Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы 2-тармағын және 6-бабы 3-тармағын ресми түсiндiру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі N 4 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә.Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Р.Қ.Сарпековтiң,
      Республика Әдiлет министрi О.И.Жұмабековтiң,
      Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
      Республика Сыртқы iстер вице-министрi В.П.Зверьковтың,
      Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөнiндегi
агенттігiнiң Төрағасы Б.С Оспановтың қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясы 2-бабының  2-тармағын және 6-бабының  3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Қолдағы бар материалдарды, соның iшiнде сарапшылар - Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспондентi, заң ғылымының докторы, профессор Ғ.С.Сапарғалиевтiң және Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспондентi, заң ғылымының докторы М.К.Сүлейменовтiң қорытындыларын зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестiң мүшесi С.Ф.Бычкованы, отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi  мынаны
      анықтады:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлісi Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясы 2-бабының  2-тармағын және 6-бабының  3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.
      Өтiнiш субъектiсi Қазақстан Республикасы Конституциясының, "мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi", - делiнген 2-бабы  2-тармағына және "Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн", - деп белгiленген 6-бабының  3-тармағына ресми түсiндiрме берудi сұрайды. Бұл орайда ол, Конституцияның  аталған нормаларынан, Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi тек орналастыруға ғана арналған жер учаскелерiн шет мемлекеттердiң меншiгiне беру туралы мәселенi заң актiлерi деңгейiнде шешуге жол берiлетiндiгi келiп шыға ма, - деген сұраққа жауап алуды көздейдi.
      Конституцияның 2-бабы  2-тармағын және 6-бабы  3-тармағын өтiнiш нысанына қатысты түсiндiрген кезде Конституциялық Кеңес мынаны ескердi.

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясындағы  Қазақстан аумағы деген түсiнiк оның егемендiгi деген түсiнiкпен тығыз байланысты. Конституцияның 2-бабы  2-тармағында "Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды" деп белгiленген.
      Мемлекет аумағы сол мемлекет өмiр сүретiн және егемен билiк ұйымы ретiнде қызмет iстейтiн кеңiстiк шегiн бiлдiредi, бұл билiк осы аумақтағы ең жоғары, бiртұтас және тәуелсiз билiк болып табылады. Республика кеңiстiгi қамтитын жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар Қазақстанның жария-құқықтық меншiгiне жатады.
      Мемлекеттiң өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етуi, мыналарға:
      - мемлекеттiң экономикалық ықпалдастықтағы иммунитетiн нығайтуға;
      - Қазақстан Республикасы өз аумағының бiр бөлiгiн өзге мемлекетке бiржақты тәртiппен беруi заң жүзiнде мүмкiн болмауына;
      - Республиканың аумағын басып алуға, қосып алуға немесе бөлуге жол берiлмеуiне;
      - мақсаты немесе iс-әрекетi Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне тыйым салуға;
      - жер-жерлердегi мемлекет органдарының бiржақты тәртiппен мемлекет құрамынан шығу және өзiнiң құқықтық мәртебесiн өзгерту туралы мәселенi қою құқығы болмауына;
      - мемлекет органдарына Республиканың егемендiгi мен аумақтық тұтастығын қорғау және сақтау жөнiндегi қажеттi және жеткiлiктi шараларды қабылдау жөнiндегi мiндеттердi жүктеуге бағытталған экономикалық, саяси, әскери, құқықтық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенiн әзiрлеудi және жүзеге асыруды көздейдi.
      Аумақтық тұтастық - Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiн айқындаушы шарт болып табылады.
      Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын өзгерту, Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде бастамашылық жасауға арқау бола алмайды. "Қазақстан Республикасы Парламентi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзген Конституция нормалары бөлiгiне қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 1) тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына ресми түсiнiк беру туралы" Конституциялық Кеңестiң 1998 жылғы 4 желтоқсандағы N 13/2 қаулысында : "Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге байланысты Парламент құзыретi Конституцияның 91-бабы  2-тармағымен шектелiп, онда "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканың басқару нысанын өзгертуге болмайды" деп белгiленген", - делiнген.
      Конституцияның  бұл аталған нормаларынан келiп шығатыны, Қазақстан Республикасы өз аумағында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi орналастыру үшiн жер учаскелерiн, бұл учаскелердiң мемлекеттiң жария-құқықтық меншiгiнен алынып тасталуына әкеп соқтырмайтын құқықтық нысанда ғана шет мемлекеттерге бере алады. Республика аумағында дипломатиялық өкiлдiктерi тiркелген шет мемлекеттерге Қазақстан Республикасының жер учаскелерiн жалға беру шартымен пайдалануға беруi осындай құқықтық нысан болып табылады. Қазақстан Республикасының аумағы, мемлекеттiк шекарамен белгiленген жалпы кеңiстiк шегi ретiнде өзгерiссiз сақталады.
      Қаралып отырған мәселенi шешер кезде, Конституцияның 8-бабының  "Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау саясатын жүргiзедi" деген ережелерi назарға алынуға тиiс.
      Мемлекеттiң аумақтық тұтастығы мен қол сұғылмауы халықаралық құқықтың түбегейлi принциптерiмен де, Қазақстан Республикасының Конституциясымен  де қорғалады. Республиканың дипломатиялық өкiлдiктер орналасуы үшiн шет мемлекеттерге жер учаскелерiн пайдалануға беруi, мынадай:
      - аталған жер учаскелерiнiң белгiлi бiр мақсатқа арналуы (оларды Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi тек орналастыру үшiн ғана пайдалану);
      - жер учаскелерiнiң мемлекеттер арасындағы өзара кепiлдiк пен тең құқылық принциптерi негiзiнде берiлуi;
      - жер учаскелерi жөнiндегi дауларда Қазақстан Республикасының мүддесiн сақтауға кепiлдiк беретiн, Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердiң иммунитетi туралы заң актiсiнiң қабылдануы секiлдi, Республика аумағының тұтастығына, қол сұғылмауына және бөлiнбеуiне берiлетiн қосымша құқықтық кепiлдiктердi қажет етедi.

      2. Конституцияның 6-бабы  3-тармағына сәйкес "Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн".
      Бұл нормадан келiп шығатыны, Конституция  жер қатынастарын реттеген кезде мемлекеттiң жоғары тұруын баянды етедi, ол, тiптi жерге деген тек қана мемлекет меншiгi режимiн белгiлеуге дейiн бара отырып, меншiктiң және жер айналымының құқықтық режимдерiн айқындайды. Жердiң жеке меншiкте болуының негiздерiн, шарттары мен шектерiн, сондай-ақ оның субъектiлерi мен объектiлерiн заң шығарушы белгiлейдi. Конституцияның 6-бабы  2-тармағында, "меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi", - деп бекiтiлген.
      Республика, өз аумағында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi орналастыру үшiн шет мемлекеттерге жер учаскелерiн пайдалануға бере отырып, өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Жер учаскелерiн берудiң шарттары Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен қарым-қатынасының ерекшелiктерiне қарай нақтыланады. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар осы талапты жүзеге асырудың құқықтық нысаны болып табылады.
      Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 32, 33, 37-баптарын  басшылыққа алып, өтiнiш мәселесiне қатысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының, мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi делiнген 2-бабы  2-тармағын, оның аумағын бөлшектеуге, мемлекеттiң келiсiмiнсiз табиғи ресурстарды пайдалануға және Қазақстан аймақтарының мәртебесiн өздiгiнше өзгертуге жол бермеушiлiк, мемлекеттiк шекараның мызғымастығы және мемлекеттiң ұлттық мүддесi мен егемендi теңдiгiне нұқсан келтiретiн аумақтық шегiнiмге тыйым салу деп түсiнген жөн.
      Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi орналастыру үшiн жер учаскелерi шет мемлекеттерге жалға беру шартымен пайдалануға берiледi. Өздерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерi орналасатын аумақта шет мемлекеттердiң юрисдикциясы халықаралық құқықпен танылған және Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы  2-тармағында баянды етiлген аумақтың егемендiгi, тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлiнбеуi принциптерiн бұзбайды.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы  3-тармағы, жер қатынастарын реттеу құқығы мемлекетке тиесілі екенін, ол меншiктiң және жер айналымының құқықтық режимдерiн белгiлейтiнiн бiлдiредi. Жердiң жеке меншiкте болуының негiздерiн, шарттары мен шектерiн, сондай-ақ оның субъектiлерi мен объектiлерiн заң шығарушы белгiлейдi.
      Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi орналастыру үшiн шет мемлекеттерге жер учаскелерiн пайдалануға беру, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы  4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы