Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 18 ақпан N 125. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.07.28. N 1182 қаулысымен. ~P971182

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Атом қуаты жөнiндегi агенттiгi туралы" 1992 жылғы 15 мамырдағы N 779   U920779_   Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ, 1992 ж., N 18, 300-бап) сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-министрi

                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                       1993 жылғы 18 ақпандағы
                                           N 125 қаулысымен
                                             Бекiтiлген

            Қазақстан Республикасының Атом энергиясы
                  жөнiндегi агенттiгi туралы
                           Ереже

                   I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi (мұнан былай Агенттiк) Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк басқару органы болып табылады, оған атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру жүктеледi. 
      Агенттiк өз құзыры шегiнде ядролық энергетиканың барлық аспектiлерiн хұқықтық реттеудi және Қазақстан Республикасының аумағында атом-өнеркәсiп кешенi объектiлерiн лицензиялауды қамтамасыз етедi. 
      Агенттiк ядролық материалдарды, радиоактивтiк заттар мен қалдықтарды ұстауды қосқанда, ядролық және радиациялық технологияларды пайдаланудың хауiпсiздiгiн реттеу, жолымен халықты және айналадағы табиғи ортаны техногендiк және өздiгiнен пайда болатын иондаушы сәулелердiң ықпалынан қорғаудың мемлекеттiк саясатын жүзеге асырады. Ережеде пайдаланылатын терминдердiң анықтамалары Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (МАГАТЭ) анықтамаларына сәйкес келедi. 
      Агенттiк өзiне жүктелген функциялар шегiнде, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, республиканың экономикалық қатынастағы барлық министрлiктерi, ведомстволары, кәсiпорындары, ұйымдары және басқа субъектiлерi үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдайды. 
      2. Агенттiк өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiн және басқа нормативтiк актiлерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады. 
      Агенттiк оның құзырына енетiн мәселелер бойынша заңдардың қолданылу практикасын жинақтайды, оларды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және соларды Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қарауына енгiзедi. 
      3. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi заңды мекеме болып табылады, дербес балансы, банк мекемелерiнде шоты, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген әрi өзiнiң атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi болады. 

                    II. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi 
 
        4. Агенттiктiң басты мiндеттерi; 
      қолданылып жүрген халықаралық нормаларды ескере отырып, атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру; 
      атом энергетикасы, ядролық технология және радиоактивтiк қалдықтарды ұстау технологиясы саласындағы жобаларға мемлекеттiк сараптау жүргiзу; оларды iске асыру жөнiндегi бағдарламалар мен шараларды үйлестiру; 
      ядролық және радиациялық хауiпсiздiк, ядролық материалдар мен радиоактивтiк заттарды тасымалдау және сақтау, қалдықтарды ұстау жөнiндегi өлшемдер мен нормаларды белгiлеу, ережелердi әзiрлеу, сондай-ақ ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысандарына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелердiң және ұйымдардың, жекелеген азаматтардың осы нормалар мен ережелердi сақтауын бақылау; 
      атом энергетикасы объектiлерiнiң (ядролық материалдар, радиоактивтiк заттар мен иондаушы сәуле көздерi бар аспаптар, жабдықтар, өндiрiстер, қоймалар мен сақтау орындары) және көлiк құралдарының пайдалану хауiпсiздiгiн бағалау мен бақылау; 
       жобаланған және салынып жатқан атом энергетикасы объектiлерiнiң хауiпсiздiгiн бағалау; 
      ядролық материалдар мен радиоактивтiк қалдықтарды мемлекеттiк есепке алу және олардың сақталуы мен пайдаланылуын бақылау; 
      ядролық материалдар мен ядролық технологиялардың экспорты мен импортына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру; 
      Қазақстан Республикасының аумағындағы атом-өнеркәсiп кешенi ұйымдары мен кәсiпорындарындағы физикалық қорғау мен құпиялылық тәртiбiнiң жағдайын бақылау;<*> 
      атом энергетикасы мен ядролық технология саласында мемлекетаралық және халықаралық ғылыми-техникалық, экономикалық және хұқықтық ынтымақтастықты жүзеге асыру; 
      атом энергетикасы саласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың тиiмдi жұмысы үшiн қажеттi хұқықтық, экономикалық, ұйымдық жағдай жасау жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеу; 
      Қазақстан Республикасының Президентiне, Жоғарғы Кеңесiне, Үкiметiне және жұртшылығына атом энергетикасы объектiлерiнiң жағдайы туралы хабарлау болып табылады. 
      Ескерту. 4-тармақ сегiзiншi абзацтан кейiн жаңа редакцияда 
               мазмұндағы абзацпен берiлген - ҚРКМ-нiң 
               26.01.1994 ж. N 92 қаулысымен. 

                    III. Агенттiктiң негiзгi функциялары 
 
        5. Агенттiк өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес: ядролық энергия мен радиациялық технологияны пайдалану мәселелерi жөнiндегi заң актiлерiнiң жобаларын әзiрлейдi; 
      өлшемдер мен нормаларды белгiлейдi, ядролық және радиациялық хауiпсiздiк жөнiнде ережелер әзiрлейдi; 
      пайдаланушы ұйымдар басшыларының атом-өнеркәсiп кешенi объектiлерiнiң хауiпсiз жағдайы туралы баяндамалары (есептерi) бойынша тұжырымдар дайындайды; өзiнiң құрамында ядролық қондырғылары бар объектiлердiң басшыларын тағайындауды келiседi;<*> осындай объектiнiң иесiне немесе солардың өкiлеттi органына осы объектiлердi құруға, пайдалануға және жоюға белгiленген тәртiппен рұқсат бередi; атом-өнеркәсiп кешенi объектiлерiндегi қызметтiң түрлерi мен кезеңдерiн, сондай-ақ олардың хауiпсiздiк жағдайы туралы баяндамаларды (есептердi) тапсыру мерзiмдерiн белгiлейдi; объектiлердiң хауiпсiздiгiн күшейту қажет болғанда аталмыш рұқсаттың шарттарын өзгертедi; 
      бақылауындағы объектiлерге тексеру жүргiзедi, оларды пайдаланудағы хауiпсiздiк талаптары мен Агенттiк берген рұқсат шарттары бұзылған жағдайда санкция қолданады; 
      атом энергетикасы объектiлерiнiң ядролық және радиациялық хауiпсiздiгiне, олардың жиналуын, өңделуiн, тасымалданылуы мен сақталуын қосқанда, ядролық материалдарды, радиоактивтiк қалдықтарды хауiпсiз ұстауға бақылау жасайды; 
      атом энергетикасының объектiлерiнде жұмыс iстейтiн жекелеген адамдарға осы объектiлердi және олардың хауiпсiздiгi үшiн маңызды технологиялық процестердi басқару хұқына рұқсат етудiң тәртiбiн белгiлейдi және рұқсат бередi; 
      жұмыс сапасын қамтамасыз ету бағдарламаларын әзiрлеудiң талаптарын айқындайды, атом энергетикасы мен өнеркәсiп объектiлерiн құру мен пайдалану кезiнде орналасқан жерiн таңдауды, жобалауды, құрылысын жүргiзудi, оларды пайдалануға беру мен пайдаланудан шығаруды қосқанда, сондай-ақ жабдықтарды, аспаптарды жеткiзу және басқа ұйымдарға қызмет көрсету кезiнде олардың жүзеге асырылуына бақылауды ұйымдастырады; 
      атом энергетикасының объектiлерiнде аварияны болдырмауға және пайдаланушы ұйымдардың аварияның зардаптарын жоюға дайындығына бағытталған шараларды әзiрлеу мен iске асыруды қадағалайды; 
      ядролық материалдарға мемлекеттiк есеп жүргiзедi және олардың сақталуын, тасымалданылуы мен пайдаланылуын бақылайды; 
      бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың оларға берiлген рұқсат шарттарын орындауын, сондай-ақ ядролық және радиациялық хауiпсiздiк жөнiндегi нормалар мен ережелердi сақтауын тексередi; 
      атом энергетикасының объектiлерiн, сондай-ақ осы объектiлердi пайдаланудың хауiпсiздiгi үшiн маңызды жүйелер мен жабдықтарды есепке алудың және тiркеудiң тәртiбiн белгiлейдi; 
      атом энергетикасының объектiлерiндегi жұмыс тәртiбiнiң бұзылуы туралы хабардар етудiң тәртiбiн белгiлейдi және осы тәртiп бұзушылықтың себептерiне арнайы тексеру жүргiзудi бақылайды (қажет болған жағдайда өздерi тексеру жүргiзедi), тексеру нәтижесi бойынша әзiрленген шаралардың iске асырылуын қадағалайды; 
      атом энергетикасының объектiлерiне жеткiзiлген жабдықтар мен бұйымдардың сапасын бақылайды, сертификаттау және тәуелсiз сынақтар мен өлшемдер жүргiзедi; 
      МАГАТЭ-де Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiредi, ядролық энергияны хауiпсiз пайдаланудың халықаралық режимiн қамтамасыз етуге байланысты қызметтi жүзеге асырады, сондай-ақ ядролық энергияны пайдаланудың хауiпсiздiгiн нығайтуға бағытталған мемлекетаралық шарттардың жобаларын әзiрлейдi; 
      басқа мемлекеттердiң мамандандырылған халықаралық ұйымдарымен және органдарымен ядролық авариялар мен радиациялық авариялық жағдайлар туралы жедел хабарлар алмасуды iске асырады; 
      ядролық энергетика, ядролық технология және радиоактивтiк қалдықтарды ұстау технологиясы саласындағы мемлекеттiк бағдарламалар мен оларды iске асыру жөнiндегi шараларды үйлестiредi. 
      Қазақстан Республикасының аумағындағы отын-өнеркәсiп кешенi ұйымдары мен кәсiпорындарындағы физикалық қорғау мен құпиялылық тәртiбiнiң жағдайын бақылауды өз құзырының шегiнде жүзеге асырады.<*> 
      Ескерту. 5-тармақтың үшiншi абзацы жаңа редакцияда сөздерiмен 
               толықтырылды. 
               5-тармақ он алтыншы абзацтан кейiн жаңа редакцияда 
               берiлген - ҚРКМ-нiң 26.01.1994 ж. N 92 қаулысына 
               сәйкес. 
      6. Агенттiк өз функцияларын олардың қызметiн Агенттiк пен оның ұйымдары реттейтiн немесе бақылайтын заңды мекемелерден толық тәуелсiздiк принципiнде орындайды. 
      7. Агенттiк оған жүктелген функцияларды орындау кезiнде Қазақстан Республикасының басқа да басқару және мемлекеттiк атқарушы өкiмет органдарымен, жергiлiктi әкiмшiлiктер және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен, сондай-ақ басқа да мемлекеттердiң тиiстi органдарымен өзара iс-қимыл жасайды. 

                    IV. Агенттiктiң негiзгi хұқылары 
 
        8. Агенттiк: 
      Ядролық энергия мен радиациялық технологияны пайдаланатын салаларда жұмыс iстейтiн кәсiпорындардағы, мекемелер мен ұйымдардағы жабдықтар мен технологиялық процестердi басқарудың жағдайына, техникалық және пайдаланымдағы құжаттамалардың саны мен сапасына, жөндеу жұмыстарының сапасына, ядролық және радиациялық хауiпсiздiкке байланысты қызметкерлердiң бiлiктiлiгiне сондай-ақ физикалық қорғау мен құпиялылық тәртiбiне тексеру жүргiзуге;<*> 
      Ескерту. 8-тармақтың бiрiншi абзацы жаңа редакцияда 
               сөздермен толықтырылды - ҚРКМ-нiң 26.01.1994 ж. 
               N 92 қаулысына сәйкес. 
      атом энергетикасы объектiлерiн пайдаланушы ұйымдар мен әкiмшiлiктерден қажеттi түсiнiктемелер мен анықтамалар алуға хұқылы. Агенттiк қызметкерлерi өзiнiң қызмет мiндеттерiн орындау барысында атом энергиясының объектiлерiне кез келген уақытта кедергiсiз баруға хұқылы. 
      кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына атом энергетикасы объектiлерiнiң хауiпсiздiгi нормалары мен ережелерiнiң рұқсат етiлген шарттарының бұзылғаны анықталғанда, оны жою үшiн орындалуға тиiстi тапсырма беруге; адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға хауiптi жұмыстарды тоқтатуға, сондай-ақ аталмыш рұқсаттағы хауiпсiздiк нормалары мен ережелерiн өрескел немесе үнемi бұзған жағдайда берiлген рұқсаттан айыруға; 
      атом-өнеркәсiп кешенi объектiлерiнiң басшыларынан хауiпсiздiк жағдайы туралы баяндамалар (есептер), тәртiп бұзылуы мен жабдықтардың iстен шығып қалуының себептерi туралы хабарламалар, сондай-ақ техникалық және өзге құжаттамаларды алуға; 
      атом энергетикасы объектiлерiнiң құрылысы мен қайта жаңғырту жобаларын мемлекеттiк сараптауға белгiленген тәртiппен қатысу, бұл объектiлердi пайдаланудан шығару жобаларына сараптау жүргiзу;<*> 
      Агенттiктен рұқсаты бар кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың атом энергетикасы объектiлерiндегi жұмыс хауiпсiздiгi талаптарының бұзылу жағдайлары мен себептерiне тексеру жүргiзуiн бақылауға; 
      Агенттiктен рұқсаты бар атом энергиясы объектiлерiнiң иесiнен немесе олардың өкiлеттi органынан атом энергетикасы объектiлерiнiң хауiпсiздiгiне қосымша сараптау жүргiзудi, жабдықтарды, материалдарды, аспаптар мен жүйелердi бақылап сынауды және техникалық куәландыруды талап етуге; 
      ядролық және радиациялық хауiпсiздiктiң нормалары мен ережелерiн, сондай-ақ берiлген рұқсат шарттарын бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген санкциялар қолдану туралы тиiстi органдарға ұсыныс енгiзуге; 
      ядролық және радиациялық хауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң өзектi проблемаларын шешуге, атом энергетикасы объектiлерiнiң жобаларына сараптау жүргiзуге және олардың мамандандырылған ұйымдарын, ғалымдарын, мамандарын, оның iшiнде басқа мемлекеттен де, бақылап тексеруге шарттық негiзде тартуға; 
      аса маңызды мiндеттердi шешу мен ядролық және радиациялық хауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң басым бағдарламаларын жүзеге асыру үшiн кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың сондай-ақ басқа да көздерiнiң ерiктi жарналары есебiнен тиiстi қорлар (валюта қорын қоса) құруға; 
      қолданылып жүрген заңдардың негiзiнде және солардың орындалуы үшiн өз құзыры шегiнде бұйрықтар мен нұсқамалар шығаруға, олардың орындалуын бақылауға; 
      қажеттi жағдайда мемлекеттiк өкiметтiң басқа органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен бiрге бiрлескен актiлер шығаруға хұқы бар. 
      Ескерту. 8-тармағының 6 абзацы жаңа редакцияда - ҚРМК-нiң 
               1994 ж. 8 желтоқсан N 1395 қаулысы.  

                    V. Агенттiкке басшылық жасау 

      9. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын Бас директор басқарады. 
      Бас директордың Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайтын үш орынбасары, оның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары және құрамы 7 адамнан алқасы болады. Алқаның құрамына Бас директордан (алқаның төрағасы) және оның орынбасарларынан басқа мүдделi министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың өкiлдерi кiредi. 
      Алқа мүшелерiн Агенттiктiң Бас директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi. 
      Агенттiктiң Бас директоры Бас директордың орынбасарларының және Агенттiк бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерiн бөледi. 
      10. Агенттiктiң құрамына Бас директордың бiрiншi орынбасары басқаратын Қазақстан Республикасының Атом -өнеркәсiп кешенi объектiлерiнде жұмысты хауiпсiз жүргiзудi және радиоактивтiк қалдықтарды тасымалдауды қадағалау жөнiндегi Бас басқарма (Қазақстан Республикасының Басатомқадағалау) кiредi. 
      11. Агенттiктiң Бас директоры Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына тiкелей жауап бередi. 
      12. Бас директор Агенттiктiң ғылыми-техникалық кеңесiн басқарады. 
      Агенттiктiң ғылыми-техникалық кеңесi туралы ереже мен оның құрамын Бас директор бекiтедi. 
      13. Бас директор Агенттiктiң штат кестесiн бекiтедi, адам санының белгiленген лимитi және жалақы қорының шегiнде агенттiктiң қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады.<*> 
      Ескерту. 13 тармақтан сөздер алынып тасталған - ҚРМК-нiң 
               1995.02.06. N 115 қаулысымен.
      14. Агенттiктiң бақылауындағы кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар Агенттiктiң лауазымды адамдарын объектiлердi тексеру кезiнде қызмет үй-жайымен, телефон байланысымен, арнаулы киiммен және қорғаныс құралдарымен тегiн қамтамасыз етуге, аварияның себебiн тексеруге және қызмет мiндетiн орындауға тартылған инспекторларды көлiкпен жеткiзуге мiндеттi. 
      15. Өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындау үшiн Агенттiктiң қызметкерлерiне iссапары қағазы мен қызмет куәлiгiн көрсетуi бойынша темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiгiмен жүруге кезексiз билет алу хұқы берiледi.