"Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 4 маусымдағы N 926 қаулысы

Жаңартылған

      Зейнетақы жарналарына, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдерге есеп жүргізуді қамтамасыз ету, тиісті орталықтандырылған дерекқорларды қалыптастыру және қолдау, зейнетақыларды, жәрдемақыларды және өзге де төлемдерді төлеудің тиімді жүйесінің жұмыс істеуі мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.05.2013 № 551 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      1. Жедел басқару құқығындағы "Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпорынның тиісті саласының уәкілетті органы болып айқындалсын.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.05.2013 № 551 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      3. Мемлекеттік монополияға жатқызылған Кәсіпорын қызметінің негізгі түрлері:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақылар, жәрдемақылар төлемдерін, біржолғы және өзге де төлемдерді ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      2) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 30.05.2013 № 551 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      3) Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың (алушылардың) дерекқорын және міндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бiрыңғай тiзiмiн қалыптастыру;
      4) салымшының зейнетақы төлемдерін алу құқығына болжамды инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізген міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін келесі қаржы жылына айқындау;
      5) мiндеттi зейнетақы жарналарын дербестендірілген есепке алу;
      6) мiндеттi зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлды агенттерден жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару, зейнетақы жарналарының артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) олар бойынша өсімпұлды агенттерге қайтару;
      7) міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасамаған және (немесе) жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ және (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген адамдардың міндетті зейнетақы жарналарын агентке қайтару;
      8) жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы жинақтарын аудару туралы электронды хабарламаларды жіберу және салымшылардың (алушылардың) міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударуды жүзеге асыру;
      9) салымшы (алушы) міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жылына екі рет жасасқан жағдайда, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 45-2-бабының 4-1-тармағында белгіленген жағдайда міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың мәліметтерін бірыңғай тізімге енгізуден бас тартуды ресімдеу;
      10) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен аудару кезінде туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысу;
      11) агенттердiң Кәсіпорын есебiне аударған және Кәсіпорыннан агентке қайтарылған мiндеттi зейнетақы жарналарының сомалары бойынша тiзілімдерін қалыптастыру және салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға табыс ету;
      12) Кәсіпорыннан зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын органның төлемдерді тағайындауы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақылар, жәрдемақылар, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылар істерінің макеттерін қалыптастыру;
      13) зейнетақылар, жәрдемақылар, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылардың орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру және оларды дербестендірілген есепке алу;
      14) міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) міндетті зейнетақы жарналарын аударуды кешіктіргені үшін өсімпұлды бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
      15) міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) олар бойынша өсімпұлды есепке алу, аудару, қайтару мәселелері бойынша агенттермен және жинақтаушы зейнетақы қорларымен өзара іс-қимыл жасау;
      16) орталық атқарушы органның бірыңғай ақпараттық жүйесінің жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
      17) Қазақстан Республикасы заңнамасының зейнетақы жинақтарының құпиясын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға Кәсіпорынның қызмет түрлері бойынша ақпараттық қызметтер ұсыну;
      18) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың міндетті әлеуметтiк аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін дербестендірілген есепке алу және олардың орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру;
      19) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру;
      20) құжаттар қабылдау, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындауға, қайта есептеуге арналған істер макеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органмен өзара іс-қимыл жасау;
      21) әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, Кәсіпорынның қызмет түрлеріне сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ақпараттық қызметтер ұсыну;
      22) төлеушілерден түскен міндетті әлеуметтік аударымдарды және (немесе) өсімпұлды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударуды, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар сомаларын және (немесе) олар бойынша өсімпұлды төлеушілерге қайтаруды жүзеге асыру;
      23) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатынан төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталынған міндетті зейнетақы жарналарының 10 % сомасын ұйымдастыру және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару;
      24) төлеушілерден түскен және қайтарылған әлеуметтік аударымдардың тізілімдерін қалыптастыру және салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға ұсыну;
      25) жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ және (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген адамдардың әлеуметтік аударымдарының сомаларын төлеушіге қайтаруды жүзеге асыру;
      26) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызмет түрлері болып айқындалсын.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.12.11. N 1577; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.05.2013 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.
       4. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi:
      бiр апта мерзiм iшiнде онда жергiлiктi жерлерде Кәсiпорынның филиалдарын ашуды көздеп Кәсiпорынның Жарғысын бекiтсiн және оны белгiленген тәртiппен тiркесiн;
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк пен активтердi басқару департаментiмен бiрлесiп, белгiленген тәртiппен кәсiпорынды қажеттi қызметтiк үй-жайлармен қамтамасыз етсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi:
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервтiк қорынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне Кәсiпорынның жарғылық қызметi үшiн 5 (бес) миллион теңге бөлсiн;
      1997 жылдың iшiнде Кәсiпорынға қажеттi ресми трансферттердi уақытында және толық аударуды қамтамасыз етсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi заңдарда белгiленген тәртiппен Кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырсын және Қазақстан Республикасының Үкiметiне осы қаулыға сәйкес Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiне толықтыру енгiзу туралы ұсыныс енгiзсiн.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінiң 1997.06.27. N 1030 қаулысымен.

       Қазақстан Республикасының
        Премьер-Министрi