2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 9 маусымдағы № 84-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев және Р.А. Подопригора қатысқан құрамда,

      өтініші субъектісі А.В. Невротовтың және оның өкілі – Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының адвокаты М.К. Серикбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – Төраға орынбасары С.С. Мүксімовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – бірінші вице-министр А.М. Ертаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық даму саласындағы заңнама департаментінің директоры Б.Б. Байкеновтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.Т. Құлыясованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры В.В. Ханның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – аға ғылыми қызметкер А.А. Сейдімбектің,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында А.В. Невротовтың 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы мен бірқатар шет елдердің қолданыстағы құқық нормаларына және халықаралық құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының (бұдан әрі – дау айтылып отырған норма) Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті. Аталған нормаға сәйкес квазимемлекеттік сектор жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс.

      Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан Жамбыл облысы Тараз қаласы № 2 сотының заңды күшіне енген 2024 жылғы 24 қыркүйектегі үкімімен өтініш беруші 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – Қылмыстық кодекс) 367-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған айыппұл салу жазасымен бірге мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалғанын түсінуге болады.

      Жұмыс берушінің – "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС – "ЖТ Жамбыл бөлімшесі" филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосы бастығының міндетін атқарушының 2024 жылғы 15 қарашадағы № 347 бұйрығымен өтініш субъектісімен – жолаушылар тасымалдау электровозының машинисімен еңбек шарты Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасы және 53-бабы 12-тармағының 1) тармақшасы негізінде бұзылған.

      Сот шешімімен жұмыстан шығаруды заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

      Өтініш субъектісі өзі дау айтып отырған құқық нормасы Конституцияның 24-бабының 1-тармағына және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулысына қайшы келеді деп ойлайды.

      Еңбек кодексінің қаралып отырған ережесінің конституциялылығын тексеріп, өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияда әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы танылады және оған кепілдік беріледі. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және қандай да бір кемсітуге жол бермеу қағидаттары сақтала отырып, конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен жол беріледі (Негізгі Заңның 12-бабының 1-тармағы, 14-бабы, 24-бабының 1-тармағы және 39-бабының 1-тармағы).

      Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (XXI) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 6-бабының 1-тармағына сәйкес қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек ету құқығын таниды және осы құқықты қамтамасыз етуге тиiстi қадамдар жасайды.

      2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында әрбір қатысушы мемлекеттің (бұл қылмыстың қауіптілік деңгейін ескере отырып негізделген кезде) өзінің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарына сәйкес келетін шамада, қылмысы үшін сотталған адамдарды ішкі заңнамасымен, сот шешімімен немесе кез келген басқа да тиісті құралдардың көмегімен белгілі бір мерзімге жария қызметпен айналысу және толық немесе ішінара мемлекет меншігіндегі қандай да бір кәсіпорында лауазымды атқару құқығынан айыру рәсімдерін белгілеу мүмкіндігін қарайтыны белгіленеді (30-баптың 7-тармағы).

      Аталған тәсіл 1999 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 1958 жылғы 25 маусымда Женевада қабылданған Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушіліктер туралы конвенцияның 1-бабының 2-тармағына сәйкес келеді, онда ерекше талаптарға негізделген белгілі бір жұмысқа қатысты кез келген айырмашылық, жол бермеушілік немесе артықшылық кемсітушілік болып саналмайды деп бекітілген.

      Келтiрiлген халықаралық құқықтық актiлерден келіп шығатындай, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың еңбек ету құқығын шектеу адам құқықтарын қорғау аясындағы халықаралық стандарттарына қайшы келмейдi және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жол берiлетiн құралы деп танылады.

      2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында заң шығарушы квазимемлекеттік сектордағы еңбек қатынастарын реттеудің арнайы ережелерін белгілейді.

      Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерлердің бірі деп танылады ("Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы).

      Дау айтылып отырған нормаға баға берілген кезде Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдары қолданылуға тиіс.

      Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына және 53-бабы 12-тармағының 1) тармақшасына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен анықталған сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаған жағдайда, еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен міндетті түрде бұзылуға тиіс.

      Аталған құқықтық реттеу императивтік сипатта болады және еңбек шартын тоқтату туралы шешім қабылданған кезде жұмыс берушінің қалауына жол бермейді. Өзінің құқықтық мәні бойынша ол сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу белгілейтін Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасымен тікелей өзара байланыста болады. Аталған ережелер жиынтығы адамдардың тиісті санатына қатысты еңбек ету бостандығы құқығын шектеудің бірыңғай тетігін құрайды.

      Конституцияның 14, 24 және 39-баптарынан Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулысымен өзара байланыста еңбек ету бостандығы құқығын шектеу еңбек функциялары мұндай шектеу қажеттігін объективті түрде негіздемейтін адамдарға қолданылмайды деген шығады.

      3. Қылмыстық кодекс нормаларына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілеріне басқалармен қатар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар: жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген азамат; жергілікті өзін-өзі басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін, еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің қаражатынан жүргізілетін қызметші; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешім қабылдауға уәкілеттік берілген не мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, көрсетілген ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері; қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін немесе лауазымдық міндеттері мемлекеттік қызметтерді көрсетуге байланысты болатын не жеке тұлғалардың қолжетімділігі шектеулі дербес деректеріне және (немесе) қолжетімділігі шектеулі өзге де ақпаратқа қол жеткізе алатын жұмыскерлері; автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын адамдар жатқызылған (3-баптың 28) тармағы).

      Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға негізгі жазамен қатар белгілі бір лауазымды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалады.

      Қосымша жазаның осы түрі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдардың болашақта мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындаумен, басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарды атқаруына жол беруді болғызбауға бағытталған.

      Жұмыс берушінің қандай ұйым қатарына жататындығы емес, қызметінің функционалдық сипаты шектеулерді қолдануды айқындаушы өлшемшарт болып табылады. Дау айтылып отырған норманы квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің функционалдық мәртебесін ескермей, олардың барлығына қолдану еңбек ету құқығын шектеу аясын шектен тыс кеңейтуге алып келеді. Мұндай құқықтық реттеу Конституцияның 39-бабы 1-тармағының нормасынан туындайтын әділеттілік талабына сәйкес келмейді.

      Жария-құқықтық функциялар берілген жұмыскерлердің еңбек ету құқықтарын шектеуге конституциялық тұрғыдан жол беріледі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және жария институттарға деген сенімді қамтамасыз ету мақсаттарына негізделеді.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу (Қылмыстық кодекстің 50-бабы) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген адамдарға ғана қолданылады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің аталған талаптар қойылмайтын, әрекеттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тыйым салулар қолданылмайтын өзге жұмыскерлеріне (өзге жұмыс түрлерін орындайтын жұмысшы кәсіп өкілдері) осы қылмыстық-құқықтық шаралар қолданылмайды. Егер сот үкімімен бұл адамдарға осындай қосымша жаза тағайындалса, онда олар үкімде көрсетілген лауазымдарды болашақта атқара алмайды.

      Бұған дейін Конституциялық Сот атап өткендей, заңнамада белгіленген "квазимемлекеттік сектор" ұғымы отандық экономиканың едәуір бөлігін құрайтын ұйымдарды қамтиды, оларда басқарушылық функцияларды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен байланысты өзге де функцияларды орындайтын адамдардан басқа, олардың санынан бірнеше есе асып түсетін, өндірістік және әкімшілік персонал жұмыскерлері еңбек қатынастарында тұрады (2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулы).

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 16 маусымда № 28475 болып тіркелген 2022 жылғы 15 маусымдағы № 201 бұйрығымен Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (52-шығарылым) бекітілген. Осы құқықтық актіде анықтамасы бойынша өндіріс пен жұмыс түрлері бар кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда не әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандағы шаруашылық жүргізуші субъектілерде басқарушылық функцияларды немесе шешім қабылдау өкілеттігін атқаратын лауазымдарға жатпайтын жұмыс түрлері мен жұмысшы кәсіптері белгіленеді.

      Осылайша, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасы Қылмыстық кодекстің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың нормаларымен өзара байланыста Конституцияға сәйкес келеді, себебі оның қолданылуы Негізгі Заңның 14, 24 және 39-баптарының талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады және жұмыскер орындайтын еңбек функциясының сипатын ескере отырып, еңбек ету бостандығы құқығына шектеу белгілеуді көздейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 3, 4-тармақтарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің және "Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен өзара байланыста төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын міндетті түрде бұзу мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға қатысты ғана қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің ережелерін осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасына бастамашылық жасасын.

      Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берілсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты