Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 21 сәуiрдегi N 368 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 24-1-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Республикалық ономастика комиссиясы құрылсын.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының құрамы;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2-қосымшаға сәйкес кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң             
1998 жылғы 21 сәуiрдегi        
N 368 қаулысымен           
бекiтiлген              

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы
Республикалық ономастика комиссиясы туралы
ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397  қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

       1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы (бұдан әрi – Комиссия) Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау бойынша бірыңғай көзқарасты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзiрлейтiн консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
      4. Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетi болып табылады.

2. Негiзгi мiндеттерi

      5. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау бойынша бірыңғай көзқарасты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзiрлеу;
      2) Қазақстан Республикасының ономастика мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      3) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiндегі ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияның негiзгi функциялары мен құқықтары

      6. Комиссия жүктелген мiндеттердi шешу мақсатында:
      1) ономастика мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді;
      2) облыстарға, аудандар мен қалаларға атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту жөнінде қорытындылар береді;
      3) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру жөнінде қорытындылар береді;
      4) қаладағы аудандарға, облыстық маңызы бар қалалардың құрамдас бөлiктерiне атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту жөнінде қорытындылар береді;
      5) қаладағы аудандарға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту бойынша республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларына келісім береді;
      6) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiндегі ұсыныстарды қарайды.
      7. Өз міндеттері мен функцияларына сәйкес Комиссия:
      1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ономастика мәселелері бойынша заңнамалық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
      3) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыстық ономастика комиссиялары мен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының төрағаларын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының өзге де ұйымдарының өкілдерін (келісім бойынша) Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;
      4) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
      5) Комиссияға жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарға құқылы.

4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      8. Комиссия төрағадан, төраға орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Комиссия хатшысы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      9. Комиссия төрағасы оның жұмысын басқарады, отырыстарда төрағалық етеді. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
      Комиссия отырыстарының материалдарын әзірлеуді және оның аяқталуы бойынша хаттама рәсімдеуді Комиссия хатшысы жүзеге асырады.
      10. Комиссия мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
      11. Комиссия жұмысының ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуін жұмыс органы жүзеге асырады.
      12. Жұмыс органы Комиссия отырысының күн тәртібін (бұдан әрі – күн тәртібі) қалыптастырады.
      13. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ өтетін орны мен уақытын, Комиссия төрағасы айқындайды және нақтылайды.
      14. Жұмыс органы Комиссия отырысын өткізуге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қажетті материалдарды электрондық түрде қоса беріп, күн тәртібін Комиссия мүшелеріне жібереді.
      15. Комиссия отырыстары тоқсанына бір рет және Комиссияның төрағасы айқындайтын өзге де күндерде өткізіледі.
      16. Комиссияның отырысы, егер оған оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды деп саналады.
      17. Комиссия шешімдері отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркелуі тиіс.
      18. Комиссияның құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді қарау үшін қажет болған жағдайда жұмыс топтары құрылады.
      19. Комиссия шешімдері қорытынды түрінде ресімделеді және оған төраға, хатшы, қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
      20. Қорытынды тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

                                           Қазақстан Республикасы
                                                  Үкiметiнiң
                                           1998 жылғы 21 сәуiрдегi
                                               N 368 қаулысымен
                                                  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы
Республикалық ономастика комиссиясының
құрамы

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 397 қаулысымен (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.03 N 569 Қаулысымен, өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.11.13 N 1445  24.04.2013 № 397 (24.04.2013 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

Құл-Мұхаммед              - Қазақстан Республикасының Мәдениет және
Мұхтар Абрарұлы             Қазақстан Республикасының Мәдениет және
                            ақпарат министрі, төраға

Қырықбаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Арман Оразбайұлы            және ақпарат вице-министрі, төрағаның
                            орынбасары

Құрманбайұлы              - Қазақстан Республикасы Мәдениет
Шерубай                     және ақпарат министрлiгi Тiл комитетi
                            төрағасының орынбасары, хатшы

Ахметов                   - Қазақстан Республикасы Парламенті
Әділ Құрманжанұлы           Сенатының депутаты (келісім бойынша)

Смағұл                    - Қазақстан Республикасы Парламенті
Бақытбек                    Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

Сқақов                    - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Мақсат Нұрлыбекұлы          және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің
                            төрағасы

Смағұлов                  - Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын
Бауыржан Әміржанұлы         басқару агенттігі төрағасының орынбасары

Тілешов                   - Астана қаласының әкімдігі "Астана
Ербол Ерденбекұлы           қаласының тілдерді дамыту басқармасы"
                            мемлекеттік мекемесінің бастығы (келісім
                            бойынша)

Әбжанов                   - Қазақстан Республикасы Білім және
Ханкелді Махмұтұлы          ғылым министрлігі "Ш. Уәлиханов атындағы
                            Тарих және этнология институты"
                            мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының
                            директоры, тарих ғылымдарының докторы,
                            профессор (келісім бойынша)

Әбдірахманов              - "География институты" жауапкершілігі
Сламқұл Әбдірахманұлы       шектеулі серіктестігінің аға ғылыми
                            қызметкері (келісім бойынша)

Иманбердиева              - Қазақстан Республикасы Мәдениет
Сәуле Құрманбайқызы         және ақпарат министрлігі "Ш. Шаяхметов
                            атындағы Тілдерді дамытудың республикалық
                            үйлестіру-әдістемелік орталығы"
                            республикалық мемлекеттік қазыналық
                            кәсіпорны директорының орынбасары
                            (келісім бойынша)

Жартыбаев                 - "КГТИ-Лингва" Орталық Қазақстан
Асылбек Ешенқұлұлы          университеті" жеке меншік мекемесінің
                            президенті, филология ғылымдарының
                            докторы, профессор (келісім бойынша)

Серікбайұлы               - геолог, түркітанушы,
Молдияр                     картограф (келісім бойынша)

Уәли                      - Қазақстан Республикасы Білім және
Нұргелді                    ғылым министрлігі "А.Байтұрсынов атындағы
                            Тіл білімі институты" республикалық
                            мемлекеттік кәсіпорнының ғылыми
                            қызметкері, филология ғылымдарының
                            докторы, профессор (келісім бойынша)

Жүсіп                     - "Айқын" республикалық газетінің бас
Нұртөре                     редакторы (келісім бойынша)

Жанболат                  - "Алаш айнасы" республикалық
Серік                       қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің бас
                            редакторы (келісім бойынша)

Ыбыраев                   - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
Шәкір Ыбырайұлы             министрлігінің "Түркі академиясы"
                            коммерциялық емес акционерлік қоғамының
                            президенті, филология ғылымдарының
                            докторы, профессор (келісім бойынша)

Негимов                   - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым
Серік                       министрлiгi "Л.Н. Гумилев атындағы
                            Еуразия ұлттық университетi"
                            республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының
                            профессоры, филология ғылымдарының
                            докторы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң             
1998 жылғы 21 сәуiрдегi       
N 368 қаулысына           
2-қосымша              

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр күшi
жойылған шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанынан Мемлекеттiк ономастика комиссиясын құру туралы" Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1990 жылғы 20 сәуiрдегi N 156 қаулысы (Қаз КСР ҚЖ, 1992 ж., N 12, 73-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 5, 54-құжат).
      3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1994 жылғы 27 маусымдағы N 720 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 27, 295-құжат).
      4. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 қаңтардағы N 114 қаулысына өзгертулер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 17 қазандағы N 1340 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 33, 415-құжат).