Қазақстан Республикасының "Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы заңын жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 17 желтоқсан 1992 ж. N 1057. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005.03.04. N 205 қаулысымен.

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен басқа да облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды экологиялық апат аймағы бойынша 1993 жылғы 1 қаңтарға дейiн, экологиялық дағдарыс және экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтар бойынша 1993 жылғы 1 шiлдеге дейiн тiркеудi аяқтасын. 
      2. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi, Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмшiлiктерi экологиялық қасiрет аймағында тұратын халықты әлеуметтiк қолдау мақсатында экологиялық апат аймағы үшiн 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап және экологиялық дағдарыс пен экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтар үшiн 1993 жылғы 1 шiлдеден бастап: 
      - экологиялық апат аймағы бойынша - 1,5; 
      - экологиялық дағдарыс аймағы бойынша - 1,3; 
      - экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша - 1,2 коэффициенттi қолдана отырып, еңбекке ақы, зейнетақы, стипендия және жәрдемақы төлеудi; 
      жыл сайын ақы төленетiн қосымша демалыс (еңбектiң зиянды жағдайында жұмыс iстегенi үшiн берiлетiн демалыстың үстiне); 
      - экологиялық апат аймағы бойынша - 12 күнтiзбелiк күн; 
      - экологиялық дағдарыс аймағы бойынша - 9 күнтiзбелiк күн; 
      - экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша - 7 күнтiзбелiк күн берудi; 
      еңбек демалысын берумен бiрге жыл сайын сауықтыруға арнап қолданылып жүрген төлемдердiң үстiне бiр айлық тариф нарқы немесе қызметтiк айлықақы көлемiнде материалдық көмек көрсетудi қамтамасыз етсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi экологиялық апат аймағында тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерге 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал экологиялық дағдарыс және экологиялық дағдарысқа жақындаған аймақтарда тұратындарға 1993 жылғы 1 шiлдеден бастап: 
      қалалық жолаушылар көлiгiнiң барлық түрлерiнде (таксиден басқасы) және тұрғылықты жерi бойынша әкiмшiлiк ауданы шегiнде ауылдық жердегi жалпы пайдаланылатын автомобиль көлiгiнде тегiн жүрудi; 
      дәрi-дәрмектi (дәрiгерлер рецептерi бойынша) тегiн берудi, тiс протездерiн (асыл металдардан жасалған протездерден басқаларын) тегiн дайындатып, жөндетудi; 
      медициналық көрсеткiштер бойынша жұмыс орны немесе тұрғылықты жерi бойынша санаторий-курорт жолдамаларын жыл сайын кезектен тыс тегiн берудi; 
      қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде орындармен қамтамасыз етуде артықшылық берудi; 
      экологиялық қасiрет себебiнен мүгедек болған адамдарға және асыраушысынан айырылған отбасыларына шеккен зияны үшiн мынадай мөлшерде: 
      - I топтағы мүгедектерге - екi жылдық есептiк көрсеткiшiнiң ең аз мөлшерiнде;<*> 
      - II топтағы мүгедектерге - бiр жарым жылдық есептiк көрсеткiшiнiң ең аз мөлшерiнде;<*> 
      - III топтағы мүгедектерге - бiр жылдық есептiк көрсеткiшiнiң ең аз мөлшерiнде;<*> 
      - асыраушысынан айырылған отбасыларына екi жылдық есептiк көрсеткiшiнiң ең аз мөлшерiнде бiр жылғы өтем берудi;<*> 
      жыл сайын мынадай мөлшерде: 
      - I және II топтағы мүгедектерге - есептiк көрсеткiшiнiң үш есе мөлшерiнде;<*> 
      - III топтағы мүгедектерге - есептiк көрсеткiшiнiң екi есе мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы берудi қамтамасыз етсiн.<*> 
       ЕСКЕРТУ. 3-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.09. 
N 987 қаулысымен. 
      4. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Көлiк министрлiгi, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi экологиялық апат аймағында тұратын әйелдерге 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал экологиялық дағдарыс және экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтарда тұратындарға 1993 жылғы 1 шiлдеден бастап: 
      босанғанға дейiнгi демалысын экологиялық қасiрет аймағынан тыс жердегi мамандандырылған мекемелерде өткiзуiн; 
      бала туғанда есептiк көрсеткiшiнiң төрт есе мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы берiлуiн;<*> 
      диспансерлiк есепте тұрған балаларға алатын азық-түлiк құнының 50 процентi мөлшерiнде өтем төленуiн; 
      емдеу және санаторий үлгiсiнде мамандандырылған балалар мекемелерiнде және басқа да сауықтыру мекемелерiнде балаларын (медициналық көрсеткiштер бойынша) жыл сайын тегiн сауықтыруын; 
      медицина мекемесiнiң жолдамасы бойынша республика аумағы шегiнде сырқат баламен бiрге емделуiн (соның iшiнде санаторий-курортта емделуге) тегiн жүруiн қамтамасыз етсiн, ал баланың анасы бара алмайтын жағдайда бұл ереже баланы алып баратын адамға қолданылады. 
       ЕСКЕРТУ. 4-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.09. 
N 987 қаулысымен. 
      5. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Еңбек министрлiгi, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап: 
      экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға: 
      - құнының 30 процентi кемiтiлген дәрi-дәрмек (дәрiгерлер рецептерi бойынша) сатуды, тiс протездерiн (асыл металдардан жасалған протездерден басқаларын) дайындатып, жөндетудi; 
      - жұмыс орны немесе тұрғылықты жерi бойынша (медициналық көрсеткiштерi бойынша) санаторий-курорт жолдамаларын жыл сайын бiрiншi кезекте берудi; 
      - тұратын үйiн меншiгiне тегiн берудi; 
      - жылуды, су құбырларын, газды, электр қуатын пайдаланғаны үшiн белгiленген ақыны 50 процент мөлшерiнде кемiтiп, ал орталық жылыту жүйесi жоқ үйлерде тұратындарға халыққа сату үшiн белгiленген нормалар шегiнде сатып алынатын отын құнын 50 процент мөлшерiнде; 
      - жеке немесе кооперативтiк тұрғын үй салуға 50 процентi өтелетiн процентсiз қарыз қамтамасыз етсiн. 
      1993 жылғы 1 шiлдеден бастап: 
      экологиялық дағдарыс салдарынан зардап шеккен адамдарға: 
      құнының 30 процентi кемiтiлiп дәрi-дәрмектi (дәрiгердiң рецептерi бойынша) сатуды, тiс протездерiн (асыл металдардан жасалған протездерден басқаларын) жасауды; 
      жұмыс орны немесе тұрғылықты жерi бойынша (медициналық көрсеткiштер бойынша) санаторий-курорт жолдамаларын жыл сайын берудi; 
      тұратын үйiн меншiгiне тегiн берудi; 
      жылуды, су құбырларын, газды, электр қуатын пайдаланғаны үшiн белгiленген ақыны 25 процент мөлшерiнде кемiтiп, ал орталық жылу жүйесi жоқ үйлерде тұратындарға халыққа сату үшiн белгiленген нормалар шегiнде сатып алынатын отын құның 25 процент мөлшерiнде кемiтiп төленуiн; 
      жеке (кооперативтiк) тұрғын үй салуға 50 процентi өтелетiн процентсiз қарыз берудi қамтамасыз етсiн. 
      6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап экологиялық апат аймағында медициналық мекемелердi ұстауға қаржы бөлу нормаларын бiр тұрғынға шаққанда 1,5 есе, ал 1993 жылғы 1 шiлдеден бастап экологиялық дағдарыс аймағында - 1,3 есе және экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақта - 1,15 есе ұлғайтуды, медицина техникасын, дәрi-дәрмектi нысаналы бөлудi, аймақ халқын жыл сайын кешендi түрде медициналық тексеруден өткiзiп отыруды, тиiстi денсаулық сақтау органдарының жолдамаларымен республиканың клиникаларында, медицина орталықтарында және басқа медицина мекемелерiнде медициналық-санитарлық және медициналық-әлеуметтiк көмек көрсетiлуiн қамтамасыз етсiн. 
      7. Облыстардың және Ленинск қаласының әкiмдерi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп экологиялық апат салдарынан зардап шеккен және 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап осы аймақтан кетiп қалған адамдарға: 
      жаңадан қоныстанған жерде өздерiнiң кәсiбi мен бiлiктiлiгiне сәйкес бiрiншi кезекте жұмысқа орналасуға немесе ондай жұмыс жоқ болған жағдайда өз тiлектерi ескерiле отырып басқа жұмыс немесе жаңа кәсiптердi (мамандықтарды) оқып-үйрену мүмкiндiгiн берiп, оқыту кезеңiнде белгiленген тәртiппен жалақысын сақтауды; 
      айырылған қозғалмайтын мүлкi үшiн ақшалай өтем берудi, жаңа тұрғылықты жерге көшуге байланысты шығындардың орнын толтыруды; 
      жер учаскелерiн және жеке (кооперативтiк) тұрғын үй салуға 50 процентi өтелетiн процентсiз қарызды бiрiншi кезекте берудi қамтамасыз етсiн. 
      8. Облыстардың әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi экологиялық қасiрет салдарынан болған I және II топтардағы мүгедектерге 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа тұрғылықты жерi бойынша, облыс орталықтары мен Алматы қаласын қоспағанда, бiрiншi кезекте тұрғын үй берудi қамтамасыз етсiн. 
      9. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары және облыстардың, Алматы, Ленинск қалаларының әкiмдерi экологиялық қасiрет аймағына ерiктi түрде жалдану бойынша жұмысқа жiберiлген немесе көшкен адамдарға: 
      бұрынғы тұрғылықты жерiндегi тұрғын алаңын экологиялық қасiрет аймағында болу кезеңiнде броньдауды; 
      маманның бiр жылдық лауазымдық айлық ақысы мөлшерiндегi бiр жолғы жәрдемақы берудi; 
      экологиялық қасiрет аймағында кемiнде бес жыл жұмыс iстеген, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мамандардың тұрақты тұрғылықты жерi бойынша бiрiншi кезекте пәтер бөлудi қамтамасыз етсiн. 
      10. Облыстардың және Ленинск қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi, Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп экологиялық қасiрет аймағындағы жұмыссыздарға 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай әлеуметтiк кепiлдiктер мен өтемдердi: 
      қаржы мен материалдық қаражаттарды жаңа жұмыс орындарын құруға, ақы төленетiн қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға және материалдық-техникалық ресурстарды сатып алуға басым бағыттауды; 
      экологиялық апат аймағынан республиканың басқа аймақтарына көшiп кеткен адамдарға жұмысқа орналасу үшiн жағдай жасауды; 
      жұмыстан босаған қызметкерлерге олардың соңғы жұмыс орнындағы негiзгi жалақысының кем дегенде 75 процентi, бiрақ экологиялық қасiрет аймағында қалыптасқан орташа жалақыдан аспайтын және Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген төменгi күнкөрiстен аз болмайтын жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақы төлеудi қамтамасыз етсiн. 
      11. Облыстардың әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, "Қазастықөнiмi" концернi, "Қазтамақ-өнеркәсiбi" мемлекеттiк-кооперативтiк бiрлестiгi; "Қазтекланд", ғылыми-өндiрiс кәсiпорны, "Арал аймағы" аймақаралық сыртқы экономикалық ассоциациясы, "Казфранком" компаниясы экологиялық жағынан таза ауыл шаруашылық және тамақ өнiмдерiн өндiрiп, оларды Арал аумағына жөнелтудi қамтамасыз етсiн. 
      12. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетпен бiрлесiп және Актөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi Арал өңiрiнiң проблемаларын шешу үшiн қажеттi дiлгiр мамандықтардың (кәсiптердiң) тiзбесiн 1993 жылғы 1 ақпанға дейiн анықтасын. 
      Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетпен бiрлесiп Арал өңiрiнiң Қазақстан бөлiгiндегi экологиялық жағынан қолайсыз аумақтарда тұратын жастарға арналып бөлiнген орындарға бәсекесiз түсу үшiн жоғары оқу орындарының студенттерi мен орта арнаулы оқу орындарының оқушылары контингентiн қалыптастырудың және Арал өңiрiндегi проблемаларды шешуге қажеттi өте дiлгiр мамандықтарға оқуға түсетiндердiң үлесiн 1993 жылғы 1 сәуiрге дейiн анықтасын. 
      Қазақстан Республикасының өз қарамағында оқу орындары бар министрлiктерi мен ведомстволары: 
      - Арал өңiрiндегi жергiлiктi әкiмшiлiктердiң өтiнiмдерiне сәйкес адамдарды кәсiптiк оқыту курстарында даярлауды ұйымдастырсын; 
      - Арал өңiрiнiң Қазақстан бөлiгiндегi экологиялық жағынан қолайсыз аумақтарда тұрғылықты тұратын жастар арасынан оқуға және курстарға түсушiлердi оқу кезеңiнде мiндеттi түрде жатақханамен қамтамасыз етiп, медициналық жағынан тексерсiн және қызмет көрсетсiн, жыл сайын сауықтыру шараларымен қамтып отырсын. 
      Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Ленинск қаласының әкiмдерi: 
      - жоғары және орта арнаулы оқу орындары бөлген орындарға абитуриенттердi квотаға сәйкес iрiктеп алып, жiберудi қамтамасыз етсiн, сондай-ақ кәсiптiк оқыту курстарына жiберiлетiн адамдардың санын анықтасын; 
      - 1992 -1995 жылдары қазiргi уақытта жұмыс iстейтiн кәсiптiк-техникалық училищелердiң оқу-материалдық базасын нығайту және оларды Арал өңiрiнiң проблемаларын шешу үшiн қажеттi аса дiлгiр кәсiптерге жастарды оқытып-үйрету мақсатында тиiстi кәсiптерге бейiмдеу жөнiнен шаралар қолдансын. 
      13. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1993 жылға арналған бюджеттi және жыл сайынғы бюджеттердi жасаған кезде "Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Заңда белгiленген шараларды қаржыландыру үшiн Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарына қажеттi қаражаттарды көздесiн. 
      Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Ленинск қаласының әкiмдерi осы мақсаттарға бюджеттердi, сондай-ақ ұйымдар мен кәсiпорындардың қаржыларын, ерiктi жарналарды, қайырымдылық жәрдемiн пайдалануды қарастырсын. 
      14. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Еңбек министрлiгi, Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мемлекетаралық келiсiмдердiң жобаларын әзiрлеген кезде Заңда көзделген жеңiлдiктердiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын және Арал өңiрiнiң Қазақстан бөлiгiндегi экологиялық апат немесе экологиялық дағдарыс салдарынан зардап шеккен азаматтарға қолданылуын ескерсiн. 
      15. Қазақстан Республикасының Экология және биологиялық ресурстар министрлiгi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Гидрометеорология жөнiндегi бас басқармасымен, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiмен, жергiлiктi әкiмдермен және басқа да құзыреттi мекемелер мен ұйымдардың басшыларымен бiрлесiп 1993 жылғы 1 ақпанға дейiнгi мерзiмде экологиялық қасiрет аймақтарының (экологиялық апат, экологиялық дағдарыс және экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтар шеңберiнде) шекараларын өзгерту тәртiбi туралы ереженiң жобасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне бекiтуге енгiзсiн. 
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Еңбек министрлiгi, Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтардың статусын өзгерту туралы ереженiң жобасын, сондай-ақ азаматтардың бекiтiлген статусына сәйкес халыққа оның денсаулығына тигiзген зияны үшiн өтемақылар төлеу мен жеңiлдiктер берудi белгiлеу (тоқтау) тәртiбiн 1993 жылғы 1 ақпанға дейiнгi мерзiмде әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзсiн. 
      16. Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы Әдiлет министрлiгiмен, Экология және биологиялық ресурстар министрлiгiмен, Су ресурстары жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп және Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Ленинск қаласының әкiмдерi "Экологиялық қасiрет аймақтарында аумақтық құқықтық режимi, шаруашылық қызметке қойылатын экологиялық және экономикалық талаптар туралы" Заңның жобасын бiр ай мерзiмде әзiрлеп, оны белгiленген тәртiп бойынша табыс етсiн. 
      17. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi "Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келетiн нормативтiк актiлердi бiр айлық мерзiмде қайта қарап, олардың күшiн жоюды қамтамасыз етсiн. 
      18. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi, Еңбек министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Экология және биологиялық ресурстар министрлiгi, жергiлiктi әкiмдер және басқа да мүдделi министрлiктер, ведомстволар, мекемелер мен ұйымдар осы қаулының орындалуына бақылау жасауды қамтамасыз етсiн және оның орындалу барысы туралы 1993 жылғы 1 шiлдеге дейiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне баяндасын. 

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi