Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 4 мамырдағы N 1568 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы N 400 Жарлығымен

Күшін жойған

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.08.28.  N 400 Жарлығымен.

"Актілер жинағында" және  
республикалық баспасөзде  
жариялануға тиіс      

      Қазақстан Республикасы  Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану, Қазақстан қоғамы мен мемлекетін кезең-кезеңімен саяси жаңғырту процесін жүзеге асыру, Қазақстан Парламентінің рөлін арттыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының  40-бабын басшылыққа ала отырып  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Тәжірибеге:

      1) әлеуметтік-экономикалық блоктың министрлерін - олардың кандидатураларын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының бейіндік комитеттері алдын ала талқылағаннан кейін;
      2) Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын - олардың кандидатураларын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бейіндік комитеті алдын ала талқылағаннан кейін;
      3) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Мемлекет басшысы тағайындайтын төрағасы мен екі мүшесін - олардың кандидатураларын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бейіндік комитеті алдын ала талқылағаннан кейін тағайындау енгізілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының, төрағаның орынбасары мен мүшелерінің лауазымдарына кандидатуралар бойынша шешім қабылданғанға дейін осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Парламент Сенатымен консультациялар жүргізу ұсынылсын.

      3. Республика Парламенті палаталарының төрағаларына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің тиісті мүшелерін тағайындауды олардың кандидатуралары тиісінше Республика Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының жалпы отырысында талқыланғаннан кейін жүргізу ұсынылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстанның қолданыстағы заңнама жүйесін дамыту және Республика  Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі қызметтің қорытындыларына талдау жасап, Қазақстан Республикасының Үкіметіне 2005 жылғы 1 тамызға дейін қажетті ұсыныстар енгізсін.

      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2005 жыл ішінде білім беру ұйымдарында, осы ұйымдарға қажетті әдістемелік көмек көрсете отырып, конституциялық құрылыс негіздерін, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын оқытудың сапасын көтеру жөніндегі шараларды қабылдайтын болсын.

      6. Құқық қорғау органдары үшін жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын зерделеу және барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетінде олардың сақталуы мәселелері жөніндегі дәрістер дестесі белгіленсін.

      7. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті