Халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң қарамағына беру үшiн пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлердi жүйелi түрде анықтау тәртiбiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1992 жылғы 4 қараша N 938. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996.10.30. N 1312 қаулысымен.

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Қазақ ССР-iнде жер реформасын жүзеге асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi мiндеттер туралы" 1991 жылғы 27 ақпандағы N 132 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң қарамағына беру үшiн пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлердi жүйелi түрде анықтаудың қоса берiлiп отырған Тәртiбi бекiтiлсiн.
 

     Қазақстан Республикасының

          Премьер-министрi



                                          Қазақстан Республикасы



                                          Министрлер Кабинетiнiң

                                          1992 жылғы 4 қарашадағы

                                             N 938 қаулысымен

                                               Бекiтiлген



 
 
              Халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң
         қарамағына беру үшiн пайдаланылмаған және ұтымсыз
         пайдаланылып жүрген жерлердi жүйелi түрде анықтау
                            ТӘРТIБI
 
      1. Жердi пайдалану мен қорғау тиiмдiлiгiн арттыру, шаруа қожалықтарына, жалгерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтерiне, жеке қосалқы шаруашылықпен, бақша және мал шаруашылығымен, құрылыс салумен, тұрғын үйге қызмет көрсетумен, саяжай құрылысымен айналысу үшiн азаматтарға жер беру, сондай-ақ өнеркәсiп, құрылыс, көлiк және басқа кәсiпорындарды ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудi ұйымдастыру үшiн жер учаскелерiмен қамтамасыз ету мақсатында жер заңымен арнаулы жер қорын құру көзделiп отыр.
      2. Қазақстан Республикасы Жер Кодексiнiң 32 бабына және Қазақстан Республикасының "Жер реформасы туралы" Заңының 8 бабына сәйкес арнаулы жер қоры колхоздардың, совхоздардың, орман шаруашылығы кәсiпорындарының, елдi мекендердiң, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және басқа жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардың пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлерi есебiнен құрылады.
      3. Пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланып жүрген жерлердi анықтауды жер алаптарын түгендеудi жүргiзу кезiнде, сондай-ақ жер заңдылығының сақталуына, жерге орналастыру сызбалары мен жобаларын жасауға, жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзуге бақылау жасау тәртiбiмен жұмыстарды жүйелi түрде орындау кезiнде Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдары жүзеге асырады.
      Жер алаптарын түгендеудi халық депутаттары аудандық Кеңесiнiң немесе аудандық әкiмнiң өтiнiмi бойынша Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң жерге орналастыру жөнiндегi жобалау ұйымдары жүргiзедi.
      4. Пайдаланылмаған жерлерге мыналар жатады:
      а) батпақтану, қайта сор тарту және басқа себептердiң салдарынан ауыл шаруашылығында пайдаланылмаған ауыл шаруашылық алқаптар;
      б) ауыл шаруашылық өндiрiсi үшiн берiлген, бiрақ берiлген сәтiнен бастап бiр жыл iшiнде пайдаланылмаған жерлер (шаруа қожалығынан басқасы);
      в) орман шаруашылығының мұқтажына пайдаланылмаған, ағаш отырғызылмаған және ауыл шаруашылық өндiрiсiн жүргiзуге жарамды орман қорының жерлерi;
      г) табиғат қорғау, сауықтыру, демалыс және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерден басқа, егер олардың мақсаты игерiлуi 2 жыл iшiнде жүзеге асырылмаса, ауыл шаруашылық мақсатқа арналмаған жерлер.
      5. Ұтымды пайдаланылмай жүрген жерлерге мыналар жатады:
      а) өнiмдiлiктiң нақты деңгейi (жемшөптiк алаптар өнiмдiлiгi қолайсыз ауа-райы жағдайындағы жылды қоспағанда, соңғы 3 жыл iшiнде кадастрлық бағалау бойынша белгiленген нормативтiк көрсеткiштен төмен немесе топырақтың пайдаланылуы жүзеге асырылатын осындай сапалы және қарапайым жағдайдағы жер үшiн орта аудандық деңгейден 20 процентке төмен ауыл шаруашылық алаптарының барлық категорияларындағы жерлер;
      б) шаруашылық қызметтi дұрыс жүргiзбеу нәтижесiнде топырақ құнарлылығының төмендеуiне, жердiң басқа да өзiндiк нашарлауына, эрозияның артуына, су жайылуға, батпақтануға, қайта сор тартуға, нығыздалуға, құрғауға, бүлiнуге немесе топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкеп соқтырған жерлер;
      в) жерге орналастыру жобаларында белгiленген жердi пайдалану тәртiбi мен шарты, аумақта топырақ қорғауды ұйымдастыру және жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға бағытталған басқа да шаралар сақталмаған жерлер;
      г) табиғат қорғау, сауықтыру, демалыс және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерден басқа, егер оларды пайдаланудың нақты көрсеткiштерi жобалау немесе нормативтiк талаптарға сәйкес келмесе, ауыл шаруашылығының пайдалануына жарамды елдi мекендердiң, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерi және басқа да ауыл шаруашылық мақсатқа жатпайтын жерлер;
      д) шаруашылық қызметтiң нәтижесiнде өндiрiс қалдықтарымен, химиялық, радиоактивтi заттармен ластанған, өсiмдiк, жануарлар әлемiне және қоршаған табиғи ортаның басқа да құрамдарына терiс әсер етiп, жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауын тудыратын жерлер.
      6. Пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлердi анықтау, ереже бойынша, тұтас әкiмшiлiк аудан немесе аудан шаруашылықтарының тобы бойынша жүргiзiледi.
      Бұл жұмыстарды жүргiзу қажеттiгi ауданның әрбiр жер иелену және жер пайдалану жөнiндегi қолда бар жоспарлау-картографиялық материалын, жерге орналастыру жобасын, жер кадастрының деректерiн, топырақ, ботаникалық, мелиорациялық, басқа да зерттеулер, суармалы жерлердi түгендеу мен жайылымды суару материалдарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдары өнiмдiлiгiнiң, жемшөптiк алаптар өнiмдiлiгiнiң көрсеткiштерiн, малдың жайылымдағы өзiндiк үлестi көрсеткiштерiн және тағы басқаларын зерттеу негiзiнде белгiленедi.
      Аталған материалдарды талдау нәтижесiнде жер иелену мен жер пайдалану көзделедi, оларда жер алаптарына түгендеу жүргiзiледi.
      7. Жер пайдаланудың нақты жағдайын егжей-тегжейлi зерттеудi мүдделi жер иелену және жер пайдалану өкiлдерiнiң қатысуымен алқапты зерттеу кезiнде оның бедерiне, топырағына, өсiмдiгiне, мелиорациялық жайына, жердiң пайдаланылу сипатына, учаскеде ағаш алаңының, жол жүйесiнiң, жарық беру желiсiнiң, құрылыстың, ғимараттың, жердi суару және жемшөп алаптарын суару көздерi болуына, бұта өсу дәрежесiне баға бере отырып жерге орналастыру жөнiндегi жобалау ұйымдарының мамандары жүргiзедi.
      8. Жердi алқаптық зерттеудiң нәтижелерi алқапты зерттеу сызбасының қосымшасымен бiрге актiмен хатталады.
      Бұл құжаттарда пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлер, олардың алаңы, сапалық жайы, пайдаланылмау немесе ұтымсыз пайдаланылу себебi көрiнiс табады.
      Жердi алқаптық зерттеу актi мен сызбасына зерттеу жүргiзген жерге орналастыру жөнiндегi жобалау ұйымдарының мамандары, сондай-ақ мүдделi жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылар өкiлдерi қол қояды.
      9. Анықталмаған пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлер туралы материалдар қорыту және арнаулы жер қорын құру жөнiнде ұсыныс әзiрлеу үшiн аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетке жiберiледi.
      10. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi аудандық комитет пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлердi анықтау нәтижелерi бойынша арнаулы жер қорын құру жөнiнде, сондай-ақ жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардың жердi түгел немесе бiр бөлiгiн одан әрi пайдалану мүмкiндiгi мен шарты, белгiленген тәртiппен оны басқа жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылар үшiн алып қою жөнiнде; кейiннен иеленуге, пайдалануға және жалға беруге бөлу үшiн жер қорының құрамына енгiзу, егер басқа тәсiлдермен топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаса, бүлiнген ауыл шаруашылық алаптарын сақтау жөнiнде; орман қорының және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсiпорындар құрамынан неғұрлым өнiмдi жерлердi ауыл шаруашылық мақсаттағы өнiмдiлiгi төмен және басқа жерлерге белгiленген тәртiппен айырбастау жөнiнде ұсыныс әзiрлеп, оны аудан әкiмiнiң қарауына енгiзедi.
      Аудан әкiмiне жiберiлген материалдар мынадай мазмұнда болады:
      тұжырымдары және ұсыныстарымен қоса түсiнiктеме хат; пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлердiң анықталған учаскелерiнiң орналасқан жерлерi бейнеленген ауданның жер иелену және жер пайдалану сызбасы;
      ауданның жер иелену және жер пайдалану зерттеуiмен тексерiлген жер құрамы.
      11. Арнаулы жер құрамына енгiзiлген пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылып жүрген жерлер жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардың бұрынғы құрамында қалады, олар аудан әкiмi белгiлеген тәртiппен және шартпен пайдаланылады.
      Арнаулы жер қорынан мұндай жерлердi аудан әкiмi азаматтардан, кооперативтерден, кәсiпорындардан, ұйымдардан және мекемелерден оларға ауыл шаруашылық және басқа мақсаттар үшiн жер учаскелерiн беру жөнiнде түскен кепiлдемелер бойынша ала алады.
      Бұл жерлердi пайдалануды ұйымдастыру мүмкiн болмаған жағдайда оларды бұрынғы жер иеленушiлерi мен жер пайдаланушылары алып қояды және жер қоры құрамына берiледi.