Iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсатуды ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 20 тамыз 1992 ж. N 703. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.11.15. N 1198 қаулысымен.

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасында iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсатудың тәртiбi туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өнеркәсiп кәсiпорындары мен бiрлестiктерiнiң және басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi түрлерiнiң iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсату жөнiндегi "Алтын" акционерлiк қоғамын құру туралы инициативасына қолдау көрсетiлсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi, "Алтын" акционерлiк қоғамы: 
      iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсату жөнiндегi республика аумағында әр түрлi меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен аймақтық қабылдау-ұқсату пункттерiнiң қажеттi желiсiн құратын болсын; 
      iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсату жөнiндегi шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен аймақтық қабылдау-ұқсату пункттерiнiң жұмысын ұйымдастыру тұрғысындағы қажеттi нормативтi құжаттарды Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттiк банкiсiнiң қатысуымен белгiленген тәртiп бойынша әзiрлеп, бекiтетiн болсын. 
      4. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, ведомстволары, мемлекеттiк корпорациялар, концерндер, қауымдастықтар мен өндiрiстiк бiрлестiктер, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi шаруашылық және өзге де қызметтiң нәтижесiнде пайда болған iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстарды және қалдықтарды жинау мен ұқсату жөнiндегi аймақтық қабылдау-ұқсату пункттерiне темiр-терсек атаулының және басқа да қалдықтардың түгелдей жиналып, уақтылы тапсырылуын қамтамасыз етуге меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындарды, мекемелер мен ұйымдарды, қорғаныс кешенiнiң бөлiмшелерiн, әскер бөлiмдерiн мiндеттесiн. 
      5. Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне металл сынығы мен қалдық күйiндегi қолдағы бағалы металдар мен оларды ұқсатуға тапсыру туралы мемлекеттiк есептi жинақтау мен өңдеудi, меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мұны барлық кәсiпорындар мен ұйымдарға таратуды қамтамасыз ету ұсынылсын. 

    Қазақстан Республикасының
    Премьер-министрi

Қазақстан Республикасы      
Министрлер Кабинетiнiң      
1992 жылғы 20 тамыздағы      
N 703 қаулысымен        
Бекiтiлген            

               Iшiнде бағалы металдар бар қайталама 
             ресурстарды және қалдықтарды жинау мен 
                      ұқсатудың тәртiбi туралы
                             Ереже  

                           Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақ КСР-iнде алтын қорын және алмас қорын жасау туралы" Қазақ КСР Президентiнiң 1991 жылғы тамыздың 31-iндегi Жарлығын нақтылы жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақ КСР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы қазанның 16-сындағы N 612 қаулысын атқару үшiн әзiрлендi әрi ол iшiнде бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды жинаудың және қайыра өңдеуге тапсырудың тәртiбiн белгiлейдi. 
      2. Меншiктiң барлық нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге, сондай-ақ жеке адамдарға құймалардағы, жартылай дайын өнiмдердегi, сынықтар мен қалдықтардағы бағалы металдармен биржалық, баспа-бас айырбас және өзге операцияларды жүргiзуге рұқсат етiлмейдi. 
      3. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Президиумы өзiнiң 1991 жылғы 8 қазандағы N 887-XII қаулысымен бағалы металдар мен құрамында солар бар бұйымдарды қолданушы, ұқсатушы және пайдаланушы барлық кәсiпорындарды, мекемелер мен ұйымдарды: 
      Ұлттық мемлекеттiк банк белгiлеген тәртiпке сәйкес бағалы металдардың қатаң есебiн жүргiзуге және бағалы металдардың, оларды қолдану арқылы жасалған бөлшектер мен бұйымдардың, сондай-ақ олардың қалдықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттедi. 
      4. Қазақ КСР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 16 қазандағы N 612 қаулысына сәйкес: 
      iшiнде алтыны бар шикiзатты, оның iшiнде қайталама шикiзатты, бағалы металдар мен олардан жасалған бұйымдарды өндiрушi, ұқсатушы кәсiпорындар сыртқы және республиканың iшiндегi тұтынушылармен шарттар жасасады; 
      iшiнде бағалы металдары бар сынықтар мен қалдықтарға арналған iшкi есептесу бағаларының жобаларын "Қазалмасалтын" консорциумы Қазақстан Республикасының Мемэкономкомымен бiрлесiп қарап, бекiтедi. 

                 Бағалы металдардың сынықтарын және 
             қалдықтарын жинау мен қабылдап алудың тәртiбi 

 
      5. Бағалы металдарды тұтынушы кәсiпорындар мен ұйымдар бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарының барлық түрлерiнiң толық жиналуын және олардың уағдаластық шартымен мамандандырылған қабылдау-ұқсату кәсiпорындарына немесе аймақтық қабылдау пункттерiне тапсырылуын қамтамасыз етедi. 
      6. Бағалы металдардың қайталама ресурстарының көздерi: 
      электр өткiзгiш, электр қосқыш және радиоэлектронды аппаратурасы бар тозған, ескiрген әрi өткеруге жатпайтын өндiрiстiк, оқу, әскери жабдықтары мен бұйымдарынан; 
      бағалы металдарды пайдалануға байланысты өнiмдер өндiрiсi мен химиялық саралаулардан, ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және жөндеу жұмыстарын жүргiзуден; 
      iшiнде бағалы металдары бар стандартсыз жабдықтар мен бұйымдарды пайдаланудан; 
      фотоматериалдарды өңдеуден, нықтағыш әрi ағартқыш ертiндiлерден, кинофотоматериалдарын жуғаннан кейiнгi ағызылмаған қалпындағы кiр суында қалған сынықтар мен қалдықтар болып табылады. 
      7. Қайталама ресурстарды жинау бөлшектелмеген бұйымдар және өңделмеген материалдар күйiнде де, сондай-ақ iшiнара бөлектенген, сортталған және өңделген күйiнде де жүргiзiледi. 
      Iшiнде бағалы материалдары бар бұйымдарды бөлу мен бөлшектерiн алу деңгейi, сондай-ақ оларды алдын-ала әзiрлеу тәсiлдерi жөнiнде тапсырушы қабылдау-ұқсату кәсiпорнымен келiсiп алады. 
      8. Iшiнде қымбат бағалы металдары бар жарылу қаупi бар, радиоактивтi және улы сынықтар мен қалдықтарды, сондай-ақ жанғыш сұйық материалдарды өңдеуге жөнелтуге жол берiлмейдi. 
      9. Қабылдау-ұқсату пункттерiне тапсырған кезде сынықтарды басқа қалдықтармен, сондай-ақ iшiндегi бағалы металдардың мөлшерi және түрi әралуан сынықтар мен қалдықтарды да араластыруға жол берiлмейдi. 
      10. Тапсыруға дайындалған сынықтар мен қалдықтар iшiндегi бағалы металдардың процентiн анықтау үшiн сұрыптан өткiзiлiп саралануға тиiс. 
      Қалдықтарды тапсырушы мен ұқсатушы кәсiпорынның арасындағы дауларды шешу қалдықтарды қабылдаушы кәсiпорында қалдықтардың төрелiк сұрыптары iрiктелiнiп алынып, ұқсату кезiндегi iшiндегi қымбат бағалы металдардың мөлшерiн анықтағанша белгiленген тәртiп бойынша мөрленiп сақталады. 
      11. Пайдалануда болған немесе ескiрген алтыннан, платинадан және платина тобындағы металдар мен олардың қоспасынан жасалған жөнелтiлетiн бұйымдарға дайындаушы заводтың төлқұжаты (немесе оның көшiрмесi) немесе тапсырушының лабораториясы жасаған бағалы металды анықтайтын саралауы қоса жiберiледi. Тапсырушының сынықтар мен қалдықтардағы бағалы металдардың мөлшерiн анықтайтын лабораториясы, сондай-ақ олардың бұйымдардағы, сынықтардағы мөлшерi туралы деректерi болмаған жағдайда, қалдықтар мен бұйымдар белгiленген тәртiппен қабылдаушы-ұқсатушы кәсiпорынның лабораториясында сараланады.
      12. Iшiнде бағалы металдары бар сынықтар мен қалдықтар тасымалданған кезде олардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қапталып буылады.
      Бiр орынның жинақты салмағы:

      күмiс сынықтары мен қалдықтары 
      үшiн                                        - 40 килограмнан

      алтын, платина мен платина тобындағы             
      металдар сынықтары мен қалдықтары үшiн      - 20 килограмнан
аспауға тиiс.
      13. Iшiндегi алтынның, платинаның және платина тобындағы металдардың мөлшерi 5 проценттен асатын қалдықтардың барлық түрлерiн тасымалдау арнаулы қатынас арқылы жүргiзiледi. 
      Iшiндегi алтыны, платинасы мен платина тобындағы металдардың мөлшерi 5 проценттен аспайтын материалдар, күмiс сынықтары мен қалдықтары бағаланған құны қойылып почта саухаттары, сымбалдар күйiнде темiр жол немесе көлiктiң басқа түрлерi арқылы жiберiледi. Сынықтар мен қалдықтар арнаулы қатынас, почта саухаты немесе сымбал күйiнде жөнелтiлмей, вагондармен, контейнерлермен немесе автомобиль көлiгiмен жөнелтiлген жағдайда, оған тапсырушы кәсiпорын жiберген күзетушiлер iлесiп жүредi. Қалдықтағы алтын мен платинаның және платина тобындағы металдардың мөлшерi 1 проценттен, күмiстiкi-5 проценттен кем болған жағдайда, бағалы металдардың сипаты мен түрiне байланысты жүктi алып жүру мәселесiн ретiне қарай тапсырушы кәсiпорынның басшысы шешедi. 
      14. Бағалы металдар сынықтары мен қалдықтарын өлшеп, буып-түюдi кәсiпорынның, ұйымның немесе шаруашылықтың басшысы тағайындаған сынықтар мен қалдықтардың сақталуы, толық жиналуы мен тапсырылуы үшiн материалдық тұрғыдан жауап беретiн қызметкерлер жүргiзедi. 
      15. Почта, темiр жол немесе көлiктiң басқа түрiмен қабылдаушы-ұқсатушы кәсiпорынға бумасы бұзылмай келiп түскен бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтары салынған саухаттар мен сымбал орындарын жалпы жинақты салмағы бойынша материалдық тұрғыдан жауапты қызметкер қабылдап алады. 
      16. Саухаттарды (жүк орындарын) ашып өлшеудi және тапсырушы қоса жiберген құжатта (түгелдемеде) көрсетiлген деректермен бағалы заттардың толық жеткiзiлуiн және сынықтар мен қалдықтардың әрбiр түрi бойынша олардың сапалық құрамын салыстыруды материалдық тұрғыдан жауапты қызметкер мен құрамын ұқсатушы кәсiпорынның басшысы бекiтетiн сынықтар мен қалдықтарды қабылдап алу жөнiндегi комиссия жүргiзедi. 
      Бағалы металдардың қалдығын қабылдап алған кездегi нақтылы анықталған деректер мен тапсырушы қоса жiберген құжатта көрсетiлген деректердiң арасында айырмашылық болған жағдайда, сондай-ақ қоса жiберiлетiн құжаттар болмай шыққан кезде, комиссия анықтаған қалдықтардың таза салмағы мен сапасы қабылдап алудың түпкi нәтижесi болып саналады. 
      17. Бағалы металдар сынықтары мен қалдықтары бар саухаттарды (жүк орындарын) ашу, жинақты салмағы мен таза салмағы бойынша қабылдап алу түскеннен кейiн 5 күннен кешiктiрiлмей жүргiзiледi. Жылдық түгендеу жүргiзiлiп жатқан кезеңдерде кәсiпорын басшысының ұйғаруына қарай саухаттарды ашу мерзiмi ұлғайтылуы мүмкiн. 
      18. Саухаттарды қабылдап алу N 1 қосымшада көрсетiлген нысан бойынша 2 дана етiп жасалатын актiмен ресiмделедi. 
      Оның бiрiншi данасы қабылдау-ұқсату кәсiпорнында қалдырылады да екiншi данасы бағалы металдар сынықтары мен қалдықтарын жiберушiге жолданады. 
      19. Бумасы мен мөрi бұзылмай арнаулы қатынас арқылы келiп түскен бағалы металдар сынықтары мен қалдықтары бар саухаттар тапсырушының аты мен мекен-жайы, саухаттың жөнелтiлген күнi, бағалылығы мен жинақты салмағы көрсетiлген реестр немесе квитанция бойынша жинақты салмағы өлшенбей-ақ қабылданып алынады. 
      Бумасы мен мөрi бүлiнген болса, арнаулы қатынас өкiлiнiң қатысуымен жинақты салмағы өлшенiп, саухат ашылады. Қабылдап алу бағалы металдардың әр түрi бөлек алынып, таза салмағы бойынша жүргiзiледi де бүлiнгенi үшiн кiмнiң кiнәлi екенi көрсетiлген актiмен ресiмделедi. 
      Актiнi сынықтар мен қалдықтарды ұқсатуға қабылдап алған кәсiпорынның басшысы бекiтедi. 
      20. Iшiнде бағалы металдары бар қалдықтарды, сынықтарды, бөлшектелмеген жабдықтарды, аспаптарды, бұйымдар мен басқа да материалдарды тiкелей тапсырушының қолынан қабылдап алуды тапсырушы мен қабылдаушы қол қоятын қабылдау актiсiн жасау арқылы қабылдаушы жүргiзедi. 
      21. Сынықтар мен қалдықтарды өлшеу: 
      - iшiндегi алтыны немесе платинасы мен платина тобындағы металдары 15 проценттен, ал күмiсi 85 проценттен асатын сынықтар мен қалдықтар - бiрiншi класты таразыларда жүргiзiледi; 
      - iшiндегi алтыны немесе платинасы мен платина тобындағы металдары 15 проценттен, ал күмiсi 85 проценттен кем сынықтар мен қалдықтар, сондай-ақ iшiндегi күмiсiнiң мөлшерiне қарамастан бiр жүк орнының салмағы 50 килограмнан асатын күмiс сынықтары мен қалдықтары, таразыланатын салмақтың артық-кемi 0,05 процент болатын дәлдiкпен өлшенедi. 
      22. Сұйық ерiтiндiлердегi, бiртектi сусымалы материалдардағы бағалы металдардың мөлшерiн анықтау тапсырушының немесе саухатты (жүк орнын) ашқан комиссияның қатысуымен орташа сұрыбын алу арқылы жүргiзiледi. Алынған сұрыбы екiге бөлiнiп бiр бөлегi анықтау үшiн лабораторияға жiберiледi де, екiншiсi - төрелiк жасауға арналған бөлегi комиссияның көз алдында буылып, түйедi. 
      Әртектi сусымалы қалдықтар, сынықтар орташа сұрыбын анықтар алдында комиссияның көзiнше сұрыпталып араластырылады немесе балқытылады. Сұрыбын алу кәсiпорында бекiтiлген нұсқаулыққа сәйкес жүргiзiледi. 
      Төрелiк сұрыбы қалдықтағы бағалы металдардың төл құжаты өнiм берушi жөнелткен күннен 3 ай бойы сақталады. 
      Нықтағыш ерiтiндiлерге жасалған төрелiк сұрыбы саралау нәтижелерi жөнелтушiге хабарланған күннен бастап, бiр ай бойы қараңғы жерде сақталады. 
      23. Бөлшектелмеген аспаптардағы, жабдықтардағы, бұйымдардағы бағалы металдардың мөлшерi төлқұжаттардың, анықтамалықтардың және өзге техникалық құжаттардың негiзiнде бұйымдардың қаншалықты ұсталғаны ескерiлiп және ұқсату кезiнде алынған көрнектi сұрыпты саралау нәтижелерi бойынша айқындалады. 
      24. Қабылдау-ұқсату кәсiпорындарына келiп түскен бағалы металдардың сынықтары және қалдықтары тасымалдау мен одан әрi тазартуға жарамды қалыпқа келтiрiлгенше қайтадан өңделедi. 

                                  Iшiнде бағалы металдар бар
                                   қайталама ресурстарды және
                                 қалдықтарды жинау мен ұқсатудың
                                      тәртiбi туралы Ережеге
                                          N 1 Қосымша
                        (Кесте)