"Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасының заңын қолдануды қамтамасыз ету туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 24 қараша 1992 ж. N 982. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005.08.03. N 810 қаулысымен

Күшін жойған

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қолдану Ережелерi бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 
      2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк елтаңбасының эталоны алтын түстi қабыршықпен және эмальмен көмкерiлген диаметрi 500 мм, қалыңдығы 120 мм қоладан жасалады және Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жалауының эталонымен бiрге құтыда сақталады. 
      Мемлекеттiк елтаңбаның эталонын дайындауға тапсырысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты мен Министрлер Кабинетiнiң Iс Басқармасы жүзеге асырады. 
      3. Мыналардың күші жойылған деп танылсын: 
      Қазақ ССР Министрлер Советінің "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік гербі туралы ережені қолдану тәртіптерін бекіту туралы" 1982 жылғы 4 қазандағы N 408 қаулысы (ҚазССР ҚЖ, 1982 ж., N 21, 88-бап). 
      Қазақ ССР Министрлер Советінің "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік гербі туралы ережені қолдану тәртіптерінің 2 тармағы ішінара күші жойылған деп тану туралы" 1989 жылғы 29 маусымдағы N 203 қаулысы (ҚазССР ҚЖ, 1989 ж., N 17, 63-бап). 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Министрлер Кабинетінің     
1992 жылғы 24 қарашадағы    
N 982 қаулысымен         
Бекітілген           
 

             "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы 
         туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қолдану 
                             Ережесі 

      1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ғимараттарға, мәжіліс залдарына және Заңның 4-бабының "а" және "б" тармақтарында аталған үйлерге орналастырылатын Қазақстан Республикасы елтаңбасының бейнесі, Қазақстан Республикасы министрліктерінің, мемлекеттік комитеттері мен ведомстволарының, жергілікті әкімшіліктер мен басқа да мемлекеттік органдарының "Қазтұрғынкомшар" мамандандырылған кәсіпорындары басшыларының тапсырысы бойынша, ал олар жоқ жерде, әдетте, Қазақстан Республикасы Сауда министрлігінің "Қазсаудажарнама" комбинатының шеберханаларында немесе Қазақстан Суретшілер Одағының шеберханаларында дайындалады (маңдайшаларға салынады). 
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрді "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының "в" тармағында аталған, елтаңба бейнесін мөрлер мен бланк құжаттарына орналастыруға Қазақстан Республикасының заңымен хұқық берілген органдар пайдалана алады. 
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрлер Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің штемпельдік оймалау кәсіпорындарында мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының тапсырысы бойынша, сондай-ақ бекітілген үлгі бойынша, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының келісімімен пайдалану хұқы берілген, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшыларының тапсырысы бойынша дайындалады. 
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрлерді дайындау, пайдалану, сақтау жауапкершілігі Қазақстан Республикасы министрліктерінің мемлекеттік комитеттері мен ведомстволарының басшыларына, жергілікті әкімдерге, сондай-ақ аталған мөрлерді пайдалану хұқы берілген кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына жүктеледі. 
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген бланкілер МЕМСТ-қа және Қазақстан Республикасының барлық ұйымдық-хұқықтық нысандарындағы құжаттама мен құжаттауды басқарудың Негізгі ережелеріне сәйкес баспаханалық немесе өзге әдіспен дайындалады. 
      6. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының "г" тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының бейнесі жоғары мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының ресми басылымдарының мұқабалары мен аталым беттеріне басылып шығарылатын органның келісімімен көшіріледі. 
      7. Үкімет шығаратын немесе кепілдік беретін бағалы қағаздар мен металл теңгелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген ақшалай-заттай лотерея билеттерді дайындау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.
     8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының көшіріліп басылған бейнесі, оның көлемі мен бедеріне қарамастан "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында аталған сипаттамаға әрдайым толық сәйкес келуге тиіс.