Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасын және 82-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2000 жылғы 5 шілдедегі N 11/2 қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының мәтіні бойынша: «, алқаларының төрағаларын», «, алқаларының төрағалары», «алқаларының төрағаларына» деген сөздер алынып тасталды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Төрағасының мiндетiн атқарушы В.Д. Шопин, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнің өкiлi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнің депутаты А.Қ. Дауылбаевтың қатысуымен, өзiнің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасын және 82-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Қолдағы бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы - Конституциялық Кеңес мүшесi А.К. Котовтың баяндамасын, отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасын және 82-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiніші келіп түсті.
      Өтiнiште баяндалғанындай, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын сайлауы практикада баламалы негiзде жүргiзiлмейдi. Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасына және 82-бабының 1-тармағына ресми түсiндiрме берудi, нақтырақ айтқанда: Республика Конституциясының жоғарыда келтiрiлген баптарындағы "сайлау" сөзi Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы және Жоғарғы Сот судьялары қызметiне iрiктеудi баламалы негiзде жүргiзу мүмкiндiгiн бiлдiре ме деп сұрайды.
      Аталған конституциялық нормаларға түсiндірме бергенде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.
      Республика Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасында Сенаттың ерекше қарауына "Қазақстан Республикасы Президентiнің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау" жататыны белгiленген. Осы сайлаудың тәртiбi Қазақстан Республикасы Конституциясы 82-бабының 1-тармағында көзделген, оған сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сот судьяларын Республика Президентінің Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнің кепілдемесiне негiзделген ұсынуымен Сенат сайлайды.
      Жоғары судьялық қызметтерге баламалы iрiктеу Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 43-бабы 2-тармағында көзделген судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптармен, бiлiктілік емтихандарын тапсыру және Жоғары Сот Кеңесiнің кепiлдемесiн алу рәсiмдерiмен қамтамасыз етiледi. Тек осыдан кейiн ғана Жоғарғы Сот Кеңесi Республика Президентiнiң Парламент Сенатына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және Жоғарғы Сот судьялары қызметiне сайлау үшін мiнсiз репутациясы бар және заң белгiлеген басқа да талаптарға лайық нақты адамдарды ұсынуына кепiлдеме бередi. Осы жоғары судьялық қызметтерден босату туралы ұсыным беру де тиiстi тәртiппен жүргiзiледi.
      Парламент Сенатының жалпы отырысындағы келесi талқылауда Республика Президентінің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және Жоғарғы Сот судьялары қызметiне ұсынған кандидатураларын Сенат тиiстi қызметтерге сайлайды, бұл өз мәнінде елiмiздің жоғары судьялық лауазымдарын сайлаудың демократиялық рәсiмi болып табылады. Сенат, сондай-ақ тиiстi судьялық лауазымға Президент ұсынған қандай кандидатура болса да қабылдамауға және сайламауға құқылы, мәселен, 1996 жылғы қазанда Республика Жоғарғы Сотын құру туралы мәселенi Сенаттың қарау барысында осындай жағдай болды.
      Көрсетiлген лауазымды адамдардың кез-келгенiнің сайланбауының құқықтық салдары Конституцияға сәйкес Жоғары Сот Кеңесiнде барлық рәсiмдердің қайталануы болып табылады. Республика Президентi Жоғары Сот Кеңесiнің кепілдемелерiн негiзге алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және Жоғарғы Сот судьялары қызметiне бұрынғы ұсынған немесе басқа да кандидатураларын Сенатта сайлау үшiн қайта ұсынуға құқылы.
      Көрсетілген қызметтерге кандидаттарды басқа мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдардың ұсынуы және өзге тәртiппен ұсыну қолданылып жүрген конституциялық құқықта көзделмеген.
      Баяндалғанның және Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 1-тармағы 4) тармақшасының негiзiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабы 1) тармақшасын және 82-бабының 1-тармағын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына және Жоғарғы Сот судьяларына өкiлеттiктер берудің және оларды қызметiнен босатудың Республика Конституциясы белгiлеген мiндетті түрдегi әдiсi және тәртiбi деп түсiну және қолдану керек.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес, осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi және шағымдануға жатпайды, Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндетті және түпкiлiктi болып табылады.
      3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесі
      Төрағасының мiндетін атқарушы