"Электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графиктерiн жасау мен қолдану туралы уақытша ереженi бекiту туралы"

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 5 қаңтар 1993 ж. N 8. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 27 шілдедегі N 781 қаулысымен

Күшін жойған

      Энергетика жүйесiндегi электр энергиясының немесе қуатының авариялық тапшылығы пайда болған жағдайында энергетика жүйелерiнiң тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графиктерiн жасау мен қолдану туралы қоса берiлiп отырған Уақытша ереже бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Мемэкономкомымен келiсе отырып, "Қазақстан энергетика жүйелерiнде электр энергиясы мен қуатының жетiспеушiлiгi кезiнде электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графиктерiн жасау мен қолдану тәртiбi туралы нұсқауды" әзiрлеп, бекiтетiн болсын. 
      3. Электр тұтынудың белгiленген тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдарымен бiрлесiп атқару Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлiгiнiң "Қазақстанэнерго" мемлекеттiк электроэнергиялық компаниясын энергиямен жабдықтайтын ұйымдарына жүктелсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi 

                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                      1993 жылғы 5 қаңтардағы
                                            N 8 қаулысына
                                                Қосымша

             Электр энергиясын тұтынуға шек қою және 
             ажырату графиктерiн жасау мен қолдану 
                        туралы Уақытша ереже 

      1. Электр энергиясының немесе қуатының жетiспеушiлiгi кезiнде тұтынушыларды электрмен жабдықтау шарттары осы Уақытша ережемен анықталады. 
      2. Электр энергиясының немесе қуатының жетiспеушiлiгi пайда болған жағдайда, энергиямен жабдықтау ұйымдары тұтынушылармен бiрлесiп, үстiмiздегi жылғы 1-қазаннан келесi жылғы 1 қазанға дейiнгi кезеңде электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графигiн жасайды. 
      Графиктер "Электр энергиясының немесе қуатының жетiспеушiлiгi кезiнде электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графигiн жасау мен қолдану тәртiбi туралы нұсқауға" сәйкес жасалады. 
      Графиктердi энергиямен жабдықтау ұйымдарының басшылары жергiлiктi жерлердегi тиiстi атқарушы өкiмет органдарымен келiсiп бекiтедi және тұтынушыларға хабарлайды. 
      3. Электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графиктерiнде электр энергиясын тұтынуды электр энергиясының тәулiктiк пайдалы жiберiлуiнiң 25 процентке дейiнгi ортақ көлемiне кезек бойынша қысқарту және тұтас энергетика жүйесi бойынша ең жоғары салмақ түсетiн сағаттарда электр тұтынымын 20 процентке дейiн қысқарту көзделуге тиiс. 
      4. Энергиямен жабдықтау ұйымдары тұтынушыларға электр энергиясын тұтынуға шек қою графигiнiң алдағы тәулiктерде күшiне енетiнi туралы, ағымдағы тәулiкте сағат 14-тен кешiктiрмей (жергiлiктi уақыт бойынша) шек қоюдың басталуы мен аяқталу уақытын көрсетiп хабарлап отырады. 
      Авариялық ахуал бола қалғандай жағдайда электр энергиясын тұтынуға шек қою графиктерiн шұғыл күшiне енгiзудiң жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл туралы шек қою күшiне енгiзiлгенге дейiн 1-сағат бұрын тұтынушыларға хабарланатын болады. 
      5. Энергиямен жабдықтау ұйымдарының электр энергиясын ажырату графигiнiң күшiне енгiзiлгенi туралы өкiмiн тұтынушылар дереу орындауға тиiс. 
      6. Электр энергиясынан ажырату графигiне: электр энергиясын ажырату салдарынан адамдар өмiрiне қатер төндiруi және ауыр экологиялық зардап шектiруi, жарылғыш әрi улы өнiмдер мен қоспалардың бөлiнiп шығуына әкелiп соқтыруы мүмкiн өндiрiс орындары, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдары орналасқан ғимараттар; медицина мекемелерi; байланыс мекемелерi; сумен қамтамасыз ету мен канализация объектiлерi; желдеткiш, су төгу объектiлерi мен көмiр және тау-кен кәсiпорындарының негiзгi көтергiш құрылғылары; өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн объектiлер; темiр жол және ортақ пайдаланудағы электрлендiрiлген көлiк; әуе және су көлiгiндегi диспетчерлiк басқару жүйесi, блоктау, белгi беру мен қорғау объектiлерi; мектеп-интернаттар, бала бақшалары, мектептер мен мектепке дейiнгi балалар мекемелерi; инкубаторлы құс стансалары және құс фабрикалары; нан зауыттары; сүт зауыттары, теплица-парник шаруашылықтары, мал шаруашылығы кешендерi, мұнай, мұнай өнiмдерi мен газға арналған құбырлар көлiгi; мұнай, мұнай өнiмдерi мен газ өндiру және өңдеу жөнiндегi кәсiпорындар; мемлекеттiң хауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн объектiлер енгiзiлмейдi. 
       Үздiксiз технологиялық процеспен жұмыс iстейтiн өндiрiстер үшiн электр энергиясын ажырату графигiн қолданудың электрмен жабдықтаудағы үзiлiстен келетiн ықтимал залалды шектейтiн тәртiбi "Электр энергиясы мен қуатының жетiспеушiлiгi кезiнде электр энергиясын тұтынуға шек қою және ажырату графигiн жасау мен қолдану тәртiбi туралы нұсқаумен" белгiленедi. 
      Графикке енгiзуге жатпайтын объектiлер және өндiрiстер тiзбесi Қазақстан Республикасы Мемэкономкомитетi мен Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлiгiнiң бiрлескен шешiмi бойынша өзгертiлуi мүмкiн. 
      7. Жекелеген аймақтарда энергетика ресурстарының жетiмсiздiгiнен ұзақ мерзiмге туындаған, өнiм шығаруды төмендетуге әкелiп соғатын электр энергиясы мен қуатын тұтынуды қысқарту атқарушы өкiмет органдарының Мемэкономкомитетiмен және Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлiгiмен келiсiп анықтаған тәртiбi бойынша жүзеге асырылады. 
      8. Тұтынушылар электр энергиясын тұтынуға шек қою мен ажырату графиктерiн күшiне енгiзу туралы өкiмдердi орындамаса, онда энергиямен жабдықтау ұйымдары мұндай тұтынушыларды электр энергиясын тұтынуды кемiтудiң берiлген мөлшерiн қамтамасыз ететiн мөлшерге дейiн шектеуге мәжбүр етедi. 
      9. Электр энергиясына шек қою мен ажырату графиктерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн энергиямен жабдықтау ұйымдары толық берiлмеген электр энергиясының қалғанын тұтынушымен келiсе отырып, кейiнгi кезеңде беруге мiндеттi.