiгі түсiмдерiнiң баламалы өсуiнсiз мүмкiн болмайды, бұл экономиканың мұнай емес секторын дамытуды ынталандыру қажеттiгін көрсетедi.
      Трансферт формуласы айқын және оңай есептелiнедi. Алайда, А абсолюттiк көрсеткiшiнiң жоғары мәнi Ұлттық қор қаражатын шамадан тыс жұмсауға, төмен мәнi - бюджеттiң үлкен құбылмалылығына әкеп соқтырады.

       3. Ұлттық қордың активтерiн пайдалану
      Мұндай қорлар қаражатын пайдаланудың әртүрлi бағыттары бар - республикалық бюджетке түсетiн тұрақтандыру трансферттерi, сыртқы борыштарды өтеу, инвестициялық кiрiстің бөлiгін халық арасында бөлу, экологиялық бағдарламаларды қаржыландыру және т.б.
      Сол сияқты балама ретiнде мұнай ақшасын халық арасында бөлудiң мүмкiндiгі де қаралды. Алайда, бiрқатар кейбiр себептерге байланысты мұндай тәсiл бүгінгі таңда тиiмдi бола қоймайды.
      Бiрiншiден, елге мұнай долларының артық ағылуы ақша массасының ұлғаюын тудырды, ол инфляцияның өсуiне түрткi болады және ұлттық валютаның нығаюына әкеп соғады. Бұл отандық өндiрушiлердi бәсекеге қабiлетсiз етедi және бағасы арзандаған импорттық өнiмге сұранысты қайта бағдарлауға әкеп соғады. Бұл ретте, егер "саудасы қызған" секторда (тұтыну тауарлары, жабдық) жоғары сұраныс импортпен қанағаттандырылатын болса, онда елдiң iшiнде өндiрiлетiн "саудасы жүрмейтiн" сектордың тауарлары мен қызметтерi (тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау) әкелiне алмайды, ол бағаның күрт өсуiне әкеп соқтырады.
      Екiншiден, мұнайдың бағасы күрт төмендеген жағдайда мемлекет ақша қаражатының тапшылығына ұшырайды және әлеуметтiк мiндеттемелер бойынша тиiстi деңгейде есептесе алмайды. Ұлттық қордың болуы Қазақстанның фискальдық тұрақтылығына ықпал етедi, ал Ұлттық қорда қаражат жинақтау ұрпақтар арасында табиғи байлықты тең бөлу қағидатына сәйкес келедi.
      Осыған байланысты, Ұлттық қордың қаражаты кепiлдiк берiлген трансфертті қамтамасыз етуге және басқарумен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға жiберiлетiн болады. Бұл ретте Ұлттық қордан мұнай емес сектордан түсiмдердiң төмендеуi салдарынан ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға деген шығыстардың өсуiн қаржыландыру үшiн қосымша қаражат алынбауы тиiс, ал ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға деген шығыстардың өсуi көзделген шектеулердi ескере отырып, тапшылықты қаржыландыру шеңберiнде қарыз алу есебiнен жабыла алады.

  5. Ұлттық қордың активтерiн басқару

      Ұлттық қордың активтерiн сенiмдi басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
      Ұлттық қорды басқару кезiнде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
      Ұлттық қор активтерiнiң сақталуы;
      Ұлттық қор активтерi өтiмдiлiгiнiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау;
      тәуекелдiң бiркелкi деңгейiнде ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қордың активтерiнiң кiрiстiлiгін қамтамасыз ету.
      Ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерiнiң кiрiстілiгiн қамтамасыз ету кiрiстiлiктiң қысқа мерзiмдi ауытқуын көздейдi.
      Жоғарыда санамаланған мақсаттарды орындау үшiн Ұлттық қордың активтерi тұрақтандыру және жинақтау қоржындарына бөлiнедi. Тұрақтандыру қоржыны Ұлттық қор активтерi өтiмдiлігінiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау үшiн қажет. Жинақтау қоржынын негiзгі арналуы тәуекелдiң бiркелкi деңгейiнде ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерiнiң кiрiстiлігін қамтамасыз ету. Өз кезегiнде, жинақтау қоржыны 75%-тiк тiркелген кiрiсi бар бағалы қағаздар қосалқы қоржыны және 25%-тiк акциялар қосалқы қоржыны болып бөлiнедi.
      Тұрақтандыру қоржыны тиiстi жылға бекiтiлетiн кепiлдiк берiлген трансферт сомасының шеңберiнде анықталуы тиiс.
      Ұлттық қор үшiн "индекстiк басқару" қағидаты пайдаланылады. Сондай-ақ "дәстүрлi" деп аталатын индекстiк басқару эталондық қоржынға сәйкес келетiн үйлесiмде әртүрлi қаржы құралдары қоржынын қалыптастыру болып табылады. Осы эталон индекс деп аталады. Басқару нәтижелерi (кiрiстiлiк) мен инвестициялық тәуекелдер эталондық қоржынға немесе индекске қатысты бағаланады, сондай-ақ оған едәуiр шамада тәуелдi болады. Эталондық қоржын - инвестордың мүддесiмен айқындалатын бағалы қағаздар жиынтығы. Эталондық қоржынның кiрiстiлігі активтердi басқарудың кiрiстілігiн бағалау кезiндегi өлшем ретiнде қызмет етедi. Эталондық қоржын ретiнде әлемдегi жетекшi қаржы компаниялары әзiрлеген және қадағалап отыратын индекстер пайдаланылады.
      Ұлттық қордың активтерi шетелдiк валютада номинацияланған шетелдiк қаржы құралдарына ғана инвестицияланады және олардың шетелдiк валютада номинацияланған бағалы қағаздардан тұратын Эталондық қоржындары болады.
      Тұрақтандыру қоржыны үшiн эталондық қоржын алты айға дейiнгі өтеу мерзiмiне ие АҚШ қазынашылық векселдерiнен тұратын Merrill Lynch компаниясы жасайтын индекс болып табылады. Өтеуге дейiнгі қысқа мерзiм тұрақтылық портфелi кiрiстiлiгiнiң жоғары өтімдiлігі мен төмен ауытқуын қамтамасыз етедi. Тұрақтандыру қоржыны жоғары кредит рейтингі бар елдердiң ақша нарығының жоғары өтімдi сенiмдi активтерiне инвестицияланады.
      Ұзақ мерзiмдi перспективада әртараптандыру және ең жоғары кiрiстiлiк алу мақсатында жинақтаушы қоржын әлемнiң дамыған елдерiнде айналысатын борыштық ретiнде де және үлестiк қаржылық құралдар ретiнде де инвестицияланады.
      Жинақтаушы қоржынның тiркелген кiрiсi бар бағалы қағаздардың қосалқы қоржыны үшiн эталонды қоржын Citigroup Inc компаниясы жасаған индекс болып табылады, қазiргi уақытта ол эмитенттерi 19 ел: Австралия, Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Греция, Ирландия, Италия, Жапония, Нидерланды, Португалия, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ болып табылатын тiркелген кiрiсi бар мемлекеттік бағалы қағаздарды қамтиды.
      Жинақтаушы қоржынның тiркелген кiрiсiмен бағалы қағаздар қосалқы қоржыны эталондық қоржынға енетiн елдерде айналатын мемлекеттiк бағалы қағаздарда инвестицияланады, сондай-ақ мемлекеттiк, агенттiк, корпоративтiк бағалы қағаздардан, Қазақстан Республикасы эмитенттерiнiң бағалы қағаздарын қоспағанда активтерге кепiлге берiлген бағалы қағаздарды және жылжымайтын мүлiкке кепiлге берiлген бағалы қағаздардан тұратын Lehman Global Aggregate (LGA) құрамына - Lehman Brothers компаниясының индексiне енетiн барлық валюталарда және инвестициялық сыныптағы құралдарда инвестицияланады.
      Облигациялардың (тiркелген кiрiсi бар бағалы қағаздардың) эталонды қоржыны Ұлттық қор мөлшерiнде ауытқуларды төмендету үшiн АҚШ долларына АҚШ долларынан өзгеше валюта бағамдарының қысқа мерзiмдi ауытқуларынан iшiнара сақтандырылады (хеджирленедi).
      Акциялардың қосалқы қоржыны үшiн Моrgan Stanley Capital International компаниясы жасайтын энергетикалық сектордың компанияларын қоспағанда, әлемнiң дамыған елдерi компанияларының акцияларынан тұратын индекс эталонды қоржын болып табылады. Ағымдағы сәтте индекс 23 елдi қамтиды: Австралия, Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Греция, Гонконг, Ирландия, Италия, Жапония, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сингапур, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ.
      Жинақтау қоржыны акциялары қосалқы қоржыны активтерi эталондық қоржынға енгізiлген қарапайым және артықшылықты акцияларға ғана инвестициялануы мүмкiн.

  6. Қорытынды

      Осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру Ұлттық қордың жұмыс iстеуiнiң және жинақтауларын қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi қозғайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерiстер енгiзудi талап етедi.
      Осы мақсатта Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерiне Ұлттық қордың қызметін реттейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізу бойынша жаңа нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары дайындалатын болады.
      Тұтастай алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және ұрпақтар арасында мұнай кiрiстерiн қайта бөлуге ықпал ететiн болады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған, осы Тұжырымдамада баяндалған тетiгiн 2007 жылғы
1 қаңтардан бастап енгiзу көзделiп отыр.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң    
2005 жылғы 1 қыркүйектегі          
N 1641 Жарлығымен мақұлданған        
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының    
қаражатын қалыптастырудың және      
пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға  
арналған тұжырымдамасына         
ҚОСЫМША                    

Теңгерiмдi бюджеттiң қағаз жүзiндегi әдiсi

      Теңгерiмдi бюджеттің әдiсiн мынадай түрде беруге болады:
      Е= G no + G o + D, мұнда
      E - республикалық бюджет шығыстары;
      G no  - мұнай емес сектордан түскен кiрiстер;
      G o  - белгілi кезеңге бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстардың орта көлемiн ескере отырып есептелетiн Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт;
      D - таза үкiметтiк қарыз алу (тартылатын және өтелетiн қарыздардың арасындағы айырма), тиiсті жылға арналған IЖӨ-нiң 1% деңгейiнде бесжылдық кезеңге белгiленетiн орта жылдық мән шегі. Бұл ретте, D мөлшерi кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi алынған Ұлттық қорға жалпы түсiмдер ретiнде есептелетiн бесжылдық кезеңге Ұлттық қордың орташа жылдық өсуiнен асып кетпеуi қажет.
      Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (G o ) өткен кезең үшiн Ұлттық қор активтерiнен алынатын тұрақты сома қосу соманың бөлігі ретiнде мынадай формула бойынша анықталады:
      G = А + bх NFRK t-1 x e, мұнда
      G o  - Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (теңгемен анықталады);
      А - тұрақты сома (заңмен бекiтiледi және теңгемен
белгіленедi);
      b - белгілi кезең үшiн инвестициялық кiрiстiң орта деңгейiне сәйкес келетiн коэффициент (заңнама актiсiмен бекiтiледi);
      NFRK t-1  - қаржы жылының басындағы Ұлттық қор активтерi (Қордың базалық валютасында);
      e - Қордың базалық валютасымен қатысты теңге бағамы.

             Ұлттық қордың орта мерзімді кезеңге
         арналған негізгі көрсеткіштер (2007-2009 жж.)

 

2007

2008

2009

Кепілдік берілген
трансферт

  

  

  

млрд. теңге

343,2

350,4

357,8

%ІЖӨ

3,86%

3,46%

3,01%

А

296,8

296,8

296,8

b*NFRK t-1

46,4

53,7

61,0