"Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі N 853 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес қаулы етемін: Z070274
      1. 2028 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы құрылсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.08.01 N 1624, 2008.11.28 N 702 Жарлықтарымен.
      2. Қоса беріліп отырған "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы Жарлық 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
2002 жылғы 26 сәуiрдегi 
N 853 Жарлығымен   
БЕКIТIЛГЕН      

"Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес теңiз сауда портының аумағында, сондай-ақ Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкiмшiлiк-аумақтық шекарасының шегiндегi аумақтың бөлігінде
орналасқан.
      АЭА-ның аумағы 2000 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлiгi болып табылады.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2003.02.11 N 1022, 2007.02.07 N 279, 2008.11.28 N 702 Жарлықтарымен.
      2. АЭА республика экономикасының дүниежүзілік шаруашылық байланыстар жүйесiне белсендi енуi, тиiмдiлiгi жоғары, соның iшiнде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндiрiстердi құру, өнiмдердiң жаңа түрлерiн шығаруды игеру, инвестицияларды тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетiлдiру, басқарудың және шаруашылық жүргiзудiң қазiргi заманғы әдiстерiн енгiзу, сондай-ақ әлеуметтiк мәселелердi шешу үшiн аймақты жеделдете дамыту мақсатында құрылады.
      АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес екiншi деңгейдегi банктер банк қызметiн көрсетедi.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.09.19 N 657 Жарлығымен.
      2-1. АЭА аумағындағы қызметтің басым түрлері:
      1) тұрмыстық электр аспаптарын шығару;
      2) былғарыдан жасалған бұйымдар шығару;
      3) химия өнеркәсібі;
      4) резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару;
      5) өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру;
      6) металлургия өнеркәсібі;
      7) дайын металл бұйымдарын шығару;
      8) машиналар мен жабдықтар жасау;
      9) мұнай-химия өнімдерін өндіру болып табылады.
      Ескерту. Ереже 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.
      3. АЭА-ның қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледi.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.11.28 N 702 Жарлығымен.

2. АЭА-ны басқару және атқарушы органдардың өкiлеттiктерi

      4. Ақтау қаласының әкiмияты:
      АЭА-ны басқаруды;
      АЭА-ның даму стратегиясы мен бағдарламасын әзiрлеудi және іске асыруды;
      АЭА-ның аумағындағы мемлекеттiк және өзге де органдардың өзара iс-қимылын;
      АЭА-ны дамыту үшiн отандық және шетелдiк инвестицияларды, сондай-ақ несие қаражатын тартуды және оны құру мақсатына қол жеткiзудi;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      5. Жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың АЭА қызметiн қамтамасыз етуге байланысты жекелеген функцияларын орындау үшiн Ақтау қаласының әкiмi жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган құруға хақылы.

3. АЭА-ның аумағында салық салу

      6. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық  заңнамасымен реттеледi.

4. Кедендiк реттеу

      7. АЭА аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі қолданылатын Қазақстан Республикасы кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады. АЭА шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады.
      АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне  мынадай тауарлардың тізбесін орналастыруға рұқсат етіледі: P090703
      жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес АЭА аумағында объектілерді салу және пайдалануға беру үшін қажетті машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      тауарларды жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес қайта өңдеуге арналған тауарлар (акцизделетін тауарларды қоспағанда);
      ұйымның технологиялық құжаттамасына сәйкес өнімдер өндірісін қамтамасыз етуге қажетті машиналар мен тетіктер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автомобильдер, материалдар, тауарлар және шала өнімдер.
      АЭА аумағына еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
      тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша;
      тауарларды қайта өңдеу бойынша;
      осы ережеге сәйкес АЭА құру мақсатында қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды пайдалану және қолдану бойынша;
      тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау бойынша;
      құрылыс және өнеркәсіп өндірісі технологиясының талаптарын орындау бойынша операциялар жасауға рұқсат етіледі.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2003.12.29. N 1267 жарлығымен.
      8. АЭА-ның аумағындағы кедендiк ресiмдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

5. Шетелдiк азаматтардың АЭА-ның аумағында болу тәртiбi

      9. Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық келiсiмдерде белгiленген, АЭА-ның аумағына шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлiк құралдарының кіру, шығу, транзит және онда болу тәртiбi қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      10. Осы Ережеде Белгiленген талаптар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен өзгертiлуi мүмкiн.
      11. АЭА құрылған мерзiмi аяқталғаннан кейiн таратылады.
      12. Арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына қол жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен мерзiмiнен бұрын таратылуы мүмкiн.
      13. АЭА-ны таратқан кезде Ақтау қаласының әкiмияты:
      таратуға дейiн үш айдан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресми жариялауға құқығы бар баспа басылымдарында АЭА-ны алдағы уақытта тарату, оны таратуға байланысты өтiнiштер мен талап-арыздарды қабылдау тәртiбi мен мерзiмдерi туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кеден режимiне қайта ресiмдеу тәртiбiн түсiндiрудi қамтамасыз етедi;
      АЭА таратылғаннан кейiн бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Президентiне және Үкiметiне АЭА қызметiнiң нәтижелерi туралы есеп бередi.
      14. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен АЭА-ны мерзiмiнен бұрын тарату осы Ереженiң 13-тармағында көзделген рәсiмдер сақтала отырып, алты ай мерзiмнен кешiктiрiлмей аяқталуға тиiс.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 
2002 жылғы 26 сәуірдегі N 853    
Жарлығымен бекітілген "Ақтау теңіз  
порты" арнайы экономикалық      
аймағы туралы ережеге         
ҚОСЫМША                 

"Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық
аймағының жоспары

(жоспардың суретін қағаз мәтіннен қараңыз)

"Ақтау теңіз порты" АЭА жалпы аумағы = 2000 га

       Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.11.28 N 702 Жарлығымен.