Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Қаулысы. 2003 жылғы 30 қаңтар N 10.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

      өтініш субъектісінің өкілі - республика Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ә.Әбдірахмановтың,

      республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары Е.Ә.Әбілқасымовтың, В.Я.Земляновтың және В.Н.Котовичтің,

      республика Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,

      республика Бас прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,

      республика Орталық сайлау комиссиясының мүшесі В.К.Фосовтың,

      республика Әділет вице-министрі Р.Ш.Шамсутдиновтің,

      сарапшылар: республика ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының қылмыстық құқық және криминология кафедрасының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор И.Ш.Борчашвилидің және Қаржы полициясы академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Ч.Қоғамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Х.Ә.Әбішевті, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне республика Парламентінің бір топ депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініш жасады. Өтініш субъектісі Конституцияның осы аталған баптарының нормаларын мынадай мәселелер тұрғысынан түсіндіруді сұрайды:

      1) Конституция нормаларында жазылған "ауыр қылмыстар" деген сөздерді тиісті кезде қолданыста болған Қылмыстық кодекстегі қылмыстың анағұрлым ауыр санаты ретінде түсіну керек пе;

      2) Конституцияның 15-бабының 2-тармағында жазылған "аса ауыр қылмыстар" деген ұғымды ауыр қылмыстар ішіндегі жасалғаны үшін қолданыстағы Қылмыстық кодекске сәйкес айрықша ауыр өлім жазасы тағайындалу мүмкін қылмыстар тобы ретінде түсіну керек пе;

      3) Конституцияның аталған нормалары қол сұғылмаушылығы Конституцияда баянды етілген, бұрын қылмыстық жауапқа тартылған және ауыр қылмыс жасады деген айыптау бойынша тұтқынға алынған адам әрекетінің саралануы өзгерген жағдайда тиісті органдардың міндетті түрде келісім беруін көздей ме.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын өтініште қойылған сұрақтарға қатысты ресми түсіндірген кезде Конституциялық Кеңес мынаны ескерді:

      1. Конституцияның 52-бабы 4-тармағының, 71-бабы 5-тармағының, 79-бабы 2-тармағының, 83-бабы 3-тармағының және 15-бабы 2-тармағының нормаларынан қылмыстың ерекше ауыр және ауыр қылмыс болып бөлінетіні келіп шығады. Бұл аталған санаттардың ұғымын топтастыру және айқындау қылмыстық заңнама аясына жатқызылған.

      Жоғарыда аталған конституциялық нормалардан келіп шығатыны, бұларда көрсетілген санаттардың ішінде ерекше ауыр қылмыс қоғамдық қауіптіліктің ең жоғары дәрежесіне ие.

      Конституцияның 52-бабы 4-тармағының, 71-бабы 5-тармағының, 79-бабы 2-тармағының және 83-бабы 3-тармағының нормалары, ауыр қылмыс жасалған ретте тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауапқа тартуға тиісті мемлекеттік органдардың келісімін алу қажет емес деп белгілейді.

      "Ауыр қылмыс" санатының атап өтілуін қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін белгілеу деп түсіну керек, бұл, егер тұлға ауыр қылмысқа қарағанда жеңілдеу қылмыс жасаған жағдайда, тиісті органдардың келісімі болуы міндетті екенін, және, керісінше, ауыр қылмыс және ең қауіптісі - ерекше ауыр қылмыс жасаған кездердің бәрінде келісімнің қажет еместігін білдіреді.

      2. Конституцияның 15-бабы 2-тармағын түсіндірген кезде оның мағынасын және бұл норманың Конституция құрылымындағы мәтінін ескерген жөн.

      Конституцияның "Адам және азамат" деген II бөлімінде орналасқан 15-баптың 2-тармағында, ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы арыздану құқығы беріледі, деп белгіленген.

      Ең ауыр жаза жөніндегі норманы шектемелі деп санаған жөн, өйткені ол ауырлығы басқа дәрежедегі қылмысқа емес, тек ерекше ауыр қылмысқа ғана қолданылады. Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін ерекше ауыр қылмыстың нақты құрамын қылмыстық заңнама айқындайды. Бұл ретте ерекше ауыр қылмыс үшін заңда өлім жазасынан басқа да жаза белгіленуі мүмкін.

      3. Қол сұғылмаушылығы Конституциямен баянды етілген, тиісті мемлекеттік органдардың келісімі бұдан бұрын оған қатысты сұралмаған тұлғаның әрекеті ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстан ауырлығы жеңілдеу қылмысқа қарай сараланып өзгерген кезде, тұтқынға алынатын және қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жағдайда, Конституцияның 52-бабы 4-тармағының, 71-бабы 5-тармағының, 79-бабы 2-тармағының және 83-бабы 3-тармағының талаптарына орай қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі туралы ережелерді сақтау міндетті деп санау керек.

      Конституциялық Кеңес, тұтқынға алудың тәртібі, "қылмыстық жауапқа тартудың" мазмұны және соларға байланысты мәселелерді регламенттеу, заңмен реттеу нысаны деп есептейді.

      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 1-бабын , 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33 және 37-бабын , 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағында, 71-бабы 5-тармағында, 79-бабы 2-тармағында, 83-бабы 3-тармағында және 15-бабы 2-тармағында "ауыр қылмыс" және "ерекше ауыр қылмыс" деген санаттар берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясының бұл аталған нормаларынан келіп шығатыны, ерекше ауыр қылмыс өзінің қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесі жағынан ең ауыры болып табылады.

      Қылмыстарды топтастыру қылмыстық заңнама аясына жатады.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабы 2-тармағын, "өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді..." деген бөлігінде, заң шығару арқылы өлім жазасын белгілеуге қойылатын шектеу деп түсінген жөн, бұл жаза өзге жеңілірек қылмыс үшін емес, ерекше ауыр қылмыс үшін көзделінеді. Бұл ретте ерекше ауыр қылмыс үшін заңда өлім жазасынан басқа өзге де жаза көзделінуі мүмкін.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағында, 71-бабы 5-тармағында, 79-бабы 2-тармағында және 83-бабы 3-тармағында белгіленген қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі, тұлға әрекетінің саралануы өзгерген жағдайда да оның сақталуын көздейді, оны тұтқынға алу және қылмыстық жауапқа тарту кезінде бұл аталған конституциялық талаптарды сақтау қажет болады.

      52-баптың 4-тармағы, 71-баптың 5-тармағы, 79-баптың 2-тармағы және 83-баптың 3-тармағы нормаларының мағынасынан, тұтқынға алудың тәртібін және "қылмыстық жауапқа тартудың" мазмұнын айқындау заңмен реттеу нысанына жатқызылғаны келіп шығады.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескеріп, түпкілікті болып табылады.

      5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


төрағасы