Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтіні бойынша:
"тергеуші" деген сөз "сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам" деген сөздермен;
"қылмыс" деген сөз "қылмыстық құқық бұзушылық" деген сөздермен;
"алдын ала тергеу" деген сөздер "сотқа дейінгі тергеп-тексеру" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. бүкіл мәтін бойынша:
"ҚІЖК-нің" деген сөздер "КПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
"1-бөлігінің", "1-бөлігінде", "1-бөлігіне", "2-бөлігінде", "2-бөлігінің" деген сөздер тиісінше "бірінші бөлігінің", "бірінші бөлігінде", "бірінші бөлігіне", "екінші бөлігінде", "екінші бөлігінің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Есі дұрыс емес адамдарға, сондай-ақ маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет ететін адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қылмыстық істерді және медициналық сипаттағы шараларды қолдануды тоқтату, өзгерту және мерзімін ұзарту туралы ұсыныстарды қарау жөніндегі сот практикасын талқылай отырып, осы санаттағы істерді қарау кезінде кемшіліктерді жою және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Есі дұрыс емес күйінде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін психикасы бұзылған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және психиатриялық жәрдемді немесе маскүнемдіктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлі емделуді қажет ететін адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын дұрыс қолдану олардың жазылуына немесе денсаулықтарының жақсаруына әсер ететініне, сондай-ақ осы адамдардың қылмыстық заң бойынша жауаптылық белгіленген жаңа іс-әрекеттер жасауының алдын алуға ықпал ететініне соттардың назары аударылсын.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, оларды қолданудың мерзімін ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелер осы санаттағы істер бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктерін көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 91-98-баптарында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 54-тарауының баптарында регламенттелгені түсіндірілсін. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының қолданылуына байланысты медициналық жәрдем көрсетудiң негiздерi мен тәртiбi Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының кодексімен реттеледi.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Адамда психикалық аурудың болуы, соның салдарынан оның өз әрекеттерiнiң іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн түсiну немесе оларды басқару қабілеттігінен айырылуы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiз болмайтынын соттардың ескергені жөн. Осыған байланысты әрбір iс бойынша қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттің жасалғаны дәлелденген-дәлелденбегенін, адамның оны жасау кезінде есі дұрыс емес күйде болған-болмағанын тексеру қажет. Бұған қоса психикасының бұзылуына байланысты адамның өзiне немесе басқа адамдарға қауiптілігiн немесе оның басқа да елеулi зиян келтiру ықтималдығын куәландыратын нақты деректер анықталуы тиіс.
Психикасының бұзылуының сипаты мен ауырлығы, осыған байланысты оның басқа адамдарға зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға немесе өзіне зиян келтіруге, қоғамға қауіпті өзге де іс-әрекеттер жасауға (мүлiктi ұрлау, өртеу, жою немесе басқа тәсiлдермен бұзу және т.б.) бейімділігі, сондай-ақ аурудың өзінің қоғамға қауіпті ниеттерін іске асыру мүмкіндігі бағаланатын аурудың физикалық жай-күйі адамның өзі үшін немесе айналадағы адамдар үшін қауіпті екенін куәландыруы мүмкін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. ҚПК-нiң 271-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген адамның психикалық дұрыстығына күмән келтiретiн мән-жайлар анықталған әрбір қылмыстық iс бойынша мiндеттi түрде сот-психиатриялық сараптама тағайындалуы тиіс. Мұндай мән-жайлар, атап айтқанда, күдіктінің, айыпталушының отбасында психикалық аурумен ауыратын туыстарының болуы туралы, оның ақыл-есі кем адамдарға арналған мекемеде оқуы туралы, бұрын жарақат алғаны туралы, психиатриялық ауруханаларда есепте тұрғаны немесе емделгені туралы, психикасының бұзылуына байланысты бұрын қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылғаны туралы және т.б. деректер болуы мүмкін. Сарапшылардың шешуіне сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау туралы қаулыда адамның бұрын психикасының бұзылуының болуы, заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған кезде немесе тергеп-тексеру не сот істі қарау барысында психикалық ауруының дәрежесi мен сипатын анықтауға, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған кезде есінің дұрыстығын, күдіктінің, айыпталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн алдын ала тергеу немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе сот талқылауы кезеңінде не сот үкімі бойынша қылмыстық жазаны өтеу кезінде психикалық жай-күйін, сондай-ақ психикасы бұзылуының сипаты мен асқынуын анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтарды қойған жөн. Сонымен қатар сарапшыларға адамның анықталған ауруына байланысты оның өзiне және басқа адамдарға қауiп төндіру-төндірмеуі, басқа да едәуір зиян келтіре алатын-алмайтыны, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын және оның қай түрін қолдануды қажет ететін-етпейтіні, сондай-ақ психикалық ауруының сипаты мен асқынуын ескере отырып, адамның түсiнiктемелер беруге, өтiнiшхаттар мәлiмдеуге, дәлелдемелер ұсынуға және ҚПК-нің 515-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген басқа да әрекеттерді жасауға мүмкіндігінің бар-жоғы жөнінде мәселелерді қойған жөн.
Қылмыстық iсте адамның спирттік ішімдіктерді, есiрткi, психотроптық немесе өзге де есеңгiрететiн заттарды жүйелi түрде қолдануы туралы мәлiметтер болған жағдайда қылмыстық процестi жүргiзетін орган осындай адамдарды куәландыруға жіберу туралы қаулы шығарып, iске осы адамның маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлі емдеудi қажет ететiн-етпейтіні және оған қарсы көрсетілімдердің бар-жоғы туралы медициналық комиссияның қорытындысын қоса тіркегені жөн.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Бiр әрекетке қатысты адамның есiн дұрыс емес деп тану басқа іс-әрекетті жасаған кезде оның есі дұрыс деп тану мүмкiндiгін жоққа шығармайтыны түсiндiрiлсiн. Осыған орай, бұрын есі дұрыс емес деп танылған және қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған жағдайда, жаңадан жасаған іс-әрекетiнiң әр эпизодына қатысты оның есiнiң дұрыстығын немесе дұрыс еместігін анықтау мақсатында сот-психиатриялық сараптама тағайындалуы және өткiзiлуi тиiс. Қажет болған жағдайда стационарлық сот-психиатриялық сараптама, сондай-ақ психологиялық-психиатриялық сараптама өткiзудi тағайындаған жөн.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органдар ҚПК-нiң 14, 279-баптарына сәйкес күзетпен ұсталған күдіктіні, айыпталушыны сот-психиатриялық сараптама жүргiзуге медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру үшiн бұл туралы тергеушiнiң қаулысы керек екендiгiн, ал күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзуге медициналық ұйымға орналастыру үшiн оның келiсiмi, олай болмаған жағдайда сот қаулысы керек екендiгiн ескергенi жөн.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған сәтте адамның есiнің дұрыс еместігі туралы немесе қылмыс жасағаннан кейiн оның психикасының бұзылғаны туралы сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысын алған кезде, тергеуші қылмыстық-процестік заңның алдын ала тергеуді жүргізу тәртібін реттейтiн жалпы нормаларынан басқа, ҚПК-нің 509-518-баптарының: iстi бөлек іс жүргізуге шығару мәселесiн шешу, бұлтартпау шарасының күшін жою және қажет болған жағдайда қауiпсiздiк шарасын қолдану, қорғаушы мен заңды өкiлді, егер олар бұрын басқа негiздер бойынша iске қатыспаса, iске тарту жөніндегі талаптарын дереу орындауға тиiс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Қылмыстық процесті жүргiзетiн органдардың назары мынаған аударылсын: қоғамға қауiптi іс-әрекеттердi есi дұрыс емес күйде жасаған адамдарға немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылған адамдарға ҚПК-нің 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларын қолдануға тыйым салынады. Мұндай адамдарға ҚПК-нің 511-бабының екінші бөлігінде көзделген қауiпсiздiк шаралары қолданылуы мүмкiн: денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру, психиатриялық көмек көрсететін ұйымға немесе мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру. Ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру түріндегі қауіпсіздік шарасы аталған адамдардың келісімімен ғана қолданылуы мүмкін, ал олар бас тартқан жағдайда медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін екендігін ескерген жөн. Iс бойынша анықталған, есi дұрыс емес адамның өзiне немесе өзге де адамдарға қауiпті екендігін немесе басқа да елеулі зиян келтiруi мүмкiн екендігін куәландыратын деректер қауiпсiздiк шараларын қолдануға және оның түрiн таңдауға негiз болады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.9. Қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету қажет болған жағдайларда адамдар орналастырылатын мамандандырылған медициналық ұйымдарға: жалпы үлгідегі психиатриялық стационар, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационар, қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарлар жатады. Сот, тергеу судьясы ҚПК-нің 14-бабының екінші бөлігінде, 279-бабының екінші бөлігінде және 511-бабының екінші бөлігінде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып, қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты мамандандырылған медициналық ұйымға мәжбүрлі түрде орналастыру туралы уәжді қаулы шығаруы тиіс.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Егер алдын ала тергеу жүргізу барысында есі дұрыс емес күйінде қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған адамға оның психикалық аурумен ауыру фактiсi анықталғанға дейiн бұлтартпау шарасы қолданылып, ол тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн жойылмаса, онда iстi өз іс жүргізуіне қабылдаған прокурордың немесе соттың қаулысы бойынша оның күші дереу жойылып, қауiпсiздiк шарасын таңдаған кезде адам психиатриялық көмек көрсететiн тиiстi медициналық ұйымға ауыстырылуы немесе бiреудiң қарауына тапсырылуы тиіс.
Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты ауруды бiреудiң қарауына тапсыруды немесе мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыруды нақты жүзеге асыру тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың жасаған хаттамасы, қаулысы түрінде рәсiмделуi керек. Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың мамандандырылған медициналық ұйымдағы адамды сараптама жүргізу үшiн немесе сот отырысына не мәжбүрлі емделетін жерге жеткізу туралы процестік шешімін орындау есі дұрыс емес адам орналастырылған медициналық ұйыммен келiсе отырып, iшкi iстер органдарына жүктеледi.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. Сот психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша адам өзiнiң процестік құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылмаған жағдайда, қылмыстық процестi жүргiзетiн органдар ҚПК-нiң 515-бабы екінші бөлігінiң талаптарына сәйкес ондай адамға процестік құқықтарын түсiндiруi және олардың тізбесін жазбаша түрде беруi тиiс.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. ҚПК-нiң 517-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы мiндеттi болып табылады. Қорғаушының iске қатысуы, егер ол бұрын ҚПК-нiң 64, 66, 67, 536-баптарында көрсетiлген өзге негiздер бойынша iске араласпаса, адамның есінің дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап жүзеге асырылуы тиiс.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. ҚПК-нің 7-бабының 11) тармағына сәйкес есi дұрыс емес немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикалық ауруға шалдыққан адамдардың ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-iнілерi, апа-сiңлілерi, атасы, әжесi, немерелерi заңды өкiлдерi болып танылуы мүмкiн. Егер адамның жақын туыстары болмаған жағдайда, адвокат немесе iс бойынша іс жүргізу кезінде басқа адамдардың заңды мүддесiн қорғауға құқығы бар, қылмыстық процесті жүргiзетін орган іске қатысуға рұқсат берген адам оның заңды өкiлi бола алады.
Іске қатысуға заңды өкілді тарту тергеушiнiң қаулысымен, егер ол оны жасамаса, iстi өзінің іс жүргізуіне алған прокурордың қаулысымен не соттың қаулысымен жүзеге асырылады.
Заңды өкiлдi iске тарту туралы мәселе iсі жүргiзiлiп жатқан адамның есiнің дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылу фактiсi анықталған кезден бастап шешілу керек. Қылмыстық процесті жүргiзетін орган заңды өкiлге ҚПК-нің 516-бабының үшінші бөлігінде көрсетiлген құқықтарын түсiндiруге және бұл туралы хаттама толтыруға (сот отырысының хаттамасына жазып қоюға) мiндеттi.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Жақын туысы болып табылатын есi дұрыс емес адамның заңды өкiлi өзiнiң келiсiмімен ғана және басқа адамның заңды өкiлi болып басқа заңда көрсетiлген жақын туысқаны танылғаннан кейiн қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаудың мән-жайлары туралы куә ретiнде жауап бере алады.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша жасалған іс әрекетке заң тұрғысынан баға берілуіне қарамастан, алдын ала тергеу мiндеттi түрде жүргізіліп, оның барысында ҚПК-нiң 510-бабының екінші бөлігінде көрсетiлген мән-жайлар толық, жан-жақты және объективтi түрде зерттелуi тиiс.
Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адам психикасының бұзылу сипаты мен дәрежесіне қарай өзiне және басқа да адамдарға қауiп төндірмейтін болса, сондай-ақ өзге де елеулі зиян келтiру мүмкiндiгi болмаған жағдайларда, алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін тергеуші ҚПК-нiң 35-бабы бірінші бөлігінің 9)-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ҚПК-нiң 288-бабының екіншіден бастап алтыншыны қоса алғандағы бөліктерінің талаптарына сәйкес келетін қаулы шығаруы тиiс. Басқа жағдайларда алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулы шығаруға және iспен бiрге оны тиiстi прокурорға жiберуi керек.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.16. Егер алдын ала тергеу барысында адамның қылмысты жасағаннан кейiн психикасының бұзылуы қылмыстық қудалауды жалғастыруға мүмкiндiк бермейтiнi анықталса, қылмыстық процестi жүргiзетін орган ҚПК-нің 35 және 288-баптарының талаптарын сақтай отырып, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатуы керек. Сонымен қатар, ауырып қалған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажет болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұл туралы қаулы шығарып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыны тексеру және бекіту үшiн iстi тиiстi прокурорға жiберуге мiндеттi. Прокурор қаулыны бекіткеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қабылданған шешім туралы ҚПК-нің 289-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдарды хабардар етуге міндетті.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. ҚПК-нiң 518-бабының бесінші бөлігіне сәйкес прокурор медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысымен келiп түскен iстi қарап, онда ҚПК-нің 35 және 288-баптарында көрсетiлген негiздер болған жағдайда iстi тоқтатуға, ал қажет болған жағдайда (мысалы, адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаны фактiсiн растайтын немесе терiске шығаратын мән-жайларды қосымша анықтау үшiн, іс-әрекетке дұрыс заңдық баға беру үшін, iске қорғаушыны, заңды өкілдi тарту үшiн, қауiпсiздiк шараларын қабылдау үшiн, мүдделi адамдардың iспен танысу туралы өтінішхаттарын шешу үшiн және т.б.) қосымша тергеп-тексеруге қайтаруға мiндеттi. Iстi тоқтатуға немесе қосымша тергеп-тексеруге негiз болмаған жағдайда, прокурор аумақтық соттылық қағидаларын сақтай отырып, iстi тиісті сотқа жiберуі тиiс. Прокурор қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттерді жасаған есi дұрыс емес адамдарды немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылған адамдарды сотқа тапсыру туралы қаулы шығармайды.
Адамның заңда кепілдендірілген құқықтарын сақтау мақсатында, оған қатысты іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылатын болса, процестің басқа да қатысушыларына сияқты оған және оның заңды өкіліне, істі тоқтату туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жолдау туралы қаулы міндетті түрде тапсырылады.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.18. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстердi соттың іс жүргізуіне қабылдау және оны қарауға тағайындау судьяның қаулысымен ресімделуі керек. Қаулының қарар бөлiгiнде iстi қараудың күнi мен орнынан басқа, бұлтартпау шарасының, егер тергеуші немесе прокурор оның күшін жоймаса, күшін жою туралы, қажет болған жағдайда қауiпсiздiк шараларын таңдау, өзгерту немесе оның күшін жою туралы, сот iсiн жүргiзу тілі туралы, сот талқылауының жариялылығы туралы, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шаралары туралы, iсi келiп түскен адамның сот отырысына қатысуы туралы, сот отырысына жәбiрленушiлердi, куәларды, сарапшыларды шақыру туралы, сондай-ақ iстiң дұрыс және заңды қаралуына маңызы бар басқа да мәселелер туралы шешiмдер көрсетiлуi тиіс.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.19. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қылмыстық істерді ҚПК-нің 306 - 309-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды. Басты сот талқылауы барысында сотталушының есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны немесе оның психикасының бұзылғаны анықталса, есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану немесе қолданудан бас тарту туралы қаулы шығара отырып және басқа адамдарға қатысты шешім қабылдай отырып, істі мәні бойынша сол сот отырысында бір іс жүргізуде қарауға жол беріледі.
Егер қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататын адамдар туралы істерді қарау ұзақ уақытты қажет етсе, онда сот ҚПК-нің 44-бабының талаптарын сақтай отырып, есі дұрыс емес адамға қатысты материалдарды бөлек іс жүргізуге шығаруға құқылы.
Істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша апелляциялық, кассациялық тәртіппен қарау барысында іс-әрекетті жасаған кезде адамның есі дұрыс емес күйде болғаны немесе қылмыс жасағаннан кейін, бірақ бірінші сатыдағы сот шешім қабылдағанға дейін жазаны тағайындау немесе орындау мүмкін болмайтын психикалық бұзылулармен ауырды деп пайымдауға негіз беретін мән-жайлар анықталған кезде, іс бойынша шығарылған сот актілері ҚПК-нің 54-тарауының қағидаларына сәйкес істі жаңадан сот қарауына жіберілуге жатады.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.20. Iстiң дұрыс шешiлуi үшін маңызы бар, адамның қылмыстық заңда көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекетті жасағанын белгілейтін немесе терiске шығаратын дәлелдемелердi, сондай-ақ басқа да елеулі мән-жайларды мұқият тексеру керек екендiгiне соттардың назары аударылсын. Осы мақсатта сот отырысына жәбiрленушілер, куәлар шақырылып, айғақтар алынуы, жазбаша дәлелдемелер жарияланып, зерделенуі, заттай дәлелдемелер зерттелуi тиiс. Адамның есi дұрыс еместігі, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, мәжбүрлеу шараларының түрiн айқындау туралы мәселенi шешу соттың құзыретіне жатады. Сондықтан психиатр-сарапшылардың қорытындысына iстегi барлық материалдармен жиынтықта мұқият баға берiлуi керек. Егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы оның қысқаша жазылғанына, уәжді болмауына немесе басқа да себептерге байланысты сенім тудырмаса, немесе онда сол санаттағы iстер бойынша анықталуға жататын мәселелердiң барлығы көрсетілмесе, соттар қосымша немесе қайта сараптамалар жүргiзудi тағайындауы қажет. Іс жүргізу қажет болған жағдайда сараптаманы қайта жүргiзу тәуелсiз сараптамаға тапсырылуы мүмкiн (Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінiң Сот сараптамасының орталығы базасында ұйымдастырылған сот-психиатриялық сараптама, т.б.).
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.21. Сот тергеуi прокурордың есi дұрыс емес деп танылған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігi туралы дәлелдерді баяндаудан басталатынын соттар ескерсiн. Бұл ретте прокурор ҚПК-нің 510-бабында көрсетілген мән-жайларды растайтын, сондай-ақ аурудың өзiне және өзге адамдарға қауiптілігiн куәландыратын iстегi барлық дәлелдемелердi келтіруі және олар дәлелденген жағдайда сотқа есi дұрыс емес адамға ҚК-нің 93-бабында көзделген медициналық мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолдануды ұсынуы тиiс. Айыптау және қорғау тараптары iс бойынша жүргізiлген іс жүргізудің заңдылығын, ҚПК-нің 510-бабында көрсетiлген мән-жайлардың дәлелденгендiгiн тексеруге қатысуға, ал ҚПК-нің 383-бабында көзделген тәртiппен өткiзiлген жарыссөз кезiнде сотқа сот тергеуiнде анықталғанға, оның пікірінше, сәйкес келетін шешiм қабылдауды ұсынуға мiндеттi.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.22. ҚПК-нің 520-бабына сәйкес сот талқылауы барысында: іс-әрекеттiң болған-болмағанын; оның заңды бағасы; осы іс-әрекетті iсi қаралып жатқан адам жасаған-жасамағанын осы адамның іс-әрекеттi жасау кезінде есi дұрыс емес күйде болған-болмағанын немесе оны жасағаннан кейiн психикасы бұзылып ауырып қалған-қалмағанын; қылмыс жасағаннан кейiн ауырып қалған адамға жаза тағайындау және оны орындау мүмкіндігінің болатын-болмайтынын; ауру адамның өзiне және басқа адамдарға қауiптi-қауіпсіз екендігін және өзге де елеулi зиян келтiруi мүмкiндiгiнің бар-жоғын; мұндай адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану және нақты қандайын қолдану қажет немесе қажет еместігі анықталуы тиіс екендiгi түсiндiрiлсiн. Сонымен қатар сот азаматтық талап қою қанағаттандырылуға жататын-жатпайтынын кiмнiң пайдасына, және қандай мөлшерде, сондай-ақ егер азаматтық талап қою берiлмесе, мүлiктiк зиян өтелуге жататын-жатпайтынын; азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуге тыйым салынған мүлiктi не iстеу керектігі; заттай дәлелдемелер туралы мәселелерді анықтауы тиiс.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.23. Сот талқылауы нәтижелері бойынша сот: ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген негiздер бойынша, егер iс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар анықталса, iстi тоқтату туралы; адамды қылмыстық жауаптылықтан босату және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолдану туралы; адамды қылмыстық жазадан босату және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбастан істі тоқтату; тергеп-тексеруді жалпы тәртіппен ұйымдастыру үшін істі прокурорға жолдау туралы қаулылардың бiрiн шығаруға тиiс. ҚК-нің 93-бабында көрсетiлген медициналық сипаттағы бір ғана мәжбүрлеу шаралары және тек ҚК-нің 91-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген мән-жайлар анықталған жағдайда ғана қолдануға құқылы екенiне соттардың назары аударылсын. Соттар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын таңдау кезінде ҚК-нің 92-бабында көрсетiлген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсатын негізге алуы, жасалған іс-әрекеттiң қоғамдық қауiптілігiн, психикалық бұзылудың дәрежесі мен асқынуын, осы адамның өзге адамдарға және өзiне қауiптi болуын және қауiптілік деңгейiн немесе психикасының бұзылуына байланысты өзге де елеулі зиян келтіру мүмкiндiгiн, сондай-ақ адамның емдеудi қажет ететiнiн ескеруi тиiс. Психикасы бұзылған адамның өзiне және өзге де адамдарға қауiптілiгiнiң дәрежесі және оның басқа да елеулі зиян келтіру мүмкiндiгi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрiн анықтау үшiн басым негiз болып табылады.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.24. Сот қаулысы ҚПК-нің 521-бабының талаптарына жауап беруi керек. Онда iсi қаралып жатқан адамның жасаған іс-әрекетiнiң сипаты, осы іс-әрекет қылмыстық заңның қай нормасында көзделгенi, іс-әрекеттi осы адамның жасағанын растайтын дәлелдемелер баяндалуы тиіс. Сонымен бiрге қаулыда адам психикасының бұзылуына шалдыққанына дәлелдемелер келтірілуі тиіс, бұл ретте адам іс-әрекеттi жасаған сәтте есi дұрыс емес күйде болған-болмағанын немесе психикасының бұзылуы қылмыс жасағаннан кейiн басталған-басталамағанын мiндеттi түрде көрсету қажет.
Егер сот адамның қылмыс жасаған кезде өзiнiң әрекеттерiне жауап бере алған және оларды басқара алған, ал психикасы қылмыс жасалғаннан кейiн бұзылған деген қорытындыға келсе, онда қаулыда мiндеттi түрде оның ауруы қылмыстық жаза тағайындауға және оны орындауға кедергi болатын-болмайтыны туралы нақты дәлелдер келтірілуі тиiс.
Психикасының бұзылуына байланысты адамның қылмыстық жауапты бола алмайтынын немесе қылмыстық жазаға тартыла алмайтынын тани отырып, сот қаулыда адамның өзi немесе айналасындағы адамдар үшiн қауiптілігi туралы немесе оның өзге де елеулі зиян келтiре алатындығы туралы тұжырымының себептерiн келтiруге мiндеттi.
Маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы осы адамдарға тағылған айып бойынша қабылданған сот үкімінде немесе өзге де қорытынды шешiмiнде көрсетiледi. Ақтау үкімі шығарылған кезде маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеу қолданылмайды.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.25. Қаулының қарар бөлiгiнде соттарға қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған адамды заңда көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолданып немесе осындай шараларды қолданбай, оны қылмыстық жауаптылықтан босату туралы және iстi тоқтату туралы көрсетуі тиіс.
Егер сотта адамның психикасы қылмыс жасағаннан кейiн бұзылғаны анықталса, сот қаулының қарар бөлiгiнде ҚК-нің 75-бабының бірінші бөлігінің негізінде, оған заңда көрсетiлген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолданып немесе оны қолданбай, адамды жазаны өтеуден босату және ҚК-нің 75-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ондай адамдарға жазылғаннан кейiн қылмыстық жауаптылыққа тартылатындығын және ҚК-нің 71 және 77-баптарында белгiленген ескiру мерзiмдерi шеңберiнде қылмыстық жазаны қолдану мүмкіндігін ескере отырып, iс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы көрсетуге мiндеттi. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзiмдерi сот қаулысында көрсетiлмейдi. Қаулыда ісі қаралған адамның қорғаушысы, заңды өкілі немесе жақын туысы, жәбірленуші және оның өкілі апелляциялық тәртіппен шағым жасай алатыны, сондай-ақ ҚПК-нің 48-тарауында жазылған қағидалар бойынша прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін екендігі көрсетілуі тиіс. Iсi қаралған адамның жақын туысы оның iс бойынша заңды өкiл болған-болмағанына және iске қатысқан-қатыспағанына қарамастан, апелляциялық шағым беруге құқылы екенi түсiндiрiлсiн. Iсi қаралған адам, егер сараптама қорытындысы бойынша оның психикалық жай-күйі iс бойынша сот ісін жүргізуге қатысуға мүмкіндік берсе, сот қаулысына шағымдануға құқылы. Өзге жағдайларда бұл адамның, сондай-ақ азаматтық талап қоюшының, азаматтық жауапкер мен олардың өкілдерінің шағым беру құқығы жоқ.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.26. ҚК-нің 91-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарында көзделген негiздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған сот қаулысының орындалуы қарамағында психиатриялық стационарлар бар денсаулық сақтау органдарына және iшкі iстер органдарына жүктеледi.
Қылмыстық жазамен қатар мәжбүрлеп емдеу тағайындалған, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен, уытқұмарлықпен немесе психикасының бұзылуымен ауыратын адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды орындау тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiмен анықталады.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.27. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану және психиатриялық көмек көрсету жүктелген денсаулық сақтау органдары медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданған күннен бастап 6 ай өткен соң, ал одан кейiн жүйелi түрде 6 ай сайын ауруды куәландырып, қолданылған емдеу тәсiлдерiнiң және медициналық бақылаудың негiзiнде ҚК-нің 96-бабына сәйкес сотқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды өзгерту, мерзiмiн ұзарту немесе тоқтату туралы негiзделген қорытынды ұсынуға мiндеттi. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзiмiн соттың жүйелi түрде ұзартуынсыз адамды психиатриялық стационарда ұстау заңсыз болып табылады.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.28. Психиатр-дәрігерлер комиссиясының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату, өзгерту немесе мерзімін ұзарту қажеттігі туралы ұсынуын (қорытындысын) қарауды мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулыны шығарған соттың судьясы жеке-дара жүзеге асырады. Егер мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйым аталған соттардың аумақтық соттылығынан тыс жерде болса, онда ұсынуды медициналық ұйым орналасқан жердегі тиісті аумақтық сот қарайды. Сот қызметiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды негiзсiз өзгерту, мерзiмiн ұзарту немесе тоқтату фактiлерi жойылуы тиiс. Соттар есi дұрыс емес деп танылған адамның жасаған қылмысы ауыр немесе аса ауыр қылмыстарға жататын жағдайларға, оның медициналық ұйымда болу мерзiмiне және дәрiгерлiк қорытындыда көрсетiлген оның психикасындағы өзгерiстерге ерекше назар аударуы керек. Мұндай адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту өткiзiлген емдеуден кейiн немесе психикалық және тән күйiнiң өзгеруi салдарынан өзiне және өзге адамдарға қауiптi болмайтынын дәлелдейтiн шынайы, даусыз мән-жайларға негiзделуi тиіс.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту, мерзiмiн ұзарту туралы ұсынуды қарау нәтижесiнде шығарылған қаулыға ҚПК-нің 522-бабында көрсетiлген адамдар шағым жасауы, наразылық келтіруі мүмкін.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.29. ҚПК-нің 477-бабының бірінші бөлігіне сәйкес айыптау үкімін шығарумен және қылмыстық жаза тағайындаумен қатар адамға қолданылған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзiмiн ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелердi сотталушы жазаны өтеп жатқан мекеменiң ұсынысы бойынша немесе оның жеке өтiнiшхаты бойынша сотталушының жазаны өтеу орны бойынша аудандық немесе оған теңестiрiлген сот шешетiнi соттарға түсiндiрiлсiн. ҚК-нің 75-бабында көзделген негіздер бойынша адамды жазадан босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды, сотталған адамды жазадан босату туралы қаулыны шығарған аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы жеке-дара жүзеге асырады. Егер мәжбүрлеп емдеу сот үкімімен ҚК-нің 91-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тағайындалса, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы ұсынуды жаза өтелiп жатқан жердегi аудандық немесе оған теңестiрiлген сот қарайды.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.30. Осы қаулының қабылдануына байланысты Пленумның 1985 жылғы 1 қарашадағы № 17 қаулысымен енгiзілген өзгерiстермен "Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, өзгерту және тоқтату жөніндегі сот тәжiрибесi туралы" КСРО Жоғарғы Сот Пленумының 1984 жылғы 26 сәуірдегі қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Пленум хатшысы |