Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясы туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 21 сәуiрдегi N 368 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегi Заңының 23-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 202-құжат) Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан Мемлекеттiк ономастика комиссиясы құрылсын.
      2. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк ономастика комиссиясы (Мемономком) туралы ереже бекiтiлсiн.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының құрамы 1-қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.
      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2-қосымшаға сәйкес кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң             
1998 жылғы 21 сәуiрдегi        
N 368 қаулысымен           
бекiтiлген              

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы
Мемлекеттiк ономастика комиссиясы
(Мемономком) туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

       1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия) географиялық объектiлердiң атауына бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру, топономикалық атауларды қолдану мен олардың есебiн жүргiзудi реттеу, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау және оларды қайта атау мақсатында ономастика (антропонимика, топонимика, космонимика, астронимика, этнонимика, зоонимика, құжатнама, эргонимика және басқалары) саласында мемлекеттiк тiл саясатын iске асыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық кеңесу органы болып табылады.
      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Комиссияның жеке құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
      4. Комиссияның шешiмi ұсынымдық сипатта болады.
      5. Қазақстан Республикасында топонимикалық объектiлердiң жаңадан берiлген, қайта аталған және нақтыланған атауларын бекiтудi Комиссияның қорытындысы болған кезде ғана, белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2008.06.11 N 577 Қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.10.26 N 1113Қаулысымен.

2. Негiзгi мiндеттерi

      7. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      географиялық атауларды жинақтау, жүйелендiру және зерделеу, ономастика жөнiнде ғылыми негiзделген сөздiктер құрастыру;
      бұрын жоғалтылған тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      жаңа географиялық объектiлер үшiн атаулар әзiрлеуге қатысу;
      ономастика географиялық және тарихи-мәдени пәндеме ретiнде қолдау көрсету болып табылады.

3. Негiзгi функциялар мен өкiлеттiгi

      8. Комиссия өзiне жүктелген мiндеттердi шешу мақсатында:
      1) орфографияның, ғылыми транскрипцияның және қалыптасқан мәдени-тарихи және әлеуметтiк факторлардың қолданылып жүрген нормаларының негiзiнде:
      қалалардың, аудандардың, басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының, темiр жол және автомобиль жолдары станцияларының, пошта бөлiмшелерiнiң, ғылыми-зерттеу жобалау ұйымдарының, мекемелердiң, кәсiпорындардың, жоғары, жалпы бiлiм беретiн, арнаулы орта және кәсiптiк оқу орындарының, көлiк, балық аулау кемелерiнiң, айлақтардың, су құрылыстарының, әуежайлардың және Қазақстан Республикасының республикалық министрлiктерi мен ведомстволарына ведомстволық бағыныстағы басқа да объектiлердiң атауларының аталуы, қайта аталуы, нақтылануы және транскрипциясы;
      азаматтардың тегi, аты және әкесiнiң аты, сондай-ақ жазушылар мен қоғам қайраткерлерiнiң бүркеншiк аттары туралы қорытындылар ұсынады;
      2) республиканың министрлiктерi мен ведомстволарына карталар жасау, анықтамалықтар, сөздiктер, атластар шығару процесiнде пайда болған мәселелердi шешуде консультациялық көмек көрсетедi, оларда Қазақстанның географиялық атаулары номенклатураларының дұрыс транскрипциялануын қадағалайды;
      3) ономастика мен топонимика жөнiнде анықтамалықтар мен сөздiктер шығаруды үйлестiредi;
      4) елдi мекендердiң, көшелердiң, даңғылдардың, алаңдардың тұғырлы атауын сақтауға бағытталған шаралардың кешенiн жүзеге асырады;
      5) ел халқының Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiндегi байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыруға белсендi ықпал етедi;
      6) жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп қалалық аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, парктердiң, саябақтардың және с.с. атаулары және оларды қайта атау, транскрипциясына нақтылаулар енгiзу туралы шешiм қабылдайтын жергiлiктi жерлердегi ономастикалық комиссияның қызметiн үйлестiредi;
      7) өз отырыстарында облыстық, қалалық, аудандық ономастика комиссиялары төрағаларының хабарламалары мен ақпараттарын тыңдайды;
      8) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң, кәсiпорындардың, бiрлестiктердiң, темiр жол станцияларының, әуежайлардың және басқа да физикалық-географиялық объектiлердiң атаулары мен қайта аталуы, топонимдерiнiң, транскрипциясына нақтылаулар енгiзу туралы даулы мәселелер бойынша қорытынды бередi;
      9) ұйымдардың, шығармашылық одақтардың, жекелеген азаматтардың тарихи топонимдердi қалпына келтiру немесе ауыстыру мәселелерi жөнiндегi хаттарын қарайды және тиiстi ұсынымдар енгiзедi;
      10) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарының, басқа да ұйымдардың, материалдары, хабарлаулары және ақпараттары бойынша ономастика саласында мемлекеттiк тiл саясатын iске асырудың жай-күйiн талдайды.

4. Жұмысын ұйымдастыру

      9. Комиссияның отырысы Комиссияның отырысында қабылданатын және оның төрағасы бекiтетiн жұмыс жоспарына сәйкес жүйелi түрде өткiзiледi. Егер оған оның мүшелерiнiң кемiнде жартысы қатысса Комиссияның отырысы күшi бар деп саналады.
     10. Комиссияның шешiмi оның отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс берумен қабылданады.
     11. Қажет болған жағдайда Комиссияның құзыретiне кiретiн жекелеген мәселелердi қарау үшiн жұмыс топтары құрылады.
     12. Комиссияның хатшысы отырыстарының жұмыс жоспарын, күн тәртiбiн жасайды, Комиссия мүшелерiнiң өзара iс-қимылын ұйымдастырады және iс қағаздарын жүргiзуге жауап бередi.

                                           Қазақстан Республикасы
                                                  Үкiметiнiң
                                           1998 жылғы 21 сәуiрдегi
                                               N 368 қаулысына
                                                   1 қосымша

     Ескерту. Қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.10.17 N 1551, 2002.04.03 N 397, 2004.04.13 N 413, 2005.04.01
N 295, 2006.06.27 N 588, 2007.10.04 N 897, 2008.06.11 N 577, 2008.12.31. N 1338, 2009.11.13 N 1834, 2010.10.26 N 1113 Қаулыларымен.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы
Мемлекеттiк ономастика комиссиясының құрамы

Құл-Мұхаммед             - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Мұхтар Абрарұлы            министрі, төраға

Төлебаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Ғазиз Тұрысбекұлы          вице-министрі, төрағаның орынбасары

Щегорцова                - Қазақстан Республикасы Мәдениет
Анастасия Геннадьевна      министрлігі Тіл комитеті төрағасының
                           орынбасары, хатшы

                   Комиссия мүшелерi:

Әбжанов                  - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Хангелді                   министрлігі «Мемлекет тарихы институты»
                           мемлекеттік мекемесі директорының
                           орынбасары, тарих ғылымдарының докторы,
                           профессор

Ахметов                  - Қазақстан Республикасының Парламенті
Әділ Құрманжанұлы          Сенатының депутаты (келісім бойынша)

Бұлашев                  - «С.Сейфуллин атындағы Қазақ
Айтбай Қабыкешұлы          агротехникалық университеті» акционерлік
                           қоғамының Басқарма төрағасы, профессор
                           (келісім бойынша)

Жартыбаев                - "КГТИ-Лингва" Орталық Қазақстан
Асылбек Ешенқұлұлы         университетінің президенті, филология
                           ғылымдарының докторы, профессор
                           (келісім бойынша)

Ыбыраев                  - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Шәкір Ыбырайұлы            министрлігі «Ш. Уәлиханов атындағы
                           Көкшетау мемлекеттік университеті»
                           республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
                           ректоры, филология ғылымдарының докторы,
                           профессор

Қабылдинов               - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Зиябек Ермұханұлы          министрлігі «Л.Н. Гумилев атындағы
                           Еуразия ұлттық университеті»
                           республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
                           әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы,
                           тарих ғылымдарының докторы, профессор

Қамзабекұлы              - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Дихан                      мииистрлігі «Л.Н. Гумилев атындағы
                           Еуразия ұлттық университеті»
                           республикалық мемлекеттік
                           кәсіпорнының Оқу-әдістемелік және
                           стратегиялық даму жөніндегі проректоры

Нақыпбеков               - Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын
Бақытбек Әуенұлы           басқару агенттігі төрағасының
                           орынбасары

Омаров                   - Қазақстан Республикасы Мәдениет
Бауыржан Жұмаханұлы        министрлігі Тіл комитетінің төрағасы

Салғараұлы               - этнограф-жазушы, Қазақстан Республикасы
Қойшығара                  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім
                           бойынша)

Тілеухан                 - Қазақстан Республикасының Парламенті
Бекболат Қанайұлы          Мәжілісінің депутаты (келісім
                           бойынша)

Шәріп                    - «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы,
Амантай Жарылқасынұлы      филология ғылымдарының докторы, профессор
                           (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң             
1998 жылғы 21 сәуiрдегi       
N 368 қаулысына           
2-қосымша              

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр күшi
жойылған шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанынан Мемлекеттiк ономастика комиссиясын құру туралы" Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1990 жылғы 20 сәуiрдегi N 156 қаулысы (Қаз КСР ҚЖ, 1992 ж., N 12, 73-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 5, 54-құжат).
      3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1994 жылғы 27 маусымдағы N 720 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 27, 295-құжат).
      4. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысына өзгертулер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 17 қазандағы N 1340 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 33, 415-құжат).