Республикада "Жолың болғай" спорттық лотерея ойынын және "Табыс сәтi" компьютерлiк ойынын өткiзу туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 24 наурыз N 234. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996.10.31. N 1326 қаулысымен.

Күшін жойған
      Спорттық ғимараттарды пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру, халықты спорттық және сауықтыру шараларына қатысуға тарту, дене шынықтырумен айналысуға және салауатты өмiр салтына жұмылдыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгiнiң республикалық "Жолың болғай" спорттық лотерея ойынын және "Табыс сәтi" компьютерлiк ойынын өткiзу туралы ұсынысы қабылдансын.
      2. Қазақстан Республикасының туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Қазақстан Республикасында ойындарын өткiзу тәртiбi туралы" 1992 жылғы 27 сәуiрдегi N 383 қаулысына сәйкес республикалық "Жолың болғай" спорттық лотерея ойынын өткiзу шарттарын және "Табыс сәтi" компьютерлiк ойынын өткiзу шарттарын жасап, оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiмен, басқа да мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен келiсетiн болсын.
      3. Қазақстан Республикасының туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгiне жергiлiктi әкiмдермен келiсе отырып, спорт ғимараттарында шаралар өткiзiлген кезде "Жолың болғай" лотерея ойынына рұқсат ету құқы берiлсiн.
      4. "Табыс сәтi" лотерея ойыны авторларының (компьютерлiк нұсқасы) және "Жолың болғай" спорттық лотерея ойыны авторларының осы идеяны Қазақстан Республикасында iске асыру құқын беруiне, сондай-ақ осы ойындарды өткiзу құқын басқа мемлекеттерге сатуға және авторлық құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге байланысты Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгiне мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрге:
      "Жолын болғай" спорттық лотерея ойынын өткiзетiн ұйымдарды анықтау;
      жергiлiктi әкiмдермен және қаржы органдарымен келiсе отырып осы ұйымдардың әрқайсысында жыл сайын әр ойынға шығарылымдар күнi мен билет бланкiлерiнiң санын, оларды өткiзуден түскен соманың ұтысқа беруге арналған проценттiк мөлшерiн, сондай-ақ бiр билет бланкiсiнiң бағасын белгiлеу;
      лотерея ойындарын өткiзуден түскен табыстың белгiлi бiр мөлшерiн авторларға төлеудi көздеу жүктелсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгi, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi лотерея ойындарының ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiне, құрал-жабдықтар мен материалдық құндылықтардың сақталуына, саудадан түскен түсiмнiң толық өткiзiлуiне, алынған табыстың дұрыс әрi мақсатқа сай пайдаланылуына тұрақты бақылау жасап отыратын болсын.
      6. Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгi Баспасөз және ақпарат құралдары министрлiгiмен бiрге спорттық лотерея ойындарын кеңiнен жарнамалап, оларды өткiзудiң тәртiбi мен шарттарын түсiндiретiн болсын.
      7. Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне "Жолың болғай" және "Табыс сәтi" спорттық лотерея ойындарын ұйымдастыру мен өткiзу туралы жыл сайын хабарлап отыратын болсын.
             Қазақстан Республикасының
                 Премьер-министрi