Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі N 839 Жарлығы

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыбына және мәтініне өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.07.23 N 369 жарлығымен.

       Республикалық баспасөзде
мазмұны жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2002 жылғы 2 сәуірдегі 
N 839 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері
жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Тақырыбына және мәтініне өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.07.23. N 369 жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссияның міндеттері сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылығына қарсы күресті күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған келісілген шараларды талдап-жасау мен қабылдау болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын, Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссияның өзге де мүшелерінен тұрады. Комиссия құрамына лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Әділет министрі кіреді.
      Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.07.26 N 128 Жарлығымен.

      5. Комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2. Комиссияның функциялары мен өкілеттіктері

      6. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдап, Мемлекет басшысына енгізу;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйіне, мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылықтарына мониторинг жүргізу мен талдау жасау;

      3) жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдар жол берген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері, мемлекеттік қызметшілердің этиканы бұзушылығы туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды қарау және оларға тәртіптік жазалар қолдануға уәкілеттік берілген адамдарға қызметтік тексеру жүргізу туралы ұсынымдар дайындау.

      7. Комиссия өз құзыреті шегінде:

      1) орталық және жергілікті органдардан қылмыстық істерді және жедел-іздестіру материалдарын қоспағанда, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға;

      2) мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларынан, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалардың немесе оларға теңестірілген тұлғалардың жазбаша түсініктемелерін тыңдауға және олардан ауызша түсініктемелер алуға;

      3) құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға қызмет этикасын бұзу және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы фактілері бойынша тексеру жүргізу және заңнамада көзделген басқа да шараларды қабылдау үшін материалдарды жолдауға;

      4) өз отырыстарында құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы мәселелері жөніндегі ақпаратын тыңдауға;

      5) тиісті органдар мен мемлекеттік ұйымдарға Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңын орындауды қамтамасыз етпеген, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған, сондай-ақ қызмет этикасы ережелерін бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауаптылығы туралы, тіпті оларды атқаратын қызметінен босатуға шейін, ұсыныстар енгізуге;

      6) алып тасталды - ҚР Президентінің 2003.02.27 N 1032 Жарлығымен;

      7) Қазақстан Республикасының Президентіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыстың тиісті деңгейін қамтамасыз етпеген, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына тапсырмалар беру, қаралатын мәселелер бойынша Республика Президентінің тиісті актілерін шығару, сондай-ақ оларды атқаратын қызметінен босатуға дейін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2003.02.27 N 1032, 2011.02.18 N 1157 Жарлықтарымен.

3. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      8. Комиссияның отырыстары қажетіне қарай тоқсанында кемінде бір рет өткізіледі, олар Комиссия төрағасының шешімі бойынша ашық немесе жабық болуы мүмкін.

      9. Комиссияның отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болғанда құқылы. Комиссия мүшелері оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады.

      10. Комиссия шешімдері отырысқа қатысушылардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      11. Комиссияның отырыстарына Комиссия мүшелері болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      11-1. Комиссия отырысында тыңдалатын мемлекеттік органның қызметі саласында заңнаманың бұзылу фактілері келтірілген жағдайда, Комиссия мүшелері болып табылатын немесе Комиссия отырысында шақырылған, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының басшылары орын алған бұзушылық фактілері бойынша өз құзыреті шегінде мемлекеттік органның ұстанымын білдіреді.
      Аталған мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының басшылары осындай бұзушылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныстар айтуға құқылы.
      Ескерту. Ереже 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2011.02.18 N 1157 Жарлығымен.

      12. Комиссия төрағасы:
      1) Комиссия қызметіне басшылық жасайды;
      2) оның отырыстарында төрағалық етеді;
      3) Комиссия жұмысы туралы Республика Президентіне тұрақты
есеп береді;
      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік
қызметшілердің қызмет этикасы мәселелерін қарауға байланысты құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың алқа отырыстарына қатысуға хақылы.

      13. Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін төрағаның орынбасары атқарады.

      14. Комиссия хатшысы:

      1) Комиссия мүшелерін Комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етеді;

      2) Комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;

      3) Комиссия отырыстарының хаттамасын жүргізеді;

      4) Комиссия шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады әрі бақылау жасайды;

      5) Комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де
функцияларды жүзеге асырады.

      15. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Комиссияның
жүктелген міндеттерді орындауына жәрдемдесуге міндетті.

      16. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Құқық қорғау жүйесі бөлімі болып табылады. 
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2002.09.24 N 951, өзгерту енгізілді - 2004.12.15 N 1504, 2005.11.30 N 1679, 2008.04.24 N 576 Жарлықтарымен.

Қазақстан Республикасы  
Президентінің     
2002 жылғы 2 сәуірдегі  
N 839 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2003.02.27
N 1032 Жарлығымен, өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2004.03.26
N 1320, 2004.12.15 N 1504, 2005.11.30 N 1679, 2006.09.19 N 178,
2007.02.09 N 289, 2007.07.23 N 369, 2008.02.06 N 530, 2008.04.24
N 576, 2008.11.12 N 689, 2009.02.17 N 742, 2009.05.22 N 815,
2009.12.28 № 907, 2010.09.12 № 1060, 2010.11.11 N 1099, 2011.07.26
N 128 Жарлықтарымен.

Саудабаев                 - Қазақстан Республикасының
Қанат Бекмырзаұлы           Мемлекеттік хатшысы, төраға

Тәжин                     - Қазақстан Республикасы Президентінің
Марат Мұханбетқазыұлы       көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы,
                            төрағаның орынбасары

Ахметжанов                - Қазақстан Республикасы Президенті
Саян Қылышұлы               Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі
                            бөлімінің сектор меңгерушісі, хатшы

      Комиссия мүшелері:

Донақов                   - Қазақстан Республикасы Президенті
Талғат Советбекұлы          Әкімшілігі Басшысының орынбасары

Омаров                    - "Қазақстан" республикалық
Жанай Сейтжанұлы            телерадиокорпорациясы" АҚ басқармасының
                            бастығы (келісім бойынша)

Имашев                    - Қазақстан Республикасы Парламент
Берік Мәжитұлы              Cенаты Заңнама және құқықтық
                            мәселелер комитетінің төрағасы
                            (келісім бойынша)

Әбіқаев                   - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
Нұртай                      комитетінің төрағасы

Бәйменов                  - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
Әлихан Мұхамедияұлы         қызмет істері агенттігінің төрағасы

Дауылбаев                 - Қазақстан Республикасының Бас
Асхат Қайзоллаұлы           прокуроры

Жәмішев                   - Қазақстан Республикасының
Болат Бидахметұлы           Қаржы министрі

Қасымов                   - Қазақстан Республикасының Ішкі істер
Қалмұханбет                 министрі
Нұрмұханбетұлы

Қожамжаров                - Қазақстан Республикасы Экономикалық
Қайрат Пернешұлы            қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
                            күрес агенттігінің (қаржы полициясының)
                            төрағасы

Мұқашев                   - Қазақстан Республикасы Парламенті
Рахмет Желдібайұлы          Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық
                            реформа комитетінің төрағасы
                            (келісім бойынша)

Өксікбаев                 - Республикалық бюджеттің атқарылуын
Омархан Нұртайұлы           бақылау жөніндегі есеп комитетінің
                            төрағасы

Түсіпбеков                - Қазақстан Республикасының Әділет
Рашид Төлеутайұлы           министрі

Шпекбаев                  - Қазақстан Республикасы Президенті
Алик Жатқамбайұлы           Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі
                            бөлімінің меңгерушісі