Контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы

Қаулы Қазақcтан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1997 жылғы 18 шілде N 10 (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 2 том, 102 бет)

Жаңартылған

      Қылмыстық жаза қолданылатын контрабанда жөнiндегi заңды дұрыс және бiрегей қолдану мақсатында Жоғарғы Сот Пленумы 

                     қаулы етедi: 

      1. Тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi кедендiк шекара арқылы заңсыз алып өту контрабанда деп танылады. 
      Соттар экономикалық контрабанда кезiнде, егер оған жауапкершiлiк Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209-бабында (бұдан әрі - ҚК) көзделген болса, - мемлекеттiң экономикалық мүддесi, ал ҚК-тiң 250-бабында көзделген контрабанда болса, - қоғамдық және мемлекеттiк қауiпсiздiк мүддесi негiзгi және тiкелей объект болып табылатынын ескеруi тиiс.
      Қылмыстық жаза қолданылатын контрабанданы әкiмшiлiк тәртiппен жазаланатын контрабандадан, сондай-ақ тауарларды және нәрселердi кеден шекарасы арқылы өткiзумен ұласқан кедендiк ережелердi бұзудан шектейтін жағдайлар iрi мөлшердегi контрабанда немесе арнайы ережелер белгiленген нәрселердi өткiзу болып табылады. 
      Кедендiк және мемлекеттiк шекара ұғымы Қазақстан Республикасының Кеден кодексі" және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарымен анықталады.
      Кедендiк шекара өткiзу бекеттерiнің, кедендiк постыларының қай жерде орналасқанына қарамастан еркiн кедендiк аймақтар мен еркiн қоймалар периметрiн қоспағанда құрлық аумағында, суларда, әуе кеңiстiгінде мемлекеттiк шекарамен шектеседi. 
      Тергеу iсiн жүргiзуде және сот құжаттарында контрабанданың iрi мөлшерiн және басқа тиiстi саралау белгілерiн, оның iшiнде белгiлi бiр заттарды алып кетудiң арнайы ережелерiн көрсету мiндеттi болып табылады.
       Ескерту. 1-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 3   қаулысымен .
       Ескерту. 1-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 3   қаулысымен .  
      2. Тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi заңсыз алып өту кеден аумағына кiргiзу немесе оларды осы аумақтан шығару жолымен жүргiзiлуi мүмкiн. 
      Алып кiру және шығару деп кез-келген тәсiлмен (почтамен жiберу, әуе көлiгiмен алып өту және қайта жiберу, қолмен, қалтаға салып, қол жүгi түрiнде тасымалдау және т.б.) контрабанда заттарын өткiзудi түсiну керек. 
      3. Заңсыз алып өту өткiзу бекеттерiнде және шекарадан өтуi заңмен белгiленген (ашық алып өту сыңайымен) басқа жерлерде де, сондай-ақ бұл жерден тыс та (жасырын жолмен) жүргізіледi. 
      Қылмыс: 
      - жасырын алып кiру және шығару жүргiзілген кезде тiкелей шекараны қиып өткен сәттен бастап; 
      - ашық алып өту сыңайымен алып кiрген кезде - кеден рәсiмдеуi
аяқталған сәттен бастап, ал арнайы ереже белгiленген заттар үшiн - шекара бақылауы рәсiмi бiткен кезден бастап;
      - ашық алып өту сыңайымен алып шыққан кезде - кеден рәсiмдеуi бiткен сәттен бастап аяқталған деп саналады.
      4. Контрабанда объективтi тұрғыда:
      - кедендiк бақылаудан тауарларды, басқа құнды заттар мен нәрселердiжасыру;
      - оларды кедендiк бақылаудан тыс алып өту;
      - оларды мәлiмдемеу немесе бұрыс мәлiмдеу; 
      - кедендiк және басқа құжаттарды немесе кедендiк теңестiрiлген құралдарды алдап пайдалану ретiнде сипатталады.
      Аталған санаттағы қылмыстарды жасау кезiнде қандай да бiр қылмыс зардаптарының басталуы қажет етiлмейдi.
      5. Кедендiк бақылаудан жасыру тауарларды, басқа құнды заттар мен нәрселердi кедендiк бақылаудан тығу, оларды тасымалдағанда оларды тауып алуды қиындататын құпия орындарды немесе басқа тәсілдердi пайдалану немесе бiр заты басқа заттың түрiн беру болып табылады. 
      Кедендiк бақылаудан тыс контрабандалық заттардың орнын ауыстыру оларды кедендiк рәсiмдеудi немесе оған берiлген оны атқару уақытынан тыс Қазақстан Республикасының заңдарымен және кедендiк органдармен белгіленген кедендiк постылардан, өткiзу бекетi мен басқа орындардан тыс өткiзiп жiберу және алып өту болып табылады. 
      Кедендiк және құжаттарды немесе кедендiкке теңестiрiлген құжаттарды жалған пайдалану кедендік органдарға, сондай-ақ шекара бақылауын жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз жолмен алынған, қолдан жасалған, сондай-ақ жалған мәлiметтермен толтырылған құжаттарды көрсету, қолдан жасалған мөрлер, пломбылар, штампылар және осы сияқты кедендiкке теңестiрiлген құралдарды немесе басқа объектiлерге жататын теңестiрiлген түпнұсқалық құралдарды пайдалану болып табылады. 
      Мәлiмдемеу немесе бұрыс мәлiмдеу - бұл айналымнан алынған тауарларды немесе құнды заттар мен нәрселердi орын ауыстыруға тыйым салынған немесе шек қойылған заңмен белгіленген ережеге сәйкес кедендiк мәлiмдеудi жасыру мiндетiн орындамау немесе тиiстi түрде орындамау деген сөз. 
      6. Контрабанда мүлкi ретiнде кез-келген материалдық дүниенiң қозғалмалы заттарын, оның iшiнде валюта, валюталық құндылықтар, электр, жылу немесе энергияның басқа да түрлерi мен көлiк құралдары деп түсiну керек. Оларға сондай-ақ халықтың көркем, ғылыми, тарихи және археологиялық байлығы ретiнде мәнi бар мәдени құндылықтарды - өнер шығармалары, көне заттар, осындай мәнi бар нәрселер, интеллектуалды меншiк нысандары, құрып кету қаупi бар жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерi, олардың бөлiктерi мен ауытқуы (содан туындайтын) жатады. Аталған, сондай-ақ басқа да айналыстан алынбаған заттарды немесе айналысы шектелмеген заттарды (мысалы, азық-түлiк, киiм, аяқ киiм, парфюмерлiк заттар және т.б.) Республикалық кеден шекарасы арқылы заңсыз өткiзу үшiн жауапкершiлiк ҚК-тiң 209-бабында белгiленген.
       Ескерту. 6-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 3   қаулысымен .  
      7. Есiрткi заттарды, психикаға әсер ететiн, улы, күштi әсер ететiн, уландыратын, радиоактивтi немесе жарылғыш заттарды, қару-жарақты соғыс техникасын, жарылғыш қондырғыларды, оқпен атылатын қару мен оқ-дәрiлердi, ядролық химиялық биологиялық және қырып-жоюға пайдаланылуы мүмкiн басқа да қарулардың, материалдар мен жабдық түрлерiнiң орнынан әкетiлуi ҚК-тiң 250-бабында көзделген қылмыс құрамын құрайды және контрабандалық заттардың мөлшерi мен санынан тыс жауаптылыққа апарып соғады.
       Ескерту. 7-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 3   қаулысымен .  
      8. Контрабанда заттарының құны, егер бұл заттарға мұндайлар бар болса, мемлекеттiк реттелетiн баға бойынша, ал басқа жағдайларда қылмыс жасалған сәттегі кедендiк құн бойынша анықталады. 
      Аталған ретпен құнды анықтау мүмкiн болмағанда (мысалы, контрабанда жағдайында қолдан жасалған спирттi iшiмдiктер, басқа жасанды тауарлар) кеден iстерi жөнiндегi заңдар бойынша белгiленген ережеге сәйкес сарапшының қорытындысының негiзiнде қойылады.
      8-1. ҚК-нің 209-бабында көзделген әрекеттерді ірі мөлшерде жасалған деп тану кезінде кедендік шекарадан кеден бақылауынан тыс немесе одан жасырын, не құжаттарды немесе кедендік теңестіру құралдарын алдап пайдалану арқылы өткізілген тауарлардың немесе өзге де заттардың бөлігінің, сондай-ақ кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы ережелері белгіленген, декларацияланбаған не декларациялануы күмәнді тауарлардың, заттар мен құндылықтардың кедендік шекарадан өткізуге тыйым салынған немесе өткізу шектелген құнының бағасы ғана назарға алынуға тиіс.
       Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 3   қаулысымен
      9. Өз қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған лауазымды адам деп, қызмет парызы бойынша кедендiк және шекаралық бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен басқа құнды заттар және нәрселердi қарау бойынша тиiстi ықпал жасайтын және шекарадан өтуге рұқсат беретiн адамды айтады. 
      Өзiнiң қызмет бабын пайдаланып, мұндай лауазымды адамдармен жасалған контрабанда лауазымдық қылмыс туралы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейдi. 
      Өзiнің қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған басқа лауазымды адамдарға жалпы негiзде, яғни лауазымдық қылмыстар туралы қылмыстық заң нормаларын қолдану көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша және аталған саралау белгiлерiне сiлтемесiз ҚК-тiң контрабанда туралы баптарының тиiстi бөліктерi бойынша жауапкершiлiк жүктеледi.
       Ескерту. 9-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 3   қаулысымен .  
      10. Бірнеше адамға, соның ішінде оның өзіне де тиесілі тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізуге қасақана ниетті адам біріккен (бірге орны ауыстырылған) контрабандалық заттардың контрабандасы үшін жауапкершілік көтеруге тиіс. Қасақана ниеті контрабандалық заттардың қалған бөлігін заңсыз өткізу бойынша басқа адамдардың әрекетін қамтымайтын, орны ауыстырылуы өзіне көрінеу заңсыз мұндай тауарлардың немесе құндылықтар мен заттардың жеке бөлігінің иесі тек оған тиесілі мүліктің контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік көтереді. Сондай-ақ контрабандалық заттардың иесі болып табылмайтын, алайда ақы үшін, курьер және тағы сондайлар ретінде кеден шекарасы арқылы мұндай заттарды заңсыз орнын ауыстыруға тікелей кінәлі адамдардың әрекеті де осылай саралануға тиіс.
      "Ұйымдасқан топтың" саралану белгiлерi деп алдын-ала контрабанда жасау үшiн бiрлескен адамдардың қалыптасқан тобын түсiну керек.
      Ескерту. 10-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 3 қаулысымен .
      11. Контрабанданы жасау кеден органдары алатын мiндеттi төлемдер мен салықтарды төлеуден бас тартумен объективтi түрде ұласады, ал айыптының тауарлар немесе құнды заттарды заңсыз алып өтудегi тiкелей пиғылы әдеттегiнше осы алып өтудiң мақсаты болып табылады, сондықтан бұл әрекеттер салықтарды және бюджетке басқа мiндеттi төлемдердi төлеуден бас тартқаны үшiн қосымша саралауға жатпайды. 
      Мұндай саралау тек контрабанда құрамын және мiндеттi төлемдердi төлеуден қылмысты бас тарту құрамын құрайтын әрекеттер әр кезде жасалған жағдайда ғана орын алуы мүмкiн. 
      Кедендiк және басқа құжаттарды (қызмет бабында жасыру төлем белгiлерiн, құжаттарды қолдан жасау) алдап пайдалану белгiлерi бар әрекеттер қосымша саралауды қажет етпейдi. 
      Контрабандамен қатар басқа жеке алғанда валютамен немесе есiрткi заттармен, атылатын қарумен және қару-жарақтармен және т.б., немесе кеденнен гөрi (шекаралық валюталық есiрткi және т.б.) басқа бақылау объектiсi болып табылатын мемлекеттiк шекараны бұзумен байланысты басқа қылмыстар жасалған жағдайда әрекеттер қылмыстық заңның тиiстi қалыптарында көрсетiлген қылмыстар жиынтығы бойынша саралануы тиiс. 
      12. Тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi кедендiк рәсiмдеудi қажет етпейтiн оның iшiнде қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық келiсiмдер негiзiнде кедендiк және шекаралық бақылауды бұзу немесе жеңiлдету және оларды алып өтудiң рұқсат етiлу тәртiбi мен шарттарын қамтамасыз ету, қазақстандық рынокты қорғауға және контрабанда нәрселерінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған қылмыстық заң күшiнiң шектерiн тарылтпайды. 
      Мұндай жағдайларда кедендiк шекара арқылы тауарларды немесе басқа құнды заттар мен нәрселердi қылмыстық жазалаушылықпен орнынан алып кету оларды мәлiмдемеумен және кедендiк, шекаралық бақылаудан тыс жасаумен ұласқан контрабанда ретiнде бағаланады.<*> 
       Ескерту. 12-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 3   қаулысымен .  
      13. Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлердегі айыптының мүлкiн пайдалануға тыйым салу туралы заңның талаптарын орындау оның мүмкiн болатын тәркiленуiн қамтамасыз ету үшiн тек қатысушысы Қазақстан Республикасы болып саналатын халықаралық келiсiмдер негізiнде және соған сәйкес жүргiзiледi. 
      14. Осы санаттағы iстер бойынша жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тiң 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, мұндайда жаза негiздi және әдiл болуы үшiн контрабанда заттарының мөлшерi мен санын ескергенi, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, немесе арнаулы, әскери не құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру ретiндегi қосымша жаза тағайындау мәселесiн қарағаны жөн. Заңмен көзделген жағдайларда контрабанда заттарын мемлекет кiрiсiне енгiзген жөн. 
      Соттар сондай-ақ мемлекет кiрiсiне айналдырылған контрабанда нәрселерiн өткізуден түскен қаржының толық көлемде мемлекет бюджетiне аударылуға жататынын ескеруi тиiс. Сондықтан соттар үкiмде мемлекет кiрiсiне айналдырған контрабанда нәрселерiн өткiзуден түскен қаржының белгілi бiр бөлiгiн қандай да бiр арнайы есепке аудару жөнiнде ұйғару жасамауы керек.
      Егер айыпты контрабанда нәрселерiн сатып жiберсе, сот сотталған адамнан оның құнын, егер бұл сату мемлекетке мiндеттi төлемдердi төлеуден бас тарту жағдайымен ұласса, төленбеген төлемдердiң тиiстi сомасын мемлекет кiрiсiне өндiрiп алу жөнiнде мәселенi шешуi тиiс.
      ҚК-нің 209, 250-баптарында көзделген қылмыстарды жасауда кінәлі деп танылған адамдардың контрабандалық тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды ҚР кеден шекарасы арқылы көлік құралдарын пайдалана отырып заңсыз кіргізу немесе шығару фактілерін анықтау барысында контрабанда кезінде пайдаланылған көлік құралдары туралы мәселе олардың іс бойынша қылмыс қаруы ретінде заң тәртібімен белгіленген заттай дәлелдеме болып танылуына қарай шешілуге тиіс.
      Көлік құралы контрабанда заттарын кеден шекарасынан кеден бақылауынан тыс алып өтудің құралы ретінде пайдаланылғанда, сондай-ақ контрабанда заттарын кеден бақылауынан жасыру үшін пайдаланылған жағдайда (әсіресе, көлік құралдарының техникалық өлшемдерін, оның жеке агрегаттары мен бөлшектерін өзгерту арқылы, жасырын орын дайындау және оған заттарды білдірмей құпиялап салып қою, осындай мақсатқа бейімделген өзге де жабдықтар орнату, контрабандалық заттарды жанармай багіне, автомашинаның астына орналастырып тасымалдау, оларды тауып алуда қиындық туғызатын өзге де әдістер мен т.с. қолдану) оны қылмыс құралы деп таныған жөн.
      Көлік құралының иесі оны контрабанда қаруы ретінде пайдаланса және ол заттай дәлелдеме болып танылса көлік құралы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 121-бабының үшінші бөлігінің 1-тармағына сәйкес тәркіленуге жатады. Контрабанда заттары деп танылған не қылмыс қаруы ретінде пайдаланылған тауарлардың, өзге құндылықтардың немесе көлік құралдары иесінің контрабандаға қатысу және басқа адамдардың бұл мүлікті кеден шекарасы арқылы контрабанда жолымен алып өту немесе контрабанда қаруы ретінде пайдалану ниеті болмаған жағдайда мұндай мүлік тәркіленуге жатпайды. 
       Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.04.30 N 3 Қаулысымен, 2008.12.22. N 7 Нормативтік қаулысымен.
      15. Осы қаулының қабылдануына байланысты КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1978 ж. 3 ақпандағы "Контрабанда туралы iстер бойынша сот тәжiрибесi туралы" N 2 қаулысы, 1978 ж. 5 қыркүйектегi N 7 және 1978 ж 6 желтоқсандағы N 7 қаулылары енгiзген өзгертулермен қоса күшi жойылған деп танылсын.