Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 9 сәуiр 1993 ж. N 290

Қолданыстағы
      Қазақ ССР Министрлер Кабинетiнiң "Гурьев мұнай өңдеу зауытын жаңғырту туралы" 1991 жылғы 31 қазандағы N 663 қаулысын дамыту мақсатымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлiгi, "Қазақстанмұнайгаз" ұлттық мұнай компаниясы және Атырау мұнай өңдеу зауыты "Ронар Сервисиз Лимитед" және "Гидрокарбон Инжиниринг" фирмаларымен бiрлесiп, Атырау мұнай зауытын жаңғырту жобасының техникалық бөлiгiн толық дайын ету шарттары негiзiнде алдын ала жұмыс жүргiзгенi еске алынсын.
      2. Атырау мұнай өңдеу зауыты жобалау және технологиялық қондырғыларды салу жөнiндегi тапсырыс берушi болып анықталып, оған жобаны сараптау қорытындысы негiзiнде шетел фирмаларымен шартқа қол қою құқығы берiлсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен Энергетика және отын ресурстары министрлiгi жобаның техникалық, қаржылық және заңдық сараптауы жасалуын жүргiзсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Қаржы министрлiгi, Энергетика және отын ресурстары министрлiгi зауытты жаңғыртуға қажеттi мөлшерде кредит тартылуын қамтамасыз етсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Энергетика және отын ресурстары министрлiгi Атырау мұнай өңдеу зауытының өткiзу үшiн 1993-1997 жылдары жыл сайын экспортқа берiп тұратын мұнай өнiмдерiнiң мөлшерi қосымшаға сәйкес бөлiнуiн көздейтiн болсын. Экспорттық жөнелтiлiмнен түскен валюталық қаржы, кеден баж салығын төлегеннен және осы қаржының бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "1993 жылы Қазақстан Республикасында валюта қорларын қалыптастыру туралы" 1993 жылғы 21 қаңтардағы N 1092 қаулысына сәйкес сатқаннан кейiнгiсiн алғашқы аванс жарналарын және алған кредиттiң процентiн, комиссиялық және сақтандыру алымдарын өтеуге пайдалансын.
      6. Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгiнiң келiсуi бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытына 1993-1997 жылдары экспортқа сатылатын мұнай өнiмдерiне лицензия берсiн.
      7. Зауытты жаңғыртудың бiрiншi кезегi пайдалануға берiлген соң Атырау мұнай өңдеу зауытына кредиттi және леспе шығындарды толық өтеу үшiн жыл сайын мұнай өнiмi өсiмiнiң 50 процентiн экспортқа сатуға рұқсат етiлсiн.
      8. Осы қаулыда көзделген жұмыстарды орындауға қажеттi мәшинелердi, жабдықтарды, конструкцияларды, материалдарды және басқа бұйымдарды белгiленген тәртiппен келiсiлген тiзбе бойынша Қазақстан Республикасына баж салығынсыз әкелуге және кейiн алып кетуге рұқсат етiлсiн.
      9. Батыс Қазақстан темiр жол басқармасы 1993 жылдан

бастап Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға арналған құрылыс
материалдарын, жабдықтарды, конструкцияларды, мәшинелер мен
механизмдердi тасымалдау үшiн вагондар бөлiнуiн қамтамасыз етсiн.
     10. Зауытты жаңғырту жобасының жүзеге асырылуын, өндiрiс
қуаттарының уақтылы iске қосылуын бақылау "Қазақстанмұнайгаз"
ұлттық мұнай компаниясына жүктелсiн.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi
                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң   
                                       1993 жылғы 9 сәуiрдегi
                                            N 290 қаулысына
                                             Қосымша
     
            Атырау мұнай өңдеу зауытының өткiзу үшiн
              1993-1997 жылдары экспортқа жыл сайын
             берiп тұратын мұнай өнiмдерiнiң мөлшерi
----------------------------------------------------------------
     Мұнай өнiмiнiң атауы          !  Өлшем бiрлiгi   ! Саны
                                   !                  !
----------------------------------------------------------------
     Дизель отыны                     мың тонна         200
     Мазут                               "              400
     Вакуумдық газойль                   "              250     
     Пештiң отыны                        "               50
----------------------------------------------------------------