Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының Қаулысы 1999 жылғы 9 шілде N 7

Жаңартылған

      Сот тәжiрибесiн зерттеу - соттардың қызметiнде азаматтарды заңсыз соттау фактiлерi орын алғанын көрсеттi. Кейбiр iстер бойынша заңда көрсетiлген қылмыстық ізге түсудi болдырмайтын жағдайлар болса да, соттар айыптау үкiмiн шығарған. 
      Ақтау туралы, сондай-ақ басқа да, нәтижесiнде адамдардың зиянды өтеуге құқы туындайтын шешiм шығарғанда, соттар iс жүргiзу құжаттарында олардың осындай құқықтарын тану туралы көрсетпеген және зиянды өтеу тәртiбiн түсiндiрмеген. 
      Зиянды өтеу туралы талаптар мен шағым арыздарды қараған кезде соттар қылмыстық процесс жүргiзген органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген залалды өндiрудiң негiздерi мен тәртiбiн белгiлейтiн қылмыстық iс жүргiзу заң нормаларын кейде дұрыс қолданбаған. 
      Аталған кемшiлiктерді жою мақсатында және қылмыстық процесс жүргiзген органдардың заңсыз әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген залалды өндiру тәртiбiн реттейтiн заңның өзгеруiне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етедi: 

      1. Қылмыстық жауапкершiлiкке негiзсiз тарту, процессуалдық мәжбүрлеу шараларын заңсыз қолдану, негiзсiз соттау фактiлерi өрескел заң бұзушылық болып табылатынына және оның нәтижесiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiне елеулi нұқсан тиетiнiне, оларға және мемлекетке материалдық зиян және моральдық залал келтiрiлетiнiне қылмыстық iзге түсу органдарының және соттардың назары аударылсын. 

      2. Қылмыстық процестi жүргiзу органдардың заңсыз әрекеттерi болып мыналар танылатыны түсiндiрiлсiн: 
      - ҚIЖК-нiң 33-бабының 1-бөлiгiнде, 34-бабының 1-бөлiгiнде көрсетiлген, осы баптардың 2-бөлiктерiнде көрсетiлген реттерден басқа, қылмыстар жөнiндегi iстер бойынша жеке айыптаушының арызынсыз қылмыстық iс қозғау және қылмыстық iзге түсудi жүргiзу; 
      - дәл сол айыптау және дәл сол адамға қатысты қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту туралы бұзылмаған қаулы болған жағдайда қылмыстық iс қозғау; 
      - iсте қылмыстық iзге түсу органдарының қылмыстық iстi тоқтату туралы бұзылмаған қаулысы, сондай-ақ дәл сол айыптау және дәл сол адамға қатысты қылмыстық iзге түсудiң мүмкiн еместiгiн белгiлеген күшiне енген үкiм немесе сот қаулысы бола тұра қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыру; 
      - сот оқиғасының немесе адамның әрекетiнде қылмыс құрамының болмағанын немесе адамның қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбегенiн, прокурордың және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартқанын, жеке айыптау iсi бойынша жеке айыптаушының айыптаудан бас тартқанын (ҚIЖК-нiң 33-бабының 2-бөлiгiнде көзделген реттерден басқа), ҚК-тiң 69, 75, 85 баптарында көзделген қылмыстық жауапкершілiкке тарту мерзiмiнiң ескiруiн және адамның осы негiз бойынша iстi тоқтатуға келiсiмiн, ҚК-тiң 67-бабында көрсетiлген реттерде жәбiрленушi мен айыптының, сезiктiнiң достасқанын, адамның жасаған әрекетi үшiн қылмыстық жауапкершілiктi жоятын жаңа қылмыстық заңның қабылданғанын, жазадан босататын амнистия актiнiң шыққанын және адамның осы негiз бойынша iстi тоқтатуға келiсiмiн, адамға кешiрiм жасау актiсiнiң қабылдануын растайтын фактiлер белгiленгеннен кейiн қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыру. 
      Сондай-ақ, қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерiне мыналар жатады: қылмысты дәрежелеу кезiнде қылмыстық заң нормаларын дұрыс қолданбау; бұлтартпау шараларын немесе заңда көзделген өзге де процессуалдық мәжбүрлеу шараларын заңсыз қолдану; қылмыс жасағаны үшiн сезiктi ретiнде ұсталған адамды немесе бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алған адамды оның өмiрiне және денсаулығына қауiптi жағдайда ұстау; қамаудағы емес адамды сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн бұл туралы сот шешiмi болмаса да, медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру; зорлық, қатаң немесе адамның ар-намысын қорлайтын шаралар қолдану; процессуалдық әрекеттердi оған қатысатын адамдардың өмiрiне және денсаулығына қауiп тудыратын жағдайларда өткізу, қылмыстық процеске қатысушы адамның абыройын қорлайтын немесе ар-намысын кемiтетiн шешiмдер шығару және әрекеттер жасау жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сондай-ақ өзге де адамның құпия етудi қажет көрген жеке сипаттағы мәлiметтердi ҚIЖК-да көзделмеген мақсаттар үшiн қолдану және жариялау; заңсыз соттау; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын заңсыз қолдану; тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шараларын және басқаларын заңсыз қолдану. 
      Қылмыстық процесс жүргiзушi органдардың әрекеттерiнiң заңсыздылығы сот үкiмiмен немесе қаулысымен немесе анықтау, алдын ала тергеу органы, прокурор шығарған қаулымен белгiленедi. 

      3. Ұсталған адамдарға, сезiктiлерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға, ақталғандарға қылмыстық процесс жүргізушi органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан зиян келтiрiлген жағдайларда ҚIЖК-нiң 39-47-баптарының күшi қолданылатыны түсiндiрiлсiн. Қылмыстық процесс жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеттiруге құқы бар адамдардың ҚIЖК-нiң  40-бабында көрсетiлген тiзiмi түпкiлiктi болып табылады. Iс бойынша сот өндiрiсiне қатысқан өзге адамдарға (куәларға, айғақ адамдарға, аудармашыларға, т.б.) келтiрiлген зиянды өтеу мәселесi азаматтық iс жүргiзу тәртiбi бойынша шешiлуге тиiс. 
      Жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшырап, ақталған адамдарға зиянды өтеу тәртiбi Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңыменреттеледi. 

      4. Соттың ақтау үкiмi немесе анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокуратураның қылмыс оқиғасының болмауы салдарынан, қылмыс құрамының болмауы салдарынан немесе адамның қылмысқа қатысқаны дәлелденбеуi салдарынан қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысы шығарылған жағдайда адамды толық ақталды деп тану керек. 
      Адамды айыптаудың кейбiр эпизодтары бойынша кiнәлi емес деп тану, оның әрекеттерiн қылмыстық заңның жеңiлірек қылмыс үшiн жауапкершiлiктi көздейтiн бабына қайта дәрежелеу, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын немесе тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шарасын заңсыз қолдануды бұзу оның iшiнара ақталғанын бiлдiредi. 

      5. ҚIЖК-нiң  13-бабының 2-бөлiгiне, 14-бабының 8-бөлiгiне сәйкес ұсталған, сезiктi, айыпталушы, сотталушы және сотталған адамдар да сот iсiн жүргiзу барысында зорлыққа ұшыраған немесе қатаң ұсталған жағдайда, қылмыстық процесс жүргiзушi органдардың шешiмдерiмен немесе әрекеттерiмен олардың қадiр-қасиетi кемiтілсе, немесе қаралып жатқан iс бойынша адамның құпия деп тануды қажет еткен жеке сипаттағы мәлiметтерi жинақталып, қажетсiз жария етiлген немесе таратылған жағдайда, сондай-ақ бас бостандығынан айырылған адам өмiрге және денсаулыққа қауiптi жағдайда ұсталса, өздерiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге құқылы. 

      6. Соттың ақтау үкiмiнiң шығуы немесе анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокурордың ҚIЖК-нiң 37-бабының 1-бөлiгінде көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысының, сондай-ақ амнистия, кешiрiм жасау актiлерiн, қылмыстық жауапкершілiктi жоятын немесе жеңiлдететiн жаңа қылмыстық заңды және т.б. қолдану туралы шешiмдi уақытылы қабылдамау фактiсiн белгiлеген қаулысының шығуы зиянды өтеу туралы талап қоюға себеп болып табылады. Бұндай шешiм қабылдаған кезде қылмыстық процесті жүргiзген орган адамның қылмыстық процесс жүргiзушi органдардың әрекеттерiнен келтiрiлген зиянды өтеуге құқын анықтап, негiз болған жағдайда ҚIЖК-нiң  42-бабына сәйкес ақтау үкiмiнде немесе iстi қысқарту туралы қаулысында көрсетуi тиiс. 
      Ақтау туралы шешiм қабылдаған анықтау, алдын ала тергеу органы, прокурор немесе сот ҚIЖК-нiң 42-бабына сәйкес адамға ақтау үкiмiнiң немесе қаулысының көшiрмесiн және зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламаны жiберуге мiндеттi. Хабарламада ҚIЖК-нiң 43-бабаның 1-бөлiгiне сәйкес адам мүлiктiк зиянды өтеудi, моральдық зиянның салдарын жоюды, iс жүргізуге байланысты бұзылған еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және өзге де құқықтарын қалпына келтiрудi талап етуге құқылы екенi көрсетiлуi керек. Сонымен бiрге, хабарламада зиянды өтеу тәртiбi түсiндiрiлуi керек, атап айтқанда: адамның талап қоюға құқылы мерзiмi; мүдделi адамның: ақталуы туралы мәлiметтердi тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарына, жұмыс iстейтiн, оқитын, тұратын жерiне жiберу туралы талапты, мүлiктiк зиянды өтеу туралы талапты, еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және өзге де құқықтарын қалпына келтiру туралы талапты, моральдық зиянның орнын толтыру туралы талапты, мемлекеттiк наградаларын қайтару, құрметтi және өзге де атақтарын, шендерiн, дәрежелерiн, біліктiлiк сыныптарын қалпына келтiру туралы, т.б. талаптарын жiберуге тиiс органдардың аты көрсетiлуi керек. 
      Хабарламада шығыс номерi мен оны адресатқа жөнелту датасы көрсетiлуi тиiс. 

      7. ҚIЖК-нiң  44-бабының 1-бөлiгiне сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi орган келтiрген зиян үшiн ақталған адамнан ресми түрде кешiрiм сұрауға мiндеттi, ал ол жазбаша түрде берілуi тиiс екенi түсiндiрiлсiн. Хабарлама ресми болғандықтан, ол арнайы немесе қызмет бланкiсiне рәсiмделуi керек және оған ақтау туралы шешiм қабылдаған органның басшысы қол қоюы тиiс. Онда адамды ақтау туралы нақты шешiмге сiлтеме жасалып, қылмыстық iзге түсудiң заңсыздылығы көрсетiлiп, келтiрiлген зиян үшiн ресми түрде кешiрiм сұрау туралы сөздер жазылуы тиiс. 

      8. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу құқы жеке де, заңды да тұлғаларға берiлген. ҚIЖК-нiң 43-бабының 3-бөлiгiне сәйкес мүлiктiк зиянды өтеудi ҚIЖК-нiң 40-бабының 2-бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен бiрге олардың заңды өкiлдерi де талап ете алады. ҚIЖК-нің 40-бабының 5-бөлiгiнде көрсетiлген реттерде мұрагерлер және зейнет туралы заңына сай асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақымен қамтамасыз етуге құқы бар адамдар да зиянды өтеттiруге құқылы. 

      9. Адамдар бұзылған құқықтарын қалпына келтiру туралы талапта қойылған мәселелерiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламаны алған күннен бастап есептелетiн ҚIЖК-нiң 45-бабында көрсетiлген мерзiмдер iшiнде оларды шешуге құзыреттi органдарға талап қоя алатыны түсiндiрілсiн. Атап айтқанда, еңбек құқықтарын қалпына келтiру туралы талап ақталған адамның жұмыс iстеген және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуына немесе сотталуына байланысты қызметiнен босатылған ұйымға, кәсiпорынға, мекемеге жiберiледi; алынбай қалған зейнетақысын немесе жәрдемақысын төлеу туралы - әлеуметтiк қорғау органдарына; тұрғын үй құқығын қалпына келтiру туралы - жергiлiктi атқару органдарына; тәркіленген мүлiктi қайтару туралы - сол мүлiк тұрған жердегi органға; мемлекеттiк наградаларды қайтару туралы, құрметтi, әскери, арнаулы немесе басқа да атақтарын, сыныптық шенiн, дипломатиялық дәрежесiн, бiлiктiлiк сыныбын қалпына келтiру туралы талаптар - осы мәселелердi қарауға құзыреттi органдарға жiберiледi. 
      Мүлiктiк зиянды өтеу туралы талап (алынбай қалған еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы және басқа да қаржылар мен кiрiстердi төлеу туралы, тәркiленген немесе басқа негiздерi бойынша мемлекет есебiне алынған мүлiктi, төленген айыппұлдарды және үкiмдi орындау үшiн өндiрiлген басқа да сомаларды, басқа да шығындарды қайтару туралы) ҚIЖК-нiң 43-бабының 3-бөлiгiне сәйкес ақтау туралы шешiмдi қабылдаған органға, ал егер iстi қысқарту немесе үкiмдi өзгерту туралы шешiмдi жоғары тұрған сот қабылдаса, үкiм шығарған сотқа жолданылуы мүмкiн. 

      10. Әркiмнiң сот арқылы қорғалуы туралы конституциялық құқын ескере отырып, ақталған адамдар алдын ала өзге органдарға шағымданбай-ақ зиянды өтеу және құқықтарын қалпына келтiру туралы талап арыздарын азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбi бойынша тiкелей сотқа жолдай алады. Сондай-ақ ҚIЖК-нiң 47-бабына сай азаматтық сот iсiн жүргiзу ретiнде мыналар қаралады: ақтау туралы шешiм қабылдаған органы зиянды өтеу туралы құқын танымаған азаматтардың арыздары; талаптары тиiстi органдарда қанағаттандырылмаған немесе талаптары бойынша қабылданған шешiммен келiспейтiн ақталған азаматтардың талап арыздары, ақталған адамдардың мүлiктiк зиянды өтеу туралы, заңсыз қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуына және сотталуына байланысты келтiрiлген рухани залалды ақшалай өтеу туралы, сондай-ақ еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және басқа да құқықтарын қалпына келтiру туралы арыздар. 

      11. Зиянды өтеу туралы талаптарын қараған кезде анықтау, алдын ала тергеу органдары, прокуратура және үкiмдi шығарған сот оларды қарау үшiн қажет құжаттарды: жұмыс орнындағы еңбекақысы туралы, заңгер көмегi үшiн төленген сомалар туралы, заңсыз тәркiленген немесе мемлекет кiрiсiне алынған мүлiктiң бағасы туралы, заңсыз үкiмдi немесе сот қаулысын орындаумен байланысты және басқа да шығындар сомасы туралы құжаттарды сұратуға және өтелуге жататын зиянның мөлшерiн анықтауға мiндеттi. Қажет болған жағдайда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есептер сұратылуы мүмкiн. 

      12. Зиян мөлшерiн есептеу және оны өтеуге құқы бар адамдардың шеңберiн анықтау зиян келтiрiлген кезде күшiнде болған заңға сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Қылмыстық iстер жүргiзу кодексi күшiне енгенге дейiн келтiрiлген зиянның мөлшерi 1981 жылғы 18 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының қаулысымен бекiтiлген "Анықтау, алдын ала тергеу органдары, прокуратура мен соттың заңсыз әрекеттерiмен азаматтарға келтiрілген зиянды өтеу тәртiбi туралы" Ережеде белгіленген нормалар бойынша анықталады. 
      Зиянның мөлшерiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық iстер жүргiзу кодексiнiң нормалары бойынша анықтаған кезде қылмыстық процесс жүргiзетiн органдардың әрекеттерi заңсыз болып танылған сәттер мен мерзiмдердi анықтайтын мән-жайларға назар аударылсын. Атап айтқанда, сезiктену немесе айыптау кезiнде сол қылмыс үшiн ұстауға немесе бұлтартпау шарасын қолдануға жол берiлмейтiн жағдайда адамның ұсталуға немесе бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты қамауда болуы, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру мерзiмiнiң Қылмыстық кодекстiң әрекеттi жаңадан саралаған бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең жоғарғы мөлшерiнен асатын бөлiгi ҚIЖК-нiң 40-бап 2-бөлiгiнiң 4-тармағына сәйкес заңсыз өтелген болып саналады. Егер Қылмыстық кодекстiң әрекеттi жаңадан саралаған бабында жаза ретiнде қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру көзделмесе, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру жазасының аталған бапта көзделген жаза орнына есептелiне алмайтын бөлiгi заңсыз өтелген болып саналады. 

      13. ҚIЖК-нiң 40-бабының 4-бөлiгiне сай өзiне-өзi жала жапқан адамға зиянның өтелмейтiндiгiн ескере отырып, әр нақты жағдайда өзiне-өзi жала жабу ерiктi түрде жасалғанын және iстегi ақиқатты ашуға кедергi келтiргенiн анықтау қажет. Іс бойынша тергеу жүргiзудiң рұқсат етiлмеген тәсілдерi немесе басқа да сезiктiнiң, айыпталушының, сотталушының өзiне-өзi жала жабуына немесе жалған жауап беруiне әкелiп соқтырған заң бұзушылықтары анықталған жағдайда, заңсыз сотталу немесе қылмыстық процестi жүргiзген органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиян қанағаттандырылуға жатады. 

      14. Амнистия туралы актiнiң қабылдануына, кешiрiм жасалуына, ескiру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты, қылмыстық жауапкершiлiктi жоятын немесе жазаны жеңiлдететiн заңның қабылдануына байланысты қылмыстық iс қысқартылған жағдайда, зиянды өтеу туралы талап тек, егер осы негiздер бойынша iстi қысқарту туралы келiсiм болып, қылмыстық iзге түсуді тоқтату туралы және қолданылған процессуалдық мәжбүрлеу шараларды тоқтату туралы шешiмдер уақытылы қабылданбаған жағдайда қанағаттандырылады. 

      15. ҚIЖК-нiң 43-бап 5-бөлiгiнiң ережелерi бойынша мүлiктiк зиянды өтеу туралы талапты анықтау алдын ала тергеу прокуратура органдарының лауазым иелерi қарайды. Сот ақтау үкімін шығарған кезде немесе істі қысқарту туралы қаулы шығарған кезде ҚІЖК-нің 40-бабында, 371-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың талаптары бойынша заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартудың және соттаудың салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөнінде шешім қабылдайды. Сот актісінің күші жойылғаннан кейін қойылған талапты заңсыз актіні шығарған соттың судьясы сот отырысына мүдделі тұлғаларды шақыра отырып, жеке-дара қарайды. Сот мәжiлiсiне ағымдағы жылдың бюджетi туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерiмен келтiрiлген зиянды өтеу үшiн қаржылар бөлiнген мемлекеттiк органдардың адамдары мемлекет өкiлi ретiнде шақырылады. Аталған өкілдiң немесе талап жасаған адамның сот мәжiлiсiне келмеуi, оны қарауға кедергi бола алмайды. Талапты қарау қорытындылары бойынша қаулы шығарылуға тиiс. Онда ақтау туралы шешiм қабылдаған органның немесе соттың арызданушының талаптарын қанағаттандырарда немесе қанағаттандырмағанда негізге алған мән-жайлары көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ қаулыда мыналар: қаулы шығарған органның және оның лауазымды адамының аты және оның шыққан жерi мен уақыты; азаматты қылмыстық жауапкершiлiкке тартқанда, күзетпен қамауға алғанда, жаза немесе процессуалдық мәжбүрлеудiң басқа шаралары қолданылғанда негiзге алынған процессуалдық құжаттың датасы мен атауы; адамды ақтау туралы процессуалдық құжаттың датасы мен атауы, ақтау негiздерi; ақталған адамның талаптарының мазмұны; есеп жасауда негiзге алынған құжатқа және зиянды өтеудi көздейтiн заңға сiлтеме жасай отырып, өтелуге жататын мүлiктiк зиянның толық есебi; зиянды өтеу есебiнен төленуге жататын жалпы сома және оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi; зиянды өтеу туралы талапты iшiнара қанағаттандырудың немесе қанағаттандырмаудың негiздерi; қаулыға шағымданудың наразылық келтiрудiң тәртiбi мен мерзiмдерi көрсетiлуi тиiс.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 6 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      16. ҚIЖК-нiң 44-бабына сәйкес рухани зиян салдарын жою туралы талаптарды қанағаттандырарда қаулының қорытынды бөлiгiнде заңсыз қылмыстық iзге түсумен байланысты сол адам жөнiнде жайылған мәлiметтердi жоққа шығару үшiн кiм және қандай нақты әрекеттердi жасау қажет екендiгi туралы көрсетiлуi тиiс. Қажет жағдайда қаулыда баспасөз немесе радио, теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануға жататын үндеудiң мәтiнi берiлуi мүмкiн.

      17. Ақталған адам зиянды өтеу туралы талаптың қорытындылары бойынша шығарылған шешiмге қарсы болған жағдайда, анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокурордың қаулысына сол органдардың жоғары тұрған лауазым иелерiне шағымдануға құқылы. Зиянды өтеу мәселесi туралы қабылданған сот қаулысына апелляциялық, кассация немесе қадағалау ретiнде шағымдануға, наразылық келтiруге болады. Жеке арыз немесе/және жеке наразылық келтiрiлерде, олар тиiстi тәртiп бойынша қаралғанша, қаулының орындалуы тоқтата тұрылады. Бұл орайда, арызды ҚIЖК-нiң 43-бабында көрсетiлген тәртiп бойынша қараған кезде, оны толық көлемде немесе iшiнара қанағаттандырусыз қалдыру - өздiгiнен сол адамның келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап арызын дәл сол негiздер бойынша азаматтық сот iсiн жүргiзу ретiнде қараудан бас тартуға немесе талапты қанағаттандырмауға негiз бола алмайтынын ескеру керек.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 6 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      18. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеумен байланысты ақшалай төлемдердi жасау сол органдардың кiнәсiне қарамастан республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады. Зиянды өтеу туралы талапты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулының көшiрмесiне елтаңбалық мөр басылып, төлем жасауға мiндеттi органдарға ұсыну үшiн арызданушыға немесе оның заңды өкіліне жолдануға тиiс. 

      19. Егер зиянды өтеу кезiнде негiзге алынған соттың iстi қысқарту туралы ақтау үкiмi немесе қаулысы бұзылып, iс бойынша айыптау үкiмi шығарылса, сот шешiмiнiң керi орындалуына байланысты зиянды өтеу үшiн төленген сомалар оны алған адамнан өндiрiлуге жатады. 

      20. Iстердi қараған кезде азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын оларды қылмыстық жауапкершiлiкке негiзсiз тарту, ұстау, заңсыз қамауға алу немесе процессуалдық мәжбүрлеудің басқа да шараларын заңсыз қолдану фактілерін анықтаған жағдайда, соттар қылмыстық істер жүргізерде тиісті органдардың және лауазымды адамдардың атына заң бұзушылықтарға жол бермеудің шараларын қолданулары туралы жеке қаулылар шығаруға тиіс. 

      21. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1987 жылғы 23 ақпандағы "Азаматтарды заңсыз соттау фактілерін жою шаралары және қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу тәжірибесі туралы" N 2  P87002S_ қаулысының күші жойылды деп және КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1988 жылғы 23 желтоқсандағы "КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының "Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау барысында лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерімен азаматқа келтірілген зиянды өтеу туралы" Жарлығын сот тәжірибесінде қолданудың кейбір мәселелері туралы" N 15 қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының судьясы,
     Пленум хатшысы