Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрiк халықаралық университетi туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң өкiмi 9 сәуiр 1993 ж. N 137-ө

Қолданыстағы
      Түрiк Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы 1992 жылғы 9 қарашадағы Келiсiмге сәйкес Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрiк халықаралық университетi ғимараттары кешенiнiң құрылысы сметалық құнының бiрдей үлесiмен тараптардың өзара тең болуы негiзiнде жүзеге асырылады. Осы аталған келiсiмдi сөзсiз орындау мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 1 наурыздағы тапсырмасын орындау үшiн:
      1. Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрiк халықаралық университетiнiң Кешендi даму бағдарламасы және университет ғимараттары құрылысының техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу жөнiндегi тапсырма бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi Инвестициялық қордың есебiнен Бiлiм министрлiгiне 1993 жылы жобалық сметалық құжаттамалар әзiрлеуге қажеттi қаржы бөлудi көздейтiн болсын. Алдағы уақытта университет құрылысына жұмсалатын күрделi қаржы тиiстi жылға мемлекеттiң мұқтаждары үшiн бөлiнетiн күрделi қаржы көлемiн қалыптастыру кезiнде қаржыландырудың республикалық орталықтандырылған көздерiнiң есебiнен қарастырылатын болсын.
      3. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi Қазақстан Республикасының Сәулетшiлер одағының "НАР" шығармашылық-өндiрiстiк шеберханасымен бiрлесiп, жобалық-сметалық құжаттамалардың Келiсiмде белгiленген мерзiмде әзiрленуiн қамтамасыз етсiн. Университет ғимараттары кешенiнiң құрылысына арналған техникалық-экономикалық негiздеме бекiтуге 1993 жылғы 15 мамырға дейiн ұсынылсын.
      4. Құрылыстың басталуын жеделдету үшiн жобалау ұйымына техникалық-экономикалық негiздеме бекiтiлгенге дейiн сыртқы инженерлiк желiлердiң жұмыс жобаларын әзiрлеуге рұқсат етiлсiн.

      Премьер-министр