Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы

ҚАУЛЫ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 10 наурыз N 2/2

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А.Ким және Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов және В.Д.Шопин қатысқан, өтінім субъектісінің өкілдері - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары В.Н.Веснин мен А.М.Рамазановтың, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкілдері - Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.А.Коржованың, Қазақстан Республикасы Әділет Министрі Б.А.Мұхамеджановтың қатысуымен өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарады. 
      Баяндамашылар - Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев пен Ж.Д.Бұсырмановтың хабарламаларын, осы өтінім бойынша конституциялық өндіріске қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сондай-ақ, сарапшылар - заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, Мемлекет және құқық институтының директоры Ғ.С.Сапарғалиевтың және заң ғылымдарының докторы, "Әділет" Жоғары құқық мектебінің профессоры С.А.Димитрованың қорытындыларымен таныса келіп, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады: 
      1999 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы өтінімі келіп түсті. 
      Конституциялық Кеңеске өтінім жасауға Қазақстан Республикасы Үкіметінің Парламентке зейнетақымен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың жекелеген санаттарының жеңілдіктері туралы заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңдардың жобаларын енгізуі себеп болды. Парламент депутаттары әлеуметтік жәрдемақы төлемін республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке көшірудің заңдылығына күмән келтіреді, өйткені, олардың пікірінше, бұл азаматтарды тұрғылықты жері бойынша кемсітуге және Конституцияның 14-бабының 1-тармағында көзделген заң алдында жұрттың бәрі тең деген принципті бұзуға әкеп соғады. Сонымен қатар, олар жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақыны халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар санатынан шығарып тастау азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқықтарын жоғалтуына әкеп соғады, ал бұл Конституцияның 24-бабының 2-тармағының нормасына қайшы келеді деп есептейді. 
      Парламент депутаттары, сондай-ақ, жаңа Заңда зейнетақының мұндай түрінің болмауына байланысты  "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы"  1997 жылғы 20 маусымдағы  Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанға дейін тағайындалған зейнетақылардың төлемін тоқтатудың, сондай-ақ бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдерінің барынша жоғары мөлшерлерін азайтудың заңдылығы туралы мәселе көтерген. Осыған байланысты Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасы нормасын бұзуға әкеп соғуы ықтимал, азаматтардың ахуалын нашарлататын заңдарды шығаруға заң шығарушы органның құқылылығы туралы мәселе қойған. 
      Көрсетілген мәселелерді қарағанда Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады. 
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігін (1-тармақ), тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге, көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтынын белгілейді (2-тармақ). Келтірілген норма адам құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғайтынын және адамның заң алдындағы тең жауапкершілігін білдіреді. 
      Әлеуметтік жәрдемақылардың төлем тәртібі оларды республикалық, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден көрсетілген төлемдерді жүзеге асыруды көздейтін заң актілерімен регламенттеледі. Төлем көздерінің өзгеруі азаматтардың әлеуметтік жәрдем ақыға деген құқығына нұқсан келтірмейді. 
      2. Конституцияның 24-бабының 2-тармағы әлеуметтік қорғаудың нақты түрлерін белгілемейді. Нақтырақ айтқанда,  "Халықты еңбекпен қамту туралы"  1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы "жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау" конституциялық ережені нақтылай келіп, тұтас бір шаралар кешенін, оның ішінде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлемін, кәсіби дайындық, біліктілігін көтеру және қайта дайындау кезеңіндегі стипендия төлемін жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға тартқанда жұмыс берушінің шыққан шығынының бір бөлігін мемлекеттік бюджеттен төлеуді көздеген. 
      Демек, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау тек жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлемімен шектеліп қалмайды және оны қорғау шаралары жүйесінен алып тастау азаматтың Конституцияның 24-бабының 2-тармағында көзделген оны жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқығынан айырмайды. 
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасында азаматтардың жауапкершілігін белгілеген немесе күшейткен, жаңа міндеттер жүктеген немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды деп жазылған. Конституцияның осы нормасын азаматтардың құқық бұзушылық үшін заңдық жауапкершілігін реттеу саласына жататын және жауапкершіліктің жаңа түрлерін белгілейтін немесе оны жаңа санкциялар енгізу жолымен күшейтетін, яғни айтқанда, құқық бұзушылық жасаған азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды деп түсіну керек. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен жойылатын немесе жұмсартылатын болса, онда жаңа заңның кері күші болады. 
      Жоғарыда көрсетілген заңдардың кері күші туралы Конституцияның нормасы құқық қолдану қызметін жүзеге асыратын соттар, мемлекеттік органдар және лауазымды адамдар үшін міндетті болады. Парламенттің қалыптасқан жағдаяттар мен тиімділік принципі негізінде жаңа заңдық нормаларды белгілеуге, оның ішінде - әрдайым өзгеріп отыратын және серпімді қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жоюға құқығы бар. Парламент қабылдаған заңдар егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны күшіне енгізу туралы қаулыда бекітілген болса кері күшімен қолданылуы мүмкін. 
      Баяндалғандардың негізінде және Қазақстан Республикасы  Конституциясы  72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің  "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы"  конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 37-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру ретінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарын өтінім нысанасына қолданыста әлеуметтік жәрдемақылар төлейтін республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге көшіру азаматтарды тұрғылықты жері бойынша кемсітуге және жұрттың бәрінің заң алдындағы теңдігі принципін бұзуға апарып соқпайды деп түсіну керек. Қазақстан Республикасының Парламенті азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жаңа заңдар қабылдағанда Республиканың барлық аймақтарында сақталуға міндетті зейнетақылар мен жәрдемақылардың ең төменгі және ең жоғары мөлшерлерін тағайындаудың жалпы өлшемдерін анықтауға тиіс. 
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 24-бабының 2-тармағы әлеуметтік қорғаудың нақты түрлерін белгілемейді, ол тиісті заңмен анықталады. Өтінімде қойылған мәселеге байланысты қолданыста осы конституциялық норманы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны алып тастау азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқығына нұқсан келтірмейді деп түсіну қажет. 
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 77-бабы 3-тармағының 
5) тармақшасын азаматтардың құқық бұзушылық үшін заңдық жауапкершілігін реттейтін және жауапкершіліктің жаңа түрлерін белгілейтін немесе оны жаңа санкциялар енгізу жолымен күшейтетін заңдардың кері күші болмайды деп түсіну қажет. Осы конституциялық норма құқық қолдану қызметін жүзеге асыратын соттар, мемлекеттік органдар және лауазымды адамдар үшін міндетті болады. 
      Республика Парламентінің заңдарды қабылдаған кезде кері күші болатын құқықтық нормаларды белгілейтін құқығы бар.
      4. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.     

     Қазақстан Республикасы 
     Конституциялық Кеңесінің 
     Төрағасы