Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 1998 жылғы 14 мамыр N 1

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыбы мен кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен.

      Сот билігін жүзеге асыру барысындағы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылай келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының, заңдарының және басқа да нормативтік құқықтық актілердің, негізінен, сақталатынын атап өтеді.
      Сонымен қатар, сот билігі туралы заңдарды қолдану тәжірибесінде кейбір кемшіліктер бар. Сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі принциптерін бұзу жағдайлары кездеседі. Судьялардың тәуелсіздігін сақтау турасында мемлекеттік биліктің атқарушы тармақтары органдарының қызметтерінде Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары мен соның негізінде қабылданған заңдардан алшақтауға орын берушілік бар. Республика судьялары өздеріне берілген тәуелсіздікпен қамтамасыз етілу өкілеттілігін толық пайдаланбайды, сот қызметіне араласу және сотты құрметтемеу фактілеріне заң бойынша әр кез көңіл бөле бермейді.
      Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:
      1. Сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өз қызметтерінде Республикада сот билігінің мемлекеттік билік тармағы ретінде басқа заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйелері арқылы өзара іс-қимыл жасайтын туралы Конституция ережелеріне жүгінуге тиіс екендіктеріне соттардың назары аударылсын.
      2. Конституцияның 4-бабы 4-тармағының талабына сай, азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және міндеттеріне қатысты жарияланбаған нормативтік құқықтық актілерді қолдануға және өз шешімдерін онымен негіздеуге соттардың құқығы жоқ. Сондықтан сот істі қарау барысында қолдануға жататын нормативтік құқықтық актінің жарияланғаны туралы фактіні тексеруге міндетті.
      Конституцияның 78-бабында көрсетілген талаптарды орындау кезінде бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы сот Конституциямен бекітілген адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заң немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске іс қараудың кез-келген кезеңінде жүгіне алады. Бұл арада соттар 1995 жылғы 29-желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 22-бабында белгіленген Конституциялық Кеңеске жүгінудің нысаны мен мазмұнын қатаң сақтауы тиіс.
      Конституциялық Кеңеске ұсыныс жасаумен және осыған байланысты қылмыстық іс өндірісін тоқтата тұруымен қатар сот осы мезгілде Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексі 322-бабының талаптарына сәйкес сотталушы қамауда болған жағдайда оған қолданылған бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселені талқылауға құқықты.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 , 2011.12.30 N 5 Нормативтік қаулыларымен.
      3. Сот төрелігін жүзеге асыруда судья бейтарап болуымен бірге тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы принципін қатаң сақтауы тиіс.
      Өзінің өндірісіндегі іс бойынша судьяның, қандай нысанда болмасын, алдын-ала пікір айтуына болмайды. Судья нақты іс бойынша өз пікірін кеңесу бөлмесінде ғана білдіреді.
      Тараптардың жарыспалығы мен тең құқылық принципіне сәйкес, соттар сот мәжілісінде тараптардың тең мүмкіндігін, сондай-ақ тараптардың өз мүдделерін қорғау жөніндегі іс жүргізу белсенділігін қамтамасыз етуі тиіс.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен.
      4. Соттар судьялардың тәуелсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударып, олардың қызметіне араласуға жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға, судьяларға бақылау жасауға немесе оларға өкілеттіктерінен тыс міндеттер жүктеуге тырысушылықтарға тиым салуға тиіс.
      Соттардың нақты іс бойынша әділ және бейтарап сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі келтіру мақсатындағы кез-келген нысандағы іс-әрекеттерді сот қызметіне араласу деп түсінген жөн. Мұндай араласу түрлеріне, атап айтқанда, сот процесіндегі нақты тараптың пайдасына шешім қабылдау туралы әлдебіреулердің сырттан берілген тікелей нұсқауы немесе жанама өтініші, судьяларды белгілі бір шешім қабылдауына мәжбүр ететін жағдайлардың әдейі жасалуы және басқа да осындай іс-әрекеттердің жатуы мүмкін.
      Мемлекеттік органдардың немесе ондағы лауазымды адамдарының сот өндірісінде жатқан істі бақылауға алуына сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіру мақсатында сот қызметіне араласу деп бағалау керек.
      5. (Ескерту. 5-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен).
      6. Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға тиісті азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын ешбір басқа органдар, лауазымды және басқа тұлғалар іс жүзінде қарауға немесе бақылауға ала алмайды.
      Осы орайда, соттар әлдебір істерді шешуге байланысты ұсыныстар айтылған мемлекеттік органдардағы лауазымды адамдардың жазбаша немесе ауызша өтініштерін қарамай тастайы тиіс, сонымен қатар қажетті жағдайда ол адамдарды жауапқа тарту туралы мәселе қоюы керек.
      Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес, сот істері жөніндегі азаматтар мен ұйымдардың өтініштері мен арыз-шағымдары бойынша арыз иелеріне сот шешімдеріне арыздардың тек жоғары тұрған сотқа заңмен белгіленген тәртіп бойынша берілетіндігін түсіндірулері қажет.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен.
      7. Заңды күшіне енген соттың үкімі, шешімі немесе қаулысы, онда көрсетілген нұсқаулық, сондай-ақ сот белгілеген мән-жайлар мен олардың құқылық бағасы бәріне бірдей міндетті.
      Сот шешімін өз бетімен бұрмалауға, кір келтіруге, оның орындалуына кедергі жасауға ешкімнің қақысы жоқ. Сот шешіміне келіспеушілік білдіру, оны жоғары тұрған сотқа шағымдау (наразылық білдіру) тек заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүргізілуі тиіс.
      Азаматтардың, мемлекеттік органдардағы және ұйымдардағы лауазымды адамдардың заңды күшіне енген сот актісін ерікті түрде орындаудан жалтарған жағдайында ол адамдардың әкімшілік жауаптылыққа тартылатыны түсіндірілсін.
      Заңды күшіне енген сот актісін кәнігі түрде орындамау, сондай-ақ оның орындалуына кедергі келтіру жағдайында азаматтар, билік өкілдері мен қызметшілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30. N 5 Нормативтік қаулысымен.
      8. Сотта іс қараудың жариялылық принципінің барлық азаматтардың, оның ішінде қаралып жатқан сот ісі жөніндегі процеске тікелей қатысы жоқтардың да, іс қарау барысында қатыстырылуын қамтамасыз ету екенін соттар ескеруі тиіс. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот мәжілісінің залына негізсіз жіберілмеу сияқты жағдайларды жариялылық принципіне қайшы келетін әрекет ретінде жою керек.
      Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының сотқа ықпал жасауы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қарастырылған жауаптылыққа әкеп соғады.
      Аталған заң нормаларына байланысты сот талдауының нәтижелерін алдынала шешіп қоюға сот процесіндегі тараптардың бірінің шыншылдығы туралы және сот белгілі бір шешім шығарған жағдайда ғана алдағы болатын сот қаулысының заңдылығы мен әділдігі туралы тікелей немесе жанама түрде қоғамдық пікір туғызуға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын жатқызуға болады.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен.
      9. Сотқа құрмет көрсетпеушіліктің, егер онда басқа арнаулы әкімшілік тәртіп бұзушылықтың немесе қылмыстың белгісі болмаса, кінәлі деп табылған адамдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 513-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, осыған сәйкес сотқа немесе сот белгілеген тәртіпке көпе-көрінеу менсінбеушілік әрекеттеріне айғақ боларлық кез-келген әрекеттің (әрекетсіздіктің) сотқа құрмет көрсетпеушілік болып табылатынын түсіндіру керек.
      Сотқа құрмет көрсетпеушілік, егер ол судьяның және (немесе) алқабидің қызметтік істерімен байланысты қорлаумен астасып жатса, Қылмыстық кодексінің 342-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8, 2011.12.30. N 5 Нормативтік қаулыларымен.
      10. Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, сотқа іс қарау кезінде қоғамдық тәртіптің бұзылуы немесе сотқа құрмет көрсетпеу жағдайында соттың тікелей сот мәжілісі залында сот өз қаулысымен айыпты адамға әкімшілік заңында көзделген жаза шараларын қолдана алатынына соттардың назары аударылсын.
      Тікелей соттың мәжіліс залында айыпты адамға әкімшілік жаза қолдану жөніндегі соттың (судьяның) іс-әрекеті сот мәжілісінің хаттамасында көрініс табу керектігі соттарға түсіндірілсін. Апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарда осындай сот әрекеттері сот мәжілісі хаттамасында заңға сәйкес осындай хаттама жүргізілсе ғана көрсетіледі. Әкімшілік шара қолдану туралы шешім барлық жағдайда бір бөлек негізделген қаулы түрінде жасалады.
      Сот мәжілісінен тыс жерлерде жасалған сотқа құрмет көрсетпеушілік және басқа да тәртіп бұзушылық үшін әкімшілік жазаны соттар Қазақ КСР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормаларына сәйкес жалпы тәртіп бойынша қолданады.
      Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 541-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, процеске қатысушы адамның тарапынан сотқа құрмет көрсетпеушілік фактілері туралы әкімшілік істерді сот талқылауына төрағалық етуші судья Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 327-бабының бірінші бөлігінде, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 179-бабында және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 513-бабында көзделген тәртіппен қарайтындығына соттардың назары аударылсын.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8, 2011.12.30. N 5 Нормативтік қаулыларымен.
      11. Судьялар Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабында көзделген негіз бойынша ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл негіздің тізбесі толық және кеңейтілген түрдегі түсіндіруге жатпайды. Іс қараудың заңмен белгіленген мерзімін сақтамау - іс жүргізу заңының бұзылғандығына жатады.
      Егер бұл ретте жоғары тұрған сот сатысының сот актiсiнде көрсетiлген өрескел заң бұзушылыққа жол берiлмесе, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабының 3-тармағына сәйкес, сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту өздiгiнен судьяның жауаптылығына әкеліп соқпайды. Аталған ережеге орай заңның дөрекі түрде бұзылуы деп судьяларын қасақана немесе тиянақсыздығының, салақтығының немесе заңды жете білмеуінің нәтижесінде жасалған айдан анық және айтарлықтай заң бұзушылығын түсіну керек. Заңның дөрекі түрде бұзылу фактілерін, осы негізде сот шешімін бұзған немесе өзгерткен соттың белгілеу тиіс және ол осы соттың қаулысында көрініс табу керек.
      Дәлелді бағалауға байланысты сот шешімін бұзу немесе өзгерту судьяға кінә етіп қойылмайды.
      Судьяны қызметінен босату барлық жағдайда жариялы, заңмен белгіленген рәсім бойынша және тек заңда көзделген негіздер бойынша өтуі тиіс.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 8 Нормативтік қаулысымен.
      12. Судья қауымдастығының органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы және оның жергілікті жерлердегі органдары сот төрелігін іске асыруда сот қызметтеріне араласпау мен тәуелсіздігі принципін қатаң сақтау жағдайында өз қызметтерін жүзеге асыратынын соттар ескеруі тиіс.
      Сонымен бірге, судьялар сот жұмысы мен судьялар мәртебесіне, маңызды мемлекеттік-құқылық мәселелерді шешуде судьялар қоғамдастығы позициясын айқындауға, өздерінің құқығы, ар-ожданы мен абыройын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға қатысты мәселелер бойынша Судьялар Одағына жүгінуге қақылы.
      Әрбір судья өзінің сот билігінің жүктеушісі болып табылатынын, судьялық антына берік, судьялық ар-ожданың қасиет тұтатынын, сатылмайтынын және тәуелсіз, өз тәртібін қызметте және жеке өмірінде судья этикасының Кодексіне қатаң сәйкестендіріп құратынын үнемі сезініп жүруі тиіс.
      Әрбір судья өз қызметімен заңның үстемдігін, құқық пен әділдіктің салтанат құруын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылысты, мемлекеттік және қоғамдық мүддені қорғауды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, заңдылық пен демократияның кепілі болуға және зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға міндетті.
      Осы қаулы жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы
      Пленумы хатшысы,

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы