Мүлікті тыйым салудан босату (хаттаудан шығару) туралы істерді қарағанда заңдарды, СССР Жоғарғы Соты Пленумының және Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларын республика соттарының орындау барысы туралы

Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1988 жылғы 23 қыркүйектегі № 7 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Мүлікті тыйым салудан босату (хаттаудан шығару) туралы істер жөніндегі сот практикасын қорыту нәтижелерін талқылай келіп, Пленум мынаны атап көрсетеді: республика соттары бұларды негізінен дұрыс шешеді әрі қабылданған шешімдер қолданылып жүрген заңдарға, СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Мүлікті тыйым салудан босату (хаттаудан шығару) туралы істер жөніндегі сот практикасы туралы" 1978 жылғы 31 марттағы N 4 және Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Мүлікті тыйым салудан босату туралы істер жөніндегі сот практикасы туралы" 1975 жылғы 24 наурыздағы N 2 қаулыларына сәйкес.

      Сонымен бірге бұл істерді қарауда кемшіліктер де бар.

      Азаматтық істер жүргізу кодексінің 142-статьясын бұза отырып, соттар барлық істер бойынша тиісінше әзірлік жасамайды. Мүлікке тыйым салу (хаттау) туралы актінің, үкімнің, шешімнің мүлікке тыйым салынғаны туралы өзге қаулының, мүлікке правосы бар екендігі заң бойынша белгілі бір тәсілдермен (сыйға тарту, сатып алу-сату шарттары және т.б.) ғана дәлелденетін, мүмкін болатын басқа да документтердің көшірмелерін тіркеуді әрдайым қадағалап отырмайды.

      Жекелеген реттерде соттар материалдық залал өз пайдасына өндірілетін ұйымдарды, азаматтарды іске қатыстырмайды.

      Ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатын мүлікті тыйым салудан босату (хаттаудан шығару) туралы істерді қарай отырып, соттар ерлі-зайыптылардың үлесін анықтаған кезде тыйым салуға (хаттауға) жатпайтын мүлікті көбінесе ескермейді, кредитке алынған мүлікті және бөлінбейтін мүліктің үлесін иемдену правосы пайда болған кезеңді анықтауда қателіктерге жол береді.

      Кейбір шешімдерде дәлелдемелерге талдау жасалып, баға берілмейді, қандай заңды басшылыққа алғаны туралы көрсетілмейді. Көптеген соттар биліктің қорытынды бөлігін нақтылы және айқын етіп жазбайды.

      Мүлікті тыйым салудан босату /хаттаудан шығару/ туралы істерді қараған кезде соттардың жұмысын жақсарту мақсатында Пленум қаулы етеді:

      1. Мүлікті тыйым салудан босату /хаттаудан шығару/ туралы істер жөнінде қолданылып жүрген заңдары, СССР жоғарғы Соты Пленумының қаулыларын дәлме-дәл әрі сөзсіз орындауға республика соттарының назары аударылып, бұл орайда осы істерді қарағанда заңдарды дұрыс қолдану, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың мүдделерін қорғаудың кепілі болатыны ескерілсін.

      2. Осы категориядағы істердің дер кезінде әрі дұрыс шешілуін, тыйым салудан босату (хаттаудан шығару) туралы талап қойылып отырған мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, соттар отырған тиісінше әзірлеп, СССР Жоғарғы Соты Пленумы мен Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумы мына қажетті документтерді талап ету, мүлікке тыйым салынған істің орындалуын билік заңды күшіне енгенге дейін тоқтата тұру нұсқауларын қатаң орындауы керек.

      3. Осы категориядағы істерді, мүдделі ұйымның өкілін, өз пайдасына залал өндірілген адамды, ал қажет болған реттерде - финанс органының өкілін қатыстырмай қарауға жол берілмейтін болсын.

      4. Кредитке алынған және ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатын мүлікке тыйым салудан босату туралы талаптарды шешкенде, соттар Азаматтық кодекстің 125, 238-статьяларының және СССР Жоғарғы Соты Пленумының аталған қаулысының 9-тармағында көрсетілген мұндай мүлікті меншіктену правосы оны сатып алушыға берген сәттен ғана пайда болады деген түсініктемелерін басшылыққа алуға тиіс. Үлесті анықтаған кезде сот кредиттің төленбеген сомасын өтеу жөніндегі талапкердің міндеттемесін ескереді.

      5. Талапты қанағаттандыру туралы сот шешімінің қорытынды бөлігінде: қандай заттар (әрқайсысының бағасы көрсетілген дәлме-дәл тізбегі) тыйым салудан босатылатыны, кімнің пайдасына (фамилиясы, аты, әкесінің аты), қандай правоның негізінде (ерлі-зайыптылардың, колхозшы үйі мүшелерінің меншігі, иелігі немесе бірлескен ортақ меншігіндегі үлесі ретінде), қандай хаттаудан шығарылатыны, борышқорға (сотталған адамға) қандай мүлік бөлінетіні нақты көрсетілуге тиіс.

      Талап арыз қанағаттандырылмаған кезде де шешімнің қорытынды бөлігінің мазмұны тап осындай нақтылы да айқын болуға тиіс.

      6. Бөлінбейтін мүлікке салынған тыйымды алғанда талапкерге оның автомашинаның, мотоциклдің және т.б. қажеттігі туралы дәлелдемелер соттың шешімінде негізделуге тиіс. Бөлінбейтін мүлік хаттауда қалдырылған ретте соттың шешімінде талапкердің пайдасына оны сатқан кезде түсетін ақшадан талапкердің үлесіне тиетін соманы өндіріп алу туралы көрсетілуге тиіс.

      7. Республика соттарынан СССР Жоғарғы Соты Пленумының мүлікке тыйым салған кезде лауазымды адамдардың тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аудару қажеттігі туралы нұсқауларды (13, 15-тармақтар) сөзсіз орындау талап етілсін.

      8. Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Мүлікті тыйым салудан босату туралы істер жөніндегі сот практикасы туралы" 1975 жылғы 24 марттағы N 2 қаулысының 8-тармағының 2-абзацы (Пленумның 1978 жылғы 21 сентябрьдегі N 18 және 1987 жылғы 2 октябрьдегі N 11 қаулылары бойынша енгізілген өзгерістерімен қоса) алынып тасталынсын.