Нанның, нан-тоқаш өнiмдерiнiң, тарының, ұнтақ жарманың және халыққа пiсiрілген нан орнына сатылатын ұнның бағасы туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 30 тамыз 1993 ж. N 745

      Энергия көздерiнiң бағасы өсуiне байланысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. 1993 жылғы 1 қыркүйектен бастап халыққа мемлекеттiк ресурстан бөлiнген астықтан өндiрiлетiн нан, нан-тоқаш өнiмдерiн, тары, ұнтақ жарма, пiсiрiлген нан орнына өткiзiлетiн ұн сату Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Нанның, нан-тоқаш өнiмдерiнiң, тарының және ұнтақ жарманың бағасы туралы" 1992 жылғы 16 қыркүйектегi N 767 қаулысымен бекiтiлген (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ, 1992 ж., N 35, 543-бап) қазiргi бөлшек сауда бағасына 5 арттыру коэффициентi қолданылып жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
      2. Сауда кәсiпорындары мен ұйымдары осы қаулыда аталған өнiмдердiң 1993 жылғы 1 қыркүйектегi жағдай бойынша қалдықтарын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Бағаны ырықтандыруға байланысты өнiмдер мен тауарларға қайта бағалау жүргiзу туралы" 1992 жылғы 3 қаңтардағы N 4 қаулысында белгiленген (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ, 1992 ж., N 1, 8-бап) тәртiппен түгендеме жасау және оларға қайта бағалау жүргiзсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiленген тәртiпке және осы қаулыға сәйкес мемлекеттiк реттелетiн баға бойынша нан, нан-тоқаш өнiмдерiн, ұнтақ жарма, тары және пiсiрiлген нан орнына өткiзiлетiн ұн өндiру мен сатуға байланысты кәсiпорындар шығынының орнын толтыру үшiн қаражат iздестiрсiн.
      4. Нанның және нан-тоқаш өнiмдерiнiң бағасы өсуiне байланысты

халықты әлеуметтiк қорғау мақсатында зейнетақыны одан әрi арттыру
жүзеге асырылғанға дейiн жұмыс iстемейтiн зейнеткерлердiң 
зейнетақысына 1993 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1000 сом мөлшерiнде
ай сайынғы қосымшаақы төлеу қамтамасыз етiлсiн.
     Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау 
министрлiгi, жергiлiктi әкiмдер аталған төлемдi уақтылы жүзеге
асыратын болсын.

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi